• Заманхат
  • 29 Наурыз, 2013

Шежіренің шайыры

Қазақ жеріндегі қасиетті Түркістанды шын беріле зерттеп, тұңғиығына батып, тынымсыз тер төгіп жүргендер аз. Солардың ішіндегі білімді де бірегейі және оған ессіз берілгені Тынышбек Дайрабаев. Тәкеңнің Түркістан жайында жазғандарын жиі оқитынмын. Әсіресе, архив деректері мен материалдары негізінде ой түйіп, өз пікірін айтып жазған еңбектері өте құнды әрі оқырманды қызықтырады.

Тәкең жайында айтқанда Түркістан генерал-губернаторы К.Кауфманның «Түркістан альбомы» атты еңбегін тауып, оны жарыққа шығару жолындағы табандылығы мен төзімділігі қайран қалдырады. Жалпы, Түркістандағы ежелгі заман тарихи ескерткіштері мен мешіт, медресе үйлерінің қалдықтары және Ислам дініне қатысты біз білмейтін рәсім-жоралғылардың белгілері өте көп болған. Аталған альбомдағы (1871-1872 жылы шыққан) тарихи жәдігерлер жайында ой айтып оны халыққа жеткізуі – Тәкеңнің айтары жоқ айрықша еңбегі еді. Бұл жайында әрине, баспасөзде көп жазылды. «Жеті тараудағы – жеті анық» кітабының алғашқы тарауы міне, осы еңбектен басталады.

Ежелгі «Түркістан ықылымындағы» көне мәдениет бесігі Сыр өңірі екені белгілі. Осы өлкедегі қасиетті орындар мен киелі жерлер жайында зерттеуші тамаша жазады. Кеңестік дәуірде дін ғұламалары мен қайраткерлері жайында дым жазылған жоқ. Сыр өңірі – сүлейлері мен сопылардың, әулиелер мен сәуегейлердің ежелден келе жатқан мекен-тұрағы ғой. Журналист-зерттеушінің бұл тақырыптағы еңбегі де айырқша. Қазақ жерінде аты аңызға айналған Марал ишан туралы зерттеуі діни қайраткердің бойындағы таңғажайып қасиетін және кісілік болмысын жарқырата көрсетеді. Әйгілі дін қайраткерінің өмірін зерттеу арқылы Ресейдің қазақ жерін отарлаудағы біз білмейтін құпиялардың сырын ашады. Бәрі тарихи деректер мен құжаттар арқылы дәлелденеді. Қазақ тарихында ұлт-азаттық көтеріліс жолында шын «шейіт соғысқа» шақырған діндарлар екені кезінде еске алынбады.

Тәкеңнің көп еңбектерінің ішіндегі Марал ишан жөніндегі зерттеу еңбегі құнды дүние ғана емес ұрпақ үшін қажетті қазына әрі рухани азық десек артық болмас. Біз дінді өз топырағымыздан шыққан сопы, ғұлама молда хазіреттердің өнегесі мен өсиеттері арқылы насихаттасақ – ұлттық рухымыз күшейеді, тектілік ерекшелігіміз сақталады. «Марал баба – дана баба» сияқты дін қайраткерлерінің өнегесін, тәрбие-тағылымын білмегендіктен жастардың түрлі діни ағымдар мен секталардың жетегінде кетіп жатқаны рас. Ұлттық дін ғұламалары өмірі мен өнегесін зерттеудің алдыңғы легінде Тынышбек Майлыбайұлының тұрғанына ешкім дау айта алмас.

Біз бұрын тарих, әдебиет, ғылым саласында ой түйгенде ақыл-ой әлеміне діннің тигізетін әсері жөнінде ауыз ашпадық. Мысалы, Шоқанның шын аты – Мұхамедқанапия, Абайдың азан шақырып қойған есімі – Ибрагим екенін біле тұра бұл есімдерді ресми айтудан тайсақтап, ғылыми айналымға кіргізбедік. Жақша ішінде жаздық. Шоқанға Мұхаммед Пайғамбардай болсын деп ат қойған Марал ишанның баласы Қалқай ишан екенін білмедік. Тәкең Шоқан өмірін зерттеуші әрі өнегесін өрнектеген – қаламгер Сәбит Мұқановтың еңбектеріне сілтеме жасай отырып, Шоқанға қойылған Пайғамбар аттас есімінің сырын ашады. Сәбең дерегін тірілтіп, о бастағы шындықты дәлелдейді. Яғни, шын зерттеуші осылай ізденуі керек.

Тәкең жетпісінші жылдары Алматыға келмей Қызылордада жүргенде шежіре жинаумен айналысқан екен. Ол тарихи тұлғаларды түбінде жарыққа шығаруға осы еңбегінің жол ашатынын білген сияқты. Өйткені, 1974 жылы «Қазақ әдебиетіне» шежіре жолдаған азаматтардың бірі Т.Дайрабаев еді. Міне, сондықтан белгілі жазушы Қалтай Мұхамеджанов ағаның інісі жайында «...Елге барғанда (Қызылордаға әртүрлі жиындар мен басқосуларда кездесіп тұрсам да Тынышбек інімнің алтын қазынаны жинастырып жүргенін кейін білдім. Кездесулерде байқағаным – Тынышбек маған сыр шежіресінің тұнып тұрған иесіндей көрінді» деп ол жайында ой толғайды. Сондай-ақ, белгілі тарихшы Манаш Қозыбаев Тәкеңнің Жалаңтөс баһадүр жөнінде жазған очеркіне жоғары баға береді.

Қазақ тарихында саясатқа байланысты қуғындалып шетелге кеткен Мұстафа Шоқайдың есімі әлемге белгілі. Осы қайраткердің ата-бабалары жөнінде шежіре, дерек жинаған Тәкең тағы да тарихи тұлғалар өміріне тереңдейді. «Торғай датқадан Мұстафа Шоқайға дейін» атты қысқа әрі нұсқа жазған еңбегінде әйгілі адамның әулет шежіресі мен өнегесі ел аузындағы өлең-жыр шумақтары арқылы өрнектеледі. Торғайдың қанатты сөздері мен нақылдарының шығу тегін айтады. Автор «Мұстафа біраз зерттелсе де оның арғы бабалары мен аға-інілері жайлы оқырман қауым терең біле бермейді. Енді оларды жете зерттеу тарихшылардың міндеті» деп ойын осылай тұжырымдайды. Архивтен Торғай ұрпақтарының суретін тауып, оны жариялауы – бұл айтары жоқ үлкен еңбек.

«Қазақ» газетінің тарихы мен тағдырына арналған биылғы ақпан айындағы ғылыми-мәслихатта Оразай ишан балалары жөнінде айтылған шығар. Зерттеу мақаланың құндылығы сонда – ондағы кейіпкерлер рухының жаңғыруында және еске алынуында. Тұлғалар тарихы мен өнегесі жөнінде сыр шертетін Тынышбек ағаның «Жеті тараудағы – жеті анық» зерттеу кітабы сөз жоқ – құнды, тарих-шежіреге құмарлар үшін іздеп жүріп оқитын «кітап – дерек» десек артық айтпаймыз. Биыл жасы 70-ке толып отырған Тәкең кітап атын қасиетті жеті санымен байланыстыруында мән жатыр. Олай болса ол кісі «Құрмет белгісі» орденін текке алған жоқ.

Қасиетті Қорқыт Атаның жамбасы жерге тиген топырақта дүниеге келіп, ҚазГУ-дің журналистика факультетін (1969ж.) бітіріп, Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында еңбек жолын бастап, кейін Алматы Жоғары Партия мектебін тәмамдаған, көптеген жауапты қызметтер атқарып, соңында шығармашылықпен шұғылданған Тәкеңнің еңбегі жайында көп айтуға болады, Онға жуық кітаптың авторы, ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры». Әсіресе, оның 1999 жылы Санкт-Петербордан «Түркістан альбомын» алдырып, оны кітап етіп жарыққа шығаруы – тағыда қайталап айтуды қажет ететін теңдесі жоқ еңбек әрі патриоттық қайсарлық. Мен «Түркістан қаласының 1500 жылдық» мерейтойы кезінде талай еңбекпен танысқан едім. Солардың ішіндегі айрықша аталатыны, Тәкеңнің жоғарыда қазақ рухы тарихына қатысты жаңалық ашқан еңбегі болатын. Кеңестік дәуірде шежіре жинау зерттелуден тыс қалғанда осы тақырыпты ерте қаузаған, жасөспірім кезінде көне құлақтардан шежіре тыңдап, оны сана-зердесіне құйып, жазып-сызып, жариялап, соңында нағыз шежіреші болған Тәкеңді «шежіре шайыры» десек артық болмас.

Ораз ҚАУҒАБАЙ,

«Ақиқат»

382 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз