• Заманхат
  • 26 Ақпан, 2024

«Жалын ем жанып тұрған нөсерге өшпес...»

(ақын Сара өлеңдеріндегі өзгешелік)

Қазақ әдебиетінің тарихындағы көрнекті ақындардың мұрасы– Қазақстан мәдениетінің асыл қазынасы. Ақын Сара Тәсібек, Ермек, Тыныбек, Құдайберген, Тостағанбет, Жанақ, Сапа, Ниязбек, Кеншімбай, Сүйінбай, Орынбай, Сабырбай, Жамбыл, Жәмшібай, Әсет, Төребай ақындармен айтысқан. Сарамен айтысында Тәсібек ақын: «Өлеңім таусылмайды молдығынан, Сарбастың құтылмайсың зорлығынан», – деп қаһарлы айтқан. Сондықтан Арнайдың әкесі Сарбас бидің қиянатынан Тастанбек жанұясы жапа шегіп, жоқшылыққа ұрынған. Тастанбек өлген соң, Сарбас оның үйелменін қасына көшіріп алған. Сахарияны жалға салып, жарытып ақысын төлемеген. Сараны шешесімен жақтыртпай, Абдыра ауылына көшіртіп тастаған. Тұрысбек қажының кіші әкесі Толқынның малын бағып, ақысын жарытып ала алмаған Тастанбектің інісі Жайсаңбек жесір мен жетімге жаны ашып, Абдыраға келген. 

Ұлтымыздың бұрыңғы-соңғы рухани құндылықтарын қазіргі уақыт талаптарына орай қайта қарастыру өзектілігі күн тәртібіне айқын қойылып отыр. Демек, қазақ әдебиеті тарихында көптеген ақын-жыраулардың шығармашылығын бүгінгі ұрпақтың дүниетанымы аясында бағалаудың қажеттілігі айқын байқалады. Бұл орайда шығармалары (Біржан мен Сара айтысы) ХІХ ғасырдың аяғына таман (1896-1897 жж.) және ХХ ғ. Бас кезінде (1900, 1902, 1907, 1912, 1914 жж.) жарияланып, аға буын зерттеушілердің (М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Т.Қалилаханов, Ж.Толым­беков және т.б.) айтысқа арнал­ған зерттеулерінде қарастырылып келген Сара Тастанбекқызының әдеби мұрасы да жаңаша бағалауды қажет етеді. Олай дейтін себебіміз, қазіргі қазақ әдебиеті тарихын толық сипатымен оқыту мақсаты халыққа танымал болған көрнекті ақындар шығармаларын барлық жанрлары бойынша қамту талабын көздейді. Ал Сара Тастанбекқызының шығармашылық қыры көбінесе «Біржан мен Сара айтысы» тұрғысынан да көбірек сөз болып келген мәлім. Сондықтан, ақын Сараның лирикалық өлеңдері ерекшеліктерін де арнайы қарастырудың қажеттілігі туындайды.
Сараның «Тұзақ» деген өлеңінде Арнай, өз іргесін тастап, бекетке көшіп кеткен ағайыны Жайсаңбекті әкімшілік күшімен қайта бағындырып, өзіне тәуелді етіп ұстауға тырысқан және алдына қазақ қарсы келмей тұрған Тұрысбекке, оның ауылына жағыну үшін Сараның отбасына қиянат жасайды.
Сыбыр сөз, сыпсың ерін өсекқойлар,
Бірінен онды өрбітіп, тудырды ойлар.
Шаладан өрт тұтатса да өкінбейтін,
Қыдырымпаз күнде іздейтін қызық тойлар
Жер-жерде жеткізуде көрген ісін,
Көз тіге жарлы үйіне, қайрап тісін.
Жарылар жалынышсыз жан асыраса,
Күншілдік күңірентеді оның ішін.
Тараған өсек-аяң осындайдан,
Айтылмай Арнайға да тұрсын қайдан.
Бұл хабар құлағына тиісімен,
Шешілді,– деді Арнай, – менің пайдам.
Абдыра алақандай абыр-сабыр,
Арпалыс, шайқалысу, айқай-дабыр.
Қамаған қараша үйді қырық шақты атты,
Шуласып бір жаяуға дейді «Жабыл!»
Көлденең күресінде тұр Жайсаңбек,
– Жалынам, жазығым жоқ, ағайын, – деп.
– Ұрысың қанды балақ,– түстің қолға,
Дейді Арнай, кете алмайсың малымды жеп.
Жайсаңбек жалбарынад жауап қылып,
– Бір маған жабылуға келдің қырық.
Азығын жетім-жесір тартып алдың,
Отырған жан асырап, талшық қылып.
– Мен малын қажы ауылының ұрлағам жоқ
Қалайша ұйғардыңдар арам ниетке?
Малының терісін кім танып отыр?
Сөйлессін әкеліңдер бетпе-бетке.
Арыны әлсіреген Арнай болыс,
Бергендей тілге көніп, сөзге қоныс.
«Шешуге дау аяғын ертіп жүр!» – деп
Айдауға Жайсаңбекті көрді жөн іс. [2,26-28]
Өмірде әртүрлі оқиғалар, әртүрлі сынақтар болады. Бірақ зұлымдық күшіне қарсы тұру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Шығарманың әр жолында қиын шаруалар тағдыры, түрлі себептермен күйреу, қайыршылық, «қорлық пен зомбылық» көрініс береді. Сараның өлеңінде көрсетілген жағымпаздық, сыбайластық қасиеттер ғасырдан астам уақыт өткенімен бүгін де жойылмаған. 
Ақынның «Жүрек» деген өлеңінде екi жастың арасындағы сезiм, махаббат тақырыбы қозғалады. Сара бұл шығармасында небары үш адамның тағдыры арқылы үлкен әлеуметтiк-қоғамдық адами күрделi проблемаларды тереңнен тартып қозғай бiлген. Қазақтың қара өлеңінде, батырлық, ғашықтық жырларда махаббат сезімінің, сүйіспеншілік белгісінің бар болмысымен өзіне құштар етіп жан толқынысына түсірген сүйген жанға деген жүрек лүпілінің көңіл тербер сырлары өрнектеледі, алуан түрлі образдар арқылы сезім күйлері шертіледі.
«Жүрек» – қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын аларлық ерекше шығарма. Ол романтикаға толы лирикалық дастан. Жер жүрек пен өз жүрегін толғантқан лирикалық қаһарманның монологтары өте әсерлі. Махаббат еркіндігін аңсаған жас­тар жүрегінің дүрсілі естіліп-ақ тұрады» [4, 733].
Акындық шабыт пен терең толғамын танытар шығармасы қора жайлауының табанындағы Шымылдық қарағай деген жердің сұлулығына арнап шығарған «Шымылдық» өлеңі. Туған табиғатқа, жер-анаға, елінің тағдырына деген сүйіспеншілігімен Сара нені жырласа да, ғашықтықпен жырлайды.. 
Қазақтың «Әмеңгерлік» салтына карсы пікірлерін ақын алыстан орап, сұлу суреттер жасай отырып бейнелейді. Ақын өзінің туған өлкесі, табиғатын тамашалай отырып, оның әдемі ажарына дақ салып келе жаткан үстем тап қауымы, әрісі Хан Контәжісі болса, берісі Тұрысбек кажы болып отырғанын шебер суреттеген. Керемет кең өлкедегі асқан табиғат әдемілігін аялауға жаралған асыл жандар, бұлбұл, тотылар жанын қоярға жер таппай, бозторғайдай шырылдап, безек қаққаны, қорқақ қоянның кебін киіп аласұрған бейнелі суретін тапқан. Аталған толғауында ақынның туған өлкесіне деген құштарлығы, өмірге, табиғатқа көзқарасы айқын. Өмірдің қасиет-қадірін, туған жердің ыстығын, табиғат әдемілігіне ерекше шабытпен жырлаған. Жанға жайлы жаз, күрең күз, қытымыр қыс, көк майса жамылып, гүл ашқан тамаша көктем суреттері табиғи талантқа лайық керемет келісті сөз бояуын тапқан.
«Көк жайлау, көтеріңкі ел, көңілді жаз,
Мал күйлі, жайылым гүлді, жан-жануар мәз. 
Өрмелей тау бөктерін өскен қайың,
Бұралып жел қозғаса айтады наз.
Жалтылдап жасыл жапырақ күн нұрымен,
Ырғала күле қарайд бір қырымен,
Бұтаққа бұтақ тиісіп, гүл сүйісіп,
Сырласып әрқайсысы өз сыбдырымен» [2,60].
 Қайыңға тіл бітіріп, наз айтқызу, жасыл жапыраққа жан бітіріп, күле қарату, гүлдерді ғашық жарына сүйістіру, сырластыру кез-келген акынның қолынан келе бермейді. Нағыз суреткер жасар сұлу көрініс.
Кең жайылған шалқар көл, тулай аққан суы мол өзен, тасты жарып шыққан кәусар бұлақ, жайлы жазық, аспанмен тілдескен қарлы, мұзды ызғарлы шыңдары, өмірге толы жота-жондар, қыран құс қонар «киелі» жартастар түгел суреттеледі. Табиғат құшағын аялап өскен ақынның көркемдік талғамының жоғарылығына көзің жеткендей болады.
«Жоңғардың жотасын тең екі жара, 
Талқандай тау кеудесін аққан Қора. 
Жарасып, жасыл жайлау ортасында,
Арқырайд асау тасқын, күшке тола.
Арудың бұрымындай Бұрқан бұлақ, 
Басынан кербез Кердің төмен құлап. 
Сулудың өкше соққан шолпысындай. 
Жайлаудың табанына тіреп тынад....
Айырықша біткен мұнда әулие тас, 
Көп адам тілек тілеп, иетін бас. 
Жайнаған жаз нұрына қынасымен, 
Құбылып көрінеді ол-дағы жас. 
Жайнаған жан-жағымның бәрі де өмір, 
Кенелген жаз нұрымен бүкіл өңір.
Өбісіп мал да, құс та, шөп те, гүл де,
Жадырасып жас жарлардай жарқын көңіл..» [2,60-61].
Осындай, керемет табиғатты тыныстап, еркін өсіп, бақытты өмір сүруді армандайды ақын» [4, 735].Сараның шығармалары – көлемі шағын, мазмұны терең, көркемдік құны жоғары шығармалар. Ақын жасаған қоғамдық орта, әлеуметтік топтар, тұрмыс-жағдай, мақсат-мүдде адамдар мінезі айқындала түседі. Бәрінің өзегі Сараның өз өмірі, өзіндей мұңдылар жағдайы, халық пен үстем тап арасындағы тартыстар. Елінің өткені мен қазіргісі, белгілі азаматтары, зиялы, зерек өнерпаздары.
«Ортақ мұң», «Аққу» өлеңінде, жан сезімі ояу тыңдаушыны селт еткіз­бей қой­майтын жүректен шыққан мұң­дының ащы зары өзіне еріксіз елітіп, зарықтырады. Қайғысыз пенде жок кездің мұң­дастары бірге қайғырып, әнін қостап, ауыр күрсінеді. Ауылдас ағайын, жекжат жеңгелері Сараны өз қамқорлығына алып, бойын түзеп, киімін бүтіндеп, өнерін бағалап, жұбатуға тырысады» [3, 50].
«Замандас – мұңы бірге апа, жеңгем
Бір жанға көп көмегі емес пе екен!
Жинаңдар үкі, тана, киім маған,
Аттанып ел ішіне шығайын мен.
Аз күнде-ақ «қыз» атандым бойым сылап,
Оқалы камзол киіп, белді қынап,
Шоқпардай үкі таққан кәмшат бөрік,
Ақша жүз ажырама тұрды ұнап.
 Көтерген көп көмегі бір баланы,
Көрікті киімдерге жырғалады.
«Базарлық», «орамалым» деген атпен,
Сақина, болды күміс сырға-дағы»[3,50-51].
Ағайын, жекжаттардың адам­гершілігінің арқасында, балғын көңілді шарқ ұрғызатын шынайы сезімдердің әсері Сараның өнерге деген құштарлығын арттырады. Көңілі көтеріліп, көкірегіне өлең, ән ұялайды. Талапты жастың қанат қағар сәті түседі. Өнерге әуестік оны танымал саңлақтарға тап қылады. Жүрегінің жалыны бар талапты жастың жаны, ерте ме, кеш пе жарқ етіп, ұшқын шашпай қоймайды.
Міне, Сара өнерін, ақылын жетілдіре білген ізденімпаз, ізгі ниетті аяулы жас түлек. Оны халқы аялап өсірді, түлетіп бақты. 
 Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын
 Алтынмен жібек бауым көмкерілген, – деп ақынның өзі де бұл шындыкты ескерткен-ді.
Ақын Сараның «Қош бол, елім» өлеңінде туған Атамекен аймағынан аттанарда шығарылған қоштасуы жырланған. Өлеңнің идеялық мазмұнында еріксіз атастырылған жерінен адам еткен елімен ризалығы мұңды-шерлі жырларындағы жағдайы туған өлкенің атақты адамдары (Балпық, Ескелді билер, Мәулімбай ақын, Ақшабек батыр, Керімқұл шешен) дәріптеледі. Үйсін-Найман, Жалайыр елінің берекелі тарихы мадақталған. Өлеңнің желісіндегі лирикалық каһар­манның элегиялық шерлі сырлары фәнидің өткіншілігіне мұңаятын қазақы көңіл-күй психологиясын да танытады:
«... Дүние бір ұзақ жолдың керуеніндей,
Тоқтаусыз жүре беред көшеді де.
Білтелі шалжан нәзік сорлы өмірім,
Жоқ болып қалар бір күн өшеді де.
Дүниеге келіп-кетер әркім қонақ,
Солардың біреуі мен – өмірі шолақ...
... Кемді күн қызмет еттім дос-жаранға,
Өнерім аз болса да мақтанарға.
Мені де «Баламыз» деп еске ал, жұртым,
Сараның айтары осы аттанарда» [2,65].
Ақын Сараның лирикалық өлең­дері, лиро-эпикалық арнау мысалдары элегиялық сарынымен танылады. Өлеңдердің идеялық желісіндегі лирикалық каһарманның жинақталған поэтикалық тұлғасына ақынның өз тағдыры арқау болған.
Ақынның өлеңдеріндегі элегиялық сарындарды тікелей танытатын поэтикалық тіркестер шоғыры мол. Қоршаған тіршілік қозғалыстарының, құбылыстарының орта­сындағы жеке дара шерлі-мұңды адам­ның психологиялық хал-ахуалы элегия­лық сарындағы өлең жолдары арқылы тереңірек аңғартылады» [5, 71] .
Сара – дарынды ақын, саналы суреткер, көркем сөздің шебері. Өмірдің мәнін, адамгершілікті ойлайтын, осы мәнді іздеген, өмір алдындағы бар жауап­кершілікті түсінетін кейіпкер. Қоғамдағы мәселелер мен келеңсіздіктерді қалай түзетуге болатынын ойланған кейіпкер. 
Ақын Сара өте сұлу болған. Ол өзін: «Қамысты терең көлдің сұқсырымын», дейді. Өзін сұқсыр үйрекке теңеуі, ондай үйрек өте сақ болады. Қаршыға мен лашынның ең ұшқыры алады. Сара нұр жайнаған келбетті, ақша жүзді сұлудың өзі болады. Бұлбұл үнді бұраң бел, өзгеше жаралған нәзік жан болып жетіледі. Әжімсіз он саусағының бәрі аппақ, аузы оймақтай, отыз тісі меруерттей екен. Мойынында ақық моншақ. Лебізі шербет. Қара көз. Кірпігі жібек тудың шашағындай төгілген, қасы қаламқас. Маңдайы биік біткен, кең. Қолаң шашты, қос жуан бұрымды, қыздың тотысы атанған. Өнері сегіз қырлы. Басында шоқпардай үкі таққан кәмшат бөрік. Үстіне кигені белі қынама оқалы қамзол, шәйі көйлек. Саусағына күміс сақина, құлағына күміс сырға салған. «Күй тартсам бал тамады бармағымнан» деп Құдайберген ақынға айтқанындай, Сара күй де шерткен. «Туған елім, өскен жерім» деген өлеңінде ақын Сара: «Тастемір, Сақай, Тұңғат ататегім,
Жақсылар жібермеген жауға кегін.
Үш Матай: Кенже, Аталық, Қаптағай,
Тұлпардың тұяғы боп туған едім.
«Көкжайдақ» туған жерім, тегіс екен,
Алқабы арық, тоған, егіс екен.
Жаратқан жан бергенге дән берген ғой,
Жегенім сол жерімнің жемісі екен» [5, 96] ,– деп ата-тегін, өскен жерін толғаған.
Сараның ақындық өнерінің шыңы – Біржанмен айтысы. Бұл ақындар айтысының үздік үлгісі дерлік тұтас туынды. Өзінің әлеуметтік мәнімен де, көркемділігімен де, поэтикалық тапқыр тілімен де құнды, шынайы шығарма.
«Біржан мен Сара айтысы» ғалымдар назарына ерте ілініп, жеткілікті талдаудан өтіп, біркелікті танылған, көпшілікке жете таныс. Сараның ақындық даңқын исі қазаққа паш еткен де осы айтыс. Өзіндік көркемдік ерекшелігіне, құрылыс тұтас­тығына, сюжеттілігіне қарап, мен оны поэма дәрежесіндегі туынды деген пікірге қосыламын. Біржан Сараны іздегенінде қасына бес-алты жігіт ерткен. Соның бірі Біржанның ағасы Нұржанның ұлы Ахметжан атқосшы болыпты. Ахметжан: «Сараны көрдім, Біржанның Сарамен айтысқаны рас», – деп растаған. Тұранұлы Ысмайыл деген кісі: «Біржан Сараның даңқын Қоянды жәрмеңкесінен естіп біліп, топ нөкер Ахметжан, Атығай, Тоқабай, Баршын, Әмірхан дегендерді ертіп, Жетісуға барған. Біржан: «Ондай ақын қызды өмірімде көрмедім. Басы байлаулы болған соң тосыла берді. Шаңын көрсетпес саңлақ еді. Кеудеге, есерлікке басып жеңдім деп, жиі есіне алды. Сараға тең түсер адам жоқ деп, әлде неше рет айтқанын жақсы білемін», – деп Қасым Аманжолов пен Есмағанбет Ысмайыловқа 1939 жылы айтып беріпті. Біржан өмірден өтер алдында үш жыл сырқаттанғаны мәлім. Орынсыз ән салып, отырған жерінің мазасын ала берген соң, жаратпастары «жындыға» балап, қол-аяғын байлатып тастаған. Біржанның ақындығынан әншілігі басым. Өзі композитор, дауысы «орган» іспетті зор болып, қазақ әні тарихында жаңа жол ашқанның бірі болған.
Сәбит Мұқанов: «Біржан мен Сара айтысын көлденең біреу шығарды ма деген көңілге күдік туғызатын жағдай, айтыстың былай басталуында: Біржан сал Сараның шешесімен, сіңлісімен сөз қағыстырады деп айта келе, айтыс ақылмен өлшеніп шыққан, ішінде көлденең, артық сөз жоқ. Жазба әдебиеттің жақсы үлгілері сияқты», – деп ой қорытқан.
Сара да қазақтың басқа ақындары сияқты айтыс жанрында шыңдалған саңлақ. Оның 1980 жылы шыққан «Тордағы тоты» жинағында тағы төрт тілқағыс-айтыстары басылған-ды. Бұлар – Сара Біржанмен айтыспас бұрын болған, оның шыңдалу жолын танытарлық туындылар. Ермек, Тәсібек, Құдайберген, Төребай сияқты қатардағы ел ақындарымен кездескен тұста, шекісіп, дидарласып, той бастау жоралғылары үшін қағысқан шағын диалогтары. Сараның әрбір сөздері меруерттей тізіліп, ақындықтың ең жақсы үлгілерімен суарылған. Халықтық поэтикалық тілдің шұрайлыларын қолданады. Мысал үшін Біржанға өзін таныстыру үстінде қолданған теңеу, эпитет, метафораларын меңзесе де жеткілікті.
«Қамысты терең көлдің сұқсұрымын,
Қаңғырған ілдірмейтін қаршығаға...
Елу күн ғайып білген тоты құспын...
Жалын ем жанып тұрған нөсерге өшпес, 
Болат ем екі жүзді алмас кеспес...».
Ақынның өзіне берген мінездемесі, кескін-келбет, түр-тұрпатын бейнелеуі ең жақсы суретші салған әсем портреттерден кем түспейді. Дана да әдемі қыздың бейнесі сомдап соғылады.
«Майысып нәзік белім бұраң қаққан, 
Қырық түрлі дана кеудем өнер тапқан. 
Сөйлесе май тамызған бұлбұл тілім, 
Сықылды гауһар сағат нақыс жапкан.
Әжімсіз он саусағым бәрі де аппак,
Болғанда аузым сағат, ернім – қақпақ. 
Міні жоқ отыз тісім меруерттен
Ерінбей тіздіргендей адамзатқа-ақ...»
Келтірілген жолдардағы ақындық айқын­­дауыш сөздер кандай? Сара қолданған тұста еш ақын өлеңінде кезікпейтін жаңа өрнек. Аузын сағатқа, ернін сол сағаттың қақпағына балайды. Халықтық тілдердің де ең шұрайлылары тандалынған.
Немесе:
«Қырмызы қызыл жібек маңдайым кең... 
Тамағым жас баланың білегіндей, 
Иығым тік сандалдың тірегіндей. 
Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей, 
Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей... 
Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын
Даусыма аспандағы құс айналар, 
Құбылып тоты құстай төңкерілген... 
Даусым алтын таудай паң керілген...
Шәрбаттай ағып жатқан сөзім тұнық...».
Маңдайын қызыл жібекке, тамағын жас баланың білегіне, иығын тік сан­далдың тірегіне, бет алдын қоңыр қаздың кеудесіне, тал бойын жолбарыстың жүрегіне, дауысын паң керілген алтын тауға теңеулері – тек қана Сараға тән образдар. Сараның осы өлеңін оқыған адамның көз алдына оның керемет сұлу келбеті күн сәулесіндей жарқ етері сөзсіз. Кез келген суретші ақынның портретін осы жолдарды оқып алып-ақ айнытпай жасауы ғажап емес.
Сөйтіп, Сара Тастанбекқызы – XIX ғасыр қазақ әдебиетіне зор үлес коскан көркем сөздің белгілі шешені. Халық поэзиясы үлгісінде өмір бойы жыр төккен ақпа ақын. Қазақ поэзиясының суретшілік сапасын көтеріп, көркемдігін зорайтқан, өзіндік өнерпаз. Еш шалдырмас топтан озған жүйрік. Асыл сөздің сарқылмас кені. Поэзиямыздың қыздан шыққан кемеңгері» [4,737]. 
ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясы мен ауыз әдебиетінің байланысын сөз еткенде, арнайы қарас­тырылуға тиіс проблемалардың ең негізгісі көркемдік құралдар. Бейнелі сөздердін, көркем баламалардын маңыздылығы әдеби шығарманың мазмұнын ашуға, ондағы айтылатын ойды әсерлі етіп жеткізуге каншалықты себі тиетіндігімен өлшенеді. Көркемдік келісім жоқ жерде өнер өмір сүрмейді. Көркемдік – өнер туындысынын сапалық көрсеткіші. Өнер туындысының осы сапалық корсеткіші жоғары деңгейде болса, онда ол халық аузында мәңгілікке сакталмақ, жатталып калмақ. Олай болса, түрлі еңбектерге сүйене отырып жазылған жұмысымыз көрсетіп отырғандай, Сараның артында қалған, осы асыл мұра, жалпы адамзаттық құндылықтарды ұрпақ бойына дарытып, білім алушыларды бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырумен тікелей байланысты екенін байқауға болады. Заман талабына сай бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу орны – Сараның шығармаларында орын тапқан ұлттық құндылықтар демекпіз. Сараның шешесі Жаншөке «өзді-өзі келісіп, болыпты сені соған атастырмақ» деп қызына ұқтырып, «азат болар жолыңды ізде» деген ақыл берген. Азаттық аңсаған Сара «ақ бата, ақ қой қаны» өзді-өзі серттесіп атастырған Жиенқұлға бармай, төрт-бес жыл күрескен. Омбыға серттескен жігіті Күзембайдың артынан кетпекші, терең сай, құзға құлап немесе суға ағып өлмекші де болған. Ақылға салып, ақыры көп көмегімен «ақ бата, ақ қой қаны» атастырғанды бұзуға, әйел теңсіздігін өз өнерімен көпшілікке жария жасауға бел буған. Ел іші жақсылары Есімбек, Арсалаң, Байсақ, Толғанбай, Ер Шерубай, Телібай, Мүсәпір, Ахмет т.б. қолдауымен бостандыққа ұмтылған.
Ақын Сара Ешкіөлместің баурында тұңғыш рет «азаттық» деп, ту көтерген асыл жан. Сол «азаттық» алған дабылы бүкіл қазаққа, жан-жаққа естіліп таралған. Сара азаттығын өз өнері арқауында алған. 

Айгүл ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Ақын Сара мемориалды 
музейінің меңгерушісі  

Пайдаланған әдебиеттер
1. Ғалымжанов Б.Білім мазмұнында ұлттық адами құндылықтарды жетілдіру – Ұлағат журналы. 2011. – №3. – 34-37 б.
2. Сара Тастанбекқызы. Тордағы тоты. – Жазушы. 1980. -120 б.
3.Тәңірберген Қалилаханов. Ақын Сара Тастанбекқызы. - Күлтегін баспасы. 2006. -240 б.
4.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Санат. 2006.
5.Есіркепова.Г. Ақын Сара Тастанбекқызының лирикалық өлеңдері. – Вестник Каз НПУ им.Абая, серия «Филологические науки». 2005. - № 2(12).

 

111 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз