• Заманхат
  • 21 Ақпан, 2014

Мұғалім шеберлігі – оқушы жеңісі

Адамзат тарихында, қай уақытта да, қай ғасыр болса да ұстаз мәртебесі, ұс­таз тұлғасы биік болғаны баршамызға аян. Ұлтының бақыты үшін өз бақытын құрбандыққа шалған алаш ардагерлерінің бірі – Мағжан Жұмабаев өзінің бір сөзін­де «Қазақтың қаны бір, жаны бір жол басшысы – мұғалім...Еліміздің аз ғана жыл­дық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдікі» деген екен. Иә, шынында да, әрбір ұстаз  сол қоғамның, сол заманның шамшырағы, айнасы емес пе? Ал, бүгінде ол қандай...
Ұстаздың қоғамға қосқан үлесі көзге көрінбейтіні хақ, бірақ жақсылап зерделеп, терең үңіліп қарасаңыз, әрбір игі іс тікелей ұстаздың араласуымен жүзеге асады (ұстаз оны өзі тіпті байқамайды, сезбейді).


Адам санасын өзге құндылықтар (ақша, байлық, дәулет, лауазым, атақ) жайлап алған сәтте, адами құндылықтарымызды сақтап қалу – ең бірінші кезекте, қазіргі заман ұстаздарының  үлесінде емес пе.
...Әлемді сұлулық құтқарады деген түсінік бар. Бірақ қандай сұлулық  туралы сөз болып тұрғанын әркім әр түрлі түсінеді, қабылдайды. Шынымен де, қандай сұлулықты сөз етіп тұр... Мен бұл сөздің астарын мүмкін өзгелерге қара­ғанда басқаша түсінетін, қабылдайтын шығармын. Мен үшін сұлулықтың ең басты түсінігі – жан сұлулығы деп түсі­немін. Себебі менің жан дүнием, менің мамандығым, менің болмысым соны таңдауға мәжбүрлейді.
Ұстаздықтың ауыр жүгін арқалауды өзіме бақыт санайтын жандардың бірі – менмін.
Күнде таңертең асыға-аптыға мектеп­тің есі­гін ашып кіріп келгенімде, мені жылы шыраймен, үлкен ылтипатпен шә­кірт­терім қарсы алып тұрады. Осы сәтте ұстаз бақытының биік екенін түсінгендей боласың...ал көздері мөлдіреген балғын бөбектер мен бозбалаларды көргеніңде бұл мамандықтың ауыртпалығын ұмытып, бәрі құлпырып сала бергендей болады. Сол сәтте ойға берілесің.
Балаға ең бірінші кезекте шексіз мейірім керегі екендігін жақсы білеміз. Алайда, шексіз мейірім мен махаббат тікелей жанашырлық іс-әрекеттермен көрініс таппаса, ол өзінің жемісін бермесі хақ....
Әр шәкірттің арман-мұратының  жел­кені болуы үшін не істеу керек? Осы сұрақ мені көптен бері алаңдатушы еді.Міне, бүгін мен бұл сауалдың жауабын тапқандаймын.
Мектеп табалдырығын аттаған әрбір шәкірт, оның ата-аналары жарқын бола­шағына үлкен сенім арта келеді...Иә, мектеп табалдырығын аттады, ол-бір қуаныш.Ал, сол қуанышына біз демеу беріп, оның үлкен мұратқа ұласарына жағдай жасай аламыз ба? Сенімді түрде мен «Иә» дей аламын. Себебі бүгінде білімнің әлеміне үлкен жаңалық, өзгеріс біртіндеп еніп, өз көкжиегін ұлғайта бастағаны бәрімізге аян.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы,  Кем­­бридж университетінің Білім беру фа­культетімен бірле­сіп әзірлеген Қа­зақ­стан Республикасының  педагог қызмет­керлерінің біліктілігін арттыру­дың дең­гейлі бағдарламасы біздердің көптеген сауалдарымыздың жауабы мен шешімін тап­қандай.
Бұл бағдарлама идеясын жақсы түсінген әрбір ұстаз  үлкен белестерге жетіп қана қоймай, ауыртпашылығы мол мамандық иесінің рахатқа бөленері хақ. Шыныменде, бұл өзгеріс, бұл жаңалық біздерге, барша білім алушылар мен білім берушілерге,  ауадай қажет еді. Себебі, әлем қарқынды даму үстінде, сол қарқынға ілесу үшін бұрынғы үйреншікті дүниелерден тез арада арылуымыз және сол заман, қоғам қажеттілігі мен сұранысына сай өзгеруіміз қажет. Бұл курс барысында тренеріміз: «... өзгеру керек, өзгересіздер...» дегенде, іштей «қалай...»деп ойлаушы едім, тіпті күлкім келетін сәттерде болды...ал, бүгін  мен бұл – мүмкін, бұл – шындық екендігін айқайлап айтқым келеді,  себебі бұл бағдарламаның ең басты идеясы – әр адамның жасына, мүмкіндігіне, ерекшелігіне қарамастан олардың қатып қалған ешкімге (өзіне де өзгеге де) пайдасы жоқ ұстанымдарын өзгертіп, жаңаша көзбен қарауға алып келеді екен. Сен, сенің кейбір өзің де, өзге де байқап, білмейтін қырларың ашылып, көкірегің оянады, айналаңа, өзің атқарып отырған істеріңе бақылау жүргізе отырып, оны қалай өзгерткенің де білінбей қалады, бірақ ең бастысы ол өзгеріс, жаңалықты шәкірттер, әріптестерің байқайды, саған басқаша қарап, мақтан тұтады...
«Мұғалім мәртебесін көтеру керек, қоғамдағы орнын ойып тұрып көрсету керек» деп кейде көп дабылдап, айқайлап жатамыз, бірақ іс жоқ, әрекет жоқ...тура осы өзекті мәселенің  оңтайлы шешімі – осы жоғарыда айтылған бағдарлама болары анық...Әрбір ұстаз осы бағдарлама идеясын жете түсініп, оны өз тәжірибесіне енгізсе, ол биіктен көрініп қана қоймай, барлық мәртебелер мен марапаттардың ең бастысы-шәкірт махаббатына бөленеріне мен сенімдімін, ал, сол бағдарламаның шеңберінде дәріс алып отырған шәкірттер, көп мүмкіндіктерге ие болып, бар білімі мен білігін өмірде қолдана білетін жан-жақты тұлға болмақ...
Мектептің проблемасын анықтау кезінде мен бір қиындықтарға тап болдым, әрі ойланып, бері ойланып, ол қиындықтан шығудың бір жолы осы болар деп, шәкірттерімнің көмегіне жүгінсем қайтеді деген ой келді...тез арада шәкірттерімді, әр сыныптан жинап алдым, өздерін еркін сезінсін деген оймен ой сергек жасап көңіл-күйлерін көтеріп алдым да, оларды топтарға бөлдім, топтарға бөлген кезде, бір топқа сабаққа еш қызығушылық танытпайтын енжар оқушылар түсіп қалды, енді не болар екен, бұлар өзге сынып алдында таулары шағылып қайтатын болды-ау деген қорқыныш мені мазалай берді. Жоқ, бәрі керісінше болып шықты, әр түрлі проблемалық сұрақтардың жауабының ең ұтымдысы мен құндысы солардың аузынан шығып отырды, өзгелер оларға таңқала отырып, оларға оң бағаларын берді. Бар жоғы 45 минут ішінде өзіме қажет ақпаратты жинай алдым, сонымен қатар, оқушылардың осы үрдіске үлкен қызығушылық танытқанын байқадым. Ал, мен алаңдаушылық таныт­қан шәкірттерім өзгелердің үлкен ықы­ласына бөленіп, өздерін ерекше сезініп кеткендіктерін байқап, өте қуанып қалдым.
Әлем өзгереді, әлеммен бірге мен де, өз­ге­лер де өзгереді, ол – оңтайлы өзгеріс, бұл өзге­ріс біздің шәкірттердің жарқын күндері мен болашағының кепілі болмақ...

Сәуле Нүркеева,
 Алматы. № 137 жалпы білім 
беретін мектептің
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

367 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз