ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДЫ ҰЛЫҚТАСАҚ ҰТЫЛМАЙМЫЗ

  • 28.12.2019
  • 473 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серік ЕРҒАЛИ, 
мәдениеттанушы, этнолог

«Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында көкпар ойыны мен спортының аражігін ашу және көкпарды спорт ретінде дамытудың кешенді мәселелерін қарастыра отырып, оны жетілдірудің барлық мүмкіндіктерін жасау.
Көкпар – Сібірден Үнді мұхитына дейін, Каспиден Шығыс Түркістанға дейінгі апайтөс аралықта атты мәдениеттің асыл мұрасы болып табылады. Бұған дейінгі қалыптасқан көкпар ойынының командалық форматына спорттық мазмұн беру үшін одан әрі дамытуға мәжбүрміз. Бұл жолда көкпардың реквизиттері мен жарақтарын жетілдіріп, алаң келбетін, ойын құрылымын одан әрі дамыта түсу қажеттігі өзінен өзі туындауда. Ұлттық спорттың ғылыми түрде тереңдей зерттелуі әлі де ойдағыдай емес. Соның кесірінен ұлттық ойынды спортқа айналдыру үдерісі кенжелеп қалды, әрі түрлі қайшылықтарға ұрынып отыр. Бүгінгі көкпар ойыны бұрынғы этноойындық сипаттан арыла бастады, әлемдік деңгейге тарату жолында мақсат қойылып, соған сәйкес әрекет басталды. Көкпарды дамытудың мұндай стратегиялық форматқа көшуі алға біршама мәселелерді шешуді міндеттеуде.
Көкпарды жетілдіруді қарастыру бары-сында қазіргі қордаланған мәселелерді ашу – басты шешімдердің бірі. Әсіресе, көкпарды біржақты этнологиялық құндылық ретінде қарау мен оны бұдан әрі ұлттық спорт ретінде дамытудың арасында қалыптасқан біршама қайшылық барын байқауымыз керек. Сонымен бірге, көкпар ойынының басты субъектілері есебінде қазақ және қырғыз тараптарының бітіспейтіндей қарсылық сипаты бары да осында – көкпарды ойын және спорт ретінде қарастырудың аражігі ашылмағандығынан да осындай ахуал бар екендігін жасыруға болмайды.
Аталмыш құжат көкпардың маңында қордаланған мәселелердің шешімін табуға боларлық ұсынымдар мен бастамаларды дәйектеу мен деректеу болып табылады.

ОЙЫННЫҢ ҚАЛЫПТАСУ НЕГІЗІ

Көкпар ойынының қалыптасуы турасында дерек жоқтың қасы. Жазбалар жағы мүлдем сараң. Алайда, бұл ойын түрін зерделеушілер оның қалыптасуын бірнеше мың жылдықтарға апарып тірейді. Жалпы, бұл атты ойынның қалыптасуын жылқысыз елестету мүмкін емес. Егер де, адамзат тарихының жылқыны қолға үйрету үлгісін Евразия даласына қарасты Ботай елді мекеніндегі 6 мыңжылдық атты мәдениеттің ашылуымен қарастырсақ, ендеше, бұл ойынды да сонша мерзіммен өлшеуге қақымыз бар. Өйткені, көкпардың қалыптасуына қажетті ең бірінші жарақ, ол – ат. Жылқыны қолға үйретуден бастап, оны көлік ету мен азық етуден басқа, түрлі сала бойынша оны техникалық жарақ ету мүмкіндігі өмірде орын ала бастағанын ескерсек, көкпар ойынының туындауына да Аттылы мәдениеттің ойып орын алатын маңызы жеткілікті. Көкпардың таралу кеңісін алсақ, Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын. Атап айтқанда, қазақ, қырғыз, тәжік, өзбек, пуштун халықтарына таралған. Осыған ұқсас атты ойын кейбір Азия елдерінде, сондай-ақ,Аргентина халқының да Көкпарға ұқсас ат ойыны болған.Алайда, көкпардың қалыптасу дәуірін тап басып айту қиын, оны әлі күнге ғылыми түрде зерделеу кемшін. Десек те, көкпардың қалыптасуына байланысты аталған тарихи айғақтарға тоқтала отырып, талдап шыққан абзал.
Көкпар ойыны сонау зороастризм дәуірінен бар екенін алға тартатындар көп. Бірнеше мың жыл бұрын шыққан ойын болса, оның бұл күнге дейін бірнеше сатыдан өтіп және түрлі сипатта ойналуы ғажап емес. Бұлай деуімізге аталмыш ойынға қатысты түрлі интерпретацияның болуымен қатар, алуан айғақтардың бір бірімен қабыса бермеуі дәлел.
Көкпардың туындауына бір айғақты аңшылық кезден тартуға қисын бар. Сөйтіп, оның алғашқы формасы ат мінген аңшылардың ойынынан басталды деуге болады. Бұл турасында өткен ғасырдың 80-жылдары советтік этнограф Г. Н. Симаков[12]: «Қырғыздың оңтүстіктегі де, солтүстіктегі де қарттары бізге қырғыздар арасында қасқыр аулаудың кең таралғанын айта келіп, қалың қарда омбылаған қасқырды қуалаған аңшылар, қуып жетіп, шоқпармен басқа ұрып, соғып алатынын бірнеше рет әңгімеледі. Бұл ежелгі аң аулау тәсілі онымен бірге қасқыр соққан аңшының алдына өңгерген аңына басқалары таласып, одан тартып алуға ұмтылысатын болған. Осылайша, әзілдесе, таласа-тармаса отырып, айылға жеткенше «көк бөрі» ойнасатын болған. Бірақ айылға жеткенде қасқырды соққан жігіт алады екен».
Аталмыш көрініске қарап, аттылы аңшылар қалай болғанда да соққан аңды ермек қылып, таласу дәстүрі болғандығын аңғартады. Голливудта 1971 жылы экрандалған, француз жазушысы Жозеф Кессельдің «Аттылар» романында көкпардың кең таралған нұсқасын жазады: «Бұл ойынды Шыңғысханның сарбаздары олардың аттарының тұяғы жеткен жерге жайды. Содан бері жеті ғасыр өтсе де, біздің жазығымызда ежелгі дәуірдегідей әлі де сақталып келеді». Демек, көкпар ойыны Шыңғысхан дәуірінен бар екеніне куәлік бар деген сөз. Жазушы, этнограф А.Қалиұлы айтып өтеді: «Көкпар тарту – әскери жаттығулардың бір түрі. Түрік қағанатындағы «Дербес бөрі жасақ» дегеніміз осындай жаттығудан өтіп сайланған батырлар тобы еді», – деп тұжырымдайды. Ендеше, бұл ойын соғыс жағдайында сарбаздарды шыңдайтын жаттығу түрінде де болғандығы және ол түркі қағанаты заманына қарасты 6-7 ғасырларға да лайық ойын түрі болғандығын бағамдай аламыз.
Белгілі қазақ ғалымы, академик Ә.Х. Марғұлан өзінің «Мир казаха» кітабында: «Сырдарияның төменгі сағасы мен Арал маңын мекендеген сақ тайпалары жылсайын бөріні кие тұту құрметіне арнап, қасқыр терісін жамылып, бетперде тағынып, атты сайыстар өткізетін болған. Бұл дәстүр түркі-моңғол тайпаларында әлі күнге дейін сақталды. Қазақ, түрікпен, қырғыз елдерінде бұл ойын «көкбор»(как бар) – сұры қасқыр деген атаумен сақталған. «Көкпар» атты ойынның қазақ халқындағы бір нұсқасы «Қыз бөрі» – қасқыр терісі мен бөрілі бетперде тағынатын дәстүрлі сақ ойынының бір түрі болып табылады» деп В.В.Радлов пен С.В.Киселевтардың еңбектеріне сілтеме жасайды. Соған қарағанда, сақтарда қасқырды көкпар тарту емес, керісінше бөрі кейпіне енген ойыншылар серкені тартқан сықылды. Ендеше, сақтар дәуірінде көкпар ойыны бөрі киесін паш етудің бір жоралғысы болған. Ал, С.В. Киселевтың жазған «қыз бөрі» ойыны бүгінгі «қыз қуу» ойынының этнографиялық бір сипаты екендігінде сөз жоқ.

СӨЗДІҢ ЭТИМОЛОГИЯЛЫҚ НҰСҚАЛАРЫ

Енді, лингвистикалық айғақтарға келейік. Ойынның «көкпар» атауы оның қалыптасуы мен тарихына дендеп бойлауға мүмкіндік беретін айғақтардың бірі.
Көкпар ойыны атаулары негізін үш топқа жіктеп қарастыруға болады:
Этнографиялық құндылыққа жататын атау нұсқалары: «ұлақ тартыш» немесе бұзауға тартуға қатысты «торпок тартыш», ұлоқ/uloq – өзбекте, бузкаши – ауған мен тәжікте;
Мифологиялық құндылыққа негізделген атау нұсқалары: кёк бёру, көк-бөрү, кюк бюре  – қырғызда, кöк-бöрӱ – алтайда, күк бүре – башқұртта;
Аса ежелгі мифтік құндылыққа негізделген атау нұсқалары: көкпар – қазақта, кок-бору – қырғызда, көпкари/koʻpkari  – өзбекте, купкори/кӯпкорӣ – тәжікте.
1) Қарапайым атауларға жатқызылған «ұлақ тартыш», «торпоқ тартыш», «ұлоқ» сөздерінің барлығы көкпар ойынының жарағы болып табылатын, серкені лақтың, не бұзаудың атауына байланысты таралған халықтық атау ғана, бұған буз – ешкі, кашидан – тарту ұғымдарынан шыққан тәжікше «бузкаши» сөзі де жатады. Бұл атаулар халықтық атау бола тұра, этнографиялық құндылықтар бола алады, бірақ, осы қарапайым сөз арқылы бұл атаулардың қарабайыр жағдайда қалыптасқандығын да аңғаруға болады, өйткені, бұл сөздер мазмұнды емес, ойынның сыртқы формасын ғана анықтап тұр. Соған қарап, бұл атаулар бертінде ғана қалыптасқаны байқалады. Ал, ауған, тәжік халықтарындағы «бузкаши» сөзі түркі атауларының калькасы екені анық.
Алайда, түркінің ғұламасы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегінде көкпар ойынының басқаша атауы «лақ шап» – «чап ұлақ» түрінде кездеседі.
2) Мифологиялық құндылықтарға жатқызылып отырған кёк бёру, көк-бөрү, кюк бюре, кöк-бöрӱ, күк бүре – бұлардың барлығы да жоғарыда аталғандай, ежелгі дәуірдегі бөрінің киелік бейнесін паш ету көрінісін хабарлайтын сөздер екені анық және солардың әр тілдегі вариациялары ғана. Алайда, бұлардың көпшілігі халық арасында ұмыт қалып барып, ұлттық жадтың жаңғыруымен бертін келе қалпына келтірілгендей әсер бар. Себебі, әзірге, этнография саласында дәл осылайша атаулар тіркелгендігін келтіре алмай отырмыз. Мысалы, қырғыз халқы көкпар ойынын халық арасында кең тараған «ұлақ тартыш» түрінде атағаны мәлім, бұған куә ретінде әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов өзінің «Қош бол, Гүлсары!» хикаятында осы атаудың орысша калькасымен «козлодрание» атайды. Және де мифологиялық құндылықтарға негізделген бұл атаулар әзірге фольклорлық туындыларда кезіге қоймады. Соған қарағанда, халық арасында ұмыт қалып барып, ұлттық жадтың жаңғыруымен бертін келе қалпына келтірілгеніне бұл да бір дәлел.
3) Аса ежелгі мифтік кезеңді қозғайтын атауларға келсек, бұларға қатысты жайттар барынша бұлыңғыр, бірақ, лингвистикалық жағынан қазбалау арқылы біраз жайға қанығуға әбден болады. Бұл жерде негізінен атаулардың ішінде көкпар, кок-бору вариацияларын ғана қарастырған мақұл, себебі көпкари/koʻpkari, купкори/кӯпкорӣ сөздері «көкпар» атауынан лингвистикалық Метате́за (ежелгі грекше – μετάθεσις, аудару) құбылысы арқылы қатар тұрған дыбыстардың өзара орын ауыстыруынан өзгеріске түскені көрініп тұр.
«Көкпар» атауын көптеген зерделеушілер этимологиялық жағынан мифологиясы қанық болғандықтан, белден басып, «көк бөрі» сөзінен шыққан деуге әуес болып жүр және оның лингвистикалық құбылысын ашпаған күйі қалдырады. Шын мәнінде көк бөрі – көкбөр – көкбор – көкпар түріндегі тізбекке айналатындай, үндесім заңына бағынғыш түркі тілі «көк бөрі»-ден «көкпар» сөзін тудыруы екіталай, мүмкін емес. Ал, керісінше «көкпар»-дың көкпөр – көкбөр түрінде өзгеріске ұшырау мүмкіндігі мол. Бірақ, «көк бөрі» атауының «көкпардан» туындағанына лингвистикалық жағынан сенімді болғанымызбен, тарихи жағынан сенім жоқ. Ендеше, бұлар бір бірінен туындаған атаулар емес, екеуі екі бөлек түрде туындауы ықтимал. Мәселен, сақ заманында бөріше киінген қатысушылардың ешкіні көкпарға тартқанымен, оның «көк бөрі» атауы бөріні пір тұтқан көк түркілер дәуірінде шығуы мүмкін. Бұл ойыншыларды мифтік көк бөріге теңеп, оның жемтігі ешкіні тартып, таласып ойнауды дәріптеген ежелгі танымның табы бар. Бұған Ә.Марғұлан келтірген В.В.Радлов жазбаларының куәгерлігі мол. Алайда, лингвистикалық қисыннан алғанда, «көкпар» сөзі кейбір жұмсартқыш, жіңішкерткіш ортада «көкпөрге» айналуы да ғажап емес, оған қоса, бөрі мифологиясының ықпалымен «көк бөрі» атауы кейін туындаған деген жорамалымыз бар.Қазақ тілінде көкбар да, көкпар да болған, бертін келе, соңғысы қалыптасып сіңді.Айтпақшы, қазақ тілінде атаудың бұлайша жасалу жолынан басқа нұсқасы жоқ. Демек, қазақша «көкпар» атауы барынша ежелгі және мазмұны мен формасы жағынан аса өзгеріске түспеген.
Қырғызша «кок бору» атауы да «көкпар» сөзінің бір нұсқасы, «О»-лаушы және «А»-лаушы тілдер үшін оның екі нұсқасы болуы керек: көкпар – көкпор, осыдан келіп көкбар / көкбор нұсқалары туындайды. Осы «көкбор» нұсқасынан өткен ғасырдың соңғы жылдарында этносананың қайта түлеуіне орай, халықтық «көкбөрі/көкбору» нұсқасы шығып кетті деген күдігіміз басым. Өйткені, оның арғы кезеңінде ойынның бұл атауы тарихта да, жазындыларда да мүлдем кездеспейді. Сондай-ақ, өзбекше-тәжікше күпкөри / көпкари нұсқалары «көкпар» сөзінің көкпөр / көкпар түріндегі нұсқаларының метатезаға ұшырауынан туындағандығы аңғарылып тұр. Сонымен, «көкпар» нұсқасы көк бөрі/көк бөрте атауларынан да ертеректе қалыптасқан.
Кейбір этнографтардың нұсқасы бойынша, «көкпар»  – «көк бөрте» (лақ) сөзінен шыққан. Олай болса, ол сол күйінде «көкбөрте» болып неге өзгермей қалмады? Үндестік жағынан қарағанда, «көкпар» сөзіне оның өзгеруінен гөрі, «көкбөрте» немесе «көкбөрі» күйінде өзгермей қалу мүмкіндігі зор еді… Мәселе «көкпар» сөзінің бөріге де, бөртеге де қатысының жоқтығында! Сонымен, мәселе «пар» сөзінде болып тұр…
«Пар» сөзі жалпыадамзаттық аса ежелгі сөздердің бірі және ол көп тілдерге жайылғанымен, негізгі семантикасын жоймаған. Пар – бөлік, бөлшек.
Көз жеткізу үшін бұл сөзге қатысты біршама сөздерге тоқталсақ:
пар – екі бөліктен тұратын жұп;
пар – бір біріне тең, сай;
пара – түрікше ақша, «кесек», «бөлік» деген мағынада;
пара – бiр нәрсенiң бөлшегi, бөлiгi, саласы,үлесі, «Бұл жұрттың сөз тыңдамас бiр парасы» (Абай);
пара (иранша, көне зат есім) – бір нәрсенің бөлшегі, бөлігі, тармағы
пара-пара – быт-шыт, күл-талқан, дал-дал: бірнеше бөлшекке бөліну,
пар+тия – тауардың, не әлеуметтік топтың бір бөлігі; жан-жаққа бөлінген топ, одақ, жік; заттардың, тауарлардың белгілі бір көлемі.; жеке дауыспен немесе жеке музыкалық аспапта орындау үшін жазылған шығарма;
пара алды – өз мүддесі үшін жасырын түрде алынатын үлкен пұлдың/қызметтің бөлігі;
пара болды – бөлшек-бөлшек болып сынды, быт-шыты шығып күйреді.
Жоғарыдағы келтіріндіден байқағанымыз «пар» сөзінің әлдебір нәрсенің бөлшегі, жапырағы, жыртысы екендігі. Және де бұл сөз әртекті тілге енуіне қарағанда, оның аса ежелгілігін айқындайды. Ендеше, оның қосылуынан жасалған «көкпар» сөзінің де ежелгі сөз екенін ескеруге тура келеді, мұндағы «пар» буыны бұл жерде «үлес», «сыбаға» мағынасында тұр. Дәлірек үңілсек, «көк+пар» тіркесі: «Көктің үлесі», «Көктің жыртысы» деген мағынада. Демек, көкпар тарту – ежелгі мазмұны бойынша, Көктің үлесіне, несібесіне таласу болып табылады. Демек, бұл тәңірлік таным жайлаған ежелгі дәуірдегі танымның бір жоралғысы екендігі өзінен өзі шығады.
Қырғыз тарихшысы Дүйшен Керимов «Я спрашивал у ученых Казахстана, почему игру кок-бору (кок – голубой цвет, бору – волк, тотемное животное, символ) они назвали кокпар. Понятно, что значит кок, а что за слово пар? Они сами не смогли ответить на этот вопрос» дегені ақтарлық жағдай, өйткені, бірнеше мыңжылдық құндылықты бірден аңғару кімге болса да оңай болмас еді. Ал анықтығы айдай болып тұрған «көк бөрі» салыстырмалы түрде «кешегі» қалыптасқан атау еді. «Көк бөрі» мен «көк бору» атауларын бір-бірімен беттестіруге болмайды, екеуі екі дәуірдің атаулары.
Қорыта келе, «көкпар» атауы ойынның бастапқы мазмұнын сақтаған ежелгі нұсқасы болса, «көк бөрі» атауы бертін келе, бөрінің айбынды бейнесін паш етуге бағытталған туынды нұсқасы деп есептейміз.

ОЙЫННЫҢ ТУЫНДАУ БАРЫСЫ

Көкпар ойынының туындау мәселесін шешу үшін, «зороастризм заманынан бар аттылы ойын» деген уәж бен жылқыны қолға үйретудің 6 мың жылдық тарихын және де аттылы аңшылық мәдениеттің де ежелгі жасын ескере келіп, мынадай талдауға мән бергіміз келеді.
Бүгінгі көкпардың шығуы мен оның сипатына қарабайыр, тайыз таныммен қарау қалыптасқан. Көкпар ойыны аттыларға тән болғандықтан, атты өркениеттің бірнеше мыңжылдық тарихымен сабақтас қарап, оның философиялық танымын жоймай, одан әрі нақыштай түсу арқылы ойынға деген терең көзқарас орнықтыру қажет. Осы орайда көкпар ойынының түпкі түрткісі ежелгі аттылардың Көкке мойынсұну, Күнге басты өмір көзі ретінде қарауға негізделген тәңірлік дүниетанымнан бастау алатын тұжырымнан қымсынудың керегі жоқ. «Көк+пар» сөзі Көктің бөлшегі, парағы түрінде сіңген бүгінгі Несібе, Ырзық ұғымына ие болу, таласу танымынан бастау алу жорамалын алға тартқымыз келеді. Әрине, ол әрбір дәуірде түрлі сипат алып, ақыры «көкбөрі», «көкбөрте» сықылды атауларға да көшкен болар.
Негмати, «Праздник Навруз»: «Самыми увлекательными любимыми развлечениями публики повсюду в Средней Азии являлись популярные состязания-козлодрание («бузкаши») и борьба – «гуштингри», которые демонстрировали силу, ловкость и сообразительность участников и всегда привлекали внимание зрителей…». Сайып келгенде, Күн мерекесі саналатын ежелгі Наурыз мейрамының басты тартысының бірі «көкпар» аталуы тегін емес және оны о баста командалық сипат емес, әркім өз ауылына, өз ошағына тартудың көрінісі де, әр жанның Көк ырзығына таласу секілді мәнінде жатыр. Бұнымен көкпардың тарихын бірнеше мыңжылдықты және этнологиялық жағынан аса күрделі қырлары барын байқату, бұл ойынды бір немесе бірнеше ғана этностың, халықтың емес, жалпы еуразиялық Ұлы далада қалыптасқан Аттылар мәдениетінің көрінісі ретінде мойындаған абзал.
Көкпар жарағына татитын бірден-бір нәрсе – мүйізді малдың мүрдесі, ол не ешкі, не сиыр, яғни, торпақ екендігіне жіті назар аудару керек. Мүйізді малды құрбандыққа шалу – Айды Күннің жолында құрбан ете отырып, оның сәйкес кеңісі Түнекті Күнекке жеңгізу жоралғысынан көрінеді. Ал құрбандық жаны Көкке жөнелгендіктен, оның тәні Жердегі Көктің бір бөлік-нышаны болып табылады. Және де «құрбандық жыртысқа» кім қол жеткізсе, Ордаға (ауылға, көмбеге, бүгінде – қазанға) жеткізу Күннің көзі – Тәңірден (жаратушы құдыреттен, бүгінде – Алладан) бата алатындай басты мұратқа жетеді-міс…
Жалпы, құрбандық ежелгі Ай мен Күннің тайталас құдыретіне алаңдау кезіндегі наным актысы деген болжамды алға тартқымыз келеді. Мәселен, ай мүйізді ақсеркені болмаса, боз қасқа малды құрбандыққа шалу – Күнге табынушылардың «Айды құрбан ету» актысының көрінісі деуге болады. Өйткені, ежелгі халықтар мүйізді малды – ешкі мен сиырды Айдың нышаны ретінде қабылдағандығы турасында тезистер қалыптасып отыр. Осыдан келіп, сиырға, бұзауға табыну қалыптасты. Мүйіз – айдың нышаны, таңбасы. Сөйтіп, Айды Күнге жығып берудің бір ісі – соның сәйкес нышаны болар малды құрбан ету болған. «Бозқасқа» мәселесіне келсек, боз – күн сәулесінің оңып, батуға айналған, іңірге қараған уақытын меңзейтін түс, яғни, уақыттың Түнге қараған шағы. Ал, Түннің қасқасы (қасы, қабағы) – Ай екені мәлім. Сөйтіп, маңдайы қасқа, түсі боз малды құрбандыққа шалу Айды Күнге жеңдіру ретінде дәстүрге енген.
Әрине, мүйізді малды құрбан ету бәлкім сиырға табыну дәуірінен, оны Түннің жарығы Аймен шендестіру заманында қалыптасуы ықтимал. Алайда, бұл құрбандықтың жауығу актысы болды деп кесіп айтуға да желеу емес. Керісінше оған Жаратқанның жағымды жаратындысы ретінде құрбан ету жоралғысынан шықты деуге де болады. Қалай болғанда да, көкпарға мүйізді малды құрбан етіп, тарту дәстүрі этнографиялық құндылықтарда сақталған. Алайда, бертін келе көкпар серкесінің мәні өзгерген. Яғни оған жағымсыз сипат беру орныққан. Оны «Алпамыс батыр» жырындағы [20]Ұлтан құлдың көкпарға дұшпаны Алпамыстың ұлы «Жәдігерді тартыңдар!» дегенінен көруге болады. Сайып келгенде, көкпарға сойылатын мал о баста Күнге табынушылардың құрбандығы болып шығады. Бір назар аударарлығы сол – көкпарға ісек, не қошқар (қой) емес, міндетті түрде мүйізді серке (бәлкім, теке) шалынады. Тіпті, қырғыз нұсқасында торпақ та жүр. Ал, «Алпамыс батыр жырында» Қарлығашты алу тойында көкпарға Ұлтан құлдың құнанды арнайтыны бар. Бұл құнан жылқы болуы мүмкін емес, құнан өгіз болуы керек. Бұл айтқандарымызға тағы бір айғақты Алматы қаласының солтұс-батысындағы 130 шақырымда орналасқан Аңырақай жотасындағы Таңбалытастағы Тәңір мен Іңір киелерінің сәйкес түрде Күн мен Түннің бейнелері екендігі және де құрбан ретінде күндидарлы Тәңірге қосмүйізді ірі қараның қарап тұрғандығын келтіруге болады.
Әрине, көкпарға тарту құрмет емес, оны қорлау, кек алу актысы екендігін «пар» сөзіне қатысты мына түсіндірмелер дәлелдейді:
парша – жіктелгіш, бөлінгіш мата; бір кесек, бір бөлек;
паршалау – 1. Быт-шыт қылу, кескілеу, тілгілеу.2.Сойған малдың етін боршалау, мүшелеп бұзу, осу, бөлу, үлестеу;
барша – бөлек-бөлек, бөлшек-бөлшек, парша-парша
борша-борша – дал-дал, пәре-пәре, быт-шыт
борша-борша болған бет – изодранное лицо
етті борша-борша етіп тіліп, тұздады – разделали мясо и посолили –
киім борша-борша болып жыртылған – одежда сильно разорвана,
синоним: алба-далба, алба-жұлба, дал-дал, дал-дұл, далба-дұлба, жалба-жұлба, жұлма-жұлма, жұлым-жұлым, жыртық-жыртық, жырым-жырым,  өрім-өрім, пара-пара, парша-парша, пәре-пәре, тоз-тоз, түте-түте, тілім-тілім, ұлма-жұлма, шоқпыт-шоқпыт
боршала – 1.Тұтас малдың, аңның етін мүшелеп бұз, жаймала;2. Быт-шыт қылу, мыж-мыжын шығару, кескілеу
Ал «көкпар» сөзінің өзі әбден сіңісті болғаны сондай, аллегориялық бейнелі мазмұнға ие болған лексема:
Көкпар болды – Әркімнің жұлқуында болды;
Көкпарға түспеген – Күш сынаспаған, айтыс-тартысқа түспеген;
Көкпар қылды – Әбден азаптады, қинады.
Бұл мағынаны башқұртша түсіндірмеде ойынның серке әбден парша-парша болып жыртылғанша тартатындығы нақтылай түседі. Көкпарға тартылатын нәрсенің қорлану жағдайы «Алпамыс батыр» жырындағы Ұлтан құлдың дұшпаны – Алпамыстың ұлы Жәдігерді тартқызуы да тағы бір дәлел.
Ендеше, көкпар этноойынының туындауын қарабайыр түрде сөздердің туындау мүмкіндігімен қарастыру мүлдем жеткіліксіз. Өйткені, бүгінде ойынға, ал, ертең спортқа айналғалы тұрған бұл рухани құндылық өзінің этнологиялық үдерістен өткен ежелгі танымдық жоралғының бір парасы деп бағалаған абзал.
Бұл жағдайдың бүгінгі заманға дейін де келгендігін көрсететін кейбір айғақтар бар. Ауызекі әңгімеден, Алтынемел-Игілік өңірінде тап күресі қызған кезде, есірген кедей жігіттер 12-13 жастағы Төренің қызын байдың қызы деп көкпар ғып тартпақ болғанда, бір ауыл әйелі қызды бас салып жатып алып, «көкпарға өрімдей жас қызды тартқанша, мына мені тартыңдар» деп арашалап қалған екен.

ОЙЫН МЕН СПОРТ ҚАЙШЫЛЫҚТАРЫ

Спорт деген не? Спорт ғылыми зерттеуге және адамның денелік, не зерделік дамуына негізделген жүйелі жаттығумен шыңдалатын, арнайы ұйымдастырылған, айырықша сайманмен жарақталған, нақты ережелермен бекітілген физикалық әрекет. Ойын – дәстүрге негізделген және ритуалдық маңызы бар, жоралғылық, рәсімдік сипаты мол этнологиялық құндылық. Көкпар ойыннан спортқа айналуы үшін ол барынша зерттелуі арқылы жетілдірілуі керек, ал, біз оны көзқарастар мен пікір-пайым арқылы, ықпалды да дуалы ауыздан шыққан сөзбен «дамытуға» әуеспіз. Содан да спортқа тән снарядтың орнына серкенің тұлыбынан әрі аса алмай қалдық. Онымыз күлкілі, әрі дөрекі көрінеді, басқа жұрт үрке қарайды. Жалпыадамзатты қызықтырмайды, өзіміз сүйсінген боламыз, бірақ күңкіл көп. Басқа жұрттың қақпасын тарс бекітіп алатыны содан. Көкпардың спорт ретінде даму тұжырымы әлі жоқ, оның ойын сипатындағы миссиясы мен спорт нұсқасындағы болмысын ажырата алмай дағдарудамыз. Ойын спорт болған күннен бастап, этностық болмысынан ажырайтынымен келіскіміз жоқ, сөйте тұра, көкпарды батыс елдері қабылдамайды деп тоңтеріс боламыз.
Айтқымыз келіп отырғаны, өзімізді күстәнәләу емес, адамзат кешегі аттылы мәдениет иесі болып табылатын қазақтан енді шынайы нәрселерді күте бастағанын аңдауымыз, әрі өзгерген дүниемен бірге өзгере білудің тетігін меңгеруіміз керектігі. Егер де, ұлттық ойындарды спортқа айналдырғымыз келсе, онда оған ғылымды алға салып кіріскен мақұл. Жалпы, бүгінгі спорт – технология мен техниканың физикалық, биологиялық, педагогикалық салаларға сыналап ену нәтижесі. Спорт дегеніміз осы қыруар саланы қамтитын құбылыс. Бұл критериді ескермесек, кембағалдықтан арылмаймыз. Алайда, бұл пікір бұдан да бұрын айтылып келеді, тіпті, арнайы академия керек деген пікір де болған, бірақ, ол болған күйінде қалды.
Көкпарды ойын ретінде кез келген ауылда ойнай беруге болады, оған мінетін ат пен бауыздалған серке болмаса, тұлып болса жеткілікті. Ал, оған спорт ретінде қарауға болмайды. Бірақ, ол спорт емес, оған спортқа сәйкес бапталған ат пен көкпаршыдан бастап, киім мен әбзелдерге дейінгі ұсақ-түйектің бәрі ойластырыла қамтылады. Спорт-көкпардың серкесі бауыздалған ешкі болуымен немесе дәстүрмен шырмалуы міндет емес. Оның дәстүрге қаныққан, бірақ, спортқа икемді ережесі мен снаряд-жабдығы және барлық өлшемдер мен талаптарды қанағаттандыратын алаңы болуы шарт.
Көкпарды дамыту турасындағы барлық айтыс-тартыс пен көзқарастардың қайшылығы оны спорт пен ойын сипатынан ажырата алмаудан туындап отыр. Мәселен, көкпардың қырғыз жанашыры Саветбек Абрасулов өзінің «Сакральный смысл игры» мақаласында «…по обычаю ей (победившей команде) полагался ценный подарок за оказанную честь в виде скота, дорогой одежды или денег. В свою очередь, обладатели туши козла, тут же отмыв тушу, клали в котел и начинали готовить угощение. Далее по обычаю они приглашали на трапезу родственников, соплеменников и просто прохожих и угощали их мясом козла. Считалось добрым знаком, если кусочки мяса доставались большему количеству людей. Здесь нельзя не заметить сакральный смыл игры «Көк-бөрү», заключающийся в том, что одному из уважаемых членов рода дается возможность, выпадает великая честь приобщить членов рода к ритуальному мясу козла и тем самым способствовать укреплению взаимных уз людей и сделать свой вклад в усиление единства рода, народа» – деп жазады. Бұл жоралғының бәрі, әрине, көкпардың ұлттық ойын ретіндегі құндылық мазмұнына тиесілі жайттар. Бірақ, оның көкпар-спортқа ешбір қатысы, жоқ әрі болмауға тиісті.
Жоғарыда келтірілген қайшылық көкпар қауымын екіге жарғанын да атап айту керек. 2017 жылы Түркі халықтарының спорт-ойындарының Қауымдастығы құрылды. Бұл қауымдастық көкпар ережесін барынша спорттық сипат беруге тырысып, өзгертті. Аталмыш ереже Халықаралық Көкбору федерациясы қабылдаған қырғыз режиссері Болат Шамшиевтің ережесінен бөлекше еді. Бұл өзгеріс қырғыз тарапынан қолдау таппай, көкпаршылар қауымы қайшылыққа ұрынды. Қазақ жағының көкпарды спортқа икемдеу ниеті дұрыс болғанымен, оған жету тактикасы дұрыс болмады. Бірден ұсынылған ереже мен ойынның басты фишкасы серкенің тұлыпқа ауыстырылуы бұл қайшылықты қоздыра түсті. Ақырында көкпардың екі түрі пайда болды. Енді 2020 жылы Түркияда өтетін көкпар ойыны халықаралық көк-бору ережесімен өтпек. Бұл ереже жоғарыда аталып өткендей, спорттық емес, ойындық сипатта болмақ.
Әрине, жалпытүркілік құндылық ретінде бұл екі сипатта да көкпарды дамыта берген жөн. Алайда, олардың аражігі мен сипатын барынша ажыратып, бірін ойын, екіншісін спорт есебінде паш еткен мақұл.
2019 жылы аталмыш көкпар тартысы жаңа деңгейде ушығып, Ташкентте өткен халықаралық көкпар жарысынан қырғыз тарабы көкпарға тән тайқазан мен серкенің жоқтығын негізге алып, бас тартты.
Қысқасы, көкпардан ойын ретінде айырылғымыз келмесе – оны серкеден ажыратпау керек, ал, спорт еткіміз келсе – спортқа тән саймандарын ғылыми түрде дәйектеп, әзірлеу қажет. Ойын-көкпарды мереке көрінісі етіп қалдырып, спорт-көкпарды көшермен ата-бабамыздың адамзатқа сыйлаған құндылығы есебінде осылайша ғана дамыта аламыз.

ОЙЫНДЫ СПОРТҚА АЙНАЛДЫРУ – ОНЫ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗІ

Қай ойынды да спортқа айналдыру – бізге сол ойындарды этностық сипаттан адамзаттық құндылыққа айналдыруға мәжбүр етеді. Көкпар мысалында алатын болсақ, ол ұлттық ойын ретінде тарихы бар, өзіндік сипаты мен ұлттық құндылық ретінде қалыптасқан ойын өнері, бірақ оны қалай дамытуды қолға ала бастадық, солай алдымыздан дүниежүзілік критерилер шықты: бауыздалған серкенің спорттық сайман болуы қабылданбады. Себебі, көкпар ойын болса, қазақ үшін ойын, ал, басқа халықтардың мойындауы үшін ол ойындық сатыдан спорттық сатыға өтуі керек еді. Ол үшін спорт талабына сәйкес, ойынның атрибуты спорттық реквизит бола бермейді, бұл жерде жоғарыда аталған психикалық және спорттық басқа талаптар орындалмаса, оны спорт өз кеңістігіне өткізбейді. Демек, көкпарды дамыту дегеніміз – оны спортқа айналдыру. Ал, ол үшін оның арнайы алаңы болуы, серкенің заман талабына сай, бауыздалған малдың мүрдесі емес, спорттық снаряд түріндегі сипаты болуы, көкпаршылардың зерттелген тәсілдер бойынша жаттығуы мен арнайы бапкерлердің әзірленуі, көкпар аттарына талап пен оларды дайындайтын зауыттың болуы секілді футбол сияқты көкпар индустриясының пайда болуымен бірге жүретін ұлы үдеріс анықталуы керек еді. Бұның бәрі ғылыми зерттеу мен зерделеуден басталғаны жөн болатын, ал, кәзір біздің ұлттық ойындарды спорт түрінде көргісі келмейтін тұлғалардың пікіріне аталмыш мақсат малтығып, адымы ашылмауда. 2013 жылы көкпар стадионының жобасына конкурс/іріктеу жарияланбас бұрын, оған деген нақты талаптар мен критерилер ғылыми жолмен анықталды ма? Жоқ. Ұлттық ойын айналасындағы дуалы кісілердің пікірі ғана негіз болғаны жасырын емес. Ондай пікір-пайымдар негізінен ғылыми зерттеу барысында, зерттемелер сынаққа түсерде аса құнды фактор екені аян, бірақ, шешуші ақпарат көзі емес. Осындай тиянақты жайттардың болмауы біздің әрбір қадамымызды нәтижесіздікке ұрындырады және ылғи да дәйексіз эксперименттен көз ашпайтын боламыз.
Сөзіміз нақты болу үшін көкпар серкесін муляжға айырбастау талпынысымызды алайық. Мақсатты осылай қоюдың өзі мүлдем дұрыс емес, серкенің орнына «қуыршақты» қолданғанда, көкпар ұлттық ойыннан спортқа айнала ма? деген сауал бастан қойылуы керек еді. Әрине, ойын спортқа айналмайды. Спорт-көкпар үшін бауыздалған серкені де, оның муляжын (нәрсенің нақты пішінін беретін құймасы, жасамы, көшірмесі) да тарту міндет емес, қызық емес, оған ыңғайлы, лайықты сайман жасау мәселесі күн тәртібінде тұр.
Ақыры муляж пайдаға аспай, сәтсіздікке ұшырады, спорттық сайман муляждан құралмайтыны мәлім. Демек, көкпар спортқа айналуы үшін оған қажетті талаптарды былай қойғанда, серкенің тұлғасын көкпардан аластау керектігі туындайды. Бірақ, көкпар ұлттық ойын ретінде бұрынғыша серкені пайдаланып, ал, спорттық көкпар үшін өзіне лайық сайманды жасау жайттарын ескермей отырмыз. Қысқасы, көкпар ойын түрінде де, спорт түрінде де қатар өмір сүре алады.
Ойын-көкпарға дулыға керек емес, қазақы тымақ пен қазақы киімдер және серке жеткілікті, сондай-ақ, ойын-көкпар ережесін екіжақты команда ойыны ету де керек емес. Айталық, кешегі Қазақ хандығының 550 жылдығында спорттық сипаттан ада, таза көкпар ойынын өткізу керек еді. Ал, спорттық көкпар үшін көкпаршыға қажет қолғаптан бастап, дулыға, арнайы етік, жейде, ат, муляж емес, «серке», арнайы стадион, т.т. саймандар мен жабдықтарды мақсатты түрде қолға алу қажет болады. Әлемдік спортқа айналған кез келген ұлттық ойынды алсаңыз да, олар осы жолдан өткен.
Көкпардың екіге жарылған түрлерінің мына айырмасы да ғылыми негізделмеген.
Көк-бору ережесінен көкпардың жаңа ережесінің айырмасы:
– ойын бауыздалған серкемен емес, тұлыппен ойналады;
– тайқазанның орнына алаңға сызылған шеңбер жайғасқан;
– алаң 220 мХ 70 м;
– 5 минутқа ойыншыны аластау;
– буллит жоқ;
– Тең ойын кезінде 3-ке 3 ойнау;
– 3 кезеңнің орнына 2 кезең
– көк-борудағыдай қарсылас қазанына емес, ұтысқа жету үшін команда өз шеңберіне неғұрлым көбірек тұлып салу керек.
Әрине, бұндай айырмашылықтардың бәрі атап өтілгендей, ойыннан спорт түзу мақсатынан туындап отыр, алайда, соңғы шартқа келсек, қарсылас қазанына серке салу көкпар тарихында да, түркілердің этнографиялық құндылығына жатпайтын жайт. Ол футбол ережесінен алынған болатын. Сондықтан, этноқұндылықты дәріптейтін көкпардың ойын сипатына жат.
Сайып келгенде, көкпарды дамыту оған спорттық сипат беруге негізделеді. Осыған сәйкес, оны дамытудың негізіне көкпардың барлық жабдықтары мен саймандарын спортқа сәйкестеу мен ғылыми негіздеу қажеттігі туындайды. Қысқасы, көкпар спортын ғылыми негізде зерттеп, зерделеп барып қана ешбір дауға қалмайтындай, пікір мен көзқарасқа тәуелсіз болатындай атты спортқа айналдыру ықтималдығы бар.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!