• Заманхат
  • 06 Қаңтар, 2014

Көзбояуы жоқ көріністер

ҚуандықҚуандық ТҮМЕНБАЙ,
жазушы

– Әдебиетті әкеңдей көруші ең, не болды енді, әдебиетпен күн көре алатын түрің бар ма?! – деп, бір сығыр көз құр­дасым уақыттың сыйын сығырайтып бе­ті­ме басты.
Мажығып қалдым.
– Бұған сен де, мен де, әкем де кінәлі емес. Әкем 37 жасында бәрін жолға қойып бе­ріп, жөнеп кетті, – деп өткенге топырақ шашпауға тырыстым.


– Сен түбі өсесің, – деп, мені келемеж­дей отырып, уақыттан алар өшінің мол екендігіне ешкімнің дауы жоқтығын тайға таңба басқандай дәлелдеді. Өзі де тек цифрлар мен фактілерді тізілтіп сөйлеуші еді. – Телевидение мен Интернет тұрғанда, – деп көзін ашқан 42 әріпке өшіге қарады.
Осылай боп кете берер ме екен?
Теледидардың өзі «Шындығы сол» деп шырылдап хабар жүргізіп, осы ауылға ат шоқытып келіп-кетіп жатқан жоқ па?
Құрдасыма кешіріммен қараймын.
Бір жылғы төлдің бәрі бірдей ауыз­данбайды ғой.
Біздің ауылда адасып жүрген жолау­шы секілді.
Журфакқа соқпай-ақ қоюы керек пе еді...
***
– Көзбояуы жоқ көріністерің көптен көрінбей кетті ғой, – деді газет оқитын бір жігіт шын көңілімен. – Көп нәрсеге қа­ны­ғамыз.
Ынты-шынтымен айтып тұр.
Осындай сөздерді естігеннен кейін уақытқа деген көзқарасыңды білдірмей тұра алмайсың.
Уақыт – төреші.
Адамдар ойыншы секілді.
Ойыншылар да әртүрлі.
Елді аузына қаратқан футболшы Стрель­цов айдың күні аманында сотталып кет­ті. Бірақ, спорт шежіресінде жақсы аты қалды.
Ел намысын қорғады.
Біз Ел мен Намыс деген жағалауға жете алмай жүрміз емес пе?

***
Біздің мемлекеттік тіліміз спорт құжаттары сияқты. Бекітіп аламыз да, аймақтағы оқиғалардың бәрін ұлт­аралық немесе халықаралық тілде өт­кі­земіз.
Біздің тілімізден ағылшыншаға аударып тұрса қазақ не істер екен?
Әуелі ұлтаралық тілді біржақты қылайық та.
Репортаж тыңдап риза боп отыратын күн де келер...

***
– Мен сізге сдаш қайтарып бере ал­маймын.
Қаракөз қазақ қызы сақалымды сап­ситып қойып беттен алып тұр.
– Қызым, Тәшкенде де, Мәскеуде де сауда жасаушымен бұлай сөйлеспейді.
– Онда сол жаққа барып сауда жасаңыз, – деп мың теңгелікті лақтырып жіберді. Тап-тұйнақтай ғып сексен теңге бермегеніме мен кінәлі секілдімін.
Өзі тұрған үйге жанастыра соққан жеке дүкен.
Қыз Жерде емес, Көкте тұр.
Қазақ десең, өзіңе тиеді.
Қазақ демесең, жерге түспейді.

***
«Ағылшын және қытай тілдерін үйретеміз.
Айына 8000 теңге».
Абай мен Әуезов көшелерінің қиылысындағы биік мекеме алдындағы қос қабатты жарнама тек ұлтаралық тілде жазылған.
Сонда өгейсіп тұрған тек қазақ тілі боп тұр.
Біздің мемлекеттік деген мәртебесі бар тілімізге кім қамқор болар екен?
Қазір Алматыда ағылшын мен қы­тай тіліне деген ерекше бір емеурін пайда болды.
Мемлекеттік деп мегзеп қоямыз да, меңдуана жеген адамдай ештеңе естімей тұра береміз.
Түсіндірме сөздікте меңдуана улы өсім­дік деп жазылған.

***
Әл-Фараби даңғылымен даңғыратып келе жатып, Фурманов көшесіне бұрыла бергенде жол жиегінде қаланың схема-картасы түзілген. Сонда «Орбита шығын ауданы» боп жазылып тұр.
«Шағын» деген сөзді сауатты жаза­тын бір адамның табылмағаны ма?
Қасындағы орысшасы оп-орнықты боп орнында тұр.
Алматының 70-жылдардағы келбеті қазақша еді.
Ол кезде Шәмшінің әндерін шыр­қайтын талғампаз рух болатын.
Қазақ болу үшін заң емес, ынта мен тал­ғам керек.
Шағын аудандар да сол кездері сақау­ланбай таза сөйлейтін.
Қазір екі ортада қалған дүние-кезек дүбара тіл.
Жол үстіндегі келеңсіз көріністен кейін насы­бай шақшаңа қол саласың.
Насыбайдың уытына шыдамы жеткендер ғана шыдайды.
Бұл – «кімге күлкі, кімге түрпі».

***
Үй түбіндегі аялдамада донер-кебаб деген түрік тамағын сататын қос қазақ баласының өмірі нағыз идеологиясыз өмір. Екеуі де жоғары оқу орнының география факультетінде күндізгі бөлімде оқиды, бірақ, таңнан кешке дейін осы бір үйшікте, күйбең тірліктің көлеңкесінде жүреді.
– Сендер сабаққа бармайсыңдар ма? – десем, «келістік ғой», – дейді. Тіл табысу керек-ақ, бірақ, сен ертеңгі кү­ні елің аузыңа қараған маман емессің бе? Бұлар кітап оқымайды, газетті қолына алмайды, кітапхана деген ұғым санада жоқ, өмірде «Жас Алаш» де­ген газет барлығын естімеген. Бұлар тек қамыр жайып, ортасына ет салып қуырып, ары-бері өткенге 300 теңгеден сатады. Арасында қалта телефонға ақша салады. Кешке қожайынға есебін бе­реді. Бүгінгі қазақ студентінің кейпі осындай.
– Сендер сынақ тапсырмайсыңдар ма? – деймін өз кезеңімді – өткен ғасыр­дың 70-80-ші жылдарын еске алып.
– Тіл табысамыз ғой, – дейді аспай-саспай.
Бұлардан қандай маман шығады?
Елімнің ертеңін кім қолға алады?
Абайдың атын алған жоғары оқу ор­нында оқитын екі жігіттің ертеңі мені тол­ғандырады. Олар тек өз күнімізді өзіміз көр­сек деп, әке-шешенің иығына масыл болмауды мақсат тұтады екен.
Бұрынғы оқу бітіріп, өмірге жолдама алып, қол ұстасып қиырға кететін қазақ жастары қайда жүр?
Төрт бұрышты донер-кебаб үйшігі олардың өмірден тапқан мекеніне айналып отыр.
Жастың ертеңін кім ойлайды?
Елімнің ертеңі мына бір төрт бұрыштың ортасында қалып қойғаны ма?
Төрт жыл да өте шығар.
Түріктің донер-кебабының есігі ашық, Алматыда сатыла береді.
Диплом алған екі жігіт түбі не істер екен?
Олардың жолы қай жолдамаға қарай бұрылар екен?
***
– Ақындықтан ештеңе шығатын түрі жоқ, сосын драмаға ауыстым. Қа­лай жазудың қыр-сырын әбден үй­рен­­дік қой, – дейді бір шайыр өзіне-өзі ырза боп.
Бірақ, мен ырза емеспін.
Оның жазған пьесасы кімге ләззат сыйлар екен?
Осы жағын кім ойлар екен?
Ақын ба, режиссер ма?

***
Айналаның бәрі орысша. Жиналыс қазақша басталып, орысша аяқталды. Қыза-қыза қазақша орта жолда қалып, бәрі ұлтаралық тілдің шашбауын көтерді.
Керекуге не болған?!
Сұлтанмахмұт бастаған сұңғылалар әлдеқашан оянған жоқ па?
Оянған халықты неге ұйықтатамыз?
Ертіс сылқылдап ағып жатыр.
Ертіс өзіне-өзі күліп жатқандай.
***
«Ыстықта ерімейді,
Аузыңда ериді.
Тает не в жару,
А во рту».
Қос тілділіктің көрінісін қарашы.
Осы бір жарнама үшін қаншама тақтай мен бояу шығын.
Алматыда «ит жоқта шошқа үріп» тұр.
***
Қазақ тілінің бағы жанбай тұр.
Кекештіктен арыла алмай-ақ қойдық.
127-ші автобусқа міне қалсам, «Объект бейнебақылауда» деп жазып қойыпты.
Орысшасы дұп-дұрыс.
Қазақшасы әйтеуір жоқтан бардың жоралғысы.
Бұл кезең де бастан өтер.
Өзімізді өзіміз кекеш қылған кез де келмеске кетер.
***
Алматының қақ ортасында:
«Жургіншілер
Соқыр жаяу
Пешеходы
Слепые пешеходы» деген белгі тұр.
Сөзбе-сөз аударма – екеуі де жетісіп тұрған жоқ.
Өмірде бәріміз де жүргіншіміз. Бірақ, соқыр жаяу деп бастан салып қалған біртүрлі екен.
Ең болмаса, зағиптар мен көзі кеміс­тер кесіп өтетін жер десе де сыпайы­лау көрінер еді.
Соқырға таяқ ұстатқандай деген осы шығар.
***
Қазақша күрестен «Қазақстан ба­рысы» біріншілігі өтіп жатыр.
Демьяненко финалға шықты.
«Қазақстан» арнасының жүргізушісі жанын шүберекке түйіп отыр. «Спорт ұлтқа қарамайды, бізде ондай жоқ», – дейді дызақтап.
Басқа елде басқаша айтылар еді, біз өз елімізде өзімізді өзекке тебеміз.
Теріңнің кеңдігін бағалаған біреуді көрмедім.
Демьяненкомен де мақтанамыз.
Бірақ, Үшкемпіров тектес қара көздер үшін өлердегі сөзді айтуымыз керек қой.
Ұлт намысын қорғамасаң спорт бола ма?
Спорт журналистер Несіптен көсіп-көсіп алу керек ғой.
***
Астана күні қарсаңында Қызылорда облысының әжелері ұршық иіріп, сырмақ тоқып, ағылшын тілінде ән шырқады. Оны «Қазақстан» арнасы айқайлап тұрып көрсетті. Аз уақытта аулымыздың алысқа кеткеніне қуандық, мақтандық, ұялып та қалдық.
Ағылшынның кемпірлері де біздің тілімізде ән салар ма екен?!

***
Жан дегендегі жалғыз ағам өмірден озды. Кеш оқығанмен өз кәсібінің шы­ңына шыққан қақсал еді. Жаназасының алдындағы қаралы жиында осы жағы көп сөз болды. Талай тосыннан басталған тергеудің қорытындысымен тәнті еткені жұрт аузымен айтылды.
Ағамның өмірін қысқартқан да осы тосын тергеулер ме деп ойлаймын. Кеңес кезеңі ыдырап, жаңа қоғам – жаңа дүние есік ашқанда тұтқа ұстаған менің ағам секілділер жағалауға жете алмай қалды.
Юрий Бондаревтің «Жағалауындағы» кейіпкерлер секілді жан-дүниесі мөлдір, жұртқа имандай сенетін жанның бірі менің бауырым еді.
Ол – айыптаушы прокурор болғанмен, ақ-қарасына әбден көз жеткізіп алатын. Ол – мәшине, трактор, комбаин – бәрі­нің тізгінін ұстап, әбден өзіне-өзі кел­гесін ғана заңгерлік кәсіпке бет бұрды. Абайсызда комбаинмен біреуді опат қылып, өмірдегі кездейсоқтық дегеннің, тіпті, қылмыс атаулының ойламаған жерден болатындығына да көз жеткізді. Сонан ба, қылмыс негізі қалай қаланатындығына аса қатты мән беретін.
Алдымдағы асқар тауымнан айрыл­дым.
Ол да соңынан ерген жалғыз тамшы қанына жалтақтап қарай-қарай өмірден озды.
Екеуміз де жақсының көзі едік.
Алдындағы жалғыз бауыры Уәлшерден кейін тура жарты ғасыр өткесін артынан кеткендігіне таң қалып отырмын.
Ағалы-інілі екеуінің рухы бір-біріне жақын еді, енді құмшауыт жерді бірге мекен етесіңдер.
Өзіңді заңгер қылам деп армандап кеткен бауырың да жарты ғасыр өткеннен кейін қаралы жиындағы жақсы сөздерді жанымен естіп, рухы аспандап жатқан шығар.
Екеуіңнің болмыстарыңның биіктігі менің мәртебемді аспандатады.
Бірақ, жалғыздық жанға батпай қоймайды екен.
***
Шығыс Қазақстанның «Көгілдір шығанақ» аймағында демалдық. Тұ­ла денені құмға күйдірген, көгілдір жапырақтан көңіл тұнған жанға жайлы аймақ. Шерағаңша айтқанда, бірі кем дүние – қазақ аз, аз дейміз-ау, тіпті, жоқ. Демалушылар арасындағы бір-екілі қаракөз – олар да көзі қара болғанмен тілі орысша, әбден 2050-дің жобасына иліккендер. Иліксін-ау, өз елі мен өз жеріне шүршіт көзбен қарауға болмайды ғой.
Көбі ресейліктер. Үстеріне ілген курткасы мен бұттағы лыпаларына дейін «Россия» деген жазу тұр. Солар ит өлген жерден келіп тұрып қазақ жеріне табаным тиіп тұр-ау деп бір еміренбейді. Өскемен деген сөзді бір рет жөндеп айта алмайды, саналарында қазақ деген ұлт бар-ау деген ұғым жоқ, Қазақстан олар үшін бәріне құшағын кең жайған ыстық ұя секілді.
Құдай жерімізді кең ғып жаратқасын дауа жоқ.
«Кең болсақ, кем болмаймыз» деп қанша әуейіленгенмен «мақал – сөздің мәйегі» болмай бара жатыр.
Біздегі «Ұшқан ұяны» Баукең (Бауыржан Момышұлы) жазған.
«Ұшқан ұяның» өзіндігін ол кісі қаламмен көрсетіп кеткен.
***
Өскеменнің түбінде он күн демалып едім, Өскемен деп таза қазақша айтқан бірде-бір не қазақты, не орысты көрмедім. Бәрінің айтатыны – «Ускаман», «Ускаман». Ең болмаса, Оскемен десе қайтеді.
Павлодар Кереку боп, Қызылорда Ақмешіт боп, Петропавл Қызылжар боп сұранып тұр. Семей деп жүрген Абай тұрған Семейіміз Семипалатинск боп айтылып та, жазылып та тұр.
Мен Шиелі деген жерденмін. Бертінге дейін Чиилий деп айтып та, жазып та келдік. «Дүниеде екі Чиилий бар» деп мақтаныш тұттық. Біз қазір Шиелі дегенімізбен, осындағы мұнай мен атом саласында жүрген шет елдіктер Чиили дейді. Біз де солардың тілінде сөйлейміз.
Олар неге біздің тілімізде сөйле­мей­ді?
Осыны кімге айтсақ екен?!

***
«Қазақфильм» шағын ауданында «Союзпечать» атын алған жалғыз дүңгіршек бар. Онда да қазақша газет некен-саяқ, тек «Сақшы», «Дат», «Сырласу» (жекеменшік журнал), «Жас Алаш» пен «Жұлдыздар отбасын» ғана көрдік. Сөйтсек, дүңгіршекті біреу жалға алыпты, иесі көккөз де, сатушы көкөрім қазақ баласы. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» бұл жерде жоқ, оны қажетсініп тұрған ешкімді көрмедім.
Жалпы, орталық түгілі көне аста­наның ықшам аудандарында қазақша газет оқысын деген ешкімді көрмедім. Мен сені іздеп жүрмін деген де біреу жоқ.
Қазақ тіліндегі баспасөзді тауып оқу – ақірет.
Сонда оны кім үшін шығарып отырмыз?
***
«Қазақфильм» шағын ауданының ең түкпірінде кино түсіруге арналған хабар­ландыру ілулі тұр.
«Приглашаем всех желающих приняв участие в съемках фильма «Ограбление по казахский» – «Қазақша кісі тонау». Ищем людей всех национальностей от 5 до 75 лет. Для отдельных сцен нужны китайцы и корейцы, и. т.д.».
Әрі қарай кете береді.
Біз не боп барамыз? Жеріміз де, тіліміз де осы екі елмен бірігіп кетіп жүрмей ме?
Әлгі хабарландырудың астында түскі ас тегін, кеткен шығын төленеді деп жазылған екен. Осыған елігіп, тағы да қытай мен кәріс мен болам деп біраз тыраштанамыз ғой.
Біз неге осындаймыз?
Онсыз да боларымыз болып біттік ғой.
Қызылордада Құмкөл мұнай кені­шінде жұмысқа жарамай кетіп бара жатқан қытайлық жылап тұрып ашы­нып айтыпты: «Маған қазақтың бір қы­зын екіқабат қыл деген тапсырма бар еді» деп.
Біз неге өз тағдырымызға барынша салдыр-салақпыз?
Өзбек неге өліспей беріспейді?
***
Тағдырдың тартуымен құдаларым жапоннан болып еді... Солардың еліне құдандалыққа барғанда көргенім – дәстүр мен салтқа беріктігі, дінінің қаттылығы, ділінің тазалығы. Жеті жасқа дейін өзге тілді бар деп білмейтін жапон елі кімнен кем, жері тар болса да көңілдері кең, есеп-қисап пен информатиканың құлағында ойнаған барынша сауатты ел.
Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл бол­ған біз ше?
Біз де ешкімнен кем емеспіз, бірақ, біз ең әуелі бәрін тілден бастауымыз керек еді. Тілдің маңдайы жарқырамай ештеңе де шықпайды, тілсіз ел – мылқау ел.
Біз де соның кебін киіп отырмыз. Алматыда қайда барсаң да: «Языковые курсы!!!
«ALEM»
Языковой центр
Английский
Казахский
10000-12000 тг. в месяц в группе
Подготовка к тестам TOEFL, IELTS.
Три богатыря, над кинотеатром «Искра».
«Ұш­қыннан жалын лаулайды» деген осы болар. Қаланың қақ ортасынан тіл үйірмесінің өмірге келгенін қараңызшы.
Қазақшаны қарық қылмай жатып ағыл­­шыншаға ауысқанымыз ба? Неге өзімізді ысырып қойып, өзге тілге құштармыз?
Әуелі тіл қадірін білу керек.
Білу үшін тілдің алдында асып-тас­пауымыз керек еді.
***
Үй артына бір дүңгіршек орнады. Аяқ киім шеберханасы екен. Дереу барып, тіл­десейін десем, қиғаш көзді, кең иықты жігіт жауап бермей алдындағы ақ қағазға жор­тақтатып жаза жөнелді. Сөйтсем, мыл­қау екен. Үн-түнсіз аяқ киімімді тас­тап кеттім.
Ертеңіне берген ақшамның біразын кері қайтарды. Ақ қағазға: «Мен бәтіңке­нің тек ұлтаны үшін ғана аламын» деп жазып қойды.
Етікшіге тәнті болдым.
Өзі Ауған соғысының ардагері екен.
Тілінен де сонда айырылыпты.
Оның ендігі құралы – қолындағы үш­кір біз бен ақ қағаз. Маржандай тізілген әріп­тер адамдармен тілдесер қызыл тілі секілді.
***
Қалта телефоным шыр ете қалды. Дереу ашып қарасам, «Изучайте ан­глий­ский вместе с British... в зависи­мости от уровня сложности на номер 1515.
Стоимость 7 тенге» депті.
Жеті теңге садақа.
Бірақ, аржағында менің тілім тұр емес пе?
Ағылшын тілінің, тіпті, ауқымы кең.
Елбасы «Біз қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде құқықтық-нормативтік ба­засын жасап бердік, қалғаны әр қа­зақтың өз қолында», – деді.
Осы қазақтың не ойлағаны бар екен?
Тілдің қалтаға қол сала бастағаны ма?
***
Халықаралық тілді дамыту күн тәрті­біндегі мәселе болды. Қарашы, Алматының орыс мектептеріндегі 5 сағат қазақ тілі мен 1 сағат қазақ әдебиеті қысқарып, 3 сағатқа түсті. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесіне көз салыңызшы!
Ағылшын тілі қазақтың аузынан 2 сағатты жырып әкетті. Оқушының білімі де, қазақ мұғалімнің жейтін наны да қоса қысқарды.
Орыс мектептерінің 5-6 сыныптарына ар­налған қазақ тілі бағдарламасы Қ.Ибра­гимовтың оқулығы бойынша деп берілген. Бұл оқулықтар мектептерге түспеген. Ата-аналарға сатып ал деп айтуға мектептің құқы жоқ. Сонымен, мұғалімдер де, оқушылар да екі ортада қалып отыр. Бұл кітаптың базардағы құны 1000 тең­ге. Кітап мектептерге таратылмаса неге бағдарламаны өзгертіп, екі ортада қал­дырады?
Әуелі оқулығын дайындап, сонан кейін нұсқауды өзгертпей ме?
Ширек ғасырдан бері қазақ мектебінің дауы пісіп-жетілмей жатыр.
Қазақ тілінің дауы қашан бітер екен?

 

366 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз