• Заманхат
  • 26 Ақпан, 2024

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПОСТМОДЕРНИСТЕРІ

Қазіргі қазақ әдебиеті өсіп өркендеп, кемеліне жету үшін аз теперіш көрген жоқ. Талай тарихи кезеңдерді артқа тастап бүгінгі мінберіне шықты. Әдебиет пен тарих – пайда болғалы бірге қатарласып келе жатқан ғылым салалары. Кеңестік дәуірдің келмеске кеткені, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардың ұлттық руханиятқа бастауы, екі мыңыншы жылға дейінгі нарықтық саясаттың жалпы процесі мен салдары қазіргі қазақ әдебиетіне әсер етпей қоймады. Социалистік жүйе жойылған соң кеңестік кезең адамдарының тұйық тығырыққа тірелгендегі психологиялық күйін сипаттаған шығармалар көп болды. Егемендіктен кейін де жаңа заман адамдарының жаңа қоғамнан әрі өз-өзінен оқшаулана, жатсына бастағанын ашық көрсеткен экзистенциялық туындылар да аз емес-ті. 

 

Міне, осылайша тарихи жағдаяттардың бетбұрысынан кейін әдебиеттің де бағыттары тың әрі өзгеше сипатқа бейімделе бастады. ХХІ ғасыр әдебиеті өзіне дейінгі кезеңдегі барлық ағымдар мен бағыттардан да өзгеше көрініс тапты. Мұндай серпіліс модернизмнің шекпенінен шыққан, кейіннен белең ала бастаған постмодернистік бағыттағы шығармаларға жаңа жол ашты. Постмодернизм – әдебиеттегі барлық «изм»-дердің тоғысқан тұсы. 
Негізгі постмодернизмнің қазіргі қазақ әдебиетіндегі көрінісі жайында көптеген кереғар пікірлер пайда бола бастады. Десе де, аталған бағыттағы шығармалар бір деммен жазыла берді. Постмодернизм тек жазушы қаламынан туған шығармаға жаңашылдық берумен немесе оқырман ойына тосын қозғау салумен ғана шектелген жоқ, сонымен қатар әдебиеттегі әңгіме, повесть, роман құрылымдарына да өзгеше сипат енгізді. Қазіргі постмодернист жазушылардың туындыларындағы ерекшелік оның көлемінде емес, әдеби мәнері мен көтерген мәселе тақырыбының тың әрі жаңашылдығында, оған қоса мазмұнға сай оқиғалардың нығыздығында. Бұл жөнінде қазақ әдебиетіндегі алғаш постмодернизмді қалыптастырушылардың бірі Дидар Амантай: «Қалың кітаптарды тек алдыңғы толқын аға жазушылар ғана жаза алады, жас қаламгер қауымның мұндай шығармаларға қаламы жүрмейді. Қысқа әңгіменің де тынысы кең болуы мүмкін. Уақиға қалың, сөз жіңішке. Мәтіннен автор көрінбеуі қажет», [1, 49 б.] – дейді. Автордың бұл пікіріне қосылмасқа болмайды. Өйткені қазіргі заман талабына сай көп томдық шығармалардың оқырмандары азайғаны рас, өкінішке қарай... Әрине, бұл тәріздес мәселенің бір ұшы клиптік ойлауға сайып келеді. Десе де, туынды оқыла ма? Оқылады. Уақиға реттілігі орынды ма? Орынды. Тек ары қарайғы пайымдау – оқырман қауымның өз еркі, постмодернизмде авторлық шектеу жоқ та, ой еркіндігі басым.
Постмодернизм қазақ әдебиетінде бірден пайда бола салған жоқ. Оның алғашқы белгілері біліне бастаған шығармалар Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі авторлардың қаламдарынан туған еді. Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдік, Оралхан Бөкей сияқты бірқатар қаламгерлердің шығармаларынан көрініс тапты. 
Ал қазіргі қазақ әдебиетіндегі нағыз постмодернистік бағытта қалам тартқан жазушылар – Айгүл Кемелбаева мен Дидар Амантай. Аталған авторлардың қатарын кейін Аслан Жақсылықов, Таласбек Әсемқұлов, Роза Мұқанова, Думан Рамазан, Асқар Алтай, Жүсіпбек Қорғасбек, Асылбек Ықсан және Әлібек Байбол, Мерей Қосын сияқты қаламгерлер толықтырды. 
ХІХ және ХХ ғасыр әдеби туындыларындағы әр түрлі деталь, символ, түс көру, елес беру сынды «көркемдік компоненттер» әңгімеге арқау болған негізгі ойды астыртын жеткізетін, сәйкесінше, оқырман сол ойды түсінуге әрекет ететін. Себебі, ой – жасырын, мағына – терең, негізгі проблема – жұмбақ. Ал қазіргі қазақ әдебиетіндегі романдар мен повестерде постмодернизмдік белгілер бірден айқын көрінетіні белгілі, алайда оқырман қауымға бірден түсінікті желі емес. Классикалық әдебиетті оқып машықтанып қалған қауым постмодернистік шығармалардың ерекшелігін бірден ұғады. Мұндағы бір-бірімен астаспайтын, мүлдем байланыспайтын тараулар мен бөлімдер, ортақ әрі біртұтас идеяның жоқтығы немесе туынды иегерінің өз өмірінен өткен оқиғалары баяндалатын көлемді еңбектердегі постмодернистік белгілер осылай болып келеді. 
Ал әңгімедегі постмодернизм ерекше кейіпке енген. Тақырып пен мазмұн желісі бір оқығанда жанаспауы мүмкін. Десе де, мазмұнның астарында ой бірлігі бар екені мәлім. Айталық, Асылбек Ықсанның «Автобус» әңгімесіндегі сюжеттік желі ерекше, тіпті «сюжет» деуге де келмес. Мәселен, «Бетпе-бет келіп қалған келіншектің ыстық демі Мұхиттың бетін шарпып өтті. Қымсынған келіншек кызыл бояу лап берген жүзін жасырып жалт бұрылғанда тентек қылықпен бұлғаң еткен сырғасы құлағының түбіне жасырынған қалды ашты. Тарыдай қал ақ жібекке құлаған моншақтай, жалт етті де жоқ болды», – дейді. [2, 81 б.]. Әңгіме осылай басталады, алайда ары қарай мүлдем басқа, жат, бірімен-бірі онша байланыспайтын оқиғалар тізбегі ретімен жалғаса береді. Егер дәстүрлі әдеби шығарма болғанда басты кейіпкер Мұхит пен әлгі келіншек оқиғасы ары қарай баяндалып, бәлкім, олардың байланысы үлкен махаббатқа ұласар ма еді? Мұндай сұрақтың тууы орынды. Ал автор мұндай жалғастықтан ада, өйткені бұл – постмодернистік сипатқа ие туынды.. (Бірақ бұл постмодернистік сарындағы туындылардың бәрі осындай дегенді білдірмейді). «…Мұхит кондуктор әйелдiң аузына қалақ бас, сыптығырдай ақ ит кiрiп, сабалақ жүндi көк ит шыққанын көрдi. Үрпiлерi қызарған емшектерi жер сызған көк қаншық шермең-шермең етедi. Иттердiң аузы бiтеу, тұз сiңген балықтың көзiндей бозарған жанарында болар-болмас тiршiлiк өлiмсiрейді» [2, 83 б.] – бұл тұста қарапайым «аузына ақ ит кіріп, көк ит шықты» деген тұрақты тіркесті автор астарлы ирониямен жеткізген. Әдеби көркемдік жүйедегі ирония жаңа мәнге ие болған. Мұны Т.Әсемқұлов «басқа әдебиеттердегі өз кейпіне ұқсамайтын мүлдем басқа қалыптасқан ирония» [3] дейді. Әңгімедегі оқиғалардың кейбірін алып тастасаң немесе үстеме жаңа оқиға қоссаң да мазмұн бұзылмайды. Себебі бұл – постмодернизмнің өзгермейтін парадигмасы. 
Келесі кезекте әдеби бағыттағы жаңа ізденістерімен көзге түскен жазушылардың бірі – Думан Рамазан. Автордың кейінгі модерндік бағытта жазылған туындылары постмодернистік шығармалардың қатарын толықтыруда. «Көш», «Жатбауыр» немесе «О дүниедегі кездесу» атты әңгімелері – постмодернизмнің көрінісі. Д.Рамазан, өзі айтпақшы, айтарын айтып, жазарын жазып келе жатқан қаламгер. Ол ел билеген көсемдерді де, о дүние мен бұл дүниенің байланысын да, ақиқаттың өтірік астында көмулі қалатынын да, жер сатылымы хақында да еркін жаза білді. «О дүниедегі кездесу» әңгімесінде қазіргі күнде шалқып өмір сүрген ығайлар мен сығайлардың о дүниедегі халін суреттеген. Мұны метафоралық-саяси проза түріне лайықтауға да болады. Қылмыс пен жаза, ар мен күнә таразыға түскен аталған әңгімеде туындыгер оқырманды еліктіре түседі. «Сәлиев, Сұсаев, Сүлекеев, Сырзахметов, Сереченко, Сүркітбаев, Сұржанов, Сажыбек дейсіз бе – бәрі осында. Тозақ отына күйдіріліп, азапталып жатыр» [4, 47 б.], - деген кейіпкерлер есімдерінің өзі ерекше әсер қалдырмай қоймас. «Ойбай, мынау анау ғой!.. – Тұла бойы дір ете түсті, – Анау... Иә, соның дәл өзі... Ой, Құдайым-ай!..» Сәззәт бүкшеңдеп шыңыраудың түп жағына қарай жылыстай берді: «Көріп қойса құртады ғой!...» [4, 48 б.] , - деп әңгіме аяқталады. Сонда автордың айтпақ болған «анауы» кім? Шешім оқырман еркінде. Автор «екі жақтық әлем» идеясы арқылы оқырманға қос әлемнің қашанда қатарлас өмір сүретінін қабылдауды меңзеген секілді. «Шығарманың ерекшелігі – нарративті ракурсты таңдау. Автор кейіпкерлерінің бойынан шығатын иісті жасырын мүмкіндіктерін ерекше манипулятивті сала ретінде көрсетеді. Бұл жерде постмодернистік әдебиетке тән әдістер қолданылғаны анық» [5, 22 б.]. Дәстүрлі әдебиеттің басым бөлігінде ақыреттің көрінісі көркем сөзбен суреттеліп қана қойса, Д.Рамазанның туындысындағы оқиға бақи өмірдің өзінде қайнап жатады. Бұл, сөзсіз, автордың көркемдік ізденісі. Жазушы әңгімесінде бәрібір үйреншікті әдебиеттің ұршығы бар, алайда автордың жаңашылдығы – мәңгілік өмір туралы мотивті жаңаша сомдауы. Әңгімедегі постмодернизмнің ендігі білінер тұсы – кейіпкерлердің фантастикалық бейнесі мен олардың жанының екіге бөлінуі: «Жан шыққысы келмей, еріген қорғасындай денеге жайылып, жабыса түсті. Әзірейіл бастаған жаналғыш періштелер оны «шық та, шықтың» астына алып, дөң-айбат көрсетіп, қоқан-лоқы жасап бақты. Амалы құрып, кеудеден жылжып жұтқыншаққа тірелгенде, Сәззәттың жаны көзіне көрініп, өзімен-өзі арпалысқа түсті» [4, 38 б.]. Әдетте, мұндай туындыларда шынайы өмір тасада қалады.
Аталған отандық жазушылар арасынан әдебиетке жаңа дем беріп, тың эстетика мен айырықша қолтаңбалы бейнелеу тілін ендірген қаламгердің бірі – Роза Мұқанова. Әдеби шығармалар тілінің құрылымына постмодернизм бағыты енгізген жаңалықтар Р.Мұқанованың туындыларынан көрініс береді. Автор адам жанының рухани болмысын суреттеуімен ерекшеленеді, «Мәңгілік бала бейне», «Тұтқын», «Өзің», «Дүние кезек» және тағы да басқа туындылары осыған дәлел. «Тұтқын» әңгімесінде суретші бейнесі арқылы қиял, тұспал, елес секілді ой бұғауларын дәл суреттеген. «Келдің бе? – деді босаға жаққа алара көз тастап. Ешкім келмесе де бұл өз қиялымен әлдекімді босағаға тұрғызып қойып» [6, 141 б.], – деп, автор Әумесер суретшінің өз жалғыздығымен алысу барысында ойлап тапқан бейнесін көрсетеді. Бұл, бір қырынан, Әумесердің өзін қоршаған меңіреу тыныштыққа көрсеткен екпінді қарсылығы болса, екінші қырынан оның жалғыздығы. Өйткені ол осылайша өзінің тіршілік етіп жүргенін, бар екенін, өмір сүріп жатқанын кімге екені белгісіз, әйтеуір, қалай да байқатқысы келді.. Әңгіме соңына дейін «әйел» затын мойындамайтын, сүймейтін суретшінің олардың бойындағы мінін сынауы арқылы өз болмысы ашыла түседі. Оның ойынша барып тұрған өтірікші әрі сұм жаратылыс – әйелдер және олар өздері құрастырған жалған тіршіліктің тұтқыны. Дегенмен суретшінің өзі де – тұтқын. Өтірігінің бе, жалғыздығының ба, әлде сезімі іздегенімен ерік бермеген санасының тұтқыны ма? Осы тұста тек суретші ғана емес, оның айналасының да «тұтқын» екені – әдеби фон ретінде, ал Әумесердің өзі сол фонның – суреткері ретінде танылады. «Шынайы тіршілік – қабығының ішінде өмір сүріп жатады да, сыртына титтей де оғаш мінез көрсетпейді. Бірақ мәңгілік ештеңе жоқ қой, қабық та көнереді, жұқарады. Уақыт өте келе сырт қорғанысынан айы­рылып, жап-жалаңаш дененің өзі шыға келеді» [6, 144 б.] – деп, Әумесер күллі әйел затына мін таққандай болады. Десе де, бұл бас кейіпкердің көрсеткен ішкі қарсылығы еді. Мүмкін, Әумесердің де сыртқы қабығы бар. «Әлдекім бұның еркіндігіне қызыққан. Өмір-бақи тәртіпке жүгініп қалған тағдырын бұза алмайтын бұғауға түскеніне жабыққан, жалыққан» [6, 144 б.] , – міне, Әумесердің сыртқы қабығы – оның басқаларға өз қолымен жасап көрсеткен «еркіндігі». Жаңағы аталған ішкі қарсылықтан келіп, кейіпкердің бүкіл әйел атаулыны жатсынғанын байқаймыз. Осылайша, «қарсылық – жалғыздық – жатсыну» формуласына куә боламыз. «Сыртқы ортасы Әумесер атаған, ес-ақылынан алжасқан сынды, бірақ сау адамның сөзін сөйлейтін - бас кейіпкер» [7, 123 б.]. Алайда суретші – тұтқын, өз еркіндігінің, өнерінің тұтқыны. Ол өзі тұтқын болған өнерге бағынып табынумен болды. Өмірде өнерді бәрінен биік қойса да, соңында бәрібір әрдайым сынап-мінеп келген әйелді сүйетінін мойындайды. Суретші бұған дейін тек өз санасындағы құрап алған әйелдер бейнесімен еркін сөйлесетін. Әумесердің олармен тілдескені – жасандылығы. Сөзі де, ойы да өзінікі емес, пір тұтқан өнер ғұламаларының туындыларындағы жаттанды сөз. Әумесер өлердей қорқатын, жуығысы келмейтін әйелдердің өтірігін сынағаны жалпы өмірдегі шындықтың да аз немесе мүлдем жоқ екенін аңғартады. Қиялындағы әйелдермен тілдескенде оларға сөз бермейді, араларындағы диалогты тек өзі тәмамдайды. Бұл Әумесердің өзінің тереңде жатқан ойларынан үріккені болар. Біз бәріміз – тұтқынбыз, өз жалғыздығымыздың, еркіндігіміздің, ойымыздың, жасанды сыртқы қабығымыздың тұтқынымыз. Автор кейіпкердің өз санасында жасап алған осындай психологиялық тартысын тек өзіне ғана тән шебер тілмен, тың ой оралымдарын келтіре отырып жазған. Әдебиеттегі санасыздық, субъектінің еркіндікке деген талпынысы, бірақ сол еркіндікті бағындыра алмауы – осының бәрі «Тұтқын» әңгімесіндегі постмодернистік элементтер. 
Ал жазушы, әдебиеттанушы, постмодернист Айгүл Кемелбаева әлем әдебиетіндегі постмотдернистік белгілерге сай келетін туындыларында иллюзия, белгісіздік, бейсаналық сынды ұғымдарды шебер қолданады. Автордың мифтік кейіпкерлер мен мифтік сарын кездесетін, анималистік жанрдың белгілері көрініс табатын әңгімелері қатарына «Жезтырнақ», «Қақпаншы» және «Кірпі» атты бір құрамдас шығармаларын атауға болады. Бұлар түгел дерлік дәстүрлі «әңгіме ішіндегі әңгіме» тәсілімен жазылған. Жазушы кезекті бір сұхбатында шығармаларының негізгі арқауы халық ауыз әдебиеті үлгілері екенін айтқан. Біз халық ауыз әдебиетінен білетін халық танымындағы жезтырнақ постмодернистік туындыда мүлдем басқаша сипатта. Еуропалық және отандық әдебиеттегі мифтік есімдер мен кейіпкерлерді өз шығармаларында «тірілту» автор тарапынан жақсы тәжірибе. «Өйткені онысы – дүниежүзілік әдебиетті біле отырып, сол деңгейде ойлана отырып, қазақша стильдік тәсілдерді дүниеге әкелгені [8, 68 б.]. 
Бұл үш шығарманың ортақтығы – үшеуінде де Тәңірі жайында сөз қозғалуы: «Жезтырнақ»: «Құдайдан таса жер жоқ жалғанда. Осы ойға жұбануы мұң, аңшы сабыр түбі сары алтын деп танып, әліптің артын бағуға көнді» [9, 97 б.]. «Қақпаншы»: «Жазықсыз аң-құсты қырғаны үшін Тәңірі жіберген жаза» [9, 100 б.]. «Кірпі»: «Кірпінің иісі сасық дейсің бе? Ал раушан гүлдің хош иісі аңқыған, бірақ осы екеуін де Алла тағала тікенді етіп жаратқанында қандай үндестік бар?» [9, 102 б.].
Демек, үш әңгіменің де тоғысатын тұсы – өмірдегі кез келген құбылысты, барша дүниені құдайдың жаратқандығы. Жазылған шығарма тақырыбына сай мұндай ойға келмесіміз анық. Классикалық әдебиетіміздің басым бөлігіндегі тұмшаланып келген дін тақырыптары кейінгі модерндік прозада қалай бар, сол қалпында еркін айтылуда. Постмодернистік прозаның құрама болатынын бірнеше рет айттық, яғни өмір құбылыстарымен астасқан әр алуан тақырыптар аясында діни сарынның болары анық. Бірақ жоғарыда аталғандар – дәл мұсылмандық құндылықтардың мәнін жеткізу мақсатында жазылған туынды емес. Тіпті «Қақпаншы» әңгімесінде аңшының қақпанына түскен жануардың бейнесінен фантастикалық антропологияның кейбір белгілерін байқауға болады: «Сор түрткенде, әлгі аңның дене тұрқынан адамға ерекше ұқсайтын бірдеңесін аңдағаны. Ашынған зарлы дауысы жан шыдамастай ащы. Құдды бір жоқтаудан аусашы» [9, 99 б.]. Бұл қазақ прозасындағы әртүрлі архетиптерді, мәселен, А.Алтайдың «Кентавр» немесе А.Кемелбаеваның «Қоңырқазын» еске салады. Мұндай сарындағы шығармалар оқырманды ерекше сюжеттік желі арқылы қызықтырады да, ең соңында обал, сауап, кие немесе тәуба сынды мотивтерді санаға еріксіз жүктейді. Міне, бұл – постмодернизмнің әдебиетке, авторға және оқырман қауымына берген еркін мүмкіндігі. 
Осылайша, постмодернизм қазақ әдебиетіне жаңа тыныс алып келді. Ондай жаңашылдық ізденістер қазіргі қазақ әңгімелеріндегі кейінгі модерндік элементтер арқылы көрініс тапты. Оған қоса, енді тұсауы кесілген жаңа бағыт өз жолында біршама кереғар пікірлермен бетпе-бет келуде. Олардан ең алғаш болып постмодернист қалыптастырушысы Д.Амантай «Кітаптың классикалық дәуірінің соңы» атты мақаласында: «Мүмкін келесі ғасырдың соңында, үшінші мыңжылдықтың басында кітап мүлдем болмайтын шығар. Жиырма бірінші ғасыр үшінші жаһандык трагедия ғасыры – зиялылар қауымының жойылу ғасыры болатын шығар» [10, 379 б.], – деп пікір қалдырса, Д.Рамазан: «Қазақ әңгімесі қашан да алғы шептен көрініп келген. Келешекте де көріне бермек» [11, 242 б.] – дейді. Әрине, қазақ әдебиетінің болашағы жайлы түрлі пікірлер айтылуы мүмкін, алайда көркем сөз өнерінің қашанда дамуға бейім екенін алға тартқымыз келеді. Оған себеп – қазіргі таңда оқырман қауымының көбейіп, кітап оқу үрдісінің жалғасуы. Бүгінде еліміздегі «KitapAl» оқырмандар клубының саны 232-ге жетті, олардың әрқайсын ондаған клуб мүшелері құрайды. Мұндай нәтижелерге жету барысында постмодернистік туындылар да өз үлесін қосып келеді. Заман талабына сай деп танылған постмодернистік шығармалардың да оқылымы күн санап артып келеді. Осындай нәтижелер арқылы, «үшінші мыңжылдықтың басында кітап мүлдем болмайтын шығар» деген пікірді жоққа шығарғымыз келеді. 

Сымбат ЕРГЕШ, 
Абай атындағы 
Қазақ ұлттық педагогикалық университеті С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы

813 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз