БУДЕННЫЙ ДИВИЗИЯСЫНЫң ЖАУЫНГЕРІ

  • 01.06.2020
  • 104 рет оқылды
  • 0

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні жақындаған сайын, біздер, адамзат баласына қаншама қасірет әкелген, соңы Жеңіс дейтін қуанышты сөзбен аяқталған айтулы күн жайында, сол күнге ерекше еңбектерін сіңірген, қаны мен жанын бере жүріп ерлік пен қаһармандықтың ғажайып үлгілерін көрсеткен батыр бабаларымыз, ардагер аталарымыз жайында тебіреніп, осынау бір тарихи кезеңді ой елегінен өткізетініміз бар. Олардың алдында қаншама басымызды иіп, тағзым жасасақ та, артықтық етпейді. Себебі біз бейбіт заманның ұландарымыз. Ал бейбіт заманды құрып берген де – кешегі өрімдей жас жігіттер, қыздар, бүгінгі ардагер аталарымыз бен апаларымыз болатын. 

Ұлы Жеңістің биылғы 75 жылдығы аясында мен ардагер атам Мұхамеджан Омаров жайында азды-көпті сыр шерткім келіп, қолыма қалам алдым. Өкінішке орай, Мұхамеджан атам 1999 жылы дүние салды. Біз ол кезде мектеп жасындағы баламыз. Оң-солымызды енді біліп келе жатқан шақта атамыздың даналыққа толы сөздеріне, парасатына тәнті болып, кеудемізге нұрлы ақылын құя бердік. Әр жыл сайын қатары сиреп бара жатқан ардагерлерді мерекелік алаңдардан көргенде олардың арасында менің де атам жүргендей, қадамын баяғыдай нық басып, сымдай тартылып, бойын сергек ұстап келе жатқандай әсерде қалатыным рас. Әкелеріміз бен аталарымыз туралы жазу кім-кімге де болса оңайға соқпас. Дегенмен, майдангерлердің алдындағы бір парызымыз – бүгінгі ұрпаққа олардың жақсылығын үлгі ету, өнеге қылып сыр шерту.
Әлі есімде жыл сайын 9 мамыр қарсаңында атамды мектепке кездесулерге жиі шақыратын. Оқушылар, ұстаздар қауымы сұрапыл соғыс жайындағы естеліктерін тыңдайтын. Көкірегі ояу, көзі ашық атам жадында жатталған дүниелерді әңгімелеп беретін. Шайқасқа өзімен бірге қатысқан өзбек, қырғыз, башқұрт, татар және басқа да ұлт өкілдерінің есімдерін жатқа айтқанда таңқалмайтын адам болмайтын. Негізі атам атақты қолбасшы С.М.Буденный басқарған атты әскер гвардиясының құрамында болған. Алғашқы рет 1942 жылы Алматы қаласында жасақталған атты әскер полкына қабылданып, соғыс алды дайындықтан өткен соң, Орел қаласындағы 58-ші атты гвардияның сапында соғыстың алғы шебіне аттанған. Әскери бөлімдердің өз ерекшеліктері мен мүмкіншіліктері болатыны белгілі. Мысалы, атты әскер құрамалары соғыс кезінде стратегиялық жағдайларды ескере отырып, тұтқиылдан шабуыл жасауға, қажет кезде жаяу әскерлерді демеп, қолдап жіберетін әлеуетті күш саналған. Атамыз соғыстың соңғы күндеріне дейін майданда болған. Тіпті, Берлинді жаулау операцияларына қатысқанын әрқашан мақтан тұтатын. Украина, Белоруссия жерлерінде орман алқаптары көп, зеңбіректер мен катюшалардың төмпештеуінен кейін ес жия алмай, есеңгіреп жатқан жауға оңынан да, солынан да тұтқиылдай шабуылдап, қылыштарын жарқырата екпіндей келе жатқанда атты әскерден жау еңсесі тіпті қаймыға түседі екен. Әрине, осындай қоян-қолтық ұрыс кезінде атты әскерлер де шығынға ұшырап жатады екен. Ол кездегі үзеңгілес достары көп ұлттың өкілдері бола тұра, бір жанұяның балаларындай тату-тәтті, ұйымшыл, патриоттық рухтарының мықтылығымен ерекшеленіпті.
– Біз әрқашан бір-бірімізді қорғап, алға қойған мақсатымызды, берілген тапсырмаларды орындап шығу үшін бар күш-жігерімізді салатынбыз. Сол біріккен ұйымшылдығымыздың арқасында Киевті, Люблинді, Варшаваны жаудан азат еттік. Жау ордасы Берлинді алып, соғыстан кейін неміс жерінде Бранденбург қаласында тәртіп орнату үшін коменданттық қызмет атқардық – деп әңгімесін толғана түйіндеуші еді. Жауынгерлік Қызыл Ту, І-ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері, екі мәрте «Жауынгерлік ерлігі үшін» және басқа да көптеген медальдары атамның кеудесінде сұрапыл соғыстағы ұлы жеңістің айбынындай жарқырап тұрушы еді.
Соғыс тақырыбынан бөлек, атам өмірдің қыр-сыры жайында, адамдық әдеп, ар мен намыс, ұлағат пен өнегелі істер туралы да көзқарасын ортаға салушы еді. «Азамат балам, елдің қамын ойлап жүрсең, жаман болмассың. Жақсылыққа жуық бол. Жаман әдетке, өтірікке, дүниеқоңыздыққа әуестенбе. Адамның ала жібін аттама» дей келіп, менің есімде ұзақ сақталған мынадай бір тағылымды дүниені айтып бергені бар.
– Мен соғыстың басынан аяғына дейін ат үстінде жүрдім. Дегенмен, сол Германияның Бранденбург қаласындағы коменданттық сағатта біз қаланы жаудан тазалап, тексеріп, жау әскерлері кездескен жағдайда тұтқынға алып, мойынсұнбай қарсылық білдіргендермен соғыса жүріп, Ұлы Жеңісті өз тұғырына қондырдық. Бұл тарихи шындық. Біздің көргенімізді кейінгі ұрпақтың көрмеуіне бір Құдайдың өзі жар болсын. Осы Бранденбург қаласында басымыздан бір қызық жағдай өтті.
Бірде қасымда орыстың жауынгері бар, екеуміз қаланың орталығын аралап, тексеріп жүріп, күдік тудырған екі қабатты үйге келіп тоқтадық. Аттарымызды байлап, ешкімге білдіртпестен әлгі үйге жайлап қана қадам басып, кірдік. Қолымызда мылтық. Жан-жағымызға зер салып, мұқият қарап қоямыз. Жан баласы байқалмайды. Үйді түгел аралап шығайық деп шештік. Сөйтіп жүргенде, бөлменің бір бұрышында жатқан қара чемоданға тап болдым. Салмағы да әжептәуір екен. Ашып қарасам, іші толған мақта. Бірақ, мақталардың арасында алтыннан жасалған бұйымдар, сырға, сағат, жүзік дейсің бе, әйтеуір мол екен. Дереу қасымдағы серігімді шақырып, бағалы заттарды көрсеттім де: «Полкқа өткізейік» деп орнымнан тұра бергенім сол еді, ол аң-таң кейіпте: «Мухамеджан, зачем сдавать в полк, они даже тебе спасибо не скажут. Давай, поделимся!» деп жалынып, қоймады. Ақыры, менің райымнан қайтпайтынымды сезген ол: «Өзіңе керек болмаса да, ауылыңа барғанда, соғыстан жұтаған ел-жұртқа пайдасы тиер, олар аш құрсақ отырған шығар, соны ойламайсың ба?» дегенде ғана шешімімді өзгерттім. Ер жігіт үшін елден қымбат не бар? Содан не керек, әлгі жерде алтындарды екіге бөліп алдық. Арада біраз уақыт өтті. Одан кейін Жапон соғысына да қатысып келдім. Елге аман-есен оралған соң, байқағаным, туған жерім – Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы ауыл-аймақтардың жағдайы тым мүшкіл екен. Тигізген көмегім осы болсын деп, бағанағы алтындардың барлығын кедей-кепшіктерге, жетім-жесірлерге, кембағал жандарға таратып бердім. Бұл да бір сауапты іс болған шығар деп өзімше топшылаймын, балам, – деп, атам маңдайымнан сипап, халыққа қызмет етудің жолын осы үлгісімен-ақ сездіріп кеткені әлі де көкейімде сайрап тұрғандай. Қайран, атам-ай, ардагерлер-ай! Намысты қолдан бермеген, етігімен су кешіп, қар төсеніп, мұз жастанып жүріп Жеңісті сыйлаған батыр бабаларымыз-ай! «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» демекші, олардың жасаған ерліктері Отаншылдықтың, елге деген жоғары сүйіспеншіліктің нағыз үлгісіндей болып, жүрегімізде әрқашан маздап тұра беретіні анық!

Азамат НҰРЛЫБАЙ,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!