• Тарих толқынында
  • 12 Қазан, 2011

Тың тақырыптар іздеуге тура келді

Сарбас АҚТАЕВ, «Ақиқат» журналының жылдардағы бас редакторы 1. Менің алдымда журналды басқарған белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Камал Смайыловтың тұсында басылым еңсесі біраз көтеріліп қалды. Ең алдымен, журналдың «Қазақстан коммунисі» деген аты «Ақиқат» болып ауыстырылды. Әрине, саяси-қоғамдық басылымға бұдан гөрі де оңтайлы атау беруге болатын еді. Бірақ ұжымның ұйғарымы сол болған соң, жоғары жақ та қарсылық көрсеткен жоқ. «Ақиқат» болған соң, оны шынында ой-санадан гөрі, өмірдің шынайы шындығын жайып салатын басылым жасау керек еді. Алайда, үрдіс онша өзгере қойған жоқ, журнал саяси-қоғамдық һәм теориялық мәселелерді қамтитын бұрынғы бағытынан онша ауытқымады. Дегенмен, ұжымның шығармашылық ізденісі арқасында бұрынғы жаттандылықтан бой тартып, тың тақырыптар іздестірілді. Дес бергенде, бұрын аттарын атауға тыйым салынып келген Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердиев сияқты қайраткерлеріміздің ақталуы жаңа үрдістерге шығуға жол ашты. Олардың бас-басына мақала арнаудың өзі басылымның беделін біраз көтеріп тастады. Біртіндеп Алаш арыстары жайында жазыла бастады. Тіпті, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі тізімі де жарияланды. Мұның танымдық мол мәні болды. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ қоғамының ой-санасына тың соқпақ салған саңлақтардың өмірі мен қызметін жұртшылыққа кеңінен таныстыруға қазақ ғалымдары біраз еңбек сіңірді. Дәл осы тұста редакцияға қызметке философ Ғарифолла Есімов, тарихшылар Мәмбет Қойгелдиев пен Талас Омарбеков, әдебиетші Құлбек Ергөбеков тұрақты қызметке шақырылды. Солардың арқасында қазақ халқының өмірінде аса ауыр нәубет болған жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы ашаршылық, тізеге сап, күштеп ұжымдастыруға қарсы бас көтерген елдің көтерілісі жайында материалдар беріле бастады. Бұл оқырман қауымның көптен күткен мәселелері еді. Сондықтан мен басылымның осы бағытын одан әрі жалғастырдым. Журнал аппаратын сол қалпында сақтап қалдым. Бас редактордың орынбасарын да, жауапты хатшыны да ұжымда көптен жүрген жігіттерден жасақтадым. Мұның өзі шығармашылық бағыттағы сабақтастықты қамтамасыз етті. Басылымның бұрын жеткен биіктерін баянды ете отырып тың тақырыптар іздеуге тура келді. Тек Алаш ардагерлерімен қалып қоймай, қазақтың тұғыры биік тұлғалары туралы кеңінен жазып, тереңдай зерттеуді қолға алдық. Соның арқасында «Тұғыры биік тұлғалар» атты айдар дүниеге келіп, халқымыздың азаттығы үшін алысқан, тарихымызда өзіндік орны бар батырлар мен билер, ел басшылары жайында біраз дүниелер жазылды. Сосынғы бір жаңалығымыз деп «Ардагерлер арамызда» деген айдарды атар едім. Бұл бір кезде республикамызды басқарып, бүгінде құрметті демалысқа шыққанмен, қоғамдық жұмыстан қол үзбей, кейінгі ұрпаққа үлгі боп жүрген ағалар туралы очерктер еді. Осы қатарда елімізді отыз жылға жуық басқарған Дінмұхамед Қонаев, республика үкіметін он бес жылдай басқарған Бәйкен Әшімов, көрнекті партия һәм мемлекет қайраткері Сағидолла Құбашев жөнінде жарияланған дүниелерді атап өткен абзал. Бұл тақырыпты тереңдетіп, ауқымын кеңейте түсу үшін ғалымдарды ғана емес, танымал қоғам қайраткерлерін де тарттық. Осы орайда қазіргі көзі тірі қайраткер ағаларымыз Сағындық Кенжебаев, Аманжол Халықов сияқты ардагерлер көп көмек көрсетті. 2. Бұл жылдары журнал экономика тақырыбына да көп көңіл бөліп, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін көтеріп отырды. Нарықтық экономиканың өмірге дендеп енуі, жекешелендірудің жақсы жақтары сөз болды. Осы орайда аппаратымызда қызмет еткен экономист-ғалым Нұрақым Райханов игі шаруа тындырды. Қаламында сәл-пәл кібіртік болғанымен, ел экономикасын жақсы білетін ол біраз мәселенің басын қайырып, өз оқырмандарын тапты. Басылымның маңдайы қай кезде жарқырағанын тап басып айту қиын. Шығармашылық ұжымға жетекшілік ету сеніп тапсырылған соң, қай бас редактор болсын ізденбей, жаңа асуларға қол артпай отыра алмайды ғой деймін. Өз басым журналдың абыройын асырып, беделін көтеретін тақырып тарих болса керек деп ойлаймын. Өйткені, біз тарихымызды жинақтап, оның тереңінен сыр тартуға соңғы ширек ғасырда ғана, әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ден қойдық. Тарихымыздың сыры да, қыры да, жыры да көп екеніне көзіміз енді-енді жеткендей. Соларды толық түгендеп, кейінгі ұрпаққа мирас ету қай зиялының болсын азаматтық борышы болуға тиіс. Қазақ тарихын сонау отаршылдық, озбырлықтың қайнап тұрған кезінде зерттеген ұлы ғалымымыз Шоқанның еңбектерін күні кешеге дейін ана тілімізде оқи алмай келген жоқпыз ба? Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тоқсаныншы жылдардың ортасында журналымызда санқырлы сарабдал ғалымның орысша жазылған шығармаларын, әсіресе, тарихи тақырыптағы еңбектерін аударып бере бастадық. Соның да әсері болар, оның бес том болып орысша екі мәрте жарық көрген еңбектері қазақшаға аударылып, оқырмандарына жол тартып отыр. Осындай қадамды халқымыздың тұңғыш ағартушысы, ұлы ұстазымыз Ыбырай Алтынсариннің еңбектеріне байланысты жасаса артық болмас еді. Осы қатарда он тоғызыншы ғасырда орыс басылымдарында жарияланған қазақ публицистерінің шығармалары қаймағы қозғалмай жатқан тың қазына тәрізді. Соларды ештен де, кеш жақсы деп қолға алса игі бір шаруа болар еді. Қазір журнал бұрынғы қасаң саяси мақалалардан бірте-бірте арылып, тақырып ауқымын кеңейте түсті ғой. Бұның бетінен қазір әдебиетті де, мәдениетті де, өнерді де табасыз. Өскелең өмірімізден туып жатқан күнбе-күнгі жаңалықтар да назардан тыс қалмайды. Алайда, қазақ жері адырларын қопарса астынан ежелгі қалалар шығатын, обаларын ақтарса астынан алтын адамдар табылатын, ежелгі мұраға мейлінше бай өлке ғой. Бүгінде Алтай өңірінен, Атырау аймағынан, Сыр бойынан, Сарыарқа өңірінен табылып жатқан мәдени қазбалар көздің жауын алады. Әйткенмен соларды қалпына келтіріп, жұрттың жаппай келіп тамашалайтын орнына айналдыру жағы әлі де кемшіл екенін несіне жасырамыз. Әсіресе, мәдени ескерткіштердің қалпына келтірілуі де, күтімі де көңіл көншітпейді. Осы мәселе қай басылымға да мәнді тақырып болар еді. Ал бұл «Ақиқат» көтеретін айшықты мәселелердің бірі болуға тиіс деп ойлаймын. Журналдың танымдық дүниелер беріп тұратыны және аян. Осындай материалдарды да сиретіп алмай, ұдайы беріп тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Бұрынғы мен бүгінгінің батырлары жайында журналымызда біраз жазылды. Бір кезде «Қазақ ханымдары» деген тақырыппен белгілі ел билеушілердің ақылгөй жұбайлары жөнінде жап-жақсы материалдар берілген еді. Ондай ақылман аналарға қазақ қоғамы кенде болмаған. Тіпті, орыс декабристері зайыптары өнегесін қайталап, кешегі зұлмат заманда жазықсыз жер аударылған зайыптарының жанынан табылған қазақ әйелдері қаншама. Алайда, осы мәселе онша көтерілмей жүр. Сондықтан да, «Қаракөз аналар – қарашаш – даналар» деген бір айдар ашса ма деп ойлаймын. Сосын кейінгі кезде «Дөңгелек стол» басындағы әңгімені сиретіп алдық. Бұл өмірдің сан-саласынан толғақты ойларды ортаға салатын жақсы бір тәсіл еді. Соны қайта жандандырса артық болмас. 3. «Ақиқаттың» ғұмыры ұзақ болсын. Редакциямызға шығармашылық табыс тілеймін.

695 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз