• Тарих толқынында
  • 28 Қыркүйек, 2023

КӨНЕ ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕГІ КҮРЕСТЕР

Шежіреге үңілсек, түрік атауы 545 жылы тайға таңба басқандай хатқа түскен екен. Бумын түрік қағанатының іргесін қалап, 552 жылы ел қағаны атанады. Бас-басына бытырап жүрген түркі тайпалары көк ту астына бірігеді. 552 жылы Бумын дүниеден өтіп, орнына ұлы Қара Ыссық таққа отырады. Бірақ ол да бір жылдан соң қайтыс болып, орнына інісі Құсшы тақ иесі атанады. Ол да дүние салған соң тақты Естеми қаған иеленеді. Естеми Орхонның батысын, ал шығыс бөлігін Мұқан қаған биледі. Көк түріктің туына көк бөрінің басын зерделеп салдырған осы Мұқан қаған. Ол Алтай мен Каспийдің аралығында билік құрып, орхон өзенінің жоғарғы жағына ордасын тікті.

Мұқан қаған 572 жылы, Естеми 576 жылы дүние салды. Естеми Бумын (Елхан) қағанның інісі еді. Мұқан қаған Елханның (бумын) ұлы болатын. Естеми өлген соң оның ұлы Қарашор әкесінің орнын басты. (535-604). Ол әкесі Естемимен бірге Орал-Еділді бағындырды. 588 жылы Византия Боспорға иелік етті. 584 жылдан кейін шүршіт, түрік қағанаты арасында түсініспеушіліктер басталды. Осы тұстарда Сүй империясы мен Қара Шора арасындағы дау-дамай соғыссыз шешілмейтін болды. 598 жылы Қытай әскерімен кескіліскен ұрыс жүрді. 601 жылы Қарашора шүршіттің Ханьхуан бастаған әскерін талқандады. Осы тұста түрік қағанатының алдынан қара мысық кесіп өтті. Қарашораның туыстары оның өзіне сатқындық жасап, 604 жылы Қарашораның көзін жойды. Осы тұста Селенгі мен Ташкент арасын Ашина көк бөрінің әулеттерінен шыққан бекзадалардың жаулап алған хабары тарайды. Осы түрік қағанатынан Батыс түрік қағанаты атымен Орхон ордасынан (шығыс түрік қағанаты ордасы) 582 жылы Шыбара билік еткен аймақ бөлініп шықты. Оның орталығы кунжуд (Қойлық) қаласы болды. («Қазақтың көне тарихы», 115 б. Алматы 1993 ж).
Батыс түрік қағанаты осы Шыбара қағанның есімімен кейде Шыбара қағанаты деп, қағандарға Ашин (көк бөрі) аты да қоса айтылады. Шыбарадан кейін Батыс түрік қағанатының басында Дарту қаған, одан кейін Шора қаған болды. Бұл екі қаған да, одан кейін ТұтықАпгу да қытай патшаларымен кейде одақтасып, кейде бағыныштылық танытып, Батыс түрік қағанатын басқарған болатын. Шығыс түрік қағанатының қағаны Қат Елхан мен Қытай патшалары арасында соғыс басталады. Қат Елхан қытай патшаларына тізе бүкті де, 630 жылы Шығыс түрік қағанаты өмір сүруін тоқтатты. Осы тұста Батыс түрік қағанатының қағаны Тұтық Ябғу қайтыс болып, оның орнына Шыбара Ахилаш таққа отырады. Қытайдың Танзун патшалығы Шыбара Ахилаштан өзіне бағыныштылықты талап етеді. Бағыныштылық танытпаған ел кісілері 635 жылы қытайға қарай көтеріліске шығады. Көтерілісті Ұлы үйсін одағының көсемі (Дулу ұлы үйсін бөлігі) Досеттің өзі басқарады.Бұл жөнінде тарихнамада «Досет бұл шайқаста басшылық жасады» дейді («Қазақ тарихы». - 117-б. Алматы, 1997 ж.). «Ел кісілері Қытай патшалары басқыншылық саясатына наразылықтарын білдіреді. Дос батырдың ерлігін ел кісілері әлі де есінде сақтап, аңыз етіп айтып отыратынын мен өзім де талай естіп өстім. 637 жылы Ахилаш қағанның орына Ибн Дулы Шыбараға (Батыс түрік қағандығына) қаған болады. Осы тұста «Таң патшалығы Батыс түрікке елші жібереді. Түріктің қағаны бұл елшіні тұтқындайды да,Таң патшалығының батыс өңіріне аттанған әскерлеріне шабуыл жасайды. Бірақ, бұл соғыс Ибн Дулы қағанның жеңілуімен аяқталады. Дулы қаған батыстағы Тоқар еліне қашып кетті» дейді. («Қазақтың көне тарихы». - 118 б. Алматы, 1997 ж.).
Бұл оқиға 649 жылы болды. Батыс түрік қағанаты бос қалды. Көк бөрі (Ашина) әулеттері тақтан бас тартты. Осы тұста үйсін тайпасы бекзадасы Қойлық Батыс түрік қағанаты тағына отырып, ол өзін Шыбараның қағанымын деп жариялады. Батыс түрік қағанаты құрылғанда ол екіге бөлініп басқарылған еді. Шығысы Ұлы Үйсін, батысы кіші Үйсін еді. Шығысы бес тайпа дулу, батысы бес тайпа нүшбе.Үйсін мемлекетін Батыс түрік қағанаты тұсында «он оқ елі» деуінің мәнісі осыған саятын еді. Әр тайпаның өз билеушілері болды. Осындай он тайпаның бірін Қойлық қағанның үлкен ұлы Тон Тұтық билегені деректерде жазылып қалған. Қойлық қағанның тұсында Дулу бөлігінде қасо деген қуатты тайпа болған. Кейін осы қасолар батыс нүшбе бөлігіне көшіп келгенде екі әкімшілікке бөлініп, оның бірін Құл Еркін, екіншісін Шопан Еркін билеген еді. Бұл жөнінен «Қазақтың көне тарихының» 123 бетінде «Араб авторы Әл-Ауфи қарлықтардың ішінде «үш ұлыс қазақ» бар деп осы қасоларды айтқан болса керек» дейді. «Батыс түрік қағанаты» тағына отырған Қойлық қаған нүшбілердің кісісі. Нүшбе негізінен үйсін, ғұн, тайпасынан құралған еді. Касо тайпасы нүшбеден шығып отыр. Касо тайпасы қазақ ұлтының тұздығы десек, мына Қойлық қағанның шығу тегі кім болғанын аңғару қиын емес. Қойлық қағанның қаған болған тұсы,Таң патшасы Тайзун өлген соң 649 жылдан кейін оның ұлы Гаоцзунның тұсына тура келеді. Қойлық қаған 649-659 жылдары ат үстінде жүріп осы Гао Цзун патшаның армиясымен соғысқан кісі. Тарихшы Лев Гумилев Қойлық қағанды өз еңбектерінде, «Ышбарахан» деп айтады. Нүшбілер оны ешбір қарсылықсыз хан деп таниды. Ол өзінің жас балаларына арнап «Мыңбұлақ» алқабынан бекіністі қала салдырады. Өзінің ұлы Тонға «Бабһадүр жабағы» лауазымын береді.Ол ұлы Тонды яғни, Батыс қағанатының екінші билеушісі етіп қойды дейді. (Л.Г. «Көне түркілер», 236-б. Алматы. – 1994 ж). 
«Қазақтың көне тарихы» кітабы батыс түрік қағанаты Қойлық ханды Ашина Қойлы, Қойлық Шыбар хан деп жазады. Оның 652-657 жылдардағы азаттық жорықтарын жүйелеп жазады. Тұрсын Жұртбаев «Дулыға» кітаында Қойлық қағанды «Шыбыра-Қойлық» атайды. Оның ұлы Тон Жабағының аузына сөз салып «Әке, шығысқа қарап шапшыма, мына қалың жұрттан іргенді аулақ сал, сонда ғана еліңді сақтап қаласың»,- дейді (89-б.).
Сөйте тұра Тұрсын Жұртбаев жоғарыдағы кітаптың 84-бетінде «Тон жабағы» бөлімінде Тонды 630 жылы өлді дейді. Ал Тон жабағының сарайы Шаш қаласының маңындағы жасыл желекті жазыққа орналасты дейді. Қытай жазбаларында Тонды да қаған деп жазғаны бар. Біз білетін Тон әкесі Қойлықпен бірге қолға түсіп, 659 жылы өлтірілген. Тон жабағы тұрған хан ордасы Ташкент қаласының солтүстігінде 40 шақырымдық жерде Дарбаза деген аумақтағы «Жерасты жеті» деген отауда болған. Жеті отаудағы хан отауы маңдайшасына қашап жазылған қаған таңба әліде сақталып тұр. Тон жабағыны Қытай деректерінде Туниеху қаған деп те атаған. Н.Я.Битурин еңбектерінде «он оқ бодының қарабатыры Су-Дин-Фанның әскерімен жойқын шабуылға шығады. Бірақ империя әскері «он оқ бодандарды ойсырата жеңіп, қара батыр өлідей, тірідей 30 мың әскерінен айырылады», -дейді. («Қазақ тарихы», 117-б. Алматы, 1997 ж.). Осындағы он оқ қолын басқарған Қара батырды біз Қойлық қағанның 2-ұлы Ойсыл деп тануымыз керек. Түркі елдері ғұрпында ханның әскерінің бас қолбасшылары өз ұлдары болғаны белгілі. Қойлық қағанның бірінші ұлы Тон жабағы лауазымын алып, Батыс түрік қағанатының батыс бөлімін басқарса, оның екінші ұлы Ойсыл әкесінен «Қара» лауазымы атағын алып, Батыс түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы болған. Сондықтан ел Ойсылды Ойсыл «қара» деген. Қара деген сөз байырғы түрік тілінде «ең жоғарғы» деген мағынаға ие болған дейді. (Қ.С. «Таным тармақтары». 189 б. – Алматы, 1998 ж.). Қытай жазбалары Тоңды да Батыс түріктің қағаны деп түсінген. Сол жазбалардың бірінде «Мыңбұлақ – Туниеху қағанның солтүстік ордасы» деп жазады. Туниеху – Тон десек, Мыңбұлағы Шаян ауылынан ұзақ емес жер. Қойлық қаған соғыс жағдайында өзінің отбасын осы Мыңбұлақта сақтаған. Сол жерде оның үлкен ұлы Тоң да тұрғаны белгілі. Ал Қойлық қағанды 649 жылы Хан көтерген жер Іле өзені бойындағы Күнгіт қаласы. Кейін осы қала қағанның атымен «Қойлық» аталып кеткен. Қойлық қаласы қытайша Гуньюе (Ғұн жұрты. – Е.Б.) Қойлық қағанның жаздық астана ордасы Шу өзені мен Талас өзені арасындағы «Мыңбас» деген жер болған. Кейбір авторлар осы уақытқа дейін осы орданы Мыңбұлақпен шатас­тырып келеді. Қағанның қыстық ордасы Тоқмақ қаласы, батыс өңірінде 8 шақырым жердегі Ақмешіт деген жердегі Суяб болған. Қойлық қағанның 653-657 жылдары Су-Дин-Фан әскерінен жеңіліп, паналаған жері қазіргі Арыс ауданы Дастарбасты тау шоқысы маңындағы «Қойлық» деген шоқыдағы жер асты отау үйлері тұрған жерлер болған. Қойлық қаған мен ұлы Тон жабағының қолға түсіп, қамақта отырған жері Ташкент қаласы темір жол вокзалының оңтүстігіндегі «Қойлық» атты жер. Бұл жөнінен Тұрсын Жұртбаев «Шаштың тарқаны (қалы әкімі Е.Б) Шыбыра ханды ұлы Тон ұстап алды да, қол аяғын байлап, қуғыншы шүршіттерге берді. Қойлық хан 659 жылы өлді», – дейді (Т.Ж. «Дулыға-2». -92-б. Алматы, 1994 ж.). 
Ашина (Көкбөрі) Қойлық хан (қаған) Бәйдібек бидің бесінші атасы, Ойсыл қараның (Ойсыл ата) әкесі. Сіргелі тайпасы осындағы Ойсыл атадан тарайды. Бұл жөнінен Қазыбек бек Тауасарұлы былай дейді: «Азбан баласы Әшеке, Әшен. Әшеннен Қара, Шай, Жете, Сақалдан Ақ, одан Бабырлы, одан Қараша, одан Бәйдібек» дейді. (Қ.Т. «Түп-тұқияннан өзіме шейін». - 66-б. Алматы, 1993 ж.). Осындағы Әшекені Ашина (көк бөрі) деп түсінуіміз керек. Қойлық қаған, Тон жабағы өлген соң кіші үйсіндер 659 жылы Қазығұрттын теріскейіндегі Ойсыл қара деген жерде Ойсылды қаған етіп көтереді. Бұл кезде Қойлық қағанның ұлдары (кіші ұлдары), оның ішінде Үсіл де Мыңбұлақта болған. Ойсылға іздеу салып жүрген кезі екен, ол өзінің соңынан ерген кіші үйсін елінің тайпалары Қарқа (Арқа), Қалаш (алаш) және екі тайпа касо (касоок), үйсін Гунның т.б. ру тайпаларын ертін (бұл ел кезінде Тон жабағыға қараған) Ор өзені бойына барады. 670 жыл шамасында Ойсыл қаған дүние салады. Оның қорымы үстіне қаған белгісі қойылған. Ойсыл атаның жылы берілген соң, Ойсыл атамен Ор өзеніне келген ел Еділ өзені бойына көшеді. Осындағы қоныс бір көлдің аты әліге дейін « Ел Тон » аталады. Содан уақыт өте Әшен әулеті Қара, Шайлар Эльбурс тауы маңына қоныс тепсе, Қарқа (арқа), Қылыш (алаш) т.б. тайпалар Венгр (он оқ) жеріне Дунайға барады. Енді Қойлық қағанның Қытай патшаларынан жеңіліске ұшырау себебіне тоқталайық. Л.Гумилев: «Жауға қарсылық ер азамат Соғдының Кан (Самарқан) Хе (Зеравшан) Даван (Фергана), Ми (Маймург), Кеш (Шехризябат) Ышбара хан (Қойлық хан) құламай тұрған кезде бөлініп кеткен болатын. 659 жылы олардың соңынан Шығыс Түркістанның: Суле (Қашқар), Гтунюй (Көкжар Қарғалықтың оңтүстік батысында), Бохан (Яна-арык) сияқты иеліктері бөлінді. Ышбара хан жасақтары сарқыншағы 658 жылы Эбинор көлінің маңында және Куша жанында құртылды» дейді. (Л.Г. «Көне түріктер». – 240 б.).
Менің осы айтылған нақты пікірлерге қосарым, Тан императоры әскерінен Қойлықтың жеңілу себебі бір, соғыс барысында Сайрамдағы согдылар, Фараб, Сыр, Қаратаудағы оғыз, теле тайпалары да өз алдарына хандықтарға бөлініп, Батыс түрік қағанаты құрамынан шығып кеткен болатын. Олар қағанатқа дер кезінде жасақ шығармады. Қойлық қаған 659 жылы өлген соң Батыс түрік қағанатынан бөлінген аймақтар жаулаушы қытай императоры мен жаулаушы араб халифтері ортасында қалды. Осы аймақтарға бірінші қол созған Таң императоры болды. «Сяо Сые бастаған қалың әскер Қомар, Хотанды жаулады. Ол жерлерге де ду-ду (әкімшілік) мекемелерін құрды», – дейді. (Қ. Салғараұлы. «Таным тармақтары». -248 б. Алматы, 1998 ж.). Тан империясы 661 жылы Самарқан, Ферганада да қытайдың ду-ду мекемесін құрды. Олар өздері басып алған жерлерде «Әнси» делінген әскери қалашықтар орнатып, ел ішіндегі көтерілістерді әскери күшпен тұншықтырып отырды. Дегенмен ел ішінде әр жерде-ақ халық көтеріліп отырған. 662 жылы Қушар, Қашқар, Қойлық қаласында (Жетісуда) халық Таң империясына қарсы көтеріліске шыққан. Қытайлар өздері басып алған Жетісуды екі Губернияға бөліп басқарады. Бірінші бөлімі (Ұлы үйсін), оны Ашин Муше басқарады. Екінші бөлімі Нушевилер (Кіші үйсін), ашин Пучжснь басқарады. Бұл губерниялар империяға бағынышты болған. Губерниялар іші уездерге, округтерге бөліп басқарылған. Батыс түрік қағанаты құлаған соң ол қайтып қалпына келмеді. «Осы тұста арабтар да «Таң» императорынан қала қоймады. Әскер жиып, қылышын қайрап орталық Азияға аттанды. Олар жолай «Хорасанды» бағындырып, қаруын оңтүстікке қарай бұрды. 662 жылы олар Кабулды алды. Ал 664 жылы Пенджапқа бұза жарып кірді де, Орта Азияны келешек күндерге қалдырды», – дейді Л.Гумилев. («Көне түріктер». 244 б.). 
Біз жоғарыда 630 жылы Шығыс Түрік қағанаты өмір сүруін тоқтатты деген едік. Ал енді 659 жылы Батыс түрік қағанаты да құлады. Осы ел басына күн туған тұста Құтлық Елтеріс Тоныкөкті өзіне ақылшы етіп қытайға қарай ұлт-азаттық күресті бастады. Елтеріс (650-693) астына ат мініп, соңынан қол ертті. Ол 68 жылы қытайдын ұлы қорғаны сыртына орналасқан 6 әскери бекіністің күлін көкке ұшырды. Мына сұмдықтан кейін қытайдың әйел императоры «У» ерекше дайындықтан өткен әскерін Елтерістің бүлікшілеріне қарсы аттандырды. Бірақ, Елтерістің көкжалдары ұлы далаға сіңіп, ұстатпай кетеді. Куан Бао-Би басқарған әскерлер соңдарына түсуін қоймайды. Елтеріс қолайлы бір сәт келгенде соңдарынан қалмаған қуғыншылардың бірін қалдырмай қырып салады. Содан Елтеріс Хангай жерінде елдің басын қосып, қағанаттың ордасын тікті. Елдің азаттығы үшін он жыл ат үстінен түспеген Елтеріс қаған 693 жылы дүниеден өтті. Ол осы уақытта түріктің бек ұлдарын құл болудан, ару қыздарын күң болудан сақтап қалды. Ұйғырларды да империя бодандығынан құтқарған еді. Елтерістің босаған тағына оның інісі Қапаған (лақап аты Мойын Шор) отырды. Қапаған қаған болған соң Елтерістің ісін одан әрі жалғастырды. Таныкөк Қапағанның немере інісі еді. Елтерістің ұлы Білге қағанның тақ мұрагері болып қалады. Қапаған қаған түркілерді түпкілікті қытай билігінен азат ету үшін қытайдың солтүстік әскерлерімен 696-697 жылдары ат үстінде жүріп күресті. Ол Енесейдегі қырғыздарды өзіне бағынышты етті. 709-711 жылдары орталық Азия елдері ішінде ол жеке билеушіге айналған еді. Осы тұстарда қытай бодандығына өткен Батыс түрік қағанаты орнында да саяси өзгерістер болып жатты. Үйсін одағы дулы ұлысында Түркеш тайпасы көсемі Ожелының билікке қолы жетті. Түркештер ежелгі үйсін он оқтар еді. Оған себеп Дулу тайпалары дудуы Ашына Куслу Чан-анга кетеді. Ашына Кусуды ел жек көрді. Ол көп жолсыздықтарға жол берген еді. Ожелы билікке қолы жеткен соң елді 20 әкімшілікке бөлді. Ол ежелгі Күнгітті (Қойлық қаласы) кіщі астана етті. Өзі Суябты орда етті. 699 жылы ол әйел патша У Зытияға көп тарту-таралғы жіберді. Әйел иператор Ожелыға дуду атағын беріп, оған Батыс түрік қағанатына қарасты ұлыстарды (аймақ) тұтас басқаруға тапсырды. У Зытия патша әйел 706 жылы Ожелыға хан атағын берді. Бұл атақ қаған атына сай келетін еді. Бірақ, сол жылы Ожелы дүние салды. Оның тағына үлкен ұлы Саға отырды. Әйел патша У Сағаға Солтүстік әскерлерін қоса басқаруды тапсырды. Оның қолында 200 мың әскер сақадай сай тұрды. 708 жылы ол Түркеш қағанатын құрып, өзін қаған деп жариялады. 710 жылы Шығыс түрік қағанатының қағаны Қапаған осы Сағамен соғысып, оны тұтқындады. Оның орнына Барысты қойып, Түркеш қаған атын өзіне бағынышты етті. Қапаған Сағаны «Сен түркі халқына қол көтеріп, қытаймен одақтасып кеткенің үшін жаза тартасың»- дейді. Кейіннен Саға өлтірілді. Деректерге сол жылы Түркештің Шеп тайпасының көсемі Сулушор (Шын аты Сүлік. – Е.Б.) елін жиып, өзін Түркеш қағанатының қағаны деп жариялайды. Ол хан патшаларымен түзу қатынаста болады. Оларға бой ұсынып өзіне дүниеден өткенше тарту-таралғы жіберіп тұрады. Ол Шығыс түрік қағанаты Білге қағанатының қызына үйленіп, түріктермен де тату-тәтті тұрады. Осы тұстарда 716 жылы Қапаған жаулары қолынан дүние салады. Оның орнына енді Білге қаған сайланады. Білге (675-734) тұсында «халықтың бақ дәулеті артып, мәдениеті гүлденді», дейді. (Т.Ж. «Дулыға-2». - 134-б.)
Білге қаған 734 жылы дүние салған соң, оның тағына кіші ұлы Құтлық Білге отырады. Оның үлкен ұлы Иоллығ еді. Ол Күлтегінге әкесі Білгеге арнау-жоқтау өлең жазып онысын Орхондағы тасқа бәдіздетті. 739 жылы дүние салды. Шығыс түрік қағанатының қағандары Түркештердің қағаны Сағаны өлтірген соң қағанаттың ішкі ісіне араласпаған екен. Түркеш қағанаты сол тұстарда өз басынан сан-салалы қиыншылықтарды өткізіп жатты. Қағандықтағы халық саны да көп емес еді. Деректерде 700 мың адам саны болған деп айтылады. Шүршіттер түркілерге, согдаларға будда дінін қабылдауын талап етсе, жаулаушы арабтар оларға исламды сіңіруге тырысқаны белгілі. Ал түркілер мен согдалар сол тұстарда тәңір дінін тұтынғаны белгілі. Әйел патша У Сулушорға бұрыңғы Батыс түрік қағанаты жерін араб шапқыншылығынан сақтап қалуды талап етеді. Осы тұста шапқыншы арабтар Самарқанның қақпасын қағып тұрған еді. Бұл келген кім десеңіз, бұл келіп тұрған 705-715 жылдардағы арабтың орталық Азияға шапқыншылығының бас қолбасшысы Кутайбе Ибн Абу Муслим еді. Түркештер 707 жылы осы шапқыншыларды Бұхара маңынан қуып шыққан еді. Бұхарадан араб әскерлері шегінген соң бұл жерге Согэ басшылығындағы тибет әскерлері келді. Кутайбе Хорасанға шегінді. Арабтардың Кутайбе басқаруындағы Орталық Азияға бұл бірінші шапқыншылығы еді. Олар Абу Бакир Сыдық (572-634) Халиф тұсында Халид Ибн Уалидоглы Абд ар Рахымды алдына 12 мың сахабаны салып, Фергенаға жіберген еді. Согдылар оларды тегіс қырып салады. Али Муртаза (598-661 жж.) Халиф те өзінің туысы Ибн Аббас Мухаммед Ибн Абд әл-Жалилдің алдына «30» мың дін ашушыларды салып Өзкентке, Ферганаға, Исфиджапқа жіберді. Олар да барған жерлерінде шейіт болды. Біз осы топтың ішінде Укаша Ибн Миксан сахабаның болғанын білеміз. Осы кісіге Түркістан-Кентау жолы жағасында кесене тұрғызылғаны белгілі. Сонда осы топ 656-661 жылдары Исфиджапқа (Сайрамға) келген деп түсінеміз. Осы шеруден кейін 673 жылы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ағасы Аббастың ұлы Қасем Самарқанға келіп, ол соғыс үстінде шейт болады. Қасемнің сүйегі Шаһизинда мазарына жерленген. Демек, Кутайбе шапқыншылығына дейін араб халифтері 633-634 жылдары, 656-611 жылдары орталық Азияға басқыншылық соғыстар ұйымдастырған екен. Жоғарыда біз Кутайбе 707 жылы Бұхара түбінде жеңіліп Хорасанға кетті деген едік. Ол 710 жылы қайтарма шабуылға шығып, Шаумен, Несеф, Кешті басып алады. Оның осы жорықтары жөненде Л.Гумилев: «Бұл сұлу қалалар өртеніп жіберілді. Ал олардың халқы бауыздалды, немесе тұтқындалып әкетілді. Талап алынған жібектер тиелінген керуендер үздіксіз Дамаскіге кетіп жатты. Бірақ, Кутайбе зор нәрсені қалады», - дейді (Л.Гумилев. «Көне түріктер». 302-б.). Осы тұста Сулу Шор түркеш халқына қарата айтқаны «(Сендер) екі семсердің ортасында тұрсандар, қайсысының бодандығын алсаң да, дінің өшіп, тілің өледі»,- деп үндейді. (Т.Ж. «Дулыға-2». – 146-б.) 713 жылы Самарқан құлады. Кутайбе Ханджентті, Ферғананы алған соң Шашқа, Сайрамға шабуыл жасады. Осы жолы Сулушор Шаштықтар мен Сайрамдықтарға көмекке өзінің сенімді адамы Баһадүр Тудыунды аттандырды. Ол қол жинап, Шаш пен Сайрамды араб басқыншылығынан азат ету үшін бар қайрат-күшін жұмсады. Сайрамның ханы Нахибдор өз жерін, өз елін, өз дінін қорғап, жан беріп жан алысты. Кутайбе болса жеңіліске ұшырап, Самарқанға дейін қашты. Дінді сылтауратып олжаға құныққан Кутайбе 715 жылы Ташкент пен Сайрамға емес, енді Шығыс Түркістанға аттанды. Бірақ ол жолда Халиф Валидтің қазасын естіп, Марыға оралды. Бірақ осы жолы ол әскер басшыларының бірінің қолынан жолай өлтірді. Сайрам, Шаш соғыстарындағы көзсіз ерліктерін ескерген ел Нахибдорды «көркөз» батыр атап кетті (Көркөз – көркөз ер. – Е.Б.).
Сулу Шор 714 жылы өзін Түркеш қағанатының ханы деп жариялады. 716 жылы ол Ферғанадан араб, тибет жау­лаушы әскерлерін қуып шықты. Кутайбе өлгенімен, оның әскерлері тірек бекеттерінде әлі де бар еді. Олар Хасан деген қалашыққа топтаса бастады. Сулу Шора оларды да, басқаларын да елді көтеріп 724 жылға дейін Мауереннаһрдан біржола қуып шықты. Осы тұста араб халифі Хишам (724-743) мына орталық Азиядағы бай өлкеден айырылып қалмау қамына кірісіп кетті. Өз елінен, басып алған аймақтарынан әскер жинап, бүлікшіл согдаларды таптап тастауға біржола дайындыққа кірісіп кетті. Бірақ, осы тұста түркештер де соғыстан әбден қалжыраған еді. Орталық Азияға арабтардың ең үлкен күшпен жаулап алушылық соғысы 727-728 жылдыры іске асырылды. Осы тұста араб жаулаушыларына қарсы тұрып соғысуға түркеш ханы Сулу Шордың күші келмеді. Оның әскери күші де сарқылған еді. Деректерде арабтардың 130 мың әскері және барған жерлерінде тұрақтап жерді игеруге 20 мыңның шамасында кісі де осы әскермен қоса аттанған еді. Осы үлкен шапқыншылықтың бас қолбасшысы Әли Мұртазаның (Әли-4 халиф) 6-әулеті Ысқақ баб болыпты. Оның қасында өзінің інісі Абу ал-Жалил және Ысқақ бабтың әкесі Абу-ар-рахманның інісі Абу ар-Рахим болған. Арабтар Хорасаннан Бұхараға, одан Самарқанға, одан Өзкентке, одан Ферғанаға, Шашқа (Ташкент), одан Исфиджапқа (Сайрам) келеді. Сол тұста Сайрам 160 мың халық мекендеген гүлденген қала екен. Сайрам хандығы батысы Отырар-Сорға дейін, шығысы Талас өзеніне дейін, солтүстігі Түркістан, Созақпен шектелген екен. Соғыс үш күнге созылады. Соғыс үстінде бес мың шапқыншы және әскер басшы Әбу-әл-Азиз шейіт болады. Сайрамның әскері он мың әскерінен айырылып, өзі Баладж (Қарғалық) қамалына қашады. Ол жерде Ысқақ баб Нахибдор ханды ұстап алып, ағашқа керіп өлтіреді. Қарғалықта (Созақта) Ысқақ баб Түркімендерге кездеседі. Осы жерде үш күн соғыс болып, 30 мың оғыз (түркімен) өледі. Соғыс үстінде 7 мың шапқыншы арабтар шейт болады. Түркімен (оғыз), соғдылар да дінсіз халық емес еді. Олар сол тұста тәңір дінінде еді. Сол кезде оғыздардың ханы Иашмуд еді. Арабтардан жеңілген Иашмуд хан әскерін тегіс қырылудан сақтап, Сырдария бойына шегініп кетеді. Иашмуд ханды жеңіліп қаштыға санаған Ысқақ баб оның соңынан інісі Абу ал-Жалилді жібереді. Абу әл-Жалил Баршакент, Жаркент, Жалтарсақ, Жендке оғыздармен соғыс ашып, қуғыншылар Оқу деген жерде Абу ал-Жалил де, оның 30 мың дін аша келген әскері де тегіс шейіт болады. Абу ал-Жалил жеңіспен оралады деп Ысқақ баб әкесінің інісі Абу ар-Рахимнің алдына 40 мың дін ашушы әскер салып, оны Қашқарға аттандырып қойған екен. Енді ол Қарғалықта (Созақта) қолында қалған 30 мың әскермен Жендке өзі аттанады. Иашмуд хан мен Ысқақ бабтың кездесуі Сыр бойындағы Женд қаласында болады. Екі жақ та аянып қалмаған көрінеді. Осы соғыста Иашмуд хан да, оның 12 мың елін, жерін қорғаған оғыздары қайтыс болады. Дін ашушылардан 4 мың кісі шейіт болады. Ысқақ баб жеңіске жетеді. Бірақ, ол Фарабты, Сыр бойын өзіне бағынышты ете алмайды. Қайталап Сыр бойына шабуылға да шыға алмайды.Ол Баладж қамалы тұрған жерге қазығын терең қағып, сол жерге тұрақтайды. Қыс өткен соң Ысқақ баб қолында қалған 26 мың әскерімен Шашқа аттанып, ондағы көтерілісті басып келеді. Содан Ысқақ баб Баладж қамалын жөндеуден өткізіп, Сайрамда Шуб мешітін соғады.
Осы 727-728 жылдары Ысқақ бабтың жорықтары нәтижесінде оның халиф алдындағы еңбегі Сайрамды Хорасан әмірлігіне бағынышты етіп кіргізгені болды. Ал шапқыншылардың Созақ-Сайрамды басып алу үшін 45 мың сарбазы өлсе, елін жерін қорғаушылар 59 мың кісісінен айырылады. 
Осы соғыстың зардабынан қаншама әйел жесір қалды, ұл мен қыз жетім қалды. Созақ-Сайрам халқы құлдықтан қашып бастары ауған жаққа көшіп кетті. Елсіз дала қаңырап бос қалды. Уақыт өте кешегі соғдылардың Баладж қамалы Бабата аталып кетті. Осы Бабатаның айналасында соғыс кезінде екі жақтан өлген 40 мыңға жуық кісінің сүйегі жатыр десек, осы соғыстың қалай өткені айқындала түседі. Ысқақ бабтың соғыстары жөнінде ғалым Мекемтас Мырзахметұлы: «мұсылман діні қарулы әскери жасақтың күшімен таратылған» десе, Созақтың тумасы, өлкетанушы «Байырғы Бабата» кітабының авторы Махамбет Жәмекұлы, Ысқақ бабтың жорығы туралы: «бұл дінді жергілікті халыққа еріксіз тану, білектің күшімен, найзаның ұшымен қабылдатты» дейді. Кітап авторы өз кітабында темір тонды Өтеміс батыр туралы сөз етеді. Енді біз сол кітаптан үзінділер келтірейік. «Өтеміс батыр жағаласқан жауға қамалды қолдан бермеу үшін жергілікті халықты қорғанысқа ұйымдастырып, жан аямай шайқасады, құмырсқадай құжынаған жаудың өлермендікпен үздіксіз шабуылына төтеп бере алмай, қорған қирап, күш-қайраты сарқылуға таянғанда Өтеміс батыр жаудан сытылып шығып кетеді. Жау әскерінің қолбасшысы бұл жайға қаныққан соң Өтемісті қайткенде де қолға түсірмекке бекем бел буады. Жау Өтемісті қолға түсірген соң, арқанмен шандып байлап, тірідей тұрғызып қойып, жан жағына кесекпен қалап биік дуал жасап жіберген.Темір тонды батырды тірідей көмген жер Бабатаның батыс жағында», – депті (М.Ж. «Байырғы Бабата». – 95-б. Алматы, 1997 ж.).
Мұхаммед (с.ғ.с.) «бір дінге сенуші екінші бір дінге сенушінің басына қылыш ойнатпайды» деп айтып кеткен. Біз осы жерде Өтеміс батырдың кім болғанын айта кетуді жөн көрдік. Өтеміс батыр Иамшуд ханның екі баласының бірі. Бірінің есімі Тоқтамыс, екіншісі Өтеміс болған. Осы Өтеміске Ысқақ баб шежіресінің 3-бетінде «Өтамішті Тутуғ Қарғалыққа келтірді. Ерса Хисарға байлап өлтірді» дейді.
Осы Өтеміш батырды Ысқақ баб керілген ағашқа байлап, қолы мен аяғын шауып, оның денесінің айналасына қыш өріп, «кімде-кім мұсылмандықты қабылдамаса, осылай өледі» депті. Енді осы Өтеміс батырдан әулет бар ма, жоқ па деген сұраққа жауап берсек.
Түркімен шежіресінде айтылатын Оғыз ханның Ек деген әйелінен екі бала болған. 1-сі Яумуд, 2-сі Коклан. Яумудтан Теке, одан екі бала: Ақыл Теке, мару Теке. Осы мару Текеден Иашмуд хан. Одан Өтеміш,Тоқтаміш. Өтаміш әулеттері қазірТүркіменстанда бір ру ел-десек, бәрі де түсінікті болады. Ысқақ баб Сайрам мен Қарғалықты (Созақты) басып алғанымен одан әрі шабуылға шықпай күн кешті.Түркештер арабтардың әскери гарнизондары, әкімшілік орындары, адуынды әскери топтарымен шабуыл жасауын қоймады. Нәтижеде Самарқан, Шаш, Фараб халифатқа бағыныштылығын қойған еді. Осы кез туралы Гумилев: «арабтарға тек соғыспен басып алған қалалармен қорғансыз елді мекендер бағынды. Согда жұртшылығының қолдауымен жүргізілген бұл соғыс араб гарнизондарын қатты абыржушылық жағдайда ұстады»-дейді (Л.Гумилев. «Көне түріктер». 357-б.).
Осындай жағдайды өзінің Бабатадағы қамал үйінде отырған Ысқақ баб өмірінен де көреміз. Ол шапқыншылық өмірді мүлде ұмытып, өзінің жағдайын күйттейді. Ысқақ бабтың ұлы Бабатада қалмады. Ол Сайрамға көшіп келіп мешітте шейх ісін атқарса, Абу әл-Жалилдің ұлы Фарабқа барып сопылық қызмет атқарған еді. 737 жылы Сулу Шор сал ауруынан төсекке таңылып қалды. Осы тұста өзінің сенімді кісісі Баға тарқан түнде оның шатырына кіріп өлтіріп, енді Сулу Шордың тағына ұмтылады. Бірақ таққа Сулу Шордың ұлы Тукосянь отырады. Осы тұста қытай патшалары Сулу Шордың ұлына шен-шекпен, атақ бермеді. Түркештерді басқаруға 740 жылы Ашин Хинь жіберілді. Бірақ, ол түркеш бекзадалары қолымен өлтірілді. Енді түркештер таққа Ілетміш Құтлығ білгені отырғызды. Осы тұста Хорасан мен Мауеренахрдың уәлиі (губернаторы) Наср ибн-Сейар 737 жылы жер-жердегі көтірілістерді басып, Фарабқа да келді. Ол бұл жолы зорлық-зомбылықтан бас тартып, елде бейбітшілік жариялады. Ол дінге еркіндік берді. Дін әркім өз қалауымен тұтынатын болды. Фараб Хорасанға бағынышты болып тіркелді. Сырдария бойындағы оғыздар (түрікмендер) Ысқақ бабтың қол астына қарамайтын болды. Ел кісілері Қытайға тәуелсіздік бағытын ұстады. Осы тұста Ферғаналықтыр, Қашқарлықтар, Кушастықтыр императорға әлі де бағынышты еді. Хорасан әмірлері (губернатор) мен қытай патшалары Жетісу үшін бақталастықта еді. 751 жылы шілдеде Талас өзені маңында екі жақтың әскері кездесті. Қытайдың әскерін (30 мың) Тао Сянь-Чжи басқарды. Мұсылман әскерін Зияд Ибн-Салик басқарды. Бес күндік соғыста екі жақ тең түсті. Осы кезде қытай патшаларынан құлдықтан азаттық іздеген қарлұқтар енді қытай әскеріне қарсы шабуылға шықты. Мұсылман әскерлері жеңіске жетті. Осы тұста мұсылман дін таратушыларымен соғысу түгілі Қытай империясының өзі күйреу алдында тұрған болатын, олар қайтып соғысқа киліге алмады. Түркеш қағанаты (он оқтар) империядан азаттыққа қолдары жетті. Осы тұста Араб халифі Абу-Муслим орнынан түсті де, Халиф тағына енді Абуль Аббас отырды. Абуль Аббастың жақындары Шаштың (Ташкент) билігін иеленді де, Атлақ соғысында мұсылман әскерін басқарған Ташкент әкімі Зияд ибн-Саликтің басы шабылды.
Араб халифтерінің де енді жат жұрттарды басып алуға күші сарқылған еді. Орталық Азияға келген арабтарды уақыт өте жер-жердегі соғдылар мен түркілер өздеріне сіңіріп жіберген еді. Сол тұстарда не болып, не қойғаны кәрі тарихтың қатпарларында жасырынып жатыр. Бабата десек дін тарата келген Ысқақ ата, Қорасан ата десек дін аша келген Абу әл-Жалил ата, Абу ар-Рахим ата десек көз алдымызға Тараздағы күмбездер елестейді. Жаратушы Иеміз енді бізді діни соғыстардан сақтасын дегім келеді.

Еркебай БҮРЛІБАЙҰЛЫ, 
Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері,
тарихшы, өлкетанушы

 

2707 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз