• Тарих толқынында
  • 12 Қазан, 2011

Аңыздан «Ақиқатқа»

Мұхит Салқынбаев «Ақиқат» журналының бас редакторы Мыңдаған жылдардан бері Ұлы Далада тіршілік кешкен көшпенділердің ғажайып мәдениетінің қазіргі мұрагері қазақтар екені даусыз. Тамырын тереңнен тартқан тарихымен қоса көшпенділер өркениетін дүниеге әкеліп, өзінің төл мәдениетін өркендеткен қазақ халқы қилы-қилы замандарда басынан өткерген ұлы оқиғалар мен әлеуметтік жағдайларына байланысты тудырған эпостық жырлары мен тарихи аңыз әңгімелері арқылы бүкіл тарихын, мәдениетін, дүниетанымын ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізіп келді. Жетпей қалғаны қаншама... Ал, сол тарих қойнауына кеткен тарихи оқиғалардағы қазақ халқының ерлігін, жалпы өмір жолын қоғамның жылнамасы іспетті басылымдар тасқа басқанда, тарихымызды басқаша таразылар ме едік. Мұндағы біздің айтпағымыз қыпшақ даласында жазу-сызу болмады деген сөз емес. Болды. Сонау көне түркі заманындағы балбал тастардағы жазулар мен орта ғасырдағы ғажайып әдеби ескерткіштердің жөні бөлек. Күнделікті болып жатқан оқиғаларды күнінде, аптасында, айында тасқа басып мәңгілікке айналдыратын газет-журналдар еді. Ал, ол қоғамда әрі күрделі, әрі абыройлы мұндай мерзімді басылымдардың жұмыс істеуі аңыз болатын. Себебі қазақ даласында мұғалімдік те болды, шипагерлер де болды, тәржімашы-тілмаштар да болды. Ал журналист мамандар болмады. Олар тек ХІХ ғасырда ғана пайда болды. Сондықтан да халықтың көзі, құлағы һәм тілі болған газет-журнал сияқты ақпарат құралдары туралы түсінік ол кезде аңыз болған деп айтуға негіз бар деп ойлаймыз. Енді сол бір кездегі аңыздың ХІХ ғасырдан бастап ақиқатқа айнала бастағанынан бірер сөз қозғасақ. Осыдан екі ғасыр бұрынғы тарихи оқиғалардың бірі Қазастанның Ресейге қосылуының нәтижесінде қазақ жерінде қазақ баспасөзі пайда болды. Алғашқы баспасөздегі тарихи-мәдени, әдеби дүниелерін кезінде қағаз бетіне түсіріп отырмаған қазақ халқының тасқа басылып, хатқа түсірген ескерткіштерінің ішіндегі алғашқы газет-журналдарда басылған нұсқаларының алар орны ерекше. Олардан рухани мұралардың бай көріністерімен қатар тарихымызға, әдебиетіміз бен мәдениетімізге қатысты мол мағлұмат аларымыз хақ. Сонымен қазақ жерінде де патшаның жергілікті әкімшілік орындарының ресми органдары болып табылатын газеттер шыға бастайды. «Облыстық ведомоствалармен» қатар қазақ тіліне аударылып Орынборда «Торғай газеті», Омбыда «Дала уалаяты», «Ауыл шаруашылық листогі» сияқты газеттер шығып тұрды. Ташкентте қазақ тілінде шығарылған «Түркістан уалаяты» газеті, сондай-ақ Оралда, Астраханьда және басқа да қалаларда шығарылған газеттерде Қазақстан қоғамындағы әртүрлі мәселелерге байланысты мақалалар жарияланды. Аталған басылымдарды зерттеуші ғалымдардың пікірінше бұл газеттер қазақ халқының қамын ойлап, оның әлеуметтік шаруашылық және мәдени-ағарту тілектерін ескергендіктен шығарылмаған, керісінше, патша өкіметінің отаршылдық саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтарын жергілікті халықтардың ана тілінде жариялап, оны бұлжытпай орындату мақсатымен шығарылды. Дегенмен де, алғашқы басылымдардың Қазақстанда мәдениеттің одан ары дамуына мерзімді баспасөздің пайда болуы елеулі әсер етті деуге болады. Бұл газеттерде мал шаруашылығы мәселелері, жаңадан ашылған мектептер туралы кең жазылып, қазақ халқының тарихына, тіліне, ауыз әдебиетіне, этнографиясына қатысты мақалалар басылып тұрды. Демек, баспасөздің қазақ қоғамына тигізген пайдалы жақтары да көп болды. Әуелі, 1870 жылы қазақ тілінде «Түркістан уалаятының газеті» деген атпен бүкіл Орталық Азиядағы тұңғыш газет жарық көрді. Ташкентте шыққан бұл басылым қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы болатын. «Түркістан уалаятының газеті» қазақ тілінде басылғандықтан қазақтың ой-пікірінің жаңаша қалыптасуына белгілі дәрежеде әсер етті деп айтуға болады. Өйткені, қазақ даласына міндетті түрде таратылып отырған газетте Түркістан генерал губернаторының бұйрық-жарлықтарынан басқа елдің жағдайы туралы мақалаларға қоса халық ауыз әдебиетінің үлгілері да жарияланып тұрды. Сөйтіп, қара таныған қазақтар ұлан-байтақ мекенінің түкпір-түкпірінде болып жатқан оқиғалардан хабар алатын мүмкіндікке ие болды. Қазақ даласында шын мәніндегі ұлттық кәсіби журналистер 1888-1902 жылдар аралығында Омбыда шығып тұрған екінші газет «Дала уалаятының газеті» төңірегінде қалыптасты деуге болады. Ешмұхамед Абылайханов, Дінмұхамед Сұлтанғазин, Рақымжан Дүйсебаев секілді қазақтың алғашқы журналистері аталған тұлғалар қызмет еткен басылым «Түркістан уалаятына газетіне» қарағанда қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерді көтеруде едәуір ілгерілегендігін байқатты. Қатаң цензура жағдайында шықса да, ұлтжанды журналистер патша өкіметінің отарлау саясатына наразылықты тұспалдап айта білді. Тіпті, қазақтың сол кездегі алғашқы журналистерін толғандырмаған бір де бір әлеуметтік-саяси, ғылыми-мәдени мәселе болған жоқ десек артық айтқандық болмас. Олар қазақ халқын құрып кетуден сақтайтын жолдарды іздестіре отырып, өз ұлтының отарлаушы ұлтпен тең болуын, ұлттық дәстүр мен мәдениетті, тілді сақтау жөніндегі мәселелерді көтерді. Сонымен бірге қазақтың алғашқы ағартушылары Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің идеялары мен ізденістеріне толы өлеңдері мен мақалаларын жариялап отырды. Әрине, ұлтжанды журналистердің мұндай «ұлтшылдығы» отаршыл әкімдерге ұнай қойған жоқ. Ақыр соңында ұлтқа қызмет еткен басылымды жауып тынады. Кейінгі «Серке» (1907), «Қазақ газеті» (1911), «Қазақ» (1913), «Қазақстан» (1911-1913) газеттері, «Айқап» журналы (1911) сияқты қазақ баслымдарының бәрі осы «Дала уалаятының» үлгісімен шыққан деуге болады. Аталған басылымдардың ішінде, әсіресе, «Айқапқа» аз-кем тоқталып өткен жөн шығар. Журналды атын шығарайын немесе пайда табайын деген ниетте емес, қайта қазақты ілгеріге бастасын, ұйқыдан оятып, санасына сәуле түсірсін деп шығарған Мұхаметжан Сералин патша өкіметінің саясатын, оның аймақтағы қызметшілерінің жергілікті халыққа салқын қабақ танытуын ашық сынады. Сол үшін Мұхаметжан Сералин қаншама рет айыпқа да тартылады. Журналда патша үкіметі рұқсат еткен әдеби-мәдени тақырыптарды және кәсіпкерлік пен қолөнерді насихаттауға байланысты материалдар ғана емес, онда қазақ зиялыларының саяси пікірталастары мен сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы өзекті мәселелер өткір қойылып отырды. Бес жылдай шығып тұрған бұл басылым тарихта өзінің, шын мәнінде, демократияшыл, прогресшіл басылым екенін танытып кетті. Қазақ қоғамында ұлттық сананың оянуына үлкен үлес қосқан басылым «Қазақ» газеті еді. «Қазақ» 1913 жылдың 2 ақпанынан 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейін шығып тұрды. Газеттің басылып шығып, қазақ даласына тарауына Ахмет ишан Оразаев сияқты зиялы азаматтар көмек қолын созды. Газеттің үнемі халық қамын ойлап, жарқын болашаққа үндеген мақалаларға алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік қалам тартты десек, артық айтқандық болмас. Әсіресе, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Тынышбаев, С. Торайғыров, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәкәрім Құдайбердиев, Ғұмар Қараш және басқа да алаш зиялылары тек ақпарат, үгіт-насихат түріндегі мақалалар ғана жазып қойған жоқ, тәуелсіз Алашорда мемлекетінің болашақ бағдарламаларын да жасады. Халықтың қамын ойлаған олар қоғамның барлық салаларын қамтитын мазмұнды мақалаларын жариялап отырды. Өйткені, баспасөз қазақты біріктіруші құрал ретінде танылып қалған еді. Ол жайында газеттің редакторы Ахмет Байтұрсынов былай дейді: «Көсем сөз» – шешен сөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатымен шығарылатын сөз. Шешен сөзден мұның айырылатын жері – шешен сөз ауызбен айтылады. Көсем сөз жазумен айтылады. Көсем сөз әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз болғандықтан да көсем сөз деп аталады. Көсем сөз кезіндегі әлеуметке керек іске мұрындық болып, істету ыждаһатымен айтылады». Бұл тұжырымда баспасөздің қоғамдағы мақсат-мұраты айқын көрсетілген деуге болады. Сонымен патша өкіметі тиіспеген басылымды жаңа өкімет басына келген большевиктер жауып тастады. Өйткені қазақтың дербес ел болуға ұмтылғаны олардың мүдделеріне қайшы болды. Дегенмен де, жаңа өкіметтің саясатын, ұстанымын халыққа насихаттайтын басылым керек-ақ еді. Сондықтан «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас» газеттері мен 1920 жылы қазіргі «Мысль» журналын ашса, 1921 жылы қыркүйекте «Қызыл Қазақстан» қазіргі («Ақиқат») журналын шығара бастады. Бұл басылым бір деректер бойынша «Қызыл Қырғызстан», енді бір деректер бойынша «Қызыл Қазақстан» журналы деген атпен шыққан тәрізді. Олай дейтініміз алғаш Қазақстан 1920 жылы 26 тамызда қабылданған Декрет бойынша «Қырғыз (қазақ) Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы болып құрылған. Сол себепті де журналдың алғашқы аты «Қызыл Қырғызстан» болуы әбден мүмкін. Өйткені, журналдың қолда бар кейбір құжаттарында да осы атпен алғаш аталғаны айтылады. Оның тағы бір себебі, журналдың алғашқы 2 саны Қазақстан кітапханаларында табылмады. Жоқ. Журналдың 90 жылдығына орай осы екі санын іздеп, Мәскеу, Ташкент, Орынбор, Санкт-Петербург қалаларынан сұрау салып іздеп, «Қызыл Қазақстан» атымен 1921 қыркүйекте тіркелген басылым жоқ деген жауап алғаннан кейін барып басылымның алғашқы сандары «Қызыл Қырғызстан» атымен шықты ма деген ойға келдік. Оның үстіне бұл басылым РКП(б) Қырғыз (қазақ) облыстық комитетінің журналы ретінде тұсауын кескен еді. 1924 жылдан бастап Өлкелік партия комитетінің журналы ретінде басылым өзінің форматын өзгерткен сияқты. 1921 жылы шыққан журналдың алғашқы сандарында өзекті-өзекті мәселелер көтеріледі. Мәселен, Ғабдолла Асылбеков 1921 жылғы Қазақстанда болған ашаршылық туралы нақты мәліметтерді көрсете отырып, қарсы күресуге үндесе, Смағұл Сәдуақасовтың ұлт мәселесін көтерген «Ленин және ұлт мәселесі», Ә. Байділдиннің «Ұлт мәселесі һәм Октябрь революциясы», Манап Шамильдің (Сәкен Сейфуллин) «Октябрь һәм ұлт мәселесі», О. Исабаевтың «Ұлт мәселесі һәм Октябрь төңкерісі» атты мақалаларында қазақ халқының сол кездегі жай-күйі батыл айтылды. Тіпті қазақтардың орыстардан да көп теперіш көріп отырғанын жасырған жоқ. Міне, құрметті оқырман қауым, сіздерге жаңа жылда жаңа міндеттерін арқалап, жол тартып бара жатқан басылымның қоғамдағы ақиқатты айта білген ақпарат құралы екенін айтқымыз келеді. Осындай келелі мәселермен қатар қазақ қаламгерлерінің алғашқы көркем шығармалары да жарияланып тұрды. Оның мысалы ретінде Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күнін», Сәкеннің өлеңдерін айтуға болады. Демек, журналда әдеби материалдарға да мол орын бөлінген. М. Әуезов өзінің алғашқы әңгімелерін осы журналда жариялауы басылымның оқырмандарының көптігінен хабар беріп тұрғандай. «Қызыл Қазақстанның» тұңғыш редакторы Абдолла Асылбеков бастаған Ерғали Алдоңғаров, Мырзағұл Атаниязов, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Ә. Байдилдин және басқалар қостаған журналдың тұрақты авторлары патшалық Ресейдің отаршылық саясатының кеңес өкіметі тұсында да жалғасып келе жатқанын, орыстардың қазақты тең азамат санамауын батыл сынға ала отырып, оның асқынған түрі ретінде жергілікті халықтың басты байлығы – жерін тартып алуы қазаққа өте қиын тигенін ашына жазады. Ал, жерінен бір айрылып, бағатын жері болмаған соң малдан екі айрылған қазақ болса, 1921 жылы аштыққа ұрынды. Ал Абдолла осы аштықтың себебі мен салдарын батыл сынға ала отырып, мәселенің ушығып бара жатқанын айтып дабыл қағады. Мұндай мәселені көтерген мақалалар басылымның әрбір санында шығып тұрды десек, артық айтқандық болмас. Жер дауына, аштыққа және басқа да ұлттық мәселелерге арналған хаттар газетте жиі басылып тұрды. Тіпті большевикпін деген орыстардың араққа сылқия тойып алып, орыс тілін білмейтін қазақтарға жасаған неше түрлі бассыздықтары да осы журнал арқылы әшкерленді. Алаш зиялылары мұндай жағдайлардың әсіресе, Жетісуда, Ақмолада және Қарқаралыда өршіп бара жатқанын күйіне жазды. Не істеу керек, амал қайсы? – деген сияқты сауалдарға жауап ретінде қазаққа өз шаруасын түзеп, кәсіппен айналыспаса құрып кететінін жарыса жазды. Еңбекті насихаттады. «Қызыл Қазақстанның» беттерін парақтай отырып, қатаң цензураның бақылауындағы оның мүмкіндігінің қаншама шектеулі, құрсаулы болғанына қарамастан қазақ қоғамының, қазақ жерінің шын мәніндегі айнасы бола білгенін пайымдаймыз. Басылым сандарын ақтарып отырсаңыз халықтың өмірі, қоғамдық сананың дамуы жөнінде шежіреге бергісіз мәліметтерді де табасыз. Журналдың ондай жүкті арқаламауға құқы да жоқ еді. Сөзіміз дәлелді болу үшін басылымның белсенді авторларының бірі алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов мынадай керемет ой айтады: «Адам баласы қылып жүрген іс, ой-ақыл болып басталады, адамды бала тапқан қатындай қинап сөз болып сөйленеді, ия жазылады, ақыл-сөз сонан соң барып іске айналады. Не жұмыс қылсақ, осы үш: ақыл, сөз, іс сана талқысынан өтпей жұмысқа айналмайды». Оның бұл пікірі кезінде «Қазақ» газетінде жарияланған болатын. Демек, Ә. Бөкейхановтың осы қазақ басылымдарының алдына қойған міндеттерінің жүзеге асқандығы деп түсінуіміз керек. Оның ұлттық басылымдарға қойған талаптары бүгінгі күн тұрғысынан да өте өміршең дей аламыз. Биылғы жылы қазақ баспасөзінің қара шаңырақтарының бірі «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының ақпараттық кеңістікке шыққанына 90 жыл толып отыр. «Қызыл Қазақстан» 1921 жылы дүние есігін Орынбор қаласында ашқанын жоғарыда айтып өттік, содан кейін журналдың аты әртүрлі себептермен қайта-қайта өзгеріп отырды. Ол да болса кеңестік коммунистердің құйтырқы да жымысқы саясатының бір қыры болса керек. Сонымен 1924 жылдан 1932 жылға дейін Қазақстан КП (б) өлкелік комитетінің органы ретінде «Қазақстан большевигі» деген атпен оқырманға жол тартса, 1932 жылы бірнеше ай «Ауыл коммунисі» деген атауға ие болады. Ал, 1932 жылдан 1941 жылға дейін журнал «Коммунист» деген атқа өзгертіледі. Ұлы Отан соғысы жылдарында біраз уақыт шықпай қалған басылым, 1947 жылы ақпараттық кеңістікке қайта шықты. 1952 жылы журналдың аты «Қазақстан коммунисі» деген жаңа атқа өзгеріп, 1991 жылға дейін шығып тұрды. Заман ағымына, биліктің саяси танымына қарай «Ауыл коммунисі», «Қазақстан большевигі», «Коммунист», «Қазақстан коммунисі» деген атпен еліміз егемендік алған күнге дейін атын қайта-қайта өзгерте отырып, ақырында «Ақиқатқа» тоқтаған журнал осы күні көп оқырмандардың көңілінен шығатын қазақтың беделді де байырғы басылымдарының біріне айналды. Еліміздің егемендік алуына орай 1991 жылдың 15 қыркүйегінен бастап «Ақиқат» деген атпен шығып келеді. Бұл жайында басылымға алғаш «Ақиқат» деген атауды ұсынып, тіркеткен авторы белгілі жазушы-публицист Камал Смайылов ағамыз былай деп жазған болатын: «1991 жылы Орталық Партия Комитеті тарап, журнал бұрынғы атымен шығуын тоқтатқанда оны қалай сақтау керек деген әңгіме, мәселе туды. Ғылым академиясына, «Білім» қоғамына барыңдар деді. Олардың өздері жетісіп отыроған жоқ, журналды қалай алсын? Содан ойланып, бір телефоннан соң Жоғарғы Кеңестің төрағасы Ерік Асанбаевқа бардым. Әңгімелестім. Екеуміз Орталық Комитетте қатар қызмет еткенбіз. Ол – ғылым бөлімінің, мен – мәдениет бөлімінің меңгерушісі. Оған айтып едім келісе кетті. Екі газеті бар Жоғарғы Кеңес енді екі теориялық-саяси журналды алса да көптік жасамайды ғой деп ұйғардық. Ендігі саясат – халықтікі, идеология, теория – мемлекеттік дегенге келдік. Оның атын өзгерту керек болды. Редакцияда бәріміз жиналып атын іздедік. «Саясат», «Шындық», «Ой көкжиегі» деген аттар ауызға алынды. Біреулер маған айтты: «Парасат» деген ат тамаша келіп тұр, бірақ сіз оны ана журналға беріп кеттіңіз ғой. «Парасаттан» шығып соған ұқсас, мағыналас сөз еске келді. «Ақиқат» деп атайық деп мен ұсыныс жасадым. Бәрі қостады. Осылайша мен екі журналдың атының авторы болдым. Сөйтіп журналдың аты өзгерді». Қазақ елінің ақпараттық кеңістігінде өзіндік брэндке айналған «Ақиқат» журналының еткен еңбегі еленбей қалған жоқ. Басылымның жемісті еңбегін жоғары бағалаған ел ағалары әруақытта тиісті сыйлықтарымен марапаттап отырды. 1976 жылы «Халықтар достығы» орденімен, 1996 жылы Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі ұлттық агенттігінің Құрмет Грамотасымен, 2002 жылы Қазақстан Журналистер Академиясының «Алтын жұлдыз», 2008 жылы Қазақстан Журналистер одағының сыйлықтарымен марапатталған журналдың қазіргі нөмірлерінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауы мен осы Жолдауға сәйкес елдің әлеуметтік, экономикалық ахуалын көтеру мақсатында атқарылып жатқан игі істер бойынша облыс, аудан әкімдерінің сұхбаттары кезегімен беріліп тұрады. Сонымен қатар еліміздегі белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың жариялаған құнды материалдары журналдың беделін көтеріп, маңызын арттырып отырады. Осыған қарап журналдың мазмұны мен бағыты өзгеріп, бұрынғы партияның басылымы болып қалмай, бірте-бірте ұлттық сипат алғанын байқауға болады. Еліміздегі жүзеге асырылып жатқан саяси-экономикалық өзгерістерді халыққа уақытында жеткізуде, сондай-ақ, Қазақстанның дамыған 50 елдің қатарына қосылу процесін жеделдетуде және Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсеткен маңызды міндеттерден туындайтын мәселелерді насихаттауда және биылғы жылғы Қазақстанның Ислам конференциясы Ұйымына басшылық қызметін атқарудағы әрбір оң істері мен қадамдарын «Ақиқат» республикалық қоғамдық-саяси журналы халыққа жеткізіп отырады. Осы тұрғыдан келгенде еліміздегі саяси-экономикалық жағдайларды сараптап, халыққа түсінікті тілмен жеткізу басты міндетіміз болмақ. Өткен жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын жоғары деңгейде табысты атқарып, 56 мемлекеттің басшылары мен өкілдерінің бәрінің тілін тауып, Астанада төрағалықтың қорытындылары мен нәтижелерін таразылайтын Саммит өткізудегі керемет жетістіктері еліміздің әлемдегі салмағын арттыра түсті. ЕҚЫҰ төрағалығы Қазақ елінің алдында тұрған биік белес еді, оны бағындырдық. Ол үшін Аллаға шүкір дейік. Мұндағы жетістігіміз Елбасының бастап, халықтың қолдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанының арқасында деп ойлаймыз. Енді Қазақстанның алдындағы тағы бір биік белес – Ислам Конференциясы Ұйымын басқару болып отыр. 1969 жылы 25 қыркүйекте Құранды ту етіп ұстаған елдердің бастамасымен құрылған ИКҰ-на Африка, Азия елдерімен қатар, Латын Америкасындағы бірқатар елдерді қосқанда жалпы саны 57 ел мүше болып отыр. Оған бақылаушы ретінде қосылатын бірнеше елді қосса, 60-тың үстіне шығады. Демек, ИКҰ-н басқарудың маңызы мен міндеті ЕҚЫҰ-на төрағалық жасағанымыздағы сияқты үлкен жауапкершілік пен ынтымақ, бірлікті, өткен жылғы тәжірибе мен дипломатияны жетілдіре түсуді қажет етеді. Қазіргі таңда «Ақиқат» журналы қоғам дамуының маңызды тұстары, соның ішінде саясат, тарих, философия, экономика, мәдениет және филология салаларындағы өзекті мәселелерді уақытылы көтеріп, маңызды да ғылыми құнды мақалалардың жарық көруімен ерекшеленеді. Басылымның заман талабына, уақыт лебіне сай жылдан жылға жасап келе жатқан жарқын жаңалықтары, өсуі мен өзгеру үдерістері оқырманның көз алдында өтіп келеді. «Ақиқат» журналы қай кезде болсын ақиқаттың алдаспанына айналып, салиқалы ой толғайтын, елдегі болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістер иіріміне бойлай отырып, мейлінше терең сараптама жасайтын басылым ретінде қалыптасты. Тәуелсіз еліміздегі журналдардың ішінде бас басылым болып табылатын «Ақиқаттың» айдарлары елге ұнамды, мазмұнының әсерлілігі, мақалаларының құндылығы көпшілікті баурап алатынын дәлелдеп жату артық болар. Әсіресе, «Заманхат» айдарымен Әл-Фараби, Абай сынды даналардың, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов секілді алаш зиялылары мен Ақжан Машани, Өзбекәлі Жәнібеков және т.б. қазақтың белгілі тұлғаларының ойлы пікірлері мен салиқалы сөздері үнемі журналдың бетін ашып тұрса, «Маржан сөз» айдарымен қазақтың аузы дуалы билері мен шешендерінің тура да тауып айтқан маржан сөздері қорытындылайды. Бұған қоса «Жақсы жүрген жерінде із қалады», «Тарихтан тәбәрік», «Тұлғалар тұғыры», «Рухани қазына», «Дүниетаным ділі» сияқты айдарлар көпшіліктің көңілінен шыққандығын баса айтуға болады. Сөйтіп «Ақиқат» Қазақстанның тарихы мен мәдениеті, рухани дүниесі мен әдебиеті жайында тың мәселелерді көтеретін басты журналы болуымен қатар Қазақстан ғылымының дамуына атсалысатын ғылыми журнал ретінде де танымал болды. Міне, оқырман қауым, ата-бабамызға бір кезде аңыз болған ұлттық басылымды көруге Алла олардың ұрпақтарына нәсіп етіпті. Бір кездегі аңыздың ақиқатқа айналғаны осы да. 90 жыл бойы көкірек көзі ояу, жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматтың сүйікті журналына айналған басылымның еліміздегі қоғамдық сананы ұлттық санаға айналдыруда өлшеусіз үлес қоса беретіндігіне сенейік. Әрқашанда «Ақиқат» сияқты ұлттық басылымдардың мерейі үстем болсын. Қазақ елінің болашағы жарқын болсын, өз елінің көзі, құлағы һәм тілі болған «Ақиқаттың» өз шыққан биігінен аласармай, заңғар биікке самғай бергенін тілейік.

979 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз