• Заманхат
  • 05 Қараша, 2013

Сәләф және Сәләфилік ұғымдары арасындағы айырмашылықтар

Саясат Көкенай,
ҚР ДІА «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» Исламды зерттеу бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері

Тарихта терең іздері болмаса да, қазіргі таңда көптеген ағымдар және идеалис­тер өздеріне көпшіліктің назарын аудартуда. Олар, модернистер, реформис­тер, құраншылар, құран мағынасын оқушылар десек, исламды саф негізінде ұстауды алға тартқан сәләфилер бұлардың алдынғы қатарында. Діни сауатсыздық және дұрыс пен бұрыс мидай араласқан қазіргі жағ­дайда бұл ағымдар, ниеттері дұрыс мұсылмандардың адасуына, теріс жолға түсуіне себепкер болуда. Сәләфилік XIII ғасырдан бастау алған ағымдардың бірі. Бұл ағымның көзқарастары, жетек­шілері, оларға тағылған сындар өз алдына бөлек тақырыптар. Біз бұл мақалада оның негізгі ұғым-тер­миндеріне тоқталып, қысқа түрде тұ­жырымдамалар береміз.

Кімдер сәләф деп аталады?
Бұхари мен Мүслимнің «Cахих» деп аталатын жинақтарында риуаят етілген хадис шәріпте; Мұхаммед пайғамбар «Ең қайырлы буын менің кезеңімде өмір сүргендер. Кейін олардың соңынан ергендер, одан кейін олардың артынан жүргендер» [1, 278 б.] деген хадисіндегі «ең қайырлы буын» деген атқа ие болған алғашқы үш буынды арабша «сәләф» деп атайды. Яғни, «сәләф» сөзі араб тілінде «бұрынғы», «алғашқы» деген мағыналарды білдіреді. Жоғарыдағы хадисте ислам діні даму сатысының ең биік шыңына жеткен үш буынына сілтеме берген. Сол алғашқы үш буынды қатарымен айтар болсақ, олар сахабалар, табиғиндер, (сахабаларды көргендер) және табаға табиғиндер (табиғиндерді көргендер) яғни, исламның алғашқы үш ғасырында өмір сүргендер. Бұлар иманда, ілімде және амалда бүтін мұсылмандарға үлгі-өнеге болған буындар.
Мұхаммед пайғамбар қайтыс бол­ғаннан кейін, сахабалар исламның алғашқы өкілдері болды, Хижаз айма­ғында және ислам әлеміне қосыл­ған жаңа аймақтарға исламды дұрыс уағыз­дап жеткізіп, көптеген шәкірттер жеткізді. Құран кәрімді, хадис шәріп­терді және ислами жораларды сол кездегі мұсылмандар сахабалар арқылы үйренді. Сондықтан, тарихқа көз жүгіртсек, сахабалардың әрбірі ілімге үлес қосумен қатар иман, амал, әдеп, зуһд, тақуалық және көркем мінез-құлықта өз үлестерін қосқан. Олардан кейінгі келген буынды табиғиндер дейді. Табиғиндер сахабалардың көзінің алдында жетісіп, иманды, ілімді және амалды солардан үйренді. Бұл буынның табиғиндер деп аталуының себебі, мәселеге атүсті қарамай, сахабалардың артынан жү­руде көрсеткен табандылықтары мен сүйіс­пеншіліктері.
Сахабалардың мәртебесінің жоғары болуы, Құранда жақсылықтың жаршысы ретінде мадақталуы, Мұхаммед пайғамбардың көзінің алдында жетісіп өкілдері болуы, сонымен қатар, исламды ең дұрыс бойларына сіңіріп өмір сүру­лерімен бірге, қара қылды қақ жарған әділет­тіліктерінде жатыр. Ал, табиғиндердің шоқ­тық­тарының биік болуы мына екі негізде жатса керек. Бірінші, олар исламды сахаба буынынан, яғни, дін амалдарын дұрыс түсініп іске асырған жандардан үйренді. Екінші, сахабалар кезеңінде кездеспеген, кейіннен ортаға шыққан исламға жат бейтаныс идеялар, мәдениеттер, наным-сенімдермен алғаш рет олар бетпе-бет келді.
Философиялық ағымдармен қатар, философиялық ойдан өрбіген Мұғтәзила, Жәбрия, Мүржия секілді жаңа шыққан ағымдар және түрлі мәдениеттер мен наным-сенімдер алғаш рет табиғиндер кезеңінде ислам қоғамына еніп, түрлі көзқарастардың және ақидалық мәселелердің туындауына түрткі болды. Табиғиндер буынынан болған ғалымдар, аталмыш ағымдармен күрес жүргізіп, сахабалардан мирас болып қалған таза ислам түсінігін, кемшіліксіз таралуына және келешек ұрпақтарға дұрыс жетуіне көпір болып, көптеген қызметтер атқарды. Міне, сондықтан, ислам негізіне жат келетін әртүрлі жаңалықтарға көзқарасымыздың қан­дай болатындығын табиғиндер буы­ны­нан үлгі алып бағдарымызды белгілеуіміз қажет.
Табиғиндер кезеңі фиқһи мазһабтардың негізі қаланған және жеке мазһабтардың ортаға шыға бастаған дәуір ретінде де өте маңызды. Сол дәуірде өмір сүрген Хасан Басри, Суфиян Сәури, Ибраһим Ән-Наһаий, Шағбий секілді көптеген ұлы тұлғалардың әрбірі мұжтәһид болып, жеке мазһабқа ие болды. Ханафи мазһабының имамы Әбу Ханифа да осы кезеңде өмір сүрген табиғиндер буынынан. Табиғиндерден кейін келген, олардың шәкірттері болғандарға «табаға табиғиндер» дейді. Бұл кезең ғылыми салалардың қалыптасып кең етек жайған, хадистердің жеке кітап­тар халінде жинақталып, ақидалық және фиқһи мазһабтардың кемелденіп тар­мақталған шағы болады. Сонымен, жоғарыда баяндалған үш буын, Құран мен сүннетте ардақталып, таза ислам түсінігінің бізге дейін кіршіксіз жетуіне жауапкершілікті өз мойындарына алып орындады. Сондықтан, аталмыш үш буынның діни наным-сенімдері, діни ше­шім­дері мен ұстанымдары ең сенімді әрі дұрыс пен бұрыстың өлшемі болып табылады.
Фиқһтағы (ислам құқығындағы) төрт мазхабтың жетекші имамдары Имам Әбу Ханифа (80-150 һ.ж.), Имам Малик (94-179 һ.ж.), Имам Шафиғий (150-204 һ.ж.), Имам Ахмад ибн Ханбал (164-241 һ.ж ) ислам дінінің алғашқы дәуірлерінде өмір сүрген. Сондықтан, төртеуін де «сәләф» имамдар дейміз. Исламның алғашқы дәуірлерінен бері бұл төрт мазһаб, Мұхаммед пайғамбар мен оның саңлақ сахабаларының ұстанымдарына негізделгендіктен «әһлу сунна уал-жамағат» деп танылған. Тарихқа қарасақ, ислам қоғамында қандай да бір толқулар туындаған сәтте бұл үш буынның үлгі-өнегесіне қайта оралу нәти­жесінде мәмілеге келіп тұрақтылық жүзеге асырылған. Сондықтан, «Сәләфу салихин» ислам үмбетіне бас тартуға болмайтын даңғыл жол және әділ таразысы есепті.

Сәләфилік дегеніміз не?
Сәләфилік – жоғарыда баяндаға­ны­мыз­дай исламды сәләфу салихинның түсінгеніндей етіп түсіну керектігін алға тартатын ағым. Алғаш рет XVIII-ғасырда өмір сүрген, қазіргі Сауд Арабияның ше­ка­расының ішінде қалған Нәжид айма­ғында ортаға шыққан. Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың жүргізген «Уаһһабилік» қозғалысы да кейіннен «сәләфилік» делінген. Сол сияқты Мысырда Жәмаледдин Ауғани, шәкірті Мұхаммед Абдух тарапынан бастау алған «Исламдық реформа» қозғалысының мақсаты дінді бұрынғылардың түсінігі бойынша іске асыру, негізгі қайнар көзге оралу, мұсылмандардың мәдени, саяси ұстанымдарын реформалау және батыс отаршыларына қарсы тұру идеологиялары кейіннен сәләфилік атымен аталатын ағымның ортаға шығуына себепкер болған. Бұл екі қозғалыстың негізінде түпкілікті түсінбеушіліктер жоқ, бірақ, төменгі мәселелерде айырмашылықтар кездеседі. Бірінші,Ақидада Уаһһабилер кәлам мазһабтарын қабыл етпейді. Әһли сүннеттің екі атақты кәлам ғалымы Әбу Мансур әл-Матуриди мен Әбул Хасан әл-Әшғариді саф ислам ақидасын кәлами дәлелдер қолдану арқылы және ақылды нақылдан (Құран, сүннет) үстем тұтуымен негізін бұзған деп айыптайды. Сонымен қатар, Мұташабих (астарлы) аяттар мен хадистерді Алла тағаланың ұлылығына сай жорамалдануына қарсы шыққан Уаһһабилер тасаууфқа да қарсы екендіктерін ашық айтады. Ал, Ауғани мен Абдухтың жолы болса ақида саласында кәлам ғалымдарының қолданған әдістемелерін қолдап, философия, логика және кәлам секілді ғылымдарға қарсы шықпайды, мұташабих аяттар мен хадистердің, Алла тағала мен мақұлұқаттарының арасында ұқсастық болмауы үшін тәуил (астарлы мағнасын түсіндірілуін) етілуін қолдайды. Екінші, Уаһһабилер, фиқһи (құқықтық) мазһаб ретінде Ибн Таймия мен оның шәкірті Ибнул Қаийымның жолымен жүреді. Әһли сүннет мазһабтары истихсан, истислах, мәсалихи мурсәл және т.б. құқықи дәлелдерді қолданғандары үшін бидғат (жаңашылдық) енгізді деп айыптайды. Ал, Ауғани мен Абдух жолы болса, бір мазһабпен ғана жүруді қабыл етпейді. Барлық фиқһи мазһабтарды бірлестіру жолын қарастырады. Сонымен, араларындағы айырмашылықтарды қысқа түрде түсіндіргеніміздей, бұл екі ағым уақыт өте келе бір-біріне жақындасып «Сәләфилік» деп атала басталды. Ортаға шыққан кезеңнен, қазіргі таңға дейін сәләфилік ағымына басқа көзқарастағылар да қосылды. Сондықтан, «Сәләфилік» деген кезде ойымызға келетін әр тұлғаның бір түсінікте бір формада қалыптасқан топ емес, төменде баяндайтын көзқарастарды бойларына сіңірген топты көруге болады.

Сәләфилердің көзқарастары
Мұташабих аяттар мен
хадистер жайлы
Сәләфилердің ең айқын сипатта­рының бірі, мұташабих (астарлы) аяттар мен хадистерді сөздік мағынасын негізге ала отырып, айтылғанындай қабыл ету керектігін алға тартады. Сондықтан, Құранда және хадис кітаптарында Алла тағала жайында айтылған «қол, жүз, келу, отыру, түсу, арышқа истуа ету, ашулану, күлу...» [2, 127-172 бб.]. сияқты сипаттар, мақлұқаттарға қалай айтылған болса, олардың көзқарасы бойынша, Алла тағала хақында да дәл солай қолданылуы керек. Олай болса, Құран кәрімнің көптеген аяттары бұл сипаттардың Алланың жаратқандарының сипаттарына ұқсатудың дұрыс болмағандығын айтады.
Әр ғылым саласында, сол саланың білікті мамандарының айтқандарына жүгінетіндігі ақиқат. Осы қағидаға сәйкес, тәпсір саласында, мүфассирлер, хадис саласында мұхаддистер, фиқһ саласында фақиһтар, ақида саласында кәлам/ ақайд ғалымдары не деген болса соған жүгінуі қажет. Барша ғұмырын фиқһ ғылымының терең мәселелеріне жұмсаған бір ғалымның, ақайд саласында айтқандарын, ақайд саласы ғалымының айтқандарымен бір таразыға тартуға келмейді. Сондай-ақ, қаншама жылын тәпсір саласында өткізген бір ғалым­ның, хадис ғылымының тереңдігі мен айыр­маларын хадис ғалымы сияқты білуін күту мүмкін емес.
Тасаууф (сопылық) жайлы
Ислам әлемінде, кейбір аймақтарда тасаууф атымен ортаға шыққан бұрыс әрекеттер, сәләфилердің тасаууфқа дұшпан болуларына негіз болды. Әһли сүннетпен бірге қайнасқан шынайы тасаууфты, Батинилік, Хурафилік секілді адасқан топтармен бірге қарастыруға болмайды. Әһли сүннет жолының дұрыс сақталып таралуына үлес қосқан шынайы тасаууф, мұсылмандардың ішкі жан дүниесімен рухани өмірінің жаңғыруына, көркем мінез-құлықтың әсемделуіне және парасатты тұлғалардың жетісуіне ықпал етті. Сахабалар кезеңінен бастау алған тақуалық жолды үлгі тұтқан тұлғалардың шыңдана түсуіне де айрықша рөл атқарды. Ақайд саласында болсын, амал саласында болсын тасаууф ғалымдарының еңбектері және көзқарастары нақты білдірілген.
Тақлид (құр ілесушілік,
еліктеушілік) жайлы
Кейбір сәләфилер, фиқһ мәселелерінде мұжтаһид имамдардың тақлид етілуіне қарсы шығып, бұның адамдарды шіркке, діннен шығаруға апаратын жол екендігін алға тартады. Бұл айтқандарын дәлелдеу үшін көптеген аяттар мен хадистерді дәлел ретінде қолданады. Олардың тақлидтің харамдығын дәлел ретінде алға тартқан аяттар мен хадистерге терең үңіліп қарағанда бұрмалап жорамалдау арқылы қол жеткізгендіктерін көреміз. Яғни, аят-хадистерден тақлидтің харамдығын күштеп шығарғылары келетіндігін байқаймыз. Олар тәуәссул мәселесінде қателескендері сияқты, тақ­лидтің харамдығы мәселесінде де үмбет ғалымдарының дәлелдеріне қарсы шық­қан.
Хадис ғалымдарының арасында бір мәмілеге келген мәселелер бар. Хадис ғалымдары ижтиһад (аят-хадистерде берілмеген мәселелерді ақылға сүйеніп шешу) ете отырып, барлығы бір ауыздан хадистерді дәрежесі жағынан сахих, хасан және дағиф деп үш топқа бөлген. Демек, хадистерді бұлайша бөлу сол ғалымдардың ижтиһадтарына сүйенеді. Сондықтан, кейінгі ғалымдар олардың кітаптарындағы хадистерді дәлел ретінде қолданарда хадистердің дәрежесін білу үшін, олардың көзқарастарын ұстанып оларға «тақлид» жасаған, яғни, еліктеген.
Қазіргі таңда біздер үшін осыдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген хадис рауилерінің сипаттарын (дұрыстығын немесе бұрыстығын) білудің бір ғана жолы бар. Ол – хадис ғұламаларының бұл мәселеде айтқан пікірлері мен жазып қалдырған еңбектеріне сүйену. Біздің қандай да бір хадистің сенімділігі мен дұрыстығына көз жеткізу жолындағы іс-әрекетіміз толығымен сол ғалымдардың ижтиһадтарына негізделіп отыр. Әрі бұл еліктеудің (тақлидтің) нақ өзі. Әр мәселеде сәләфтің жолын қуамыз деген сәләфилердің өзі хадис ғалымдарының соңынан ерген еліктеушілер (муқаллид) болып есептеледі. Түйінделік, егер қандай да бір ғалымның ой тұжырымын, дәлелін білместен қабыл ету тақлид ретінде харам болса, бұл харамды сәләфилердің өздері де істеп жүргендігі болады. Егер, хадис ғалымдарының хадистердің дәрежелері жайындағы қанағаттарын тақлид ету дұрыс болса, мұжтәһид имамдардың фиқһ жайындағы ижтиһадтарын тақлид ету не үшін харам болсын? Тіпті, өздерін салаф деп атап жүрген бауырларымыздың өзі де тақлид істеп жүргендерін білмей ме?

Қияс жайлы
Ислам құқығында шариғаттың қайнар көзі ретінде құран, хадис, ижма және қиясты дәлел етіп белгілеген. Сөз етіліп отырған сәләфилер деп аталатын топтардың арасында қиясты ислам құқығының дәлелі ретінде қабылдамайтындар бар. Олар, қиясты «Алланың дініне өз көзқарасы бойынша үкім беру» деп түсінеді. Фиқһ әдістемесі кітаптарында егжей-тегжейлі баяндалған мәселелер Құран аяттарында және Мұхаммед пайғамбар хадистерінде жалпыламалы түрде айтылған, сол сияқты адамзаттың бетпе-бет келген тіршілік мәселелері үкімінің барлығы аяттар мен хадистерде егжей-тегжейлі баяндалмаған. Құран мен сүннеттен біраз мағлұматы бар адамдар бұл үкімді қабыл етіп мақұлдайды. Олай болса, үкімі Құран мен хадисте айтылмаған мәселелер жайында алдымызға екі таңдау шығады. Біріншісі – бұл мәселелер жайында ислам діні ешқандай да бір үкім бермегендігін айту, екіншісі – бетпе-бет келген мәселенің дәл өзін болмаса да, оған ұқсас үкімдер жайлы Құран мен хадисте орын алған үкімдерді, араларындағы ұқсастығына байланысты жаңадан туындаған мәселеге де қолдану керек.
Бұл екі таңдаудың біріншісінің дұрыс екендігін айту, ислам дінінің жаһандығына, жершарының әр тарапындағы адамдардың әр уақыт мәселелеріне шешімін таба алатындығын жоққа шығару болып табылады. Қиясты ислам құқығының дәлелі ретінде қабыл етпеген Ибн Хазм тарихта күлкілі жағдайға тап болған. Мысалы: Құран мен сүннетте шошқа етінің харам екендігі айтылған. Бірақ, майының харамдығы жайлы ешқандай үкім берілмеген. Міне, осы мәселеге байланысты Ибн Хазм шошқа майының халал екендігін айтқан. Қиясты фиқһи дәлел ретінде қабыл етпеу нәтижесінде туындаған күлкілі жағдай.

Әһли сүннет не дейді?
Жоғарыда тұжырымдағанымыздай, сәләфилер «сәләфу салихинды» үлгі тұтқандарын алға тартса да, бұл тек қана құрғақ сөз екендігін айтқымыз келеді. Шынтуайтына келгенде, имам Ағзам Әбу Ханифа да сәләфилерден болады. Сондықтан, оның ақидаға байланысты және фиқһи көзқарастарын қабылдау нақты сәләфилік болып табылады. Бұл айтылғандар басқа да шоқтығы биік ғалымдар үшін де тиесілі.
«Әһли сүннет уал жамағат» ақидасы ретінде жоғарыда баяндалғандар жайлы имам Ағзам Әбу Ханифа мен имам Шафий арасында ешқандайда бір пікір қайшылығы жоқ. Бұл екі имам ғана емес, имам Малик, Әузағи, Зуһри, Ахмад ибн Ханбал, Суфиян әс-Саури, Яхия ибн Мағин, Әбу Юусуф, Мухаммед ибн Хасан секілді т.б. көптеген ғұламалар Хижаз, Шам, Ирак имамдары Хорасан және Мауерауннәһир имамдары, Әһли рай және Әһли хадистің барлығы, олардан бұрын өмір сүрген Сахаба, табиғин, табаға табиғиндер де бұл мәселеде бір пікірде. Әһли рай мен Әһли хадис арасында бұл тақырыптар бойынша қандай да бір дау, жанжал болмағандығын тексергісі келетіндер, Әбу Ханифаның кәлам саласында жазған «Китабул Алим (уал муғаллим)», «Әл-Фиқһул Акбар» және «әл-Уасия» атты еңбектеріне қа­расын. Сонымен қатар, имам Шафиидің де жазған еңбектеріне қараса, екі мазһаб арасында қандай да бір айырмашылықтың болмағандығының куәгері болады.
Жоғарыдағы айтылғандар бізге мынаны дәлелдеуде, Сәләфилердің «сәләф» көзқарасы мен шынайы сәләф арасында үлкен айырмашылық бар. Сондықтан, сәләфилік деген ағым, сәләфтік түсінікті және тәжірибені негізге алғандығын ілгері тартса да, шынтуайтына келгенде, сәләфилік түсінік пен тәжірибеге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын көзқарастарды ұстанады. Олардың өшпенділік, менсінбеушілік, қатал және тек менікі ғана дұрыс деген ұстанымдары бұрынғы сәләф ғалымдарында кездеспейді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
İmam Nevevi. Riyazü’s-Salihin. – İstanbul, Erkam yayınları. 607 s. III c. 2005 s.
Мұташабих аяттар мен хадис­тер жайлы кең мағлұматты, Қайрат Жолдыбайұлы. Дін мен діл. – Алматы, 288 б. 2010 ж.

 

342 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз