• Заманхат
  • 29 Наурыз, 2013

Ғабит Мүсірепов және қазақ рухани әлемі

«Алыптар тобының» заңғары – Ғабит Мүсірепов тоталитарлық жүйе қысымындағы ұлттың ұлы тұлғаларының әдеби мұрасын, шығармашылығын ақтауға күш салған жазушы. Ғ.Мүсірепов алаш ақылманы Шәкәрім Құдайбердіұлы 1958 жылы алғаш ақталған тұста оның туындыларының ұлт әдебиеті тарихындағы көркемдік-эстетикалық тұғырын әділ бағалап, шығармаларын баспаға әзірлеу барысында оларды ғылыми айналымға түсіру, шығармашылығын жоғары оқу орындары мен мектептерде оқытылатын әдебиет тарихы курсына енгізу керектігіне қатысты батыл көзқарас ұстанды. Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы ретіндегі Шәкәрім шығармашылығына орай, Қазақстан КП ОК-ға жолдаған хаты ақынның дүниетаным иірімдерін, сан-салалы көркемдік ізденісін тануда үлкен маңызға ие.

Шәкәрімнің ұлттық және әлемдік әдебиет пен мәдениет, тарих пен өнерді игерудегі кемелдену, рухани толысуындағы Абай ықпалы мен өрісін екшеген суреткер ақынның түрлі тақырыптағы өлеңдермен қатар этика, дін мәселелеріне қатысты трактаттар, сондай-ақ қазақ халқының тарихынан шежіре жазғанын баса көрсетеді. Абай мұрагері поэзиясының басты да негізгі тақырыптық-идеялық өзегі адамзаттық гуманизм екенін түйіп, адалдық пен әділдікті жырлаған ақын туған халқын білім-ғылымға үндеп, отаршылдар жетегіндегі шенқұмар ел билеуші, жебір әкімдерді сыншыл реализм қуатында айыптағанын «Ей, көп халық», «Адамшылық», «Кәрілік туралы», «Жастық туралы», «Ашу мен ынсап», «Мақтау мен сөгіс», «Мінеу мен күндеу» сынды өлеңдері негізінде дәлелдейді.

Ақын қаламынан «Қалқаман-Мамыр», «Еңілік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» поэмалары, «Әділ Мария» прозалық туындысы туғанын айта келіп, «Еңілік-Кебектің» қазақ әдебиетіндегі поэма жанрын дамытудағы көркемдік маңызын ерекше атайды. Сөз зергерінің әлем әдебиеті алыптары Физули, Хафиз, А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой көркем туындыларын аударудағы хас шеберлігін де назардан тыс қалдырмайды. Әсіресе, Шәкәрім тәржімасындағы Шығыс классикалық дастаны «Ләйлі-Мәжнүнді» қазақ топырағындағы төлтума сипаттағы ғажайып көркемдік үлгі деп қарастырады.

Қазақ КСР ҒА-ның әдебиет секторы Ш.Құдайбердіұлы шығармашылығын мұқият зерттеуі керектігіне екпін жасап, үздік туындыларын баспаға дайындау, шығармашылығы мектеп пен жоғары оқу орындарындағы әдебиет пәні курсына енгізілуі қажет деген талаптарын жеткізеді. Қазақстан ОК-ға жолдаған хатын Ш.Құдайбердіұлының әдеби мұрасы оқырмандардың рухани игілігіне айналуға лайықты құнды мұра деп тұжырымдайды.

Сөз өнеріндегі пір тұтар ұстазы Жүсіпбек Аймауытұлы деп білген Ғабит Мүсіреповтің профессор Тұрсынбек Кәкішұлымен 1974 жылдың 25 шілдесінде өткен құпия сыр-сұхбатының басты өзегіне әдебиетімізде қордаланған «ақтаңдақтар» алынып, келелі толғаныс, сындарлы ой-пікір алысу тұрғысынан өрістеді. Әдебиетші-ғалым Т.Кәкішұлының «...Шәкәрімнің, Мағжанның, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларына бір қозғау салатындай жағдайды ойластырса қайтеді» деген өзекті сауалына суреткер «Оған қозғау салынбай жүрген жоқ. Бір кезде мен Одақта отырғанда Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың мәселелерін қойып, тіпті комиссия да құрғанбыз. Іріктеп алуға, жауапты бір редколлегия құрып, түсіндірмелерімен, алғысөздерімен басқымыз келіп еді. Оған тиісті жоғары орындар ризашылық та берген. Соны енді жүзеге асыруға келгенде, баяғы өзіміздің тарапымыздан, жазушылардың тарапынан көлденең тұрушылар көп болды, яғни, жазушыларымыздың бір жағы басамыз десе, енді бір жағы құбыжық көріп, қарсы шықты. Сонымен бөгеліп қалған бір жағдай болды» деген замана шындығынан суарылған әрі талай қиямпұрыстың шыңырауына жетелейтін толғамын бүкпесіз жеткізді. Ал, Т.Кәкішұлының Ахмет Байтұрсынұлының әдеби, ғылыми мұрасына қатысты қойылған көкейкесті сұрағына да обьективті жауап беріп, («Қазақ тілінің теориясына» орай) қазіргі ахметтанушылар тарапынан жіті зерттеуді талап ететін мәселелерді алға тартады. Қазақ еліндегі 1930 жылдардағы аштық алапатының қасіретіне байланысты БКП (б) Қазақ өлкелік комитетіне жолданған атақты «Бесеудің хатымен» (1932.4.ҮІІ) азаматтық тұлғасын танытқан қалам қайраткерінің сөз бостандығын, ой еркіндігін тұсаулаған кеңестік цензураға қарсылығы «Қойын дәптеріндегі» толғамдарының өзегін құрайды.

Қазақ ұлтының тіл, әдебиет, мәдениет майданындағы рухани кемелденуіне қатысты бүкпесіз сыр, ашық та астарлы ой-толғамдарының танымдық-тағылымдық, тәрбиелік-өнегелік маңызы бүгіндері де өзекті. Суреткер «Біздегі ең үлкен трагедия басшыларымыз әдебиетімізді ана тілінде оқи алмайды, орысша аудармадан оқиды. Орысша арқылы бағалайды» деп, сол кездегі қазақ қоғамында дендей бастаған ұлтсыздану сынды басты қасіретті еш бүкпесіз жеткізді. «Әдебиет тілі жайында» («Социалистік Қазақстан». 1962. 16.09), «Асқындырып алмайық, достар» («Қазақ әдебиеті». 1971.8.11), «Авгейдің ат қорасынан бастайық» («Социалистік Қазақстан». 1976.28.11), өзге де мақалаларында әдеби тіл тазалығы, ана тілінің даму өрісі туралы көкейкесті ойларын үнемі әлеумет талқысына салып отырды.

«Соңғы жылдардағы қазақ көркем шығармаларының тілі» (1984.11-12. 12) тақырыбындағы шығармашылық конференцияда қазақ көркем шығармаларының тіліне қатысты сөз алған Ғ. Мүсірепов «Көркем әдебиет, ең алдымен, қай тілде жазсаң, сол тілді жақсы білуді талап етеді. Соңғы жиырма жылдың ішінде бізде ана тілімізді жақсы білуден гөрі «білемін!» деушілер көбейіп барады. Сөйте отырып, ана тілін менсінбейтін, қалай болса солай бұрмалай беретін жауапсыздықтарын жасыра да алмайды» деп ділгір мәселені күн тәртібіне өткір қойса, ҚЖО партия ұйымының жиналысында да жазушы тіл мәселесіне орай, «Ақын-жазушы боламын деген адам ең алдымен ана тілін өте жақсы білуі керек. Ана тілі ақын-жазушының бірінші құралы екенін қайталап жатудың керегі де болмас. Дегенмен, ана тілін аяққа басуға тыйым салыну керек-ақ. Бұл асқынып болған мәселе» деген толғамымен ана тілінің өркендеуіне кедергі болып отырған келеңсіздіктерді сын тезіне салып, ұлттық рух өлшемі ана тілін ардақтау мәселесіндегі жауапкершілік намысын қамшылады («Азаматтық пен суреткерлік». «Қазақ әдебиеті». 1985.16.08). «Көркем әдебиет өз халқының рухани аттестаты болады» деген өрелі ойын білдіре келіп: «Қазақ совет әдебиетінің алдыңғы беті құлама емес, биік-биік қырқалар деп сенуіміз керек. Қазіргі күннің өзінде ондаған романистеріміз, ондаған ақындарымыз, ондаған драматургтеріміз әдебиетіміздің әр жанрына рух бере бастады. Бұл өсу беталысы. Туады жаңа Абайлар! Тек танымай қалып жүрмейік, жаңа Абайларды ескі іздерден іздемейік, материалдық жаңа рухани еңбек майдандарынан іздейік» деген ұлағатымен жастарды береке-бірлікте тәрбиелеу, ырысқа жетелейтін ынтымаққа жұмылдыруды айтып, қоғамдық өмірде орын алып отырған моральдық-этикалық келеңсіздіктерден арылу қажеттігіне мән берді. Ал, «Туған елге соңғы сөзінде (Соңғы қоштасу хаты)» «Жаңа Қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық, бірақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы болып есептелмейтінін ұмытпайықшы. Үлкен өнердің үлкен таза мінезі болуға керек...Мені соңғы сапарға шығарып саларда осы ақты тілегімді еске алыңдаршы» деген аманатын айтты («Жалын»,1987.№1).

Қаламгердің сөз өнеріне, суреткер шеберлігіне қатысты сыни ой-пікірлерінің ерекшелігі кеңестік қалыпты шеңбердегі ойлау жүйесіне қарама-қарсы эстетикалық бағыттағы пайымдарында болып табылады. 1928 жылы «ұлтшыл» Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» туындысының жарыққа шығуына ұйытқы болған Ғабит Мүсірепов «Абай» романын «Өткен заманның оң-терісін, үлкендігі мен болымсыздығын, қараңғысы мен жарығын, жұдырығы мен ойын, қысы мен жазын барынша толық көрсете алған роман бізде осы ғана» екенін бағалап, әрі классикалық мұраны игерудегі нигилистік әсіре саясатшылдықты «Халық шығармаларын жауып тастап, Абайдың өзін көп қатын алған феодал, аға сұлтан болған Құнанбайдың баласы деп, жиырма жыл бойы маңымызға жақындатпағанымызды» әділ де қарақылды қақ жаратын өткір сынның тезіне салды.

Абай шығармашылығының тұтас ұлт әдебиеті тарихындағы асқақ тұғырын «Абай» романы туралы», «Абай және орыс классиктері» («Социалистік Қазақстан», 1945.21.08), «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» («Социалистік Қазақстан», 1954.27.05), «Жол жөнекей» («Қазақ әдебиеті», 1981.11.ІХ), «Дәстүр мен жаңашылдық (Әдебиетіміз туралы ойлардың бір сәті)» («Социалистік Қазақстан», 1978. 12.02) мақалаларында терең екшеді. «Қазақ әдебиетінің ұлы атасы Абай» болып табылатынын терең ой, сарабдал пікірлерімен әр кез нығырлап отырған жазушы «Абай қазақ халқының поэзиясын, тілін, жан-жақты көркем өнерін оң жолға түсірген, тарихи еңбегі бар асқан дана, ұлы ұстаз, қазақ халқының ойын өсіру, сезімін тереңдету, ар-намыс, адамгершілік қасиеттерін шыңдау осы ұстазымыздың қолынан өтті. Қазақ ақын-жазушыларының ана сүті мен қанына тараған аталық тәрбиесі Абайдан келеді» деген эстетикалық түйін жасады.

Әдебиеттің көркемдік даму үрдісін жіті қадағалап отырған жазушы сөз өнеріне хас шеберлік биігіндегі суреткерлік мәдениетпен келген жаңа толқын буынның шығармашылық ізденістеріндегі соны қадамдарын ерекше бағалады. Мәселен, Асқар Сүлейменов шығармасына қатысты жазылған «Кітап аты – «Бесін», авторы – Асқар» мақаласында «Бесін» туындысының көркемдігін, образ сомдау және сюжет желісін шымыр өрудегі стильдік даралығын жан-жақты айқындап, «Асқар 16 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын бір тәуліктің ішіне сыйғыза алыпты. Әңгіме кеше күн көтеріле басталады да, бүгін күн ауа аяқталады. Езбесі көп еріншек өмірден бұрқ еткен жалын, жігер ғана алынған. Сол аз уақыттың ішінде айналасы 4-5 адамның басынан кешкен қақтығыстар арқылы қозғалыстың ішкі сырын, мән-мәнісін аша алған, есте қаларлық бейнелер жасап үлгерген. Екі түрлі сипатта екі офицер, екі түрлі сипатта екі көтеріліс басшылары, делдалдау, дүмшелеу, оқыған жігіт. Ең асылы – үрлеп өсіру де жоқ, кекетіп кеміту де жоқ. Әр бейненің сыр-сипаты өзіне лайық шыққан» деген өрелі ойымен қазақ сөз өнеріне олжа салған туындының шынайы көркемдік қуатына сүйсінді. Өз кезегінде қаламгерлер Мұхтар Шаханов пен Мұхтар Мағауин туралы жазылған «Екі Мұхтар» мақаласында «Чехов айтқандай, «қатар жүргенің түгіл, соңынан ергеніңді қуаныш етерлік» жастар бар ма біздерде? Бар! Ұлдарымыздан да, қыздарымыздан да бар! Әттең, кезінде байқай алмай қалып, кешірек абайлағаныңа өкінесің. Онымызға, әрине, көзілдірік айыпты емес. Айыпты көңілімізден іздейік – енжарлықтан, бейғамдықтан іздейік. Мен, кеш те болса, әлі де жастар қатарында жүрген, бірақ пісуі әлдеқашан жеткен, көтерілер қырқаларының өр кеудесінде кетіп бара жатқан екі қаламгеріміз жайында бір-екі ауыз сөз айтуды парыз көрдім.

Екеуінің аты да Мұхтар. Біреуі – Мағауин Мұхтар, біреуі – Шаханов Мұхтар. Бұл екеуінің ұлы Мұхтармен аттас болғандары қандай жарасып тұр!» деп аталған дарындардың қазақ әдебиетіндегі биік тұғырын айрықша бағалады.

Суреткер сырлы әдебиетке, шын дарынға қойылар көркемдік және эстетикалық талапты өзінен бастап әдіптеген болса, «Көркем шығарма бармақ сорып тудыратын дүние емес. Өмірді ыждаһатпен зерттеп барып, көрген-түйгеніңді көкіректе қорыту арқылы дүниеге келеді» деп өзінің шығармашылық зертханасын «Оянған өлке» романы негізінде парасат пайымына салды. Бұған қатысты «Оянған өлкені» жазарда бір жарым жыл сол тақырыппен айналақтап, бес-алты ай Қарағандыда отырдым, ескі тарих құралдардың экспонаты мен жаңадан кірген құралдардың маркасын білу өте қажет болды. Қарағанды, Спасск, Нұра деген жерлерді түгел аралауға тура келді. Көмір тасыған, тас төселген жерлерді өз көзіммен көруге тура келеді. Мысты қалай қазады, қалай ұнтады, соны біліп алмасаң, қаламың жүрмейді екен... Мұнымен айтпағым, бүгінгі күрделі шаруашылығымыз, дамыған өндірісіміз, жетілген тұрмыс-тіршілігіміз қаламгерге оңайлықпен жалынан ұстатпайды. Өмірді біліп жазу, білгеніңнің өзін бейнелеп, көркем жазу жасымыздың да, жасамысымыздың да абыройлы борышымыз деп жазды.

Иә, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов туындылары өнер өрісінің шыңына жетелер шеберлік мектебі болса, мәңгілігіміздің мәңгілік мәселелері – ұлт тілі мен руханиятына қатысты өзекжарды толғамдары азаттық рухын ұрпақ санасына сіңірген азаматтық тұлғасының елдік мұраттар биігіндегі өршілдігін көрсетеді.

 

Сағымбай Жұмағұл,

 

Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының

 

профессоры.

 

747 рет

көрсетілді

91

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз