• Тарих толқынында
  • 28 Қыркүйек, 2023

«Аңқай» көтерілісі әлі де зерттеуді қажет етеді

Бұл мақала Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссиясын құру туралы» Жарлығы бойынша басталған зерттеу жұмыстары аясында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің, Түркістан облысы Полиция Департаменті арнайы архивінің құпия қорларындағы құжаттар негізінде жазылды. 

Аңқай көтерілісі – 1931-1932 жылдары болған халық көтерілісі. Көтеріліс тек Шаян ауданы территориясымен шектелмей, жалғасы Созақ, Талас, Арыс, Бөген аудандарына тараған. Бәйдібек ауданы Майбұлақ ауылында тұратын өлкетанушы, шежіреші Мырзанәлі Сағынбековтың шежіре тарқатуына қарағанда, бұл Аңқайға қатысқан көтерілісшілер Байжігіт руынан, Көшімбет атасынан, Тоғанас батырдың әулетінен және Тоғанастың бауырлары Шаған мен Досаманның әулетінен. Әкелері Бұралқы би Шаян болысында бай болған кісі екен. Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліске шығуына малын тартып алғаны, өкіметтің түрлі салығы мен озбырлығы себеп болған. Қаратау, Байжансай өңірінде жасырынып, қарсылық көрсеткен. Аға-інілерінің көбі көтеріліс кезінде жазалаушы отрядтармен тауда атыста оққа ұшады. Тірі қалғандарын таудан ауылға қыстауға түскен кезде атып тастайды, тірілей қолға түсіреді, азаптайды. «Бұралқының балалары Бектеб, Аңқау, Тоғызбай, Сегізбай және Жорабек мерген, Күзбай аңшы тағы басқа көптеген Бәйжігіттің жігіттері, Созақ, Талас жақтан көмекке келген жігіттермен бірге өкіметке қарсы шығып, Қаратауда соғысыпты» деген аңыз-әңгімені осы Ыбырай қажы, Бағдат көке, Берік көке, Құрманәлі, Дәуір, Жарқынбек, Мырзанәлі деген Майбұлақ пен Ақбастау ауылынан шыққан ағалардан көп естідім. 
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрілігі және «Мемориал» қоғамы құрған ашық интернетке жүктелген базаларда мынадай мәліметтер көрсетілген: Бұралқиев Бектеб, 1877 жылы туған, ағалары, інілері – Бұралқиев Аңқау 1882 жылы туған. Бұралқиев Бектеб пен Аңқаудың туған жері: Оңтүстік Қазақстан облысы, Талас ауданы, 10-шы ауыл деп көрсетілген. «Тұтқынға алынғанға дейін тұрған жері: Оңтүстік Қазақстан облысы (Шымкент), Бөген ауданы, Көктерек ауылдық кеңесі. Кім және қашан қамауға алды: 09.04.1932 ж., ОГПУ. Арыс ауданы. Кім және қашан сотталды: Қазақстандағы ОГПУ үштігі, 23.05.1933 ж. РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10 бабы бойынша 10 жылға еңбек лагерінде бас бостандығынан айыру жазасы. Ақтау күні мен органы: 08.06.1989 ж., Шымкент қаласының аймақтың прокуратурасы. Істің тоқтатылу себебі: 1989 ж. 16 қаңтардағы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының қаулысы» деп жазылған. 
«Талас ауданында Аңқай мерген деген біреу бар, соған барып қосыламыз» деген ел аузында жүрген аңыз-әңгімені естігеніміз де анық. Аңқай дегеннің кім екені анық емес. Мәлімет беруші Құрманәлі Ілебаевтың айтуынша, Талас жақта Аңқай деген бір ту тамғалы батыр болған екен дейді. Осы зерттеу мақаланы жазу барысында өлкетанушы Мырзанәлі Сағынбеков көп көмектесті. Ол кісінің жинаған мәліметі бойынша, «Аңқай мерген деген кісінің шын аты Бейсенәлі екен. Жеңгелерінің қойған аты Аңқай. Өлгеннен кейін оның артында Балбырауын деген қатыны жесір қалыпты. Ол сол Шаян өңірінде Шақпақ жаққа Бердіқұл деген кісіге күйеуге тиген екен. Бердіқұл деген бақсы кісі болған, Бердіқұлдан туған ұрпақтары бар». Осы зерттеуді жазу барысында Аңқайдың басқа ұрпақтары туралы, не өзі туралы ешбір нақты құжаттық дерек таппадық. Халық жадында не қалса, соны жаздық. 
Шаян ауданында шыққан көтерілістің басшысы Мұратбеков Бедер болған деп айта аламыз. Көтерілістің белсенді мүшелері: Бектеб пен Аңқау Бұралқиевтардың айтуына қарағанда, «Бедердің көтерілісшілер арасында екенін көргенде көп жігіттер бізге қосылды» дейді. Бедердің артынан халық еретін еді. Өзі жүректі, батыр кісі еді. Мұратбекұлы Бедер – бұрын болыс болған, елге сыйлы, беделді адам. Бедер Мұратбеков 1885 жылы туған, көтеріліс кезінде қаза тапқандықтан ол туралы мәліметіміз аз. Жазушы Бағдат Қалаубаевтың айтуына қарағанда, Бедердің артында кемпірі мен Зайып деген бір қызы қалған, Зайып Бедерова Шаян ауылында тұрған. 
Бұралқының баласы Аңқау 1932 жылы органдар ұстап алған кезде: «Біз бай болғанбыз, төңкерістен бұрынғы заманда да, төңкерістен кейінгі жылдары да менің қорамда ең кем дегенде 300 қойым, 100 жылқым болған. Туыстарымның барлығы бай», – депті.
Бұралқиев Бектеб 55 жаста, әйелдері Мария 35 жаста, Жалпақ 50 жаста. Шешесі 80 жаста. Баласы Шардарбек 8 жаста, Тұрғымбек 6 жаста, Құлбек 5 жаста. «Кемінде 100 қойдан астам малым болған. Түйелерім болған. Совет өкіметі малымды дым қоймай тартып ала берді» депті.
Бұралқиев Аңқау 50 жаста, әйелі Жадыра 25 жаста, баласы Тұрсымбек 4 жаста, қызы Майгүл (әлде Шәйгүл?) 10 жаста. 
Бектеб Бұралқиев көтеріліс барысы туралы былай деп баяндайды: «Көтерілісшілер біздің №6 ауылда жиналдық. Кеңес өткіздік. Халықты билікке қарсы үгіттейміз деп шештік. Халықты билікке қарсы үгіттеп, басқа аудандардағы көтерілісшілерге қосылуды жоспарладық. Біз хлебозаготовкаға қарсы болдық. Ауылдың ішінде бірлік жоғалды. Группировка деген шықты. Ауылда Серімбай Нұрлыбековтың (1900 жылы туған) группировкасы күшті болды. 1930 жылы Өкімет біздің ауылға 20 пұт астық, 500 кг ет өткізуді міндеттеді. «Мен тапсырмаймын!» – дедім. Агитация жасадым. Көтеріліс бастадық. 1. Бектеб Бұралқиев. 2. Бедер Мұратбеков (Бедер Байжансайда өлді). 3. Қуанышбек Пазылбеков, 4. Серімбай Нұрлыбеков. 5. Мақатай Бижанов 6. Байдалы Тәңірбергенов. 7. Жұмаділла Нұрлыбеков. 8. Төртбай Бектібаев (Талас ауданына барып. сол жақта елді көтеріліске шақырған)».
Ары қарай былай дейді: «Біздің көтеріліске шығуымыздың басты себебі мыналар: Өкімет біздің руымызды ыдыратып, елді быт-шыт қылды да колхозға қоғамдастырып, мәжбүрлеп кіргізді. Құранға қарсы шықты, дінімізге тиісті. Совет өкіметі бізді ашаршылыққа ұшыратты, балаларымыз өлді, жетім қалды. Біз бұдан арғы қорлыққа енді шыдай алмаймыз дедік. «Көтеріліске дереу шығу керек!» дедік. Екі күн мәжіліс қылдық. Ақсақалдардан бата алдық. Дәл қазір көтерліске шығуымыз керек дедік. Жүз елу жігіт жиналдық. Біздің агитаторымыздың бірі Төртбай Бектібаев болды, ол Талас ауданына барып, сол жақта үгіт жүргізді. «Бостандық үшін, ұлт үшін» деп, өзіміздің ұлттық ұранымыз «Тоғанас, Тоғанас» деп шаптық! «Тоғанас батыр атамыздың аруағы қолдасын, біз жеңеміз!» дедік. Көтерілісті сырттан келіп ешкім басқарған жоқ, өзіміз бастадық, осы мына Шаян болысы 6-шы ауылдан басталды. Біз бірден шабуыл жасап кооперативті басып алып, астықты тартып алдық. Байжансай кенішіне шабуыл жасап, магазинді қираттық. Азық-түлікті алдық. Байжансайда атыс болды. Біраз адам жараланды, біраз адам өлді. Бедер Мұратбеков осы Байжансайдағы атыста өлді».
Бұл жерде ұранымыз Тоғанас деп отырғаны, Сіргеліге ұран болған, қазақ-жоңғар соғысында ерлік көрсеткен Тоғанас батыр Сабдалыұлы. Сонда батырдың ұрпақтары екі жүз жылдай өткенде аталарының аруағын шақырып, қызыл комунистерге қарсы көтеріліп отыр. Бұл оқиғада Қаратаудағы Байжансай руднигі жиі айтылады. Анықтама ретінде айта өтейік. Байжансай – ыстылардың мекен еткен жері. Байжан деген ыстылардан шыққан мықты аңшы, мерген кісі болған. Бір өзі бір ауылды аң етімен асыраған екен. Сол Байжанның мекен еткен жері Байжансай аталған, Байжан бұл жерден алғаш рет қорғасын тауып, геологтарға білдірген. 
Содан соң «Қараой жақта Құспай Төрекелдиев деген датқа болған кісі бар екен дейді. Тағы сол Талас ауданы жақта Аңқай мерген деген бір кісі деп естідік, бірақ оны көргеніміз жоқ. Сол Қараой жақтағы көтерілісшілерге қосылайық деп шықтық. 150 жігіт едік. Біздің арамызда Созақ жақтан келіп қосылғандар да болды. Қараой ауылдары жаққа аттанғанда жолда алдымыздан колхозшылар кес-кестеп шығып тұрып алды. Колхоз председателі Жұмахан деген кісі бастаған. Жұмаханның фамилиясын білмеймін. Олар бізге қарсы шықты, жолымызды бөгеп тұрып алды. «Өкіметке қарсы шықпаңдар» деп үгіт айтты. Олармен айқай-шу төбелес шықты. Төбелесіп, біз оларды кеш батарда жеңдік. Олардан ешкім өлген жоқ. Бірақ сөйтсек, олардың жымысқы ойы бізді әдейі бөгеп, жолдан тосу екен, себебі көмек шақырып қойыпты, оларға көмекке милиция, ОГПУ отрядтары келді. Келді де біздің жігіттерді мылтықпен атқылап, тырқыратып қуа бастады. Өлген өлді, ал біз, аман-есен қалғандар қашып кеттік». 
Көтеріліс осылай тоқтаған. Ол туралы естелік айтқан Майбұлақ ауылының азаматы, өлкетанушы Мырзанәлі Сағынбековтың, Ақбастау ауылының азаматы Берік Абдулла Дулатовтың айтуы бойынша, көтерілісшілер өте нашар қаруланған, бірен-саран кісіде ғана аңшы мылтығы болған, қалғандары сойылмен, шоқпармен қаруланған. Үйдің уығын алып, ұшын үшкірлеп жонып, найза жасап алған екен. Көтерілісшілердің қаруы болмаған себепті кейбір ауылдың ақсақалдары көтеріліске қарсы болған екен. «Қаруларың жоқ, босқа қырылып кетесіңдер» деп ескерткен екен. Сондай ескерткен ағалардың бірі Көсеубай Қилыбайұлы болған. Көсеубай Қилыбайұлы совет-партия органдарында қызмет етсе де, елмен бірге, ниеті түзу жақсы адам болған. ОГПУ-дың жазалаушы отрядтары келе жатқанын алдын ала ескерткен екен. Бұл естелікті айтып отырған ақсақал Берік Абдулла Дулатов. Сол кезде ауылдың адамдары бір түнде көтеріліп, Өзбекстанға көшіп кеткен дейді. 
Майбұлақ ауылында туып-өскен Жарқынбек Пәрімбекұлы Пердебековтың айтуынша, Тоғанас батыр әулетінен «Бес ұста» атанған ағайынды шебер кісілер шыққан. Ұсталар қолдан пышақ, қылыш, найза, сауыт, шиті мылтық та жасаған. Бес ұстаның даңқы тек Шаян еліне емес Шымкент, Әулиеата уезіне толық жайылған. Жасаған бұйымдары, заттары музейлерде сақтаулы. 
Енді оқиғаға қайта оралсақ. Бектеб Бұралқиев ұсталған кезде тергеушілерге былай деп айтады: «Біз Шаян болысының алтыншы ауылы едік, бірақ көтерілістен кейін біздің ауылымызды таратып, Талас ауданына қосып жіберді. Қазіргі кезде (сол 1932 жылы) біздің ауыл Талас ауданының 30-шы ауылы аталады (кейін №10 болып өзгерді)». 
Сосын тағы «Мен туыстарыммен бірге тауға қаштым, одан кейін Әулиеата жақта «Аша» деген жерге қаштым. Ол жерден ары қарай Өзбекстанға, одан ары қарай Тәжікстанға өтіп кеттім. Тәжікстанда он шақты қазақ байы бізден ілгеріде барып тұрып жатыр екен (шамасы 1928-1929 жылдары кеткен байлар). Бір жылдан кейін Қазақстаннан коммунистер келді, елге қайтыңдар деп үгіттеді. Келген уәкілдер «елге қайтыңыздар, ел тынышталды, ашаршылық жоқ енді» деді. Содан біз ойландық та, туған жерге қайтып келдік. Келсек, біздің көтерілістің себебінен Шаян ауданын таратып жіберген, жартысын Таласқа, жартысын Арысқа қосып жіберген екен. Келген соң туған ауылымызға барудан қорқып тұрдық, бір бажам бар еді, Сауқанұлы Оңғар деген, Ақбастау колхозында секретарь болып істейтін, соған бардым. Колхоз председатілі Әлмағамбет Қараұлы ағамыз, біздің Байжігіт руынан, оны да танимын. Сол ағамыз бізге «Баяғыдан бері осы Көктерек ауыл советінде тұратын жергілікті тұрғын» деген бір жапырақ қағаз құжат жазып берді.
Ақбастауға келген соң біз тыныш тұрдық. Ешкімге зиян етпедік. Ұрлық қылмадық. Мал бақтық. Түйелеріміз бар еді, соларды сойып етін базарға саттық. Мен өзім бір түйемді сойдым, Күрішбай Бөрібеков бір түйесін сойды» – дейді. 
Енді осы жерде аты аталған Күрішбай Бөрібековке азырақ тоқталсақ. Бұл Күрішбай әйгілі қыдыр дарыған Бөрібек Төлебаев деген байдың баласы, 1928 жылы Бөрібек бай кәмпескеге ілініп, көп ұзамай күйіктен қайтыс болған дейді. Бөрібектің туған жылы 1862 жыл. Қазақтың ірі байларын конфискациялау науқаны басталғанда 70 жасқа таяған ақсақал болған. Егер өз өлімімен қайтыс болмағанда, Оралға жер аударылуы мүмкін еді. Артында Күрішбай, Үркімбай деген балалары қалған. Үркімбайдан Қазақстанға белгілі қоғам қайраткерлері Марс пен Фазыл Үркімбаевтар тарайды (Сіргелі Байжігіт Шалдар шежіресі, Алматы, 2005. «Нұрлы Әлем» баспасы). 
Өстіп жүргенде Арыстағы аудандық ОГПУ органдарына бір жасырын хат келеді. «Арыс ауданында, Ақбастау Көктерек жақта жасырынып жүрген бір топ банда мен байлар бар. Олар елдің ортасына іріткі салып жатыр. Бектеб пен Аңқау деген былай деп айтады: «Ей, ағайын, қашанғы аш-жалаңаш отыра бересіңдер, өкімет бермесе неменеге тартып алмайсыңдар?! Біз бұрын Талас ауданында тартып алғанбыз!». Қараев жолдас өзі бұрынғы байлардың тұқымы. Секретары Сауқанов Оңғар екеуі ауылына бір топ бандалар мен байларды кіргізіп алған. Байларға азық-түлік береді, кедейлерге ештеңе бермейді екен. Жантасов Қамыспай деген кісі бай, оны да жасырып отырған осы ауылдың адамдары». 
Осы жасырын хаттан кейін Арыс ОГПУ отряды келіп, мына адамдарды тұтқындап алып кетеді: Колхоз төрағасы Әлмағамбет Қараев, хатшысы Оңғар Сауқанов, банды деп айыпталған Бектеб Бұралқиев, Аңқау Бұралқиев және Қамысбай Жантасов бай. 
Сөйтіп бұлардың барлығы он жыл мерзімге Қарағанды лагеріне айдалады. Бірақ ел аузынан жеткен кейбір естеліктерге қарағанда, ОГПУ отрядтары ауылдың ішінде кездескен адамдарды сотсыз атып тастаған. Мысалы Бектебтің бетіне шоқ басып, қинап азаптаған. Жорабек аңшы Байжансайда болған атыс кезінде ішіне оқ тиіп, қарны ақтарылып, атының жалына жабысып ауылға әрең жеткен екен. Күзбайдың Жүзбай, Жорабек деген інілері де болған екен. Ауылда қариялардың айтуына қарағанда, Жорабек кішкентайынан мылтықпен ойнайды екен, аң аулауға құмар болыпты. Інісі тамақ ішіп-жеуге құмар болыпты. Сонда бір қария бұл балаларды сынап былай деген екен: «Ей, Жорабек! Сен оқтан өлесің, сен Күзбай, аштан өлесің». Расында Байжансайда атыс кезінде Жорабек аңшы сол ауыр жарақаттан өлген. Ал Күзбай ауылға келсе отрядқа ұсталып қалудан қорқып, тауда «Тоғанастың қорғаны» деген жерде үңгірде тығылып жатыпты. Кішкентай інілері тамақ апарып береді екен. Кейін бір тамақ апарса орнында жоқ екен. Сол аштықтан өлді-ау» - деп жорамалдайды дейді Құрманәлі аға. Бұл кісілер туралы басқа мәлімет аз.
Әлмағамбет Қараев, хатшысы Оңғар Сауқанов, банды деп айыпталған Бектеб Бұралқиев, Аңқау Бұралқиев және бай Қамысбай Жантасов барлығы 1933 жылы РСФСР ҚК 58-10 баппен айыпталып, 10 жылға ИТЛ сот үкімімен ҚарЛаг-қа айдалған. Бұлардың Қарағанды лагерінен ешбірі қайтпаған. Осылардың ішінде Әлмағамбет Қараев 1886 ж. Бөген ауылында туған (Бөген өзенінің бойындағы Ақбастау ауылы). 1933 ж. 23 мамырда ОГПУ үштігінің үкімімен 10 жылға Қарлагқа айдалған. 1937 жылы қашып кеткен. Іздеу салынған. 1939 жылы бүкілодақтық іздеу жарияланған. Ешбір жерден таба алмаған. 1957 жылы іздеу тоқтатылып, істі жауыпты, себебі «Әлмағамбет Қараев егер тірі болса да қазір жасы 70-тен асып кетті, енді іздеудің қажеті жоқ» деп тауыпты. 
Бірақ Құрманәлі Ілебаев ағаның үлкен әжесінен және басқа үлкен ақсақалдардан естігенін еске түсіре отырып, былай деді: «Көтерілісшілер ұсталған кезде көбісін сотсыз, законсыз атып тастаған. Бұралқы, Тоғызбай, Сегізбай деген кісілердің ұрпақтары қалмаған. Бұлардың барлығы күллі Сіргелі руына ұран болған атақты Тоғанас батырдың туыстары Сары, Шаған, Байдәулет балалары еді. Солардың барлығы көтеріліске қатысқан еді дейді. Жорабек аңшы, Күзбай аңшы деген кісілер болған. Бұлар да сол көтерілісте шейіт кеткендер. Әттең-ай, егер ең болмаса тоқсаныншы жылдары сұрағаныңда ғой, көтерілісшілерді көрген қария кісілердің көзі тірі еді. Саған біраз әңгіме айтып бере алар еді». 
Біз зерттеу жасап, Шаян болысы №4, 5, 6 ауылдардың тарихын зерттедік. 1920-1929 жылдар аралығында Қосшы одағы құжаттарын, ауыл совет тізімдерін, салық төлеушілер тізімдерін қарап зерделедік. Жорабек аңшының әкесінің атын анықтауға тырыстық. 1924 жылғы Қосшы одағының құжаттарын зерттеген кезде Шаян болысы №4 ауылдағы «Ақжар» ұясында 1878 жылы туған Жорабек Шеңгелбайұлы деген кісінің есімі анықталды. Сіргелінің ең мықты құймақұлақ шежірешісі Тәшібай Бердібайұлы болса, бұл кісілерді Шеңгелбайдың ұрпақтары депті. Қосшы одағына мүше болған 81 кісінің толық тізімін «Қосшы одағының құрбандары кімдер?» деген мақалада жазған едік. («Оңтүстік Қазақстан» газеті, №71, 2 маусым 2022 ж.). Сондықтан бұған тоқталып жатпаймыз. 
Мәлімет беруші Сіргелі Тоғанас батырдың ұрпағы Дәуір Мәдібеков былай дейді: «Біз, Тоғанас ұрпақтары, көп емеспіз, себебі батырдың ұрпақтары барлық соғыстар мен көтерілістерге қатысқан. Басынан сөз асырмаған, қорлыққа шыдамаған елміз. Соғыс пен Аңқай көтерілісі сияқты көтерілістерде ер азаматтарымыз көптеп өлген. Сол себепті де Тоғанас батыр ұрпақтары аз ғана үй болған». 
Жоғарыда көріп отырғанымыздай, көтеріліске қатысқан кісілер көбісі аңшы болған. Аңшылар көбіне бердеңке мылтық ұстаған (винтовка системы Бердана). Аңшылар ешкімге бағына бермейтін, тәуекелшіл, қызуқанды, еркіндік сүйгіш мінезді болады. Тілдері де өткір келеді. Аңқай көтерлісін бастады деп жүрген «Аңқай мерген» деген де аңшы болуы керек. Байжігіт руының адамдарының көтеріліс жеңіліс тапқан соң шұғыл түрде Өзбекстан мен Тәжікстанға көшіп кеткенін ауылда Берік Әбутәліпұлы, Абылай Байғазиев ақсақалдар растайды. Берік Әбутәліпұлының айтуына қарағанда, өздері Байжігіттің Бодыр атасынан тарайды, 1930 жылдары әкесі Әбутәліп кішкентай бала болған, ауылдық кеңес төрағасы Көсеубай Қилыбайұлы келіп, Дулат атаға келе жатқан қауіпті өзі ескерткен екен. Атасы Дулат кететін мезетіне дейін үйдің ошағындағы отты сөндірмеген. Үйдің ішінде текшеге мол қылып отын жинап қойған. «Балам, біз шаңырақтың отын сөндірмеген халықпыз. Біз өз үйімізге әлі ораламыз. Ошағымның оты сөнбесін!» – деп айтқан екен. Дулат ата арқасына 5-6 жасар Әбутәліпті арқалап алып, отбасын ертіп жүре берген. Ташкент жақты бетке алып қашқан. Жол бойында көптеген өлікті көрген. Ферғанадан өтіп, Қырғызстанның Ош қаласы маңына барып паналаған. Абылай Байғазиевтың айтуына қарағанда, өздері Байжігіттің Жылқыбай атасынан тарайды. Арғы аталары Жанғазы, Байғазы, Ырысбай би-болыс болған. Сәбден деген ағасы сауатты, заң оқуын бітірген, Өзбекстанда прокурор болған екен. 1930 жылдары елден ауып көшкен кезде Өзбекстанда Китаб деген жерге барып тұрақтаған. Ол жерде «Бешқазақ» деген ауыл да бар. Сол Китаб ауданында көп жыл тұрақтап, кейін көшіп келген екен. Ал өкіметтен төнген қауіп туралы алдын-ала ескерткен төраға Көсеубайдың өзі кейін қуғын-сүргінге ұшырап кеткен. 
КСРО Жоғары Про­ку­ратурасының 1989 жылғы 8 маусымдағы Жарлығымен Бектеб пен Аңқау Бұралқиев толық ақталды. Шаян ауданында болған «Аңқай көтерілісі» туралы архивтік материалдар мен халық жадындағы естеліктерді талдай отырып, естеліктер мен архив материалдарының бірін-бірі толықтыра түсетінін анықтадық. Көтерілістің басшылары мен белсенді мүшелері туралы табылған мәліметтерді ұсындық. Мәліметтерге қарағанда, көтеріліске жалпы саны 150 адам қатысқан. Сол 150-дің біз небәрі бірнешеуінің ғана аты-жөнін анықтай алдық. Сондықтан бұл толық аяқталған зерттеу емес. Әлі жалғасын табады. Бұл құжаттардың зерттелуі Президенттің «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссиясын құру туралы» Жарлығы шыққан соң басталды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзі бастамашы болған бұл іске, мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин өзі мұрындық болып, ел тарихы үшін осы маңызды істі аяғына дейін жеткізеді деп үміттенеміз.

Нұржан СӘДІРБЕКҰЛЫ, 
Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау 
жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі, тарихшы-генеалог

 

2819 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз