• Заманхат
  • 01 Сәуір, 2013

Мемлекеттік идеология қоғамды біріктірудің басты

Бүгінгі жаһандану заманында әртүрлі идеологиялық ағымдардың пайда болып, қоғамдық санаға енуінің салдарынан әлемдік мәдениетте құндылықтар қақтығысының жүріп жатқанын байқауға болады. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың белсенді субъектісі болғандықтан, әлемде болып жатқан үрдістер біздің де рухани өмірімізге өз әсерін тигізуде. Көпұлтты Қазақстан мемлекеті үшін қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтап, оны әрі қарай нығайту, жүргізіліп отырған ішкі саясаттың басымды бағыттарының бірі болып табылады.

Мемлекеттік идеология мәселесі қазіргі таңда өзекті болып табылады, оны Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптастқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «...жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың табысының негізі болып табылады және мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты» – деп атап өтуімен байланыстыруға болады [1, 49 б]. Сондықтан, мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын көтеру үшін қабылданған ұлттық бағдарламаларды сәтті іске асыру үшін халқымыздың барлық күш-жігерін осы арнаға жұмылдыратын, біріктіретін мемлекеттік идеология қажет деп санаймыз. Біздіңше, мемлекеттік идеология деген ұғымды сенім деген ұғыммен синоним ретінде қарастырған жөн. Егерде, қоғамның мемлекет жүргізіп отырған саясатына сенімі болса, онда басқару жүйесінің де өмір сүру ғұмыры ұзақ болады. Осыған байланысты, идеология ұғымының үлкен мәнде қаралатынын біз мойындауымыз қажет. Саяси ойлар тарихынан көретініміздей, адамзат баласы жүріп өткен қоғамдық дамудың кез келген формациясында сол қоғамға тән құндылықтар жүйесінің қалыптасып, өмір сүретінін байқаймыз. Көптеген ғалымдар мемлекеттік идеология абсалютті болмаса да, белгілі бір дәрежеде қоғамдағы құндылықтар жүйесін қалыптастырушы күш ретінде болуы қажеттігін мойындайды. Француз халқының ұлы ағартушысы Антуан де Траси «идеология» терминін алғаш рет ғылымға енгізіп, «пікірлер туралы ілім» – деген анықтама береді [2, 21 б]. Өзінің «Идеология элементтері» атты еңбегінде идеология – қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін жақсы іс-әрекетке толы қасиеті бар адамдарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады деп атап өткен.

Мемлекеттік идеология ұғымын ашуда қазіргі кезде Ресей ғалымдары арасында көптеген ой-пікірлер қалыптасқан. Мемлекеттік идеологияның қажеттігін О.Е. Кутафин келесідей түсіндіреді: «Қоғам, мемлекет идеологиясыз өмір сүре алмайды. Даму үшін оларда дамудың тұжырымдамасы болу қажет – бұл дегеніміз идеологиялық ұстанымдар болып табылады» [3, 121 б]. Осындай пікірді заңгер-ғалым А.И.Овчинников: «мемлекеттік идеология болу қажет, әйтпесе мемлекеттің норма шығармашылық қызметіне негіз болатын құндылықтар жүйесінің қалай құрылатыны түсініксіз» – деген пікірді алға тартады [4, 83 б]. Көптеген ғалымдар мемлекеттік идеологияның атқаратын негізгі функцияларының классификациясын жасаған. Сол ғалымдардың ішіндегі Т.Парсонстың тұжырымы өте ерекше. Ол идеологияны саяси дін ретінде қарастыра отырып, келесідей функцияларын белгілейді олар: институционалды құндылықтардың тұрақтылығын қорғау, кәсібилердің ерекше тобын қалыптастыру, индивидтердің рөлдік міндеттерін нығайту ретінде қарастырса, Н. Смелзердің идеологияның негізгі функциясына мыналарды жатқызады: әлеуметтік кернеулікті әлсірету, адамдар өз өмірлеріндегі айтылған құндылықтар мен шынайы өмірдің арасындағы алшақтықты түсіне білуі, әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін қорғау мен білдіру, адамдардың іс-әрекетіне мағына беру [2, 37 б]. Аталған ғалымдар мемлекеттік идеологияның негізгі қызметтерін жүйеге келтіру арқылы қоғамның тұрақты дамуындағы оның орнын ерекше айқындап отыр.

Біздіңше, мемлекеттік идеологияның атқаратын негізгі қызметтерінің қатарына мыналарды жатқызуға болады: регулятивті, коммуникативті, біріктіруші, әлеуметтеуші. Енді, осы аталған қызметтердің ішіндегі иедологияның біріктіруші қызметін Қазақстан қоғамына байланыстырып қарастыру жөн сияқты. Қазақстан қоғамы үшін дамудың қай кезеңін алсақ та мемлекеттік идеологияның біріктіруші қызметі ел дамуының айқындаушы факторының бірі болып табылады. Идеологиялық көзқарастар қақтығысы заманында ел бірлігін сақтап, оны әрі қарай дамыту – мемлекеттік биліктің басты мақсаты. Жалпы, алғанда әлем елдерінің көпшілігінде өздерінің мәдени құндылықтарына негізделіп қалыптасқан өзіндік идеологиясы барын көруге болады. Мемлекеттік идеологиясы сан ғасырлар бойы қалыптасып, халқының мәдениеті мен салт-дәстүріне негізделген мемлекеттер әрдайым экономика, демография, әлеуметтік, білім мен ғылым саласында үлкен жетістікке жеткенін көреміз. Енді, қысқаша идеологиясы бар Қытай мемлекеті мен мемлекеттік идеологиядан бас тартқан Ресей мемлекеті арасында салыстырмалы түрде талдау жасайтын болсақ келесідей нәтижені көреміз. Соңғы онжылдықтарда Қытай қоғамының рухани, идеологиялық өмірінде күрделі өзгерістер болып жатыр. Мемлекетте Конфуций идеяларының қайта жаңғыру процесінің жүріп жатқаны байқалады. Конфуциандықтың әсерінен Қытай мемлекетінің ішкі және сыртқы саясаты қалыптасты. Қытайдағы ішкі және сыртқы мәселелерді шешу барысында конфуциандық идеялар орын алды. Зерттеушілердің пікірінше, Қытайдағы конфуциандықтың әсерінен қалыптасқан қоғамдық және интеллектуалдық қарым-қатынастарды, мінез-құлық нормаларына идеалды түрде келесідей негізгі сипаттамалар беруге болады. Бірінші кезекте адам құқықтарына емес, адамның ар-ожданы мен отан алдындағы міндетіне негізделген. Басқаруда заңға басымдық берілмейді, адами факторға көп көңіл бөлінеді, ол өз кезегінде қоғамдағы бірлік пен үйлесімділіктің болуын қамтамасыз етеді.

Адамдар үшін мүліктің иесі болғанша, құндылықтар иерархиясында белгілі бір қауымдастықтың мүшесі болу маңызды саналады. Сондықтан, экономикалық билік адамгершілігі бар адамдардың қолында болуы қажет және олар экономиканы жақсы түсіне білулері қажет.

Ресей мемлекетінде жастардың құндылықтар жүйесінің эрозияға ұшырауы үлкен мәселеге айналған, яғни, жастар нашақорлықты – 14 жастан, ішімдікті – 13 жастан, бірінші шылым шегу – 11,5 жастан, жыныстық қатынасқа түсуді – 16 жастан бастаған [6, 12б.]. Бұл келтірілген мәліметтерден көріп отырғанымыздай, идеологияның жоқтығынан Ресейде әлеуметтеу механизмдерінің бұзылғанын көруге болады.

Жоғарыда жасалған Қытай мен Ресей мемлекеттерінің арасындағы салыстырмалы талдаудың қортындысы көрсетіп отырғандай, мемлекеттік идеологиясы бар Қытай мемлекеті қоғамның барлық саласында белгілі бір жетістіктерге жететінін көрсек, мемлекеттік идеологиясы жоқ Ресейде құндылықтар жүйесінің жойылып бара жатқанын байқаймыз. Осы екі мемлекеттегі жүргізіліп жатқан мемлекеттік идеологияның кейбір аспектілеріне қатысты мәселелерді Қазақстанда да ерекше зерттеуді қажет етеді. Сондықтан, жас мемлекет Қазақстан өзінің алдына үлкен мақсаттар мен міндеттерді қойып отыр. Елбасымыз ұсынған Қазақстанның -2050 жылға дейінгі даму стратегиясын сапалы іске асыру үшін халқымызды жұмылдыратын күш қажет және ол үшін бізге халқымыздың ғасырлар бойына сақтап келе жатқан дәстүріне негізделген мемлекеттік идеологиясын қалыптастырып, оны тиімді іске асыру басты мақсатымыз болып табылуы тиіс.

С. Умбеталиев,

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

мемлекеттік басқару академиясы,

Басқару институтының

1-курс магистранты

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан -2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы. – http: // www.akorda.kz (15 қаңтар, 2012ж.)

 

2. Буховец А.Н. Идеологическая функция государства : дис. ... канд. юрид. наук -М., 2002г.-200 с.

 

3. Кутафин О.Е. Российский конституционализм. М., 2008.- 301 с.

 

4. Овчинников А.И. Идеологический плюрализм в системе принципов конституционно-правового мышления // Конституция как символ эпохи: в 2 т. / Под ред. проф. С.А. Авакьяна. М.,-2004. 202 с.

 

5. Дандай синь жуцзя (Современное новое конфуцианство). Пекин, 1989, 255 с.

 

6. Злоупотребление алкоголем в Российской Федерации: социально- экономические последствия и меры предотвращения. М.,2009. - 221 с.

 

2411 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз