• Заманхат
  • 21 Тамыз, 2017

ДҮРКІРЕП ӨТТІ – ФЕСТИВАЛЬ

Әсем Алатаудың аясында екі күн бойы көшпелі өмір салтын түрлентіп, дәстүрлі ән-жырды әуелеткен «Ұлы дала рухы» атты II халықаралық этномәдени фестивалі жоғары дәрежеде дүркіреп өтті. Қойнауы тарихқа тұнған Алатаудың етегінде орналасқан Боралдай сақ қорған­дары археологиялық паркінде ұлттық өнерлеріміз бен дәстүрлеріміз кеңінен наси­хатталуда. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында 24-25 маусым аралығында «Ұлы дала рухы» (Дух великой степи) атты II халықаралық этномәдени фестивалі өтті. Халықаралық шара осымен 2-ші мәрте өткізіліп отыр. Оған Қазақстанның, Әзірбайжан мен Болгарияның, Венгрияның, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Ресейдің, Словакияның, АҚШ-тың, Түркияның өкілдері қатысты. Фестивальге әлемнің жалпы саны 12 елінен қатысушылар келіп, өнер көрсетіп бақ сынасты. Қонақтарға арнап 12 қанатты 60 қазақ үй тігілген. Фестиваль бағдарламасы бойынша кәсіби садақшылар, көкпаршылар, бүркітшілер сайысқа түсті. Келген қонақтар батырлардың күресін, ат үстіндегі батырлар сайысын, ат үстінде белдесудің түрлерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Шара барысында қонақтарға көңіл көтеретін бағдарламалар, қолөнершілер ауылында шеберлік сыныптары ұсынылды, көрермендер арасында музыка аспаптарында ойнау бойынша байқау ұйымдастырылды. Мұнда келгендердің барлығы қазақ хал­қының тарихи дәстүрлерімен, әдет- ғұрыптарымен танысып, ұлттық ойындарға қатыса алды. Шара ұйымдастырушылары да қазақы салтты дүйім көпшілікке паш етуді мақсат еткен. Келушілерге жамбы ату, аударыспақ, асауға тұсау салу, қыз қуу, қазақша күрес, көкпар сынды ұлттық ойын түрлері көрсетілді. Думанды дүрмек мерекелік концертке ұласты. Этномәдени фестивальдің өткен жері де айрықша. Боролдай сақ қорғандары Алматы қаласына жақын жерде орын тепкен. Базарбек АТЫҒАЙ, «Ұлы дала рухы» халықаралық этнофестивалінің ұйымдастырушы: «Былтыр Алматы облысының Талғар ауданында болған. Биыл Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырып отырған себепті Алматы қаласының әкімдігіне қарасты Алатау ауданының аумағында орналасқан Боралдай сақ қорғандарында өткізіліп жатыр. Бұл жерлер құт дарыған киелі мекен. Себебі, мұнда 47 сақ қорғаны жатыр. Биылғы жылы былтырғы жылмен салыстырғанда фестивальдің ауқымы әлдеқайда кең. Қатысушы елдердің де, қойылымдардың да саны көп. Биылғы этномәдени фестивальдің ең үлкен жаңалығы – асау үйрету көрсетіледі. Шығыс Қазақстан облысынан арнайы шақыртумен келген Тәттімбет Кәпұлы деген азамат өзінің шәкірттерімен келіп асауды басықтыру, асауды үйрету өнерін көрсетеді. Ал, мұндағы алаңқай шартты түрде төртке бөлінген. Біріншісі – қолөнер жәрмеңкесі көрсетілетін қолөнершілер ауылы; екіншісі – этно топтардың, музыканттардың қойылымдары көрсе­тілетін концерттік алаң, үшінші алаңқай – ұлттық тағамдарға арналды. Ал, төртінші алаңқай «негізгі» болып есептелінеді. Өйткені мұнда ат спорты, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, қыз қуу, асау үйрету сияқты қызықты қойылымдар болады. Болашақта әкімшілік тарапынан қолдау көрсетіліп, жыл сайын дәстүрге айналады деген үміттеміз. Кешке қарай қонақтар гала-концертті тамашалай алады. «Алатау» дәстүрлі өнер театры, «Құлансаз» этнофольклорлық ансамблі, «Ұлытау», «Қоңыр», «Роксонаки» сынды көптеген өнер майталмандарынан құралған топтар көрермен назарына өз ән, күй, би шашуын ұсынатын болады». Ақшаңқан үйлер тігіліп, сахна түр­кі мәдениетіне лайықталған қа­зақы ою-өрнектермен безендірілген. Көкпар, аударыспақ, қыз қуу сынды ат спорты түрлерінен жарыс болды. Қолөнершілер шеберлік сабақтарын өткізді. Көрермендер арасында әртүрлі байқау өтті. Ең әдемі ұлттық киім киіп келген адамға ұйымдастырушылардың арнайы сыйлығы да болды. Фестивальге кіру тегін. Шараға қатысамын деушілерді жеткізу жағы да қарастырылған. Орталық стадион мен «Астана» алаңынан әр 20 минут сайын арнайы автобустар жүрді. Данияр ӘЛИЕВ, «Ұлы дала рухы-2017» халықаралық этнофестивалінің ұйымдастырушысы: «Іс-шараның негізгі мақсаты – өзіміздің қазақи салтымызды, әдет-ғұрпымызды насихаттау, таныс­тыру. Сол бағытымызды қайта жаңғырту. Екі жерден осы жерге автобус қатынайды. Бірі – орталық стадионнан, екіншісі – Республика алаңынан жүреді», – деді. Батыр БАГАЙЫН, фестиваль қонағы Болгария: «Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Өте қатты ұнады. Бүгінгі ойындарда Болгар халқының дәстүрін, мәдениетін көрсетеміз. Жігіттер жағы ерте кездегі соғыс тактикаларын көр­сетсек, қыздар ән айтып би билейді. Садақ ату, қылыш тасу, ат үстінде белдесу секілді жауынгерлерге тән өнер түрлерін көрсетеміз. Негізі қазақтар мен болгарлардың салт-дәстүрінде ұқсастықтар көп екендігін байқадым». «Тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір» демекші, ортақ мақсатқа құрылған фестивальде түрлі ұлт өкілдерінің азаматтары ата дәстүрлеріндегі өз ара ұқсастықтарды да тауып жатты. Ал, Ақбас Алатаудың етегінде қаз-қатар тігілген алты қанат ақбоз үйлер жер жаннаты Жетісудың кілемдей құлпырған табиғатына әдемі әр беріп, қазақ халқының бабадан қал­ған асыл мұрасы екенін ерекше айшықтай түскен. Түңлігі түріліп, қонағына есігі айқара ашылған құтты босағаға бас сұққан адамның ертегілер әлеміне кіргендей әсер алғаны сөзсіз. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін бояуы қанық қолөнер бұйымдарымен безендірілген әрбірінің көркемдігіне көз тояды. Көшпелілер мәдениеті мен тарихын танытуға негіз болған бұл шара халықаралық дәрежеде аталып өтілуі де бекер емес. Құсбегілер, асау үйретушілер, көкпаршылар, палуандар, жамбы ату және алтыбақан. «Ұлы дала рухы» фестивалі көшпенділер өркениетінің осындай ғажап көріністері мен мәдениетін паш етті. Той мен ән күйден басталған фестивальде көкмайса шөппен бірге ырғалып, би билеген өнер жұлдыздары жиналған жұрттың көңілін тасытты. Түркі елінің ұлықты ұрпағы қазақ халқының баһадүрлер ұрпағы екендігін еске түсірген Алматы әкімі Бауыр­жан Байбек те қаны қызып, садақ атушы мергендермен бірге бақ сынасты. Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, Олим­пиада чемпионы: «Мыңдаған халық, ұрпақтар келіп жатыр осында. Солардың бәрі көру керек. Білу керек.Ертең біздің осы ұлттық ойынымызды жалғастыру керек (НТК арнасынан алдым). Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ: «Жамбы ату. Бұл дәстүрлі өнерді деректі кино­ларда ғана көрмесек, көркем кино­ларда көп қолданылмай жатады. Құндылықтарымызды, қазақи дәстүр-сал­тымызды осылай паш етпесек, қал­тарыста қалып қоюы мүмкін. Бар­лығын түгендеп сыртта ешнәрсе қал­дырмайтындай болуымыз керек» (НТК арнасынан). Венера БЕЙСЕТАЙҚЫЗЫ (Медеу ауданының тұрғыны): «Фестивальдің «Ұлы дала рухы» деп аталуы, этномәдени сипатта өтуі, ұйымдастырушылардың шараны Боралдай Сақ қорғандарында өткізуі де ғажап дүние. Мен Медеу ауданының тұрғынымын. Шараның екінші жылы ұйымдастырылып жатқандығын біліп, бірден осында келдім. Алғашқы рет Талғар ауданындағы «Алатау» ауылдық округіне қарасты «Іле Алатауы» ұлттық паркіндегі «Ақбұлақ» шаңғы курортында өткен фестивальге де қатыстым. Өткен жылы көк ту көтерген қазақстандықтардан бастап, венгрлер, Словакия садақшылары, ресейліктер мен Эквадордан келген үндістер қатысты. Сақ, Массагет, Үйсін, Ғұн секілді көшпелілердің түрлі киім үлгілерін үстеріне ілген шеруші топтарды, қалы кілем жапқан түйе жетелеген ұлы көшті көріп керемет әсер алғанбыз. Биыл тіпті ерекше, керемет әсерге бөленіп қайттық. Ұйымдастырушылар мен қала әкімдігінің, барша еріктілердің еңбегі орасан зор. Үлкен алғыс білдіреміз. Бірауыз сөзбен бұл жерді тарих, мәдениет пен өркениетіміздің бір жерге топтастырылған ашық алаңы деп айтар едім». «Ата салтым – асыл мұрам, ардағым, Бабалардың жалғастырар арманын. Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім, Өткенімді бүгінменен жалғадым. Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған, Тәлімді ой мен тәрбиені қалдырған. Салт-дәстүрді ардақтайық, ағайын. Қазақ атты үлкен, кіші, балдырған». Ия, көненің көзін бүгінгінің жарқын болашағымен сабақтастырған «Ұлы дала рухы» халықаралық фестивалі алдағы жылдары да өз жалғасын табады деген тілектеміз! Назым САМЕТ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің I курс студенті

953 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз