• Заманхат
  • 08 Қараша, 2012

Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік

Қасиетті қара шаңырақ Қазақ ұлттық университетіне оқуға түскен күннен бастап кіл ұлылардың есімі мен еңбегі туралы әңгімелерді таңданып та, тамсанып та бойымызға сіңіріп, жазып қалдырған еңбектерін қолданып, жадымызда сақтап келеміз. Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев сынды қазақ журналистикасының негізін қалап, еліміздегі журналистік білім беру жүйесінің нық қалыптасуына үлкен үлес қосқан, ұрпаққа ұлағатты ұстаздық еңбегін, үлгі-өнегесін асыл мұра етіп қалдырған ұлы тұлғаларды мақтанышпен айта аламыз. Солардың ішінде кеңестік кезеңдегі публицистика туралы, көсемсөз туралы жазған теориялық еңбектері қазір де мәнін жоймаған, оқытушы, студенттеріміздің игі істеріне пайдаланып отырған оқулықтары мен оқу құралдары «Публицистика дәуір үні», «Қазақ баспасөзінің жанрлары», «Журналистиканың теория­сы мен практикасы», «Достық лебізі», «Журналист және өмір», «Гималайдың әр жағында» деген құнды еңбектер қалдырған тұғыры биік, ұлағаты мол, кемел ұстаз – Тауман Салықбайұлы Амандосов. Тауман Амандосов 1921 жылы 5 жел­тоқсанда Атырау облысының Балықшы ауданы Кеңөзек ауылында дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын қазіргі Атырау қаласындағы облыстық «Социалистік құрылыс» газетінде әдеби қызметкерліктен бастаған. 1946 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, 1950 жылы оқуын үздік бағамен тәмамдаған жас маман университетке аға оқытушылыққа қалады. 1952-1958 жылдары – сырттай оқыту саласында проректор және 1959-1966 жылдары филология факультетінің деканы, 1966 жыл­дан өзінің ұйытқы болуымен құрылған журналистика факультетінің деканы болып сайланып, 1971 жылға дейін осы қызметте болды. Факультеттегі теле-радио кафедрасының ашылуы да Т.Амандосов есімімен байланысты. 1955 жылы кандидаттық диссертациясын қорғағанда оның бірінші оппоненті болып Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, профессор дүниежүзіне белгілі Мұхтар Омарханұлы Әуезов болды. Қазақстанда бірінші болып қазақ публицистикасының теориясы мен практикасы туралы зерттеу жүргізіп, журналистика бойынша ең бірінші қазақ тілінде оқулық жазып шығарған. Журналистика факультетінде сол оқу құралы пайдаланылып, тек Қазақстанда ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан университеттерінде қолданы­лады. Сонымен қатар, Тауман Амандосов «Телевизия және радио», «қазақ журналистикасы», «журналистика шеберлігі және әдеби редакциялау» кафедраларын ашты. Ол журналистика ғана емес, классика әдебиетінің көркем шығармаларын аударуға да өзінің үлесін қосты. Қазақ тіліне Жюль Верн, Л.Кассиль, А.Дорохов, Н.Кизанова тағы басқа авторлардың шығармаларын аударған. Тауман Амандосов публицистиканы әдебиеттен бөлек, дербес пән екендігін анықтаған. «Публицистика – ақиқат өмірдің сырлы суреті, оның арқауы – шындық. Бірақ, публицист өмірдің фак­тілері мен құбылыстарын жүйесіз жи­нақтай бермейді. Өзінің көздеген мақ­сатына орай керектілерін ғана іріктеп, шығармасына пайдаланады. Публицистика дербес пән болғандықтан, оның мазмұны, формасы мен әдісі және функциясы бар. Публицистика жанрларының ерек­ше­ліктері, ең алдымен, публицист лабо­раториясының ерекшеліктеріне байланысты. Публицист өз жұмысын бүкіл жұрт алдында жария жүргізеді, қалың бұқарамен ақылдасып отырады. Ол белгілі бір мәселе жөнінде ой қорытып, пікір айту үшін көп ізденіп, талай бұралаң жолдардан өтеді, бұл жолда оның күмәндануы немесе қателесуі ықтимал, сөйтіп, ол талай сезім толқынына түседі. Демек, публицистің «лабораториясы» ғалым сияқты жабық бөлмеде емес, жұртпен қоян-қолтық араласу арқылы ашық жүргізіледі. Осы лабораториялық жұмысы үстінде публицист шындық құбылыстың қоғамдық-саяси мәнін байқайды. Публицист жазу әдістері мен тәсілдерін жетілдіре түсіп, өз шығармасы арқылы оқырмандарға идеялық ықпал жасаумен қатар олардың сезіміне де әсерін тигізеді. Оқырман эстетикалық тұшым аларлықтай, оның сана-сезіміне жақсы әсер қалдырарлықтай шығарманың тууы журналистке оңайға түспейді. Өйткені, журналист бүгінгі, дәл осы сағаттағы оқиғалар мен құбылыстарға жедел ілесуге міндетті, көпшілік жағдайда ұшқырлықпен, көрегендікпен алда болып, уақыттан озып отыруға да міндетті. Заман тынысы, бүгінгі оқырмандардың талабы одан осыны қажет етеді. Публицист өмір фактілері мен құбылыстарына, нақты көрсеткіштерге, мысалдарға, айтылған сөздерге сүйенеді. Мұның өзі іскерлікті, шапшаңдықты, ұшқырлықты талап етеді. Мұнда ой мен пікір анық та айқын, тұжырымды болуға тиіс. Публицист көбіне-көп белгілі фактіні хабарлауға, белгілі бір объектіде бола қалған құбылысты, оқиғаны лезде жазуға мәжбүр болады. Бұқаралық үгіт пен насихат құралдары – телевизия мен радиохабар және баспасөз өздерінің күнделікті жұмыстарында публицистиканың хабар және талдамалы жанрларын минут, сағат және күнбе-күн қолданып отыратындығын айтсақ, бұл жанрдың өзіне ғана тән ерекшеліктері айқындала түседі. Сондықтан, публицис­тика өмірдің күнделікті(тіпті сағат сайын) болып жатқан оқиғалары, құбылыстары арқылы үгіт және насихат жүргізіп, қоғамдық пікірдің қалыптасуына әсер етсе, көркем әдебиет әлеуметтік типтер мен образдарды мүсіндеп, қоғам мүшелерін көркемдік жағынан тәрбиелеу арқылы олардың ой-санасына, сезіміне, дүние танымына ықпал жасап отырады. Журналист еңбегінің осындай ерекше­ліктеріне тоқтала келіп, біз оны айқындай түсу үшін көркем шығарма жазудың әдістерімен сәл салыстырып көрелік. Журналист публицистикалық шығарма жазу үстінде хабар жанрларынан бастап, көркем публицистикалық жанрларға дейін өмірдің нақты фактілеріне сүйенеді. Публицистикалық шығармаларда ойдан қосу, ойдан шығару деген тек көркем публицистиканың жанрларында ғана, оның өзінде де тар көлемде келеді. Сондықтан да публицистикалық шығармалар нақтылы орынға, уақытқа, жағдайға байланысты жазылады және ондағы адамдардың аты-жөні нақтылы болып отырады. Публицистикалық шығармаларда фактілер, деректер сол қалпында пайдаланылса, көркем әдеби шығармаларда бұл жайлар шартты түрде пайдаланылады. Публицистикаға нақтылық тән болса, көркем әдебиетке шарттылық тән келеді. Көркем әдеби шығармалар (әңгіме, хикая, роман) міндетті түрде сюжетке құрылады, портреттер ойдан шығарылады. Типтендіру, образ жасау, публицистиканың көркем жанрларына ғана тән келеді. Оның өзінде де очерк пен фельетон авторлары өздерінің кейіпкерлерімен міндетті түрде кездесіп, олардың портреті, мінез-құлықтары туралы біраз мағлұмат алады. Сөйтіп, әдеби шығарма көркем шындыққа негізделіп жазылса, публицистік шығар­малар өмірдің нақтылы шындығына сүйе­ніліп жазылады. Баспасөз арқашанда идеялық-саяси күрестің алаңы екені мәлім. Жанрлардың мазмұны мен формасы да осы идеялық-саяси күрестерге байланысты өзгеріп, дамып отырған. Осы дамудың барысында, журналистиканың шағын жанры заметка, одан кейін барып публицистиканың талдамалы жанрларының бірі –корреспонденция пайда болғаны белгілі. Бірақ жанрлар өзара ешбір ұқсастығы жоқ қатып қалған нәрсе емес, олардың ұқсас жақтары жиі кездеседі. Бұл жағынан келгенде, ең алдымен, публицистиканың жалпы ұқсастықтарынан бастаған жөн. Өмір құбылыстары мен өмір шындығы туралы жазылатын барлық жанрларға идеялық-саяси позиция жалпы ортақ болып отырады. Барлық жанрлар да партияның әр кезеңде қойып отырған нақты міндеттерді орындау жолында, коммунизмнің идеялы жолында жұмыс істейді. Совет публицистикасының үлкенді-кішілі барлық жанрлары тек өмір шындығына, өмірдің нақтылы фактілеріне сүйенеді, әлеуметтік өмірдің көріністері мен құбылыстарын объективті баяндайды. Барлық жанрлар да коммунистік құрылыстың, коммунистік тәрбиенің мүддесі үшін қызмет етеді. Сөйтіп, пар­тия­лықты сақтау – барлық жанрларға қойылатын ортақ талап. Коммунистік идеялылық, саяси мақсаткерлік әрбір материалдың жарасымды желісі болуға тиіс. Әрбір жанрдың өз ерекшеліктері, өз сипаттары, өздерінің тұрақты белгілері бар. Жанрлар өздерінің жазайын деп отырған объектілерінің сипаттарына қарап ерекшелене түседі. Публицистиканың барлық жанрларының объектісі, негізі, желісі өмір фактілері, өмір құбылыстары болып отырғандығында сөз жоқ. Мысалы, заметканың негізінде белгілі бір объектіні зерттеудің, фактілер тобын талдаудың негізінде жазылады. Ал очеркке көбіне-көп адам, сол адамның асыл еңбегі желі болады. Жанрдың тағы басқа ерекшелігі оның алдына қойылып отырған мақсат пен міндетке байланысты. Жанрлар әдеби-стильдік құралдарды пайдалану, өмір шындығын көрсету әдістеріне қарай да өзара ерекшеленеді. Мысалы, корреспонденция нақты фактілерді талдау негізінде жазылса, очеркте образ жасалады, ал сатиралық жанрларда сықақ пен ажуа, кекесін мен келеке, өткір мәнерлі теңеулер шебер қолданылады. Публицистика жанрларының жалпы даму жолдарын, дамудың жалпы заңдылығын зерттеу, сонымен қатар жеке жанрлардың даму ерекшеліктері мен ішкі заңдылығын зерттеу – қазіргі кезең қойып отырған зор міндет. Зерттеулердің барлығы да публицистиканың жалпы даму заңдылығына негізделе жүргізілуі керек. Публицистикалық шығармаларды жүйеге, жанрларға бөлудің өзі функциялық және пәндік бірлікті салыстырмалы түрде дербес мүшелеуден барып шыққан. Егер, бұлай болмаса жеке жанрлар қалыптаспаған болар еді. Публицистика жанрларының барлығы да өздерінің түрі жағынан оқушы үшін тартымды болғаны абзал. Сұхбат, есеп, репортаж барған сайын проблемалық дәрежеге көтеріле түсуде. Өмірдің негізгі күрделі мәселелеріне назар аударуды көздейді. Публицистиканың негізгі жанрлары – мақала мен корреспонденция әлеуметтік жағдайларға тереңірек, жан-жақты үңіле түсіп, өмір құбылыстарын нақты зерттей отырып, салыстыру мен байыптау әдістерін шебер қолданады. Хабар жанрлары – заманымыздың елеу­лі істері мен сипатын көрсететін уа­қыт шежіресі: ол кеше мен бүгін не бол­ғаны, ертең не болатыны туралы баян­дай алады. Хабарлар біздің ілгері бас­қанымызды, экономикалық жағынан сапалы өзгерістерге қолымыз жеткенін білдіреді. Ал, мұндай жаңа құбылыстарды көрсететін оқиғалар күн сайын болып жатады. Мұны газеттеріміз жедел де тартымды жазып келеді. Хабар жанрларының функцияларына түсіне білудің өзі – совет баспасөзінде фак­тіні творчестволықпен меңгеру және шебер пайдалана білу. Советтік баспасөздегі хабар жанрлары газет материалдарының басқа жанрларымен жарасымды үйлесе отырып, коммунизм құрылысшыларын тәрбиелеу міндетін алға қояды. Сондықтан да хабар жанрлары газет ісінің жалпы жоспарының қомақты бөлшегі болуға тиіс. Хабар жанрлары оперативтілікпен, ұшқұрлықпен беріледі. Оперативтілік дегеніміз – елеулі фактіге газеттің іле-шала үн қосуы. Хабар материалдарының ұшқырлығы деп болған оқиғаның газет бетінде дер кезінде уақытылы орын алуын айтады». Біздің факультетімізде сабақ беріп жатқан Әбілфайыз Ыдырысов, Абдул-Хамит Мархабаев, Сағымбай Қозыбаев, Сағатбек Медеубек сынды мүйізі қарағайдай ұстаздарымыз сол кісінің көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алып, бірге қызметтес болған. Жазушы-журналист, профессор Әбіл­файыз Ыдырысов Тауман ағайды былай суреттейді: «Келбет-көркінің өзі – нұрлы күндей, отырысының өзі – дана абыздай, өзін-өзі ұстауы – ескі заманның серілеріндей, жүріс-тұрысының өзі паң салдардай, сөйлеуінің өзі – тоқ етерін айтатын билер үкіміндей», – дейді. Сонымен бірге фантаст жазушы, ға­лым, филология ғылымдарының докторы, профессор Абдул-Хамит Мархабаев ағайы­мыз: «Қазақтың маңдайына Алланың рақы­мы түскені шығар, жазылған нағыз тұл­ға, зиялылардың бірі – жа­рықтық тап осы Салықбайдың ұлы Тауман. Қысқа балдағын жерге сәл-пәл тіреп, жартылай күлімсіреп, анадайдан көрінгенде-ақ, студенттер қауымы да, оқытушылар қауымы да бір сілкініп қа­латын, Амандосов арқылы көбісі бой­ларын түзейтін. Қайда жүргендерін, қандай жерден білім алып жатқанын бір­ден сезіне қояды десе де болатын. Тәлімгердің мән-мағынасы да сол ма екен?.. Мен үшін, бір қызығы – Тау­кең декан болу үшін жаралған секіл­ді. Про­фессор Амандосов «квадрат дәре­же­сіндегі декан» дегім келеді. Өйт­кені, әлем­нің бар сыр-құпиясын, рухани қуа­ныш-күйзелісін бір бойына жинауы тиіс журналисті тәрбиелеп, баулып шығару шаруасының Бас бұйдасын ұстай білген – сол! ... », – дейді. Ал, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сағатбек Медеубек «аузы дуалы абыз адам» дейді. Міне, осыдан-ақ Тауман ағайдың қандай екенін елестете беріңіз. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». Сондықтан құнды еңбек­терімен сусындап отырған ұлт ұрпақтары біз де Тауман ағайдың шәкіртіміз деп білемін. Бұдан жиырма жыл бұрын жет­піске келген жасында Тауман Амандосов өмір жолын аяқтаған. Бүгінде арамызда болса, бізді өзінің 90 жылдық мерейтойымен қуантар еді. Өмірде жоқ болса да, артында қалған асыл мұрасы – ғылыми еңбектері мен ұстаздық дәстүрі қалды. 90 жылдық мерейтойына орай, Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде түрлі апталықтар, еске алу кештері өтті. Сонымен бірге, «профессор Т.С.Амандосов аудиториясы» ашылған. Аудиториядан тау тұлғаның жазған құн­ды еңбектері мен өшпес мұраларын таба аласыз. Бірақ Амандосовтың аудиториясы ауқымды бөлмемен шектелмейді. Себебі, Тауман ағайдан тәлім алған шә­кірттері еліміздің түкпір-түкпірінде жүр. Олардың барлығы да елге танымал, қаламы қарымды, ойы ұшқыр, дарынды журналистер. Міне, сол кісілер халқына қалтқысыз қызмет етіп, қалың шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық жолын бізге үлгі етіп отыр. Осындай шәкірттері тұрғанда Тауман Амандосовтың аты өшпек емес. Одан сайын асқақтап, аспандап тұрары анық. Сағымбай Қозыбаев, профессор, Жадыра Оразалиева, ҚазҰУ журналистика факультетінің ІІ курс магистранты

680 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз