БІЗ ҚАУІП ЕТКЕННЕН АЙТАМЫЗ…

  • 01.04.2013
  • 457 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Тоқтар ЕСІРКЕПОВТоқтар ЕСІРКЕПОВ,
экономика ғылымының докторы, профессор

Интеграция үлгілері

Жалпы, қазір әлемде аймақтық интеграция өркен жайды деуге болатын сияқты. Оның ең сәтті де ірі үлгісі ретінде әдетте Еуроодақ ауызға алынады. Мұндай одақтарға мүше елдердің, бiрiншiден, оған кiру құқығы ерiктi болуы, екіншіден, олардың саяси-әлеуметтік құрылымы ұқсас болуы, үшіншіден, экономикалық даму деңгейi шамалас болуы, төртiншiден және ең бастысы, шамалас болмаса да олардың құқықтары өзара тең болуы қажет.

Интеграциялық одақтың түр-түрi кездеседi. Оның екi жолы бар: бiрiншiсi – Солтүстiк Америка елдерiнiң одағы (НАФТА). Олар: Кедендiк одақ, Еркiн сауда аймағын құрды, бiрақ, онда ұлтүстiлiк органдар жоқ. Барлық қажеттi келiсiмдердi өзара кеңесе отырып, бiрге дайындайды. Екiншiсi – Еуроодақтың жолы. Бiз қазiр осы жолмен келе жатырмыз, АСЕАН да солай. 1970 жылдары құрылған бұл ұйымның құрамында 10 мемлекет бар. Осы ұйымның 1976 жылы қабылданған Бали декларациясында АСЕАН мүшелерi арасындағы негiзгi қағидалар бекiтiлген. Олар: бірінші, тәуелсiздiктi мойындау; екінші, бiр-бiрiнiң iшкi iсiне араласпау; үшінші, теңдiк; төртінші, территориялық бiртұтастықты мойындау; бесінші, кикiлжiңдердi бейбiт жолмен шешу. Яғни, интеграциялық одақтардың бiреуiнде ұлтүстiлiк органдар бар да, екiншiсiнде – жоқ. Бiз Еуроодақтың жолын таңдадық дедiк. Ендi, «бұл қандай одақ, ол қашан және не үшін құрылды?» деген сұрақтарға жауап iздеп көрелiк. Еуроодақтың негiзiн қалаған қағидалар 1951 жылы Париж декларациясында қабылданған. Ең әуелi «Көмiр мен құрыш қауымдастығы» құрылды, оның Кедендiк одаққа ұқсас тұстары бар, одан соң олар ортақ нарық құрды, сосын, бiр саяси одаққа бiрiгемiз деген едi. Яғни, Еуроодақ – саяси одақ. Өзiнiң парламентi, атқарушы органдары, соты т.б. органдары бар. Сонда, Еуроодақтың жолымен жүрсек, бiз де саяси одақ құрамыз ба? Кедендiк одақ – БЭК – ортақ валюта, сосын … Бiрыңғай одақ па? Бұл туралы ешкiм айтпайды. Бiрақ, менiңше, түбiнде соған келе жатыр. Енді, біз жоғарыда атап өткен төрт шартқа көбірек сәйкес келетін «Орта Азиялық одақ құрылуы мүмкін бе?» деген сұраққа келейік. Біздiңше, Орталық Азия елдерiнiң одағы – объективтi қажеттiлiк. Ежелден көршіміз, болмысымыз ұқсас, тегіміз бір, тарихымыз ортақ. Бiрақ субъективтi факторлар басым болып тұрғандықтан, бұл идея қазiргi таңда шеттетiлiп тұр. Түптiң түбiнде, бұл интеграция жүзеге асады. Бұл аймақта ортақ проблемалар жеткiлiктi, оларды ортақ келiсiмге келiп шешпейтiн болсақ, бұл жерде өмiр сүру қиын болады.

Бiрақ, бұл интеграция – басқа түркi тiлдес елдердi де қамтуға тырысуы керек деп ойлаймын. Түркi елдерi одағын құру идеясы айтылуда. Оның болашағы бар сияқты. Түрiк мемлекеттерi арасында Кедендiк одақ құру бастамасы да көтерiлдi. Бұдан басқа Ислам елдерi бар.

Құжаттар қайда?

Ал, 2009 жылдың 2-жартысынан бастап Кедендiк одақ құруға дайындық басталды, әртүрлi жұмысшы топтары құрылып, нормативтi құжаттар дайындалды. Бар болғаны жарты жылда бар қажеттi құжаттар дайындалып болды. Сол кезде, Кеден одағына байланысты қайшылық туғызған мәселелер бойынша қоғамда түрлi талқылаулар жүрдi. Мысалы, автокөлiктер импортына байланысты, импорттан түскен пошлиналарды бөлуге қатысты, оның қанша пайызы Ресейге, қанша пайызы Белоруссияға тиесiлi деген мәселелер талқыға түстi. Сол тұста БЭК құру алдында әлi талай мәселелер айтылады делiнген едi. Бұрынғы Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов ресейлiк «Коммерсант» газетiне берген сұхбатында «Кеден одағының нормативтi құжаттарын дайындаған жұмыс топтары БЭК аясындағы қажеттi нормативтi құжаттарды да дайындап жатыр» деген. Бас-аяғы 20 шақты құжат екенiн айтып, оның 12-iне 2011 жылдың 1 қаңтарына дейiн қол қойылатынын да хабарлаған едi. Сонымен, 17 құжатқа қол қойылды. 20 құжаттың 3-еуi қайда екенi белгiсiз. Ал, осы 17 құжаттың бiрде-бiреуiн бiз көрген жоқпыз. «Көрген жоқпыз» дейтiнiм, ҚР Үкiметiнiң ресми сайтында немесе ҚР Экономикалық даму және сауда министрлiгi сайтында немесе Ресейдiң экономикалық даму министрлiгi сайтында, Кеден одағының ресми сайтында БЭК-ке қатысты бiрде-бiр құжат жоқ. Яғни, бiрде-бiр бизнес өкiлi, азаматтық қоғам бұл құжаттар жөнiнде пiкiр айтқан жоқ, талқыға салған жоқ. Тiптi, мынандай сұхбатта немесе мақалада айтылды дейтiндей, бiрде-бiр газет-журналда бұл мәселе жазылған жоқ. Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк құрып жатырмыз, бiрақ, бұл жөнiнде қоғамдық пiкiр әлi қалыптасқан жоқ.

Тәуелсiздiк алғанымызға 20 жыл толғанын атап өттiк, 20 жыл бойы тәуелсiздiк траекториясымен келе жатыр едiк, ендi интеграциялық одаққа кiрiп жатырмыз. Бұл – тәуелсiздiктiң белгiлi бiр функцияларынан бiртiндеп айрыламыз деген сөз.

Үкiмет шешiм қабылдады. Ал, халық қайда? Азаматтық қоғам қайда? Мамандар қайда? Неге бұл мәселе қоғамдық талқылауға шығарылмайды? Осыған орай, ҚР Парламентiнiң, Мәжiлiсiнiң сайттарында да осы заңдардың жобасы неге жарияланбайды? Не газетке шықпаса, не интернетте жарияланбаса, сонда халықтан тығып жасап жатыр ма мұның бәрiн?

Қазан айында Алматыда халықаралық семинар болды, оған Ресей, Украина, Белоруссиядан, ТМД бойынша бiрталай елдердiң ғалымдары келдi. Ресейлiк делегацияның құрамындағы екi ғалымның осы БЭК бойынша құрылған жұмысшы тобына қатысы бар болып шықты. Ал, олардан басқа Академияның президентi де, басқа да ғалымдар бұл жұмыстан хабарсыз екен. Ресейде де, Белоруссияда да талқылау болған жоқ дейдi. Яғни, ешкiм бұл құжаттардың талқылауға түсуiне ынталы болған жоқ.

Тағы бiр мәселе. Кедендiк одақ – БЭК – ортақ валютаға бiртiндеп, сатылап көшемiз дейдi. Бұл процесс 2010 жылдан басталды. 2012 жылдан бастап БЭК өз күшiне енсе, одан соң ортақ валюта айналымға енбек. Оның қашан енгiзiлетiнi әлi ашық айтылған жоқ. Сонда, санаулы ғана жылдардың iшiнде үлкен-үлкен үш кезеңнен өтедi екенбiз. Ақыр соңында, экономикалық одақ құрылады.

Саяси одаққа келе

жатқан жоқпыз ба?

Ал, ол қандай одақ болмақ? Бұл туралы ләм-мим деген сөз жоқ. Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк дегенiмiз – Одақ құруға дайындық. Ресей өкiметiнiң ашып айтпаса да, басты арманы – территорияны кеңейту. Оның бiр жолы – Кедендiк одақ, БЭК. Сондықтан, бұл ең әуелi – саяси жоба.

Бiр ғана мысал келтiрейiн. Кеден одағы құрылған кезде бiздiң саясаткерлер: «Ендi 170 млн. адамы бар нарыққа шығамыз», – деген едi. Таза экономикалық жағынан алғанда, бұл Қазақстанға пайдалы дейдi. Шынымен солай ма? Үлкен бизнестi алайық. Бұл – шикiзат бизнесi. Бiрiншiден, ол негiзiнен шетелдiктердiң қолында, екiншiден, бұл салада Кеден одағына кiретiн елдермен сауда-саттық жоқтың қасы. Олар АҚШ, Еуропаға, Қытайға, т.б. елдерге сатады, басқаша айтқанда, оларға бәрiбiр. Ал, шағын және орта бизнеске келсек, Ресейде технология, маркетинг жақсы дамыған, бiз олармен санаулы өнiмдер бойынша ғана бәсекелес бола аламыз. Ал, Ресейге пайдалы ма? Жоқ. Ресейдiң 140 млн. халқы бар. Қазақстанда бар-жоғы 16 млн. халық. 2010 жылдың 1 тоқсанындағы мәлiметтi қарасаңыз, Кедендiк одақ құрылғалы берi Ресейдiң импортының 7,9% ғана осы одаққа кiретiн елдерден келген. 93% басқа мемлекеттердiң үлесiнде. Ал, экспорты – 6,5% ғана! Яғни 93,5% Кеден одағынан тыс басқа елдерге жөнелтiледi. Басқаша айтқанда, Кедендiк одақтың экономикалық қажеттiлiгi мен тиiмдiлiгi бiзге қарағанда олар үшiн төмен. Осының өзi-ақ Кедендiк одақтың саяси жоба екендiгiн көрсетедi. Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк те – саяси жоба.

Кедендiк одаққа, БЭК-ке кiру тетіктері бар да, одан шығу тетіктері бар ма? Бiлмеймiз. Өйткенi, ол құжаттарды бiз көрген жоқпыз. Бiлетініміз – Кедендiк одақта Ресейдiң дауысы – 57%, Белоруссиянiкi – 21,5, Қазақстандiкi – 21,5 пайыз. Ал, 17 құжат қабылданғаннан кейiн БЭК аясында кiмнiң қанша пайыз дауысқа ие екенiнен мүлдем хабарсызбыз.

Кедендiк одақ iшiнде бiр алпауыт ел бар да, екi кiшкентай ел бар. Алпауыт ел, қанша дегенмен, шағын экономикалы елдi тықсырады. Бiзде қазiр Қытайдың экспансиясы туралы көп айтылады, бiрақ, Ресейдiң экономикалық экспансиясы туралы мүлде жазылмайды деуге болады. Ресей болса, бiздiң стратегиялық нысандарды, бiздiң экономикалық кеңiстiктi бiртiндеп жаулап алып жатыр…

Мүмкін Украинадан үлгі

алу керек шығар?

 

БЭК аясында төрт фактор – капитал, тауар, қызмет көрсету мен жұмыс күшiнiң еркiн айналымы жүзеге асады. Сонда, Ресейдiң капиталы ертең бiздiң капиталды жұтпай ма? «БТА банкiсiне» қатысты көп әңгiме айтылды. Банкте шетелдiктер капиталы 50%-дан аспауы керек деген шектеу бар, егер ондай шектеудi алып тастайтын болса (оны да iстеуi мүмкiн), онда Ресейдiң капиталы Қазақстанда басым түспек.

 

Жалпы, Кеден одағын құру туралы идеяны Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Мәскеу Мемлекеттiк университетiнде дәрiс оқып тұрған кезде айтқан едi. Ал, БЭК туралы 2003 жылдан бастап айтыла бастады. Сол жылы шiлде айында 4 елдiң басшылары – Украина, Ресей, Белоруссия, Қазақстан БЭК құрамыз деп келiсiмге келген. Бұған қажеттi нормативтi құжаттарды бiр iзге келтiруi тиiс комиссияны Украинаның сол кездегi премьер-министрi Х.Азаров басқарған болатын. Кейін, Леонид Кучманың үкiметi саяси сахнадан кеттi де, Ющенконың үкiметi билiкке келдi. Сол кезден бастап Украинаның сыртқы саясаты өзгере бастады. Бiрiншiден, олар «бiзге Кеден одағы да, БЭК те керек емес, тек еркiн сауда аймағы болсын» деген ұсыныс бiлдiрдi. Ющенко: «Бiз фискалдық, кедендiк, бюджеттiк егемендiгiмiзден айрылғымыз келмейдi, бiз ұлтүстi ұйымдарын құруға қарсымыз», – дедi. Қысқасы, тәуелсіздігімізден айыруы мүмкін-ау деген жаққа аттап аяқ баспаймыз деген сөз бұл. Сондықтан, АСЕАН елдері арасындағы Бали декларациясы тәрізді құжат Кедендiк одақ аясында да ауадай қажет. Себебі, бұрын ОДКБ-ға оған мүше мемлекеттердiң iшкi iсiне араласуға құқығы жоқ болатын. Жақында ОДКБ құжаттарына қосымшалар енгiзiлдi, ендi бұл ұйым басшылығының ұйымға мүше мемлекеттердiң iшкi iсiне араласуға, қажет болған жағдайда, әскер кiргiзуге, барлау қызметiн жүргiзуге, т.б. құқығы бар. Ал, осы елдің бірінде саяси дағдарыс болған жағдайда, Ұжымдық қауiпсiздiк жөнiндегi келiсiмшарт ұйымы (ОДКБ) әлгі елдің биліктен айрылғысы келмейтін билігін қолдап, халыққа қарсы шықпай ма? Біз қауiп еткеннен айтамыз…

 

Алдыңғы «
Келесі »