ЕҢБЕГІ ЕЛЕУЛІ ҒАЛЫМ

  • 01.06.2020
  • 618 рет оқылды
  • 1

Биыл елімізге белгілі дипломат, ғалым, педагог Төлеген Тәжібаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Осы маңызды белеске орай ғылыми қауымдастықтың қатысуымен бірқатар шаралар жоспарланған еді, алайда, әлемге таралған індетке байланысты жоспарланған шаралар тұйықталып қалды. Әзірге 21 ақпан күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі Т.Тәжібаев атындағы Республикалық этно-психологиялық ғылыми-зерттеу орталығында ұйымдастырылған басқосуды қанағат тұтып отырған жайымыз бар. Сәуір айында аталған университетте ауқымды жиын да өтпекші болған. Ғалымның туған өлкесі – Түркістан аймағында да салтанатты шаралар белгіленген еді. Коронавирус індетінің таралуы тоқтап, жоспарланған дүниелер сәтімен іске асар деген үмітіміз жоқ емес. Амандық болса, ол күндерге де жетерміз. Оған дейін «Ақиқат» журналы арқылы қалың оқырман қауымға қайраткер азаматтың өмір жолы, ғұмырнамалық баяны жайында азды-көпті тілге тиек етуді жөн санадық. 

Төлеген Тәжібаев 1910 жылы өмірге келген. Кіндік қаны тамған жер – сол кездегі Шымкент, қазіргі Түркістан облысы Сүткент ауылы. Қазақ психология ғылымының негізін қалаушы, қазақтан шыққан алғашқы дипломаттардың бірі саналатын ғалымның халыққа қызмет көрсету жолымен астасып жатыр. Қажырлы еңбегінің арқасында көп дәрежеге жетті. Талай марапаттарға ие болды. Педагогика ғылымы саласында тұңғыш доктор және академик, Қазақстан Ғылым академиясының академигі. 1935 жылы Мәскеудегі коммунистік тәрбие академиясын, аталған академияның аспирантурасын бітірген соң әр жылдары Қазақ педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, Халық ағарту комиссары, Қазақ КСР-інің Сыртқы істер министрі, С.Киров атындағы ҚазМУ-дың ректоры, КСРО-ның Үндістандағы елшісі, 1961-64 жылдар аралығында ҚазМУ-да педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Қарап тұрсақ, көптеген сатылардан өткен. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ІІ-IV шақырылымдарының депутаты, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Осы ретте Төкеңнің өміріне қатысты маңызды деректерді де айта отырайық. Ол Қазақ КСР Сыртқы істер министрі болып тұрған кезінде мынадай оқиға болды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1944 жылдың 1 ақпанында шығарған заңында әрбір одақтас республика шетелдік мемлекеттермен тікелей қатынас жасай алатын құқыққа ие болған еді. Осы жағдайды пайдаланып, Т.Тәжібаев Сыртқы істер министрі болғандықтан Қазақстанды Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше етіп қабылдауға күш салады. Әрине, бұл аталған жағдай Кеңес өкіметі басшыларына ұнамады. Сондықтан, олар кедергі жасады да, Қазақстан БҰҰ-на мүше бола алмай қалды. Оның үстіне 1947 жылдан бастап Кеңес өкіметі одақтас республикалардың шет елдермен байланыс жасайтын құқын шектеп тастады. Соның нәтижесінде Сыртқы істер министрлігіндегі кадрлар қысқартылып, бар-жоғы 6 адам ғана қалды. Олар: министр Т.Тәжібаев, оның көмекшісі, Бірінші және Екінші хатшы, есепші және көлік жүргізуші. Министрліктің қаржы мәселесін де Қазақ ССР Министрлер Советіне өткізді, оған дейін КСРО Сыртқы істер министрлігінің қаржыландыруына қарайтын еді. Кеңес Одағының барлық сыртқы істер мәселесін шешу тек КСРО Сыртқы істер министрлігіне жүктелді. Қысқаша айтқанда, біздің республикадағы Сыртқы істер министрлігінің қызметінің аясы шектеулі болып қалды.
Десек те, үлкен тұлға, ғалым, дипломат және мемлекет қайраткері Т.Тәжібаевтың Қазақ елін БҰҰ-на мүше ету арманы 1992 жылы еліміз егемендігін алған соң орындалды.
Тарихи шегініс жасасақ, 1944 жылы Қазақ ССР-де Сыртқы Істер бойынша Наркомат «Халық комиссариат ашылатын болғандықтан жаңа мамандарды өзімізден дайындайық» деп Төлеген Тәжібаев Мәскеудегі Сыртқы Істер министрлігіне қарасты Жоғары Дипломатия мектебіне Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті Бюросының шешімімен 11 адамды оқуға жібереді. Олардың бесеуі Жоғары партия мектебінің Дипломатиялық бөлімінде оқыған. Сол білімді дипломаттар Қазақ КСР Халық комиссариатының Сыртқы істер бөлімінде қызмет етті. Төлеген Тәжібайұлы
білікті мамандарды даярлауға, соның ішінде ұлттық қадрларды жасақтауға ерекше көңіл бөлді. 1945 жылы Жоғары Дипломатия мектебіне 3 адам, Халықаралық қатынастар (МГИМО) институтына 3 адамды оқуға жібереді. Соның бірі – Мәлік Фазылов болатын.
Мәлік Сабырұлы – Т.Тәжібаев дайындаған дипломаттардың арасында ең көрнектісі. Ол 1951 жылы МГИМО-ны бітірген соң Қазақ КСР министрлігінде Т.Тәжібаевтың Бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. 1970 жылдардың басында шамалы уақыт Қазақстанда Сыртқы істер министрі болды. Одан соң өмір бойы Африка (Марокко, Мали) елдерінде Кеңес Одағының елшісі ретінде жұмыс істеді. Бүгінде Мәлік Сабырұлының немересі Франция елінде төтенше және өкілетті елші болып еңбек етуде.
Ал немере қызы МГИМО-ны үздік бітірген дипломат, Мәскеудегі елшілікте қызметте. Бір айта кетерлік жайт, Т.Тәжібаевтың Фазыловтан кейінгі көмекшісі Нұрулла Сағындықов болған екен.
Дипломат, генерал полковник Т.Тәжібаев сыртқы істер қызметінде жүріп Біріккен Ұлттар Ұйымында алғаш рет ағылшын тілінде 1950 жылы сөйлеген қазақ баласы. Кейінірек ол 1956-57 жылдары сол жерде бірнеше рет ағылшын тілінде баяндама да жасаған. Қоңыр дауысы таспаларда сақталған.
Т.Тәжібаевтың қамқорлығының арқасында Мәскеудің жоғары оқу орнын 30-дан көп адам оқып бітіріп, белгілі дипломаттар дәрежесінде қазақ тарихында есімдері ерекше аталады. Олар: Д.И.Исмағұлов, Ж.С.Тіналин, А.Ш.Туғанбаев сияқты белгілі дипломаттар Қазақ ССР Сыртқы Істер министрлігінде, ал Кеңес Одағының Ирандағы елшілігінде С.Т.Ділдәбеков, Судан елінде – К.Баймұратов, Венгрияда – С.Т.Райымбеков сынды дипломаттар еді. «Жақсыдан – шарапат» дегеніміз осы.
Ғалым, қайраткер Қазақ ССР Сыртқы Істер министрі қызметін атқара жүріп 1948-53 жылдары Қазақ Мемлекеттік университетінің ректоры болды. Осынау аса үлкен, жауапкершілігі мол жұмыста жүріп, мұнда да көптеген ғалымдарды тәрбиелеп өсірді. Оның дәрістерінен нәр алып, өзі іргетасын қалаған психология ғылымында Қ.Б.Жарықбаев, Ж.Түркпенұлы есімді атақты шәкірттері қалыптасты. Екеуі де ғылым докторлары.
Т.Тәжібаевты танитын адамдардың қай-қайсысы да ілтипатпен еске алады. Маған ол кісі жайында көп естеліктер айтқандардың ішінде филология ғылымының докторы, профессор Ғұбайдолла Айдаров пен профессор Жұмаш Ешмұратов еді. Ауыл мектебінде мұғалім болып жүрген жерінен ҚазМУ-ге шақырып алып, аспирант етіп қабылдағаны туралы Ғұбайдолла Айдаров былай деп әңгімелегені жадымда: «Ол ерекше бауырмал және өте іскер профессор екен.
Бірнеше кездескен соң: «Айналайын қолыңнан іс келетін, жаза білетін бала екенсің. Сен ғылыммен айналыссаң, жақсы болар еді. Сен сияқты ғылымға икемі мен таланты бар қазақ балалары жетіспейді. Сен бізге қажетсің. Маған аспирант болып кел. Алғашқы кезде материалдық жағынан біраз қиындық көрерсің, себебі аспиранттың стипендиясы көп емес. Ал сен ауылда мұғалімнің жетпейтіндігінен бір емес, екі ставка сабақ беріп жүрсің. Оқу ісінің меңгерушісі, директор боласың. Қысқасы, жағдайың жақсы. Мұнда біраз қиыншылықтар болады. Әрине, өзім көмектесем. Аздап сағат бөліп, дәріс оқытармыз. Сен көнбейтін қиындық бола қоймас. Бес жыл соғыста болып талай тауқыметті көрген ер жігітсің ғой, шыдайсың деп мені аспирантураға қабылдады» деп тебірене әңгімеледі.
Ғ.Айдаровтың дүниежүзіне белгілі ғалым, түркі руникалық жазудың маманы болып шыққаны белгілі. Тоғыз баланың әкесі профессор Ғ.Айдаровтың «Ең болмаса бір баламды Төлеген Тәжібаев ұстазым секілді дипломат етсем» деген арманы Қазақстан егемендік алған жылдары жүзеге асты. Наурыз Айдаров есімді ұлы дипломат атанды. Қазіргі таңда Әзербайжан Республикасындағы Қазақстан елшілігінде қызметте.
Шәкірті көп ғалым бақытты болса, Төлеген Тәжібаев атамыз бақытты шығар деп ойлаймын. Әрине, ол көп арманын орындай алмай, арманда кетті. 1964 жылы Мәскеуде операциядан қайтыс болмағанда, 26-27 жылдан қол жеткізген Тәуелсіздігімізді көретін еді. Егемендігімізді нығайтуға атсалысып, үлкен үлесін қосар еді.
Мақаламыздың жоғары жағында жазғанымдай, Төлеген Тәжібаевтың 110 жылдығына арналған іс-шаралардың бастауы ретінде ҚазҰУ-да басқосу болды. Онда ғалымның шәкірттері, белгілі ғалымдар мен дипломаттар қатысты. Алғашқы баяндаманы «Т.Тәжібаев – қазақ психологиясының негізін қалаған қайраткер» атты тақырыпта профессор Қ.Б.Жарықбаев жасады. Екінші баяндаманы «Қазақстан Сыртқы Істер министрлігі Т.Тәжібаев дәстүрін жалғастырушылар» атты баяндаманы Алматы қаласындағы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Өкілдігінің Басқарма басшысы және Саяси тобының жетекшісі Алмаша Аренова жасады. «Т.Тәжібаев және қазіргі Қазақстандағы психология ғылымы» атты тақырыпта п.ғ.д., профессор Меруерт Ахметова, ғалымның туысқандары мен ұрпақтары туралы А.Садықов ой-пікірімен бөлісті. Т.Тәжібаевтың 110 жылдық мерейтойына байланысты арнайы келген дипломаттар, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкерлері – Сәкен Сейдуәлиев, Мақсат Нұрмағамбетов, Ерсайын Есенғалиев, туысы Серікбай қажы Тойкелов көптеген естеліктер айтты. Жиын соңында сөз алған Ф.М.Шәмшиденова Т.Тәжібаевтың ескерткіші тек Түркістан облысының Шардара қаласында ғана тұрғанын және оқу орындарына әлі күнге дейін ғалымның есімі берілмегенін атап өтті.
Әрине, бұл мәселелерді тиісті сала басшылары қарастырып жатқан сияқты. Т.Тәжібаевтың ескерткіші Алматыда өзі 5 жыл басқарған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағына қойылғандығын армандаймыз.
Қорыта айтқанда, бұл салтанатты жиын ұлы тойдың беташары. Әрі қарай ретімен жалғасын табар деген үмітіміз мол. Тұлғаның есімін ұлықтап, шығармаларын насихаттауға байланысты бірқатар игі жұмыстар кезінде атқарылғанын айта кетейік. Мәселен, 1991 жылы ҚазҰУ-да Т.Тәжібаев атындағы Республикалық ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Келесі жылы аталған орталықтың 30 жылдық мерейтойы өтеді. Республикадағы ғалым педагогтар осы орталықта жиі бас қосады және Т.Тәжібаевтың ғылыми-педагогикалық мұрасын зерттеумен айналысады. Жыл сайын ғылыми конференциялар ұйымдастырады. Ұлы ұстаздың еңбектерін жарыққа шығарды. Солардың бірі – Т.Тәжібаевтың 5 томдық жинағы және т.б. Елге қызмет етудің ғажайып үлгісін көрсеткен қайраткер азаматтың аяулы есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Т.Тәжібаев атындағы этно-психология
оқу-зерттеу орталығының
директоры

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Оте керекти декректер екен.биздин ар кунимиздин ози тарих.агамыздын енбегин кенинен насихаттау керек.асиресе туганиелинде.

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!