• Тарих толқынында
  • 30 Қараша, 2023

СЫР САНДЫҒЫН АШҚАНДА...

Сәкен. Меруерт. Жанәділ болыс

Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол тайғақ кешу» романында баяндағанындай, Анненковтың азап вагонынан қашып құтылған соң Арқадан Бетпақдала арқылы Қаратауға бет алады да, Шу өзенін бойлай отырып Әулиеата асқанын баяндайды. Әрине, ақын бұл кітабында осы сапарда басынан өткен оқиғаның бәрін қамтымағаны анық және өзі де асығыс жазылғанын айтады. Сәкеннің қашып жүріп Түркістанға өтетін кезі 1919 жыл. Оған дейін 1917 жылы Совдептің президум мүшесі және уездік ағарту комиссары болған. 1920 жылы Ақмола уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істейді. Сол жылы қазақ өлкесі бойынша құрылған ревкомның құрамына кіреді. Сондықтан біз баяндамақ болған оқиғаның уақыты Сәкен ақтардан қашып, оңтүстіктің шеткі ауылдарында тығылып жүрген 1919 жылы немесе 1920 жылы болған. Сәкеннің осы сапарында Меруерт деген келіншекті оқытамын, теңдік әперемін деп алып қашқанын белгілі өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сүлеймен Тәбірізұлы төмендегіше жазады: «Сәкен Созақтағы құдасы Ноғай ишанның (Шайхы Ахмет) үйіне түседі. Жәнібек осы Ишан балалары мен Жанәділ болысқа келінін қайтаруға көмектесуін сұрап хат жазады. Жанәділ мен ишан балалары ара билікке жүріп Меруертті еліне қайтарады. Жанәділ болыстың сүргінге айдалуына себепші болған Созақтың белсенділерінің бірі Кәпір Мұса (Мұса Әлиев) үстін жара басып, ауырып Сарыағашқа келгенде, оған Жанәділ болыс «жамандыққа – жақсылық» дегендей көмек береді. Жанәділ 1957 жылы дүниеден өтеді». (Өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сүлеймен Тәбірізұлының «Созақ өңірі» тарихи деректер кітабы, 2002 жыл, 166-бет).
Ал бұл туралы кезінде Сарыағаш аудандық газетінде бұдан қырық жыл бұрын, 1982 жылы 2-қыркүйекте төмендегідей мақала жарияланыпты. Мақаладағы әңгіме айтушы Асекенұлы Қалдарбек – Жанәділ болыстың ұрпағы. Мақаланың тақырыбы  «Сәкенге «Боз жорға» сыйлаған Жанәділ болыс» деп аталады. Мазмұны былайша: «Асекенұлы Қалдарбек ақсақал әңгімешіл екен. Патшалық, кейіннен Кеңес өкіметі тұсында 21 жыл әділ болыс, би болған, қарапайым халыққа жаққан, қазақтың талай игі жақсыларымен кездескен Жанәділ атасы туралы сыр шертті. 
Түрмеден, Анненковтың азап вагонынан құтылған Сәкен Сейфуллин Арқадан Бетпақдала арқылы Қаратауға бет алады. Сонда ол жолда айдай сұлу Меруертпен кездеседі. Руы тама Төленбек байдың тоқалын «оқытамын, теңдік әперемін» деп Сәкен алып қашады. Бай Қаратаудағы Жанәділ болысқа «малым кетсе де арым кетпесін, тоқалымды қайтарып бер» деп сәлем жолдаған. Жанәділ болыс Сәкенге хат жолдап «біреудің қаңсығы біреуге таңсық емес», деп бес жігітті жібереді. Сәкен жауап хатында: «Қаратаудың тәуір жігіті еркек пен әйелдің арасына түспес болар» деп көнбеген. Жігіттер кері қайтқан. Жанәділ болыс бес жігіттің қасына және бес жігіт қосып қас жүйрік, ұшқыр тұлпар «Боз жорғаны» жетекке байлап, Сәкенге қайта аттандырады. «Сәкен келешектің, халықтың адамы, денесіне таяқ тигізбеңдер, көңілін көтеріңдер» деп қатты тапсырады.  Жігіттер Сәкенді ортаға алып, «Боз жорғаға» мінгізіп көңілін аулаған. Таулы, қырлы, бұлақты жерлерді аралатқан. Көздің жауын алатын, көңіл хошын көтеретін, дүниенің бар қызығын ұмыттыратын «Боз жорғада» шалқытқан. Сәкен сері атақты «Тау ішінде» әнін сол кезде шығарған екен. Осылайша бес жігіт зор қошеметпен Сәкенді «Боз жорғамен» Түркістанға шығарып салғанда, келесі бес жігіт байдың тоқалын ауылына алып кетеді. Сөйтіп Жанәділ болыс ақыл-парасатының арқасында қазақтың біртуар ұлы, арысымыз Сәкенді денесіне дық тигізбей, көңілін көтеріп, «Боз жорға» сыйлап, ризалығымен қайтарыпты» (Қ.Н.Зиябеков, Қазақсан журналистер одағының мүшесі. «Сарыағаш» аудандық газеті, 2.9.1982 ж.). 
Осы деректерге қол жеткізген соң жазушы Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың қаламына ілікпей қалған Меруерт сұлудың тарихын білетіндерді іздестірдік. Осы тарихтан біршама хабардар, өлке тарихына жетік көзіқарақты Нұрлан Сұлтанұлы Рахымжанов деген азамат былай дейді: «Меруерт Таманың Жабал атасынан шыққан атақты Жәнібек болыстың келіні. Оның баласы Төленбек те кеңес өкіметі орнар тұста болыс болған. Бұл әңгімені Жәнібек болыстың жиені болғандықтан Сандуғаш Хасенова жақсы білуі керек. «Тау ішінде» әні Қаратаудың етегінде, Созақтағы Ноғай ишанның немересі Сатыбалды мағзұмның үйінде жазылған. Ал Сәкенді жабал тамалардан құтқарғандардың ішінде Оңдыбай болыстың баласы Асқар болыс та болса керек. «Тәйірі, Сәкен жеңгесіне қырындаған шығар. Төленбек әйел қыла ма, қылмай ма, онысын өзі білер» деп, Сәкенді шынжырмен атқа сүйрегелі тұрған жерінен арашалап, пәуескемен Қызылордаға шығарып салыпты, дейтін еді білетіндер. Содан кейін Сатыбалдыұлы Нығметжан деген кісі Сәкен туралы небір естеліктер айтушы еді. Адамбай деген руы жабал тама 1950 жылы Арқаға, Қызылжарға барғанында Меруерт сұлудың келіп өзіне сәлем бергендігін, өзінің Жәнібекұлы Нұрмағанбетке сәлем бере барғанын айтатын...». Ал Қарағандыда тұратын, әлеуметтік желіде әншілігімен танымал Сандуғаш Хасенова былай дейді: «Мен Меруерт апаның көзін көріп, қолына су құйған қызбын. Сәкен жайлы әңгіме сұрағанымызда, ол кісінің керемет түрленгенін бала болсам да аңғардым. Сонда балаларының қабағына қарамай, дүр сілкінген сұлу жүзі әлі көз алдыма келеді. «Сәкен былай деп хат жазды» деп өлеңін жатқа оқыған. Сол кезде жасы 90-ды иектеген кейуананың бір ауыз сол өлеңін есіме түсіре алмай, өзіме өкпелеп отырмын. Сәкен қыз-келіншектерден қашып құтыла алмаған. Бойында әйел арбалып қалатындай басқаша бір күш болса керек. Сондықтан Меруерт Сәкенге шын өз қалауымен ергені анық. Өмір бойы бетіне басылған таңба болғанына қарамастан, бұл шын махаббат екенін 17 жасымда сездім. Ол уақытта 10-сыныпта оқимын, ауылдас болғандықтан өлместей көрген болуым керек, енді бәрі кеш. Сол көргенімде Меруерт апа «Сәкен осылай деді» деп өлең оқып еді, тап сол кезде жаттала қалғандай көрініп, қағазға түсірмегеніме өкінемін. Сұлу да сүйегі асыл жан еді. Меруертті бес жігіт аттың бауырында өлі-тірісі белгісіз алып келгені рас дерек. Меруерт апа 1992 жылы желтоқсан айында 92 жасында қайтыс болды». 
Бұл деректен білгеніміздей, Меруерт күйеуіне қайта қосылып, ұрпақ өрбітіп, Жаңа арқа ауданында қартайып қайтыс болған. Жалпы, бұл оқиғаның түп-тамырына үңілсек, оның ұшы қайда жатқанын аңдаймыз. 1920 жылы Қазақстан автономиялы республикасы Орталық атқару комитетінің қалың малға, әмеңгерлікке, көп әйел алуға тыйым салу жөнінде қабылдаған декреті жарияланады. «Декретте қазақ әйелдерінің еңсесін басқан, адамдық қасиетін қорлаған, тағы басқа да зиянды әдет-ғұрыптарды жою көзделеді. Міне, осы декреттің мәнін әйелдерге түсіндіріп, олардың өз бостандығы үшін күресуіне көмектесу, әйелдерді қоғам өміріне белсене араластыру үшін ел ішінде көшпелі қызыл отаулар, делегаттар жиналысы ұйымдастырылады. Осы кезде қызыл комиссарлар тарапынан асыра сілтеу орын алғаны тарихи шындық. Тарихтан белгілі 1922 жылы Шу бойында, тама мен тарақты ауылдарында болған озбырлық Қараноғай-Шала оқиғасы ретінде жылнамада таңбаланған. Халық арасында Байсейіт-Мұқыш әңгімесі деп те айтылады. Салық жинау деген науқанмен елге лаң салып, ақырында халық жазалап өлтірілгендер де, оларды ұстап жазалап, ақыры өздері атылғандар да бәрі Сәкенмен бірге қызмет атқарған үзеңгілес жолдастары. Заманның лаңы. 
Тарихшы, профессор Жамбыл Артықбаев былай дейді: «Бұл кезең ғылыми тұрғыдан әлі зерттелген жоқ. Азамат соғысынан кейінгі комиссарлар кезеңі қазақ еліне ауыр тиді. Әсіресе қазақ қыз-келіншектеріне зорлық көп болды. Кеңес өкіметі «Әйел теңдігін» жариялады, қалыңмалды, некені жойды. Көкешті ұзатылайын деп отырған жерінен Сәкеннің алып кеткені де сол жылдар» десе, тарихшы ұстаз Өмір Шыныбекұлы: «Отаршылдықтың санамыз бен тұрмысымызға келтірген зардабы толық ашылмай қоғамдық санада өзгеріс болмайды. Деколонизация жасалса, біраз уақыт Совнаркомды басқарған, «Қызыл сұңқар» атанған Сәкен атамыз да одан тыс қала алмайды. НКВД мен прокуратураның архиві әлі толық ашылған жоқ. Ол ашылса, көп нәрсе ойыншық болып қалады». Белгілі ақын Қорғанбек Аманжол «Көкшетаудың Көксеңгір деген атырабындағы Қойтас деген жерінен ұзатылғалы жатқан Көкеш сұлуды өз разылығымен әрі сізге ғана лайық деген Әлкей және Қаскей Өтекин деген жолдастарының кеу-кеулеуімен әйелдікке Орынборға алып кеткен Сәкен әңгімесінің шет жағасын кезінде Қаскөй ағадан естіп едік. Көкешті екі ай тұрғаннан кейін еліне қайтарады. Оқымаған қыз қала тәртібіне көндіге алмайды. Қысқасы, заманауи тұрғыда Сәкенге тең болмай шығады. Кеңес заманында дәл сол оқиғасын жаза қоймадық» дейді. Жазушы Еркінбек Тұрысов «Сәкеннің «Тау ішінде» әнінің туу тарихы» деген әдеби әңгімесінде Сәкеннің ақтардан қашып Созаққа келген беймәлім сапарында Созақта мілица нәшәндігі Тәукебайдан пана тауып, екеуі арада қыл өтпес дос болғанын, Меруерт сұлумен болған оқиғасын баяндаушының аузымен жеткізеді. Сол баяндаушының бірі Сәкеннің досы, мілица нәшәндігі Тәукебайдың жалғыз ұлы Бейсембай Қадиров. Әке атынан қашып, бір ағайын есімін алған оның айтуынша, Тәукебай Сәкеннің құйыршығы деп ұсталып, жиырма жылға итжеккенге айдалған. Сталин өлген соң қайтып оралып, Жетісай жерінде дүниеден өтіпті дейді. Әрине, бұл әдеби әңгіме болған соң, жазушы қиялынан туған дүние есепті. Сәкен мен Меруерт оқиғасынан гөрі «Тау ішінде» әнінің тарихына көбірек көңіл бөлген. Қазақтың алып тұлғасы Сәкенге біз баяндаған беймәлім сапарындағы жеке өмірінен кір жұқпасы да, алтын басы төмендемесі де анық. Қалай болғанда да, жазушылар тарихи ірі тұлғаға біржақты баға бермей, бейтарап бағыт ұстанғаны жөн. Оның бәрі тарихи шындық, ұлтқа сабақ болу үшін керек. Ал Сәкеннің «Тау ішінде» әні төңкеріс жылдары Түркістан өңірінде, Қаратау бойында туды ма, оны анық айта алмаймыз. Ол әннің тарихы әрқалай жазылып жүр. Ешқайсына таласымыз жоқ. Ал енді Сәкенді қуғыншылар өлтіріп жібермек болғанда, араға түсіп аман алып қалған Жанәділ болысқа тоқталайық. 
           

 Жанәділ Исаұлы кім болған? 

Жанәділ Исаұлы 1884 жылы Теріскейде Түркістан уезіне қарасты Қаратау болысының №9 ауылында дүниеге келген. 1906 жылы 21 жасында Қаратау болысының болысы болып сайланған. Ол кезде қазіргі Созақ ауданы аймағында Түркістан уезіне қараған 6 болыс: Қаратау, Сарыөзек, Көкшеқұм,Үлкен Шу, Құршу және Созақ елі болған. Жанәділ Исаұлы Тасты съезінде төбе би болған, 21 жыл Қаратау болысының болысы болған. Өз заманының ең шешен, ұтымды, әділ биі болған. Сонымен қатар төгіп жіберетін ақындық жүйріктігі тағы бар екен. Жанәділ қол астындағы адамдарға ғана емес, төңіректеріндегі барлық адамға жақсылық жасаған. 1924 жылы әкесі Иса болысқа көзі тірісінде 63 жасқа толғанына байланысты ас берген.1928 жылы Қазақстанда конфискациялау науқаны басталғанда Қазақстан үкіметінің 1928 жылғы 27 тамыздағы қаулысы бойынша Жанәділ Исаұлы Созақ өңірінің ең ірі байлары қатарында бірінші болып конфискацияға ұшыраған (ЮКОГА: Ф.74,оп.1,д.190,л.45).Мал-мүлкін тәркілеп, кедейлерге таратып беріп, өзін отбасымен Оралға жер аударған. Ол туралы «Еңбекші қазақ» газетінде (1928 жыл, 16 қазан, №239) Тоқпақ (Сұлтанбек Қожанов) «Жанәділ бай да кәмпескеленді» деген ақпаратында былай деп жазады: «Созақ ауданы 9-ауылдағы Исаұлы Жанәділ деген бай 21 жыл болыс болып, даңқы бүкіл Созақ ауданына мәлім болған атақты мырза еді. Алған малдар жақын арада кедейлерге бөлініп берілмекші»
1956 жылға дейін бұрынғы болыс Жанәділ қатаң бақылауда болып әрбір үш ай сайын НКВД-ға барып тіркеліп тұрады. Оған тұрған ауданынан тыс жерге шығуға рұқсат етілмеген. 1958 жылы Шымкент облысының Келес өңірінде Ешанбау деген жерде (Сарыағаш ауданы) қайтыс болады.1989 жылы ақталған.
Біз тілдескен Жанәділ болыстың көзі тірі ұрпағы, медицина ғылымдарының докторы, шежіреші Шайзинда Жанәділұлы қария былай дейді: «Биыл әкем Жанәділ болыстың мал-мүлкі кәмпескеленіп, өзі тұтқындалып, туған жерінен жер аударылғанына 95 жыл толды. 1957 жылы өмірден қайтарынан бір жыл бұрын бір рет қана туған жерінің топырағын басқаны болмаса бар өмірін шетте қуғында, қатаң бақылауда өткізді. Жанәділдің шамасы келген жерде өмір жолында жолыққан адамдарға жасаған жақсылығын өзі жүрген жердегі Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан болсын барлығы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, осы уақытқа дейін игі істерін ұмытқан жоқ. Сол елдің жақсы тілек-ниеттерінің арқасы болар, 13 жасымда әкеден жетім қалсам да, осынша жасқа келіп, хал-қадерімше жұртыма қызмет етіп келемін. Естуім бойынша, әкемнің өлең жазған 27 дәптері болған екен. Ол дәптерлер қолына тиген адамдар үкіметтің жазалауынан қорқып отқа жағып жіберіпті, кейбірін көміп, сол бойы ұмыт қалдырған. Маған жолыққан Келес ауданында тұратын Көпен деген бір ақсақал «Сенің әкеңнің өлең жазған бір дәптерін кезінде қорыққанымнан отқа жағып жібердім» деді. Жанәділ болыстың сонша еңбегінен табылған бір үзіндісін («Жанәділдің елге жазған хаты») кезінде Созақ ауданының Қарағұр ауылының тұрғыны, мектепте ұстаздық еткен руы жетімдер, бүгінде марқұм Жұмақан қариядан жазып алған едім. Өлең былай басталады: 
«...Сәлем де Қоңыр-Борай-Жиенбетке, 
Дәм айдап елден шығып кеттік шетке. 
Тамақ тоқ, киім бүтін болғаннан соң, 
Айтамыз қандай өкпе үкіметке. 
Я, Алла, абырой бер қаламыма, 
Гүл біткен ер жігіттің қадамына. 
Адасқан тұмандағы балалардай
Кез болдық төңкерістің заманына. 
Халыққа Жанәділ атым мәлім еді, 
Үш Жүздің жөн білетін адамына.
Құдайдың көрсеткенін көріп жүрміз,
Басымның қуанамын аманына. 
Халқыма қиянатым болған емес, 
Жібермес Алла ісімді жаманына. 
Есен-аман болыңдар, елі-жұртым, 
Билік тиді адамның наданына. 
Болмайды қанша айтқанмен сағынбасқа,
Көзде жас, маңдайымыз тиді тасқа.
Жиырма бір жыл атандым әділ болыс,
Құдая, жақсылыққа өзің баста...
1929 жыл. Орынбор».
Алаш жұртының асыл азаматы, аяулы ақыны, сері сұңқар Сәкен Сейфуллин 1957 жылы 30 наурызда ақталды. Сол жылы Жанәділ болыс қайтыс болады, Сәкеннен кейін отыз жылдан соң ақталды. Жұрт білмейтін Сәкен мен Меруерт махаббаты машақатының біз білетін қысқаша тарихы осындай, оның табиғи куәгері қарт Қаратаудағы Мыңжылқының баурайы, Суындық асуы үнсіз сыр бүгіп жатыр...
               

 

Төреғали ТӘШЕНОВ
                                     «Aqiqat»

1060 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз