• Заманхат
  • 30 Қараша, 2023

Алаш идеясы – мемлекетшіл идея

Әлем тарихында әрбір мемлекеттің қалыптасуында, саяси институттардан бөлек, тұтас халықтың құрметі мен сеніміне ие болған тұлғалардың рөлі өте маңызды болды. ХХ ғасырдың соңғы декадасында кеңес одағының ыдырауы, әлем картасында он бес ұлттық мемлекет қалыптастырып қана қоймай, тәуелсіздікке қолы жеткен әрбір елге өзіндік бірегей мемлекеттік құрылым қалыптастыруға негіз болды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекет саяси тұрғыда тәуелсіздік жариялағанымен, тұтас ұлттық бірегейлік, ұлттық бірегей идеяға негізделген бірегей жүйе қалыптастыру күрделі әрі ұзақ мерзімді жүйелі саясатты талап ететін үдеріс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан өзге пост-кеңестік мемлекеттерге қарағанда титулдық ұлттық үлесі бойынша өзгеше жағдаятта болды. 1989 ж. халық санағы нәтижесі бойынша, Қазақстанда титулды ұлттың үлесі 39,7% құрады [1]. 
 

ХХ ғасырдың басында Қазақ тарихында біртұтас қоғамдық саяси күш ретінде қалыптасқан Алаш қозғалысы – дәуірлік құбылыс. Оның қызметі, идеялары, бағдарламалары ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың іргелі негізін қалыптастырды. Алаш қозғалысының басты мақсаты – тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс және 1917 жылғы Ресейдегі ақпан, қазан төңкерістері қазақ ұлттық интеллигенциясының жергілікті халықтың құқығын қорғау жөніндегі қызметін күшейтіп, сол дәуірдегі ұлт зиялыларына маңызды қозғау салды.Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халық ХХ ғасырдағы барлық тарихи, саяси оқиғаларды, оның ішінде Алаш қозғалысына қатысты идея­ларды қайта жаңғыртты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алаш арыстарына арналған ескерткіштің ашылуында «Алаш» сөзінің қастерлі ұғым екенін атап өтіп, Алаш қайраткерлерінің халықтың рухын ояту жолындағы қажырлы еңбегіне тоқталды.
– «Алаш» сөзі – халқымыз үшін қашанда қасиетті ұғым. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті.  Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты, – деді Президент.
Қазақстан халқының материалдық және материалдық емес мәдени мұрасын сақтау – мемлекетіміздің мәдени саясатының стратегиялық мақсаты. Олай болса, мемлекетіміздің тәуелсіздігі тарихымызды түгендеуге, ұмыт болған есімдерді жаңғыртуға, өткен замандарды тарихи тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік жасады. Материалдық емес мәдени мұраға Алаш қайраткерлерінің шығармашылық және саяси қызметтері жатады. Әлемдік саяси жүйе тәжірибесінде «ұлттық бірегейліктің» қалыптасуында тарихи тұлғалар рөлінің бірнеше мысалы бар. Түркия Республикасында «Ататүрік», Индия Республикасында «Ганди» және т.б. Қазақ мемлекеттік тарихы ерте кезеңдерден бастау алып, Түркі қанағаты (VII ғасыр), Қазақ хандығы (ХV ғасыр), қазіргі белгіленген мемлекеттік шекарасының мойындалуында бірден-бір негіз болған ХХ ғасыр басындағы отандық интеллигенция өкілдері негізін қалаған «Алаш қозғалысы» өкілдерінің ықпалы мен рөлі зор. Демек, Алаш қозғалысы өкілдерінің атқарған қызметі мен соңында мұра етіп қалдырған еңбектері ұлтты ұйыстыру, ұлттық таным қалыптастыру жолындағы ықпалы ерен деп айтуға болады. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев және басқа да қазақ мәдениетінің, қоғамдық-философиялық ойының қайраткерлері бастаған Алаш қайраткерлерінің басты идеясы қазақ халқының азаттығы мен ұлттық тәуелсіздігі болды. ХХ ғасыр басында патшалық Ресейдегі төңкерістер мен ішкі дағдарыстар империяның әрбір аймағындағы елдер үшін ұлттық қозғалыстардың қалыптасуына негіз болды. Алғаш рет 1905 жылдан бастап ортақ идея аясына бірігіп, біртұтас Алаш идеясының негізі қаланды. Алаш ұлт-азаттық қозғалысын құру туралы шешім 1917 жылы шілдеде Орынборда өткен Бірінші жалпы қазақ съезінде қабылданды [3]. Алаш қозғалысының басты мақсаты – қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру еді. Партия бағдарламасының негізін қалауда мемлекет және саяси қайраткер Әлихан Бөкейхан ағартушы-лингвист Ахмет Байтұрсынұлы, жазушы-ақын Міржақып Дулатұлы маңызды рөл ойнап, партиялық саяси стратегиялық негізін салды. Алаш орданың халық кеңесі құрылып, партия бағдарламасы мемлекеттік құрылыс, демократиялық құндылықтар және жергілікті халықтың құқығы мен болашағын негізге алған бірегей саяси құжат болды. Алайда, 1920 большевиктердің ықпалымен Алаш Орда үкіметі құлатылып, кеңестік билік орнайды. Алаш Орда қозғалысы өкілдері саяси қуғындауға ұшырып, саяси тұрақсыздық қалыптасқан кезең болды. Кеңестік билік қарсаңында, Алаш қозғалысы өкілдерінің қызметі саяси жабық тақырыпқа айналып, сан түрлі жасанды жаламен халыққа насихатталмады. «Алаш» партиясы қазақ зиялыларының ұлттық қозғалысы негізінен қалыптасты. Партия өкілдері қазақ халқының жерге деген құқығын, өзін-өзі басқаруын көтеріп, тілін, ұлттық мәдениеті мен дәстүрін сақтау үшін күресті. Ресей империясының алғашқы екі Мемлекеттік Думасының мүшелері болып, орталықтағы саяси үдерістерге белсене аралас­ты. Патша үкіметінің қоныс аудару саясатына, жергілікті халықтың жерлерін қоныс аударушылар пайдасына тартып алуға қарсы шықты. Демократиялық принциптерді басшылыққа алып, өткен ғасырдағы зиялы қауымның либералдық-демократиялық қанатына кірді. Қазақтарға дауыс беру құқығын патшалық Ресейден, одан кейін большевиктерден талап етті. Негізгі идеясы федеративтік мемлекет шеңберінде тәуелсіз басқаруға қабілетті және тиісті саяси құқықтармен қамтамасыз етілген автономия болады деп негіздеді. 
1913 жылы «Қазақ» газетінің құрылуы Алаш қозғалысының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Басылым авторлары өз мақалаларында мәдениет пен ғылымды насихаттап, тарихи мәселелерді жазды, қазақ тіліндегі әдебиетті қолдап, дамытты. «Алаш» өкілдері табыс салығын енгізуді, еңбекшілердің құқығын қорғауды (меньшевиктер бағдарламасы бойынша), ана тілінде міндетті түрде тегін оқытуды енгізуді ұсынды. Бағдарламада жер мәселесі жан-жақты талқыланды. Жерге меншік құқығы ең алдымен жергілікті халыққа берілді. Алаш қайраткерлері шаруаларды Қазақстанға қоныстандыруды тоқтатып, адам тұрмаған тәркіленген жерлерді қазақтарға қайтаруды ұсынды. Қазіргі таңда, тәуелсіздік қарсаңында өмірге келген жастардың алды отыздан асты. Соңғы халық санағы нәтижесі бойынша елімізде, тәуелсіздік жылдарында дүние есігін ашқандар үлесі 3,5 млн немесе тұтас халық санының 30 процентін құрайды екен. Уақыт өткен сайын кеңестік кезеңді тек тарих деп білетін азаматтар саны арта беретіні де ақиқат. Бұл тұрғыда, тәуелсіз Қазақстан жастарының тәуелсіз ұлттық бірегейлікті қажетсіну – табиғи үдеріс, қажеттілік. Тәуелсіз Қазақстанның жастарына Алаш Орда автономиясының негізін қалаған тұлғалар (Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы) ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда негізгі бағдар болатыны анық.  
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Алаш идеясының насихаты толық негізде жүзеге аспады. Бірден-бір мысал Алаш қозғалысының қайраткерлері – Ә.Бөкейхан пен М.Дулатұлы негізін қалаған «Қазақ» газетінің нышаны болған, шаңырақты геральдикалық тұрғыда еліміздің ресми рәмізі – Елтаңбамызда «шаңырақ» бейнесінің қолданылуы мемлекеттілігіміздің терең негізге ие екендігін көрсетеді. Сонымен қатар Алаш қозғалысы туралы ауқымды қоғамдық, деректі кинофильмдер жарияланып қоғам назарына ұсынылды. Мысалы, «Мир-Якубтың оралуы» фильмі (1993),«Мұстафа Шоқай жолында» фильмі (2008), д/ф «Алашорда» (2009 ), «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ!», және т.б. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан Алашорда өкілдеріне бағытталған жұмыстарды екі кезеңге бөліп қарауымызға болады. Біріншісі – 1999-2018 жыл аралығы. Бұл кезең Алаш идеясы белгілі шеңберді символикалық негізде тек топонимдік өзгерістер бойынша ғана «жоғарыдан төменге» қағидасы бойынша жүзеге асып келді. Алаш автономиясы мен Алаш қозғалысына арналған басқа тұлғалық тәжірибелердің ішінде мыналарды бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, Алаш қайраткерлерінің құрметіне Қазақстан Республикасының әртүрлі қалаларында көптеген топонимдер қалыптасты. Мысалы, Алматыда, Қызылорда, Астана, Семей, Шымкент, т.б. қалаларда тарихи антропонимдер Алаш қозғалысы өкілдері атына беріліп, ұлттық танымды қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Екіншіден, мемориалдық компонент «тұлғалық саясат» контекстінде де үлкен рөл атқарды. Әрине, бұл символдық формалар тарихи-мәдени кеңістіктің элементтеріне айналып, қоғамның болмысына әсер етті. Үшіншіден, атауларында Алаш қозғалысы өкілдерінің есімдері ұқсас болған әртүрлі мекемелерді салу тәжірибесін атап өтуге болады. Бірқатар оқу орындары – мектептер (лицейлер, гимназиялар), институттар, университеттер (мысалы, Шымкент қаласындағы Ж.Аймауытов атындағы N64 мектеп-гимназиясы, Алматы қаласында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті. т.б.), сондай-ақ мәдениет мекемелері (Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, т.б.) ашылды. Мәдениет пен ұлттық болмысты сақтауда Алаш қозғалысы идеясының маңызы аса зор болды. 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды. Ол он тармақтан тұрды: мемлекеттік құрылым, жергілікті бостандық, негізгі заң, дін, билік және сот, халықты қорғау, салық, еңбек мәселелері, ғылым мен білімді дамыту, жер мәселесі. «Алаш» партиясының мақсаты қазақтың ұлттық мемлекетін қайта құру және президенттік институтты енгізу болды. Партия жерді қазақтардың меншігі деп тану туралы заңдар қабылдауды және ана тілінде оқытатын мектептер мен жоғары оқу орындарын ашуды талап етті. Қазақ даласына шаруалардың қоныс аудару процесін шектеуді, халыққа еркіндік пен тең құқықтар беруді жақтады. Бұл бағдарлама Алаш партиясының саяси танымын қалыптастыруда ғана емес, ХХІ ғасырдағы қазақ мемлекеттілігінің бірегей формуласының қалыптасуында маңызды ықпал етті. 1917 жылы қарашада Ресей Құрылтай жиналысына сайлауда «Алаш» партиясы көпшілік дауыс пен 43 депутаттық мандат алды. Ұйымдық жағынан қалыптасып үлгермегенімен, сайлауда алған дауыс саны бойынша Алаш партиясы (262404 дауыс) Қазан социалистік революциясы қарсаңында әрекет еткен Ресейдің елу партиясының ішінде сегізінші орынды иеленді [13]. 
Екінші кезең: 2018 жылы республикалық деңгейде Алаш орда үкіметінің құрылғанының 100 жылдық мерейтойы арқылы Алаш идея­сы халық арасына кеңінен таныстырылып, «төменнен жоғары» негізінде таратылды. 2019 жылы билік транзиті барысында қалыптасқан бірнеше әлеуметтік жобалар халық тарапынан кең қолдау тапты. Мысалы, «Ирина Қайратовна» тобы 2020 жылы «5000» әніне түсірілген бейне баянда басты кейіпкерлері қазақ қоғамының қазіргі таңдағы мәселелерін көрсетіп, «Алаш Орда» жетекшілері бейнесін ұлтты ұйыстырушы, мемлекет негізіндегі тірек ретінде көрсетті. Жастар категориясына енетін азаматтардың «Мен кіммін?», «Мемлекетім қандай?», «Ортақ идеямыз не?» деп өзекті сауалдарға жауап іздеуі заңды құбылыс. Бұл тұрғыда жастардың талабын Алаш идеясы толық қанағаттандыра алады. 
Қазіргі таңда тәуелсіздік кезеңінде өмірге келген жастар өз бірегейліктерін іздеуде, тәуелсіздікті КСРО ыдыраған кезеңімен емес, Алашорда үкіметінің құрылуымен байланыс­тыруы керек. Өйткені, ХХ ғасыр Алаш идеясы еліміз үшін мемлекеттілік, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда ерекше орынға ие. Сондықтан Әділетті Қазақстанның идеялық негізі Алаштың өкілдері болуы қажет. Әрбір тұлғаның өмірі мен олардың Алаш идеясына беріктілігі бүгінгі таңдағы Әділетті Қазақстанның негізін қалыптастыруы керек деп түсінемін. Әрбір ұлт белгілі бір тарихи, саяси идея негізінде қалыптасатыны белгілі. Иә, Алаш қозғалысының негізі қазіргі таңдағы мемлекетімізге ең қажетті идеялық негізді құрап отырғаны сөзсіз. ХХ ғасырдағы Алашордалықтар – сол заманның көзі ашық, білімді азаматтары саналды. Олар білім мен ғылым жолын таңдады, қоғамдық игілік пен ұлттық өрлеуде ұлттың әлеуетін көтеруде білімнің рөлі мен ықпалын жоғары бағалады. Бірнеше ғылым салаларын қатар меңгеріп, ұлттық тұрғыда оқу-ағарту жұмыстарының негізгі тағанын қалыптастырды. Мәселен, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында 1917 жылға дейін бір ғана Қазан университетінде 30-ға жуық қазақ жастары оқыса, оның 17-сі заңгерлік, қалғандары медициналық білім алды. Осы уақыт аралығында Санкт-Петербург университетінде 20-ға жуық қазақ студенттері жоғары білім алды. Олардың ішінде Бақытжан Қаратаев, Мұстафа Шоқай, Жаһанша Досмұхамедов және басқалары кейін көрнекті қоғам және саяси қайраткерлерге айналды. Халел Досмұхамедов Санкт-Петербург әскери-медициналық академиясын, Мұхамеджан Тынышпаев Санкт-Петербург темір жол көлігі инс­титутын бітірген. Алаш қозғалысының көптеген жетекшілері тек құқық қорғаушылар, саяси және қоғам қайраткерлері ғана емес, ірі педагогтар, публицистер, газет-журнал шығарушылар, ойшылдар, ақындар, ұстаздар, ғылыми зерттеулердің, кітаптар мен оқулықтардың авторлары болды. Алашордалықтар мен қазақ зиялылары мен оларға рухы жақын Алаш қозғалысы өкілдері бүгіндегі қазақ жастарына тек саяси қызметі мен ұлт жолында қалдырған өшпес мұрасы үшін ғана үлгі емес, сонымен қатар тұлғалық жетілгендігімен, білімділігімен, отансүйгіштік қасиеттерімен үлгі. Мұны біз қазіргі таңдағы халық арасындағы Алаш көсемдеріне деген оң көзқарастан байқаймыз. Мысалы, Әлиханның есімі қазіргі таңда балаларға ең көп қойылатын есім бойынша жылдар бойына көш бастап келеді. Халық арасында Ә.Бөкейхан образы мемлекетшілдіктің, символына айналса, А.Байтұрсынұлы бейнесі интеллигенция, жан-жақтылық және ұлтын ойлаған көсемнің өзіне айналды. Міржақып бейнесі ойлы өлеңдері мен терең идеясы арқылы ұлтын ояту жолында қызмет етіп келеді. Бұл тұрғыда, Алаш идеясы тек партияның ғана емес, мемлекеттің идеялық негізі ретінде насихатталуға тиіс. Өйткені Алаш қайраткерлері алдымен егеменді қазақ мемлекетін құру идея­сын алға тартты. Қазақ халқының өзіндік сана-сезімі мен мәдениетін арттыруға көп күш жұмсады. Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының, одан кейін Қазақстан Республикасының құрылуын біртұтас Алаш идеясының негізінде қалыптасқан тізбек деп білеміз.
Бүгінгі таңда Алаш идеясы «ұлттық брендімізге» айналды деп айтуға болады, өйткені елімізде Алаш қайраткерлерінің портреттері бар киімдер көптеп шығарылады. Мысалы, «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеу­лер орталығының президенті Г.Илеуованың пікірінше, 2015 жылы қазіргі таңдағы Әлихан Бөкейхан образы тек нақты саяси тұлғаға қаратылып айтылмай, сонымен қатар тұтас идеологиялық құндылықтар жиынтығы саналды. Сөз соңында айтарымыз, ұлттық бірегейлікті жаңғырту ісі – халықтың тарихына, оның мәдениетіне, ана тіліне деген қызығушылықтың артуына ықпал етеді. Біз еліміздің азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен, халқына қызмет еткен, халқына пайдасын тигізген тұлғаларды құрметтеп, бағалай білуіміз керек. ХХ ғасырдың басында дүниеге келген Алаш идеясы тәуелсіз Қазақстанның мүддесіне қызмет етіп, ұлтты ХХІ ғасырда біріктіруде негізгі идея екендігіне сеніміміз мол. 

Нұрболат НЫШАНБАЕВ
 

2625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз