• Заманхат
  • 05 Қазан, 2012

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ

Әділхан Құдайбергенов, тарих ғылымының докторы, профессор

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында әрбір дәуір кезеңінде ел намысын қорғайтын рухани қазынасына ауқымды үлес қосып, көш бастайтын ірі тұлғалары болған. Ұлттық негізде басқа халықпен терезесі тең, мәдени өрісі кең, жоғары өркениетті ел ретінде даму үшін осындай ірі тұлғалар қатары үзілмей, желідей жалғасып өткен. 1940-1960 жж. желі тартқан қазақ халқының ірі тұлғалары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов сиякты асыл азаматтар болса, тап осы жандардың бел ортасында жұлдыздай жарқырап Ілияс Омарұлы да тұрды. Ілияс Омаров 1912 жылы бірінші қазанда бұрынғы Торғай губерниясы Қостанай уезінің Обаған ауылына қарасты №12 ауылда дүниеге келген. Ғабит Мүсірепов сөзімен айтсақ: «Өмір оны еркелетіп өсірген жоқ. Әкесінен ана құрсағында айырылды, шешесінен жеті жаста жетім қалды». Жиырмасыншы жылдары Омаровтың отбасы тәркіленді, әкесі Сібірге айдалып, көп ұзамай сонда қайтыс болған. Тұл жетім ретінде 1923 жылы Қостанай қаласында ашылған балалар коммунасы мектеп-интернатына оқуға берілді. Ілияс Омаровтың балалық шағының Кеңес өкіметінің енді орныға бастаған кезеңімен тұспа-тұс келуі және коммуна мектеп-интернатында тәрбиеленіп, білім алуы оның балалық санасында терең із қалдырды және сол тарихи заманның төл перзенті болды. 1930 жылы Ілияс жеті жылдық мектепті тәмамдағаннан кейін, сол жылы күзде комсомолдың Қостанай округтік комитетінің жолдамасы бойынша Ташкент қаласындағы Орта Азия Жоспарлау-экономика және сауда-тауар ісін жүргізу институтына оқуға түседі. Ілияс Омарұлы 1933 жылдың жазында Таш­кенттегі Орта Азия Жоспарлау эконо­микалық институтын аяқтағаннан кейін Қызылорда қаласындағы сауда техникумының директоры болып қызмет атқарды. 1936 жылдың аяғына таман Алматыға келіп жеңіл өнеркәсіп және сауда орындарында 1941 жылға дейін жауапты қызметтерде болды. Міне, осы кезеңдерде Ілияс Омарұлы мәдениет, әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлерімен жақын танысып, орталарына еніп, араласа бастады. Ұлы Отан соғысы жылдарында әуелі сауда халық комиссарының орынбасары, содан соң Қазақ КСР-нің сауда халық комиссары болып тағайындалған Ілияс Омарұлы қырғын соғыстың ауыр кезеңдерінде өзіне жүктелген мемлекеттік жауапты міндеттерді жан-тәнін аямастан атқара жүріп республиканың мәдениетін, өнерін, әдебиетін, ғылымын өте бір қиын-қыстау кезеңдерінде мүмкіндігінше алға бастыруға арналған шараларға белсене араласып отырды. Мысалы, Ілияс Омарұлы сол жылдарда «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне хатын ұйымдастыруда, 1943 жылы желтоқсан айында өткізілген республикалық ақындар айтысын өткізуде; Қазақ КСР-нің ерте заманнан осы күнге дейінгі тарихын тұңғыш жазып, бастырып шығаруды табандылықпен қолға алуда; Рес­публика үкіметіне Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогика институты мен Құрманғазы атын­дағы Мемлекеттік Консерваториясын ұйым­дастырып, қалыптастыруда үлкен көмек көрсетті. Ілияс Омарұлы ұлттық руханияттарға қырғидай тиген коммунистік насихаттың қазаны қайнап тұрған тұста, бүгіндері тұрмыс-салтымыздағы орнын мықтап айқындай бастаған ақындар айтысы туралы, оны жандандырып, қайта оралту жайында сол кездің өзінде-ақ тоқтамды сөз айтып, оның келешекте ортамызға оралатындығына шүбәсіз сенетіндігін айта келіп: «Шын мағынасындағы ауыз әдебиеттің өкілдері – ақындар саны бұл күнде көп те болмас, бірақ та, бұл ұрпақтан кейінде айтыстар болуы керек...айтыс өнерін халық аса жоғары бағалайды, айтыс ақынын ынтамен тыңдайды, оған қошамет көрсетеді. Солай болса, осы әдістің күшті құралы болу – айтыстың қадірін кетірмеу былай тұрсын, қайта дәрежесін көтереді, екіншіден, айтыстар әділ тура нақтысының құралы және айтыстағы сындар сынның өткірі, тез тарайтын әйгілі түрі, үшіншіден, айтыстар халықтың тілін байытуға, тапқыр теңеулер мен әдебиет тілін дамытуға себепкер болады... Сондықтан да, бүгін бізге үзілді-кесілді айтыстар керек және оларды жандандыру шарт деген нақты пікірге тоқталуымыз керек» – дейді. Міне, Ілияс Омарұлының жоғарыдағы пікірі бұл күнде расталып отыр. Құдайға шүкір, аға ұрпақтың ісі, идеология құралы болып табылатын – айтыс өнерін бұл күнде ақын Жүрсін Ерманов желідей жалғастырып, қолға алып дүркін-дүркін өткізіп келеді. Қазақ халқы айтыс, ән-жыр, күй, терме, хиссаларды сүйіп тыңдайтын, қисынын келтіріп дүниеге әкелуде де ерекше дарын иелеріне бай бірден-бір дарқан ел болып табылады. Өнердің қай түрі болса да халық үшін өте қымбат екендігін қырағы көзімен көріп, терең түйсінген Ілияс Омарұлы әлі де болса жарық көрмей қараңғы қапаста құлыптаулы жатқан ән мен күйлерінің жарыққа шығып зерттелуіне көп көңіл бөліп, шыбын жаны шырылдаған абзал жан екендігін: «Халықтық фольклордың таусылмайтын қайнар бұлақ екені рас. Бірақ, бұлақтың алысы бар, жақыны да бар. Бұлақтың жер бетінде ағып жатқан таязы да бар, көзге көрінбейтін тереңде жатқан қайнар көзі де бар. Мөлдір бұлақтан су ішудің өзі қандай ғанибет. Дегенмен, қай бұлақтан сусындағанымыз жөн. Жол үстінде кездескен жақын бұлақтан оп-оңай сусындап кетуге болады. Ал, енді тереңде жатқан қайнар бұлақтың көзін ашып, оны бір адамның ғана сусыны қылмай, халқымыз ғана ішетін мол суға айналдырған абзал... Шын мәнінде, әлі де, бізге белгісіз, құлағымызға сарыны жетпеген ән-күйлер көп. Соны аша білуіміз керек... – деген өзінің көкейкесті ой-түйінімен дәлелдейді. Міне, бұл Ілияс Омарұлының қазақ халқының ұлттық мәдениетін өркендету жолында мәуелі жеміс беретін халық өнерін мазмұн жағынан күрделі ой тудыратын құрал ретінде байыта түсудің мақсатынан туған пікірі. Ілияс Омарұлы қазақтың ұлттық мәдениетін өркендету жолындағы жемісті еңбегін алпысыншы жылдардың басынан аяғына дейін атқарып, өзінің денсаулығының нашарлығына қарамастан, аталған бағытта өзі жанындай сүйіп, шексіз берілген іске аса мәнді үлес қосып кетті. Айталық, 1959-1967 жылдар арасында «Қазақфильм» киностудиясының директоры, республика Министрлер Кеңесінің аппаратында кеңесші, одан кейін республика жоспарлау комитетінде бірінші орынбасар, 1967 жылдың көкегінен бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Мәдениет министрі лауазымдарын атқарған жылдарда Ілияс Омарұлы қазақтың эстрадалық өнерін, ұлттық цирк үрдісін, шынайы профессионал өнердің басқа да бірсыпыра салаларын тыңнан дамытуға барынша күш салды. Әсіресе, эстрадалық жанрына ерекше мән беріп, ән өнеріндегі ең бір шағын эстрадалық өлеңнің өзінде идеологияның уытты оты тұратындықтан, Ілияс Омарұлы композиторлар мен мелодистерді алпысыншы жылдардың соңғы кезеңдерінде белең алған батыстың ешбір ұлттық дәстүрге жатпайтын әуеніне еліктемей Отан сүйгіштік ұғыммен, адамгершілік, қайырымдылық және азаматтық борышпен тоғысқан терең мазмұнды, кең құлашты шығармалар жазуға шақырып оларды үнемі бақылап, дер кезінде толғандырар сын пікірлер айтып, халықтың рухани дәрежесін байытудың қамын ойлап келгенді. Жоғарыдағы ой-түйіндерін Ілияс Омар­ұлының «Қайнар бұлақтың көзі көп» деп аталатын тақырыпта жазылған мақаласындағы: «...Егер, біз бұл жанрды жақсы дәстүр мен байыта алмасақ, бүгінгі тыңдаушылардың талап-талғамын ескермесек, батыстың мещандық әуендерінің кең өріс алып кететіні байқалды... Қазақтың эстрадалық жанрға бейім тұрған әндері мен күйлері көп. Мысалы, «Балбырауын» күйін алайық немесе Құрманғазының көптеген екпінді күйлерін еске түсірелік. Бұлардың бәрі де эстрадалық жанрға өте бейім, жастар еліктеп жүрген жаңа билердің қайсысына болса да әуен боларлықтай шығармалар...» – деген пікірінен көреміз. 1940-1960 жж. ұлттық мәдениеттің біраз салаларының дамуы Ілияс Омарұлының есімімен байланысты. Бір кезде қажетсіз дүние деп кәдеден шығарып, ұмыт қалдырылған халық өнерінің ежелгі түрлерін қайта өмірге келтіріп, орындаушылық өнердің, ұлттық ойын-сауық, спорт, көркемөнерпаздық дәстүрлерінің байырғы бастауларын ашып соларға жаңадан дем-тыныс бергізді. Осы замандағы өркениетті елдер мәдениетіне деңгейлес келетін сахналық, сазды әуендік салт-дәстүрлерді, ұлттық кино өнерін дамытуға ерекше көңіл бөлді. 1959 ж. «Қазақфильм» киностудиясы құрылды. Бұл кезеңде барлық ұлттық киностудияларда құрылу мен даму процесі қызу жүріп жатқан еді. Ілияс Омарұлы ұлттық киностудия халықтың ұлттық айнасы болуға тиісті деген ойды мақсатқа ала отырып басшылық жасаумен болды. Ілекең алпысыншы жылдардың бас кезінде киностудияға басшы болып отырған кезінде «Әр ұлттың өз киностудиясы өз ұлтының атымен аталып, біздің «Алма-Ата» студиясы атануымыз қалай? – деп, баяғыдан Алма-Ата киностудиясы аталып келе жатқан атауды бір күнде енді өзгертпестей етіп, «Қазақфильм» киностудиясы дегізген еді. Ілияс Омарұлының басқаруымен телевидение үшін деректі телефильмдер, киносюжеттер, толық метражды фильм-спектакльдер, мультипликациялық фильмдер түсіріліп, халыққа ұсынылып отырды. Мысалға, 1959 жылы түсірілген «Ботагөз», «Наш милый доктор», «Его время придет» атты фильмдері көрермендер жылы қабылдаған тамаша туындыларының куәсі болып табылады. 1958 жылы көркемөнер фестивалінде «Қазақфильм» киностудиясы екінші орынды иеленді, ал 1959 жылы Киев фестивалінде «Наш милый доктор» фильмі дипломмен наградталған еді. Ілекең әлеуметік-мәдени кешендерді дамытуға да көп үлес қосты. Сол жылдары әлеуметтік мәдени кешендерді салу, жаңа институттар мен техникумдардың ашылуы тек КСРО Мемлекеттік Жоспарлау комитеті мен министрліктердің келісімімен іске асырылатын еді. Осындай қиын, жан-жақты білім мен табандылықты талап ететін істі басқарған Ілияс Омарұлы болды. Ол мәдениет министрі қызметін атқарған жылдары мәдени ағарту мекемелерінің жұмысын жандандырып, басқа республикалардың өнер дамуынан артта қалмау шаралары бел­гі­­леніп, іске аса бастады. Осы жылдары қазақтың хор капелласы, классикалық және халық билерінің хореографиялық «Жас балет» ансамблі, республикалық жастар эстрадалық «Гүлдер» ансамблі, Жетісай қаласында қазақ музыкалы драма театрының ашылуына ұйытқы болды. Алпысыншы жылдардың басынан бастап әдебиет сынымен шұғылданып, Мұхтар мен Ғабит романдары жайында, М.Шолоховтың «Көтерілген тың» романдарының екінші кітабы шыққан кезде үлкен мақалалар жазды... Б.Момышұлының әскери прозасы, Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», М.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романдары, З.Қабдоловтың «Өмір ұшқыны» повесі туралы алғашқы пікірлердің қатарында Ілекең мақалалары аталды. Ол өз ұстазы Бекет Өтетілеуов пен ақын Сараның әдеби мұрасы жөнінде де ойлы пікірлер айтты. Осы еңбектердің негізінде 1961 жылы «Әдебиет жайлы ойлар» деген сын кітабын құрастырып бастырған еді», – деп жазады академик Серік Қирабаев. Ілияс Омарұлы ақын-жазушыларының дос-жанашары ғана емес, өзі де қарымды қаламгер болатын. Оның қаламынан «Әдебиет жайлы ойлар» (1912 ж), «Глазами читателя», «Серпін» (1970 ж), «Шабыт шалқары» (1973 ж) шығармалары жарық көрді. Ал, экономика, экология, тарих, этнография, әдебиет, мәдениет жайлы жазған мақалалары қаншама! Көп әзілдерін өлең түрінде де жазып, кейбір мәтел сөздер тудырды. Тағы бір ерекше атап өтетін жәйт. Ол Ілекең (Қаныш Сәтбаев та осылай атаған) жазушы атаулыны жазғырмай, кім көрінгенге талатпай, небір таланттардың бағын ашып, баға беріп әділ сынға әдемі жол ашты. Ілекеңнің алдында талай үлкенді-кішілі адам жүдеп барып, оңалып қайтатын. Ғафу Қайырбеков салқындау қабаққа ұшырап, бір орында отырып қалып, кітаптары шықпай жүрген кезінде мұңын шағып Ілекеңе келгенін есіне алып: «Сәлемдесіп, жайымды айттым. Сәл жабырқау тартып қалып, телефонды қозғады. Жасы кіші, қызметі үлкен бір жолдасқа сөз айтып жатты. «Пәлендей жан, мынандай бір ақын мұқап қалыпты ғой. Е, шалалығы болар, бірақ, бұлармен сөйлесу тілі өзгеше болсын. Ақын деген тек қана көңілдің кісісі, қанатынан қауырсын алсаң, ауырсынып, ұша алмай қалатын құс секілді ғой. Бұлар тентек болып, ештеңе қиратпайды. Жаздыру керек бұларға, жазғыру керек емес. Осы есіңде болсыншы, қарғам», – деді де трубканы жайлап орнына қойды. Оның сөзі маған дереу жәрдемдей, ана кісіге әрі өтініш, әрі ағалық әмірдей естілді... – дейді. Өткен ғасырдың 50-жылдың басында алаштың бір тұяғы Мұхтар Әуезовты бір түнде білдірмей Москваға аттандырғанын жұрттың бірі білсе, бірі білмейді. Ал, ақын Қайнекей Жармағанбетовтың баспасөз бетінде жарық көрген «Алтай аясы» өлеңіне байланысты хат жолдап өз ойларын былайша өрбіткен. «Өзім Алтайды жақсы көретін болған соң «Алтай аясы» деген өлеңді зейін қойып оқып едім. Әр жерінен астын сызып, бюро­краттығымызға салып, бұрыштама жазып, қағаздарымның ішіне салып қойып едім. Осы өлеңнің үздіктісін өзіңе жіберіп отырмын, барлық бағам бұрыштамада айтқаным. Жол түсіп араласаң Алтай маңын, Көресің тарлан таудың қартайғанын. Тентек жел, долы нөсер әжім салған. Жартастың тынығуға жантайғанын. Мінеки, тарих, шындық. Көркем теңеулер осылай жандасу керек. Сонда ғана өлең поэзияға айналмақ, поэзия қоры болмақ...» Тек поэзияның қарымы мол болғанда ғана бірауыз өлең – әдебиет табысына лайықты сый», – деп бағалаған. Ілекеңнің бір шумақ өлеңге берген бағасы – поэзияның құдіретін жан-тәнімен түсінген ақынның ой-пікірі. Ғабит Мүсірепов Ілекеңнің сыншылдығын жоғары бағалап, оны Белинский мен Луначарский шәкірті деуге әбден болады деп әділетті пікір айтса, сыншы Сағат Әшімбаев: «Ілияс ең алдымен автор шығармасынан жақсылық іздеген екен. Яғни, оның жақсы жағын жарқырата ашуды, суретшінің мінін ашуды міндет етпей, өнерінің тілін тауып, ділін ашуды мақсат ету – Ілияс Омаровтың сыншылдық этикасы», – дейді. Сөз реті келген соң айта кетейік, Ілекең әрбір жауапты басшының мәдени деңгейі тұрғысындағы ой-түйінін (түп нұсқасы орысша жазылған): «Қарапайым ғана жеке мәдениетті біз тек қатардағы адамдардан талап етеміз, жетекші басшылар үшін бұл мүмкін жеткіліксіз, олардың халықтың мәдени деңгейі мен мемлекеттік ақпараттың бүкіл буындарынан жұмыс мәдеиетін көтеретін басқарушылық мәдениет талап етіледі. Тек сондай басшылықтың ғана нәтижелері орнықты әрі баянды болмақ, ал дүрмек науқаншылық, айқай-шу мен үркіту-қорқыту қорытындылары жүректі ешқашан қанағат сезіміне толтырмайды. Бұл ретте мәдениет ақылдылықпен басқару, аппараттық дәл жұмыс, қатты, бірақ, орынды талап, қатал тәртіп және де үнемі жасампаздық пен жаңаны іздеу биігінен асқақтауы тиіс. Кең тұрғыда түсіндірілген «мәдениеттілік» деген сөздің өз мөлшеріне ие болмаған адам, шын мәніндегі мәдениетті немесе жетекші маман бола алмайды» – деп жеткізеді. 1990 жылы белгілі жазушы, өмірден ерте кеткен Жайсанбек Молдағалиевтың Ілияс Омаровтың өте бай, әрі мазмұнды саяси-әлеуметтік, сыншылдық, санаткерлік қызметі мен жүріп өткен өмір жолы туралы «Жомарт жүрек» деректі повесі жарияланды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Ілекеңнің сексен және тоқсан жылдық мерейтойлары Елімізде аталып өтті. Туған өңірінде, Қостанайда, Қазақ драма театрына Ілиястың аты берілді. Қорыта келе айтарымыз, туған халқының болашағы, мәдени өрісінің кең тұрғыда дамуы үшін соңғы демі біткенше аянбай еңбек етіп, артына үлгі-өнеге боларлық тамаша іс қалдырған, адамдығымен аты аңызға айналған шын мәнінде қоғам, мемлекет, мәдениет қайраткері Ілияс Омаров халқымыздың тарихында өзіне лайық орны бар ірі тұлғалардың бірі. Тұлға болғанда да ұлттың ұлы, елдің намысы бола білген тұлға.

566 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз