• Заманхат
  • 29 Наурыз, 2013

ҰЛТ МҮДДЕСІН ҰЛЫҚТАҒАН

Бүгінде алпыстың асқарына шыққалы отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы ғалым – Өмірхан Әбдиманұлының бар ғұмыры журналистік, ұстаздық, ғалымдық жолдағы қажырлы еңбегімен біте қайнасқан жүйеде тұтасып жатыр. Ол 1953 жылы Жамбыл облысының қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданы Жақсылық ауылында (бұрынғы Луговой ауданы Тельман селосы) дүниеге келген. 1960 жылы туған ауылындағы сегіз жылдық мектепке барып, 1970 жылы М.И.Калинин атындағы (қазіргі Ахмет Байтұрсынов атындағы) он жылдық мектепті бітірген.

Еңбек жолын Ленин атындағы ұжымшардың Тельман бөлімшесінде қарапайым жұмысшы болып бастап, кейін өнер мен әдебиетке бейімділігі байқалған соң аудандық мәдениет бөлімінде қызмет атқарады. 1972-1974 жылдар аралығында әскери борышын өтеп келген соң, туған ауылында түрлі қоғамдық қызметтер атқарып, 1975 жылы ҚазМУ-дің дайындық курсына қабылданып, келесі жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсті. Үздік оқитын және ғылыми жұмыста биік көрсеткіштерге жеткен студент ретінде Кеңестер Одағы Министрлер кеңесінің арнайы қаулысына сай М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне ауыстырылып, оны 1982 жылы бітіріп шықты.

Жастайынан сөз өнерінің киелі құдіретіне құмартып өскен ол, студент кезінде ғылыми зерттеу жұмыстарымен белсене айналысып, студенттердің 1978 жылы республикалық, 1979 жылы Одақтық ғылыми конференцияларында бірінші орынды иеленіп, бірнеше дүркін Республикалық, Одақтық ғылыми олимпиадасының жеңімпазы атанды. Қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті ғалымдары профессор Алма Қыраубаева, академиктер Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішұлы сынды ұстаздары, осы кезден бастап ғылыми зерттеушілік еңбекке бейімдеп, ізденушілікті мұрат тұтқан еңбек жолының түрлі кезеңдерінде бағыт-бағдар беріп, жөн-жоба көрсетіп, ғылыми жетекші, кеңесші болды.

Мәскеудегі аса беделді жоғары оқу орнын бітірген талантты жас маман мемлекеттік жолдамамен Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде әдеби қызметкер болып істейді. Бірақ, Алаш Арыстарының баға жетпес әдеби мұралары ортамызға қайта оралып, ұлт әдебиеті тарихындағы «ақтаңдақтарды» зерттеп-зерделеу мәселесі қызу қолға алынып жатқан тұста ғылымға деген құштарлық 1983 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіндегі теле-радио журналистика кафедрасына оқытушылық қызметке алып келді.

Ұстаздық дәріс оқумен қоса ол журналистік мамандықтан да қол үзбеді. 1983-1990 жылдары «Алатау» телеарнасында «Ұлағат» атты хабарлар сериясын дайындап, ұлттық ғылымның көрнекті қайраткерлері ғалым-академиктер М.Қаратаев, З.Қабдолов, Р.Бердібаев, Ш.Сарыбаев, П.Тәжібаева, М. Шығаева, Қ.Қайсенов т.б. туралы тағылым-тәлімдік мәні зор хабарлары қазақ телеарнасының алтын қорына қосылды. Сонымен қатар, 1989 жылы Алматы қаласында тұңғыш рет «Алатау аруы», 1990 жылы республикалық алғашқы «Қыз сыны» байқауларын өткізіп, оларды республикалық телевидения арқылы кеңінен насихаттап, жаңа сападағы конкурстық хабарлар жасау жүйесін орнықтырды. Осы хабарлар негізінде «Келін сыны», «Жігіт сұлтаны» сияқты хабарлар түрлері пайда болды. Кеңестік тоталитарлық заманның құрбанына айналған «Наурыз» мерекесін 1989-1990 жылдары Республика сарайында алғашқы мерекелеу салтанатын ұйымдастырушылардың бірі ретінде танылды.

Өз ұстаздары «мүйізі қарағайдай академиктермен» пікірлес, әріптес бола жүріп, талапты жас Абайдың «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген ұлағатты сөзін көкейіне мықтап түйді. Әдебиеттану атты қиын-қысталаңы мол ғылым жолына түсуге бел байлап, көп іздене бастады. Журналистиканың мамандық, ал әдебиеттанудың «дүниеде өзі, мал да өзі – ғылым» екеніне толық көз жеткізген соң ғана, 1988 жылы осы оқу орны филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасына түсуге шешім қабылдайды. Бұл тұста Ө.Әбдиманұлының елімізге танымал ғалым болып шығуына бүгінде қазақ әдебиеттану ғылымының Абызы атанып отырған атақты ғалым Т.Кәкішевтің «тұлпар болар құлынды дер кезінде тани білген» ұстаздық парасаттылығын айтпауға болмас. Ол турасында: «Менің Өмірханға құштар болуым оның І курста оқып жүрген кезінен басталды. Студенттердің ғылыми үйірмесінде белсенділігімен қатар білімділігін танытқан жастан үш-төрт жылға көз жазып қалған ем. Мәскеу университетін бітіріп, біраз өмір тәжірибесін көріп, біздің аспирантурамызға түсіпті. Оған жанқұрбым З.Қабдолов жетекші болмақшы екен. Келсем Өмірханға бірдемелерді түсіндіріп, басын шұлғытып қойғанын көрдім де: «Әй, Зейнолла, сен әдебиет теориясының анасы-мынасы деген бір жансыз саласына салайын деп отырсың ғой. Мына баланы маған бер!» деп едім қинала-қинала маған қиды. Әй-шүйге қарамай «Қазақ» газетін зерттейсің. Алаш қозғалысы, оның ұлы қайраткерлері ақталып жатқан шақта алдымен өзімізді жоқтайық» деп талапкер жасты ғылымға ғана емес, қазақ тарихының сүбелі саласына салуды көздедім», – деп жазады.

Осындай ұлт мүддесін ұлықтауға бағытталған биік талаппен өз талғамын ұштастыра білген жас ғалым 1992 жылы ұлттың рухани көсемі атанған алаштың ардағы Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы бойынша «Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, кафедраға қызметке қалдырылды. Осыдан бастап ол профессор Т.Кәкішевтің ғылыми мектебінің белді шәкірттерінің біріне айналды.

Ұлт ұстазы А. Байтұрсыновтың әдеби және ғылыми мұрасын зерттеп-зерделеу барысындағы тынбай ізденіс оны жаңа асуларға жетеледі. 2007 жылы «Ұлт-азаттық идеяның ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі көркемдік мәні мен жаңашылдық сипаты» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғап, филология ғылымдарының докторы атағына ие болады. Зерттеу тек әдебиеттанушылардың ғана емес, барша гуманитарлық ғылыми ортада ғылыми және тағылымдық мәні зор еңбек ретінде өз бағасын алды.

1993-1995, 2001-2003 оқу жылдарында филология факультеті деканының орынбасары қызметін атқарған оған 2007 жылы кезінде ұлы М.Әуезов, ғұлама ғалым Б.Кенжебаевтар басқарып, ғылыми орта қалыптастырған қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушілігі қызметі үлкен сеніммен тапсырылды. Қазіргі таңда ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің деканы ретінде жауапкершілігі мол міндетті атқарып отырған Ө. Әбдиманұлының қызметтік өсу жолдары оның өз еңбегін адал да абыройлы атқаруында ғана емес, ғылыми орта мен факультет, университет ұжымында сыйлы бола алған азаматтық тұлғасын танытса керек.

Профессор Ө.Әбдиманұлы Қазақстан Республикасының білім жүйесіндегі шығармашылық және білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін 1996 жылы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен және 1997 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісімен, 1994 жылы Қазақстан Журналистер Одағының Мұхамеджан Сералин атындағы сыйлығының иегері, 2012 жылы А.Байтұрсынов атындағы алтын медальмен марапатталса, ол – қажырлы қайратқа толы тынымсыз еңбектің жемісі.

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі жылдары ұлттық әдебиеттануда тарихи тұрғыдан әділ бағалауға тыйым салынған тақырыптарды жаңа талап тұрғысынан бағамдауға тың жол ашылды. Ғалым өзінің ғылыми кредосының арнасын сөз өнерінің осындай өзекті мәселелерінің оң шешім тауып, уақыт талабы тұрғысынан әділ бағасын беруге арнап келе жатыр. Ғылыми орта Ө. Әбдиманұлын ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихының «ақтаңдақтарын» ашуға елеулі үлес қосып, «Азатшыл Алаш әдебиеті» тарихын, Алаш Арыстары шығармашылығын терең зерттеп, бірнеше ілгері еңбектер жазған әдебиет зерттеушісі ретінде таниды.

ХХ ғасыр басындағы әдебиет мәселелерін қозғағанда «Қазақ» газетінің тарихы мен идеялық көркемдік сипатына ерекше екпін беріп саралауы маңызды сұрақтың дұрыс жауабын табуына өз септігін тигізді. Ғалымның қазақ баспасөзі тарихын ғылыми зерделеуде ұзақ ізденісінің табысы болып шыққан «Қазақ газеті» (1993) атты еңбегі жазба жәдігерлерге айналып, мұрағаттар мен кітапханаларда шаң басуға айналған ХХ ғасыр басындағы ұлттық рух пен идеялардың «мәңгүрттене» бастаған санамызда қайта жаңғыруына жол ашты. Кеңестік дәуірде қара күйе жағылып үнемі датталумен келген, ұлт тәуелсіздігі үшін күрестің орталығы бола білген газеттің бүкіл болмыс-бітімі мен ел тарихындағы орны тарихи тұрғыда әділ, ғылыми-теориялық тұрғыда дұрыс сараланды. Ғалым Т. Әбілдаева: «Ө.Әбдимановтың бұл кітабы биресми ұлттық басылымымыз – «Қазақ»газетінің тыныс-тіршілігін, бағыт-бағдарын, мән-маңызын кең толғап, кемел ой танытқан зерделі зерттеу болғандығымен бағалы», – деді.

Профессор Ө.Әбдиманұлы өз ғылыми шығармашылығында ұлт ұстазы Ахаңның «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген ұлағатты сөзін бұлжымас қағида етіп алды. «Ахмет Байтұрсынұлы» (2007), «Қазақ әдебиетіндегі – ұлт азаттық идея» (2007), «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алғашқы кезеңі (1900-1940)» және «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық рух» (2010) атты монографиялық зерттеулері – уақыт үдерісіндегі әдебиеттану ғылымының алдына қойған соны талаптарына сай жазылған, замана сұранысына толық жауап беретін жаңашыл сипатымен танылған ғылыми еңбектер. Ұстаз-ғалым, сыншы-әдебиетші 200-ден аса ғылыми-зерттеу, сын-рецензия мақала, жиырмаға таяу оқу құралдары мен көмекші әдістемелік құралдар жазған. Сонымен қатар, 2 томдық «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихының» (1997), 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» авторларының бірі.

«Ахмет Байтұрсынұлы» атты зерттеу-эссесіндегі жаңашыл да көкейкесті тың мәселелерді айтпағанның өзінде, атақты Сократтың «Платон менің досым, алайда шындық одан артық» деген қағидасының негізінде ғылыми тұрғыда әділін айтатын шыншылдығын мына бір ғана пікірі дәлелдесе керек. «А. Байтұрсынұлының әдебиет зерттеу ғылымына қосқан аса зор еңбегі – атақты «Әдебиет танытқыш». Бұл енді жалпы қазақ әдебиеттану ғылымының бастау көзіне саналатын сындарлы дүние. Мойындайық, мойындамайық бүкіл әдебиетшілер, осы 1926 жылы Ташкентте жарық көрген «Әдебиет танытқыштың» шекпенінен шықты. Білсе де білмегендей болып, «ана кезеңде» ондағы ой-тұжырымдарды, теориялық ұғым-қағидаларды өз еңбектерінде еркінше пайдаланғандар бүгінде ортамызда жүр. Олардың кейбірі болған істі мойындағанмен, көбі үнсіз. Себебі, дәлелі қиын нәрсе болғандықтан, білінбей кетеріне нық сенімді...Тағы да қайталап айтамыз, «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттануының негізі» [3, 259]. Ғалым А.Ісімақова: «Аталған зерттеу бүгінгі ахметтану ілімі ғана емес, тәуелсіз кездің әдебиеттануына қосылған үлес болып табылады. Себебі, ақталғанына 20 жыл өтсе де, А.Байтұрсынұлы тұңғыш рет монографиялық тұрғыда зерттелген», – деп жоғары бағалады [4,147]. Ал, Ә. Ыдырысов: «Асыл мұралардың сырын алға жайған «Ахмет Байтұрсынұлы» атты зерттеу-эссенің өзін қазынамыз демей не дейміз!? Сол қазына қолымызда. Ол – Ахаң сынды ұстаздың ұлылығын толайым көрсете алған қазына. Оны: Биссимилә! Өз орныңда тұр! – деп кітапханамыздың төрінен қояйық!» – деген тұжырымға ден қояды. Дұрыс, себебі авторы жоғары сөреге қанша тықпаласа да өзге жұрттың кітапханасында босағада қалатын, бірте-бірте тарих «қоқысында» лақтырылатын «зерттеулер» де болатынын ұлттық әдебиеттану ғылымының тарихы әлдеқашан дәлелдеген.

Ұлттық әдебиеттану ғылымындағы әуезовтану, сәкентену, мұқановтану секілді жеке ілім саласы ретінде қалыптасуы заман ыңғайымен кешеулеп қалғанымен, ахметтану бүгінгі күнде сол кешегінің есесін толтыра қарыштап даму үстінде. Сол ахметтану ілімінің іргетасын Ахаңның елу жылдық мерейтойында баяндама жасаған С.Сейфуллин, С.Садуақасов, М.Әуезовтер қаласа, бүгінгі таңда оның еңсесі биік ақ ордаға айналуы жолында Ө.Әбдиманұлының зерттеу еңбектерінің маңызы зор екені дау тудырмас ақиқат. Көрнекті ғалымның еңбекқорлығы мен сан қырлы қабілеттілігі кім-кімді де болса тәнті етері анық. Әдебиет туралы ұлттық ғылымға мол үлес қосуымен қатар, республикамыздағы жоғары оқу орындары мен орта мектеп бағдарламаларына сай әдебиет оқулықтары мен оқу құралдарының авторы ретінде де кеңінен танымал. ЖОО арналған «ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (2002), орыс тілінде жалпы білім беретін мектептердің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 11 сыныбы үшін «Қазақ әдебиеті» (2007) және математика-жаратылыстану бағытындағы 11 сыныбына арналған «Қазақ әдебиеті» (2007) оқулықтары ұстаздар қауымы мен өскелең ұрпақтың үдесінен шыққан еңбектер ретінде үздіксіз пайдаланылып келе жатыр. Бұлар басқа ұлт өкілдеріне қазақ әдебиеті тарихын ұлттық мүдде тұрғысынан жүйелі оқытуды мақсат тұтқан, егемендік алғаннан бергі инновациялық білім берудегі жаңашыл сипаттағы оқулықтар болып табылады.

Бұлардың ішінде жоғары оқу орындарының филология, журналистика факультеттеріне арналған «ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (2002) оқулығының орны ерекше. Бұл – аса көрнекті ғалым-ұстаз Б. Кенжебаев 1976 жылы шығарған оқулықтан кейінгі заман талабына сай жазылған тұңғыш оқулық. Әдебиетіміздің «Алтын ғасыры» ретінде танылған – ХХ ғасыр әдебиеті алғаш рет толыққанды түрде жүйеленіп, ұсынылған. Аталмыш кезеңнің қазақ әдебиет тарихындағы өзіндік орны, түрлі бағыттардың жазба әдебиеттің өркендеуіне қосқан үлесі қазақ қоғамының тарихи дамуымен бірлікте алынып қарастырылады. Сол тұстағы әдебиеттің өзекті мәселелері жаңаша көзқарас тұрғысынан байыпталады. Оқулықта қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр басындағы аса көрнекті өкілдері Ш.Құдайбердіұлы, М.Ж.Көпеев, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, т.б. шығармашылықтары алғаш рет жоғары мектеп бағдарламасына енгізіліп, оларға жеке-жеке монографиялық тараулар берілген.

Қарға бойлы Қазтуған жырау хандық дәуірдегі қазақ әдебиеті тарихында ойып тұрып орын алғанда, тайсалмай жекпе-жекке шығатын батыр денелі зорлығынан емес, сөз өнері атты қасиетті құбылыстың қадір-қасиетін тани білген таланты мен дарындылығының арқасында қалғанына дау жоқ. «Қарға бойлы Қазтуғандай» ғана тұрқы бар Ө.Әбдиманұлы да сол касиеттерден ада болмағандықтан да келешекте тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ әдебиеттану ғылымы тарихы аталатын жаңа белестегі өз ғалымдық тұлғасын толығымен танытқаны және алда да дәлелдей берері анық. Өйткені, жазушы Ғ.Мұстафин айтқандай: «Ұлы сыншы –Тарих бар». Тек «айтарын айтып өткен ақын» ғана емес, «Әдебиет – ардың ісі», «ақиқатын жазамын» деп қолына қалам алған ғалымда да ешбір арман жоқ болмайтыны шындық. Бірақ ол да болса, Көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз шарықтаған Ұлы Тәуелсіздіктің арқасы.

 

Жандос Смағұлов,

 

филология ғылымдарының

 

докторы, профессор

 

434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз