• Тарих толқынында
  • 26 Ақпан, 2024

«МЕНІҢ МҰСТАФАМ»

  Мария Шоқай естелігінің құндылығы неде?  

 

Мұстафа Шоқай  1918 жылдың сәуірінде Мария Горинаға үйленгеннен кейін Ташкент­ке  өзінен 15 жас үлкен ағасы Сыздық  келеді. Әсілі үйде келіні болмаса керек. Інісінің үстеліндегі суретін көріп: «Әйелің ғой, ә?» деп сұрайды. Інісі  құптағаннан соң мақұлдағандай бас изеп, бақыт тілейді. Қоштасарда інісіне бұрылып: «Сенің дұшпаның көбейіп барады, Құдай қаласа, әйелің саған нағыз дос болар», – деген еді. 
Мария Шоқай бұл сенімді толық ақтады. Мұстафаның басына түскен талай тағдырлы тірлікте қасында болды. Ері күлсе қуанды, уайымдаса қайғырды. Жарынан айрылғаннан соң қиыншылықтар күшейе түсті. Жалғыздықтың ащы дәмін барынша татты. Бірақ мойымады. Алға қойған тірлігін түгел дерлік атқарып, жасы 80-ге қарағанда Шелль қаласындағы қарттар үйіне орналасқан болатын. 
Ал Мария Яковлевна Горина кім еді? Неге бұл кісі 1918 жылы‑ақ жарының өмірінің күрделі екенін көріп-біліп отырып, мұндай қадамға барды, болашағы белгісіз тағдырға бас тікті? 
Өмірбаяндық мәліметтері тым кедей. Қолымызға түскен орыс тілінде жазылған «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетелдік архив құжаттары» атты кітапта «Гурина (туғандағы тегі – Ә.Б.) Мария 1890 жылғы 23 желтоқсанда Вильнюсте дүниеге келген. Әке‑шешесі Яков және Анастасия Карцинкиндер. Одесса операсының әншісі болған». Төрт жасынан он алтыға дейін Одессада тұрған. Санкт-Петербургте консерваторлық білім алған. 1912 жылы Мәскеу опералық группасында болады. Өзінен жиырма екі жас үлкен кісіге күйеуге тұрмысқа шыққанына қарағанда әке-шешесі ерте дүние салған сияқты. Ал Мұстафамен табысқаннан кейінгі жиырма үш жылдық өмірін өзі жазып кетіп еді... 
Мұстафа Шоқайдың осы кезге дейін толық өмірбаяны жазылмағанын ескерсек, Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» атты естелік‑кітабы теңдесі жоқ туынды. Сол себепті ұлы тұлғаны арнайы зерттегісі келген тарихшы не саясаткер өзінің алғаш қадамын осы еңбектен бастағаны жөн. Өйткені шығармашылық қиялда алдымен ұлы тұлғаның өмірі мен саяси қызметінің қысқаша болса да жүйесін жасап алмай, ол туралы толымды туынды жазу қиын. 
Айрықша зерделілікпен жазылған, алайда автордың өзі «Оқыр­мандардың бұл шығар­ма­ның әдеби көркемдігіне аса мән бермеуін өтінемін. Өйткені мен шы­ғарма жазуға қабілетсізбін. Әсіресе, өмірбаян жазу қиын шаруа. Өзіме ең жақын адам жайлы толқымай отырып жазу да мүмкін емес еді», – деп аса қарапайымдылықпен басталған шынайы шындыққа әрі нақты мәліметтерге толы еңбекті тебіренбей оқи алмайсың. Бұл – Мария Шоқайдың жарына деген ерекше терең түсіністік пен айрықша ықыласының айқын көрінісі.  
«Дүниеден қайтқан адамды ес­ке алғанда оның өткен өмірі, істеген әрекеттері көз алдыңа елестеп, жан­ды бейнеге айналатыны сондай, жазылғандарды оқи отырып, оның өмірінің кейбір тұстарының ұмыт қалғанын көресің. Көресің де толықтыра түскің келеді, ойың сан-саққа жүгіреді»» деп ерекше толқыған Мария Шоқайдың бұл еңбегі жары қайтыс болғаннан соң қырық жылдан соң аяқталып, соңғы нүктесі қойылған еді. 1958 және 1963 жылдары орыс тіліндегі қолжазба күйінде Мұс­тафа Шоқайдың шәкірттері, про­фессор Әбдуақап Оқтайға жә­не оның жұбайы Саида Оқтайға жі­­береді. Бұл Т.Шағатайдың ау­дар­­масымен 1972 жылы Мұстафа­ның дүниеден өткеніне 30 жыл толу қарсаңында Ыстамбұлда «Жұ­байы­­ның аузынан Мұстафа Шоқайұлы» (166 бет) деген атпен түрік тілінде жа­рық көреді. 1997 жылы Ыстам­бұлда қазақ тілінде шыққан «Мұстафа Шоқай. Мария Шоқай. Ес­теліктер» жинағының бірінші бөлімінде Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінді­лер» атты шығармасы беріліп, екін­шісінде «Мұстафа Шоқай туралы есте­ліктері» енген болатын. Бұған бүкіл түрік жұртшылығына белгілі азаматтар – Тұран Язған мен Хасан Оралтай қамқор болған еді.
Осындай, қазағым айтқандай, сегіз қырлы, бір сырлы бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті Мұстафа Шоқайға арналған тұң­ғыш естелік шағатай тілінен аударылып алғаш рет 1998-1999 жылдары Мұстафа Шоқайдың таң­дамалы шығармаларының екі том­дық жинағына «Менің Мұстафам» де­ген атпен енді. 2000 жылы Стам­бұл­да «Тұран» мәдениет қоры есте­лікті екінші рет жеке кітап етіп бас­тырды. 2007 жылы жарық көрген Мұстафа Шоқайдың таң­дамалы шығармаларының үш том­дық жинағына да қайта енген болатын. 
«Есте қалған өткен өмір белестерінен құрастырылған бір шығарма жазу керек болды» деп аяқталатын қысқа «Кіріспеден» соң естелік Мұстафа Шоқайдың ата‑баба шежіресінен басталады. Атасы Торғай датқа, әкесі Шоқай, анасы Бақтыбике туралы тұңғыш мәліметтер беріледі. Мұстафа отбасында ерке өседі, оқу‑жазуды анасынан бес жасында үйренеді. Ағасы Әліш ашқан төрт жылдық медресені екі жылда бітіреді. Есте сақтау қабілеті өте күшті Мұстафа үйіне келген қонақтарға бар білгенін айтып, Құранды да оқып береді екен. Ата‑анасы түрік мұғалімінің айтуымен көз тимесін деп Мұстафаның басына үкілі бөрік кигізген көрінеді.
Орыс қоныс аударушылары мен шенеуніктерінің озбырлықтарын басынан өткізген, «Үлкейген соң ақылды адам болып, бүкіл қазақтарға пайдалы боласың» деген Шоқай аса зеректігімен ерекшеленген баласының орысша оқып, өз құқығын өзі қорғай алуын ойлайды. Арнайы барып келісілген Перовск училищесіне оқу бас­таларда Мұстафа ауырып бара алмай, Сұлутөбе бекетіндегі темір жол орыс мектебінде оқиды. Оны бітіргеннен соң «Перовск училищесін 1902 жылы бітірген» деген құжат алады. Әсілі қайта‑қайта медресе ашып жүрген Әліш Сұлутөбедегі мектепте оқып жүргенде ретін тауып інісін училищенің оқу жүйесімен байланыстырып отырған сияқты. Әйтпесе ол кезде Қазақстанның оңтүстік өңіріне мәлім болған оқу орны сабаққа қатыспағанға бітірді деп құжат бере салмайды ғой. 
Мұстафа Шоқай үшін оның Ташкенттегі ерлер гимназиясындағы сегіз жыл оқуы маңызды кезең болады. Осында орыс тілін жетілдіре түсіп, өлкенің жергілікті халқының арыз‑шағымдарына көмектесіп, қоғамдық жұмысқа белсенді араласып, жергілікті халықтың ахуалын таниды. Үстем биліктің күрделі жайын да біле бастайды. Қырдан түрлі өтінішпен келген адамдардың ісіне араласып, өлке мекемелерінде аударма жасауға қатысып, кейде арыздар жазып береді. Тіпті осындай жұмыстармен өлке генерал-губернаторы А.Самсоновтың алдында да бірнеше рет болыпты. Оның Мұстафаны тілмаштыққа жұмысқа шақыруының осындай себебі бар еді. Оның үстіне оқуды үздік бітіргенде Түркістан генерал‑губернаторы А.Самсоновтың алтын медальді «бұратана» баласына қимай, оны орыс оқушысына жаздыруы Мұстафа көңілінде терең із қалдырады. Бірақ Зепрометов бұл ұсыныстан бас тартып, өзіне тиесілі күміс медальмен шектеледі.
1910 жылы Мұстафа Шоқай Ресейдің маңдай алды оқу орындарының бірі Петербург университетіне түсіп, онда терең білім алып, Батыстың өркениетінен де сусындайды. Студент кезінде‑ақ «Сен ақ патшаға жақын тұрасың, оған біздің тілектерімізді жеткіз. Мы­на мәселе былай болуы керек еді, былайша уәде берілген еді, бі­рақ олай болмады» деген мазмұн­дағы өтініш хаттар, әртүрлі хабарлар өзі дүние есігін ашқан Ақмешіттен жиі келіп тұрған көрінеді. Мәселенің көбі жер дауымен, әсіресе қоныс аудару басқармасының орыс қоныс аударушылары үшін тартып алған жерлері – көшпенді халықтың тіршілік негізіне айналған қыстауларына байланысты болған. Мәселелер өте қиын, кейде айлар бойы шешімі табылмай, Сенат мәжілісіне дейін жетіп жатыпты. 
Мұстафа Шоқай Санкт‑Петербургте бас-аяғы 6-7 жыл болып, Императорлық университетті ойдағыдай аяқтап, сол кездегі Орталықтағы саяси-қоғамдық өмірге белсенді араласып, түркі мұсылман халықтары жиындарына қатысты. 1912 жылдан Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы мүшелерімен танысып, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, 1914 жылдың желтоқсан айында өткен Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдарының съезінде сайланған Орталық комитетінде жұмыс істей жүріп, түркі халықтарының қайраткерлерімен қоян-қолтық араласады. 
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ұсынысымен Мұстафа Шоқай 1916 жылғы тамызда Мемлекеттік думаның жанындағы Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.М.Тевкелев жетекшілік еткен құрамында фракция мүшесі Шәкір Мұхам­едияров және кейін қосылған депутат А.Ф. Керенский бар делегацияның ау­дар­­машысы, хатшысы және маман‑зерттеушісі ретінде Түркістан өлке­сіндегі сапары кейінгі оның өмірінде ерек­­ше рөл атқарады. Соның бірі – Әлихан Бөкейханның ұсынысымен Мемлекеттік Думаның Мұсылмандар фракциясының бюро хатшылығына орналасуы еді. Өзіне Еділ және Қырым татарлары, Кав­­каз халықтары, Орал башқұрттары жүктеген түрлі саяси міндеттерді өте жақсы орындап, өз халқын азат ету басқа да түркі тектес езілген ха­лықтарды патша өкіметінің отар­шылық саясатына қарсы ұйыс­тыру­дың нәтижесінде ғана мүмкін екені жөнінде таным қалыптаса бастайды. Кейін шетелде жүр­ген кезінде оның Ресей иелігіндегі аймақтардағы ха­лық­тардың ортақ отарлық езгіден құтылуын армандауы, осы үшін күресуі жайдан-жай емес еді. 
 Мұстафа Шоқайдың Түркістан өлкесіне сапарында Петербургте бірге оқитын генерал Сахиб‑Гарей Еникеевтің балаларымен, Ташкент гимназиясында оқыған кездегі достарымен бірге болашақ жары Мария Яковлевнамен танысады. Күйеуі өлкелік прокуратура мүшесі болғаннан соң Петербург делегациясы бұлардың үйінде де бірнеше рет қонақ болады. Сол кездегі Мұстафа туралы: «Ол астаналық модамен өте әдемі киінген, тәрбиелі екендігі көрініп тұратын. Өте ұқыпты болатын. Оның қасында жүру қызықты көрінетін» деп жазуына қарағанда Мария Шоқайдың сезімтал жүрегіне сол кезде ұшқын түскен сияқты. 
Петербордағы ке­зең Мұстафаның нағыз саяси уни­верситеті болды. Ол саясаткер, сая­си күрескер ретінде қалып­тасты. Егер 1917 жылғы төңкеріс болмағанда оның Мемлекеттік Думаға мүшелікке сайлануы да мүмкін еді. Алайда Ақпан төңкерісі, патшаның тақтан түсуі, Уақытша үкіметтің орнауы орыс революцияшыл демократтарының ықпалы оны жаңа бағытқа жетеледі. 
 Наурыздың соңғы күндері Мұстафа Шоқай Ташкенттен жеделхат алады. Онда Ақмешіттен делегат болып сайланған Түркістан өлкелік атқару комитетінің құрылтайына шақырылған еді. Содан Ташкентке кетер алдында Петербург қалалық жұмысшы, солдат депутаттарының кеңесінің төрағасы Н.С. Чхеидзеге жолығады. Араларындағы сұхбат Түркістан туралы болады. Өздері бастаған жұмыстың жайы туралы Н.С.Чхеидзенің сұрағына Мұстафа: «Біз Түркістанның автономия алғанын қалаймыз. Сондықтан автономияға әзірлік жасап жатырмыз» деп жауап қайтарады. Бұл жауаптан екі нәрсені аңғаруға болады. Біріншісі Алаш жетекшілерінің автономия туралы ойларының күн тәртібіне енгенін білдірсе, екіншісі осындай лауазымды кісімен тең сөйлесе алу Мұстафаның да ой өресін байқатқан болатын. 
Мұстафа Шоқай сәуір басында Ташкентке жетеді. Ол Түркістан ұлттық комитетінің төрағалығына сайланады. Өлкеде автономия үшін күреске жол ашылады. Алайда сол кездегі өлкедегі саяси‑әлеуметтік жағдай, әсіресе діни ұйымдар арасындағы қатынас аса күрделі екенін толық түсінген Орталық кеңес пен оның төрағасы Мұстафа Шоқай Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті, өлкелік жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі мекемелерімен тиімді қатынас жасау, революцияның алғашқы күндері құрылған араларында байланысы жоқ, бола қойғанда көбіне қайшылықты қарым‑қатынасты екінші қатарға қойып, түрлі мұсылман қоғамдарын, комитеттер мен одақтарды бір орталыққа біріктіруге ұмтылады. Үлкен қажыр‑қайрат, шебер ұйымдастырушылық жұмысты қажет еткен бұл тірлік нәтиже бермей қоймады. Мұстафа Шоқайдың нағыз саяси қызметінің алғашқы шыңы Қазақстан мен Орта Азияда тұңғыш жаңа мемлекеттің үлгісі болып саналатын Түркістан Мұқтарияты болды. Алайда ол барлығы 64 күн ғана өмір сүрді. Большевиктер оны жойып, Қоқан қаласын күлге орады. Басшылары түгел дерлік тұтқындалады. Содан басын әкеп бергенге 1000 сом тігілген Мұстафа Шоқай жан сау­ғалап, Ферғана тауларын аралап, талай тағдырды бастан ке­ші­ріп, Ташкентке жетіп, жасырынып жүріп, қиын қыстау кезеңде өзіне сүйеніш болар адам іздеді. Таңдау 1916 жылдан танитын, бірақ арада өткен жылдары кездесе қоймаған Мария Яковлевна Горинаға түседі. Мұндай қадамға баруға табиғатын таныған жанның кейінгі отбасылық жағдайы, он жыл отасқан заңгер күйеуінен ажырасып, Мәскеуге кетудің қамымен жүргені себеп болған сияқты. Мария Яковлевна жазғы киімдерін алуға үйіне келгенде осында күйеуімен келісіп тұрып жатқан қасында қорғаушысы бар Мұстафа Шоқайға жолығады. Ол сөз арасында өзін іздеп жүргенін, паналайтын жаңа жер керектігін, соған көмектесуін сұрайды. Қаладан тысқары жерге аттап басуға болмайды. Мұстафаны іздестіру шаралары өте жіті жүріп жатқан кез. Оны таныған кез келген ресми органның адамы «пролетариат диктатурасын таратушы» деп атып тастауы мүмкін еді. 
Осы сәтте бір мәнді мәселені айта кетсек артық болмас. Ол Мұстафа Шоқайды білетіндердің оған деген ерекше ықыласы. Мария Яковлевнаның үйін уақытша паналағанда оның өлкелік прокуратурада қызмет ететін күйеуі Мұстафаны іздестіру жүріп жатқанын білмеді емес, білді. Алайда үйінде уақытша тұруға рұқсат берді. Сондай-ақ Мария Яковлевна жарынан 1918 жылдың кыркүйек айының соңында Челябинскіде бөлініп қалғаннан 1919 жылдың 1-ші мамырында Тифлис вокзалында жолыққанша қанша уақыт кеңестік биліктен қашып, шетелге кетіп бара жатқан Мұстафаның таныстарының жан ашырлық көмегін көрді. 
Мария Яковлевна Мұстафаның жағдайын түсінеді. Оны басқа жерге орналастырып, оған әскери киім кигізеді. Оның өтінішіне қарай азық-түлік жеткізіп тұрады. Тағдыр осылай екеуін табыстырады. Бұрынғы ұшқын енді жалынға айналып, екеуін де мәңгілік жылытқан болатын. Болашақ жарының талап етуімен 1918 жылдың 18 сәуірінде ол мұсылмандықты қабылдап, екі өзбектің куәлігімен ескі Ташкент мешітінде имам некесін қияды. Сол күннен бастап Мария Яковлевна өзіне Шоқай атын қосып алады. Ташкенттен тезірек кету керек болады. Жарын оңайлықпен адам танымайтын етіп ауыр жаралыға ұқсатып,  бет-аузын таңып, Мария Яковлевна жолға дайындалады. 
Бірінші мамыр күні станцияға келіп, Орынбор бағытындағы пойызға отырады. Жолаушылардың билеттері мен рұқсат қағаздарын тексеріп жатқанын көріп бұлар қатты абыржиды. Аузы мен мұрнын ауа жұту үшін ашық қалдырып,  басын жақсылап таңып тастаған Мұстафа күн ыстығы мен қорқыныштан зорға шыдайды. Ол кезде құжаттарға сурет жапсырылмайтын. Тиісті құжаттар дайын болғанымен, бет-жүзін ашып тексерсе, Мұстафаны танып қоюы мүмкін еді. Кезек осыларға келгенде тексеруші артына қарап біреумен сөйлеседі де, жаңылысып, келер купеге өтіп кетеді. Осылайша бұлар тексеруден құтылады,  пойыз да қозғалады.  Алайда соғыс­қа байланысты темір жол жабық бол­ғаннан кейін бұлар Ақтөбеге жетіп тоқтайды. Содан түрлі көлікпен алдымен Орынборға, Самара мен Уфаға, одан Екатеринбургке жетеді. Алайда онда қалыптасқан жағдайға байланысты 1918 жылғы 19 қарашада осында таратылған Құрылтай мәжілісінің мүшелері украиндық Вадим Чайкин, Қазан уәлаятынан Ильяс Алкин, Мұстафа Шоқай және өзі де басқа тұтқындалғандармен бірге жүк вагонымен Челябинскіге жеткізіледі. Осында Мұстафа Шоқайлар құпия жиналыс өткізіп, бөлініп Кавказға қарай бағыт алуға мәжбүр болады. Ал Мария Шоқай 1918 жылдың 24 желтоқсанында Челябинскіден шығып, 1919 жылдың 20 сәуірінде Бакуге жетеді. Содан бірнеше күннен кейін Тбилисиге бағыт алып, пойыз мамырдың 1-інде станцияға тоқтағанда, қолында бір шоқ гүлі бар  Мұстафа Шоқай күтіп алады. 
Тағдырдың жазуымен Грузияда екі жылдай тұрған Мұстафа Шоқай саяси қызметін де, шығармашылық жұмысын да жалғастырады. Бұл шетелге бетбұрысында маңызды кезең болды. Бұған Грузияда қызмет бабымен сапарда болғанымызда біздің де көзіміз жетті. Түркістан құрылтай жиналысын шақыру жөніндегі комитеттің өкілі ретінде Мұстафа Шоқай өзіне тапсырылған тарихи миссияны абыроймен орындап, Отанында қалғандардың сенімін ақтауға тырысады. Ол 1919 жылдың 4 наурызында Швейцарияның Берн қаласында өтіп жатқан Халықаралық социалистердің конференциясы секретариатына хат жолдайды. Онда Түркістан аумағындағы адамзатты масқаралайтын және Интернационалдың араласуын мәжбүр ететін төтенше фактілерді мәлім етеді.
Мұстафа Шоқай түрік халықтарының азаттық күресінің әділеттілігіне, олардың бастан кешіріп отырған зорлық-зомбылықтарын, большевиктердің ұлттық саясатының бетпердесін барлық күш-жігерімен ашып көрсету мақсатын жүзеге асыру үшін одақтастар іздестіріп, большевиктер режиміне қарсы күреске Түркістанан басқа да елдерді жұмылдыру мәселесін алға қояды. Осы бағытта Украинаның өкілі Красковскиймен бірге ақпараттық бюро, орыс және батыс еуропа тілдерінде басылымдар ұйымдастыру жөнінде жоспар жасайды. «Түркістан және Украина» бірлескен ұлттық орталығы құрылады. Грузиндер қолдаған бұл идея кейін Кавказ ұлт-азаттық қозғалысын біріктіріп, ол «Вольный союз» ұйымы аталады. Осының демеушілік жасауымен, Солтүстік Кавказдың көрнекті өкілі, Осетин-мұсылман, кавказ халықтарының тәуелсіздігі қозғалысының қайраткері Ахмет бей Цаликатидің (Цаликов) көмегімен Мұстафа Шоқай 1919 жылдың қараша айынан «На рубеже» журналын шығарады. Оның негізгі міндеті Ресейдегі халықтардың еркін ұлттық өмірін қалыптастырудың және мемлекеттік тәуелсіздік орнатудың теориялық және тәжірибелік жолдарын көрсету, олардың мүдделерін, экономикалық мұраттарын біріктіретін жаңа мемлекеттік құрылым идеяларын насихаттау болды. 
Мұстафа Шоқай мақалаларының дені 1919-1920 жылдары шыққан «Вольный горец» қоғамдық-саяси және әдеби басылымда жарық көрді. Ерекше белсенділіктің нәтижесінде Тифлис­те барлығы 60-тай мақала жазылып, жұрт назарына ұсынылған. Мақалаларды тақырып жағынан қарағанда бірден көзге айқын түсетін, алыстан атойлап тұратын автордың мәңгілік тақырыбы – Түркістан, оның кеңестік кезеңдегі тірлік тынысы, халқының көріп отырған озбырлығы мен қиянаты. «Вольный горец» 1921 жылдың қаңтарынан «Независимый горец» деп аталады да, мұнда Мұстафа Шоқай төрт мақаласы шығып үлгереді.
1921 жылдың 16 ақпанында Кеңес әскерлері Грузияны тізе бүктіріп, Демократиялық республиканы құлатады. Мұстафа Батумиге ауысып, осындағы «Батумская жизнь» газетінде үш мақаласы жарияланды. «Ресейлік большевиктер Закавказьені, бүкіл Таяу Шығысты кеңестендірудің көптен бергі жоспарын жүзеге асыруға тікелей кірісті» деп бас­талатын «Грузияның тәуелсіздігі үшін және мұсылмандар» атты мақаласында: «Грузияның қасіреті – бүкіл алдыңғы Азияның қасіреті», өйткені «Еркін, тәуелсіз Грузия – өзін-өзі растау үшін күрескендердің барлығының тірі символы» деп жазды. 
Мұстафа Шоқай көп ұзамай Батумиден түрік кемесіне мініп, Стамбулға жетеді, бірақ мұнда көп тұрақтай алмай, Франциядағы орыс демократ эмигранттардың көмегімен Парижге барып, осында баян табады. Алғашқы кездерде А.Ф. Керенскийдің «Дни», П.Н.Милюковтың «Последние новости» газеттерінде корректор болып істейді. Мақалаларын да осында жиі бастырады. Бұған екі жағдай мәжбүр етті. Біріншісі – әлі күрес алаңының жоқтығы, екіншісі – күн-көріс қамы болды. Бірақ орыс демократтарының Түркістан мен өзге орыс емес халықтарды мойындағысы келмейтіндігі себебінен олардан 1923 жылдан қол үзеді. Кейін, 1927 жылы Ыстамбұлда Заки Валидидің бас редакторлығымен «Иени Түркістан», 1929 жылы өзінің бас редакторлығымен «Яш Түркістан» журналдарын ұйымдастырады. 
Сол кездегі Франция үкіметінің заңдары шетелдік пана іздеушілер (эмигранттар) үшін демократиялық тұрғыдан алып қарағанда қолайлы болады. Бірақ Германия соғысты бастағаннан соң эмигранттардың бірсыпырасы Америкаға, мұсылмандары Түркияға кетіп жатты. Мұстафа Шоқайға да кетуге мүмкіндік болды, Америкаға визасы бар еді. Алайда Мұстафа мұндағы идеялас жолдастарын тастап, мұхит асып, елден тым жырақ кетуді қаламады. Оның үстіне ол «Маған паналауға орын берген мемлекетті тастап кету, өз Отанымды тас­тап кеткенмен бірдей» деп ойлады. Мария бұл жөнінде ойлағанымен, жары сыңай танытпағандықтан жабық күйінде қалып, сабыр сақтады.
 1939 жылы қыркүйекте екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Мұстафа үйде отырып жазумен айналысып, 5 лампалы радио қабылдағыштан үзбей соңғы жаңалық тыңдады. Радио ескі болғандықтан, кейде хабарлар дұрыс естілмей қатты ашуланып,  каналдарды түрік, неміс тілдеріндегі толқындарға ауыстырып әбігерге түсіпті. Кейбір кездері өзімен-өзі болғанды қалап, тұйықталып та қалған көрінеді. Әсіресе, соғыс басталғалы жүйкесі сыр бере бастайды. Ақылдасу керек дегенді жиі айтады. Бірақ Мария Яковлевна ештеңе сұрап мазаламайтын, кейін оның себебін Мұстафаның өзі айтып береді екен. 
Көп ұзамай 1940 жылғы 13 мамыр күні немістер Парижге келеді. Германия Францияны басып алғаннан кейін жаңа париждіктердің жағдайы күрт өзгереді. Мұстафа Шоқай орыс эмигранттармен бірге тұтқындалып, Кампиен түрмесіне жабылады. Оған түркістандық тұтқындар алдында радиодан сөз сөйлеу туралы ұсыныс жасалады. Бірақ Мұстафа тұтқындармен  кездеспей, оларға радио арқылы ештеңе айтпайтынын түсіндіреді. Одан босатқаннан соң екі күннен кейін Германияға, Берлинге кетеді. Ол өзімен хабарласып тұруы үшін үйінде екі рет болған неміс полициясының қызметкері Уали Каюм сарайының адресін беріп, ашық хат жазуын өтініп, өзінің де  хат салып тұратынын, соғыс кезінде осылай еткен дұрыс екенін айтады. Мария Шоқай жарының кетіп бара жатқан сәтін көру үшін терезеге жақын барып, оның соңғы рет ишарат етіп «сүйдім» дегенді білдіріп қолын бұлғағанын, содан кейін оны көре алмағанын еске алады.
Мұстафа Шоқай екі жарым ай он екі лагерлерді аралап, қайтуға бет алып, пойызға отырғанда басы ауырып, ыстығы көтеріледі. Берлинге жетіп, «Виктория» ауруханасына түсіп, 27 желтоқсанында сүзек деген диагнозбен соңғы сапарға аттанады. Осы кезге дейін күдік арқалаған осы жұмбақ өлім  қаншалықты жанға батқанымен, сергек жан есін тез жинайды. 1942 жылдың 8 ақпанда күйеуінің қырқын өткізіп, жора-жолдастарын шақырады. Аста Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, Грузия Ұлттық үкіметінің сыртқы істер министрі А.Чхенкели, Әзербайжан Ұлттық үкіметінің басшысы М.Е.Расулзаде сияқты марқұмның достары мен әріптестері Мұстафа Шоқайдың жарқын өмірі мен қызметі туралы сөйлейді. Әсіресе Украина Ұлттық үкіметінің сыртқы істер министрі болған, профессор Александр Яковлевич Шульгиннің сөзін жиналған көпшілік беріле тыңдайды. Ол «Тірілердің ішіндегі ең тірі жанның өмірден өтті дегеніне еш сенгің келмейді» дей келіп, Мұстафа Шоқайды Орта Азияның, барлық Түркістанның нағыз көсемі, егер тірі болса, Джавахарлар Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді деген сөздермен аяқ­тайды. 
Мария Шоқай бұл шарадан кейін құдай қосқан қосағы үшін әлі де атқарылуға тиісті жұмыстардың ауқымын топшылайды. Енді Мұстафадан қалған мол шығармашылық мұраны келесі ұрпаққа жеткізудің амалын қолға алады. Оларды жинастырып, сұрыптап, түптеп, арнайы қораптарға салып Париждегі қазіргі Тіл­дер мен өркениеттер универ­ситетінің кітапханасының мұрағатына өткізеді. Бұл бір теңдесі жоқ тірлік болады. Мұнсыз Мұстафа Шоқайдың екінші өмірі өріс алмаған болар еді. Мұнымен Францияда болғанымызда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары, біздер де таныстық. Бізге кітапхана қызметкерлерінің бұл мұраларға соншалықты ықыласпен, ыждағаттықпен қарайтыны ұнады. 
Біздер де құр қол бармаған болатынбыз. Қорға Мұстафа Шоқай шығармаларының он екі томдық толық жинағын, оның электрондық нұсқасын, басқа да ұлы тұлға қатысты бірнеше әдебиеттің электрондық нұсқаларын салтанатты түрде табыс еттік. 
Парижде болғанымызда Мария Шоқайдың жары тірі кезінде аз көрмеген тұрмыстың қиыншылығының жаңа түрлеріне тап болғанын, әсіресе оның бейітіне барғанда бөлекше сезінген сияқтымыз. Оны тілмен жеткізу қиын. Алайда табиғатында қайсар жан олардан аман-есен шығып отырған. Мұстафа Шоқайды тіпті көрмесе де, атын естіген жандар Мария Шоқайға ерекше ықылас білдіріп отырған. 
Мария Шоқай естелігін оқи отырып, оның көмек сұрай келген түркістандықтарға мүмкіндігі болғанша қолынан келгенін аяғанбағанын оқып таң қаласың. Жазбаша деректерге қарағанда түркістандықтар Мария Шоқайды анасындай жақсы көрсе, ол оларды баласындай қастерлеген. Оларға әртүрлі жәрдем беріп, тіпті азаматтық алуына дейін қамқорлық жасаған. Мұның барлығы Мұстафа Шоқайға деген қатынасынан да туып жатқанын аңғару қиын емес. 
Осылардың бірі Әлім Алмат болды. Ол 1947 жылы Берлиннен Париждегі Мария Яковлевна Шоқайға хат жазады. Содан Мария Шоқай ондағы немістерге Әлім Алматты Мұстафа Шоқайдың жиені, оны маған қиыңдар, менің қолымда тұрып, маған тірек болсын» деп олардың бақылауынан шығарып алады. Француз консулдығына хат жазып, Париж консерваториясына ауыстыруға өтініш жасап, виза сұрайды. 1948 жылы виза алып, екі жыл консерваторияда оқиды. Осы кездері Мария Шоқайдың үйінде жатады. 1950 жылы оқуын бітіргеннен соң Түркия консулдығынан азаматтығы жөнінде қағаз алып, Түркияға аттанады. Әлім Алматқа Мұстафа Шоқайдың өзі ұстаған машинкасын, «Яш Түркістан» журналының үш мөрін, хаттары мен фотосуреттерін аманат етеді. Қазір машинка мен мөрлер аса құнды жәдігерлер санатында Астана қаласындағы №51 Мұстафа Шоқай атындағы мектеп-гимназияның музейінде сақтаулы. 
Мария Шоқай ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 1958 жылы «1918 жылғы Түркістан автономиясының Президенті Мұстафа Шоқайдың өмірбаянының» алғашқы нұсқасын аяқтайды. 1963 жылы мұның толығы түрік тіліне аударылады. Осы нұсқалар «Менің Мұстафам» деп атпен алғаш 2007 жылғы шығармалардың үш томдығына кірді. Бұл, шын мәнісінде, мұстафатану ғылымының тұңғыш туындысы болатын. 
Мария Шоқай қабілеті мен мүмкіндігі жеткенше, арының алдында жауап бере отырып, жарының жетістіктері мен қателіктерін ешбір қоспасыз, шынайы болмысын қарапайым тілмен суреттеп шығады. Сонымен қатар бұл естелікте сол кездегі тарихи шындық туралы мәліметтер де аз емес. Осындай өзінің теңдесі жоқ, мазмұнға бай естеліктің соңғы нүктесі 1963 жылдың 22 қарашасында қойылады. Мұстафа Шоқайға қатысты бар тірлікті аяқтайды. 
Мария Шоқай Қарттар үйіне орналасар алдында, бар байлығы, қанша жоқшылықта жүрсе де көп жылдан өздерімен алып жүретін  жалғыз пианиносын сатып, ерінің бейітіне 1962 жылы бюсімен ескерткіш орнатады. Бұған сонау Түркиядан Әлім Алмат та арнайы үй ішімен келіп жәрдемдеседі.
1965 жылы өзінің де қабірін аяқтайды. Ал 1969 жылы «Мен өмір сүруден шаршадым. Жалғыздықтың қаншалықты ауыр тиіп жатқанын да бір Алла біледі» деп өзі бұл пәни дүниеден бақилыққа «Менің Мұстафам» деп аттанады. 
Мұстафа Шоқайдың адами 
болмысы, саяси бейнесі
«Менің Мұстафам» Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқайдың балалық шағынан оның текті тұлға, табиғи зеректігі байқалғаны, Ташкент гимназиясында басталған қоғамдық-әлеуметтік өмірге белсенді араласуының Петербург университетіне де жалғаса түскені болашақ саясаткердің алғашқы бастаулары болса, ал «Мұстафа – қоғамдық-әлеуметтік өмірде» және «Шоқайдың саясатқа араласа бастауы» деген шағын бөлімдерінде оның адами қасиеттері және  саяси болмысы ашыла түскен. Жас саясаткерге бірсыпыра нақты сипаттамалар берілген. Саяси қызметке араласқан алғашқы жылдарынан бастап Мұстафа Шоқай ешбір партияға кірмей, социализмнен алшақ демократ ретінде өз халқын жанындай жақсы көрген ұлтжанды, оның болашағына сеніммен қараған, тыныштығы үшін еш аянбайтын саясаткер болған. Көзқарас көкжиегі кең болғандықтан өз ойын еркін жеткізетін, пікірлесіп отырған жанның жүрегіне жол таба алатын Мұстафа Шоқай көпшілікті басқару үшін саясат адамының тез шешім жасай алатын саяси сауатты, қатал мінезі болуы керек деп түсінген. Өз мінезін түзеуден және оқудан жалықпаған ол Мұстафа Кемалға таңғалып, оны биік санаған. Түркістан үшін осындай реформашы болса деп тілеген. 
Мұстафа Шоқай түрлі саяси көзқарастағы адамдармен пікір таластырғанды ұната отырып, өзі өте сабырлылық танытып, қарсыласының пікіріне тиісті құрмет көрсетіп отырған. Оны әртүрлі елдердің 100-ге тарта қоғам қайраткерлерімен, ғалымдарымен қарым-қатынасқа түсіп, жазысқан үш жүзге тарта хаттарынан байқау қиын емес. Пікір таласта қызу қанды, өз пікірін дәлелдеуде қарсыласының намысына тиюден аулақ болғанын араларында қайшылықты жағдайларда Зәки Валидимен т.б. жазысқан хаттарынан аңғару қиын емес. Тіпті аралары қиынға түскеннің өзінде реті келгенде Зәки Валидиді эрудит ғалым деп бағалағаны да бар. 
«Алғашқы саяси сабақтар» және «Мұстафа Шоқай – саясаткер» деген бөлімдерде Мұстафа Шоқайдың 1916 жылы патша үкіметінің тылдағы жұмысқа түркістандықтардан 18-43 аралығындағы адамдары алуына қарсы көтерілісті аяусыз басқаны, Жизак сияқты қаланы жер бетінен жойғанына байланысты Мемлекеттік Дума тарапынан құрылған комиссияның тілмашы, маманы ретінде Мұстафа Шоқайдың Түркістан өлкесінде болғаны айтылады. Осы сапарының аяғы Мұстафа Шоқайдың Думаның Мұсылмандар фракция хатшылығына жұмысқа келуіне ықпал етеді. Мұндай ұсынысты Әлихан Бөкейхан жасайды. Бұл жұмыс оның тұңғыш рет Ресей ішіндегі Еділ-Қырым татарлары, Кавказ халықтары, Орал башқұрттар сияқты түркі халықтарының саяси өміріне араласа бастауына негіз салады. Және бұл саяси міндеттер өте жақсы орындалып отырады. Егер Ақпан революциясы болмағанда Мұстафаның Мемлекеттік Думаға мүше болуы да мүмкін еді. 
 Мұстафа Шоқайдың жетекшілігімен, өлке халқының өкілдерін ұйымдастыра білуімен Қоқанда IV өлкелік мұсылмандар құрылтайында Түркістан Мұқтариятының құрылғаны, алайда оны большевиктердің құлатқаны, қаланы қиратқаны айтылады. Мұстафа Шоқай басын әкеліп бергенге большевиктер 1000 сом беруге уәде еткеннен соң Ферғана таулары арқылы талай қиыншылықтарды бастан кешіріп, Ташкентке жетеді. 
Мария Шоқай саясат адамы ретінде Мұстафа Шоқайдың шенқұмарлықтан аулақ болғанын, бірақ өзі қаласа да, қаламаса да, ылғи алдыңғы қатарда болған, бойында саяси менмендіктің атымен жоқтығын атап көрсетіп, оның бар ниеті – елінің тұтастығы болған Мұстафа Шоқай: «Біздің Түркістан үшін ең қорқыныштысы – халықтың бірлігінің болмауы... Мен халқымның тыныштығын және бірлігін қалаймын. Сондықтан да Швейцария мемлекетінің үлгісімен федерация құрғым келеді» дейді екен. Сондықтан ол халықтардың федерация ішіндегі бауырластығын, өз мемлекетінің егемендігін, азаттығын арман еткен. Сондай-ақ: «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек саяси үгіт ісімен айналысар едім» деп қиялдайтынын да ұмытпайды..  
Осындай себептермен Түркістандағы кең­естік кезеңдегі тірліктердің бар­лығының басында жергілікті халықтың өздері болғанын қалаған ол «мемлекетте жаман халық жоқ, жаман адамдар бар» деген сөзді жиі айтады екен. Біз барлық халықты құрметтеуге тиіспіз, жаман халық жоқ, жаман адамдар бар, адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адамгершілігі мол адамдар болады, «Мен халыққа қарсы емеспін, халықты басқарып отырған басшыларға қарсы сөзбен күресудемін» деген Мұстафа Шоқайдың ойларынан мынандай түйін түюге болады. Ол Ресейді жеріне жеткізе сынағанда оны әсте орыс халқының отаны ретінде емес, патшалық биліктің, кеңестік жүйенің орталығы болғаны үшін сынаған еді. 
Мұстафа Шоқайдың жалпы саясат адамының соғысты жақтаушылар және бейбіт өмірді қуаттаушылар болып екі түрлі болатынын, ал Мұстафа Шоқайдың бейбіт саясатты қолдаушы екені, оның саяси сенімі – халықтардың федерация ішіндегі бауырластығына сүйенетіні айтылады. Түркістан халқының бірлігіне жетудің «бөлшекте де, билей бер» принципіне сүйенген советтік саясаттан қиын екенін жақсы білген. Ол: «Патшалық дәуірдегі империализм коммунистердікінің қасында баланың ойыншығы сияқты» дегенді жиі айтады екен. Сонымен қатар: «Мемлекетте жаман халық жоқ, жаман адамдар бар» дегенді де жиі қайталайды екен. 
Мария Шоқай жарының алғаш рет табиғи жаратылысына, рухани дүниесіне терең зер салып, үлкен жүректі, терең сезімді қарапайым жанның сонау Еуропаның қақ ортасында жүріп өз елін сағынған сәттерін әдемі аша түскен. Қайсар саясаткер ғана емес, жаны жұмсақ, сезімі нәзік тұлғаның шынайы болмысы көз алдыңа келтіреді. 
Естелікте нәзік жанды, үлкен жүректі, терең сезімді қарапайым адамның сонау Еуропаның ортасында жүріп елін сағынған сәттері де шебер беріл­ген. 1922 жылы Париждегі Тро­кадеродағы этнография музейінде болғанда Мұстафа сонда­ғы домбыраны қызметкерден сұрап алып, құлақ күйін келтіріп, әсем қазақ күйін орындайды да ас­папты орнына қояды. Жүзі жа­бырқау тартып, жанары жасқа толады. Мария Шоқай «Мен алғашқы және соңғы рет Мұстафаның көз жасын сол кезде көріп едім» деп жазды.  
Парижге барған алғашқы жылдар Шоқайларға аса ауыр болды. Күнелтудің қиыншылығы, күнделікті тірліктің тау­сылмайтын күйбеңі әбден қажытып, Мария Шоқай ауырып қалды да, 1923 жылы Германияда қатты инфляциялық жағдайды пайдаланып, алты айдай Берлинде тұрды. Сол кезде жазылған және «Жалғыз қалғанда адам түрлі ойға қалады. Көбінесе ойларым мені ауылыма, жаман ниетпен істемесем де, моральдық азап шегулеріне өзім себепші болған жақындарыма жетелейді» деп үлкен күйзеліспен басталған хатта Мұстафа өзінен он бес жасар үлкен, өзін ерке ұстайтын, алғашқы саяси қызметтеріне ерекше қуанған бауырының өзімен көрісе алмай, көз жұмғанын соншалықты ауыр сезінуі оның отбасына, ағайын‑туыс жақындарына деген көңіл күйін айқын көрсетеді. Осы ағасы Қоқандағы қызметінен кейін інісінің Ферғана тауларын аралап жүріп дарға асыла жаздағанын, оқтан аман қалғанын естіп: «жақсылық пен жамандықты ұғынуға мүмкіндік беретін оқиғаларға разы болуың керек» деп тамаша ақыл айтқан болатын. «Мен оны жиі-жиі еске алатын болдым. Тіпті өткенде түсіме кірді. Оның қалай өмір сүргенін ойлаған сайын жаным сыздай түседі» деген жолдар інісінің ерекше сезімін айқындап тұр. Мұнымен шектелмей: «Үлкен ағамның (Сыздық – Ә.Б.) жесір әйелі әлі тірі. Ол қалай өмір сүріп жатыр екен? Мені ең қатты ойландыратын мәселе де осы. Оларға бұл жерден көмек те бере алмаймын. Мені кішілердің («інілердің) тағдыры ойландырады, бәлкім, оларға көмектесетін ешкім болмағандықтан, азып-тозып кеткен шығар» деген жолдарды да тол­ғанбай, тебіренбей оқу мүмкін емес.
Ал өзін асыраған анасы туралы Мұстафа Шоқайдың: «Көз алдында ұлы мен немересінен бірдей айырылып, әрі сүйікті ерке ұлы мен де қасында болмаған қарт анамның қалай қайғырғанын кім білсін? Оның менің өз анам емес екенін, алайда оны өз анамдай жақсы көретінімді сен, әрине, білесің. Ол идеал ана болатын» дей отырып, өзі шешекпен ауырғанда үш апта тізесіне жатқызып баққанын, сол кісінің еңбегі мен күтімінің арқасында өзінің тәні мен жанының сау болып өскенін баяндауы оқырманның анаға деген ұлы сезімді оятпай тұра алмайды.
Мұстафаның әкесінің ең кіші інісі бойы үш аршын, 2 метрдей, салмағы 155 келіге жуық, даусы жуан, суреті қасында тұрған Оспан көкесі туралы жазғандарын да жайдан-жай оқи алмайсың. Өзіне ең жақын туғандары жөнінде айтып келіп: «Мен үшін ең қымбатты, ең жақын адамдардың көбі бұл күнде арамызда жоқ. Мен олардың ешбірімен ең соңғы рет араздасып, қоштаса алмадым. Егер сен біздің туыстар арасындағы қатынастарды білген болсаң, менің қайғымның қаншалықты орынды екенін, шын мәнінде орны толмас екен түсінер едің...» деген жолдар хат иесінің адами болмысын, туыстық ықыласын айқын танытады. Шынына келгенде, мұндай туыстық сезімдер кез келген халыққа тән емес, өзгеден адамгершілік қасиеттері басымырақ келетін қазаққа тән ерекшеліктер десек қатты қателесе қоймаспыз. Әсілі адам баласы өзіне ең жақындардың қадірін білмей, өзгенің де тани алмайды. Таныстық та, сыйластық та жақыннан басталып, өріс алады десек қатты қателесе қоймаспыз.
Мария Шоқай жарының саясаткерлік қасиеттеріне де тамаша сипаттама берген. Автор­дың жазуынша, ол еш­қашан өз мінезін түзеуден және оқу­дан жалықпаған. Сондай-ақ тар ау­қым­­ды ұлтшылдықтың дұшпаны болған, бүкіл Түркістан ұлтының бірігуі жолындағы күрескердің: «…Біз бар­лық халықты құрметтеуге тиіс­піз. Мемлекет үшін бір халықтың өзге халықтан айырмасы жоқ. Геогра­фиялық жағдайымыз да Ресеймен достық және бейбіт қатынаста болуымызды талап етеді, – деуі де кемел ойлар­дың жарқын көріністері болатын.
Түркістан халқының бірлігін аңсаған Мұстафа Шоқай бұл мақсатқа жетудің өте қиын екенін біліп, әрдайым былай дейді екен: «Біздің Түркістан үшін ең қорқыныштысы – халықтың бірлігінің болмауы. Өзіміздің әлсіз екенімізді мен білемін. Мен халқымның тыныштығын және бірлігін қалаймын». Сол себепті ол өзінің саяси істерінде барлық күш‑жігерін Түркістанда әлеуметтік реформа жасауға жұмсайтын айтып: «Біз қазір оқымасақ, ешқашан тәуелсіз бола алмаймыз, ол жолды бізге сырттан біреу әкеліп бермейді, біз өзіміз бірте‑бірте мемлекет органдарын қолға алып, өзімізді өзіміз басқаруға тиіспіз» дейді екен. Мұстафа Шоқай саясатта да намысқой әрі жанға жақын болуы арқылы адамдардың жүрегіне жол табатын ол пікірталаста қызу қанды, өз пікірін дәлелдеуде қарсыласының намысына тиюден аулақ болған, түрлі саяси көз­қарастағы адамдарды және олар­мен пікір таластырғанды ұнат­қан. Мұндай жағдайда сабыр­лылық танытып, қарсыласының пікіріне құрмет көрсетіп отырған. Мұны қайсар тұлғаның эпистолярлық мұрасынан, ондағы әртүрлі ұлттардың 100-ге тарта түрлі саяси көз­қарастағы өкілдерімен, саяси қайраткерлерімен, ғалымдарымен т.б. жазысқан үш жүздей хаттардан байқау қиын емес. Оның пси­хологияға жетік болғанын, қандай тақырыпта болмасын сабыр­лылық танытып, қарсыласының пікіріне құрмет көрсетіп отырғанын айқын аңғарасың. 
Мария Шоқай жа­ры­ның ең үлкен кемшілігі ретінде сенгіш­тігін атап, осы тез иланғыш­тығы­ның кесірінен үлкен қиындық­тар­ға да ұшырағанын жазған. Мұс­тафа Шоқайдың аз­ған­тай адамгершілікке жатпайтын әре­кеттерге ренжіп қалатындығы, алай­­да қателіктерді кешіре сала­тын­­дығы, тез ұмытатыны, кейін оны есі­­не де алмайтыны ерекше қа­­сиеттер ретінде атап көрс­етілген. Оның бойын­да саяси менмендік атымен жоқ, саяси интригандарды жаны сүй­мейтін, ал жағымпаздық ол үшін өзін өзі қорлаумен бірдей еді дей­ді. 
«1917 жыл естеліктерінен үзінділер» деген еңбегінде өзі Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесінің төрағасы болып сайланғанда: «Өз басым Түркістан ұлттық қозғалысының құрылысына ең соңғы қарапайым қара жұмысшы‑мердігер болып қатыссам да, өзімді асқан бақыттымын деп есептер едім!» деп жазуы оның шынайы қарапайымдылық қасиетін танытқан болатын. Осы еңбекте тағы да мынандай жолдар бар: «Саясаттағы ең үлкен бақытсыздық – объективті қиындықтар мен өз кемшіліктерін көре білмеушілік, әдейі көргісі келмеушілік. Батыл қоғам қайраткері сұңғыла саяси шешен болуы мүмкін. Егер саяси жұмыс үстінде қажетті істі орындауда объективті қиындықтар мен жіберілген қателерді көре алмасаң, батылдығың – қарапайым қиянатқа, шешендігің сандырыққа айналып кетеді». Ал Мұстафа Шоқай батыл да қайсар қоғам қайраткері, энциклопедиялық білімдар, сұңғыла саяси шешен де болатын. Сонымен қатар ол өзі: «ішкі кемшіліктерімізді неғұрлым айқын көре білсек, алдағы жұмысымыз да соғұрлым мәнді болмақ, ішкі кемшіліктерімізді жойып, ұлттық бірлігімізді күшейту арқылы күресіміздің іргесін нығайтуға, біз, елауғандар қауымы, өнеге болуымыз керек» дегеніндей тағлымды тұлға еді. 
Отанын жанындай жақсы көрген Мұстафа Шоқайдың оның келешегі мен тыныштығы үшін еш аянбайтын жан ретіндегі болмысы да өте сәтті шыққан. Өмірінің соңғы сәттерінде, 40-жылдарда, соғыс кезінде ол үнемі Түркістанның большевиктерден құтылуын армандап: «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек саяси үгіт ісімен айналысар едім. Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халық­тары туралы кітаптар жазумен шұғылданар едім. Адамдар бір-бірімен араласуы керек. Халықтар өзара білім алмасып, бірін-бірі терең танып және түсініп, жара­сым­ды қатынас дәрежесіне кө­терілсе, сонда ғана халықтар федерациясын құруға жол ашылмақ» деп жазды. Бұл сөздер бірінші, Мұстафа Шо­қайдың өз елінің болашағын, тәуел­сіз болуын армандайтынын танытса, екіншіден, оның терең білімді, азаттығы үшін күрескен Түркістанның тарихын да жақсы бі­летінін көрсетеді. Мұндай мақ­сатқа жету үшін ол мемлекеттік масштабтағы қызмет қажет, со­ғыс­тан бас тарту, оны болдырмау керек, жер бетінде барлық адамға орын жетеді деп ойлаған.
Мұстафа Шоқайдың өзге Алаш жетекшілерінен өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес еді. Біріншіден, Түркістан атауы Ұлы дала, Түркістан өлкесі, Бұхара мен Хорезм хандықтарын қосқандағы тұтас күйін қамтыды. Сондықтан 900-ден астам еңбектерінің 230-дайы тікелей Түркістан атауымен байланысты. Екіншіден, Мұстафа Шоқай берісі Түркістанның, арысы бүкіл түркі халқының азаттығы үшін күресті. Үшіншіден, өз халқын азат ету басқа да түркі тектес езілген ха­лықтарды патша өкіметінің отар­шылық сая­сатына қарсы ұйыс­тыру­дың нәтижесінде ғана мүмкін деп түсінді. Осы таным Мемлекеттік Думаның мұ­сыл­ман фракциясы хатшылығына орналасқаннан кейін ерекше маңызды, айрықша мәнге ие болады. Сондықтан да ол Ресейдің езгі­сіндегі Түркістан өңірінен тыс түр­кі халықтарын – Еділ, Қырым та­тарларын, Кавказ халықтарын, Орал башқұрттарын біріктіру қажет деп есептеді. Кейін шетелде жүр­ген кезінде де оның өз халқы­мен бірге өзге аймақтардағы ха­лық­тардың ортақ отарлық езгіден құтылуын армандауы, сол үшін күресуі жайдан-жай емес болатын. 
 Шоқайлар күн көру үшін қажет нәрселерінің бәрін сатуға мәжбүр болады. «Яш Түркістан» журналының жер‑жердегі абонементтерімен арадағы байланыстар үзіліп, шықпай қалады. Енді Мұстафа Шоқай күндіз‑түні радионың жанында болып, түрлі толқындардағы хабарларды тыңдап, керекті жерлерін жазып алып отырады. Осы жайлар естелікте былайша жазылды: «Ол хабарларды тыңдау үшін қолынан келгенін істеп бағатын, оның сол халін көзбен көрмесе, сөзбен жеткізу қиын. Ұзақ толқындар мен қысқа толқындарды, кейде неміс, кейде түрік радиосын ауыстырып қойып жататын». Осылайша соғыс Мұстафа Шоқайдың бар жұмысын тоқтатып тастады. Бұрынғы  тынымсыз тірлік, үнемі асығып жүру артта қалды. Енді қолы бос болғанымен хат та жазбайды, ешкіммен қатынасқа да түсе алмайды.
Естеліктің тағы бір тағылымды жа­ғы – фашистер лагеріндегі адам төз­гісіз жағдайды басты кейіп­кер­дің көзбен көруі, жүрегімен сезінуі. Мария Шоқайға жазған бір хатында Мұстафа: «Менен көмек сұ­рап, үміт күткен осы бақытсыз бей­шараларға ешқандай жәрдем жа­сай алмағаным үшін жан азабын шегудемін. Мен оларға кө­мектесетінімді айтып сөз бердім, алайда бұл әншейін оларды жұбату ғана. Қолымнан ештеңе келмейтінін біле тұра жалған сөйлеп жүр­мін. …Кеше 35 адамды ату жазасынан құтқардым, бірақ та қаншаға дейін екені белгісіз. Оларды бір шұң­қырға тізіп қойды, қазір қазан айы, ал олар болса жаздық киімде­рімен жартылай жалаңаш, суық­тан қорғану үшін, топырақтан па­на жасау үшін қолдарымен жер қазуда. Оларға итке тастаған сияқ­ты нан тастайды, су атымен жоқ». Осыларды көргеннен кейін Мұс­тафа­ның өлгенім артық деуі кім­нің болса да, жүрегін сыздатады, ке­шегі соғыста қайтқан әке, ата­ларының тағдырын ойлатып жү­дете­ді. Ал Мария Шоқайдың «Әл-дәрменім азайған, көзім де дұрыс көрмейтін боп барады. Жаңадан кө­зілдірік алуым керек. Дәрігерге бар­ғым келмейді. Барудың қажеті бо­ла қояр ма екен? Қанша өмірім қал­ды дейсің?» деп аяқталатын ес­телік ешкімді де бейжай қалдыра қой­мас. 

Әбдіжәлел БӘКІР, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,

саяси ғылымдар докторы, «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі

1524 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз