ДІНИ-ПӘЛСАПАЛЫҚ ЭССЕЛЕР

  • 02.05.2020
  • 131 рет оқылды
  • 0

Абай  МАУҚАРАҰЛЫ,

жазушы-журналист

 Дәуірлер

Алғашқы дәуір. Адам Ата мен Хауа Ана дәуірі. Алла Тағаланың адамзатпен ең жақын болған кезеңі. Құдірет қолымен алғашқы адамның тәнін жердің топырағынан жаратып, өз рухын оған үрледі. Сыңарын басқа жынысты етіп, оның сол қабырғасынан Хауа Ананы жаратты. Оның сұлулығына періштелердің өзі тәнті болды. Қазіргі асқан сұлудың өзі Хауа Ана сұлулығының жүз мыңнан бір бөлігіне ғана тең келер еді.

Жер бетіндегі атау-есімдер мен бүкіл білімдер Адам Атаға үйретілді. Сондықтан, ол алғашқы пайғамбар болды. Адамзаттың қиямет-қайымға дейін тіршілік ететін бүкіл қаракет амалдары, осылайша кезең-кезеңмен өз ұрпақтарында жалғасатын үрдіс басталды.

Ең ежелгі дәуір белгілерін біз жер қойнауынан емес, адамның өз денесіндегі көптеген белгілерден біле аламыз. Ашылған жаңалықтар дегеніміз, тек сол ғалымның дарындылығы ғана емес, Адам Атадан жалғасып ұрпағында сақталған ми зейініндегі  ерекше естің ғылыми құпияларды ашуы, cоның бұл өмірде уақыты келгенде іске асуының көріністері еді.

Пайғамбарлар дәуірі. Хауа Анадан егіз деп туған ұл-қыздарды басқа жолы туған  егіз құрсақтастарымен некелестіруден адамзат ұрпағы өсіп, жер бетіне таралды.

Адам Атадан кейінгі осы ұзақ кезеңде әр қауым мен әр тайпаларға өз ішінен пайғамбарлар келді. Олардың саны жүз жиырма төрт мыңға жеткен делінеді. Ол замандарда адамдар Алла елшісімен қатар өмір кешіп, күнде жүздесіп жүрді. Жаратушыдан қорқу мен ұялу сезімі сол кезеңдерден бүкіл адамзат қауымының санасына сіңірілді. Құдайдың өз пенделеріне жақындау болған кезі осы.

Бірақ, патшалар өзін тәңір дегізіп, адамдар өз нәпсісіне құл болып, кәпірлік белең алды. Жер жүзінде жойқын топырақ апаты мен топансу апаты болып өтті.  Нұқ пайғамбар кезеңі соның бір көрінісі. Адам ұрпағы әлденеше рет азайып, қайта өсті.

Ол кезде адамдар өте ұзақ жасайтын. Жеке пенденің өмірі мың жылға таяйтын.

Тағы да өскен, өркениетке жеткен қауымдарға пайғамбарлар келе бастады. Жаратушыға ғана жалбарыну қанша уағыздалса да, тәкаппарлық пен дүние қызығына есі кеткен тобыр Құдай елшілеріне құлақ салмай, әлденеше қауым жер бетінен жойылып кетті. Олардың қаралы естеліктерін Құдайға құлшылық етіп аман қалғандар ғана еске  салып, кейінгілерге ескертуші болып қалды. Ад, Самуд, Нұқ қауымдары деген солар.

Содан қалған бір хикая: Бір адам басын ғана көлегейлейтін лашықта жатыр екен. Өтіп бара жатқан өз пайғамбары: «Лашықты бүтін үстіңе жететін етіп жасамадың ба?» десе, мың жасайтын пендесі: «Уақытша өмірде әуреге түсіп қайтем!» депті. Сонда елші тұрып: «Ең көбі жүз-ақ жыл жасайтын бір қауым келеді. Сен олардың қабат-қабат етіп салған үйін көрсең…» депті.

Белгілі пайғамбарларға киелі кітаптар түсті, бірақ пенделер кітаптағы Жаратушының бұйрығын орындаудан гөрі өз нәпсілерінің қалауына бағынуды артық көргендіктен, бұзылған, бұрмаланған діндер қоғамға үстемдік құрды.

Бұл дәуір адамзат тарихында жүз мыңдаған жылдарға созылып, ең ұзақ жалғасты.

Ақырғы пайғамбар дәуірі. Бүкіл жержүзіндегі адамзатқа және жын жаратылысты қауымға Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.) Алла Тағаланың ең ақырғы елшісі болып келді. Оның дәлелі ретінде сол уақытында теңдессіз мұғжизалар көрсетті. Алланың бұйрығымен толған айды екіге жарды (Шаққул қамар оқиғасы Құранда айтылады). Қасында тұрса да көкірек көзі көр болған мүшіріктер оны да «сиқыр» деп сенбеді, қиян алыста болса да көңілі ояулар қазіргі Пәкістан жеріндегі мұсылмандар, сол оқиғамен хақ дінді қабылдады. Астрономдар айдың сондағы қақ бөлінген тыртығын арғы бетінен тауып, қазір дәлелдеп отыр. Мұғжизалардың ішіндегі ең мәртебелісі Алланың сөзі Құран Кәрім – иман  еткендерді таң-тамаша қалдырып, көкіректердің шамын жақты, рухани құлағы керең болғандар «бұл өтірікшінің сөзі» деп, жала жапты.

Құран Кәрімнің мазмұны өткен шақты, әр кезеңдердің осы  шақтарын және келер шақты түгел қамтыған. Уақыттардың шегіне бағынбауы оның таңғажайып кітап екенін көрсетеді. Балалар түсінетіндей қарапайымдылығы мен ғұламалар бойлап тауыса алмайтын  тереңдігі де ғажап. Құрандағы бұйрықтар мен тыйымдарды Пайғамбарымыз әр айтқан сөздерімен, мінез-құлық, іс-қызмет, өміріндегі болып өткен үлкен-кіші әр оқиғамен үлгі етіп отырды. Оны жанында жүрген еркек, әйел сахабалар жадына тоқып жаттады. Пайғамбарымызды (с.а.у.) жан-тәнімен қабылдап, өмірін соған арнаған оның жанқияр жақын достары мен сұхбатында бірақ рет болған мұсылмандар, қоштасу тауабында оның нұрлы жүзін жалғыз мәрте көріп қалған жас балалар да «сахаба» деген аса жоғарғы дәрежеге ие болды.

Ақырғы пайғамбар дәуірі – оның  өз өмірі мен сахабаларының өмірін қосқанда, ең қысқа дәуір болып саналады. Бірақ, хақ дінің сап қалпында көп елдерге таралып, үкімінің сара күйінде салтанат құруымен ең ұзақ дәуірлерден де қымбат «алтын ғасыр» атанды.  Осылайша, бұл дәуірде адамзатқа екі дүние бақытына жетудің айнымас жолы салынды.

Ақырзаман дәуірі.  Бұл уақыт адамдардың Құдай мен оның пайғамбарларынан ең алыстай түскен дәуірі.

Ақырзаманның үлкен белгісі ақырғы пайғамбардың келуі мен ең соңғы киелі кітап Құранның түсіп қоюы. Кіші белгілері болса, күнәлардың көбеюі мен пенделердің ақыретті ұмытып ес, ақылсыз дүниенің соңынан түсуімен көрініс береді. Алайда, осындай аласапыран заманда да хақ діннен ажырамайтын қауым аз емес. Пайғамбарымыз бір хадисінде, мені көзімен көрмесе де көргендерден кем емес, иман келтіретіндер сол менің бауырларым, деген. Расында, ол Ислам ғұламалары еді.

Пайғамбарымыздан (с.а.у.)  бізге аманат болып қалған екі асыл мұра Құран Кәрім мен қасиетті хадистер. Құранның әр тарауына (сүре), әр тармағына (аят) қаншама түсініктеме (тәпсір)  кітаптар жазылды. Солардың ішіндегі ең кемелі, әрине, хадистер. Солардың бәрі ең сенімді, сенімді, әлсіздеу хадистер деп, Ислам ғұламаларының ерекше бағалаулары бойынша кейінгілерге жетті. Бұлар – қасиетті хадистер деп аталды.

Оны кейінгіге жеткізушілер Алла Елшісінің рухымен нұрланған ерекше зерделі сахабаларды көзімен көріп, ұшан-теңіз білімін ет құлағымен естіп тәлім алған тәбиғындар деп аталған ықыласты мұсылмандар еді.

Алла Елшісі өмірінің соңындағы өсиеттерінде: «Бұдан кейін Ислам діні жетпіс үш ағымға бөлінеді, соның біреуі ғана хақ. Құран мен менің сүннетімді тең ұстанғандар осы хақ жолдан адаспайды» деді. Хақ жол деген Алла Тағала бұйырған, Пайғамбарымыз жүріп өткен жалғыз жол!

Осы дәуір – хақ дінге сенсе, барлық дәлелдер түгел болған, сенбесе, адасатын сансыз жол есін алған, қиямет-қайымның көптеген белгілері пәни дүние екенін еске салған алмағайып кезең болып отыр.

Бұл дәуірде хақ дінінің хабары әлемге жайылып, қазір дүниенің төртбұрышында жетпеген жері қалған жоқ.

Жан

Көзге ілінбейтін микробтан бастап, алып китке дейін, бірер күн тіршілік ететін болымсыз өсімдіктен мың жыл жапырақ жаятын үлкен ағашқа дейінгі затты қозғалысқа келтіретін болмысты  «жан» дейміз.

Қозғалысқа келіп, жанмен бірлескен материалдық зат – тән. Тән – сонда жан мен заттың бірлесуі болып шығады. Бірақ, жан ғайып болмыс болғандықтан, оның көрінісі заттың белгісі арқылы ғана білінеді.

Жаңа туған сәбиді үш күн емізбесе, ол үзіледі. Оны адамдар аштан өлді дейді. Яғни, тәнге қорек керек екені осыдан білінеді. Жан тәнде тұру үшін тән денеге осындай зат қажет екен. Оны біз «сусын, қорек, азық, тамақ» деп, атаймыз. Адамның да, барлық тіршілік иесінің де тәні осы заттардан жаралған, құралған. Оған сондай өзіне лайықты зат берілмесе солады, әлсірейді, ақыры өледі.

Сонда, жанның тәнде тұруына керек заттарды әуел баста кім дайындаған? Ұлы Жаратушы осы заттарды жаратқаннан кейін, топырақ текті бүкіл тіршілікті, кейін адамзатты жаратты, делінген.

Жаратылғаннан кейін, өз-өзіне сай қорек дайындалды. Туған сәбидің ең алғашқы қорегі сүт. Анасының жеген тамағынан емшекте пайда болатын сүттің құрамы ғажап, сонша нәзік заттардың өз мөлшерінде бір тамшы сүтте жиналуы – Құдірет шеберлігін паш етеді  (Оның дәлелі, әлі күнге дейін аса күрделі лаборатория арқылы ана сүтінің құрамын дәл жасау мүмкін болмай келеді).

Сүттен бұрынғы жанның қорегі ауа. Сәт сайын жанға дәру болып тұрған, ауаның құрамындағы оттегінің мөлшері болымсыз өзгерсе, сол мезетте бүкіл тіршілік тұншығып өлер еді. Ауадан кейінгі жанның тірегі су. Екі-ақ түрлі элементтен құралған ең қарапайым зат суда тіршілікке қажет бүкіл зат ериді.

Тіршіліктің осындай тіректері болмаса өмір жоқ.

Құдайсыздардың табиғаттан тартып алдық, өзіміз жасап алдық деп жүрген игіліктерін соған дейін дайындаған кім? Табиғат деп, жаңағы аталған жанды дүниені айтсақ, ол өзі осындай нәзік мөлшермен дайын тұрған нәрселерден жаралып тұрса, онда ол нәрселер де соған дейін жаралып қойғандығын дәлелдеудің керегі не? Өзі жаралған нәрсе – жаратушы бола алмайды, деуіміз содан.

Тән осылай жаралған болса, тәнді қозғалысқа келтіретін Жан да жаралған болады. Жан мен Тән жаралған болса, онда олардың Жаратушысы бар. Өйткені, Жаратушысының бар екені оған мезет сайын қамқорлық болмаса тіршіліктің жойылып кететіндігімен көрінетінін жоғарыда айттық.

Мәселен, тәндегі мыңдаған күрделі қызметті реттеп тұрған адамның өзі ме? Адам өкпесіне сорған ауаны қаныма қалай жіберемін дей ме? Не жүректегі қанды денеме қалай таратам деп, басын қатыра ма? Яки, жеген тағамын бүкіл денесіне тепе-тең жеткізуге  жігер жұмсай ма? Әлбетте, олай емес!

Сонда, мұны мүлт жібермей реттеп тұрған – денедегі жан. Жанды жаратқан құдірет Иесі – Ұлы Жаратушының өзі бәріне осындай ғажап жүйемен қамқорлық жасауда.

Олай болса, табиғат жаратты деу – өз Жаратушыңа жала жабумен тең ең үлкен ақымақтық.

Табиғат жаратты деу, тауда жүрген аю менің жанымды жаратты, не аулада өсіп тұрған ақ қайың мені жаратуға көмек берді дегенмен бірдей я болмаса, осы табиғаттың бәрі бірігіп, ақылдасып, бүкіл болмысты жаратты деп айтқан адам осы пікірін қалай дәлелдеп бере алады?! Тіпті, бізді от пен суға түсірмей, тірі етіп, сездіріп, ойландырып тұрған ғажап нәрсе – ақылды да, еш ақылы жоқ табиғат жаратты деу, қаншалықты ақылға сиымсыз деші!

Құдайсыздардың айтқанындай, адам миы ақылды өндірмейді, ол – соны өзіне қабылдап алатын ерекше ғажап мүше. Егер, ол ақылды өндіретін болса, қасқыр асырап алған балалар неге қасқырға айналып кетеді? Неге сол жерде өз-өзінен адам болып шықпайды? Ақыл Алладан беріліп, адам қоғамында сақталып, бірінен-біріне жалғасатын ғажайып ғайып нәрсе.

Ал, ақылды да сақтап, сан-қилы түрге келтіріп тұрған жан – Ұлы Жаратушының жаратқан – Жаны.

Тән

Заттық дүниенің анықтамасы не десек, ең алдымен, оның заттық қасиеті айтылады.

Элементар бөлшектерден ең кіші зат атом құралатынын білеміз.

Заттың өзіндік қасиеті осы атомнан басталады. Атомды құрайтын ұсақ бөлшектер электрон мен протон деп аталады. Олардың атомдағы саны өскен  сайын заттың қасиеті де өзгереді. Мысалы, сутегі – бір электрон мен бір протоннан құралады, ал, оттегі болса, 16 электрон мен 16 протоннан түзілген. Оларды элемент деп атайды.

Яғни, оларды құраушы кірпіш ұқсас болса да, саны өзгерсе болды, мүлде басқа зат болып шығады. Енді, осы екі элемент біріккенде, «су» деп аталатын мүлде жаңа зат пайда болады. Оның қасиеті өзін құрастырған анау екі қарапайым заттан басқаша. Бірақ, атомдарды құрап тұрған бөлшектерде оң және теріс деп, аталатын жалпы қасиет және бар. Сірә, осы қасиеттердің өзі электрон, протондарды  құрайтын элементар бөлшектердің де санына байланысты болуы ықтимал. Бірақ, ол әлі анықталмаған.

Яғни, материя дүниесіндегі сандық айырмашылықтар әрқашан сапалық қасиет тудыратыны байқалады. Сандық айырмашылық түрленген сайын, саннан алуан түрлі сапалық ерекшеліктер туындайтынын аңғару қиын емес.

Мысалы, көміртегі деген элементтен негіз алатын (көміртегі мен сутегінің қосылыстары) көмірсутектері түрлене келе, белоктық заттар, олар өзара күрделене келе, ДНК, РНК деп аталатын генетикалық белоктарды тудырып, осыдан ең қарапайым вирустық тіршіліктер, оның күрделенуінен клетка-жасуша жүйесі жасалады. Жасуша жүйесінің ары қарай күрделенуі – жәндіктер дүниесіне ауысып, жанды дүниенің ең кемел үлгісі, саналы көрінісі Адам тәні сомдалған.

Олай болса, барлық тән денелердің арғы заты бүкіл тіршілік иелеріне ортақ екені көрінеді. Демек, оның Жаратушы Иесі де біреу екені осылай дәлелденеді.

Осынау ғажайып жүйелі күрделенудің қорытындысы іспетті Адамның тән-бойында заттағы және тіршілік дүниесіндегі барлық қасиеттер мен белгілер түгел жинақталған.

Ал, осылардың бәрін жинақтаған, қозғалысқа келтірген Құдірет күшін «жан» деп атадық.

Жан вирусте де, шыбында да, пілде де, адамда да бар. Олай болса, жан бүкіл тіршілікке ортақ. Онда жанның Жаратушы Иесі де біреу екендігі дәлелденеді.

Жанның басты міндеті – затты біріктіріп, қозғалтып, тіршілік еткізіп, өз-өзін өзгертпей сақтап көбейіп тұруы.

Бірақ, вирус пен пілдің жанының сапалық айырмашылығы бар. Вирустың жаны болымсыз әлсіз болса, пілдікі орасан үлкен әрі мықты. Осы сипатына қарай отырып, жан да заттың өзі секілді – қарапайымнан күрделіге қарай жетілетін ерекше қасиетке ие деуге  негіз бар. Бірақ, жан заттық емес, ғайыптық қасиетке ие болғандықтан заттық заңдылықтан тыс, ерекше құпия нәрсе.

Яғни, элементар бөлшектерден бастап, атомды біріктіріп, қозғалтып тұрған күшті жанның алғашқы негізі десе болады.

Аса күрделі жанды жүйедегі өзара байланыстың үзілуі – «күрделі жанның» «қарапайым жанға» айналу көрінісін туғызатыны содан болса керек. Мысалы, піл өлген кезде де оның басқа ағзаларында әлі де тіршілік белгілері сақталады ғой. Бұдан бүкіл жанды біріктіріп басқаратын бір Құдіретті күш – Жаратушының өзі екені де дәлелденеді.

Алайда, «жан мен рухтың байланысы қандай?» деген сауал да осы негізгі заңдылыққа ұқсауы мүмкін. Ең қарапайым тіршілік иесі вируста түйсік бар, ең кемел тіршілік иесі адамда сана бар. Вируста түйсік қана бар, сана жоқ.

Ал, адамда түйсік те, сана да бар. Бір қызығы адамның туу негізі болып саналатын аталық ұрық пен аналық ұрықта тек түйсік бар. Олардың бұл болмысы вирусқа ұқсайды. Олай десек, сана түйсіктің жетілген, кемелденген қасиеті болып шығады. Сонымен, сана да жан секілді қарапайымнан күрделіге қарай жетілетін қасиетке ие екені дәлелденеді. Бірақ, вирус қанша дамыса да саналы бола алмайтыны белгілі. Олай болса, сананы қабылдайтын яки рухты дамыта алатын  ең күрделі тәндік жүйе тек адамға тиесілі екендігі – оны солай еткен бір жаратушысының құдіреті екенін дәлелдейді.

Осыдан келіп тіршіліктің жанға байланысты екені анықталса, сананың да түйсікке қатысты екені анықталады.

Яғни, адамның өлуі – тәнінің күйреуі, тәнінің күйреуі – жанынан айырылуы, жанынан айырылуы – санасынан ажырауы деген сөз.

Олай десек, жанды тіршіліктің қозғаушы  күші дегенге келісеміз. Онда, осындай күшті осыншалық жүйелі түрде басқарып тұрған Бір Күш ол – шүбәсіз Жалғыз Ұлы Жаратушы болғаны.

Ал, адамның кемел келбетті тәні – осы ақыл-сананың өзіне лайықты қалыбы іспетті.

Сәби мен қария

Адам баласы қол басындай ғана пәк сәби болып туып, ақ сақалды қария яки ақбасты әжеге айналады. Осы адамның өзінен болатын іс пе? Сәбиде қартаям деген мақсат бола ма? Әрине, жоқ.

Бұл сырттан басқарылып тұрған құдіретті заң. Ол заң сол адам-пенденің өз ішіндегі ерекше нәзік, аса күрделі ғажайып тетіктері арқылы іске асады.

Сонда, жеке адамның өмірінің өзі арнайы бағдарлама іспетті. Сәбиліктен кәрілікке дейін өзінен-өзі іске асып тұрған жай бір құбылыс емес.

Біздің ақылымыз әлі құпиясын таппаған, санамызбен саралап білмеген, тек сырт көрінісін ғана мойындаған бір ғажап заңдылық. Ол  заңдылықты уақыт өлшемімен айырып білеміз:

Нәресте – анасынан  шыр етіп туған сәттен қырық күнге дейінгі мерзім;

сәби – тілі  шыққанға дейінгі жас;

ұл бала (бүлдіршін қыз) – тілі шыққаннан бәлиғатқа толғанша;

бозбала (жас бойжеткен) – бәлиғатқа толғаннан жиырма жасқа дейінгі кезең;

жас жігіт (бойжеткен) – жиырмадан отызға дейінгі аралық;

сақа жігіт (келіншек яки толған қыз) – отыздан қырыққа дейінгі жас;

кәрі жігіт (кәрі әйел яки кәрі қыз) – қырықтан елуге дейінгі мерзім;

егде жас яки жас шал (жас кемпір яки кемпір қыз) – елуден алпысқа дейінгі шақ;

жасамыс шал (кәртең кемпір) – алпыстан жетпіске дейінгі уақыт;

кәрі шал (кәрі кемпір) – жетпістен сексенге дейінгі жасайтын жас.

Ұлы Жаратушыдан адам-пендеге берілген өтпелі өмірдің өзін осындай кезеңдерге бөлуі – өмірдің сынақ екендігін көрсетеді.

Адам баласы бәлиғат жасқа дейін рухындағы иманмен өмір сүретіндіктен күнәсіз пәк, осы жаста ажал келсе, олар ақырет дүниесінде сұраққа тартылмайтындығы, әке-шешесіне шапағатшы құқына ие болатындығы Ислам дінінде айтылған. Бұл жаста жан-дүниесі мен тән-бойында күнә жасайтын негіздер дамымаған, сақтаулы дәнек секілді күйде болады. Оны осылай сақтап тұрған адамның өзі емес, сырттағы дүлей табиғат та емес, онда оны солай сақтап тұрған асқан кемел Иесі екені белгілі.

Келесі кезекте бәлиғат жас – алып ұшқан албырт көңіл, бойын қыздырған ыстық қан нәпсінің құмарлығын оятады. Осындай санқырлы ғажайып сезім оған қайдан келді? Осыған дейін ол қайда жасырынып жатқан?

Сырлы сынақтың баспалдақтары осылай басталады. Ғашық көңілден өрт өлеңдердің туып, ақындық шабыттың шалқитын кезі осы. Міне, өміріндегі алғашқы сынақта ол нәпсінің жетегіне ере ме, шын көңілінің қалауын таба ма, өз тағдырының жұмбағы басталады. Міне, Жаратқан Иені танудың қажеттілігі осыдан шығады.

Жар таңдау, отау құрып отбасы болу, бала сүйіп, оны тәрбиелеу, ата-ананы сыйлап, ақыл-кеңесін түсіну, туған-туысты құрметтеп, дос-жаранның көңілін табу, қоғамға ықыласты қызмет етіп, несібені адалдан жию, ұрпақты иманды ғып өсіру, кемел жаста ақсақалдық сөз айтатын ел ағасы болу…

Әр жастың өз кезеңіне сай іс-қызметі бар, жас жігіттің ақсақал бола алмайтыны секілді, ақсақалдың жастық мінезбен жүруі жөн емес, әркім  өз жасына лайық болудың жалғыз жолы тек имандылық тәрбиеде ғана.

Иманды жас имансыз қариядан артық емес пе!

Әуелден бергі адамзаттың басын ауыртқан қадау-қадау мәселелер осылар еді. Осының бәрінің сынақ екенін, қысқа өмірде қызыққа алданбай, сынақтан аман өту үшін Жаратушының  хақ жолымен жүруден басқа амал жоқ екенін қаншама пайғамбарлар адам-пенде біткенге ескертті деші!

Ақырғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.у.) бүкіл адамзатқа, Құран Кәрім арқылы кемел ескерту жасап өз өмірін үлгі етіп кетті. Адамның бұл дүниеде өз жанынан да жақын көретін екі затты атап: «Балаң да, жиған малың да алдамшы, бәрі сынақ», – деді.

Олай десек, бүкіл ғұмырымыз, тіпті, әр сәтіміз бастан-аяқ сынақ болғаны.

Сұраушының да сұраушысы бар…

Алла Тағаладан бұл дүниенің игіліктерін сұрамайтын пенде жоқ. Сұрағанының бәрі беріледі. Біз өзіміз білмейтін, болымсыз деп елемейтін нәрседен бастап, той жасайтын үлкен жетістіктерге дейін…

Ойланып көрейік: Әр тынысымыз – бізге берілген өмір, жұтқан тамағымыздың бойымызға қонып, қуат беруі, естуіміз, көруіміз, сөйлеуіміз… осының бәрі өзінен-өзі болып тұрған жоқ. Өзінен-өзі болып тұрса, әркім өз қалауынша жас жасар еді ғой. Дүниені билеген патша да, бүкіл байлықты иеленген бай да өз қалауын жасай алмайды.

Соңғы тыныс бітсе, үздіксіз келіп тұрған игіліктердің бәрі де аяқталады. Ұлы Иеден ғана игіліктің келіп тұрғанын осыдан білмейміз бе?! Дүлей табиғат басқарып тұр десек, сол басқарушыны әлі ешкім «міне, мынау!» деп, көрсетіп бере алған жоқ. Жоқтан бар болуды біз баяғыда болып кеткен секілді елестетеміз, расында дәл қазір де жоқтан бар болып тұрғанын ескермейтін болғамыз. Өзіміз де жоқ едік, жоқтан бар болдық емес пе? Ал, адамға бар нәрсені іске жаратушылық  қабілеті  ғана берілген.

Біздің міндет – не сұрасақ та соны беріп тұрған Жаратушы Иені танып, оған шүкірлік ету.

Бірақ, Алла Тағала сұрағанымызды қандай ниетте қолданғанымызға сай, сұрағанымызды не жақсылыққа, не пәлекетке айналдырады.

Мысалы, үй-ішілік мүлік қажетті мөлшерден аспаса, ол сауапты іске қолданылады. Егер, ол мөлшерден асса, дүниеқорлық, қызғаныш, бақталастық секілді түрлі пәлекеттің бастау көзіне айналады. Ашкөздік те артық нәрсе жинаудан басталады. Өйткені, қымбат мүлікке кеткен ақшада осы үй иелерінің  садақаға жұмсауға тиіс үлесі бар.

Садақа осы отбасыға келетін пәле-жаланы алыстатуға  тиіс еді. Сөйтіп, садақа өз орнына емес, пәлені жақындататын дүниешілік жолына жұмсалып кетеді. Енді, пәле-жала келген кезде оны өзіміздің шақырғанымызды да ұқпай қаламыз.

Ислам дінінде берілген садақа келе жатқан қатерден сақтайтыны айтылған. Оның мәнісі – садақаны алған кісі мұқтаж  пенде болса, ол сөз жүзінде де, ниетімен де садақа иесіне жақсылық тілейді, Алла дұғасын қабыл етеді. Қызғаныштан пәлекеттің келуі де  бақталасқандардың көз, сөз жүзімен жасаған кері-кесір дұғасының қабыл болуы.

Біз игілікті сұраушы бишара пендеміз. Игіліктің қалай жұмсалғанын сұрайтын Сұраушы Иесі бар екенін естен шығарсақ, сұрап алғанымыз түбі игілік емес, қасіретке айналатындығын, Ислам шариғаты осылай дөп басып айтқан.

Ұлтты құтқару

Ұлтжанды азаматтардың сөзі қайда сөйлесе де, гәзетте ме, теледидарда ма, радиода ма, бір жерден шығады. Бәрі  ұлтты құтқарудың жолы – ұлттық сананы дамыту дегенге тоғысады. Олардың өздері де сол жолда қызмет етіп жүргендер. Яғни, ана тілінің мемлекеттік мәртебесіне араша түскендер, ұлттық салт-дәстүрді насихаттаушылар, тарих, әдебиет сынды рухани құндылықтарды дамытушылар. Олардың бәрі осыларды дамыту арқылы ұлттық санаға жетеміз деп ойлайды.

Бірақ, бізге «ұлттық сана» деген ұғым әлі жеткізер емес. Егер, ондай сана болса, соншама халық бола тұра билікке шығып алып, қазақ тілін мазақ етушілерге көнпістік жасап жата бермес едік қой… Ұлттық сана деген өзін қорғаудың нақты көрінісі болуға тиіс емес пе?!

Ұлт деген Ұлы Жаратушының  қауымға берген бір мүмкіндігі. Ал, ұлттық қасиетті қорғау – олай болса қауымдағы әр адамға аманат етілген нақты нәрсе.

Жаратушы жақсылық жасағандарға сыйлық, жамандық жасағандарға азап берем деп ескертті. Бұл мағынада жамандық жасаушылар дегендер – тілін сатқандар, өз дәстүр-салтынан бас тартқандар болып шығады. Біз «ұлттық сана» деген елестің соңынан қуып жүріп, осы мақсатты парыз секілді бәрінен жоғары қойып алған секілдіміз.

Расында, осы ұлт қамы үшін күрескендер мен оған қастық ойлағандардың бәрінің тең сұралатын ортақ бір міндеті бары анық.

Ақырет күнінде, ең әуелі Алла Тағаланың парыз еткен міндеттерінен сұраламыз. Осынау ұлты үшін жақсылық жасаушы, жақсы адам – өз Жаратушысын таныды ма? Қасиетті Құран арқылы бұйырылған иман сөзін жүрегімен сеніп, тілімен айтты ма?  Сонсоң, осы сенімін пенделік нәпсіден қорғап жүру үшін бес уақыт намазға мойын ұсынды ма? Намазын ықыласпен қалтқысыз өтеу жолында, жаны мен тәнін тазартатын  ораза секілді тиісті құлшылықтарын орындады ма? Иманын дүниелік пиғылдан арылту мақсатында, дәулетінен жоқ-жітіктерге, жетім-жесірлерге зекет-садақа бере алды ма? Сенімін кәміл етіп, күнәсінан тазару ниетінде, жиған-терген дәулетін қажылық сапарға арнауға кісілігі жетті ме?  Осы сауалдардың алдынан шығатындығы, өзін мұсылман санайтын саналы азаматқа тосын нәрсе емес. Бірақ…

Міне, мынау ұлты үшін күрескен жақсы азаматтар, рас пенделік өмірінде, «таудай жақсылық», «тарыдай ғана жамандық» жасаған болуы, бек ықтимал.

Бірақ, бұлар бір төбе. Бұл пәни дүниеде сауап үшін жасалатын жақсылықтар – жәй құлшылықтар, делінген.

Ал, Алла Тағала үшін жасалған құл­шылық – бәрінен жоғары тұрған мақсат екені белгілі. Парыз етілген құлшылықты жасау – жаратылу мақсатының  өтемі, өзінің Жаратушысына ризалықпен шүкір етіп, Оны танудың белгісі. Егер, осы негізгі мақсат орындалмаған болса, онда әлгі ұлтжанды жақсы адамның жасаған көп жақсылықтары  жақсылық болып есептеле ме?

Алла Тағаланың разылығы үшін жасалмаған жақсылықтардың тек пәни дүниенің мақсатын көздеген болуы мүмкін ғой. Өйткені, осы еңбегінің ақысына атақ, сыйлық алып, даңққа бөленген азаматтың ұлттық санасы жетілген адам екеніне күмән жоқ дейік.

Алайда, бәріміздің шулап, жетсек деп жүрген «ұлттық санамыздың» соңғы нәтижесі осындай сыйлыққұмарлық болса, осыны кемелдік деуге келе ме?! Жетістік деп туымызды желбірете аламыз ба?!

Шынында, ондай жалаң ұлттық санамен ұлтымызды құтқарамыз деп құр алданып жүрміз. Әлгіндей ұлттық күрескерлер «жоғарыдан» келген сыйлыққа кенеліп, төмендегі елінен сый-құрмет дәметіп, өзін марапаттатудың қамымен жүргеніне көзіміз әбден жетті емес пе?! (Дәл қазіргі қазақ қауымында осындай жағдай дерттей дендеп тұрғанын жасыра алмаймыз).

Олай десек, ұлтты шын құтқарушылар ұлттық санаға жеткендер емес, имандылық санаға жеткендер болуға керек. Имандылық сана дегеніміз, сөзі мен ісі бір кәміл мұсылмандардың үлгілі өмірінің көріністері.

Халық басына қатер төнген алмағайып замандарда атойлап шыққан ерлердің түгел кәміл мұсылман болғанына ешкім қарсы дау айта алмайды. Қазақ орысқа бодан болып, елдігінен айырыла бастаған кезеңде шыққан «зар заман жыраулары» түгел мұсылмандар, «ежелгі дұшпан ел болмайтынын» ерте біліп, Он екі керейін соңынан ертіп, оңаша елдік құрған әулие көсем Ақыр Жәнібек, оның ізін қуып, халқын аман алып қалудың қамымен басын өлімге тіккен Көбешұлы Асылбек, шоқындыру басталған тұста халқына қалқан болған Ыбырай мен Абай, балшабектер қазақты түп-тұқиянымен жоймақ болған жылдарда халқының келешегін көздеп, шетелге шығып кеткен көреген көсем Мұстафа Шоқай,  құдайсыздар халқын қырмандай қырған қанды қол жылдарда Алладан ғана жәрдем тілеп, тақуалық жолда болған Мәшһүр Жүсіп пен Шәкәрім, Ақыт хажы, Зұқа хажылар, қызыл қырғыннан аман қалудың амалын іздеп, атойлап шыққан Оспан батыр, Рысхан, Есімхан, Елісхандар түгел нақ мұсылмандар еді. Олардың бәрі де атақ-абырой, сый-сияпат үшін емес, қолынан келген жақсылығының бәрін Алла разылығы үшін жасап, басына түскен ауыртпашылықтың бәріне сабыр сақтаған салиқ құлдар болған. Бәрі де Жалғыз Жаратушыға арқа сүйеп, тәуекел еткен, келешектен  күдер үзбей, ұрпағына жақсылық тілеп кеткен ізгі жандар еді.

Демек, «ұлттық сана» деп, жалаулатып жүргеніміз – «имандылық сананың» бір бөлігі ғана екен. Яғни, имандылық сана болмай, шынайы ұлттық сананың да болуы екіталай.

Нағыз қазақ яки мұсылман қазақ

Даталы жылдарын халық болып тойлап, рухын асқақтатып жоқтап жатқан ұлтымыздың батыры, ақыны, күйшісі, елінің мұңын жоқтаушы біртуар көсемі болған Махамбеттің басын кескен кім?!

Кез-келген көлденең көк атты кек ала салуға болатындай біреу емес, сондай киелі адамды, тапа-тал түсте, қатын-баласының көзінше өлтіруге қандай пенденің қолы барды?! Ол жасырынған, құпия қылмыскер емес, белгілі кісі. Батырдың жанашыр туысы, өз ауылдасы еді!

Осы қылмыскер рас, қазақ па? Күмәнсіз! Қаны, жаны, тілі, ділі – бәрі-бәрі мүлтіксіз қазақ. Біздің қазір арман қып жоқтап жүрген қазақылығымыздың қаймағы да осы қанды қол адамның бойында болғаны күмәнсіз. Сонда, бұл – Нағыз қазақ екен!

Бірақ, осы мұсылман қазақ па? Күмәнді! Шын мұсылман нақақ кісі өлтіру секілді ауыр күнә жасауға жүрегі дауаламайды. Кәміл мұсылман себепсіз тірі жәндікті өлтірудің асқан зұлымдық екенін жақсы біледі.

Онда, мақсат – нағыз қазақ болудан бұрын мұсылман қазақ болу емес пе?!

Мұсылман қазақ – қазақтығын да, адамшылығын да сатпайды. Мұнапық  екіжүзді қазақтан мұсылман қытай сенімді, кәпір қазақтан мүмін орыс кісілікті десек, ұлттығы сыртқы көрінісі болғаны, ізгілігі – жүрегіндегі иманында екені даусыз.

Елдікті сақтау жолында «Жаным – арымның садағасы» деген халқымыздың рухани туын көтерген көсемді топтанып барып, тобырлықпен өлтірген осы адамдар да адасушылар еді.

Осындай адасушылардың түрі бүгінде, көбейді дейді, дінтанушылар.

 «Ата-баба жолы» деген «ақ», «көк», «сары» деп, түрлі-түрлі ат тағынып, қыруар қауымды соңынан ертіп жүргендер де түгел нағыз қазақтар.

Адасқандар өз жолын дұрыс санайды. Адасушыны – адасушы тапса, олар топ құрып топтанады. Топтасып, тобырланып адасқандар – секта деп аталатын болды.

Хақ жол – жалғыз. Ол Құранда жазылып, пайғамбар (с.а.у.) арқылы үлгі етілген. Одан өзге жеке әулие, ғұламалардың бөлек жолы деген жоқ.

Қожа Ахмет Яссауидің жолы деген – дара жол болған емес, ол – хақ жолмен өзі дара жүрген әулие. Яссауише жүрем десең Яссауи болып туу керек қой, оның жөні жоқ, Яссауи ғана Яссауи бола алған. Орташа пенделерге дара үлгі емес, ортақ үлгі ұсынылған. Ол – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үлгісі – хадис арқылы кейінгі үмбетіне мүлтіксіз жеткен үлгілері.

Дін ұстанудағы құлшылығы, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, ішіп-жеуі, кісілермен қатынасы, отбасындағы әдебі… пайғамбардың бар ісі, әр ісі – бар пендеге, әр пендеге үлгі. Ол дүниешілікті – дүниеге қызыққандардың жүрегіне кілт етіп тура жолға шақырса, дүниеге әуес еместерді, дүниешіліктен арашалап тура жолға бастаған. Бұдан өткен орта жол, бұдан өткен әділ үлгі бола ма? Дүниенің баянсыздығын бұдан өзге әдіспен өзге бір жол көрсете ала ма?

Сопылық жол – дүниешіліктен алыстап, рухани даралықпен өзін-өзі құтқарудың үлгісі.  Ол – біртуар адамдарға, болмаса бар адамға үлгі емес. Сопылық – бар адамзатқа үлгі болса, онда дүние қайда қалады? Олай болса, хақ жолда дара жүргендердің жолын үлгі етем деу – өзіне нәсіп болмаған нәрсемен таласумен тең қылық.

Пенделік дәреже пенделік шамадағыларға нәсіп болған, оның жетер биігі – талпынса кәміл мұсылмандық.

Нағыз қазақтың да бар мұраты – мұсылман қазақ болу болса, арманның орындалғаны осы.

Зауал

Атан кенже қызын ағылшын тілді мектепке бергентұғын. Елдің алды болсын, деп. Ол айтқандай өсіп-жетіліп, Америка, Англияға барып, біршама жылдар жүріп қайтқанда, ел атасы Атан ажалы жетіп, тілі кәлимаға келмей қиналып жатыр еді.

«Ағылшын» қызы, әкесіне беті темірдей, көзі шыныдай болып келіп, міз бақпай тұрып ағылшынша қоштасты. Шалға тіл кіріп, күбірледі: «Әттең! Алжыған кәрі ит! – деп, қазақша боқтап, басымнан тепсе, арманым болмас еді!» – деп, жантәсілім етті.

***

Дандай мен Жанбай Нәріннің басына ат іздеп шығып, апаннан қашқан қаншық қасқырдың үстінен түсті. Келсе, көзін ашпаған жеті бөлтірік жатыр екен.

Жанбай саусағын тосып еді, бір-бірлеп келіп, жабырлап еме бастады. Дандай қолына ілінгендерінің  көзіне пышақ жүгіртіп, соқыр етіп жатыр. Күшіктер қыңсылап шыр айналады.

Күзде келсе, қаншық қырдай  болып арықтап апанның маңында айналсоқтап жүр екен. Жеті күшік жүндері жылтырап, есейіп қалыпты, тек бірінің құйрығынан бірі тістеп айналшықтап жүр.

Даңдай енесін атып, бөлтіріктерін бір-бірлеп ұрып алды.

Даңдай қартайғанда суқараңғы болып, өлгенше жер сипалап жүрді. Жанбай жасын ұмытқанша жасап, баланың сөзін сөйлеп қалды.

   Әулие

Ертеде қазақ халқында әулиелер көп болған, дейді. Елдің қызықты әңгімесі солар туралы болатұғын, себебі, ол заманда кісіліктің өлшемі киімнің әдемілігімен емес, имандылықпен өлшенетін-ді.

Кәміл иманға жеткендердің әулие болатындығы сөзсіз еді. Әулие деген көңілінде бір Алладан өзге ештеңе қалмаған пәк пенде. Жаратушыдан сұрағаны қабыл болғыш таза адам. Содан да әр ауылдан әулиелердің кезігуі, таңғаларлық нәрсе емес, сол заманның бір рухани берекеті болатұғын.

Керейдің ішінде Торғайты деген әулие көп айтылатын, пішіні бала секілді, жасы нешеде екені білінбейтін, тоқсанға таяған қариялар менің бала кезімде осылай болып жүруші еді, дейді екен. Көлікке мінбейді, неше күншілік жердегі тойға салт атпен кеткендерден бұрын барып, оларды алдынан тосып отырады. Немен келдің, дегендерге не кезіксе соған мініп келдім, аю болса аю, қасқыр болса, қасқыр деген жауап айтады екен…

Қарақалпақ жақта, Шәшті ишан деген әулие болыпты, дегенді оқығанымыз бар. Ол қысы, жазы жалаңаш-жалпы жүре береді екен. Аяғының астындағы мұз, қар еріп тұрады екен.  Сол әулие себебін сұрап, артынан қалмай қойған біреуді оңаша апарып, табанын тіліп көрсетсе, өз терісінің ар жағынан бөлекше ұлтарақ секілді әдемі нәрсе көрініпті. Әлгі әулие, осы пейіштің киімі, депті…

Әулиелік тазарған ниет, мөлдіреген көңіл, шын жүректен беріле жасаған құлшылық,  нәпсісін дегеніне көндірген сарабдал сабырға ие болған адамдардың бойына Алла Тағаладан берілетін сыйлы қасиет. Пенде баласы тозаңдай болса да, мақтаннан арылғанда, түйірдей мінін өзі білгенде әулиеге айналады.

Бірақ, Құдай әркімге әр түрлі қабілет бергеніндей әулиенің де дәрежесі бар:

Өзі де білмейтін, өзге де білмейтін әулие бар. Ондайлар оқымаған, қарапайым диуана кейпінде жүруі мүмкін.

Өзі білетін, өзгелер білмейтін әулие де бар.  Олар тақуа, бір ыңғай құлшылық жолында жүрген кісілер.

Өзі де білетін, өзгелер де танитын әулиелер. Көбі асқан оқымысты, машайықтардан шығады. Әулиенің алдыңғы аталған екеуі қазір өз ішімізде де жүр, дінге қыспақ түскен заманда, не дін жаңа бас көтерген кезде елеусіз жүріп, Құдайдан жарылқау тілеп, көпшілікке жақсылық сұрайтын жайсаң жандар осылар.

Соңғылары діннің салтанат құрған замандарында болған, енді болу болмауын бір Алла біледі. Осылардың қай-қайсысының тілеген дұғасы қабыл болатын, заманның зардаптарын тап басып танып, сол үшін Алладан кешірім тілеп, ел үшін игілік сұрайтын ерекше адамдар.

Пайғамбар, сахаба, табиғындардан кейінгі қауым ішіндегі Алла Тағалаға ең жақын адамдар да, Құдайды еске салып, құлшылыққа құлшындыратын, көпшілікті кісіліктен тайып кетпеуге үндейтін осындай әулиелер.

Әулие көбейсе, заманның түзелгені, ойда жоқ жақсы оқиғалар болып жатса, ғайыптан тайып қатерден адамдар аман құтылып жатса, ол Құдайсыздардың айтып жүргеніндей кездейсоқтық емес, ел ішіндегі әулиелердің дұғасы қабыл болып, не кереметтің көрсетілгені сол.

Оқиғалар сынағы

Үлкен оқиғалар адамзаттың басынан өтетін Ұлы Жаратушының сынағы.

Түркілер қауымдастығы жер жүзіндегі бүкіл адамзаттың ішіндегі ең алыбы. Қиыр шығыс Сахалиннен бастап, алыс батыс Анадолыға дейінгі кең-байтақ Еуразияда қырықтан астам түркілер елі болды. Шығыс шегінде Сахалар жатса, батыс жиекте Түріктер тұрды. Осынау тілінің төркіні бір, ділі ортақ халықтың қырқының басынан қырық түрлі сынақ өткен. Осы сынақтардан бірі азды, бірі тозды, бірі жойылды, көбі бөтеннің бодандығына бойұсынды…

 Осылардың бел ортасындағы қазақ деп аталатын түркілердің көрген қорлығы мен зорлығын тарихшылар айтып тауыса алған жоқ.

Солардың ең әйгілісі ретінде «Ақтабан шұбырындыны» тарихшылар көп жазды. Бірақ, одан да зоры он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтерілістен басталып, қы­зыл төңкеріске жалғасқан «қызылтабан шұбырындыда» халықтың жарымы ел жерінен босып, айдалада оқтан, қылыштан, аштан қырылды.

Одан кейінгі он жылда қорасындағы малын, қабындағы азығын тартып алғанда, «қаратабан» қайыршы кейпінде өз жерінде аштан өлді. Тәуелсіздікке дейінгі елу жылда «көнтабан» жалшылықпен советтің дегеніне көніп, өлместің күнін көрді.

Тәуелсіздік туғанда ауылдан қалаға, елден елге шұбырған «көктабан» жылдарды бастан кешті.

Осындай сынақ болған үлкен оқиғалардың әрбірінде, мәселен «ақтабан шұбырындыдағы» жаугершілік жылдарда жанын елі үшін қиған ерлер сыннан өтті. Орыстың отаршылдығы кезінде елдігін сатпаған дегдар тұлғалар сыналды. Ашаршылықта сабырлылар жеңді. Бірін бірі қаралап, ұстау етек алған зұлмат кезде ауызбірлік сынға түсті.

Осылайша, арын жаннан, елдігін қара басынан артық көргендер сынақтан аман өтіп, өлсе де жаны жай тауып, өкінішсіз кетті. Сынақта сатқындық жасағандар екі өлді.

Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында қаншама қазақ әйелі уыздай жас қалпы жесір қалды. Қартайғанша зина деген күнәдан өзін қорғап, арын сақтап ажалмен қауышты. Осы жылдар сол кездегі әйелдерге бір ауыр сынақ еді. Өйткені, қоғамы құдайсыз, зинаға қатаң тыйым жоқ, бәріне сылтау көп заманда мұндай әйелдердің  мінсіз мінезін жиһатпен тең ерлік десе жөн.

Соғыстан кейін белі бүгіле майысқан қазақтар ақ жауыннан кейінгі  тың даладай қайта дүркірей көктеуінің, қайта өсуінің сыры да осы сынақтан аман өткендігінің жемісі,  Алланың бір сыйы болғандығы деп, пайымдауға тиіспіз. Осындай әулие аналарымызға үнемі дұға жасауға міндеттіміз.

Одан кейін мал-жаны өскен қазақтың тілі мен ділін қорлайтын зымиян сынақ басталды. Жанның сынағынан гөрі, рухани сынақ әлдеқайда жеңіл көрінсе де, халық болып қалу, қалмауымыз осы жылдары таразыға түскен. Тіл мен ділден аздыру жолында сыйлық пен сияпат, атақ пен лауазым саудаға түсті.

«Өзіміз аман болсақ, өзге тілде сөйлегеннен өлмеспіз» дедік. Сыртқы тұлыбымыз қазақ, ішкі рухымыз жат-бөгде болу осы кезеңдердің кесапаты – сынақтан өтпей сатылғандарымызға Алла Тағаладан жіберген зауалдың көрінісі деп мойындауымыз лазым.

Тәніміз тірі қалған, бірақ рухымыз өлген кейіпке ұшырадық. Баяғы жылдардағы рухы тірі қалпында жанымен қоштасқандар бақытты екен! Тірі қалпыңда тіліңді суыртқаннан, жанды күйіңде рухынан айырылғаннан өткен зауал бар ма!?

Қаншама сынақтардан аман өтіп келіп, Елдік құрған кезде айыр тілді, көп дінді болған қазақ қауымы тағы да жаңа сынаққа жолықты.

Байлықпен таласу, ақшамен арбасу бұрынғы сынақтан  өзгеше. Байлыққа жетсек халық болып, ұлт болып қалатындай бар ақылымызды осы жолға сарп етіп жатырмыз. Бұрынғы сынақтар сол жағымыздан қасірет болып келсе, бүгінгі сынақ оң жағымыздан қадірлі, сыйлы қонақ секілді келіп тұр.

Пенде баласы қасіретті сынақтан гөрі, қадірлі сынақтың алдауына оңай түсетінін өткен кезімізде көз жеткізсек те, оған иланғымыз келетін емес. Өткенде, «Өзіміз аман болсақ, өзге тілде сөйлегеннен өлмеспіз» деп едік, сол бүгін елдігімізге пәле, басымызға дау болып тұрғанын көрмей отырмыз ба?!

Енді, бүгін «Бай болсақ, ұлтсыз болғанда тұрған не бар!» деген пиғыл белең алды. Оған да етіміз үйреніп бара жатқан секілді, одан да пәлекеті «Заманнан қалмай жүрсек, ағылшынша үйренсек, дінде тұрған не бар!» деген шайтани ойдың арбауына ұшырай бастадық. Бұл пәнидің сынақ екені есімізден шығып кететін секілді.

Перғауын заманында сыналғандар мен бүгінгі күні сыналғандарымыздың заманы бөлек болғанмен, сынағы бір. Мұса әлейсәламмен таласқан сиқыршылар, перғауыннан қорықпай, Аллаға бет бұрғаны үшін көкіректері иман нұрына толғаны сонша, аяқ-қолдарын қиғаштап шабатын қорқынышты өлімнің өзін – олар құтқарушымыз деп таныды.

Сөйтіп, соған дейін перғауынға бағынса да, соңында Алла елшісіне еріп, хаққа қауышты. Бүгінгі біздің сынақ та осыдан аумайды, сыйлыққа табысқың келе ме, хаққа қауышқың келе ме, әркім өзі шешетін сынақтың алдында тұр.

Ендігі сынақ – ұлттығымызды ұрлап, халқымызды қуыршақ қылмақ екен. Ал, бірақ ұлттығымыздың ұстыны – біз ойлап, ойбайлап жүргендей тек тіліміз ғана емес, хақ дінімізде екені дәл осы уақытқа дейін әбден дәлелденді. Хақты танысақ, халқымыз екі дүниеде құтқарылмақ.

Оптимист пен пессимист

Бір белгілі саясаткер бар, қазақ тілін қалай құтқарудың неше түрлі әдістерін айтумен жүреді. Көбі өмірге еш жанасымы жоқ, өз қиялындағы жағдай. Әйтеуір, ол өзін оптимистпін деп есептейді.

Оптимист дегендер шындығында, «майшамнан» жұлдыз жасайтындар. Алыстан өлеусіреп көрінген майшамның болымсыз жарығын «жұлдыз» деп дәлелдейді.

Ал, оның қарама-қарсы жағы, пессимист болса,  күннің өзін «майшам» деуге барады.

Реалист болса, майшамды «майшам», күнді «күн» дейді.

Егер, осы салыстыруларға илансақ, ел мақтағандай «оптимист» дұрыс адам емес. Ол да адастырушының бір түрі. Тіпті, көпшілік жақтырмайтын пессимистен да жаман. Себебі, пессимист күнді майшам десе де, күн күн қалпында қала береді.

Осы екі көзқарастағы яғни, дүниетанымдағы адамды – Исламдық көзқараспен қарағанда екеуі де адасушы әрі адастырушы деп, бағаланады. Екеуінің де айтатыны өтірік, біреуі жаманды жақсы етіп жағымды өтірік айтса, біреуі жақсыны жаман етіп, жағымсыз өтірік айтады. Қандай түрде айтылса да өтіріктің аты өтірік.

Негізінде, нағыз реалист көзқарас дегеніміз – Исламдық көзқарас. Ол – айналадағы барлық заңдылықтардың Ұлы Жаратушыдан тағайындалғанын мойындайды. «Кездейсоқтық» деген құдайсыздардың айтатын заңсыздығын жалған деп, біледі. Олардың «хаос» деп атаған бей-берекетсіздік секілді көрінетін тозаңдардың физикалық қозғалысын қайта, нағыз «тәртіптілік» деп санайды. Егер, осы тозаңдар тек бір бағытқа қозғалса, күшті ағыннан айнала тас-талқан болар еді. Әр тозаң, өз жолымен жүретіндігі осыдан-ақ, білінеді.

Ең болымсыз тозаңның өзі Ұлы Иесінің бұйрығымен жүретінін, дауылдар мен қара құйындардың осы болымсыз ауа тозаңдарының бір сәт бір бағытқа қарай ұшқанда қандай күшке айналатындығын көрсетеді (Оны дінсіздер стихия деп атайды, расында ол дүлей күш емес, Жаратушының пенделерге жіберген мақсатты жазасы, басталар аяқталар уақыты бар).

Тілге келсек, ол рухани дүние болғандықтан материалдық дүние секілді оның да Ұлы Жаратушыдан тағайындаған өз заңдылығы бар. Жаңа туған сәбиді қасқыр асырап алғанда ол бөріге ұқсап ұлитын болып шыққаны, азамзат тарихында әлденеше оқиғамен дәлелденген. Тілді де құтқаратын хақ дін, яғни, Алла Тағаланың заңдылығына бағынсақ қана ана тілімізді – аманат болған рухани қазынамызды құтқара аламыз.

Әйтпегенде, оптимистер мен пес­симистердің құрғақ тәсілдері тілді құтқара да, құлата да алмайды. Оптимистер көбінде Тіл туралы заңды түзесе болды, қазақ тілі қалпына келеді дейді. Пессимистер болса, заман талабына ілесе алмайтын тіл, тұрмыстық деңгейден аса алмайды, дейді. Бұл екеуі де біз бағындыра алмайтын, өзіміз бағынуға тиіс Ұлы заңдылық бар екенін түсінбейді.

Ұлы Жаратушының себептер заңдылығымен ана тілді дана тіл етіп дамыту бәрімізге адамгершілік міндет етілген.

Қауымның адасуы

Қауымнан – халық, халықтан – ұлт, ұлттан – ел құралады.

Қауымның хақ жолмен жүруіне, не адасуына ел басқарушылар ықпал етеді. Құран Кәрімдегі қиссаларда Алла Тағаланың қаһарына ұшыраған қауымдар патшасының нәпсісіне ергендер еді. Тіпті, дінбасы дегендердің өзі патшасының билігін қолдаймын деп жүріп, бір білгенде Құдайға емес, патшасына табынып кеткендерін өздері де білмей қалған.

Сонда, қауымның өзі – жеке адамның иманын сынайтын көрініс қана. Хақ жолдан адаспаймын деген адам-пенде қауымның іс-әрекетіне де, патшаның билігіне де айна ретінде қарап, хақ жолдан таймаудың амалын жасағаны дұрыс, делінген.

Асхабы кейпідегі әулиелік дәрежеге жеткендер соның үлгісі (Құран Кәрімдегі осы аттас сүреде баяндалған қисса. Өзін тәңірмін деп жариялаған патшаларына қарсы шығып, қуғыннан қашқан сарайдағы ақсүйек жас жігіттер үңгірге жасырынады. Осы үңгірде үш жүз тоғыз жыл ұйықтап жатып, қайта оянады. Өздері бір түн ғана ұйықтадық  деп ойлайды. Осы жанкештіліктері үшін Алла Тағала оларды әзиз әулие етіп, осындай ғажайыппен сақтап жас қалпында тірілтеді. Бұл керемет олардың өздеріне де, кейінгі қауымға да көрсетілген қайта тірілудің хикметті дәрісі).

Олар Бір Құдайға сену жолында зәрі қатты патшаға қарсы келуден қорықпай, өз қауымынан тіпті, өз отбасынан да ажырап қалудан өкінбей, бір сәтте бірегей амал етіп, қатал сынақтан өткен Алланың асыл құлдары. Соның дәлелі ретінде Ұлы Жаратушының қасиетті кітабынан орын алған.

Сол жағдай қазір де өзгерген жоқ, сол заман, сол сынақ – сол қалпында, тек уақыт қана алға озды.

Патша қашанда қауымның дүние­қоңыздық, мәнсапқорлық, даңққұмарлық пиғылын пайдаланып, сол арқылы оларды соңынан ертіп, өзі де адасады, елін де адастырады.

Дүние ауаны да елді де адастырады. Қазір еуропалануды біреулер мақтан санап жүр. Құдайды ұмытып, қу дүниенің соңынан түсемін деп, адамзат тарихында екі рет қанды қырғын жасаған, пайғамбарлардың жолымен емес, жәдігөй пәлсапашылардың жолын қуған қауымда адам үлгі ететін не бар?

Бізді алдайтыны дүниешілікте олардың алға шыққандығы. Сөйтіп, тіршілік әрекетінде солардың үлгісін алғанын – алға басқандығым, ақылымның асқандығы, артықшылыққа жеткендігім деп, өзін сендіреді. Өзгені де соған сендірмекке жанын салады, өзіне ермегендерді артта қалғандар деп, мансұқтайды.

Неге десеңіз, қашан да, сырт жаңа­лықтары адамдарды тез еліктіреді. Үй-тұрмыс, киім-киініс, көлік-көпшіктің жаңа түрін солар алдымен қолдана бастайды. Соны жасаудың жолын үйрететін оқу жүйесін де солар тағайындайтын болады. Ол оқу – өмір сүрудің мәнін тіршілік ету қарекеті етіп ұқтырды. Былайша, ондай оқудың басты мақсаты тек нәпсінің қалауларын қанағаттандыратын сыңаржақ оқу, рухани қанағат беретін жүйеден жұрдай дінсіз оқу.

Хақ жолындағы көзі ашық адамдар ондай оқуды «теріс оқу» деп атаған. Оған ақыл-ойын түгел бергендерді «оқу соққандар» дейтін. Ондайлар хақ ілімін үйренуден алыс қалған «көк ми» атанатын.

Біздің көбіміз сол оқу соққандарданбыз. Сол сыңаржақ білімді нағыз білім дейміз, соның тұжырымдарын айнымас дәлел деп сенеміз, тарихқа да, дүниетанымға да солардың көзқарасымен қарауға дағдыланғанбыз.

Ақ тон киіп, атқа мініп жүрген ізгі ниетті бейуаз адамнан гөрі, айырпыланға мініп, астындағы елді бомбалап жүрген безбүйректі артық санайтын ақымақтық, ақылымызды меңдеткен адасушылармыз.

Енді міне, еуропалықтардың  пәрменімен «жаһандану» атты адасудың тағы бір шытырман жолдарына түсіп кетіп барамыз…

Жады

Жады болмаса адамшылықтан қалар едік. Ойдың тереңдігі де, ақылдың кеңдігі де жадыға  сай болады. Жады  ақыл-ойды сақтайтын сандық болса, зерде оның құлыбы. Жады керекті нәрсенің бәрін еске сақтауға үйрету болса, зерде оны ұмытпау үшін қайталап отыратын амал.

Ұлы Жаратушы осы қасиетті қалай сақтауды адамға аманат еткен. Ең әуелі сөздің басы «бисмилла» болсын, дейді. Оны айтпай ештеңені қолға алма, дегені. Бұл сөзден жоғары киелі сөз жоқ, бүкіл игіліктің бәрі, жақсылық біткен осыған сыйысады. Осы киелі сөзбен бәрін бастау, оны үнемі қайталап ауыздан тастамау нағыз адамшылықтың белгісі әрі Алланның құлы екендігін ұмытпаудың жолы. Жадыны кеңейтудің де, зердені аман сақтаудың да кілті осы сөзде.

Одан кейінгі жадыны жамандықтан сақтаудың жолы, кемелдікке көтерудің амалы деп, сәби туа сала құлағына азан шақырып ат қою мен тілі шыға бере кәлима таухид айтқызу деп білген. Осы екі шариғат дәстүрінде талай құпия сыр бар.

Өткен дінсіз қоғамда құдайсыздар осыларды мұсылманға ұмыттыру үшін жанын сала арпалысты. Сөйтіп, өзін жаратқан Құдайын танымайтын мағнауи мәңгүрттерді туғызды. Сол мағнауи мәңгүрттер қазір бүкіл қоғамды билеп, қауымды айдағанға жүріп, айтқанға көнетін тобырға айналдыру амалын қарастырып «үшкіл тілді, шұбар дінді» ұрпақ тәрбиелемекші!

Асылында, біздің халқымыз жадыны дамытуда алдына жан салмаған дана қауым еді. Халықтың қара өлеңі деп жүргеніміз сол жадыны жетілдірудің көп жолының бір жолы ғана. Қара өлеңде дініміз де, тіліміз де, діліміз де түгел сыйып тұратын керемет кемел еді. «Не бар дейсің өлеңді, білген құлға; Ақ теңгесін кім берер қара пұлға; Ата анасын сыйлаған ұл мен қызға; Дами берсін дәулетің жылдан жылға!» осы аз ғана мысалда қаншама құндылық жатыр десеңші!?

Көшпенді біздер ел тарихы мен өз шежіремізді түгел өлең мен мақал-мәтелдерге келістіре кестеледік. Өлең – сөзге айналған жады да, ұйқасы – оны сақтаушы зерде.

Өлең мен мақал, сөз өзгертуге оңай көнбейді, кім айтса да сол қалпында қалады. Ұйқас қажетті ойды ғана қабылдайды, тек керектіні сыйғызады да, кім естісе, солайша есіне сақтайды.

Көшпенді қазақтар осылайша, жадыны өлеңмен жетілдіріп, «шешендік өнерін» шегіне жеткізсе, ұйқас арқылы бір естігенін өмірі ұмытпайтын «құйма құлақтарды» тәрбиеледі.   Жеке адамның жады өстіп «Қоғамдық жадыға» айналды.

Жеке адамдардың зердесі күллі көшпенділер даласын қамтыған өшпес «Сөз өнерін» туғызды. Он жетінші ғасырда еуропалық саяхатшылардың келіп, «қазақ даласы түгел өнер сахнасы екен» деп, тамсанатын кезең осы еді.

 Жадының ғаламат шарықтау шегіне шығуы сал, серілер заманы. Біржан салдың: «Базарың құтты болсын Қоянды елім!» дейтін атақты «Көкшетау»  әні, өлеңнің әуенмен әрленіп жадының Жаратушы нұрымен жарқыраған шағы!

Осы бір ауыз қарапайым сөздің ғасырдан ғасыр аттап, жайнай түсуінің сыры неде? Ол – бүтін халық жадысының, жадысы  – жарық нұрға айналған бір  ерекше дарынды адам арқылы жария болу сәті еді.

Өлең-әуен-орындаушы. Осы үш асыл тізбек бірінен-бірі өтетін керемет еді. Өлеңнен  әуен артық түсті, әуеннен орындаушы биік тұрды. Үшеуі бірін-бірі жарқыратты. Өлеңнің сөзі – Біржандардың өзінің шын ғажап өмірі, әуені – судың сылдыры, шөптің сыбдыры, желдің суылы, бозторғайдың нәзік шырылы,  айналаның тылсым лебізінен шабыт алған шынайы үн,  дауысы – қозы көш жерден естілетін қайта тумас дара дыбыс. Сірә, «жадының жарық жұлдызы» деп осыны айту жөн шығар.

Осындай жадымызды жарық жұлдызға айналдырған кезеңде сомдалған ән-жыр, аңыз-дастан, мақал-мәтелдерден басымыздан өткен дүйім тағдырымыз, жан-дүниеміз, ой-арманымыз, сенім-нанымымыз,  тұрмыс-тіршілігіміз, елдік-ерлігіміз айнадан көрінгендей көрінеді.

Әрине, оны сондай анық көру үшін өзіміздің де жадымыз солардай болмаса да, соны тани алатындай шамада болуы шарт емес пе? Қайта елдік құрғандағы мақсатымыздың өзі сол болу керек еді. Тек айтыскерлеріміз ғана осы жолда тер төксе де, кеңістікке шыға алмай тыпырлауда…

Жемірілген жадымызды қайта қалпына келтірудің кілті – Ұлы Жаратушыға жалбарынып, көңілімізді тазартып, ата-бабаның аманаттарына адалдықпен қайта оралу ғана.

Ұлы Заң орындалса дүние гүлденетінін, бұзылса бүлінетінін тарих талай ескертпеді ме?!

(Жалғасы бар)

 

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!