• Тарих толқынында
  • 07 Қараша, 2011

1921 жылғы аштық:себептері мен салдары

 Биылғы жылы 90-ға келген «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы – қашанда елдің парыз жүгін арқалаған басылым. Ол өзі жарық көрген 1921 жылдан бері ақиқаттың ақ жолында парасат биігінен сөз қозғап, ой толғап келеді. Алысты барлап ұшар баба бүркіт қалпына келген «Ақиқат» журналы мыңдаған бала бүркіттерді тәрбиелеп, биіктеріне жол ашып бергені де жадымызда. Бұл журнал өзінің осынау 90 жылдық ғұмырында өрді де, еңісті де көрді, жеңісті де жемісті де теріп келеді. Ұлт руханияты мен ұлттық рухтың туын берік насихаттау жолында еліміздің ақпараттық кеңістігіндегі басқа үлкенді-кішілі басылымдарға үлгі болды. Соның арқасында қалың оқырманның ыстық ықыласына, шапағатына бөленген басылым дәрежесіне көтерілді. Олай дейтініміз,  Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов секілді алыптар шоғыры ел мен жердің тағдырына, қазақ халқының сол уақыттағы түйінді мәселелерін шешуге арналған мақалаларын нөмір сайын жариялап отырды.  «Ақиқаттың» 90 жылдық мерейтойына орай 1921 жылғы алғашқы сандарында қандай құнды дүние­лер бар екен деп сарғайған беттерін парақтағанда ондағы жазылған мақалалардан коммунистік цензураның бақылауында жүрсе де, алаш зиялыларының қазақ ұлтының өзекті проблемаларын батыл айта білгендігіне риза боласыз.  Оның дәлелдерінің бірі ретінде «Ана тілі» газетінің өткен  №39 санында жарияланған  «Бұл айтылғандар ертегі емес» атты  Смағұл Сәдуақасовтың «Қостанай-Торғай» атты мақаласын айтуға болады. Енді «Ақиқаттың» алғашқы редакторы, алаш зиялыларының бірі Абдолла Асылбековтің 1921 жылғы Қазақстандағы аштыққа байланысты нақты дәлелдерге сүйене отырып «Қызыл Қазақстанда» жариялаған материалын оқырманға қайта ұсынып отырмыз. Бұл мақалада сол жылғы аштықтың нақты себептері ашық айтылады. Қазақ халқының қызылдардан да, ақтардан да қатты жапа шегіп, елді жайлаған жұттан емес, сол әскерлердің ылаңынан қырылғанын әшкерелейді. Сонымен қабат, халық санын көрсететін статистикалық мағлұмат та өте маңызды орын алған. Қазақ Республикасындағы төрт облыстағы халықтың екі миллионнан астамы, яғни 59 пайызы аштыққа ұшыраған дейді, – Абдолла Асылбеков. Осы дәйекке сүйене отырып, егер төрт облыста 3 миллионнан астам қазақ болса, онда қалған аймақтағы халық санының қанша болатынын оймен шамалауға болады. Бұл жерде әңгіме тек қазақ халқына байланысты айтылған фактілер деп түсіну керек. Өйткені осы кездегі аштыққа ұшыраған аймаққа КИРЦИК-тің өкілі ретінде келген Смағұл Сәдуақасов жұт жайлаған елдімекендердегі орыс пен қазақтың жай-күйін өзінің есебі ретінде жасаған баяндамасында ашық жазған.  Бұл бойынша орыстар аштан қырылмаған. Аштан тек қазақ қырылған, Орыстарға тамақ үлестірілген. Қазақ құр қалған. Мұндай дәйектерді көптеп келтіруге болады. Сондай маңызы зор, құндылығы қапысыз мақаланың бірі ретінде Абдолланың «Қазақ Республикасындағы аштықтың ауданы» атты мақаласын ұсынып отырмыз. Бұл мақаладан Абдолланың сол қиын замандағы аштыққа қатысты ақиқаттың алдаспаны бола білгендігіне, тілінің көркемдігіне қайран қаласыз.  Мақаланы төте жазудан кирил қарпіне түсіріп, әзірлеген  Мұхит Бекмырзаұлы. А. Асылбек.                                          «Қызыл Қазақстан».                                          № 4, 1922, 7 январь   Қазақ республикасындағы   аштықтың ауданы Қазақ Республикасында аштық болуға екі түрлі себеп бар: бірінші, халықтың шаруасы күйзеліп, мал һәм егіншілік шаруасының төмендеп кері кетуі. Екінші, биылғы құрғақшылықтан егін-шөптің шықпай қалуы. Былтыр халықтың көбі жұтқа шалдығып, қазақтың болсын, орыстың болсын шаруасы бұзылды. Жазғытұры халық қолында жұттан қалған малы арықтап, шөп болса таусылып, астық азайып, жүдеп-жадап шықты. Қазақ халқының мал тұқымы азайып, жаз күн көретін сүтін ішіп қорек қылатын малдары қысты күні іш тастады, қырылды. Крестьяндардың астығы қазынаға алынды. Сондықтан халықтың қолында тіршілігін сақтарлық артық астық, сауып ішерлік сауын қалмады. Бәрібір биылғы жазғы құрғақшылық болып, егін-шөп шықпай қалмағанда да, жұрттың көбі аштыққа ұшыраған болар еді. Бұл шаруашылықтың бұзылған қиындығының, тұрмыстың ауырлығының үстіне биыл жаз жұрттың мал бағатын жайлауларында шөп шықпады. Сөйтіп қысқы жұттың зардабына құрғақшылық қосылып, халық зор аштықтың апатына ұшырады. Шаруашылықтың бүліншілігін түзету үшін көп уақыт керек. Бүлінген шаруаны түзету орнына бұрын құлақ естіп, көз көрмеген аштық жығылғанға жұдырық болды. Қазақ Республикасындағы шаруа түрлері Қазақ Республикасының басына келген аштықтың мөлшерін ауданын Қазақ Республикасындағы жұрттың бәрі бірдей егін шаруасыменен айналыспайтындығының өзі де анық көрсетеді. Сөйтсе де аштықтың қандай екендігін, неден шыққандығын анық түсініп, мөлшерін толық біліп, оныменен күресу ісін ретті бір жолға қою үшін алдымен сол аштықтың ауданын білу керек. Қазақ Республикасының негізгі шаруасы үш түрге бөлінеді: 1. Егіншілік 2. Мал бағу 3. Жоғарғы екеуін де істеу – мал да бағу, егін де егу. Республиканың жалпы шаруасының есебі жоғарыда көрсетілген үш түрмен былайша бөлінеді. Бұл жоғарыдағы саннан көрінеді. Көшпелі мал бағумен кәсіп қылатын халықтың саны 211 мың. Бүтін республиканың осы санының  төрттен бірі азмұнша тарыдан басқа егін екпейтіндігін жаз көшіп, қыс отыратын бір жағынан мал, екінші егін кәсібін қылатын халықтың саны 185 мың. Бүтін үй санының бес бөлігінің бір бөлегі. Бар еккен егіні бір үйлі жанға бір десятина һәм бір десятинаның үш бөлігінің бірі келеді. Сондықтан ол екеуі де өз егініменен өздерін асырап, сақтай алмайды. Сөйтіп, халықтың жартысы егін жақсы шыққан күнде де, астықты сатып алуға тура келеді. Бұлар астықты бірінші егінменен кәсіп қылатын крестьяндардан сатып алады, егер де крестьяндардың егіні жақсы шығып, өздерінің ішермендіктерінен артылып қалатын болса. Революция болғанға шейін Қазақ Республикасының астығы өзіне жетуші еді. Егіншілік кәсібін қылатын крестьяндар егін егуге жарайтын жерлерінің бәріне тегіс егін шашып оған астығы өз ішермендігінен артылып, көшпелі мал баққан егін екпейтін елдерді асырауына жететін егіннің бұрын­ғы дағдылы шығысы жылына 140 миллион пұт астық беретін. Халықтың ішермендігіне жүз миллионнан артық кетпейтін. Қалған қырық миллионды басқа базарларға сатушы еді. Сондықтан жұрт көп аштыққа дәл биылғыдай орасан ұрынбайтын. Шаруаның өзгеруі Қазақ Республикасының шаруасы 1917 жылдан бері жылдан жылға өзгерді. Бұрынғы шаруа күйзеліп шаруашылық бүлінді. Жыл сайын шаруа бұрынғысынан кері кетті. Бұлай шаруаның бүлінуіне себеп жұт, құрғақшылық болғанмен, әсіресе, өктеген өзгерістен соңғы әлеумет соғысы. Шаруаның негізгі нәрселерінің соңғы төрт жыл ішіндегі өзгеруі:  Бұл жоғарыдағы сандарға қарағанда егін 1917 жылдағыдан тең жартысы кеміген, мал жүздің 83-і кеміп 17-і ғана қалған. Міне осындай құлақ естіп, көз көрмеген егін, мал шаруасының күйзелуі, төмендеуі, жылдан жыл кері кетуі, әрине көп себептерден шыққан. Сол себептің ең зоры, ең үлкені әлеумет соғысы. Қазақ Республикасында, әсіресе солтүстік жағында басмашылықтың басылмауы. Бұл басмашылықты басу, бітіруге жіберген қызыл әскер болсын, ақтардың бандиттерінің салдары болсын жүрістері Қазақ Республикасында үзілмеді. Соғысы да шаруашылық ретіне қарамайды. Артық нәрселерді екі жағы да дұшпандарына түспес үшін шегінген кезде тұрған жеріндегі нәрселерді өртеп кетті һәм өздеріменен бірге алып кетті. Мәселен, 1920 жылғы Торғайдағы жұт қыс қатты болып, шөп шықпай қалғандықтан болмай, ерсілі-қарсылы жүрген әскер жұрттың шөбін аттарына берген. Бар қоңды көліктерін лауға мінген. Қалада карточкамен өлшеулі ас алатын қаладан шыққан солдаттар қырдағы тұрмысты да қаладағыдай біліп, елдің бар соғымының еттерін «Буржуйсыңдар» деп өздерінің ойларына келгенше асып жеген. Сөйтіп, халықтың шөбі таусылып, қолдағы малдары, бар қоңды көліктері лауда болып, қырдағы малды бағуға қоңды көлік болмай, қырдағы малдары қырылған. Сойған соғымдарының еттерін әскер жеп тауысып, қаладан сатып алуға астық шықпай, қазан жұтына ұшырап, адамдары ашыққан. Қазақ ішінде 1920 һәм 1921 жылдары ұдайы жұт болды. Бұл екі жыл елдің бар малының тұқымын тауысуға жақындатты. 1921 жылы Қазақ Республикасында 2 093 000 десятина жерге егін егілген. Бұл жерден егін орташа шыққанда да 70 миллион пұт астық жиналады. Халықтың ішермендігі менен тұқымдық астығына ең азы бір жүз миллион пұт керек. Сондықтан халықтың көбі аштыққа ұрынбаған болар еді. Әрине, аштық болғанда, ең алдыменен аштыққа ұрынатын егін екпейтін көшпелі қазақ халқы. Аштық һәм Қазақ Республикасының бір жылдық астық расхоты Кең Қазақ Республикасында жазғытұры ойлағандай астық шығымы болмай, салынған егін қалыбыменен Қазақ Республикасының Орынбор, Орал, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей губерналарында шықпай қалды. Бұл губерналардың бар халқының саны 2 220 000 жан. Егінжай ауданы 1 130 000 десятина. Бұдан 700 000 десятина егіннен бір дән шықпай құрып кетті. Қалған 430 000 десятинадан барлығы десятинасынан 6 пұттан екі жарым миллион пұт астық алынды. Қазақ Республикасының санақ басқармасы жер һәм астық комиссариатының 1921 жылғы жасаған астық расхоты: Жоғарғы есепке қарағанда Ақмола, әсіресе Семей губерналарында егін жақсы шықса да, Қазақ Республикасының жылдық расхотын өтеуге он бір миллион пұтқа жақын астық керек екендігін көрсетеді. Бұл он бір миллион пұт аш губерналарда аштарға берілетін мөлшерлермен көшпелі елдің жан басына үш пұт, қыс отырып, жаз көшетін елдердің жан басына төрт пұттан есептелген һәм келесі жаз шашатын егінге керекті тұқым 1921 жылғы егінжай ауданынан азырақ үлкейтіліп 2 530 000 десятинаға есептелген. Бірақ келесі жылғы керекті тұқым 13 600 000 пұт. Мұның 12 900 000 пұты жазғы тұқым шашуға, қалғаны күздігүні шашылған қара бидайға. Астықтың жетпей, әсіресе, көп керек болып жатқан жағы аш губерналарда. Бұл аш губерналардың астық расхоты һәм жетпей жатқаны төмендегіше: Аш губерналардың жалғыз келесі жазғы салатын егінге керекті тұқымының өзіне 5 630 000 пұт астық керек (1 200 000 десятина). Биылғы шыққан егіннен алған барлық астығы ендігі жазғы тұқымына да жетпейді. Біз бұл жоғарыда көрсетілген сандарменен аштықтың ауданын көрсетіп отырмыз. Әйтпесе өзі аштан қырылып жатқан адамдар ендігі жылғы тұқымына биылғы астығын қалдырар ма. Оның өзін осы биыл жеп тауысып та қойды. Кімді аш деп есептеуге болады Аштардың санын алу өте қиын болды. Кімді аш, кімді аш емес, өз тамағын өзі асырай алады деп есептеу үшін қандай белгілі негізге қойылып, қандай шаруасы бар үйлер аштарға қосылу керек?  Қазақ Республикасының санақ басқармасы 1920 һәм 1921 жылғы алынған сан бойынша былайша есептеген. Шаруа ретіменен бөлектеу (группировка) 1920 жылдың санағы бойынша аш губерналардың шаруасы екі түрлі белгіменен бөліктенген: Егінжай ауданы һәм мал санына қарап. Бұдан соң жер һәм шаруа түріне қарап районға бөлінген. Районға бөлінгенде шаруаның өзі үш түрге айрылды: 1.      Егін кәсібін қылатын район 2.      Егін һәм мал бағу кәсібін қылатын район, 3.      Көшпелі жалғыз-ақ мал бағатын район. Отырықшы егін кәсібін қылатын һәм егін мен мал бағу кәсібін қылатын екі район да негізгі шаруаға егін, көшпеліде мал есепке алынды һәм әрбір шаруа бөлімінің жан, мал, һәм егін десятинасының орын саны есептеліп шығарылды. Әрбір түрінің (районының) есебін есептеп ұзын санын 1920 жылдың 1-ші алынған санақ пен 1921 жылдағы алынған санақты салыстырып, қаралып түзетілді. Сөйтіп, әрбір үйдің мал, егін шаруасына қарап, мал саны, егін саны бірдейлерді бірге жинады. Мәселен, 1921 жылы аш губерналарда екі қарасы жеке бір десятина егін салғандардың саны қанша екен, содан соң 1921 жылы мұның қаншасы кеміген. 1920 жылы бір қаралы бір мың жан болса 1921 жылы бір қаралы он жан болған. Міне осылай ылғи қара саны егін десятинасы бірдейлерді бірге жинап егіні, малы бар қанша үй, олардың бұл егін малы неше ай өздерін асырап, сақтап, шыдауға жарайды. Һәм мүлде жоқ құр қара мен сақа басы қалғандардың санын есептеп білген. Егін салатындар салған егін десятинасына һәм алған астығына қарап былай бөлінген: 1.      Астығы жоқ бір десятина үшке шейін 2.      3-тен 5-ке шейін, 5-тен 8-ге 3.      8-ден 9 һәм жоғары. Мал бағатын районда әр үй           шаруасының мал саны былайша бөлініп бес бөлікке бөлінген: 1. Бір қарадан 3-ке шейін 2. 4-8; 3. 9-15; 4. 16-25; 5. 26-һәм бұдан көп. Биылғы салынған егіннің десятинасына алынған астық бүтін есептелгенде әр бөлімге егін шығысы бірдей деп ойланған. Бұл есептен мал саны жеке екі десятинасының саны кем болмаса артық есептелді деуге болмайды. Себебі қазақ шаруасы жылдан жыл кеміп, азайып бітуге жақындап келе жатқанын басында жазып өттік һәм әркімге де айдай ашық белгілі. Жоғарыдағы шаруа ретіменен бөлінгенде Сырдың егін һәм малы 5-ші һәм 6-шы бөлікке тура келетіндерді, яғни 8 десятина егін еккен 25 қарасы барлар биылғы алған астығына қарамай, аштар санына қосылмай шығарылып қалынды. Қалған бөліктердің биылғы алған астығы һәм малы неше күн күнкөруге жететінін есептеп, қолындағы астығы таусылғанынан аштар қатарының есебіне кіргізілетін қылынды. Осылай есептегенде аштардың саны мынадай:  Осы күні декабрь менен январьда аштардың саны 2 039 900 жан. Бұл аш губерналардағы барлық жанның жүзден 59-ы (59%). Аш губерналардың соңғы хабарларына қарағанда күннен күнге өсіп, көбейіп барады. Нан таусылды. Жұрт шөп жеп, ағаштың тамырын, өлексе жиюшы еді. Оның өздерінің аздығы һәм аузына түскенді жеп тамақ қылып аштан, аурудан өлгеннің көбейгендігін білдіреді. Аш губерналардың қолдарындағы бар астықтан тамақтық нәрседен басқа жіберген өкімет халықтың бір үйіне тиісті астықтың саны аштарға беретін өлшеумен айына 16 қадақтан. Аш губерналардың барлық ішермендікке керек астығы 6 575 000 пұт. Бұған келесі жазғы тұқым астықты қосқанда 1 320 000 пұт болады. Бұл халыққа ең аз өлшеумен бергендегі керектісі. Мұны патшалық беруге міндетті. Егер де астық табылмаса, халықтың бәрі аштан өліп, құрып таусылмақ. Қазақ Республикасындағы жергілікті халық қазақ халқы мәдениет жүзінде әбден кейін қалған көшпелі жұрт. Далада астық апаратын шойын жол, ауруларын қарайтын аурухана, бастарын қосып, бір жерден асырауға жері шалғай бытыранды. Аштықтан сау жаққа көшіруге жылы киімі жоқ. Ауырып, аштан қырылып жатыр. Соның үшін қалғанын аман сақтап, алып қалу үшін жылдамырақ жәрдем ісіне қатынаспаса, қазақ халқынан тарихта бар еді, жоқ болды деген сөз ғана қалмақ.

749 рет

көрсетілді

19

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз