- Заманхат
- 26 Ақпан, 2024
БИЛЕРДЕН – ТАҒЫЛЫМ, БАТЫРЛАРДАН – ӨНЕГЕ
Өткен ғасырлардағы ауызша және жазбаша деректерге көз жүгіртсек, қазақ қоғамында билер институты, құқықтық мәдениет пен адам құқығын қорғау мәдениеті жақсы дамығанын аңғарамыз. Билер институты ел билеуде, қоғамда болып жатқан оқиғаларға қатысты төрелік айтуда, халықтың ойын жеткізуде маңызды рөл атқарды. Билер институты бірнеше тармаққа бөлінген. Ауыл-аймақ арасындағы мәселелерді рудың белгілі, беделді адамдары шешіп отырған. Өңірлерді көсемдігімен, билігімен көрінген ру мен тайпа басшылары басқарған. Ең жоғары деңгей билігінде негізінен хандар мен сұлтандар болған. Әйткенмен, билер олардың биліктерін шектеп отырды деуге негіз бар.
Себебі, батырлар мен хан-сұлтандарға қарағанда билер халыққа, қоғамға жақын болды. Себебі, қоғамдағы дау-дамайлар билердің көмегімен шешімін тауып отырды. Билер жайлы анықтамаға назар аударатын болсақ: «1. Ел билеушісі, иелік етуші. 2. Сот, төреші. 3. Батагөй, шешен. 4. Бітістіруші, дипломат, елші ретінде ұғынылған» деген бірнеше мағына берілген [1.35 б].
Билердің қазақ қоғамындағы негізгі рөлі мен алатын орны турасында Шығыс жұлдыздарының бірі саналған Ш.Уәлиханов: «Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған өкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес. Тек сот ғұрыптарына әбден жетік, сонымен қатар тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болып отырған. Мұндай би атағын алу үшін би боламын деген қазақ өзінің заң ісіне жетіктігін және шешендік қабілеті бар екендігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне мәлім болып отырған», – деп баяндайды өзінің «Билер сотының ертеден келе жатқан халықтық дәстүрі» еңбегінде [2.39 б]. Бұл сөзден билердің тек байлардың арасынан емес, жоқ-жітік кедейлер арасынан да шыққанын байқаймыз. Бұл жөнінде де атақты Төле би:
«Теңізге құйса дария –
Суының мол болғаны.
Ел билеген ер жігіт,
Сыйласа халқы құрметтеп, –
Басына бақыт қонғаны.
Қолыңда болса бар билік,
Қараға залым болмаңыз.
Алдыңа келсе бітпес дау,
Әділін айтып, қорғаңыз», – деген.
Демек, қай уақытта да қара қылды қақ жарған билердің рөлі ерекше болған.
1723 жыл Қазақ хандығының тарихына «Ұлы қасірет жылы» болып енген еді. Бұл оқиға тарихта «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен қалды. Жоңғар басқыншыларының қазақ жері мен халқын басып алу қаупі төніп, ана баласынан, бала әкесінен айырылған қиын заман туды. Қаншама шаңырақ шайқалып, қалың ел қасиетті елі мен жерінен айырылып, босқын болып кетті. Сол кезеңдерде дала данагөйлері атанған Төле би, Қазыбек би тағы да басқа даңқы шыққан ұлықтар мен батырлар Ордабасыға жиналып, жоңғар басқыншыларына тойтарыс беру мен Отанды жаудан азат ету үшін халықты бірлік пен ынтымаққа шақырды. Бұл жөнінде тарихи деректерде: «...Қазақ халқының саны жоңғарлардан екі еседей көп болатын. Аға хан Болат, ұлы жүз ханы Жолбарыс бас болып, Қушық, Семеке, Барақ, Әбілмәмбет сұлтандар қосшы болып, Төле би мен Қазыбек би екі ұлыс елді қанатының астына үйіріп, ел қорғау ісіне жұмылысты» деп жазылған. [3. 13 б]. Көптеген тарихи деректерге қарап отырсақ, ел бірлігін қолға алған билердің мәселені тек сөзбен шешіп қана қоймай, қиын шақта қол бастап, шайқасқа шығып, ерлік көрсеткендігін білеміз. Сонымен қатар, батырлар да билерге келіп, ақыл сұрап, кеңесіп отырған. Сол тұстағы Қабанбай, Бөгенбай сынды атақты батырлар Төле би, Есей би сынды билермен үзеңгілес, сырлас болғандығы жөнінде деректер бар. Қазақ қоғамында билердің маңызды рөл атқарғандығын, елге сүйеніш, халыққа тірек болғанын Төле бидің Есей би жайлы айтқан арнауынан да түсінеміз:
«Есей әрі батырым, әрі ақылым,
Ешкімге есесін жібермейтін,
Сөзге шешен ақыным,
Жанашыр жақыным.
Елдің сүйеніші – Есей,
Халықтың тіреніші – Есей,
Жауды бүлдіретін де – Есей,
Дауды тындыратын да – Есей, деген екен. [4. 190б.]
Сондай қиын-қыстау жылдары Қазыбек би жауға қарсы халықтық жасақтар ұйымдастырып, елінің азаттығын сақтап қалуға найзаның ұшымен, сөзінің күшімен ықпал етті. Қазақтың үш жүзін біріктіруге бар күшін жұмсаған би жайында Үмбетей Абылай ханға арнаған толғауында былай деп сипаттайды:
Әруағына болысқан,
Әділ билік қылысқан,
Қашпаған қандай ұрыстан,
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Абылай сенің тұсыңда,
Сол бесеуі болыпты-ай!
Кейі батыр, кейі би,
Тәңірім берген сондай сый,
Ұмыттың ба соны, Абылай?! [5, 46 б.].
Толғауда аты аталған батырлардың Абылай хан тұсында өмір сүріп, ел тыныштығын қорғауда маңызды рөл атқарғандығын аңғарамыз. Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Малайсары, Жәнібек, Абылай, Әбілқайыр бастаған қалың қол жоңғарларға қарсы майдан ашып, ел мен жерді қорғауға белді бекем буды. Бұдан өзге жоңғар шапқыншылығы кезінде шапырашты Наурызбай батырдың әскерінде мыңбасы (кей деректерде ақылшысы) болған, Ұлы жүзден шыққан Қазыбек бек Тауасарұлы (1692-1776), Аңырақай шайқасында Ұлы жүз жасақтарына басшылық еткен, әйгілі Мәшһүр Жүсіп ол жайында «Абылай заманындағы ең атақты, сенімді батырлардың бірі болған» деп жазған батыр Бердіқожа (шамамен 1690-1770/1708-1786), қалмақтың Бөтхишар, Сабан Тайшық секілді атақты батырларын жекпе-жекте жеңіп, қазақ әскеріндегі даңқты қолбасшылардың біріне айналған, Төле би, Абылай ханның серігі болған Өтеген Өтеғұлұлы (Мүйізді Өтеген) (1699-1773) сынды батырлар да Аңырақай шайқасында өз ерліктерімен көзге түсіп, қазақ халқының азаттығы жолында күресті.
Аңырақай шайқасына қатысқан батырларды ғалым Ә.Сарай: «Фольклорлық деректер негізінде Аңырақай шайқасына қатысқан батырларды шамалағанда, олар: Ұлы жүз шапыраштыдан – Наурызбай Құттымбетұлы (1706-1781), Бөлек Қараұлы (1700-1785), жаныстан – Өтеген Өтеғұлұлы (1699-1773), ботпайдан Сәмен батыр (1704-1778), сиқымнан – Қара батыр, шымырдан – Қойгелді Сартұлы (1702-1795), тасжүрек ошақтыдан – Саңырақ Тоқтыбайұлы (1693-1750), ыстыдан – Төлек батыр, сіргеліден – Елшібек батыр, Орта жүз қанжығалыдан – Бөгенбай Ақшаұлы (1680 (90-1775), найманнан – Қабанбай Қожағұлұлы (1691(1703-1780(81), шақшақтан – Жәнібек Қошқарұлы (...-1751), Бөгенбай Бірқұртқаұлы (...-1759), айдаболдан – Олжабай Толыбайұлы (1709-1783), басентиннен – Жасыбай Тұяқұлы, Малайсары Тоқтаұлы (...-1754), тарақтыдан – Байғозы Наймантайұлы (1705-1803), кіші жүз табыннан – Бөкенбай Қараұлы (.../1740-42), Жездібай батыр (1705-1786), тамадан – Есет батыр (1661-1749), жетірудан – Тайлақ Мәтиұлы, ақкетеден – Әжібай Балпашұлы, Алтай Ебескіұлы, шөмекейден – Арыстанбай Айбасұлы (1693-1748)...», – деп тізіп шығады. [6, 153 б].
Қазақ жұрты үдере қашқан тұста бұл батырлар мен билер халық жанынан табыла білді. Халықтың Орта жүз, Ұлы жүз бір бөлігі Самарқан иеліктеріне, біраз бөлігі Сауран айналып Бұхараға, бір бөлігі Қызылқұм, Қарақұм маңына қоныстанды. Осындай алапат тұста халықтың жүрегінен ащы зары кетпейтін ән «Елім-ай» дүниеге келді. Қазақ тарихындағы қасіреті мен зардабы, зобалаңы көп бұл оқиға мәңгілік халық жадында сақталды. Ел, ұлт ретінде жойылудың аз алдында тұрған еді. Алайда өр халықтың азаттықты аңсаған арманын бұл қасірет те тұншықтыра алмады. Халықтың басы бір арнаға тоғыспай, ұлт болмайтындығын ұғынған жұрттың перзенттері елді бір арнаға біріктіре бастады. Хан-сұлтандар, билер мен батырлар елді бір шаңыраққа жиып, 1727 жылы жоңғарларға қарсы майдан ашты. Осы тұста ел бірлігін тұтастай ұстап тұру үшін билер маңызды рөл атқарды. Олардың аталы сөздері халыққа қуат болып, ынтымығын арттырды. Ал батырлар ерлігі Бұланты мен Білеуті өзендерінің жағасында жауға қарсы соққы беріп, ұлы жеңіске жетудің негізгі себепкері болды. Қос өзеннің ортасындағы жазықта, Ұлытау төңірегінде болған оқиғада әскердің бас қолбасшысы Әбілқайыр хан болды. Өз әскерлерін ұрысқа бастаған хан-сұлтандар – Семеке, Әбілмәмбет, Көкжал, Барақтар да, батырлар – Саңырақ, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тайлақ сынды қолбасшылар болды. Осындай бірлігі бір арнаға тоғысқан ұлт жоңғарларды тас-талқан етіп, жеңіске жетті. Қаншама уақыт өтсе де халық жадынан ұмытылмаған бұл қасіретті «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» соңы осындай ұлы жеңіспен аяқталды. Бұл жеңісте билер мен батырлардың алатын орны ерекше. Сондықтан олардың ерлігі мен нақыл сөздері халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз.
Бағлан ОРЫНБАСАР,
«Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының
ғылыми қызметкері,
тарих магистрі
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Билер сөзі – киелі (Сыр елінің билері хақында)/автор-құраст.: Т.Дайрабай, М.Ахметов. –Алматы, 2018. -352 б.
2.Мақалалар, жазысқан хаттар/Уәлиханов Ш. – Алматы: 1949. -169 б.
3.Қазақ халқының тарихи тұлғалары: Қысқаша анықтамалық/Құраст.: Ә.Көпіш. – Алматы: «Өнер» баспасы, 2016.
4.Төреқұл Н. Даланың дара ділмарлары. –Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі, 2006. -592 б.
5.Қазақтың би-шешендері: танымдық жинақ/Құраст.Талас Омарбеков. –Алматы: Айғаным баспа үйі, 2016 ж.
6.Сарай Ә. Бес мейрам (Тарихи деректер аясында)/Әнес Сарай. – Астана: Фолиант, 2016. -560 б.
1268 рет
көрсетілді0
пікір