• Тарих толқынында
  • 08 Ақпан, 2012

ЕЛІНІҢ АЛАТАУДАЙ АЙБЫНЫ

Арғынбай БЕКБОСЫН,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет кызметкері

Қиял дегеніңіз де бір қызық дүние. Неге екенін өзім де білмеймін және нақ қай кезден екені де есімде жоқ, менің санамда ол кісі адам қалпымен-ақ аспан тау – Алатаудың баламасына айналып кеткен. Неліктен олай болды? Бой-тұлғасының арғы бабасы әрі батыр, әрі ұлысбегі Бәйдібек биге ұқсаған алып та асқақтығынан ба? Содан шығар дейін десең, әлгіндей бітім екінің бірінде болмағанымен бір ауылдан бір-екеуі кездесері хақ қой. Соның қайсысын кім тауға теңеп жатыр. Әлде Алатаудың аясындағы Алматыда дүниеге келгендігінен бе? Жоқ, мұның қисыны тіпті де келмес. Алматыда кім тумай жатыр. Қазақ та, тараншы да, келімсіктер де туып жатыр, өсіп-өніп көбейіп жатыр. Көбейгені соншалык, жыл өткен сайын, қаладан баспана бұйырмай «жетім бұрышта» жетімнің күйін кешіп жүрген қазақтан өзгесі саяжай сап Алатаудың басына шығып барады! Бірақ соның қайсысын Алатауға теңерсің?! Қайта қулықтарын тани түскен сайын «Алатаудан садаға кетсін!» деген сөзді айту оңайлау түсетін секілді. Жә, ендеше бұл арада Алматыда туғандықтың қатысы болмаса керек. Онда, бәлкім, өзіне дейін ешбір қазақ баласы көтеріліп көрмеген лауазым-мансап шыңына шыққандығынан шығар?.. Жок, бұл да себеп болуға жарамайды. Өзімнің қа¬шаннан қалыптасқан көзқарасыма мүлде сай келмейді: қызметті кісіден жоғары қоюға болмайды! Бұлай етсек, адамгершілік дегеніңіз айдалада, адыра қалады! Осындай қағиданы, қатаң ұстанатын мен ол кісіні биік қызметіне орай тауға балауым мүмкін емес. Егер зәуеде айтар болсам, мен үшін Хрущев, Горбачевтер бір-бір Гималай боп аспан тіреп тұра-тұра қалмас па еді?! Жоқ, олай болған жоқ. Өлісі бар, тірісі бар бұл патшалардың (империяны билеп-төстеген соң патша да болғаны ғой) ешқайсысына да іш жылыған емес. Жылытпаған не?.. Күніне «Одақ» деп он қайтара айтқанымен ойларының арғы түкпірінде отаршылдық, озбырлық, ұлыорыстық мүдде жатқандығын кезінде түйсініп, кейіннен түсінгендіктен бе? Иә, аузынан ақ көбігі ақтарылып Біріккен Ұлттар Ұйымының қасиетті мінберін бәтеңкесімен тоқпақтап, әдепсіздігін айдай әлемге әйгілеген содыр мен дәуірлеп тұрған шағында аяғы жетпеген Алматыға Елциннің үсті-үстіне соққылауымен басынан бағы тая бастаған кезінде ғана әйелін жетелеп кеп, кейінгі кезеңінде еш жерде көрмеген сый-сияпатын көріп разы боп кеткенімен, араға аз ғана ай салып Қазақстанның терістіктегі бес облысы жайлы сандырақтаған саяси саудагер қазағыңызды неғылсын, қырғызыңызды неғылсын... Иә, төбелерін көк емес, Күнге тіреп тұрса да бұл секілділерді тауға теңеу күпірлік болар еді. Шүкір, ондай ақымақтыққа бармаппыз, ол жағынан күнәға да батпаппыз...

Сонда... сонда ол кісінің менің (жалғыз менің ғана емес, қазақтың көпшілігінің шығар?) көңіліме тау кейпінде орнауында не сыр бар? Әлде тіпті ілгеріде, бала кезде оқыған бір дүниелердің әсері болды ма екен? Ал олардың бір алуаны Александр Македонский (Ескендір Зұлқарнайын) жайлы әңгімелер еді: әйгілі қолбасшы жер-жиһандағы өзінің басты бақталасы - парсының қаһарлы патшасы Дарийді жер қылып жеңіп, ол бейбақтың қазынасы былай тұрсын, қатын-баласына дейін олжалап, өзінің нақсүйері Тамс сұлудың мас боп шалқып отырып айта салған жалғыз ауыз назына бола парсының ғажайып астанасы – Персопольдің әлемде тендесі жоқ алтын сарайын өртеп, Орталық Азияның тағы да талай жерін ойрандап, асып-тасып еліне қарай қайтқан ғой. Сонда жас патшаның небір қырғын шайқасқа шыдаған жүрегі шарапқа ма, әлде шаттыққа ма шыдамаса керек – жарылып кетеді. Сол жарылыс ежелгі Эллада – грек жұртының аспанына қайғының қара түнегі боп орнайды. Қайғымен қан жұтқан елдің естиярлары: «Тоқымдай Элладаның жерін тоқсан есе ұлғайтып, грек даңқын күндей күркіреткен, сөйтіп өзін де, бізді де адамзаттың мәңгі¬лік шежіресіне күшпен кіргізген Ескенді¬ріміздің әруағына қандай лайықты құрмет көрсете аламыз?» деп толғанады ғой. Толғанып отырып ойлап тапқандары: Афон тауын кашап, кескілеп, Ескендірдің бас бітімін - бет келбетін жасау керек! Афонды адамға, ұлы қолбасшы Ескендір Зұлқарнайынға айналдыру керек!.. Мына екінің бірінің ақылына сия бермейтін бірегей ұсынысты жеңістің желі¬гімен екі танауының желпілдеуі әлі басылып үлгір¬меген ер кадірін білетін Эллада елі құдай сөзіндей құптай жөнеледі. Құптайды да іске кіріседі. Бір ғұлама сәулеткер-мүсіншінің жобасымен құрттай құжынаған құрылысшылар шақ-шұқ тас қашап, тауды адамға айналдыруға кіріседі. Осы беттерімен ниеттеріне жетіп тынар ма еді, кім білсін, егер Ескендірдің кірпігі найзадай ашқарақ көзі жұмылып үлгерместен-ақ ұлы империя сиырдың бүйре¬гіндей қырық бөлініп, қырқысып кетпегенде...

Менің санамда адамның Алатауға айналуына осы аңыздың сарқындысы, жаңғырығы әсер етпеді ме екен? Мүмкін, ол кісінің бітім-тұлғасының оқшаулығы да, Алатаудың етегінде туғандығы да туып келе жатқан теңеуге белгілі дәрежеде түрткі болуы әбден ықтимал... Бірақ... бірақ бәрі де басты себеп емес секілденеді де тұрады. Бәлкім, басты себеп – ол кісіні қазақтың бүкіл халқы мен жеріне - қартына да, баласына да, қаласына да, даласына да – сол жердің төрі іспетті асқар Алатаудай пана деп білгендіктен болар? Бұл да мүмкін... Қалай болғанда да мен алғаш әлгіндей баламаға бас қойғанда оған негізгі жарар жайларды саралап жатпасам керек. Ақындар да өлеңдерінде теңеу дейтін¬дерді есептеп, өлшеп-пішіп қолданбайды ғой. Кейде шыншыл сөз, шынайы баға ақылдан емес, сезім¬нен туып кететін де секілді-ау өзі!..

Ұзақ жылдар осылай іштей қатты құрмет тұтатын Димаш ағамен танысуым күні кеше. Түрліше, негізінен жазда Жамбылға келгенінде өткізетін «актив» дейтін жиналыстарда сыртынан көретінмін, онда да алыстан. Тек бір жолы ғана...

Бұдан аттай жиырма жыл бұрын, 1971 жылдың 17 маусымында ол кісінің келуіне байланысты обкомның жаңа ғана салынып біткен алты қабатты ақ үйін¬де жиналыс болатын боп, біз бір топ қызметкер (мен онда баспасөз жөніндегі нұсқаушы едім) мәжіліс залына өтетін жолдың екі жағында тұрдық. Этаж сайын МХҚ-нің сарбаздары. Бір уақытта жоғары жақтан күңгірлеген дауыс жаңғырығы естілді. Таныс та таңсық дауыс. Көп кешікпей Димекеңнің өзі де көрінді. Бойы заңғар екен, келбеті сұлу да кесек, қызғылт өнді, маңдайы биік те жазық, алдыңғы жағы орайлы болса керек, бір толқып кеткен шашы ақбурыл. Шамасы, Алатауды алғаш рет сонда елестеттім ғой деймін... Қасында обкомның сол кездегі бірінші хатшысы марқұм Бектұрғанов, сәл кейініректе облатком төрағасы Аққозиев, облыстың баска да ығай мен сығайлары. Бізге таяла бере Бектұрғанов:

– Мына жігіттер – біздің инструкторлар, – деп еді, Димекең:

– Амансыздар ма, жігіттер,-деп сәлемдесті. Бұ¬рын да байқағамын, «р» деген дыбысты сәл күрме¬ліп айтады екен. Бірақ сонысының өзі жарасымды, жұмсақ. Ол кісі келе жатқан жақта ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы Доқтырбек Сейітжанов екеуіміз тұрып қалған екенбіз. Үлкен кісінің ұсынған қолын біртүрлі толқу үстінде алдық. Саусақтары салалы, ұзын да, қанша дегенмен егде адам ғой, алақанының еті қашыңқыраған екен...

– Туған күніңде таңертеңмен киелі кісі қолын беріп амандасты, енді жаман болмассың, құттықтаймыз! Ал қолыңды бір жұма жума, – деді бірді-екілі жолдастарым әзіл-шыны аралас. Өзім де жақсыға жорығам...

Әдетте жиналыстан соң, әлденедей еркек-әйелі аралас атқамінер пысықайлар Димекеңді сүйрегендей қолтығына жармасып, балағына оралып, бірге суретке түсуге ұмтылатын. Және осы жерде іштей де, сырттай да бір жанталас туатын: мәртебелі басшыға неғұрлым жақын тұрсаң – өзің де мәртебелі¬рексің! Ал жақын маң «мықтылардан» босамаса, қайтесің, әйтеуір объективтің аясына өлсең де, тірілсең де сиюға тырыс! Тым құрыса тұмсығың іліксін – мынау «менмін» деуге керек болады!.. Осындай қулықтарына қарап «осының бәрі, қажет болса, мына кісінің жолына құрбандық болуға да пейіл-ау, не деген берілгендік!..» дегендей де едің... Жоқ, бірақ расында олай емес екен. Сексен алтының атышулы желтоқсаны да келіп, Қазақстанға саяси қастандық жасалды, қазақ жастарының қаны төгілді... Сексен жеті де жетіп, Димекең бастаған қазақ халқының ағаларының басын будақ-будақ қатерлі бұлт торлады. Қаралау, қамау, даттау, куғын-сүргін қоғам өмірінің лайсаң тасқынына айналып кете барды. Және соны Горбачев, Лигачев, Соломенцев дейтін «орталық» пен Колбиннің айтағымен қоздата қоздырушының дені – қазақтың өзі, өзі болғанда да қарапайым халқы емес, сол қарапайым халқы сеніп келген сабаудай-сабаудай соқталы атқамінерлері. Еңбек Ері атағын екі рет алғанда орнатылған ескерткішін бір оңбағандар бояумен былғаса, енді бір қаскүнемдер аксақалымыздың атын газет-журнал беттерінде, жоғары-төменді мінберлерден жақтары талмастан былапыттаумен болды. Сейтіп Колбиннің «Жалақорлық, бәлеқорлық» атты тозақы симфониясы күндіз-түні тынбастан адамгершілікті аймандай қылып ойналып жатты!..

Міне, осындайда әлгі суретке түскіш пысықайлардың біреуі мыңқ етсейші! Жоқ, мыңқ еткен жоқ. Неге мыңқ етсін, мыңқ етсе астарындағы үлкенді-кішілі ағаш тақтарынан айырылып қалады ғой. Ке¬ше Қонаевтың қолтығынан табылуға тырысып бақты, бүгін қолдан келсе Колбиннің шашбауын көте¬реді, ертең тағы біреу болса... оның да көңілін табуға жанұшырар! Тек тәңірім сый-құрметті бағаламайтын, «әділдік» деп, «адалдық» деп қатып қал¬ған, көмейіңдегі құрғырыңды көрмей-ақ білетін қудан сақтасын! Ондай болса тақ таяды, тақ тай¬ған соң қалай бітетіні өзі мен құдайға ғана аян «байлық» дейтін бақ таяды. Ал әлдекімдер айтатын ұлт¬тық намысты, ұлттық намыстан ажырағысыз боп кеткен ел ағасының намысын, қажет болса, сол әлдекімдердің өздері қорғап алсын!.. Атқамінер¬лерді мыңқ еткізбеген осындай бір ойлар ма деп көңілге секем алған тұстарда ұлы Абайдың «Жаман дос – көлеңке. Басыңды күн шалса, қашып құ¬тыла алмайсың. Басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың» дегені еске түсе берер еді. Еске түсер еді де, жан-жүйеңді өртер еді: неге ғана намыссызбыз? Осылайша кім көрінгеннің табанының астында кала бермекпіз бе? Ең құрымаса қиянатын, қаскөйлігін неге айтпаймыз? «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ?» деген қайда? Әуелі ар-намыстан айырылған соң бастың керегі не, тілдің керегі не?!

Осындай удай запыран уытқа айналған ойлар басқа бір жайттармен қосыла келе, ол кездегі «Еңбек туы», қазіргі «Ақ жолдың» кызметкерлері мен авторларын нар тәуекел бір іске бел байлатқызған-ды. Дінмұхамед Ахметұлы жайлы халық сөзі айтыла бастады. Оны жастығына қарамастан ұлт¬тық мүддемізді қорғауда нағыз күрескерлік қызмет танытып жүрген «Ана тілі» газеті іле қолдап әкет¬ті. Одан соң бұл әнгіме арнасы «Қазақ әдебиеті» мен «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») арқылы кеңейді. Жалақорлықтың өрісі тарылып, халқымыз қайтадан ақты ақ, қараны қара деп ашықтан ашық айта бастады. Орталық басылымдардың арам пиғылды алыпқашты сөзіне құлақ аса бермейтін болды...

Қартайған шағында ойда жоқта халқына «қазақ ұлтшылдығы» дейтін қара күйе жағылып, өз басы да «қалай болып кетер екен» дейтіндей зобалаңға душар болған ақсақалдың құлағына біздің қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей тірлігіміз туралы хабар жетіп, газетіміз назарына шалыныпты. Аса риза болып алғысын айтыпты. «Еңбек туы» редак¬циясының ұжымына, редакторы маған деген рахметін өзіміздің журналист Қыстаубай Байтуұлы арнайы екі рет барып сәлемдескенінде және айтыпты. Ол кісінің үйінде болған өзге кісілер де ағамыздың ризалығын редакцияға хабарлап жатты. «Жақсы сөз жан семіртеді» дегендей, көңіліміз марқайып жүрді...

Сөйте тұра өз басым Алматыға қызмет бабымен де, демалуға да сан рет барып жүріп, Диме¬кеңнің қасиетті шаңырағында болуға тәуекел ете алмай-ақ қойғам: пәле-жала жайына қалған соң келім-кетім менсіз де жетіп жатқан болар, қанша дегенмен егде кісінің есігіне дамыл таптырмастан мазасын ала беру қалай болар екен? Оның үстіне азын-аулақ еңбегімізді, онсыз да өтелуге тиіс қазақтық, азаматтық борышымызды өтегенімізді алға тартып, бетке ұстап бұлдағандай болып жүрмеймін бе?.. Күндердің күнінде ол кісіге барудың жөні асықпасақ өзінен өзі кеп қалар... Осы секілді жасық, солқылдақ ойлар тежей беретін. Ал жақында, желтоқсанның 22-сінде Алматыда жүріп, құдай өзі кешірсін, кенет Димекең боп ойлансам болар ма: «Талайдан бері-ақ бұл редактор азаматқа алғысымды айтып жүрмін. Естіп жатқан шығар. Ал Алматыға да келмей жүрмеген шығар. Соның бірінде жасы үлкен кісіге бұрылып, сәлем бере кетсе қайтеді? Әлде мендей кісілердің алғысын өте көп алып, жалыққан жайы бар ма еді?..» Астапыралла! Өз ойымнан өзім шошып кеттім. «Тіпті, масқара бола жаздап жүр екем ғой!.. Қой, «ағаның үйі – ақ жайлау», о кісі жақтырса да, жақтырмаса да – кеттім сонда. Енді мені онда барудан ешкім тоқтата алмайды, есіктерінің алдындағы милиционер де!.. Барам, сәлемдесем, танысам, өзіміз жөніндегі жылы лебізі үшін рахмет айтам, әрі реті келсе кеше ғана осында қол қойылған он бір тәуелсіз мемлекеттің достастығы туралы, Қазақстан Республикасының келешегі туралы ол кісінің не ойлап отырғанын білем... Байлам осы болды.

... Есікті орта бойлы, қияқтай мұртты, екінші ға¬рыш¬керіміз Талғат Мұсабаевқа өте ұқсас, әдеміше жас жігіт ашты. Кейін білдім, есімі Исағали екен. Димекеңе көмекшілікке үкімет тарапынан қойыл¬ған азамат болар деп шамаладым. Соған жеке куә-лігімді көрсетіп тұрып, жөнімді айттым.

– Димаш Ахметұлына баяндайын, – деп ішке кі¬ріп кетті де тез қайта есік ашты.

– Кіре беріңіз... Аяқ киіміңізді шешпей-ақ қоюы¬ңызға болады, жерде қар, таза ғой... ол кісі кабинетте, оң жақтағы есік...

Исағали айтқан қоңыр есікті аша беріп едім, төр жақтағы үлкен терезеге бір бүйір қойылған жазу столының басынан Димекең де көтеріліп келеді екен. Жалаңбас, үстінде қаракөк спорт кастюмі, аяғында жалтыраған қоңыр жеңіл туфли.

– Ассалаумағалейкум, аға! – деген маған қолын соза карсы жүрді.

– Уағалейкумүссалам, келіңіз, келіңіз! – деп қолымды алды. Даусы сол баяғы құлаққа жағымды қалпы, жуан, жұмсақ, күңгірлей көңілді естіледі. Бой тұлғасы да тіп-тік, артық ет жоқ, сымбатты. Тек жүзінде, алқымында әжім көбейген бе, қалай...

– Ә, сіз екенсіз ғой «Ақ жолдың» редакторы, рах¬мет, айналайын! – деп қолымды ұстаған күйі күлімсірей бетіме бірталай қарап тұрды. Келгеніңіз жақсы, қане, отырыңыз, мына кресло дұрыс болар. – Мені жұмсақ былғары креслоға отырғызып, өзі орындыққа жайғасты. Жұмыс кабинетінің екі қабырғасын түгел алып тұрған биік те, сәнді шкафтар кітаптар сықа толы. Журнал үстелінің үстінде Төле би мен өзінің портреті тұр. Басы артық ешнәрсе жоқ.

– Иә, ел-жұртыңыз аман ба? Ел тыныш, тоқшылық па? Өзіңіздің отбасыңыз аман-есен бе?.. – деп Димекең біраз сұрақты бастырмалатып жіберіп, менен алған жауабына көңілі көншігендей кейіп танытты да жазу үстеліне барып, бір журналды алды. «Простордың» 12-ші нөмірі екен. Ол журналда Ди¬ме¬кеңнің «0 моем времени» атты мемуары басылып жатқанын білем ғой, мына санында соның жалғасы жарияланыпты. Ағамыз отыз бесінші бетті ашты да орта тұстағы бір абзацты көрсетіп:

– Мынаны оқып көріңізші, – деді. Оқысам: «В этой связи хочу выразить признательность за правдивые публикации областным газетам: «Ақ жол» и ее редактору А. Бекбосынову, «Оңтүстік Қазақстан», а также многим районным газетам этих областей и республиканским газетам «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» – депті.

– Мынауыңыз біз үшін өте зор құрмет болды ғой. Сізге үлкен рахмет! – дедім қуана мәз болып. Шынында да мәз болатынымдай бар еді... Ағамыз өте ашық-жарқын кісі екен. Қабылдауында, сөзінде де титтей де жасандылық жоқ, бәрі шынайы. Жаны баланың жанындай таза, мөлдір дегендейсің. Әңгі¬меге өте ықласты боп шықты. Амандық-саулық. Жеке шаруаға қатысты кейбір жайларды біліскен соң мен кеше құрылған он бір елдің достастығы туралы пікірін сұрап едім, Димекең:

– О, бұл ойлануды керек ететін өте үлкен мәселе ғой... «Мұның жөні былай» деп кесіп-пішіп айтуға асығудың жөні жоқ қазір... Сіз екеуміз былай келі¬сейік: бір ай - бір жарым ай шамасында Алматыға жо¬лыңыз түсе қалғандай болса, үйге соғыңыз. Сон¬да кеңінен кеңесейік. Келісесіз бе, осыған? – деді,

– Келістім, аға, – дедім өзімнің аз-кем асығыстық, ағаттығымды әрі ағаның ақылмандығын тез аңғарып. Ғажап... Жасының көп үлкендігіне қарамастан, атақ-даңқының айдай әлемге жайылып кеткендігіне де қарамастан «сіз» деп сөйлеседі. Және өзінің ақыл-ой дариясындай даналығын арқа тұтынып, артықтығын титтей де білдірместен сізді жақсы сөз, жанашыр лебізімен адам жанын жарылқаудың хас шеберіндей жебеп, демеп отырады екен! «Жақсыдан шарапат!» дегеннің өзі де осындай шығар!.. Осындайды көріп күнде көлденеңдеп көңіл қалдырар көрініс те көзге елестейді екен. «Сіз» деп, құрақ ұшып жүретін жасы кіші, кей азамат қызметі аздап өсе қалған күннің ертеңінде-ақ намазынан жаңылып, «сіздің» орнына «сен» деп, «пәленшеке», «түгеншекенің» орнына «пәленбай», «түгенбай» деп шерменде боп жатады ғой. Ол шерменділігін қойшы. Сөйлесе қалсаң сөзімен де, емеурінімен де сенің еңсеңді басыңқырап, өзінің иығын асырыңқырап отыратынын қайтерсің! О-о, сорлылар-ай десеңші! Осындай сорлылар ғой елдің сорын қайнататындар да!.. Жә, ондайды ойлап опындың не, опынбадың не!.. Рухани ергежейлілерге «неге Қонаевтай болмайсың?» деу былай тұрсын, алдымен «неге адам болып қалуға ұмтылмайсың?!» деп өкпелеу, жұмсақ айтқанның өзінде, аңғалдық болар. Өкпелеген күніңде де ондай өкпең кімге дәрі?! Кемеңгер Абайдың да «ашуын - ашыған у, ойын – кермек» еткен де осындай кереметтер шығар. Ондайлардың көкесін мына қазір жүзінен жылылық, имандылық табы айқын танылып, күлімсірей сөйлеп отырған Димаш аға да, әсіресе, өзі Қазақстан тағынан түскелі бергі жерде көрудей-ақ көрген шығар-ау!.. Мемуарында да сол қылаң беріп отырады ғой...

– Мемуар жақында баспадан кітап болып шыққалы жатыр. Бір данасын өзіңізге жіберемін, – деді Димекең менің де тілегімді дөп басқандай. – Түр¬кия¬дан да шығатын болды...

... Ендігі бір сәтте әңгіме желісі Горбачевтің Украин теледидарына берген сұхбатында тың игеру кезінде Ресейдің бес облысы Қазақстанға өтіп кетті-міс деген арандатуына ойыса беріп еді (әңгіменің осы тұсы магнитафон таспасына жазылып еді, енді соны сөзбе-сөз келтірейік).

Д. Қ. Оның сөзіне қосылуға болмайды. Бұл сөзбен ол өзінің мәдениетінің жоқтығын, тарихты білмейтінін көрсетіп отыр. Сондай үлкен кісінің өйтуіне бола ма екен?! Айтып отырғандарының бәрі қазақтың жері, қазақтың суы, қазақтың елі. Мәселен, ана Петропавлды қазақ Қызылжар дейді, Павлодарды Кереку дейді. Басқа айтқандарының бәрі де қазақтың ата-мекені. Мұнысының бәрі тарихты бұрмалағандық, оған қосылуға болмайды. Осындайды анада Солженицын да айтқан. Ол кезде мен бір интервью беріп, жазушының мұнысының мүлде қате екенін айтқам. Ал, енді бұл кісі тағы да солай деп соғып отыр! Мен мұнысына қайран қалдым! Өкіметтің басында отырып, елдің демографиялық тарихын білмеу деген, географиясын білмеу деген ұят мәселе ғой! Әлде әлгі... аяғы кішкене тайғаннан кейін шатасқаны ма?

А. Б. Аяғы тайып бара жатқаннан кейін Ресейге жағынудың бір амалы болар.

Д. Қ. Мұны енді оның өзі білер. Кеше ана Ельцин дұрыс айтты: Қазақстанның шекарасы бұзылмайды, интервью жөнінде жауабын Горбачевтің өзі берсін деп. Мен әнекүнгі Жоғарғы Кеңестің Горбачевті айыптаған қаулысына қосыламын, оқыдыңыз ғой, әнеукүнгі қаулы. Шынында да оның сөзі сандалған сөз, бұл бір. Екіншіден, ол кісінің өзінің де былық-шылығы көп қой... Мына 12-ші нөмірден ол мәселелерге толық жауап аласыздар. Әрқайсысының қатесінің қандай болғанын орны-орнымен айтып шықтым онда. Әрине, өз пікірім бойынша. Мүмкін менің пікіріммен бірталай адам келіспес. Бірақ мен өз пікірімді айттым... Міне, мәселе осылай, туысқан...

Басқа не айтайын?.. Жаздыңыздар, Жамбылдың «Ақ жолы» көп жазды, айтарым – рахмет. Ана тілшіңіз келді, оны жібердіңіз, онымен де бірталай сөйлестік. Бірталай мақалалар жаздыңыздар, мен олардың бәріне қарамастан өтіп кете алғаным жоқ, рахмет!.. Жаңа өзіңізге оқыттым ғой, басқа бірде-бір редакторды атағам жоқ...

А. Б.Үлкен рахмет! Бұл мен үшін де үлкен қуа¬ныш! Азын-аулақ еңбегімізді бағалағаныңызға рахмет!

Д. Қ. ЕНДІ Ел оқиды, журнал барады ғой... Жамбылға шақырды ғой мені, тумаларым да көп онда, Таласта. Үлкен тумам еді, ана марқұм,.. өліп қалды, совхоз директоры Әнуар. Одан кейін ана герой Байқошқаров та маған жақын адам еді, қайтыс боп кетті... Кімнің әкесі... ә-ә...

А. Б. Берденнің әкесі.

Д. Қ. Иә, Берденнің әкесі. Ол қазір совхоз директоры ғой. Бұрын Қордайда хатшы болды...

А. Б. Қазір қайтадан Жамбылға келді ғой, Свердлов ауданында Чапаев кеңшарының директоры.

Д. Қ. Иә, сонда екен. Әнеукүні келіп кетті... Әнеу¬күні маған Сындыбала Онғарбаева да келіп кетті. Таластың хатшысы...м-м... Дадабаев та келіп кетті... А-а...

А. Б. Ералы.

Д. Қ. Одан өзге ана Нахмановичпен байланысым қанша! Жамбылда ағайындарым, достарым көп менің! Жамбылдың бұрынғы хатшыларының бәрін жақсы білемін. Бектұрғановты ана жақтан өзім жібергем, уақытында, Ол мықты хатшының біреуі болады. Хасан... Сіз Хасанның заманында редактор болдыңыз ба, болмадыңыз ба?

А. Б. Мен ол кезде обкомда нұсқаушы болатынмын баспасөз жөнінде.

Д. Қ. Ықсановтың заманында қайда болдыңыз?

А. Б. Ол кезде осы өзіміздің газетте бөлім меңгерушісі болып істейтінмін.

Д. Қ. А-а-а.. Сіз қай заманда редактор болдыңыз?

А. Б. Мен сексен бесінші жылғы 13 наурыздан.

Д. Қ. Сексен бесінші...

А. Б. Мынау перестройкаға тура келген...

Д. Қ. Перестройканы бүлдіргеннің біреуі Сіз екенсіз ғой! (күлкі)

А. Б. Солай болды (күлкі). Горбачев екеуміз! (күлкі)

Д. Қ. Горбачев екеуіңіз! (күлкі).., Ал енді біз жөнінде жазу қалай болды?

А. Б. Ол былай болды, аға. 87-ші жылы ақпанның 14-інде Қазақстан журналистерінің съезі болды. Осында, Жоғарғы Кеңестің сессиясы өтетін залда болды. Колбин келгеніне екі-ақ ай болған онда. Қанды оқиғадан кейін де екі ай ғана уақыт өткен. Колбин алғаш бір сөйледі, кейін екінші рет шығып, сұрақтарға жауап берді. Алдыңғы жақта, мінберге жақын отырғам, сөзінің бәрін анық естідім.

Д. Қ. Иә, иә...

А. Б. Сонымен Колбин сөйлеп, бір уақытта Сіз жөнінде айтты.

Д. Қ. Иә?..

А.Б. Димаш Ахметович – человек высокой культуры, в полном смысле этого слова. Человек очень высокой нравственности, – деп өте жақсы айтты, Кеше мен оның қабылдауында болып, біз екі сағат бойы әңгімелестік. Ол кісі маған өте пайдалы ақыл-кеңес берді. Алдағы уақыттарда да алуан мәселелер бойынша сол кісімен кеңесіп отырмақпын, – деді.

Д. Қ. ?!. (Күлкі).

А. Б. Содан кейін біздің көңіліміз былай дұрысталыңқырап отырдық. Ә, ақсақалымызды мойындағаны – қазақты мойындады деген сөз шығар, деп іштей солай ойлап, солай қабылдап отырдық. Д. Қ. Иә...

А. Б. Және қайта-қайта қол соғып отырдық. Қол шапалақтап отырғандардың көпшілігі қазақтар болды. Содан кейін бір күдік туғызған нәрсе: осы өзі бірдемені айтады да қиқылдап кеп күледі! Осы бір артисше күледі. Әлгі Райкиннің күлетін жері болушы еді ғой, біреуді мазақтап...

Д. Қ. Иә, иә...

А. Б. Соған ұқсап қиқылдап кеп бір күледі дейсіз! Содан кейін ойладық. Ай, мынау өзі осыншама биік дәрежедегі қызметкер... күлкісі қалай? Осының ар жағыңда екіжүзділік сияқты бірдеме жатқан жоқ па екен?.. Көңілде осындай бір күмән кетті. Бірақ айтып тұрғаны анау. Сіз жөнінде жақсы айтты, қазақ тілін үйренем деді, мынамен үйреніп жүрмін деп, қалтасынан бір қағаздарды көрсетті... Сонымен екі ойлы боп кеткенбіз... Содан біраз уақыт өтісімен Сіз жөнінде айтқаны анандай болғанымен, орталық баспасөзде, өзіміздегі орысша шығатын газеттерде Сіз жайлы мүлде басқаша материалдар шыға бастады. Қаптап шығып жатты. Ойпырай, анадағы сөз қалай, мынау қалай?.. Сөйтіп өзі ренжіңкіреп жүр едік, бір жолы ана «Известиядағы» Сіздің әлгі қабанды атып алғанда суретіңіз бен Ардаевтың материалы шықты... :

Д. Қ. Иә, иә! Тұрмыстық қана сурет еді ғой ол!..

А. Б. Сол шыққаннан соң бір-екі күннен соң біздің Қазақстан Журналистер одағының пленумы болды осында. Ана суретті көргеннен кейін енді қайнап жүргем!

Д. Қ. Та-ак...

А. Б. Содан келдім де пленумда сөз алып, орталық газеттердің әлгі тілшілеріне тиістім. Япыр-ау, бұларға біздің, қазақ халқының, Қазақстанның бірде бір жақсы нәрсесі ұнамай-ақ койды-ау!.. Біресе олар¬ға Алматының анау жаңа моншасы ұнамайды! Тағы бірде Қазақстанның мемлекеттік жаңа музейі ұнамайды! Сол сияқты нәрселердің бәрі ұнамайды! Ал, бұларға ұнайтыны – республиканың бұрынғы бірінші басшысы атып алған қабан екен!..

Д. Қ. Қатырған екенсіз!.. (Күлкі)

А. Б. Қабанды кім атпады!.. Мен Ставрополь өлкесінде болғанмын. Сондағы жергілікті қарашай достарым маған қазіргі Госагропромның бастығы, Ставрополь крайкомының бұрынғы бірінші хатшысы Мураховскийдің нөкерімен келіп, қабан ататын орманын көрсеткен. Онда ол Мураховскийден бұрынғылар да қабан атады екен. Бұл Горбачевті айтқаным ғой. Ал, сол орманның қасында атаман Шкуро қырып тастаған бір полк қызыл әскерге орнатыл¬ған ескерткіш құлағалы тұр... Міне, осылар жайлы ешкім ләм-лим демейді.

Д. Қ. Мен сіздің бұл айтқаныңызды кітапқа кіргізетін боламын. Бірақ, әрине... Сіз айтты деп жатпаспын... Ал, дұшпандарыма мен салғызған үлкен объектілердің біреуі де ұнамағаны рас. Ал, менің атқан қабаным қатты ұнапты ғой!. (Күлкі).

А. Б. Осылардың бәрін айтып келіп, бұлар біздің Қазақстанның мұқтажы дегенде тас керең орталық министрліктердің құлағын ашу үшін өткір бірдеме жазып көріп пе? Жоқ, ол жөнінде жақтарын ашпайды! Сонда бұл немене? Журналистік мамандыққа адалдық па, әлде екіжүзділік пе? Бұған қашанғы шыдауға болады?! Ардаев, Дильдяев, әлгі Есілбаев дейтіндер отырған, бәрінің бетіне бастым... Содан Жамбылға қайтқан соң «қой, бұл мәселені өзіміздің газет бетінде көтерейік» деп, өзімнің бір кезде педучилищеде дәріс алған ұстазым Әкім Садықбеков дейтін ағамызбен ақылдастық. Бұл ол кісінің де ойында жүрген жай екен. Сөйтіп, Сіз жөнінде тұңғыш мақала жарыққа шықты ғой...

Д. Қ. Мына Асанбай туралы жазғандарыңыз да дұрыс. Обалына қалды байқұстың... Онымен біз жолығып тұрамыз. Бұрыннан бірге істеген адамбыз. Менің қоластымда ол бірталай жыл істеді, Алматыда болды, Жамбылда болды, Шымкентте болды. Ол туралы да жаздым кітапқа. Қазақстанның аса бір тәжірибелі хатшысы деп... Оқисыз, шыққаннан кейін...

А. Б. Жалпы кітапты жазғаныңыз өте дұрыс болды: елдің көңілінде жүрген бірталай мәселенің басын ашып беріпсіз... Ал, Асекең жөніне келсек, мына шымкенттіктердің біздің жамбылдықтарға қарағанда бағы басым ба деймін. Шымкентке қаншама игіліктер жасап кетті Асекең!

Д. Қ. Ол былай болды ғой. Ол Алматыдан үйреніп кетті ғой. Алматыдан көріп кетті ғой.

А. Б. Иә...иә...

Д. Қ. Алматыда қалай салынып жатқанын, құрылыстың қарқынын, ауқымын көрді ғой. Соны кішкентай масштабта Шымкентке көшірді ғой.

А. Б. Асекеңді Алматыдан кейін Шымкентке емес. Жамбылға жібергеніңізде...

Д. Қ. Онда... Жамбыл өсетін еді! Білемін мен, ол Шымкентте ипподром салды, дендрарий салды, зоопарк салды, балалар теміржолын салды, одан кейін немене... Тағы да көп үлкен объектілер салды. Асқаров айтқанды өте жылдам ұғатын адам. Мен оны жақсы көремін, сүйемін өзін...

А. Б. Аға, енді бір тосындау сұрақ: Кітабыңызда өзіңізді кінәлап жатқан кездерде көп азаматтар қызметінен қорықты ма, әйтеуір, жоламайтын, біздің үйді айналып өтетін болды деп жазыпсыз. Қазір қалай?

Д. Қ. О, қазір келушілер көп!.. Шеттегі қазақтармен де байланысым күшті, Маған қазақтар Ауғанстаннан, Түркиядан, Ираннан, Ирактан, Америкадан, Германиядан, Швециядан келді. Әнеукүні Құранды қазақ тіліне аударған Халифа Алтай кеп кетті. Маған Құран, тәспих, бір жайнамаз беріп кетті. Ол да керек, Болмайды онсыз.... Одан соң әлгі палуан баламыз Мұстафа Өзтүрік келіп кетті. Ал әнеукүні космонавт Тоқтар келді. Маған рахмет айтуға кепті. Мен едім оны басында қойған... мен ең алдымен қағаз жазып, космонавтикаға Мұхтар деген жігіт бармақ болатын. Ұшқыш. Ал ақыр аяғына Мұхтар келгенде, жүрегі жарамады. Ол осы күнде генерал, бір жерде ұшқыш, үлкен командир... Ал одан кейін мына Тоқтар кетті... Тоқтар өзі келіп: «Сіздің арқаңызда мен космонавт болдым» деп маған рахмет айтып кетті... Шапан кигізіп жібердім, телевизордан көрсетті ғой... Солай, туысқан...

* * *

... Басқа да біраз әңгіменің басы қайырылып, Димекеңмен қоштастым. Есікке дейін шығарып салды. Ізеттілігі ғой...

Иә... бәлкім, кейбіреулер айтатындай, қателіктері де болған шығар. Қанша дегенмен Құдай емес – пенде ғой, Мұхаммед емес – Дінмұхаммед қой.. Сол себептен болса да әрі озбыр орталықтың зорлығымен жіберген жансақтықтарын (егер ондайлары бар болса) қара бояумен баттитудың қажеті бар ма? Бұл кісідей республикада кырық жылдан аса басшылықта жүріп емес, қырық күнде қырық қателесетіндер де ешқандай күстәналанбай-ақ аман-сау жүріп жатқан жоқ па. Екіншіден, тіпті, бір¬деңені бүлдіріп қойса да ақсақалды беттен алып, үлкенін жерге қаратқанды қай атамыздан көрдік?! Жоқ, бұл біздің халқымызда, ұлтымызда жоқ үр¬діс!..

Жә, Димекең секілді алып тұлғаларға баға беруден бізді бір тәңірім сақтасын! Мұндай жүкті халық қана, тарих қана мойнына алар болар...

... Жапалақтап қар жауып тұрған көшеге кеңілім кө¬теріліп, біртүрлі шаттанып, шалқып шықтым. Та¬лайдан таптырмай жүрген қымбат, сағынышты хал! «Жақсыдан шарапат!» деген сөз тағы ойға оралды. Басқасын былай қойғанда адамдықты үйренуге болатын ұлы ұстаз ғой! Бұл кісінің төңірегінде болғандар осы қасиетін пайдаланып, тағлым ала алды ма екен? Алса, ол тағлымды таратуы керек емес пе... Ал, өз ортамызда жүрген, дәл Димекеңдей болмаса да, сол тәріздес кісілерден кісілікті қайсымыз қаншалықты үйреніппіз? Адамзат, оның ішінде қазақ осы тұста да көп нәрседен ұтылып жүрген жоқ па екен?.. «Қазақ» деуім сол екен, Абайдың «Қазақтың данасы, жасы үлкен ағасы» деген бір сөздері еске түсіп кетіп, ішімнен қайталай бердім, қайталай бердім. Қайталау үстінде «Қазақтың ағасы енді-енді тарлықтың құрығынан құтылдым ба деп түпсіз терең дарияға бойлағандай беймәлім бола¬шақ¬қа тәуекелмен бет түзеген халқының іргесі берік, мәртебесі биік ел болғанын да көзбен көріп, сүйінгей!» – деп тіледім... Алматы көшесі көңілімді көкке көтеріп әкетіп бара жатты... Тура бір баяғы бала кездердегідей, пәк күндердегідей...

552 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз