• Заманхат
  • 26 Ақпан, 2024

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ КОРИФЕЙІ

Еліміздің мәдени тарихында өшпес із қалдырып, кейінгі ұрпақ үлгі-өнеге тұтарлық мол рухани мұрасымен саф алтындай жарқыраған ұлы тұлғаларымыздың бірі – Ш.Айманов. Белгілі театр сыншысы Ә.Сығай: «Алашта арыс өткен Аймановтай... Білемісің, жас ұрпақ, Шәкендей алып арысыңды. Танимысың, естіп пе ең, топ жарған өнерпаз Кенжетайұлын! Әлде сен сәті түсіп көрдің бе екен, ұлттық сахнамыздың сал мінезді, серке тектес асыл аға дидарын! Нар жүгін арқалаған ақиық азаматтың сәл жарықшақтана құмығып шығар асқақ та, жағымды үні, сахнаға жаралғандай еңселі бітімі, жаратылысынан мол пішілген кескін-келбеті еске түскен сайын қиял қанаты шартарапқа самғайды» [1, 63 б.], – деп тебірене жазған. Иә, аңызға айналған алып адамды көзіміз көрмесе де оның қазақ руханиятына қалдырған өнегелі істері ұрпақтар жадынан мәңгі өшпейтінін уақыт дәлелдеп отыр.
 

Шәкен (Шаһкерім) Кенжетайұлы Айманов (1914-1970) Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген.
Ол 1928 жылы ауыл мектебін бітіргеннен кейін Семейдегі педагогикалық техникумға оқуға түскен. Заңғар жазушы Ғ.Мүсіреповтің шақыртуымен Қазақтың Мемлекеттік драма театрына 1932-1933 жыл­ғы маусымынан бастап актер болып қабыл­данды. Осы театрдың сахнасында Погодин­нің «Менің досымында» Грамофонов, М.Әуезовтың «Түнгі сарынында» Казенцев, «Абайында» Қодар, Керім, «Қара қып­шақ Қобыландысында» Қобыланды, Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсесінде» Алдар, І.Жансүгіровтың «Исатай – Махам­бетінде» Исатай, У.Шекспирдің «Асауға тұсауында» Петруччио, А.Н.Островскийдің «Таланттылар мен табынушыларында» Великатов, «Найзағайында» Тихон, Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқтысында» Ақан т.б. бейнелерді сомдады. Сезімтал да, сергек актердің сах­нада ойнаған әрбір ролі қайталанбас құбылысқа айналып, оның біртуар даралығын танытып берді. Ақсүйек болмысымен, терең энциклопедиялық білімімен тәнті еткен актердің дарыны мен қайталанбас қуатты дауысымен, ешкім еліктеп орнын толтыра алмас тұтас бір өмірлік мән-мағына сыйып кетердей пауза-кідірісі туралы көз көргендер әлі күнге дейін тамсана айтады. 
Сахна саңлағы қазақ актерлік өнерінде жаңа мектептің үлгісін қалыптастырды. Ол сомдаған рөлдердің қай-қайсысы болса да шын­шылдығымен, дәл де анықтығымен, көркемдік бейнелеу құралдарының бірегей айшығымен ерекшеленді. Актер шығар­машылығын зерттеген Ә.Сығай: «Ол қазақ топырағында романтикалық театр мектебін қалыптастырған актер. Ақ өлең­­мен есіліп-төгіліп жататын эпостық, эпикалық сом дүниелердегі халықтық колориті мол соқталы кейіпкерлердің хас шебері атанды» [1, 67 б.], – дей келіп оның сахнадағы сөйлеу ерекшелігін және әрбір рөлді ақындық шабытпен ойнағанын айрықша бөліп айтқан. Шынымен де, актер бойына біткен табиғи дарынының арқасында кейіпкердің психологиялық толғанысы мен көңіл-күй тебіренісін халық өнерінің дәстүріне сүйене отырып кестеледі. Тіл – әр елдің рухани өсуінің, өмірі мен тағдырының көркем шежіресі, жан сыры ретінде танылумен бірге оның мақтанышы, асыл мұрасы болып табылатынын жүрекпен сезінген актер сахнадағы әр сөздің айтылуына ерекше мән берді. Драматургиялық шығарманы көркемдеп жеткізудің басты құралы тіл өнерімен тығыз байланысты екенін өзі сомдаған бейнелерінде үнемі көрсете алды. Актер әр кейіпкерінің ішкі әлемін, әлеуметтік, психологиялық, ұлттық, тұрмыстық сипатын сөйлеу мәнерімен ашты. Айталық, У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясындағы Петруччио рөлі актердің суырыпсалмалыққа тез бара алатын тапқырлығымен бірге сөзге шешен ұсталығын да айқын дәлелдеп берді. Ол сөз сайысын найзағайдай ойнатып, тартыс көрігін қыздыра алатын қасиетін үнемі көрсетіп отырды. 
Актердің шығармашылық жолында көтеріңкі романтикалық сарындағы қаһармандар ғана емес, терең тамырлы трагедиялар да, қалың қатпарлы драмалар да, езу жиғыбас комедиялар да ұшырасады. Ол ойнаған әрбір рөлден адам мінезінің ашылу сырлары, тағдыр талайы, сындарлы соқпағы, қайғы-қасіреті мен жүрек жылуы, адамдық-азаматтық келбеті анық көрінді. 
Ұлы суреткер актерлік өнерін режиссурамен сабақтастырып, аталған театр сахнасына Ш.Құсайыновтың «Амангелді» (1945), Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббат» (1947), Қ.Жұмалиев пен Ә.Сәрсенбаевтың «Арбасу» (1948), А.Н.Островскийдің «Таланттылар мен табынушылар» (1949), М.Әуезовтің «Абай» («Абай» романының сахналық жүйесін реж. Я.С.Штейнмен бірлесіп жазған) (1949), А.Е.Корнейчуктің «Бүргенді тоғай» (1951), Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» («Ақын трагедиясы», 1958) туындыларын қойды. 
Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббат» пьесасын сахнаға шығарған Ш.Айманов Ұлы Отан соғысы (1941-1945) жылдарындағы Қарағанды шахтерлерінің көмір өндірудегі ауыр да, мехнатты өмірін, жаумен арпалысқан ер жүрек партизандардың отаншылдық, батырлық әрекетін, халықтар достығы мен жастардың махаббатын шынайы көрсете алды.
Спектакльде еңбек адамдарының өндірістегі қарым-қатынасы мен жеке өмірдегі мәселелері қамтылған. Режиссер кейіпкерлердің адамгершілік қасиетін, сол уақыттағы сана-сезімін бас қаһар­мандардың бейнесімен жеткізді. Атап айтқанда, Сәуле – Х.Бөкеева, Нұрлан – Қ.Саурықов, Темір – Ә. Әсімжанов пен Ш.Айманов арасындағы қарым-қатынас адамгершіліктің шын үлгісі. Сол сияқты Қазыбек – Ә.Хасенов, Тайман – С.Қожамқұлов, Баян – 3.Құрманбаева мен Х.Елебекова ойындарында халқымыздың бойында кездесетін әдеп пен инабат, төзім мен адалдық сияқты қасиеттер жақсы көрінген.
Ш.Айманов қазақ актерлік ойынында психологиялық бағытты тереңдеткен режиссер. Мұны әсіресе, Я.С.Штейнмен бірігіп қойған М.Әуезовтің «Абай жолы» (1949) және Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» (1958) трагедиясынан байқауға болады.
Біздің қазақ театрының сахнасына прозалық шығарманың сахналық нұсқасы бойынша ең алғаш қойылған спектакль М.О.Әуезовтың «Абай жолы» (28.12.1949) романы болды. Ш.Айманов пен Я.С.Штейн (сол кездегі Республикалық орыс драма театрының, қазіргі М.Ю.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының бас режиссері) романның негізін сақтай отырып, жазушы суреттеген халық, қоғам және жеке шығармашылық тұлғаның өмірін іріктеп көрсетуге ден қойды. Романның сахналық жүйесін жасау барысында кездескен қиындықтар жөнінде Я.С.Штейн: «... Абай романында бірде ақындық шалқу, қуанышпен, бірде ашу-ызамен байыпты кең көрініп отыратын лирикалық суреттеулер көп. Бұл – романның аса бағалы жағының бірі. Мұны спектакльден алып тастау – романның спектакльдік мазмұнын бұзу, негізі ойдан ауытқу еді. Сондықтан, инсценировкашылар спектакльге автор атынан сөйлеушіні кіргізді. Автор атынан сөйлеушінің рөлі қойылымды дайындау үстінде өсті» [5, 89 – 90 б.б.], – деп жазған. Бұдан сахналық жүйені жасаған авторлар Мәскеу Көркем Академиялық театрының әдіс-тәжіри­бесіне сүйенгенін байқаймыз. Яғни, олар роман оқиғасын жүйелі түрде айтып отыратын жүргізушілерді кіргізу арқылы спектакльді көп суретті етуден сақтады. Сөйтіп, автор атынан баяндау әдісі қазақ театрының тәжірибесінде бірінші рет қолданылды.
Коммунистік идеологияның қысымы қазақ халқының ұлттық әдебиетін хандық, фео­далдық, таптық көзқарастармен шектеп, оны жинап жариялауға, кең көлемде зерт­теуге жол бермеді. Бұл қыспақ «Абай жолын» жазған М.Әуезовке де көп қолбайлау болғаны жасырын емес. Ал, осы туындыны сахнаға бейімдеуге кіріс­кен тұста кеңестік идеологияның бұл­жытпай орындалуын қадағалайтын кез болғандықтан Құнанбай мен Абай арасын­дағы идеялық, әлеуметтік қарама-қарсы көзқарастар спектакльдегі оқиғаның дамуына қарай философиялық, моральдық, этикалық мәселелер ретінде терең маңыз алды.
Спектакльде әділет пен шындық іздеп, Ресей басқын­шыларының қанауына қарсы шыққан көптің талабын Абай үнемі қош­тап отырады. Ол қашан да халықпен бірге болды. Қойылымның соңында ақын өлеңдерін құмарта жаттап жүрген көпшілік сахнасы арқылы режиссерлер ұлы тұлғаның халық жүрегінде мәңгі жасайтынын аңғартты.
Қойылымдағы барлық кейіпкерлер бала Абай – А.Ысмайылов, ересек Абай – Қ.Бадыров, Құнанбай – Қ.Қуанышбаев, Майбасар – С.Қожамқұлов, Зере – Р.Қойшыбаева, Ұлжан – С.Майқанова, Дәркембай – Е.Өмірзақов, Тоғжан – Ш.Жандарбекова сомдауында қайталанбас ерекшеліктерімен театр тарихында мәңгі қалды.
Спектакльге байланысты жазылған мақала­­ларда қойылымның жетістіктері айқын көрсетілген. «Қазақ театрының тарихында»: «Абай» спектаклін театр роман­тикалық реализм планында қойды. Мұндай көркемдік шешім – Абайдың өскен ортасын, ол күрескен феодализм қоғамының әлеуметтік мәнін ашып, ақын­ның ақыл-парасатының биіктігін көрсету үшін оның творчестволық шарықтау шақтарын айқындауға дәл келді. Және театр бұл талабын сыртқы әсерлікке бой ұрмай, артық пафосқа бармай, үлкен көркемдік тәсілмен орындап шықты» [4, 171 б.], – деп қорытындылаған. Шынында, театр репертуарының алтын қорына кіріп, ұзақ жылдар сахнадан түспей жүрген бұл спектакль қазақ сахнасында прозалық шығарма­лардың бұдан кейінгі жылдары батыл қойылуына жол ашып берді.
1958 жылы Ш.Аймановтың режиссурасымен жарық көрген «Ақан сері –Ақтоқты» өз бағасын алған спектакльдердің бірі. Театр сыншысы Қ.Қуандықов спектакльдің идеялық мазмұны туралы өз ойларын ортаға салған Евгений Сурков пен Есмағамбет Ысмайыловтың пікірлерін салыстыра отырып, Ш.Айманов режиссурасына кәсіби талдау жасаған. Сыншының жазуына қарағанда Ш.Айманов автор мәтін­інің тура мағынасын ашумен қатар, шығарманың біртұтас өзекті идеясынан туатын ойлармен байыта түскен. Әрбір көріністегі әрекет жеке-жеке оқиғалардың күресіне айналмай, біртұтас ойдың үздіксіз жалғасындай өрілгендіктен актерлердің ойыны сырт қимылдарға құрылмай, кейіп­кердің психологиясын ашуға бағытталды. Қ.Қуандықов: «Шәкен Айманов творчествосына сырттай ойнаушылық тәсілі жат. Ол әркез физикалық әрекетті психо­логиялық әрекетпен тығыз байланыстырып отырады. Мұнда сырт қимылдар психологиялық күйлерді, сөз сырының мағынасын тереңірек аша түсу де, айқындай отыру да көмекші роль атқарады» [6, 140 б.], – деген. Бұдан режиссердің спектакльді «кейіпкержандылық» жүйесін бас­шылыққа алып қойғаны анық байқалып тұр.
Ш.Айманов «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінде қызу темпераментпен айтылатын Ақан монологтарының ішкі мағынасын сезініп, салдарға тән сөйлеу мәнерін қарастырды. Трагедиядағы ақын­дық зор шабыт, әншілік толғаныс, махаббат сырлары, философиялық ойлар оның қойылымында көркемдік шешімдерін тапты. Спек­такльде тұрмыс-салт элементтерін мол қолданып, ән мен күйді және халықтық ойын­­дарды кіргізді. Ол қазақ тілінің нәрі мен сөлін, әсем сазын көрсете отырып, ұлттық бояудың барынша қанық болуын қадағалады.
Өлеңмен жазылған драматургиялық шығарманы сахнаға шығару режиссер мен актерлерге оңайға соққан жоқ. Мұндай күрделі пьесада ойнау актерден айрықша күш-қуатпен қоса, дауысынан ерекше ырғақ пен екпінді талап етеді. Өйткені поэзиялық тілмен жазылған мәтін өзінің түрі мен мазмұнына, ырғағы мен ұйқасына қарай актерден сөйлеудің басқа мәнерін талап етеді. Кейіпкердің ойлау, сезіну, қиялдау үрдісіндегі жан-күйін сомдау кезінде сөз дұрыс айтылмаса бейне тумайды. Осыны жақсы білетін режиссер ақ өлеңмен өрнектелген пьеса кейіпкерлерінің әр сөзін жаңғақша шағып зерттеп, сөз астарындағы тереңдікті ашуға мән берді. 
Ақан рөлінде ойнаған Ш.Айманов серінің ішкі жан тебіренісін ерекше толғаныспен жеткізді. Серінің: «Азаптымын!
Тіршіліктің бар мағынасы
Құлшылықтан табылса,
Қашайын деген мен бар ма ем?, – деп бас­талатын монологын асқан тебіреніспен, дауыс үнін мың құбылтып ақынның ішкі мұңын жеткізді. Бұл туралы Қ.Қуандықов: «Жоғарыда келтірілген өлеңнің «азаптымын» деген жолын ауыр күрсініспен бастаған актер келесі жолдарын ақын өмір­інің ұраны ретінде паш етті. Ойшыл суретші жүзінде бұл сәтте де, тағы да санқилы азапты сұраулар бар. Өлеңнің соңғы жолдарын айтқанда, орнынан бейне бір шер ыршытқандай, қалай тұрып кеткенін өзі де сезбей қалады. Жанары найзағай отын атқылап, ақиқатпен алқымынан алғандай, хазіретке төнеді. Бұл – келіспес, бітіспес жаулар айқасы» [6, 144 б.], – деп актер шеберлігін жоғары бағалаған. Расымен де, Ақан жанын терең түсініп құл­пыртып ойнаған Ш.Аймановтың шебер­лігі қазақ актерлік мектебінің озық үлгі­сіне айналды. Ол сахналық бейне жасауда дауысты баптаудың, анық сөйлеудің, әсем қимылдың ережелерін қатаң бақылау нәтижесінде кейіпкер бейнесін толыққанды жасады.
Режиссер спектакльге қатысқан барлық актерге сахналық бейненің ішкі псих­ологиялық күйін, дауыс ырғағы мен үнін, сөз мағынасын қимыл-әрекетке бағындыруды талап етті. Соның нәтижесінде әрбір актер өзі сомдайтын кейіпкердің сахналық кескінін дәл мүсіндеумен бірге, сөздің ырғақ екпінін, өзгеше үнін, ең маңыздысы сөздің астарын терең ашып әдімі актерлік ансамбль түзді. 
 Қойылымның сәтті шығуына Ақтоқты – Ш.Жандарбекова, Хазірет – Қ.Бадыров пен Қ.Әділшінов, Мылқау балуан – Қ.Қуанышбаев, Қоңқай – С.Қожамқұлов т.б. актерлер көп үлес қосты. Олардың қай­таланбайтын ойын айшықтары театр тарихында қалды. Спектакль 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігіне «Ақын трагедиясы» деген атпен қатысып, Кремль театрының сахнасында көрсетілді.Теа­тр өнерінің қыр-сырын еркін игеріп, шоқтығы биік спектакльдер қойып кемел шаққа келген тұста Ш.Аймановтың кино өнеріне біржолата бет бұруы бұл саланың да мәртебесін көтерді. Ол 1950 жылдардың басында-ақ «Абай әндері» (1945), «Жамбыл» (1947) көркем фильмдерінде күрделі экрандық бейнелерді сомдады. 1953-1970 жылдары «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Оның «Махаббат туралы аңыз» (1953), «Алдар көсе» (1965), «Атамекен» (1966), «Найзатас баурайында» (1968) фильмдері халқымыздың баға жетпес рухани қазыналарының қатарынан орын алады. 
Көрермен қауымның эстетикалық талғамына сай шыққан «Біздің сүйікті дәрігер» (1958) мен «Тақиялы періште» (1969) фильмдері ұлттық кино өнерінде комедиялық жанрды дамытудағы соны ізденістерімен ерекшеленді. Оның соңғы қойған «Атаманның ақыры» (1970) фильмі режиссер шығармашылығының биік шыңына айналды.
Әлемдік өнер кеңістігінде өзіндік орны бар Ш.Айманов бүкіл еліміздің мақтанышына айналған ірі суреткер. Ол кеңес үкіметінің әмірі аспандап тұрған дәуірде өмір сүргеніне қарамастан, ұлтына адал қызмет етті. Бүкіл саналы өмірі мен нысаналы мақсатын туған халқының өнерін өркендетуге жұмсады. Терең тынысты, тумысы бөлек сахна және экран санаткерінің соңына қалдырған мол рухани мұрасы алдағы уақытта да әр буын жас ұрпақтың жүрегінен орын алып мәңгі жасай бермек. 

 

Бақыт НҰРПЕЙІС, өнертану докторы,

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры
 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Сығай Ә.Т. Актер әлемі. – Алматы: Ан-арыс, – 2008. – 272 б.
2.Ғабдуллин М. Достық жыры // Социалистік Қазақстан. – 1946, тамыз – 28 
3.Львов Н. Казахский академический театр драмы. – Алма-Ата, 1957. – 384 с.
4.Қазақ театрының тарихы. Екі томдық. – Алматы: Ғылым, 1978. – 2 т. – 432 б.
5.Бел-белестер (құрастырған Құндақбаев Б.) –Алматы: Өнер, 1987. – 288 б.
6.Қуандықов Қ. Тұңғыш ұлт театры. – Алматы: Жазушы, 1969. – 244 б.

 

874 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз