• Тарих толқынында
  • 05 Қараша, 2013

БЕРЕКЕТ мырза, СІЗГЕ АЙТАМ, БАСҚАЛАРҒА ДА ОЙ САЛСЫН

Жарылқасын БОРАНБАЙ,
«Қазақ хандығы» қоғамдық
Қорының төрағасы

Мемлекеттік хатшы М.Тажиннің басқаруымен Астана қаласында үлкен жиын өтіп, тарих ғылымына деген көзқарас қайта қаралып жатқан мезгілде осы сала-да біршама қызмет жасаған Сіз әртүрлі жиындарға, отырыстарға, телесұхбат-тарға жиі-жиі шақырылып, бұл жөнінде өз ойларыңызды жасырмай айта баста-дыңыз. Бұған, әрине, біздің қарсылығымыз жоқ. Бірақ, Сіз сол отырыс, телесұхбат, тіпті жазғандарыңызда философияның «терісті теріске шығару» заңдылығын тарих ғылымына өте шебер пайдаланып жүрсіз. Сіз бұрын айтылғандардың бәрін жоққа шығарып, «жаңалық» аштыңыз. Жаңалығыңыз сол – қазақ хандығының қазығын 1457 жыл деп қаға бастадыңыз. Қандай бір жұмыр басты пенде болмасын өз туған күнін жақсы білуі тиіс. Себебі, құжат (паспорт) соған қарап толтырылады. Мемлекеттік құрылым да сондай. «Арғы тегіміз – Көк Түрік, одан да әрірек барсақ Сақ, Ғұн, Скиф, Арғы-қазақ болып кете береміз...» десек те, қалай қарай оқылса да «қазақ» деп естілетін таңғажайып аты бар, жұмыр жердің тоғыздан бір бөлігін мекендеген ұлы жаратылыс, өзінің тарих табалдырығын оң аяқпен аттаған күнін қалай да білуге тиіс деп ойлаймыз. Осыған, ең алдымен, зер салғандар Алаштың ар­дақтылары екен. Солардың арасынан суырылып шығып, мамандығы теміржолшы болса да «Қазақ хандығы» тақырыбына қалам тартқан Мұхамеджан Тынышбаев болыпты. 1923 жылы Ташкент қаласынан жарық көрген «Сана» журналында «Түрік-моңғол тарихы» атты еңбегін жариялап,оны «1. Ең ескі заманнан бастап 1456 жылға шейін» (Өзбек-қазақ айырылған жыл) деп бөлімге бөледі. Сөйтіп, 1456 жылдың қазақ мемлекеттігінің алтын табалдырығы екенін аңғартып өтеді.


Мұхамеджан Тынышбаевта Қазақ хандығының орнауы жайында мынадай да дерек бар. Міне, оқып көрелік: «Шағатай ұлысының құрамында болған арғындар Темірдің 1376, 1389 және 1390 жылдардағы жойқын шапқыншы-лықтарына ұшырады. Одан кейін 15 ғасырдың басында шығыстан жоң-ғарлардың шабуылы басталды да, 1456 жылы арғындар батысқа қарай кәдімгідей жылжып, Орыс ханның немересі әйгілі Жәнібек ханның қарама-ғында болады. Шамасы арғындар батысқа қарай 1400-1410 жылдар мәуле-тінде қозғалса керек...»
1935 жылы қазақтың тағы бір марғасқа ұлы С.Д.Асфендияров,басқа ұлттың ғалымы П.А. Кунте екеуі бірігіп, Москва қаласынан қазақ тарихына арналған кітап бастырып,онда былай дейді: «...В это время (около 860-1456 г) Абул-Хайр-хан владычествовал в Дашти-Кипчаке, султанам джучидским приходилось от него плохо и двое из них, Джанибек-хан и Гирей хан бежали в Моголистан» деп көрсетеді («Прошлое Казахстана в источниках и материалах» (Государственная публич-ная библиотека Казахстана и казакской научно-исследовательский институт национальной культуры. Сборник 1(V в.до н.э-ХVІІІ в н.э) под редакцией проф С.Д. Асфендиярова и проф. П. А. Кунте. Казакское краевое издательство Алма-Ата.1935.Москва). Бұл аса құнды кітапты 1997 жылы Алматы, «Қазақстан» баспасы қайта басып халыққа ұсынған.
Осы кітаптың 111-бетінде VІ. Казахское ханство (ХV-ХVІІ вв) дейтін тарау бар. Онда ол: біріншіден, «По мусульманским источникам» – деп алып былай деп көрсетілген: «К этим трем векам в сборнике относятся девять источников, охватывающих события с 1456 г. по 1627 г. Енді, бұл аталмыш кітап (Мухаммед-Хайдар. Вельяминов. 139-140,150-157, 192-202) деп алып кітапта мынадай дерекөздерін ұсынады: «...В это время (около 860-1456 г) Абулхайр хан владычествовал в дашти-кипчаке султанам джучидским приходилось от него очень плохо и двое из них, Джанибек-хан и Гирей-хан бежали в Моголистан.Иса-Буга-хан принял беглецов хорошо и отвел им край Джу и Козыбаши, который составляет западную окрайну Моголистана. Там они зажили спокойно. После смерти Абулхайр-хана улус узбекский пришел в расстройство, начались в нем большие неурядицы. Тогда множество народа откочевало к Гирей-хану и Джанибек-хану. Так что число собиравшихся около них людей возросло вскоре до двухсот ты-сяч, звать их стали узбеками-казаками.Эпохой, с которой началась собственно власть султанов казакских, надобно считать год 780(1465-66), впрочем бог лучше знает...» (стр 116) (Бұл жерде де 1456 жыл тұр.Бірақ, Сіз Вельяминов-Зерновқа үзілді-кесілді қарсы боласыз,әйтсе де оған келтірген дәлеліңіз тым әлсіз.Оған кейінірек толық тоқталатын боламыз).
Осы арада ептеп ойласатын нәрсе бар. Ол – Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» жазған, көрсеткен нәрселерінің бәрін ой елегінен өткізіп алмай қабылдай беруге бола ма деген сұрақ. Себебі, ол кітап, өзі аты айтып тұрғандай – «Тарих и-Рашиди», яғни, «Рашид ханның тарихы». Екіншіден, 1544-1546 жылы «бірінші дәптер» аяқталып, «екінші дәптер» қашан көзі жұмылатын 1550-51 жылдарға дейін созылады. Осыдан-ақ, оқырман бұл кітаптың «Қазақ хандығы» дүниеге келген уақыттан 100 жылдай кейін дүниеге келгенін бай­қауына болады. Әрі бұл тым шалғайда, Үндістанда, Кашмирде жазылғаны да есте тұруы тиіс. Мұнан бөлек, кітап авторы Қазақ хандарына аса сүйіспеншілік танытпайды. Себебі, олар «Моголстан» мемлекетінің төл перзенттері. Ал, Керей мен Жәнібек Моголстанды әуелі «қоныс сұрап кіріп алып, ақыр соңы «Қазақ хандығына» айналдырып жібергендер». Кітаптың 33-тарауында (Мұхаммед Хайдар Дулати. «Тарих-и Рашиди» Тұран» баспасы, Алматы. 2003.(305-бет) мынадай сөз бар: «Әбілқайыр хан Дешті Қыпшаққа түгелдей билігін орнатқан кезде Жошы әулетінен шыққан кейбір тіміскішіл сұлтандар одан келер пәленің исін сезіп қалып, оны орнынан тайдырмақ болды» (Көрдіңіз бе, біздің ұлы мемлекетіміздің бастауында тұрғандарды «тіміскішіл сұлтандар» деп келеке жасайтынын.Сонда, бұл оңған тарих бола ма?!). «Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп, жырылып қалып, біраз уақыт тарығып, әрі сергелдеңде болғандықтан оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай таңылды», – дейді бұл ойын одан әрман жалғастырып... «Ең ақырында сәтсіз тағдырдың қырсығынан соншама халықтан міне, бүгін төртінші жыл боп барады, ешбір жерде із де қалмапты. Отызыншы жылдары (930(1524 жылы) қазақ саны мың-мың (миллион) болатын. Қырық төртінші жылы (944(1537) сонша халықтан бұл жерде еш белгі қалмаған...» (306-307-беттер).
Иә, Тараз университетінің атын беріп, соншама ардақтайтын, көп ғалымдар зерттеушілер басына жастанып жататын, «көзіне сүртіп оқитын», «қасиетті кітапқа» балайтын, «Тарих-и-Рашидидің» айтары осы. Сонда, көкірегіңе келе беретін «сонша халықтан бұл жерде еш белгі (ең болмаса ізі де) қалмаса», мына біз, «қазақтар» қайдан шықтық?» дейтін сұраққа еш жауап таппай қиналатының бар... «Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады» деп алып, артынан соған өзі күмәнданып, «Алла жақсы біледі» деп қайырмалай салады. «Алла жақсы білсе», Алланың құзырына қол сұғып несіне әуре болады?! Бірақ, бұл кітаптың бір құнды жері бар, ол Моголстан мемлекетінің тарихын қапысыз баяндауы. Міне, осы жерден қолға сол замандағы саяси жағдайлардың жөн-жобасын біле алатын деректер ілігуі мүмкін екенін жасыра алмаймыз.
Ал, енді, 1964 жылы жарық көрген «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалым-дары» топтама кітабына «Мұхаммед Хайдар Дулати» атты зерттеу мақаласын жазған академик Әлкей Марғұлан, осы 1456 жылды бірнеше мәрте шегелей айтады. Дәл осы кітапқа «Қадырғали Қосынұлы Жалайри» атты еңбегін бастырған ғалым Қадырбек Жүнісбаев та осы 1456 жылға тоқталады. 1983 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» 5 томдықтың 2-ші томы. Вильяминов-Зернов, Абусейітова А.А., Мойсеев В.А., Әлкей Марғұлан т.б. Қазақ хандығының басталуын 1456 жыл деп нақты көрсетеді (188-бет). Қазақ ССР энциклопедиясы, Қазақ Ұлттық энциклопедиясы «Қазақ хандығы шамамен 1456-1847 жылдар аралығында өмір сүрді» деп анықтама береді.
Иә,1983 жылы «Қазақ ССР тарихы» кітабы 5 том болып шықты. Соның 2-томы «Көне заманнан бүгінге дейін» деп аталады. Осы аса құзіретті кітаптың, болса да пәленбай академик қоштап қол қойған 188-бетінде «Әбілқайыр ханның әскерлері мен Үз Темір тайшы басқарған ойраттардың шайқасы «Көк-Қашан»(Сығанақ төңірегінде) тұсында 1456-1457 жылы болды» деп айшықталып жазып қойылған. Оны мына бір деректерден (107. Тарих-и-Абу-л-Хайр-хани, л.336б-339а, МИКХ, с.168) оқуға болады. 170.Бартольд.В.В., Абулхайр с.490. Ахмедов Б.А. «Государство кочевых узбеков, с.64-65») деп ап-анық етіп қайдан алынғанын көрсеткен. Бұдан кейін тайға таңба басқандай етіп: «Осы жеңілістен кейін Әбілқайыр хандығының көшпелі халқының бір бөлігі бөлінді де, Керей мен Жәнібек сұлтандардың басшылығымен Моголстанға көшіп, Шу мен Қозыбас өзендерінің жазығына қоныс тепті» дейді. Осыдан кейін 109 (гриф) тұспал санмен: «Таварих-и-гузидаий-нусрат-наме», л, 66 б. МИКХ, с.17, Ахмедов Б.А. «Государства кочевых узбеков» с.67» – деп көрсетілген. Тағы да мұнда: «Әбілқайыр 1468 жылы Моголстанға жорыққа аттанған тұста кенеттен қайтыс болды», – дейді. Осыдан кейін: Қараңыз: Махмут ибн Уәли (МИКХ, с.361) ханның жорығы мен өлімінің мерзімі ретінде «тышқан жылын» (1468 жылды) келтіреді. Бұл бұл ма, қазақ жерінен алыста, 1987 жылы Қытайда, Шыңжаңда шыққан «Қазақтың көне тарихы» кітабында белгілі тарихшы Нығымет Мыңжан дәл осы 1456 жылға тоқталады. «1456-57 жылдары Әбілқайыр хан Сығанақ маңында Өз (Із) Темір тайшы бастаған ойраттармен соғысып жеңіліп қалды. Әбілқайыр Сығанақ бекінісіне тығылды. Қарсылық көрмеген ойраттар Түркістан мен Ташкент маңайын еркінше тонады. Осы жеңілістен соң көшпелі халықтың бір бөлігі Жәнібек пен Керей сұлтандардың басшылығымен Әбілқайырдан бөлініп, Моголстанға көшіп кетті де, Шу өзенінің аңғарына барып қоныстанды» ((113-бет).
«Әбілқайырдың 1456-57 жылы қалмақтардан ойсырай жеңілуіне байланысты Керей мен Жәнібек шебер пайдаланды». «Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне қараған қолмен Әбілқайыр хандығынан бөлініп 1456 жылы Моголстанға көшіп келді».
«...Сонымен, жеке Қазақ хандығының тарихы ХV ғасырдың екінші жар-тысынан басталды. Оның құрылуының тарихы 1456 және 1466 жылдардағы Өзбек ұлысының бір бөлігінің бағынбаған сұлтандары Орыс ханның ұрпақтарының бастауымен (көшуімен) Моголстанның шекарасынан тысқары көшірілген және «Көшпелі өзбектер» деп аталатын мемлекеттің 1468 жылы Әбілқайыр хан өлімінен кейінгі құлдырауымен байланысты».
«1456 жылы Керей хан мен Әз Жәнібек ханның Әбілқайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бас­тап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды оқиға болған еді.
Алғашында қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Міне, нақ осы территорияға деректемелерде тұңғыш рет «Қазақстан» деген атау қолданылды» (Уасифи. 16-ғасыр) (Қазақ Совет энциклопедиясы», 6-том, 384-385 беттер).
1468 жылы қыста Әбілқайыр хан қазақ хандығын қиратпақ болып, Же­тісуға жорыққа аттанды. Бірақ, сапары сәтсіз болып, жорық жолында қаза тапты (Бахыр әл-асырар» 1326-1336-беттер). Әбілқайырдың қаза болуы қазақ хандығының нығаюына және көлемінің ұлғаюына үлкен орай тудырды. Әбілқайыр өлген соң, оның елінде қиян-кескі қырқыс басталып, хандық ыдырай бастады. «Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ірі шиеленістер басталды. Оның (қарамағындағылардың) үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті.Мұндай тиімді жағдайды дер кезінде пайдаланған қазақ хандары Керей хан мен Әз Жәнібек бұдан 12 жыл бұрын өздері ауып кеткен ата қонысы Дешті Қыпшаққа қайта оралды» – дейді (Бұл жерде Әбілқайыр хан дүниеден өткен 1468-ден 12-ні алып тастасаңыз тұппа-тура 1456 жыл шықпай ма?).
Сіз «Әбілқайыр ханның өмірін тарих етіп жазған ХVІ ғасыр тарихшысы Масуд ибн Осман Кухустани оның қайтыс болуын «874 жылы тышқан жылы 57 жасында» деп көрсетеді», – деп жазасыз («ХV-ХVІІІ ғ.ғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары» (А.1969, 171-б). Бірақ, Сіздің бұл айтқаныңыздың дұрыстыққа жатпайтынын тым ертерек, ХХ ғасырдың басында Қазақ хандығы тарихының білгірі В.В. Бартольд «Абул-хайр» атты еңбегінде «1469-1470 жылға сәйкес келетін хижра бойынша 874 жылға қате теңестірген» деп (390-бет) анықтап қойған (қараңыз: В.В. Бар-тольд. «Тюрки-Двенадцать лекций»). Бұдан бөлек өз замандасыңыз «Қазақ хандығы» тақырыбына көптен қалам тартып жүрген көзі тірі тарих ғылымының докторы, профессор Сәйден Жолдасбаев деген әріптесіңіз Сізге неге «себепсіз» қарсы болады? Ол былай дейді: «Бұл оқиғаны көрсетіп отырған басты себебіміз, біріншіден, Әбілқайыр ханның қаза болған кезін «тышқан жылы» деп жаза отырып, оны хиджраның 874 жылы деп қателесіп, «сиыр» жылының көрсетілуі, – дейді ол ағынан жарылып. – Жалпы, мүшел жыл мен жыл аттарын көрсететін ел аузында сақталған аңыздар ешқашан қате жібермейтінін ескерген жөн. Мәселен, Махмұт ханның түрік сұлтаны Мехмед Фатихқа жолдаған хаты шындығында да тауық жылы хижраша 870 жылдың 5 ақпанында жазылғанын есепке алып қарағанда шындығында «тышқан жылының» 1468 жыл екендігіне ешбір дау жоқ» («Қазақ хандығы қашан құрылған» «Қазақ әдебиеті» 9.03.2001 жыл).
Бұл «тышқан» жылы енді тілімізге көбірек оралатын болады. Сіз «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетті» – дейсіз. Бұл деректі белгілі тарихшы, археолог, «Қазақ хандығы» тақырыбын зерттеуші ғалым Мәдияр Елеуұлы «Шу өңірі: аңыз бен тарих» атты еңбегінен алғансыз. «Сырдың бойынан «тышқан жылы» қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетіпті» – дейді ол. Мәдияр Елеуұлының, «Сыр бойынан, тышқан жылы, қара күзде...» дегені ойға қонғанмен, «Сыр бойынан» деп көрсеткені тарихи шындыққа келіңкіремейді, себебі, сол Жәнібек сұлтанды Әбілқайыр Сыр бойында орналасқан Сығанақ қаласынан одан 10 жыл бұрын, 1446 жылы қуып шыққан болатын. Ежелгі дәстүрді бұза отырып, Темір мен Жошы ұрпақтарынан тартып алынған жерлерді өз жақтастарына сойырғал-сыйлық ретінде таратады.
Қарт Қаратаудың теріскейіндегі Созақты Бақтияр сұлтанға, Сығанақты-Манеадан оғланға, Үзкентті Уаққас биге ұсынады. Әбілқайырдың Ордасы да осында болды. Сол себепті, Керей мен Жәнібек бұл маңда бола алмайды. Олардың Үз Темір тайшының шапқынына ұшырамауының да ең басты себебі осы еді.
Сонымен Сіз, Мәдияр Елеуов екеуіңіз жыл басы «тышқаннан» айырылғыларыңыз кел­месе, әсіресе, Сәйден Жолдасбаев «...шын­­дығында да «тышқан жылының» 1468 екендігінде дау жоқ» десе, ол көрсетіп отырған 1468 жыл – тышқан болғанда, әрине, 1467 – доңыз, 1466 – ит,1465 – тауық, 1464 – мешін, 1463 – қой, 1462 – жылқы, 1461 – жылан, 1460 – ұлу, 1459 – қоян, 1458 – барыс, 1457 – сиыр болмай ма?! Ал, енді, 1456 – қайтадан «тышқан» боп шығады. Ал, Сіз «Сырдың бойынан «тышқан» жылы қара күзде бір түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетті» дегеніңіз қайда қалады?
Берекет бауырым, бұған қарағанда сіз айтып жүрген 1457 жыл «тышқан» емес, «сиыр» болмай ма? Сонда сіздің «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетті» деген сөзіңіз не боп кетеді?! Ал, енді, Сіздің «тышқаныңыз» 1457 жыл болса, онда 1468 жыл «тышқан» емес, анау-мынауды тұмсығымен сүріп тастайтын «доңызға» айналмай ма?! Ал, осы саладан «нан жеп жүрген» өзің сияқты тарихшы, тарих ғылымының докторы, профессор Сәйден Жолдасбаев «доңызға» көне қояр ма екен?! Содан ба екен ол өзің жайлы мынадай аса үлкен «өкінішін» білдірген екен: «Қазақ хандығының құрылғандығы жайлы өз пікірін ашық айтып жүрген жас ғалымдарымыздың бірі – Б.Кәрібаев. Әрі оның ғылыми зерттеу жүргізіп жүрген тақырыбы да осы мезгілмен байланысты. Сондықтан, ғалым бұл мәселеге ерекше назар аударып, соңғы екі-үш жылдың ішінде бұл мәселенің төңірегінде көптеген ғылыми пікірлер айтып, баспасөзде бірнеше мақала жариялады.
Амал қанша, егер, ғалым араб не парсы тілін білгенде бізге көптеген мәселелердің бетін ашып беретіндігі оның мақалаларынан көрініп-ақ тұр» («Қазақ хандығы қашан құрылған?» («Қазақ әдебиеті» 3.03.2001 жыл. («Анығына же­тіп, ақиқатын айтайық» айдарымен берілген).
Математика ғылымында белгілі сан арқылы белгісіз мәселені анықтау дейтін тәсіл бар. Соны қолдана отырып Қазақ хандығының қай жылы құрылғанын Шарафеддиннің «Зафар-нәме» кітабы бойынша жұмыс жасап көрелік.
«...В понедельник 15 реджеба 793 г. (18 июня 1391г) Который соответcтвует году овцы, повелитель мира, увидев что к концу шести дней плохая погода начинает прояснятся, сойзволил лично заняться выстрайванием армии к бою в местности под названием Кондурча», – деп жазады ол. Енді, осы мерзімнен, амал қанша, қашан қазақ хандығы орнаған 1456 жылға дейін қолға қалам алып ерінбей-жалықпай есептеуге тура келеді.
Осы кестеге қарап отырып, Қазақ хан­ды­­ғының орнауы 1456 жылдан бастау алатынын кез-келген оқырман түсіне алады-ау деп ойлаймыз. Мұны, әрине, Сіз де жақсы білесіз. Бірақ, Сізге жұртты «ах-ух» дегізетін сенсация керек боп тұр ма қалай? Болмаса, өзіңіз де сол 1456 жылды қолдап-қоштаумен келе жатқандардың бірі емес пе едіңіз.
«Ана тілі» апталығы (2011 жылы 2-8 маусым. №22) сіздің «Керей мен Жәні-бек хандар «Қазақ мемлекетінің негізін қалаушылар болды» деген зерттеуіңізді жариялады. «Тарих ғылымында ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан бері Қазақ хандығының негізін қалаған екі тұлғаның – Керей мен Жәнібектің есімдері анықталып, белгілі болған. В.В. Вельяминов-Зернов алғаш рет рет Оразмұхамед ханның шығу тегін анықтау барысында «Тарих-и-Рашидидің» мәліметтерін айналымға ендіре отыра былай деп жазған болатын: «Қазақтар туралы (В.В.Вельяминов-Зернов қырғыз қайсақтар деп жазады. Б.К.) «Тарих-и-Рашидиде» Мұхаммед Хайдар айтқан мәліметтер хижра бойынша 860 жылдан 944 жылға дейінгі, яғни, 1456 жылдан 1537-38 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Ол 80 жыл ішінде Мұхаммед Хайдар бойынша қазақтардың ең басты тұлғалары: жошылық Керей мен Жәнібек, Керейдің ұлы Бұрындық, Жәнібектің ұлдары Әдік пен Қасым және Әдіктің ұлы Тахир болды», деп көрсеткен дейсіз де:
«...Міне, осы кезден бастап Керей мен Жәнібек хандардың Қазақ хандығының құрылуындағы тарихи ролі анықталып, қазіргі күндерге дейін оны ешбір зерт­теуші теріске шығармай, керісінше, оны зерттеушілердің бәрі бірауыздан мойындап отыр» – деп төрелік бересіз. Қателігіңіз сол «Ешбір зерттеуші теріске шығармай, керісінше оны зерттеуші-лердің бәрі бірауыздан мойындап отыр»-деп алып, неге іркіттей іри бересіз. Орта мектепте 2010 жылға дейін қолданыста болған «Қазақстан тарихында» да 1456 жыл анық жазылған болатын (8-сынып. Авторы Дүйсен Бабаев).
Мұны «өзі жоқтың көзі жоқ» дегендей 1457 жылға әп-сәтте өзгерте саласыз?! Бұған «көндік» деп тұрғанымызда «Егемен Қазақстан» газеті, 1996 жылдың 22 наурыздағы санындағы «Керей хан» деген мақалаңызда: «Біз де Т.И. Сұлтановтың дәлелдеулерін негізге ала отырып, қазақ хандығы 1458 жылдың күзінде құрылған деп жазған едік...» дейсіз. Бұнымен де тоқтасаңыз тәуір болар еді-ау... Елдің есін ел-сел жасағыңыз келгендей: «1446 жылдан бастап Сыр өңірі Әбілқайыр ханға қарады дедік. Осы жылдардан бастап 1457 жылға дейін Керей мен Жәнібек бастаған сұлтандардың Әбілқайыр ханға наразылығы өсе түседі» – деп бір қоясыз. Бұған «мақұл» дей бергенде: «1457 жылы Сығанақ түбіндегі қалмақтармен ұрысқа түсу үшін...», «Керей бұдан бір мүшел жыл бұрын хан сайланған, яғни 1457-58 жылы хан болған», – деп жібересіз.
«Жазба және ауыз әдебиеті дерек­терінің мәліметтерін бір-бірімен толықтырып, 1457-1458 жылдар оқиға­ларының даму барысын былайша қалпына келтіруге болады. 1457 жылы жазда Әбілқайыр хан қалмақтардың жорығы туралы естіп, қарауындағы елге жасақ жию туралы жарлық етеді. Сол жылдың күз айларында ол қалмақтардан жеңіледі».
«Екі сұлтан да 1457 жылы жазда өз жайлауында болып, хан жарлығын естіген». «Жарлыққа сай әскер жіберме­ген­діктен, олар Сыр бойындағы қыстау-ла­рына барудан қауіптеніп, 1457 жылдың қара күзінде Шу бойына жеткен, әрине, алдын ала Есенбұға ханмен келісе оты­рып...»
«Ал, келесі жылы, яғни, 1458 жылдың көктемінде Тұлпарсазда Керейді хан етіп сайлаған», – деп нүкте қоясыз да: «Керей 1458 жылы хан сайланса да ол толық дербес мемлекеттің ханы емес еді». «Ал, толығымен дербес мемлекеттің құры­луының аяқталуын біз 1470-71 жылы жүзеге асқан деп санаймыз...» – дейсіз. «Сонда қалай Сіздіңше Керей көктемде Тұлпарсазда ақ кигізге отырғызылып, хан сайланып, Қазақ хандығы күзде құрыла ма?! Бұл не бытпырақ?! Бұл тұста байқадыңыз ба, Берекет мырза, «Шаншар» театры жігіттерінің «Тоқтап, бір жерін айт!» деген қарапайым әзілі керек болатын сияқты. Сонда, бұл не деген «жаңылтпаш?»
Қазақтың ғылыми әлемінде Сәйден Жолдасов дейтін құрметті азамат бар. Ол да тарих ғылымдарының докторы, профессор. Ол кісі 2001 жылы 9 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінің 10-санында «Қазақ хандығы қай жылы құрылған?» деген тақырыппен зерттеу мақала жариялады. Онда ол: «Жазба деректердің хабарына қарағанда Могол хандары ағайынды Жүніс пен Есен-бұға арасындағы шиеленіс Т.Сұлтанов көрсетіп отырған мерзімнен әлдеқайда ерте – 1455-56 жылы басталған еді» – деп өте әділ көрсетеді (Мырза Мұхаммед Хайдар. Тарих-и-Рашиди. Таш. 1996 ж.108-109-бб). Шынында да, онда мынадай аса құнды дерек бар: «Сол арада Мырза Сұлтан Әбу Сайд Хорасанды жаулап алды. Енді, Иракты да бағындыруды мақсат етті. Бірақ, Есенбұға ханның Ферғана, Шаш және Түркістанға қауіп туғызуына байланысты Ираққа (жорық) жасау кейінге қалды. Сонда, Мырза Сұлтан Әбу Сайд адам жіберіп, ханды Шираздан алдырды да, жоғарыда айтылғандай келісім шарттармен оны Моголстанға жіберді. Ханның жасы ол кезде 41-ге келген еді. Ол 860 (1455-1456) жыл болатын».
Ал, мен өз басым бұрынғы ғалымдар жазып кеткен 1456 деген жылды дұрыс көремін. Бұл бір дата, нақты көрсеткіш. «Атамдыкі де дұрыс, апамдыкі де дұрыс» дегендей болжам емес.
Бұл – Ұлы көштің қозғалған тұсы.
Әрине, Сіз бір жылда тұрған не бар дерсіз, ойлы оқырман. Дегенмен де зер салып көріңізші, әлемдік тарихқа өз есімін алтын әріппен жазған Осман империясы 1453 жылы Константинопольды басып алып, жалғанның жарығына «Біз ұлы ел болдық!» деп жар салды. Ал, біз қазақ халқы солардан небәрі 3-ақ жыл кейін Қазақ хандығын құрыппыз. Біз соларға жақындаудың орнына 1457-1458-1459-1460-1461-1462-1463-1465-1466-1967-1468-1469-1470-1471-1472-деп кері қарай сіңірдей созуға құмармыз. Өз Тәуелсіздігімізді де «күн жылы, жер қарада» емес, «ақ қар көк мұзда» 16 жел­тоқсанда жыл бітуге жақындағанда әзер жарияладық емес пе? Ал, біздің қасымызда түркімен, өзбек, қырғыз, тәжіктер жаңа тарихтың табалдырығынан «батыл» да «батыр», «ержүрек» қазақтардан бір күн болса да ілгері аттап үлгерді. Енді, біз неге шегіншектей беруге құмармыз?! Ке­лер ұрпақ өткен тарихты қойып, кешегі Тәуелсіздікті «өзге бауырлас елдердің ең соңынан алуларыңыздың себебі неде? Не кедергі болды?» деген сұраққа өзі­ңіз сияқты «кәсіпқой» тарихшылар не деп жауап берер еді?! Қазіргі өркениетті елдердің бәрі өз тарихын тым әріден бастап, қолдан «ұзартуға» тырысып жатқанда біздің «көткеншектегеніміз» ұят болмай ма?!
Қазақ тарихына елеулі еңбек сіңірген Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қойшығара Салғараұлы «Хандар кестесі» кітабында, сол айтулы дата – 1456 жылға ойып тұрып орын берді емес пе? Қараңыз: «Қазақ хандығы қашан шаңырақ көтергені жөнінде бірер сөз» (Егемен Қазақстан» 28-маусым 1996 жыл).
Қазақ хандығының 1456 жылдан бас­тау алғаны Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі», («Жұлдыз» журналы 1993.№12.83-151 беттер) «Қазақ хан­дарының ғұмырнамасы» атты кітап­тарында толықтай талданды. 1456 жыл «Әй, заман-ай, заман-ай», «Бес ғасыр жыр­лайды» Алматы. 1984 жыл кітабында да бірнеше мәрте қайталай көрсетілген. (Құрастырушы Мұхтар Мағауин). Белгілі философ ғалым, сенатор Ғарифолла Есім 2003 жылдың 20 маусымында «Қазақ әдебиеті» газетінде осы 1456 жыл туралы арнайы тоқталады. Қазақстан Республикасы Ата Заңының авторларының бірі академик Сұлтан Сартаев «Нені көкседік, неге жеттік» деп аталатын мақаласында («Егемен Қазақстан» 2004.21.12) осы 1456 жылды толық қолдайтынын білдірді. Оқып көрелік: «ХV ғасырда Қазақ хандығы құрылды. 1456 жылы Шу өңірінде Қозы-басы жайлауында Керей мен әз Жәнібек қазақ хандығын – Қазақ мемлекетін құрды». Белгілі қоғам қайраткері Ата Заңымызды жазушылардың бірі Сұлтан Сартаев, біріншіден, аялап «Әз Жәнібек» дейді, екіншіден, олар 1456 жылы Қазақ хандығын емес, «Қазақ мемлекетін құ­рып­ты» дейді. Осы жолдарды оқып отырып, ұлттық рухың аспандап, кереметтей марқайып қалатының бар. Ал, «Қазақстан» Ұлттық мемлекеттік телеарнасы 1456 жыл – Керей мен Жәнібекке ерген Ұлы Көштің басталуы деп бірнеше мәрте көрсетті.
Тарих ғылымының докторы Сәбит Жолдасов «Шежірелі Оңтүстік» кітабының «Оңтүстік өңіріне қатысты оқиғалардың хронологиялық көрсеткішінде» «1456-1466 жж. Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын құрды» деп анықтама берді (215-бет, Қазақпарат баспасы. Алматы. 2002 жыл). Ақын, шежіреші Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қазақ хандығы, Керей мен Жәнібек көші тіпті 1455 жылы басталды» деп жазды. Жетісулық, Талдықорғандық көне түркілік тарихқа терең түрен салған, Күлтегін жазбаларының сырын ашқан зерделі зерттеуші Тәңірберген Қалилаханов деген зерттеуші өзінің «Қазақнама» (Алматы. 2006) атты кітабының 87-бетінде осы 1456 жылды дұрыс көреді. Республикалық «Түркістан» газеті 2011 жылы 20 қаңтар №3 санында авторы Есенгүл Кәпқызы бірінші бетке «Қазақ хандығына – 555 жыл» айдарымен «Әз Жәнібек пен Керейді қалай ұлықтап жүрміз?!» деп дабыл қақты. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мақсұтбек Сүлейменов (Торғай облысы) «Халық Әбдіғаппарды неге хан сайлады?» «Егемен Қазақстан» газеті. 12-сәуір 1996 жылғы зерттеу мақаласында «1456 жылдан 1870 жылға дейін созылған үш жүз жылдық қазақ хандығы құлатылды»деп жазды. Созақтық шежіреші Сүлеймен Тәбірізов «Созақ өңірі» кітабында осы 1456-ны қолай көреді (Алматы. Кітап. 2002 жыл).
Аса көрнекті ғалым Ақселеу Сейдімбек 1456 жылды Қазақ хандығының бастапқы кезеңі ретінде өзінің жазған еңбектерінде атап өтіп отырды (қараңыз «Көшпелілер тарихы» «Атамұра-Қазақстан. Алматы.1995 жыл). «Ел болу жөніндегі ұлы дүмпуге Жәнібек хан мен қолдаса дем беріп (1456-1477 жж) қазақ хандығының іргесін біржола орнықтырды. Жәнібек хан Барақ ханның бел баласы. Керей хан болса Барақ ханның ағасы Болат сұлтанның баласы еді. Яғни, Жәнібек пен Керей немере» (58-59-беттер).
«Алматы қаласы. Көркем суретті тарихы» «Қазақ энциклопедиясы». Алматы, 2009. Бас редакторы Б.Ө. Жақып. Құрастырушы К.Саркенова. Кітап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы әкімді-гінің қолдауымен шығарылған. Бұл кітаптың 66-бетінде «Қазақ мемлеке-тінің бас хандары» (15-18 ғасырлар) деген кесте берілген. Ол былай басталады: «Қазақ мемлекеті. 1456 жылы Жәнібек Сұлтан, Керей Сұлтан іргесін қалады. Шу, Қозыбасы, Керей 1456-1473 жылдар, Жәнібек 1473-1480, Бұрындық 1480-1503...»
Берекет мырза, Сыр бойының саң­лағы, жерлес көкең, ұлы ғұлама Әуел­бек Қоңыратбаев та осы 1456 жылды көрсетеді: «Қазақ аңыздары Асан Қай­ғыны 1456 жылы Қозыбаста қазақ хандығын құра­тын Жәнібек хан атымен байланыс­тырады» (91-бет) 93-бетте «Екін­ші Жәні­бек 1456 жылы Өзбек ханы Әбіл­қайыр­дан бөлініп, Могол ханы Иса Бұқаны барып сағалайтын қазақтың тұңғыш ханы. Иса Бұқа Жәнібек пен Керейге Қозыбас жерін берген» дейді, ол. Бұлардан бұқаралық ақпарат құралдары да қалыспайды:
«Первое казахское государство – Ка­захское ханство-образовалось в 1456 году (М.Х.Дулати) султанам Керей и Жанибек параллельно с образованием национальных государств в Европе.В этот период и был образован казахский народ. Его идейными основателями был Асан Сәбитулы. (Асан-қайғы), Қазтуған, Досмамбет, и др.» («Жас қазақ» газеті. №50 (475) 21.12.2010. Саясаттанушы Дас­тан Ельдосов).
«Қашаннан айтылып жүргеніндей, қазақ тарихында Жәнібек есімді кісі-лер бірнешеу. Біздіңше, солардың ең алғашқысы – тұңғыш Қазақ ханды-ғының басында болған Әз Жәнібек. Ол ХV ғасырда өмір сүрген. Шамамен хан тағына 1456 жылы отырды делініп жүр» («Шақшақ Жәнібек батыр». Алматы «Отау» баспасы. 1993. Сабыржан Шүкірұлы, Болатбек Әлденеұлы. 22-бет). Бұл бұл ма Қытай ғалымы, ұлы мемлекеттің барлық архивін сүзіп шыққан ханзулық Хун Тау дейтін тарихшы «Қазақ хандықтарының қысқаша тарихы» дейтін кітап жазып бастырды. Мұнда Керей мен Жәнібек туралы не дейді екен, соны оқып көрелік: «ХV ғасырдың 60-ыншы жылдарында өзбек хандығына Әбілқайыр билік жүргізген кезде (1428-1468 жылға дейін) билік басындағы топтардың жағында ұлық таластарына орай өзара қырқысқан соғыс туылып, қалың малшы қауымдарды торғайдай тоздырды.
1456 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханның тізе ба­тыруына төзе алмай елін бастап Могол­станға, яғни, кейінгі Шыңжияңға қашып келді. Ол кезде Шыңжияң ауданына Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың ұрпағы Есенбұға үстемдік ететін. Ол өзбек ханымен жау еді. Ол Керей мен Жәнібекті шығысына әкеп қоныстандырып, қарсы жақты дәрменсіз етпек болды. Сол себепті, ол өзіне қарасты жердің шығыс бөлігін, яғни, Шу, Талас, Жетісу өңірін оларға берді. Өзбек хандығынан қол үзген осы малшы халық «қазақтар» деп аталды» делінеді (Сәбит Жолдасовтың «Шежірелі Оңтүстік» атты кітабын қараңыз. Қазақпарат. Алматы. 2002, 62-63-беттер).
Берекет, Сіз бұл айтылғандарға мойын­сұнбасаңыз, онда тап өзіңіз сияқты ғылым докторы, профессор, Қаныш Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық университетінің оқы­тушысы Керейхан Аманжоловтың «Түрік халықтарының тарихының» 2-кітабын қарап шығуыңызға болады (Алматы. «Білім». 2002. Толықтырылып екінші рет басылуы. «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жоғарғы оқу орындарының студенттеріне оқу құралы ретінде ұсынған). Оқып көрелік: «1456-57 жылдары Әбілқайыр хан Сығанақ маңында Өз (Із) Темір тайшы бастаған ойраттармен соғысып жеңіліп қалды. Әбілқайыр Сығанақ бекінісіне тығылды. Қарсылық көрмеген ойраттар Түркістан мен Ташкент маңайын еркінше тонады. Осы жеңілістен соң көшпелі халықтың бір бөлігі Жәнібек пен Керей сұлтандардың басшылығымен Әбілқайырдан бөлініп, Моголстанға көшіп кетті де, Шу өзенінің аңғарына барып қоныстанды» (113-бет).
«Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне қараған қолмен Әбілқайыр хандығынан бөлініп 1456 жылы Моголстанға көшіп келді».
«...Сонымен, жеке қазақ хандығының тарихы ХV ғасырдың екінші жар-тысы­нан басталды. Оның құрылуының тарихы 1456 және 1466 жылдардағы Өзбек ұлысының бір бөлігінің бағынбаған сұлтандары Орыс ханның ұрпақтарының бастауымен (көшуімен) Моголстанның шекарасынан тысқары көшірілген жә­не «Көшпелі өзбектер» деп аталатын мемлекеттің 1468 жылы Әбілқайыр хан өлі­мінен кейінгі құлдырауымен байланысты» – делінген..
Керей мен Жәнібек бастаған ұлы көштің Жетісудың батыс аймағына, Шу өңіріне, Қозыбасы мен Таластың аралығына, Созаққа, қарт Қаратау теріскейіне бағытталуы «Таң­ба­лы­таста» айқын бедерленіп қалып қойғалы қашан...
Қазақша мәтіні былай: «Қыпшақ, ал­шын, арғын, қаракесек, үйсін, табын иллахи қар рәсиге һамиша хаһа рахмет қыл сен алтауын, екінші түрде айт-қанда, «О, Ием, үмітіне жету үшін осы алтауына рахметіңді бере көр!» Бұл, араб әрпімен жазылған. Тапқан А.И. Шренк пен Х.Бекхожин. Олар оны Л.Кузнецовпен бірлесіп көшіріп алған. «Записки Семипалатинского отдела русского географического общества, Вып.ХVІ.16-927 г» жариялаған. Бізге жеткізген академик Әлкей Марғұлан.Міне, қараңыз: «Тамғалы тас сыры» («Қазақ тарихы» журналы, 1993 жыл. №3, 28-бет).
Ал, Сіз «1428 жылы Барақ хан өліп, хандық билік шайбанилық Әбілқайырға көшкенімен, Ақ Орда хандарының ұрпақтары Сыр өңірінде қала берген. Олардың ішінде Керей де, Жәнібек те және басқалар да бар. 1446 жылы Әбілқайыр хан Сыр өңірін Мауренахрды қайтарып, өз астанасын Сығанаққа көшіреді», – дей саласыз. Ең болмаса Асан Қайғының:
Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған.
Оймауыттай, тоғай, егіннің,
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Отын тапсаң тойынды,
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың.
Ойылдан елді көшірдің.
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген,
Еділ деген қиянға,
Еңкейіп келдің тар жерге,
Мұнда да кеңес қылмадың.
Кеңестің түбі нара-ду,
Нәлет, біздің жүріске.
Еділ менен Ақ Жайық,
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң.
Ал қолыңды маларсың,
Алтын менен күміске! – деген толғауында «не айтылды» деп зерделемегеніңіз бе?! Олар Сыр өңірінде қала берсе, осы толғаудағы Жемде, Ойылда, Еділде, Жайықта не бітіріп жүр?!
Негізінен күннің екі «айналымы» барын жұрттың бәрі біледі деп ойлаймын. Оның бірі – әрбір үш жүз алпыс бес күн және тәуліктің төрттен бір бөлігіндегі Күн Тоқты (Зодиак бойынша аспанның үлкен шеңбері – Күннің жылдық айналымы өтетін эклиптиканың бойындағы он екі шоқжұлдыздың бірі. Жылдық айналымында Күн бір айда Зодиактың он екі шоқжұлдызының біреуін басып өтеді. Күн Тоқты шоқжұлдызымен қиылысқан көктемгі күн мен түннің теңескен сәті. Эклиптика 360 градусқа бөлінеді. Зодиактың әрбір шоқжұлдызы 30 градусты алып тұрады. Күннің екінші айналымы – осы) шоқжұлдызының бірінші минутында өзгермейтін бір нүктеге айнымай қайтып оралып тұрады. Мұны белгілі ақын, әрі математик Омар Хайам «Наурыз-наме» атты кітабында көрсеткен. Сол себепті, жыл сайын бұл мерзім қысқарып отырады. Ай күнтізбесі бойынша жылына 11 (он бір ) күн қалдық қалады да, 33 жылда 1 (бір) жылға теңеледі. Енді, Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мәдине қаласына 622 жылдың 24 қыркүйегінде қоныс аударуы – «хижра» – жылдың басы боп саналады. Сонда, Үз-Темір Тайшы мен Әбілқайырдың арасындағы шайқас көктем-жазда болғаны. Себебі, ел жайлауда болған. Соны жақсы білген қалмақ қосыны Сыр бойында моншақтай тізілген қалаларды алаңсыз тонаған. Әбілқайыр хан қашан жұртты жиып жетемін дегенше бықпыртын шығарған. Болса да, оған көптеген ру-тайпалар қатыспаған, сырт қалған. Бұл өте аласапыран, әрі алмағайып уақыт қаңтар-ақпан-наурыз-сәуір-мамыр-маусым-шілде-тамыз-қыркүйек (24-іне дейін) айлары кіретін 1456 жылға сәйкес келеді. Осыдан келіп, 1456-1457 жылдың бір-біріне жалғас көрсетіліп келуі шындыққа саяды деп ойлаймын. Ал, енді, Қазақ хандығының құрылуының ең басты факторы – Үз-Темір тайшы мен Әбілқайырдың шайқасында жатқанын мойындауға тура келеді. Енді, хандықтың еңсе көтеруі, орнығуы, өркендеуі туралы әңгіме басқа. Мынаны еске түсіру ләзім. Біріншіден, 1990 жылы біз, Қазақстан Республикасы, Тәуелсіздік Декларациясын жарияладық. Келер 1991 жылдың 16 желтоқсанында біржолата Тәуелсіздігімізді тұғырға қондырдық. Керей мен Жәнібектің 1456 жылғы Ұлы көші – «Тәуелсіздік Декларациясын» жариялауымыз сияқты оқиғаға саяды, ал, 1465-66 жылғы оқиғалар – ол мемлекеттіліктің мекемделуі десек ойға қонымды болмай ма?!
Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ. Күн ұзаған сайын бұрынғы тарих көмескі тарта береді. Сондықтан, оның ақырының аңызға айналып кетуінен сақ болайық. Мен мұныммен, «кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегенді де ұмытпайық дегім келеді.

2160 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз