• Тарих толқынында
  • 26 Ақпан, 2024

Оспан әулиенің күрескерлігі

Оспан Дәрменұлы 1864 жылы Ырғыз өңірінде Ақсақал Тәуіп деп аталатын елді мекенде дүниеге келген. 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліске, 1930 жылы кеңес үкіметінің саясатына қарсы Ырғыз, Қарақұм көтерілістеріне қатысқан. Осы көтерілістің бірінде ауыр жараланып қайтыс болған. 1925 жылдары кеңес билігі бұл кісіні де сайлау құқынан айырып, мал-мүлкін тәркілеген.
Осы Тәуіпке жақын жерде Кене­сарының жайлауы болған дейді ауылдағы үлкен кісілер. Ауылда ханның арнайы мал төлдететін жерін білетін адамдар әлі де көп. Ақсақал Тәуіпте Оспан әулиеден бөлек батыр, әулие атанған басқа да адамдардың есімімен аталатын жерлер көп. Оспан батырмен қатар өмір сүрген кісілердің ел қорғаудағы қызметі 1930 жылдары оларды кеңес билігі күштеп жойғанға дейін жалғасқан. Бұлар көбінесе патша бекіністерінің маңындағы ауылдарды (жерлерді) қорғап отырған көрінеді. Оспан Дәрменұлының өзі алаш зиялыларын қолдап, барынша елді қорғауға қызмет еткен.

 

1925 жылдары Торғай, Ырғыз өңіріндегі мешіттер жабылып, адамдар қудалауға түскен уақытта сол жердегі ауылдарға, байлардың қожалықтарына сырттай зерттеу жүргізіле бастаған. Алынған есепте рудың атауы, шаруашылығы, жайлау мен қыстауда отыратын жерлері, жайлауға көшетін уақыты, қыстауға келетін уақыты, сауда жасайтын жерлері, адам саны мұқият  есепке алынған. Мәселен 1927 жылғы Жаркөл болысына қатысты берілген мәліметте Ақсақал Тәуіпте отырған керейіт руы 26 қожалықтан құралған, онда 95 адам бар. Малдары негізінен ірі қара, қыстаулары – Кушкол (Күшкөл болуы керек), Бозкөл деген жерлер деп жазылған. Жайлауға шығатын уақыты – 13 сәуір, қыстауға көшетін уақыты қараша айы деп көрсетілген. Бұдан бөлек сауда жасайтын жері – Арал, сатуға мал апаратын уақыты 20.ІV – 20.VІ ай аралығы, саудаға шығаратын малды айдап апаратын қашықтық 150 шақырым шамасында делінген. Аралдағы сауда орнында көбінесе шәй, ас тұзын сатып алатыны жазылған [2.13-14 п.]. Демек, бұл жердегі халық бағалы заттарды Ырғыз жәрмеңкесінен, Түркістаннан, Орск қаласынан сатып алған деуге негіз бар. 
Оспанның қыстауы ауылдан бөлек Құяңшағыл деген жерде, құмның етек жағында орналасқан. Ол жерде Оспан әулие қасындағы Ермағанбет, Сапар деген діни сауаты бар, ұста кісілермен бірге мешіт ұстаған. Ермағанбет пен Сапар өмір бойы Оспанның қасында жүрген көрінеді. 1925 жылдары кеңес билігі Оспан салдырған мешітті тартып алған. 1960 жылдары сызылған Ресейдің әскери картасында Оспанның қыстауы мен бейіті көрсетілген. Қыстау бейіттен қашық емес. 
Оспан әулие Сыр өңірі мен Өзбекстан жеріндегі медреселерде білім алғанға ұқсайды. Ұрпақтарының айтуынша Оспанмен бірге жүрген Темірбаев Ермағанбеттің әкесі Темірбай қажы да өз қаражатымен қажылыққа барған. Темірбай қажының да бейіті Ақсақал Тәуіп маңында дейді ұрпақтары.  Қазақ халқының дүниетанымында байлық, әулиелік, батырлық ұрпақтан ұрпаққа беріліп, атадан балаға табысталатын болған. Оспан әулиенің әкесі Дәрмен де өз заманында ауқатты, діни сауаты мол, көзіқарақты адам болған. Оспан әулиенің қыстауы мен бейітіне жақын Жайсаңбай ауылының маңында Дәрмен деп аталатын жер бар дейді ауыл адамдары. 
1927-1928 жылдары бірнеше ауыл біріктіріліп Жаркөл ауыл советі құрылған. Осы ауыл советке қарасты қазақ ауылдарына арнайы адам бекітіліп, ол кеңес билігінің саясатын жүзеге асыру жолында атқарылып жатқан жұмыстарды сырттан бақылап, талдау жасаған. Онда ауылдардың және ауыл тұрғындарының саны, мешіттердің саны, кеңес билігіне қарасты ұйымдарға кіріп жатқан «шар­уа», «қара шаруа» атанған адамдардың саны, сонымен қатар идеологиялық шаралар жөнінде деректер жиналған. 1927 жылға дейін бұл жерде қанша ру, қанша мал, қазақ ауылдарының шаруашылығы, жайылым жерлері, жазғы уақытта жайы­лым жерлерінің қанша қашықтыққа дейін созылатыны көрсетілген. Осы Тәуіп маңында отырған қазақ руларының Қостанай мен Қызылорда облысының Жосалы ауданының территориясына дейін барғанын көріп отырмыз. Құжаттағы мәліметтерге сүйенсек, 1925 жылдарға дейін бұл жердегі ауылдар егін еккен, соның ішінде тары көп егілген. Бұл шаруашылық кеңес билігі құрылғаннан кейін біртіндеп тоқтай бастағаны жазылған. Сонымен қатар 1926 жылдардан кейін діни адамдар мен байлардың ықпалы әлсірей бастағаны да жазылған. Соған қарағанда кеңес билігі алғаш осы жерлерде байлар мен молдалардың рөлін әлсіретуді қолға алған. Қазақ ауылдарының тұрмысы 1920 жылдарға дейін өте төмен емес еді. Ел ішінде ауқатты адамдар көп болған, халықтың қолында ақша бар еді, халық бағалы бұйымдармен сауда жасаған. 
Әулиелік жайдан жай келмейді, Жаратушының құдіретімен беріліп отырады. Қазақта «әулие кісі», «аруақты» адам деп жатады. Осындай ерекше қасиет пен білімге ие тұлғаларымыздың діни сауаты күшті болғанын байқау қиын емес, олардың барлығы дінді де (Құранды), тарихты да жақсы білген 
Оспан әулиенің адамды емдейтін де қасиеті болған. Ондай тұлғалар көп болған тұста қазақ халқы қазіргідей болашаққа алаңдамаған еді. Әулие, батыр, бай атанған кісілер бұрын қандай жағдай болса да халық арасында, елмен бірге  болған. Соның нәтижесінде көп нәрсенің алдын алғанға ұқсайды. Қазір осы кісілікті қалпына келтіре алмай жүрміз. Сырттан жау келмек түгіл қоғамның өзінде небір сұмдық оқиғалар орын алуда. 
Ислам діні мен қазақтың дәстүріндегі таным бойынша да ең әуелі адамның рухы, көңіл-күйі, ойы таза, ниеті дұрыс болуы керек. Оспан Дәрменұлы сияқты ел ішінде үлкен құрметке ие болған әулие адамдар айналасындағыларға өзінің бойындағы қасиетімен, жылуымен бірге тарихтың тағылымын, дұрыс өмір сүруді үйреткен. 
1916 жылғы Ұлт азаттық көтері­ліске Оспан батыр арнайы қол жинап (ауылындағы адамдармен) барып қатысқан дейді білетін кісілер. Бұдан да басқа Оспан есімді тұлғалар болғандықтан халық бұл кісіні «мұртты Оспан» деп атаған көрінеді. Осы көтеріліс кезінде алда жүрген дейді аталарынан естіген кісілер. Кейін өзі ертіп келген адамдармен бірге ауылдарына қайтып кеткен. Соған қарағанда осы көтеріліс тұсында большевиктердің ел арасына кіріп іріткі сала бастағанын байқаса керек. 1916 жылғы көтерілісте негізгі шиеленіс, негізгі қақтығыс патша билігінің әскерге адам жинауына, орын алып жатқан әділетсіздікке қатысты болғаны белгілі. Кейін оны большевиктер саясиландыруды көздегені де белгілі. Ал кеңес билігі құрылғаннан-ақ талай адамның тағдыры жатқан бұл оқиға толығымен бұрмаланды. Сондықтан оның арғы жағында әлі зерттелмей жатқан нәрселер көп. 
 1927 жылы 10 қыркүйекте шыққан «О мерах борьбы с вредной деятельностью мусульманского духовенства» деп аталатын қаулыда дін мен тұлғалардың қызметін шектеуге қатысты арнайы тапсырмалардың мықтап берілгенін көреміз. Қаулыда қазақ тұрғындары мен басқа да шығыс халықтарының мәдениет тұрғысынан артта қалуы себепті мұсылман діні қызметкерлерінің еңбекші халыққа үлкен әсері бар екені айтылған. Олар мқсылман ұйымы пайдасына қаражат жинайтыны, кеңес билігіне қарсы өшпенділік саясатын жүргізетіні, бұл орайда олардың халықтық білім беруді өз қолдарында ұстап қалғысы келетіндері жазылған. Қысқасы, мұсылман діні қызметкерлеріне барынша күйе жағып, қаралауға тырысқан. Бұдан да басқа ұлттың болмысы мен мәдениетін терістеген қаулылар, арнайы қабылданған шаралар көп. Осындай жала түрлері үсті-үстіне көбейіп, барлық саладағы ұлт зиялылары қысымға ұшыраған. 
Батырлардың барлығы да өз заманында аруақты ер атанған адамдар екенін ұмытпауымыз керек. Ел қиналғанда, жау жағадан алып тығырыққа тірегенде әулие кісілерге жүгінетін дәстүр болған. Оспан баба көзі тірісінде топ алдына қолына айбалта, беліне қылыш байлап шығатын көрінеді. 1916 жылғы көтеріліске де өзінің қасындағы адамдарын бастап шыққан. Ал 1930 жылғы көтерілісте бұл кісінің қолында бесатар мылтық, белінде қылыш болған. Кеңес үкіметінің арнайы Саратов, Орынбор қалаларынан шақыртқан жазалаушы отрядтарымен болған Тәуіп, Қарақұм маңындағы қанды қырғынның бірінде қатты жараланады. Сол кезде өмір бойы қасында болған кісілердің бірі Ермағанбетке беліндегі қылышы мен қолындағы мылтығын  аманаттап кетеді. Оспанның Таразы, Биязы, Алтын деген қыздары, Қоңырбай, Мырзабек және Кенжебек деген ұлдары болған.
1930 жылы көтеріліске қатысқан адамдардың барлығының да қосыны далада ауылдан бөлек жерде болған. Осы көтерілісшілерді жоюға қатысты Ақтөбеде жабық түрде өткізілген отырыс­та қазақ көтерілісшілерінің далада лагерь болып тұрып жатқаны, соларға мықтап соққы беру жөнінде арнайы тапсырмалар берілген. Мәселен, өздері банда деп таныған топты әшкерелеу жұмыстарын ұйымдастыру, банда басшыларының туған жерлерін анықтау, Ырғыздың кеңес үкіметіне қарсы әрекеттеріне бақылауды күшейту, т.б.мәселелер күн тәртібіне қойылды. 
Мұндай көтерілістерді қарапайым шаруалар көтерілісі деп қарауға болмайды. Большевиктердің банда деп отырғаны ел ішінде әулие, батыр, ишан атанған тұлғалар болатын. Бұл көтерілістер көптеген кітаптарда Ырғыз, Торғай, Батбаққара, Қарақұм, Тоқа, Жекей-Назар, Адай деп аталғанымен, шын мәнінде ұлттық сипатқа ие болған. Күш алып бара жатқан көтерілісті басып- жаншып, басшыларын жойып жіберу үшін жоғарыдан арнайы тапсырмалар берілгенін ескерген жөн. Мәселен Ырғыз көтерілісіне қатысты Арал, Қара -Шоқат, Торғай тұсын кесіп, бөліп тас­тау жөнінде арнайы бұйрық берілген. Көтеріліс басшылары туралы ақпаратты Қостанайдың НКВД-нан сұратқанын көріп отырмыз. Бір ғана Ақтөбе өңірінде болған көтерілістерді басуға жергілікті биліктің қауқары жетпегені де байқалады. Себебі сырттан арнайы әскер шақырған. Көтерілісшілер қалаға кіріп басып алады деп қауіптенген. Көтерілістің қашықта орын алып жатқанына қарамастан әскери казарма, почта үйлеріне, қоймаларға күзет күшейтілген. 
Оспан бабамыз да мал-мүлкін, өзі салдырған мешітті үкімет тартып алғаннан кейін өмір бойы араласқан кісілермен бірге қазақ сарбаздары жиналған жерге барған. Балалары ауылда қалған. Көтеріліске шыққан кісілер екіге бөлінген (қолына қару алып соғысатын адамдар және түрлі қысымның салдарынан босқынға ұшыраған халықпен бірге жүретін кісілер). Үлкен кісілер халықпен бірге кеткен. Ал қалғандары жасақтың ішінде болған. Бұған қарап көтеріліске шыққан кісілердің көп нәрсені күні бұрын болжап, топшылағанын да ескеруіміз керек. 
Қолымызға түсіп отырған мұрағат деректерін, осы кезеңді зерттеген ғалымдардың еңбектерін және ел ішіндегі деректерді салыстыра келе мынадай ойға келеміз. Мұндай адамдар барынша ерлік көрсетіп өмірден өтті, қанша тиым салынып, қудаланса да ұстанымынан айнымады. Өкінішке қарай осы қанды қырғын кезінде қайтыс болған батырларды жеке жерлеп, басына белгі қойып, тамын салып кетуге мүмкіндік болмаған. Оспан әулие секілді санаулы адамдарды ғана «ертең ұмытылып қалмасын, бабаларының қай жерде екенін ұрпағы біліп жүрсін, ел ұмытпасын» деген оймен бөлек жерлеп, басына тамын тұрғызып үлгерген. 2006 жылдарға дейін құламай тұрған там Оспан тамы деп аталып кеткен. Кейінгі жылдары қар мен жаңбырдың суынан қабырғалары шөгіп қалған. Әулиені білетін ауылдағы үлкен кісілер арнайы барып Құран оқып кететін болған. Оспанды көрген, жас кезінде көтеріліске қатысып аман қалған (он жылдай лагерьде болған) адамдардың осы елдімекендерде 1990 жылдарға дейін өмір сүргені анық. 
 Қарабұтақтағы Сары ишанның тамын салып болғанда қанша уақытқа дейін барады деп сұраған кісілерге баласы Әбдіғани атамыз, «Бұл саман кірпіш 60-70 жылға дейін тұрады, әрмен қарай ұрпақтың өзі шешеді», – деген екен. Осы сөз халықтың есінде қалған. Оспан тамын тұрғызғанда да кірпішті екі қатар қылып, ұзақ жылдарға жарайтындай етіп тұрғызған. 
Деректерге қарап шамалайтын болсақ Оспан әулие 1930 жылы көктем мезгілінде дүниеден өткен. Сол кезде Ырғыз, Торғай жерінде бірнеше үлкен қақтығыс (шайқас) болғанын құжаттардан да көріп отырмыз. Ауылына жақын жерде болған шайқаста жараланғанға ұқсайды. Білетін, сыйласқан кісілер Оспанды жерлегеннен кейін бір күнде шешім қабылдап тамын тұрғызып кетеді. Соған қарағанда тамның кірпішін басуға біраз адам жұмылған немесе өзінің қыстауынан әкеліп тез арада тұрғызып кеткен болуы керек. Бейіттің жанында кірпіш қалау үшін, жерден ойып саз илеген орын әлі күнге дейін көрініп жатыр. Тамның артқы жағында (оң жақ артқы бұрышында) үш бейіт қатар тұр. Ата-анасы, әйелінің тамы бол­уы керек, үшеуі де қатар тұрғызылған. Бір бейіттің кейін бөлек тұрғызылғаны көрініп тұр. Үш бейіттің де кірпіші Оспан әулиенің тамына қарағанда өзгеше, көк саздан басылған. Оспанның тамы осы бейіттердің алдында. Соған қарағанда заман саябырсыған уақытта әулиені, бабасын ұрпақ іздейді, бейітін қайта тұрғызып жатса, білетін адамдар келіп зиярат етсе де қолайлы болсын деген болуы керек. 
Бала күндерінде Оспан әулие туралы үлкендерден естіген кісілердің айтуынша ол орта бойлы, қара торы, сабырлы, жөн білетін адам болған. Елді, ұрпақты қатты қадірлеген, өте балажан екен. Қиын кезде халықтың тағдырына қатты алаңдап, большевиктердің әрекетіне қамыққаны көрініп тұр. Жасы алпыстан асқанына қарамай көтеріліске қатысуының себебі де осы деп ойлаймыз. Олар көтеріліске «елдің аштықтан өлгенін көргенше, соғысып өлгеніміз артық» деген ызамен шыққан. 
Бейбіт өмірде де Оспан әулиенің белінде қылыш, айбалта, қолында қамшы жүрген көрінеді. Аңшы, өте мерген кісі болған. Оның еңбегін ұрпақтың  ұмытпағанын Оспан тамының бүгінде Ырғыз ауданындағы киелі орындардың бірі саналатынынан аңғаруға болады. 
Оспан әулие балаларының да, айна­ласындағы адамдардың да бір-біріне адал, таза болғанын қалайтын кісі болған, соны талап еткен. Жалқаулықты, себепсіз көнбістікті, атаққұмарлықты жек көрген. Кеңес үкіметіне ашық түрде қарсы шыққан. Тарихшы-ғалым Талас Омарбеков 1993 жылы «Ақиқат» журналының №2 санында жазған «Қазақстандағы халық наразылығы қалай жазаланды?» атты мақаласында Оспан Дәрменұлы қатысқан Ырғыздағы көтеріліске қатысты мынадай деректер келтіреді: «Алғашқы күндері-ақ іс әрекеттері Ырғыз ауданының шеңберінен шығып кеткен, даладағы билікті өз қолына алған көтерілісшілердің қаһарынан қатты қаймыққан Голощекин үкіметі Мәскеуден көмек сұрады. Көтерілісті басу үшін Волга бойы әскери округінен, Саратов қаласынан подполковник Евсеев басқарған 8-ші атты әскер дивизиясының бөлімдері әкелінді. Орынбор арқылы келген тачанкамен, пулеметпен және аэропландармен жабдықталған, қаруланған жазалаушылар панасыз ен даладағы көтерілісшілерді аңша қуалай атып қанға бөктірді. 
Шешуші шайқас 1930 жылы 9 наурызда Күлқамыс деген жерде болып, онда көтеріліс басшысы Қанайұлы Айжарқын және оның 35 серігі қаза тапты. Күш тең емес ұрыстан жөңкіле қашқан салт атты көтерілісшілерді жазалаушылар пулеметпен қуалай атып, қылышпен кескілеп жусатып қырды. Жүздеген көтерілісші құрбан болды. 131 көтерілісші қолға түсті. Оларды жазалауда ОГПУ-дің үштігі ерекше белсенді болды. Оның 1930 жылғы 14 шілдедегі шешімімен көтерілістің 12 басшысы ату жазасына кесілді. 13 адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Дәл осындай жаза алған 12 адам 5 жылға, және12 адам 3 жылға сотталды, 5 адам жер аударылды. 64 адам шартты түрде бостандығынан айырылды...» [5. 50 б.]. Оспан әулие де осы қанды қырғынның кезінде жараланып, қайтыс болған. Көтеріліске шыққан адамдардың қанша қысымға ұшырап, қиналса да бір-бірін тастамағанын көріп отырымыз. 
Сырттан арнайы қаруланған әскер келіп бұларды қырып салғаннан кейін кеңес билігі олардың отбасын, балаларын қудалауды тоқтатпаған. Олардың мүлкін тәркілеген. Содан Оспан сияқты тұлғалардың балалары, ауыл-аймақ  амалсыздан бас сауғалауға мәжбүр болған. Себебі кеңес билігі әулеттің атасынан бастап, немересіне дейін қудалаған. Осындай қиындыққа тап болған байдың, діни адамдардың, яғни кеңес билігіне қарсы деп саналған кез келген адамның ұрпақтары әкесін іздемек түгіл балаларына, немерелеріне де айтуға  қорыққан. Большевиктер әке мен баланың, ата мен ұрпақтың арасын осылайша бөліп тастады, барлық саясаттың тек соған негізделгені белгілі. Байдың, әулие, имамдардың балалары үнемі кеңес үкіметінің назарында болды. Сол себептен үлкендер жастарға бар шындықты айта алмаған. Халықты қасақана бай, кедей деп бөлу саясаты талай адамды тегін жасыруға мәжбүрлеген. Оның үстіне 1930 жылғы көтерілістен кейін қоғамның барлық саласын тазалауға арнайы тапсырмалар берілген. Талай адамдар қайта қудалауға ілікті. Жасы жетпей тұрса да талай бозбала 1941 жылы соғысқа жіберілген. Көтеріліс кезінде ата-анасынан көз жазып жетім қалған талай бала балалар үйінде тәрбиеленді, көбісі сол жерде қайтыс болды. Ауыл адамдарының көтерілісшілердің балаларын барынша жасырғанын, ересектерін басқа жаққа қашырғанын да талай естідік. Олардың көбі ұсталған, аштық кезінде қайтыс болған. Оспанның балалары да әкесі қайтыс болған соң Сыр өңіріне қарай қашады. Үлкен екі қызы Таразы мен Биязының күйеулері ауқатты адамдар болғандықтан, 1930 жылғы көтеріліске қатысқандықтан қуғындауға бірден ілігіп біреуі Түркіменстанға кеткен. Биязы сол жақта қалған. Оспанның осы жақта қалған ұрпақтарының айтуынша Кенжебек атамыз 1951 жылдан кейін апасын іздеп Түркіменстанға барғанда қудалауға ілігіп таба алмай елге қайтады. Ал Таразы әжеміз осы аласапыран кезінде екі баласын балалар үйінен іздеп таба алмаған көрінеді. Оспанның екі қызы да осы жерде тұрмыс құрған дейді. Байқауымызша,Таразының күйеуі 1919 жылдары Алашты қолдап ақтармен бірге қызылдармен күрескенге ұқсайды. Бұл кісі басқа ауылда тұрған, күйеуі кеңес билігінің қысымына ерте іліккендіктен әкесімен де көп араласа алмаған сияқты. Өмір бойы Оспан әулиенің қасында елге қызмет еткен Темірбай қажының ұлы Ермағанбет Тәуіптен Сыр өңіріне қарай кетіп бара жатып жолда кітаптарды, басқа да заттарын жасырып, көміп кеткен дейді. Тәуіптен Сыр өңіріне қарай кетіп бара жатқан адамдардың қолындағы қалған азғантай заттарын жазалаушы отряд жолда тартып алған. Содан бұлар әрмен қарай дымсыз кетеді. Сыр өңіріне келгенде де жағдайлары өте қиын болған. Оспанның қызы Алтын әжеміз «1930 жылы әкеміз қайтыс болғаннан кейін үйде ешқандай мал қалмады. Әкеміздің мал-мүлкін кеңес үкіметі көзі тірісінде тартып алды. Елді аштық қыса бастады. Қармақшыға келген соң да оңай болған жоқ. Бәрімізді Тәуіпбай асырады. Заман өте қиын болды, әкеден де, шешеден де айрылдық, қолымызда ештеңе болған жоқ. Бізді осы қиындықтан шығарған, бәрімізді аштықтың кезінде аман алып қалған Тәуіпбай. Тәуіпбайдың әкелген нанын бөліп жеп, күнелттік», – деп балаларына айтып отырады екен. 
Кеңес билігіне қарсылық танытқан кісілердің айналасындағы адамдарды НКВД сырттай зерттеген болуы керек, 1917 жылы Тәуіптің №7 ауылында тұрған үй иелерінің ішінде Темірбаев Ермағанбеттің фамилиясының тұсында қызыл карандашпен белгіленген. 1917 жыл­ғы жүргізілген бүкілресейлік ауыл­шаруашылық санағын қарайтын болсақ Оспанның баласы Оспанов Қоңырбай және Оспанмен бірге жүрген Темірбаев Ермағанбет сол кездегі Торғай облысына қарасты Ырғыз уезінің Тәуіп болысының №7 ауылында тұрған. 1931-33 жылдардағы ашаршылыққа дейін бір ғана Тәуіп болысының №7 ауылында 247 үй болған. Осы тізімдегі үй иелерінің ішінде осы кісілердің де есімдері жазылған. Бұл деректер Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағатының 69-шы қорында сақтаулы. 
Оспан әулие туралы көп нәрсе айтуға болады. Ол патша заманында әулие, батыр ретінде елге қызмет етіп, патша саясатының ықпалынан өз аймағын барынша қорғаған кісілердің бірі. Осы Оспан сияқты кісілерді зерттеу, мұрағат қорларында жарыққа шықпай жатқан деректерді шығару арқылы көптеген тарихи шындықтың бетін ашуға болады деп есептейміз. Бұл кісі туралы бала кезінде көп естіген адамдардың қатары жыл сайын азаюда. Олар кетсе көптеген құндылықтарымыздың тарих қойнауына көмілетіні белгілі. Бір білетініміз, халық кеңес билігінің қиянатына қарамай Оспан бабаның әулиелігін, батырлығын ұмытпаған. 1980 жылдардың өзінде бұл кісінің басына арнайы барып, аруағына бағыштап дұға оқитын кісілер көп болған. Әулие, батыр болған кісіні қайтыс болған соң да далада белгісіз қалдырмай, өзінің қыстауына жақын жердегі ата-анасының қасына әкеліп тамын тұрғызып кетуінің өзі таңқаларлық жағдай. Бұның барлығы әулиенің елге жасаған қызметінің көрінісі дейміз. Өздерінің басына қауіп төніп тұрса да Оспан әулиені білетін, кезінде сыйласқан кісілер барынша қызмет етіп кеткен. Аласапыран уақытта олардың қай жаққа кетіп, қай жерде қалғаны белгісіз. Батыр адам дүниеден өткенде оның батырлық қызметі тоқтайды, бірақ әулиелік қасиеті жоғалмайды. Оспан сияқты біртуар тұлғалардың рухы, ел жадында қалған бейнесі бүгін бізді осындай ойға жетелейді. 
1930 жылғы көтерілісте ел тағдыры үшін айқасқан Оспан сияқты қазақтың әулие, батыр кісілерінің тарих алдындағы еңбегін көргенде Мағжанның мына бір сөздері еріксіз есімізге оралады:
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп, тынбай жортқан,
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан.
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас. 
Арқаның селі, желі, шөлі, белі
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас! [6. 254 б.] Бүгінгі ұрпақ мұны да ескеріп, олардың еңбегін ұмытпауы керек деп есептейміз. Осындай әулие кісілер ескерусіз қалмауы керек.

 

Үмбетқан СӘРСЕМБИН, философия ғылымарының кандидаты, 
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

 

Пайдаланылған дебиеттер:
1.Бөкейхан Ә. Шығармалары – сочинения. ХІҮ т. – Астана: «Алашорда» Қоғамдық қоры, 2008. – қазақша, орысша. – 521 б. 
2. Материал орентировочного обследован. Административных аулов Жаркульского волости Челкарского уезда Актюб. Губерн. За 1927-28 г. / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 69 қор, 1 тізбе, 668 іс. 1-70 пп.
3.Циркуляр центрального админис­ тративного управления Каз АССР о мерах борьбы с вредной деятельностью мусульманского духовенства о выдаче разрешения преподавание мусульманского вероучение в мечете, о регистраций устава мусульманского духовенства и о надзоре за религиозными обществами / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты, 4 қор, 1 тізбе, 56 іс. – 30 п. 
4.Протоколы заседаний мобилизационной тройки Актюбинского окружного комитета ВКП (б) / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты, 9 қор, 1 тізбе, 447 іс. – 17 п. 
5.Омарбеков Т. Қазақстандағы халық наразылығы қалай жазаланды? / Ақиқат, №2 Ақпан 1993.- 96 б. 
6.Жұмабаев М. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 448 бет. 
 

 

1819 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз