Тарих, тарихшылар және БИЛІК

  • 14.11.2013
  • 1952 рет оқылды
  • 3

IMG_1365Жания Әбдібек,
журналист

Қазіргі еліміздің қоғамдық-саяси, ғылыми өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі −тарихқа көзқарастың жаңа кезеңінің қалыптасуын қамтамасыз ету. Оған мұрындық болып отырған − билік. Осы бір науқан басталғаннан-ақ, оған тарихшы да, тарихшы емес те, тіпті, кейбір саясаткерлердің өздері де араласып кетті. Осыдан кейін онсыз да, бұған дейін де көкпарға түскендей күй кешкен ел тарихының мәселесі одан әрі күрделене түспей ме? Осы тұстағы тарих, тарихшылар және билік арасындағы байланыс қандай болып, неге негізделіп, қалай болуы тиіс? Осы сұрақтар төңірегінде «Келелі кеңесімізде» белгілі тарихшылар Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас қызметкері, т.ғ.д., профессор Зардыхан Қинаятұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Халықаралық қатынастар факультетінің профессоры, т.ғ.д., «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры Нәбижан Мұхамеджанұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Әлімғазы Дәулетхан, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, т.ғ.д. Мәмбет Қойгелді, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тарих және этнология факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Талас Омарбеков қатысып, ой бөліскен еді. Назарларыңызға кеңесте айтылған ой-пікірлерді ұсынамыз.


– «Тарих толқыны» кезеңінде билік төрелік айтып, тарихшылар «біз білемізге» салып, оның үстіне, осынау, процеске ара­­ласқан қоғам мүшелері «ел тарихына біз­дің де қосып-аларымыз бар» деп тарих, шір­­кін, үш оттың ортасында қалмай ма?
Зардыхан Қи­наят­­­ұлы: − Кө­те­ріп отыр­ған та­қы­рып­та­рыңыз өте өткір. Бұл сауалға жау­ап беру үшін ең алдымен, билік деген не, та­­рих дегеннің ара-қа­ты­­­насын ашып алып, түсініп алып, екеуі­­нің бай­ланысына тоқталып алған дұ­­рыс. Өздеріңіз білесіздер, тарих деген зерделеніп, зерттеліп жазылған ха­лық­­­тың сан ғасырлық өмірбаяны, ата-бабаларымыздың өткен ізі, жүріп өткен жолы. Ал, билік дегеніміз қоғамның бар­­­­лық саласын жүйелі басқаратын инс­титут. Бұл институт тарихты басқару керек пе жоқ па? Соған тоқталсақ. Биліктің тарихқа қандай да бір бағыт-бағдарлар беруі мүмкін. Бірақ, тарихты басқармауы керек. Өйткені, өткен басқаруға келмейтін ұғым-түсінік. Бізді басқаруы мүмкін, бірақ, тарих билікке бағынбайды. Биліктің негізгі мақсаты өткен тарихтан сабақ алуы керек. Солардан үйреніп, ой-сана қалыптастырғаны дұрыс. Ал, ой-сана тарихшылар арқылы қағазға түсіп, айналып келіп оларға әсер етуі тиіс. Қазіргі жағдайда, біз барлық мәселені билік айтқандай жазып жатырмыз деп айта алмаймыз. Тарихты әр кім әр қырынан жазып жатыр. Бірақ, кейде тарихқа биліктің де араласып кететін жағдайлары болады. Мысалы, Абылай ханның 300 жылдық тойын жуықта ғана тойлап өттік. Ал, оны негізінен екі жыл бұрын, яғни, 2011 жылы тойлауымыз керек еді. Себебі, Абылай хан 1711 жылы туған. Бұл нақтыланған, зерттелген. Бұл тәуелсіздіктің 20 жылдығымен қоса тойлануы тиіс болатын. Бірақ, ол кейінге шегерілді. Ал, енді ойлап қарасаңыз, Абылай хан қазақтың ұлы хандарының бірі, батыр, көреген саясаткер, қай қырынан алып қарасақ та, тәуелсіздік үшін күрескен күрескер, қанын төккен адам. Абылай хан 30 жыл жоңғарлармен, 26 жыл бір жағынан орыстармен, бір жағынан Цин империясымен күресті. Орыстарға іс жүзінде бағынбады. Бұл туралы Бартольд кезінде: «Абылайхан өте қу саясаткер, қазаққа қажет кезде ғана орыстың пікірін қолдайды, ал, қажетсіз болса айналып өтедін» деп оның саясаттағы көрегендігін жазған. Сол тойды тәуелсіздікпен қатар тойлап өтсек, өте дұрыс болушы еді. Өйткені, Абылай ханның саяси өмірін тәуелсіздіктен еш бөліп қарауға болмайды. Сол сияқты, биліктің тарихқа араласып жататын кездері болады. Тарихтың әр кезеңі өз орнында болса, билік сол тарихқа бағынса, бүгінгі бізге емес, тарихқа бағынса, содан сабақ алса, онда келешекте тарих жазуға жаңаша мүмкіндіктер болар еді.
Мәмбет Қойгелді: − Меніңше, тақырып өте дұрыс қойылған. Бізде билік пен тарих­тың ара-қаты­насын айтудан осы уақытқа дейін билік те қашады, тарихшылар да қа­шады. Өйткені, бұл тарихымызда үлкен дау тудырған мәселе. Соған байланыс­ты, көп мәселені бізде басқаша қояды. Тарих пен тарихшы деп қояды. Билік пен тарих емес. Мүмкін, әлемнің басқа елдерінде мәселені осылай қойып, шешіп жатқан шығар. Ал, бізде ондай емес. Біздегі тарих, ғылым саласы ретінде, өткен ғасырда тікелей биліктің қалауымен және қолдауымен қалыптасты. Идеологияның қаруы және қоғамдық санаға ықпал етудің құралы ретінде өмірге келді. Табиғи негізде емес, кәсіби тарихнама билік­­­тің тікелей ықпалымен жазылды. Біз мұны мойындауымыз керек. Бұдан біздің тарихнама табиғи тамырынан өріс алмады деген пікір тумауы керек. ХХ ғасырдың басында қоғамдық сұраныс бойынша тарих ғылымы табиғи негізде алғашқы қадамын жасай бастаған. Мәселен, Шәкәрім Құ­­дай­бердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мұ­хамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Санжар Асфендияровтың еңбектерін жатқызуға болады. Бірақ, мұндай табиғи негізде тарихнаманың дамуы ұзаққа созыл­ған жоқ. Билік оған ерік бермеді.
Ал, қазіргі жағдайға келер болсақ, мем­лекеттік, қоғамдық мақсатты қол­дау­сыз тарихи еңбектердің жазылуы, тарихи тәжірибе көрсеткендей өте қиын. Барлық елдерде сондай. Тарих ғылымы өзінің алғашқы қадамында биліктен қолдау алған. Билік саналы түрде оны қолдаған. Шығыста да сондай, батыста да сондай болды. Халықаралық тәжірибеде соны көрсетеді. Өткен ғасырда өмірге келген кәсіби тарихнаманы толыққанды ғылым атауға келмейді. Өйткені, ол халық нақылындағыдай «күшік кезінде таланған». Шартты түрде айтсақ, «күшік кезінде та­ланған ит азулы төбет бола алмайды». Орыс тарихшысы Афанасьев айналымға «репрессияланған тарих» деген ұғымды қосты. Осы атау советтік кезеңде жазылған тарихнамаға толық сәйкес құбылыс. Бұл ұғым Қазақстан тарихнамасына да қатысты деп ойлаймын. Әдебиетте «социалистік реализм» деген мектептің үстемдік құр­ғаны сияқты тарих ғылымында да марк­систік-ленинистік методология аталған концепция билік құрды. Тарихшылар мен ғылыми институттарға тапсырысты, тарихи процестерді қандай көзқарастар тұрғысынан зерттеу туралы ұстанымды империялық идеологиялық орталықтар анықтады.
Өткен ғасырдағы алғашқы буын кәсібі тарихшылар мен әдебиеттанушылардың тағдыры олардың Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің абақтысына жабылып, тер­­геуге алынып, ұзақ мерзімге сотталуы еркін ой-пікірге жасалған шабуылы емес, сонымен бірге, кәсіби тарихнама мен әде­биеттануды тек идеологиялық тапсырыс шеңберінде ғана жұмыс істей алатын роботқа айналдырудың өзі болатын. Сондықтан, кеңестік кезеңдегі қазақ тарихнамасы мардымды ештеңе бере алмады. Бұл факт. Көрсетілген идеологиялық шеңберде ғана жұмыс жасауға міндетті болды. Мі­не, осы кеңестік кезеңде қалыптасқан та­­ри­хнаманың арнасынан жаңа еркін кеңістікке шығу бізге оңайға түсіп отырған жоқ. Біз көп жағдайда инерциямен келе жатырмыз. Халық, «Тарих толқынында» бағдарламасы өз мойнына осы міндетті алса, отандық тарихнамаға көмектескен болар еді. Батыстық және Шығыстық мектептерге жас буын өкілдерін жіберуді қолға алу қажет деп есептеймін. Бұл жерде бізге велосипед ойлап табудың қажеті жоқ.
Тарихнама Шығыста да, Батыста да дамыған. Ал, біз мемлекетті қалыптастыру кезеңінде тұрмыз. Яғни, соған сәйкес адек­ватты, мемлекеттік статусқа лайық тарихи таным, тарихи сана болуы керек қой. Сон­дықтан, біздің әрекетіміз сол деңгейде болуы тиіс.Мемлекеттік тәуелсіздікке байланысты, сол сұранысқа сәйкес қадам жасауымыз тиіс. Онсыз қазіргі ешқандай науқандардан, шаралардан нәтиже шықпайды. Ол факт!
Әлімғазы Дәу­лет­хан: − Көтерілген мә­се­­леге байланысты ай­тылған ойдың бәрі­не келісемін. Себебі, бұл біздің көп­тен бер­гі айтылып, тал­қылап, жазып жүрген та­­қы­рып­тарымыздың, ойы­мыздың бір жерден шығуынан болуы керек. Билік және тарих, тарихшылар, бұлар бір-бірімен кейде сыйыспайтын, кейде бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын ұғымдар. Егер, билік қолдамай, керісінше тізгіннен қағып отырса, тарих өз деңгейінде болмақ түгіл, тарихшылардың өзі «байтал түгіл бас қайғы» деген жағдайға түсуі мүмкін. Ал, мемлекеттік билік халықтың атынан елді басқарып отырған жағдайда тарихшыларға жасаған жағдайлары мен жеңілдіктерін міндет қылмауы керек. Билік сол үшін, халыққа қызмет ету үшін отыр. «Тарих толқынында» немесе «Мәдени мұра» және т.б. бағдарламалары мемлекет тарапынан іске асырылуда, солай болуға тиіс те.
«Тарих толқынында» бағдарламасы шыққаннан бергі практикаға қарап отырсақ, бұл бір жағынан қуанарлық жағдай, бір жағынан «осы қаншаға созылар екен?» деген де сұрақ туындайды. Өйткені, науқанменен ештеңе де болмайды. Зардыхан аға айтқандай, мыңдаған жылдық тарихты «Тарих толқынында» сияқты бір науқанменен қорытып, содан бір керемет нәрсе шығара алмасымыз анық. Бұл ұзақ уақытқа жоспарлануы керек. Тарихты өзіміз ойлағанымыздай жазуымыз үшін уақыт керек, тарихқа қатысы бар әр саланың мамандарынан: кәсіби тарихшы, философ, тілші, әдебиетшілерді бір ортаға жинауға тиіспіз. Олар тарихты талқылау, жазу ісімен айналысуы керек. Өйткені, осыған дейінгі жазылған дүниелер сарапқа салуды қажет етеді. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс деген секілді мәселелерді бірлесе, талқыға сала отырып шешуі тиіс. Егер, биліктің шынымен тарихпен айналысқысы келсе, онда осындай үлкен ұйымдастыру шараларын жасағаны абзал. Тарих мәселесіне мемлекет үлкен қаржы бөліп отырғаннан кейін неше түрлі көзқарастардағы тарихшыларды бір жерге жинай отырып, олардың ортақ пікірінің негізінде тиянақты жоспар жасалуы керек. БАҚ тарихи мәселелерді қозғауы мүмкін, алайда шеше алмайды. Сондықтан, билік тарихты зерттеуді ұйымдастырудың формасын өзгертсе. Осыған уақыт жағынан да, қаржылық жағынан да ерекше мән берсе деген ойдамын.
Талас Омарбеков: − Тарихқа биліктің араласуы бұрыннан келе жатқан дәстүрлі нәрсе. Өзімізге көрші орыстардағы Карамзин Ресейдің тарихын Патшаның нұс­қауымен, Рашид ад-Дин де Газан хан­ның қолдауымен өз еңбектерін жазды. Өз тарихымызға келсек, Күлтегін де тарихты ағасы Білге қағанның өтінішімен тасқа тарихты қашады. Қытайдан бәдізшілерді алдырып, жазбасын Йолығ Тегін жазғанымен, билікте отырған Тоныкөк пен Білге қағанның шешімі бол­маса, мұндай жазу келер ме еді. Күл­тегін қаған болмаса да, Білге қаған мен Тоныкөктің арқасында тарихымызға ауадай қажет ерекше дерек қалдырды. Қытайдың барлық жылнамалары билік­тің тапсырысымен жазылған. Біздегі өзіміздегі тарихқа келер болсақ, Мәкең шығарған Қадырғали Жалаиридың 1602 жылы жазған еңбегі Борис Годунов қамқорлығымен жазғанын бәріміз де білеміз. Осы еңбектердің бәрі өте құнды еңбектер. Бірақ, егер де билік тарихты шынайы түрде жаздырса, тіпті, ол жеке адамның мүддесімен жазылғанның өзінде шынайы тарихты айту үшін қажет дерек ретінде жаздырса, онда билік пен тарихшы бір мақсатты көздейді. Ал, егер, би­лік кеңестік тоталитарлық жүйе кезіндегідей идеология құралы, сарай ғы­лымы ретінде пайдаланылса, онда ол тарих еш уақытта шынайы болмайды. Ол саясиландырылған, идеологияландырған тарихқа айналады. Сондықтан да, ХХ ғасырдағы біздің тарихымыз жартыкеш тарих болды. Жартылай жазылып, онда айтуға болмайтын көп нәрселер болды. Кейбір деректерді әлі күнге дейін ала алмай отырғанымыз рас. Ал, қазіргі жағдайға келетін болсақ, тәуелсіздік жылдарындағы Елбасымыздың «Тарих толқынында» деген кітабының жазылу мақсаты, қазақ халқының тарихқа деген қызығушылығының артуына байланысты болды. 1989 жылдан бастап ұлттық тарихқа бетбұрыс басталды. Жекелеген тарихшылар еңбектер, монографиялар жаза бастадық. Өзекті тақырыптарға, оның ішінде жабық болып келген Алаш қозғалысы, қуғын-сүргін, депортация, ашар­шылық, т.б. бар. Осы жағдайда Елбасы қоғам­дағы ахуалды түсіне отырып, «Тарих толқынында» секілді кітапты жазды. Ал, қазіргі басталған науқанда айтылып жатқан мәселелерді салыстырып қарасам, биліктің ойы сол «Тарих толқынында» ең­бе­гінде айтылған мәселелерді ары қарай жетілдіру екен. Ол кітапта қазақ тарихын, Қазақ мемлекеттілігінің тарихын жазу, ал­ғаш қазақ хандығынан бері қарай хан­дардың іс-әрекеттеріне жаңа көзқарас қа­лып­тастыру керектігі айтылды. Қазіргі кезеңдегі жағдай өте күрделі деп айтар едім. Бұрын партия тарихы деген институт болған. Биліктің саясатты, коммунистік идеологияны насихаттайтын құрал болған. Тәуелсіздіктің тарихын зерттейтін арнайы институттың құрылуы біздің әлі де сол кеңестік тоталитарлық сая­саттың ықпалында отырғанымыз байқалады. Нәтиже көрсеткендей, зерттеу ауқымының хронологиялық шеңбері тар болғандықтан Мемлекеттік тарих институты амал жоқ, арғы Қазақ хандығы дәуіріндегі, одан арғы та­қырыптарға баруға мәжбүр болды. Амал жоқ, оқулық жазуға кірісті. Яғни, менің ойымша, өз мақсатынан ауытқып кетті. Ал, енді, биліктің қазіргі тарихқа ұстап отырған көзқарасы өте маңызды. Қазақ халқының тарихына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, қаржыландырып, зерттеу орталықтарын құруда. ҚазҰУ-да екі орталық, бір лаборатория құрылды. Палеогенетика деген лабораторияның ашылуына 800 млн. теңге, Орталық Азияны зерттеу орталығына 160 млн. теңге, геоархеология деп аталатын археологиялық құралдардың мерзімін анықтайтын лабораторияға 200 млн. теңге, ал, Дүниежүзі тарихын зерттейтін орталыққа 150 млн. теңге бөлінді. Бірақ, менің осыдан байқайтыным, бұл құбылыс бір жақты ғана. Билік тарихшыларға нұсқау бермеу керек, олардың пікірін тыңдауы қажет. Мемлекеттік хатшы тарихшыларды үш рет жинады, сонда біз үлкен-үлкен мәселелерді талқыладық…
Мәмбет Қойгелді: Тәке, ренжімесеңіз ойыңызды жалғастырсам. Өзіңіз айтқан­дай, мемлекеттік хатшыға хат жаздым. Ведомствоаралық комиссияның мүшесі ретінде «Мәдени мұра» мен «Тарих толқы­нында» бағдарламаларында ауытқулық бар екендігін айтқан болатынмын. Біздің тарихшылар осы уақытқа дейін Абылай кіммен хат алысты, түскиіз қандай деген секілді ұсақ-түйек мәселелермен айналысып жүр. Ұлттық тарих қолға алынған қазіргі уақытта өзекті мәселелер күресінге шығып қалды. Негізінде, ең өзекті мәселе алға шығу керек қой. Ұлт-азаттық қозғалысы, Кенесары қозғалысы, Алаш қозғалысы, ХХ ғасырдағы тәуелсіздік үшін күрестер, жеке тұлғалардың күресі! Бұл мәселелер сол ведомствоаралық комиссияның үш отырысында да ауызға алынған жоқ. Мен сол жолы Мемлекеттік хатшыға ҚазҰУ-да үш орталық ашып бердіңіз, ал, неге соның біреуін Алаш қозғаласын зерттеуге бермедіңіз, келесі отырысыңыздың күн тәртібіне осы мәселені қойыңыз дедім… Егер, мәселе дұрыс қойылмаса, тарихты зерттейміз деп неміз бар? Сондай-ақ, тарих халықтың тарихи танымын, елдік ұстанымын қалыптастыруға жұмыс істемесе, ондай тарих кімге қажет? Тү­сінем, көне ғасырға, орта ғасырларға акцент жасалып жатыр. Жарайды, ол керек! Себебі, Совет дәуірінде ол тақырыптар те­­періш көрді. Сонымен бірге, қазіргі уақыт­та мемлекетіміздің қалыптасу кезеңінде халықтың патриоттық санасын оятатын, отан­сүйгіштік ұстанымын қалыптастыратын ір­гелі тарихи мәселелерді неге қозғамайды? Неге біз Алаш қозғалысынан қашамыз? Неге Кенесары көтерілісін дұрыстап оқыту, насихаттау мәселесін қолға алмаймыз?
Талас Омарбеков: Жоғарыдағылар «Халық тарих толқынында» деген ұлт­тық бағдарлама жасаймыз деп отыр ғой. Ол бағдарлама тарих институттарына та­быс­талған екен. Негізгі басымдық Мем­лекеттік Тарих институтына берілді. Ал, енді, сол «Халық тарих толқынында» деген бағдарламаға Мәкең айтқандай, өзек­ті мәселелер кірсе, ғылыми жобалар енгі­зілсе, қаржыландырылса, онда та­рих­тың зерттелуі біршама жүйелі арна­ға түсер еді деп ойлаймын. Қазіргі кезде бастаманың барлығы биліктен болып отыр. Тарихшыларға тарихты қалай зерттеу керек екендігін айтып, нұсқау беріп отырған да билік. Тарихшылардан «Қандай ұсыныстарың бар?» деген секілді пікірлер мен ұсыныстарды жинау мәселесін көріп отырған жоқпын. Ал, тарихшылардың пікіріне құлақ аспай, талдау жасамай тарих ғылымын жүйелі дамыту мүмкін емес. Менің ойымша, тарих тағы да ХХ ғасырдағыдай биліктің идеологиялық құра­лына айналмауы керек. Қаржыландыру көзі биліктен келіп жатқандықтан, тарихшылар билікке тәуелді. Ұядағы торғайдың балапандары ұқсап, биліктен қашан қаржы­ландыру болады екен, тарихты қай бағытта зертте деген нұсқау береді екен деп отыра беретін боламыз. Мұның билік үшін жақсы жағы, тарихты идеология құралына айналдыру арқылы бұқараға ықпал жасаудың жаңа жолын табады. Немесе оппозициялық көз­­қарастың алдын алуы мүмкін. Ал, би­ліктің ондай ниеті бар болса, тарих ғы­лымын дамыту мүмкін емес. Тарих ХХ ға­­сырдағыдай идеология құралы болып қала береді. Егер, билік тарихты шынымен дамытамыз десе, шынайы тарихты жазып, халықты шынымен отансүйгіш, патриот етіп қалыптастырамыз десе, әрине, мамандардың пікірін жинап, тарих­шылардың конгресі бола ма, «Ха­лық тарих толқынында» деген тарихты талқылау бола ма, әйтеуір қандай жағ­дайда да жетекші тарихшылардың пікірлері әрқашан ескерілуі тиіс. Ол сыни пікір ма, әлде қолдау ма, бәрібір еленіп, ескерілуі керек. Қазіргі жағдай тарих үшін онша қолайлы болып тұрған жоқ. Себебі, тарихшылардың үні естілмейді. Олардың баспасөз бетіндегі сұхбаттары, телеарналардағы сөйлеген сөздерін ескеріп, одан кейін әр бір жиында тарихшылардың пікірлерін талдап отырған чиновникті мен әлі көрген жоқпын. Әрине, біз, тарихшылар қазақ халқының тарихын билік үшін зерттемейміз. Өзіміздің мамандығымыз, кәсібіміз. Билік айтпаса да, біз үнемі зерттеу үстіндеміз. Өйткені, біз тарих ғылымының алдында міндеттіміз. Міне, билік осыны түсінуі керек. Нағыз кәсіби тарихшылар өздерінің мамандығына әрқашан адал. Олай болса, егер, тарих ғылымын идеология құралына айналдырмай, халыққа керек ғылым ретінде дамытамыз десек, билік, әрине, кәсіби тарих­­шылардың пікірлерін, ұсыныстарын, сын-ескертпелерін тура қабылдауы керек. Сонда ғана тарих ғылымына нақты қолдау болады, жол ашылады. Осыны билік түсінсе…
Нәбижан Мұха­мед­жанұлы: − Көте­ріліп отырған тақырып өте маңызды, әрі заң­ды. Себебі, қазіргі таң­­­­­­­дағы билік пен та­­­­­­­­рих­­­шылардың бай­­ла­нысының тал­қы­ла­нуының өзі бұл бел­гілі бір дә­ре­жеден біз­дің өскендігіміздің, дамы­ға­нымыздың көрінісі. Кеңестік кезеңде бұл тақырып мүлде жабық болатын. Сон­дықтан, қа­зір бұл тақырыптың көтерілуі адамды қуантады. Біз мұны талқылауымыз, анық­­тауымыз керек, билік пен тарихшылар арасындағы қарым-қатынастар қалай болуы керек деген секілді мәселе қозғалғаны дұрыс. Әрине, мемлекеттік тұр­ғыдан алғанда, тарихтағы идеологияның болуы заңды. Ал, біз, солшыл идеологияның зардабын өте көп тартып, қорқып қалғанбыз. Қазір ұлттық мемлекет құрып, өзіміздің мемлекетіміз болғаннан кейін, біздің ұлттық идеологиямыз әлсіз дейміз. Ал, ұлт­тық идеология тарихтың, мәдениеттің негі­зінде қалыптасады. Сондықтан, тарих ғылымының өзінің заңдылығы, өзіндік міндеттері бар. Ең басты мақсаты – қоғам дамуының заңдылықтарын ашып көрсету. Ол заңдылық деген жеке адамның көңіл -күйіне бағынбайды. Сондықтан, кешегі өткен тарихымыз қалай болды, біз қандай халықпыз, қандай деңгейдеміз, бұдан кейін қайда барамыз, қалай біз ұлтымызды әлі де жетілдіреміз деген тарихшыларда да, билікте де мәселе басым болуы керек.
Дамыған өркениетті елдердің бар­лығына қарайтын болсақ, кез-кел­ген мемлекет тарих ғылымына бей-жай қарамайды. Қытайдың өзі біздің заманымызға дейінгі империяларда ғұлама тарихшыларды ұстап, тарихи жылнамаларын жаздырып келді. Онда да ол шындық емес. Ал, одан Қытай ұтылды ма? Ұтпаса, ұтылған жоқ! Әр дәуірдің өзінің ұлттық идеологиясына бағындырылған. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, қазір­гі билік пен тарихшылардың арасында жарасымды қарым-қатынас болуы керек. Қарама-қайшылықтың болмағаны дұрыс. Ондай қарым-қатынасты қалыптастыру үшін, ең алдымен, біз ұсы­ныс-пікірлеріміз арқылы билікпен өзара түсіністікті диалог қалыптастыруымыз керек. Біздің әлі ұлттық тарихымыз жазылған жоқ. Осы орайда, біз тарихты қалай өз ұлттық мүддемізге үйлестіріп жазамыз деген ой келеді. Ал, «ХV ғасырдан ары қарай қазақ болған жоқ» деген секілді қате пікірлер болмау керек. Тарихтың бір ерекшелігі – тарихи сабақтастықта. Қазіргі болып отырған жағдай прогрестік құбылыс. Билік мәселені қалай қойса да, мәселе біздің тарихты қалай жазуымызда, халыққа қалай түсіндіріп, концепция қалыптастыруымызда болып отырған секілді. Менің ойымша, біздің елімізге рене­ссанстық кезең, көркейетін кез енді келгендей. Идеологиялық жағынан бір сілкініс жасауымыз керек. Қазіргі замана талабына үйлесетін жаңа мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан, белгілі бір іс-шараның басталуына, әрине, үгіт-насихаттар, түрлі шаралар өтеді. Онсыз болмайды. Бірақ, салмақты, нақты ғылыми тарих жазу үшін тиянақты жоспар менен мақсат болуы керек деп ойлаймын. Міне, осы қарым-қатынастарды реттеу керек.
Әлімғазы Дәу­лет­­хан: − Жалпы ал­ған­да, мәселе осылай болғанымен, шын тарих жазылуы үшін тарихтағы белгісіз, даулы, айтудан қашатын тақырыптар бар. Тарихшылардың дұрыс іске кірісуінде де, биліктің бұған араласу мәселесінде де ортақ бір ниет болуы керек. Ол біздегі ақтаңдақтар, осы уақытқа дейінгі айтылмай келген мәселелердің басын ашпай тұрып, қалғанын айтам деу бос насихат. Мәселен, Қазақ мемлекетінің қай жылы қалыптасуынан бастап, Абылай ханның туған күні, көтерілістер, Кеңес үкіметі тұсындағы сұмдықтар айтылып келгенімен, ресми та­рихқа әлі енген жоқ. Тарихшылардың басын қоса отырып, талқылау керек дегендегі менің ойым осы­ларға қатысты бірлікке келу тиіс. Сонда ғана нақты келісіліп, оқулыққа да, басқасына да енгізілетін болады. Әркім өзінше кітап жазып, әркім өзінше зерттеумен бұл мәселе жүйеленбейді. Бір ғана мәселені айтайын. Біз тәуелсіздік алғанымызға жиырма екі жыл болды. Тәуелсіздікті қазақ алыпты, оны кімнен алғандығы жөнінде бір ауыз сөз мен естіген жоқпын. Біз өзі кімнен алдық тәуелсіздікті? Бізді отарлап келген ұлттың аты бар ма өзі? Кеңестік орыс империясы десек бірдеңе болып қала ма? Мұны неге айта алмаймыз? Патриотизм деген қайдан қалыптасады? Тәуелсіздік үшін құрбан болған миллиондардың қанымен келген тәуелсіздікті бүгінгі ұрпақ қалай қа­дірлеу керек, дос кім, дұшпан кім деген мә­селені білуі керек. Тарих деген шындыққа негізделуі тиіс.
– СССР кезіндегі биліктен, тарих­шылардан қалған қатып-семді стерео­типтерді және пікірлерді, концепцияларды өзгертуге қазіргі биліктің, тарих­шылардың қаншалықты пәрмені бар? Яғни, біз жаңа қоғамның жаңа тарихи санасын қайта қалыптастыра аламыз ба?
Зардыхан Қинаятұлы: − «Бұрынғы стереотиптен құтылды ма?» дегендеріңіз өте дұрыс. Өйткені, біздегі тарих та, билік те, кейбі тарихшылар да бұл стереотиптен құтылған жоқ. Кеңес үкіметі кезінде бұл құбылыс өте күшті формулаға салынған еді. Мысалыға, үш жыл сайын біз­дің тараптан жобалар ұсынылады. Ол жоғары жақтан тексеріледі, содан кейін жоба қабылданса, қатысушылары жұмыс істейді. Сол жобалардың іріктелуіне қара­ғанда, билік­тің пәрмені өте күшті екендігі байқалады. Екіншіден, қазіргі ұс­танып отырған стреотипке жақын та­қырыптар жақсы өтеді. Әсіресе, орыс тілін­де жазылған және жаңа за­манға, қазіргі саясатқа бағытталған жо­­­балар құнды болып есептеледі. Ал, қа­зақ тілінде жазылғандардың бағасы тө­мен­деу келеді. Неге десеңіз, жоғары жақтағы тексерушілердің көбі қазақ тілін білмейді. Кейде кейбір жобаларға оқылмай баға беріле ме деп те ойлаймын. Бағана тарихшылардың барлығы да айтып өт­кендей, бүгінгі жағ­­дайда тарихшылар да бармайтын, билік те жібермейтін тақырыптар бар. Мәселен, жаңа Мәкең айтқан Алаш та­қырыбы, 1930 ж. Ге­ноцид, орыс пен қазақ қатынасының тарихы, қазақтың нағыз ұлттық тарихы­на бағытталған жеке-жеке мәселелерді кө­­теруге тарихшылар да құмар емес, жо­ғарыдағылар да құптай қоймайды. Неге қолдау таппайды десеңіз, биліктің пәрмені күшті, биліктің аты билік. Өйткені, қолында қаржы бар. Егер, қандай да бір байқауға болмаса, шараға мақала жібер десеңіз, міндетті түрде бүгінгі саясат пен мемлекеттік шаралар бағдарламасымен байланыстыру керек. Сонда ғана, тақырып тез өтеді, ақша да тез бөлінеді. Ал, ұлттың тағдырына қатысты жобалар титықтап, өтпей қалады. Мәселен, Желтоқсан оқиғасына қатысты материалдар бүгінге дейін ашыл­ған жоқ. Алаш қозғалысы жылдары атылғандар туралы материалдар бүгінге дейін жабық. Тәуелсіздік ал­ғанымызға жиырма жыл болды, Кеңес одағы, кеңестік идеология қазір жоқ. Сөй­те тұра, ол тақырып, архив жабық. Олай етуге болмайды ғой. Сондықтан, билік пен тарихшылардың арасында өте жақын, бірін бірі тыңдайтын, замананың ықпалын өте таңа беруге болмайтын қарым-қатынас болуы керек. Осының бә­ріне қарағанда, бізде, сол баяғы идео­логиялық бағдардың әлі де салқыны барлығын байқаймыз. Мен геноцид деген мәселені талай жерде көтеріп көрдім. Ешкім айтпайды, бастырмайды, ауыздарына алмайды, тіпті.
Мәмбет Қойгелді: − Осы геноцидке бай­ланысты 1992 жылы 22 желтоқсанда құрылған комиссияның жұмысы бойынша Жоғарғы Кеңес қаулы қабылдады. Сол қаулыға сәйкес, геноцид, этноцид деген тер­миндер қолданысқа енгізілді. Осыдан бір-екі жыл бұрын Еуропалық Одақтың жанындағы ассамблеясының төрағасының орынбасары осында келіп, Тарих институтында әңгіме өткізді. Келгендегі мақсаты 1930 ж. Кеңес одағы Украинада және Қа­зақстанда жүргізген қырғынын геноцид деуге бола ма, жоқ па деген мәселеге қатысты еді. Украина ЕуроОдақтың ассамблеясында осы мәселені қойған екен. Кеңес одағының Украинада 1930 ж. жүргізген зобалаңы геноцид па, жоқ па деген сұраққа жауап беру үшін ЕуроОдақ осында арнайы эмиссарын жіберген екен. Мен сонда мынадай ұсыныс айттым: Сіз ҚР Жоғарғы кеңесі қабылдаған қаулысын қараңыз, сонда қандай баға берілгені айтылған дедім. Онда геноцид ретінде бағаланған. Ал, одан біз қазір неге кейін кетуіміз керек? Ол факт қой. Осыдан кейін Украина үлкен сот өткізді. Сонда ресми түрде Ресейді айыптады. Мұндағы менің айтайын дегенім, халықты тарихи шындық тәрбиелейді, санасын қалыптастырады. Тура осы мәселеге келгенде тарих пенен биліктің арасында үйлесімділік, өзара түсіністік болуы керек. Олай болмаса, тарихи шындық айтылмайды. Тарихи шындық дегеніміз, біздің заманымызда билік пенен тарихшы мамандардың арасындағы үйлесімділіктің перзенті.
Мен бір нәрсеге таң қаламын. Біз­дегі Білім және ғылым министрлігі бір рет министрлікке тарихшы мамандарды жинап, қазіргі қоғамда қандай мәселе өзекті екендігін анықтайық деген емес. Мен, өкінішке орай, министрліктен осындай әңгіме ести алмадым. Мұндай әре­кетті, қадамды мен білмеймін. Тақырыпты қаржыландыруға келгенде де сол сияқты. ҚазҰПУ-дегі біз­дің кафедра «Қазақстандағы ұлттық бір­ың­­ғайлықтың қалыптасу тарихы» деген тақырып ұсындық. Ал, министрлік неше түрлі құйтырқы әдістеріне салып, ең керемет тақырыптарды қабылдамай тастайды. Біз оны еріккеннен берген жоқпыз, қазіргі кезеңге сай, сұранысқа лайық тақырып болған соң бердік. Ал, биыл ведомствоаралық комиссияның өткізген жиналысында, мем­лекеттік хатшы М.Тәжин мемлекеттің пайда болуы ең өзекті мәселе екендігін, қазақ тари­хының өзегі болуы тиіс екенін айтты. Мен мемхатшыға осы тақырыпты бір кезде министрлікке ұсынғанмызды айттым.
Талас Омарбеков: − «Біздің ескі көз­қарасты өзгертуге, тарихи сананы өз­гер­туге тарихшылардың пәрмені бар ма» деген мәселеде мынаны түсінуіміз керек. Осы кезге дейін біздегі биліктің негізгі нысаны саяси мемлекеттік тарих жазуға бағытталып келді. Қазақ хал­қының шығу тарихы, қандай этникалық компоненттерден құралды, сондай-ақ, қазақ даласымен өткен екі үлкен бағыт бар. Бірі Қыпшақ бағыты қарашай балғарлардан бастап, башқұрттар, Кавказдың кейбір халықтары мен сонау Қырым татарлары қазақ жері арқылы Қыпшақ бұтағынан тарайды. Екінші оғыз бұтағы. Ол да қазақ жері арқылы өткен. Сонау кіші Азияға дейін барған Әзірбайжан, Түрікмен, Қарақалпақ, Өзбек, өзіміздің де бірталай руларымыз Найман, Керей оғыздармен байланысты. Күзеев деген башқұрттың тарихшысы «Происхождение башкирского народа» деген кітап шығарды. Ол кітапқа ешкім дау айта алмады. Өйткені, кітап Мәскеуде орыс тілінде жарық көрді. Оның айқай-шуға айналатынын біліп, ол солай істеді. Ал, Ғафуров «Таджики» деген кітабын жазып шығарды. Халықтың тарихын там-тұмдап жазып жатқандар бар. Қазіргі кезде қоғам халықтың тарихына қатты назар аударып отыр. Қуғын сүргін, халықтан шыққан жеке тұлғалардың өмірін, қуғын­далу, ақтау мәселесіне көп көңіл бөлініп, әдеби шығармалар шығарылып жа­тыр. Ал, билік мемлекет тарихын жаздыруға ынталы. Менің ойымша, ескі қалыптасып қалған бұрынғы кеңестік тоталитарлық жүйедегі стереотиптерді, көзқарастарды, концепцияларды қоғамда өзгерту үшін мүмкіншілік бар ма? Мен ондай мүмкіншілікті көріп отырған жоқ­­пын. Неге десеңіз, біз өткір де өзекті та­қырыптарға жеке-жеке монографиялар жаздық. Олардың ешқайсысы мемлекет тарапынан бағаланған жоқ.
Әлімғазы Дәулетхан: − 2007 жылы Қ.Тоқаев бастаған комиссия ЕуроОдақтың оты­рысындағы журналистермен кездесуінде айтқанына қарағанда, ол сіз айтқандай қар­жының немесе аудармашы маманның жоқ­­ты­­ғынан емес, жоғарыдағылардың көз­қарасына байланысты. Онда өз тарихымызды жазғанда, оқығанда, ондағы кейбір ұлт -азаттық қозғалыстар секілді трагедиялы тұстарды мүмкіндігінше аз беруге тырысамыз дегенге саятын әңгіме болды. Өйткені, ол жазылса сепаратизм мен терроризм етек алып кетуі мүмкін екен. Сонда, ұлт -азаттық қүресін жазбаса, халықтың басындағы трагедия жазылмаса, сонда не жазылады? «Тарих толқынында» осы­ны жазбасақ, тарихтың толқынына тұн­шығып өлмейміз бе? Сондықтан, билік­тің халыққа, тарихқа, ұлтқа, мемлекетке деген көзқарасын өзгерту керек.
Нәбижан Мұхамеджанұлы: − «Қазіргі жаңа тарихи сананы қалыптастыра аламыз ба?» дегенге келсек, қалыптастыруға толық мүмкіндік бар. Біріншіден, тарихшы мамандарымыз осы жиырма жылдың ішінде жетілді. Жетекші ғалымдар, мамандар бар. Екінші мәселе, қалай ұйымдастыра білуде болып отыр. Қазір көптеген деректер жарыққа шықты. Тарихты зерттеудің толық мүмкіндігі бар. Үшінші, сұраныс бар. Сондықтан, сананы қалыптастыруға тарихшылардың әлеуеті жетеді. Өзімізді жақтырмайтын, сенбейтін пиғылдан арылуымыз керек. Өзімізге өзіміз құрметпен қарауымыз керек. Егер, осындай сананы жоғарғы билік қалыптастыратын болса, мамандарымызды сұрыптап отырып, жақсылап ұйымдастыратын болса, қаржылық мәселелерді шеше білсе, біздің ұлттық тарихымыз жоғары деңгейде жазылады.
Мәмбет Қойгелді: −Биліктің тарих­қа көп көңіл бөліп отырғандығын ұмыт­пауымыз керек. Қаржы бөліп жатыр. Ол да дұрыс. Мына нәрсені айтқым келеді. Тәуелсіздік жылдары бізге үлкен тарихшылар күші келіп қосылды. Қытай, Моң­ғолия, Түркия, Ираннан тарихшылар легі келді.Соның арқасында, біздің ғылыми тарихнамамыз байи түсті. Осы процеске сонау Шығыс Түркістандағы біздің бауырларымыз Қытай тарихнамасының дәстүрін, қытай тілін меңгерген Ахмет Шадыман, Жарқын Мырзахан, Қаһар Нұрмұхан сияқты бауырларымыз, Зәкең, Зардыхан Қинаятұлы, Әлекең, Әлімғазы Дәулетхан, Нәбижан Мұхамедханұлы келді. Солардың арқасында қазір Қытай, Моңғол деректерін, Иран, Түркі жазбаларын меңгеріп жатырмыз. Бұл үлкен еңбек қой. Білдіңіз бе? Ал, мемлекет тарапынан осы толқынмен келген тарихшылардың еңбектері бағасын алуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, бізге көзқарасымызды өзгертуіміз қажет. Тарихшыларға, өзіміздің жанымызда жүрген бауырларымыздың еңбектеріне деген көзқарасымыз дұрыс болуы тиіс. Сонда ғана ұлттың жоқ-бары түгенделеді.
Талас Омарбеков: − Біз, тарихшылар әрине, мемлекеттің қолдауынсыз та­рихты жүйелі түрде дамыта алмаймыз. Тарихшылар жиырма жыл бойы жеке-жеке монографиялар жазып көрді. Ол өте шашыранды, жүйесіз болды. Сондықтан, біз мемлекеттің қолдауына қатты мұқтажбыз. Бірақ, мемлекет мына нәрсені түсінулері керек. Тарихты дамытатын биліктегі шенеуніктер емес, кәсіби мамандар. Ең бірінші қамқорлық кәсіби мамандарға, өз еңбектерімен көрінген талантты тарихшыларға жасалуы керек. Қаражат соларға жеке бағытталуы тиіс.
− Қазақстан тарихына байланысты негізсіз көздерді таратушы әрі бұрмалау жасаушы (фальсификация) жеке адамдар мен ұйымдарға қалай тосқауыл қоюға болады? Осы тұста, биліктің нақты қолға алатын іс-шаралары қандай болуы керек? Ондай іс-шаралар бола қалған жағдайда мемлекет тарихты саясатқа айналдырып жібермей ме? Жалпы, тарих пен саясаттың бір-бірімен қайшылығы қаншалықты, әрі қай деңгейде болуы тиіс?
Зардыхан Қинаятұлы: − Қазір бізде тарихты бұрмалау өте қатты етек алып тұр. Тарихты жазуға тарихшылармен қоса жазушылар, басқа да тарихқа қатысы жоқ адамдар араласып кетті. Бірақ, тарих деген ертегі емес қой. Оларды қолдаушы биліктің адамдары. Мысалы, V ғасырдағы Қытайда өмір сүрген бір ақынды дулат етіп шығарамыз дегендер де болды. Кітаптарын да шығарды. Оған қарсы Әлімғазы Дәулетхан көп күресті. Солар ғылыми тұр­ғыда қателіктерін мойындады. Әлімғазы жеңді. Бірақ, мынау дұрыс екен дегенді бір адамнан естіген жоқпыз. Неге десеңіз, оларды қолдаушылар бар. Қазіргі таңда Шыңғыс ханды жалайыр етіп, 1206 жылы құрылған Моңғол мемлекетін Жалайыр мемлекеті болды деп бір азамат кітап жазды. Қазір соны орысшаға аударып алып, артынан от алып жүгіріп жүргендер бар. Оларға қалай шек қоясың? «Осындай әрекеттерге шек қоюға бола ма?» дейсіздер. Бірақ, шек қою мүмкін болмас. Осыған орай, қазір бізде әркімнің өзіндік өтірік болсын, шын болсын ой-пікірі бар. Тосқауыл қоя алмағанымен де, ұстанатын жалғыз мәселе – ғылыми этикалық норманың сақ­талуы керек. Егер белгілі бір норма болса, кез-келген ойына келгенін жаза бермесі анық.
Талас Омарбеков: − Әдебиетте әдеби сын деген бар. Ол кезінде күшті дамыды. Сол секілді, тарих ғылымдарында да, тарихта сын пікірлер айтатындар бар ма? Болуы керек еді. Бұрынғы қоғамда бар болатын. Тарихнама деген ұғым енді ғой. Мәскеуден шығатын үлкен басылымдарда, мысалы, «Вопросы истории» журналының артында рецензия деген болатын. Сонда, кейбір кітаптарға нақты сын пікірлер берілетін. Бізде қазір тарихи сын деген жоқ. Оны кәсіби тарихшылар жазу керек. Онсыз тарихнама дамымай, тарихи сынға да қолдау жасалмай қалды. Қазақстанда кітап шықса, Мәскеудің тарихшылары қарсы шығатын. Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабы сияқты. Тарихты игере алмай жатырмыз, сондықтан, тарихи сын да жазылмай қалады. Кәсіби тарихшыға тарихшы ғана сын жазуы керек. Әуесқой тарихшы, журналист, жазушы емес.
Мәмбет Қойгелді: − Бір ғажап нәрсе, қазіргі жазушы ағалар көркем тарих пен ғылыми тарихтың айырмашылығын білмей қалған сияқты. Тарихты бүге-шігесіне дейін білем деп өзіңе үйрететіндер бар.
Нәбижан Мұхамеджанұлы: − Біздің қоғамда тарихты ғылым деп танитын көз­қарас қалыптастыру керек. Соңғы кезде бір тарихи кітап жазбағандар сын, ақыл, дау айтады, түңілесің, тіпті. Құқығы бар ма? Шетелдерде әдебиетшілер әдебиет мә­селесін, тарихшылар тарихты ғана сөз етеді. Сондықтан, бізде ғылыми дискуссия қалыптаспай отыр.
Талас Омарбеков: − Ғылыми еңбектерді бағалау жоқ, бізде. Зиялы қауымда ғылыми еңбекті бағалау мәдениеті қалыптаспай отыр.
− Билік тарихшылардың Акаде­миялық еркіндігі мен азаматтық жауап­кершілігін қолдап-қорғап, демей ала ма? Қорғап-қолдап, демей алса, ол қан­ша­лықты дәрежеде, мән-мағынада, тарихилықта бо­лады? Еліміздегі жүріп жатқан тарих толқыны процесі барысында Қа­зақстанның тарих ғылымы және ғалым-тарихшылары әлемдік тарих ғылымы процесінде қаншалықты орын алады деп ойлайсыздар?
Талас Омарбеков: − 1997 жылы «Қа­зақстан қырғыны» атты монографиям 2 мың данамен шықты. Онда ашаршылық мәселесі, демографиялық жағдай түгелімен қамтылды. Сондай кітаптың бар екендігін қазіргі шенеуніктер ұмытып та қалды. Бұл мәселеге қатысты жазып жүрген Г.Бергер, Уткоров сияқты тарихшыларды байқайды да, біздікін байқамайды. Мемлекеттің тарихқа қатысты саясатын түсінбейтінім туралы нақты мысал айтайын. 1998 жылы мені Әлібек Асқаров шақырып алды. Ол кезде ол жауапты қызметкер еді. Шақырып, сол монографиямды шығарып берді. 17 монографияны ағылшын тіліне аударамыз деп айтты. Мәке, оның ішінде өзіңнің «Алаш қозғалысы» атты монографияң да бар. Сол жылдан бері аталған 17 монографияның бір де бірі ағылшын тілі түгілі орыс тіліне де аударылмады. Әлібек Асқаров жақсы бастама бастағанымен, қолдау таппады ма, қаржының реті келмеді ме белгісіз. Мүмкін, кәсіби аудармашылар таба алмады ма? Сол кезден бері қаншама зерттеушілердің, Зардыханның Шыңғысханнан ары қарай түркі тайпалары, Нәбижанның Абылай хан туралы, Әлімғазының Түргеш қағанаты туралы жақсы еңбектері бар. Ал, енді соларды ағылшын тіліне аударуға болады ғой. Әлемдік тарихи процеске қосылу деген сол. Тіпті, олар орыс тіліне де аударылған жоқ. Орыс тіліне аударылса, дауысымыз қаттырақ шығар ма еді.
Мәмбет Қойгелді: – Тарихта «мұ­рағат саясаты», «архивная по­ли­тика» деген ұғым бар. Осы бізге үл­кен проблема. Мұра­ғат саясаты біздің мемлекетте мүлде дамымаған. Өз басымнан өткеннен кейін, жақсы біле­мін. Өткенде парламентке, комиссия төрағаларына мұрағат мәселесіне қатысты төрт рет хат жаздым. Төртеуіне де көңілге қонымды жауап ала алмадым. Сонда байқағаным, Алаш қозғалысына байланысты мұрағаттарды ашу мәселесінде билік жалтақтайды. Оны несін жасырамыз? Оның сыры неде? Егер, репрессия, аштық, Алаш та­қы­рыбына байланысты жабық қорлар ашыл­са, ол отарлық саясатты әшкерелеу болып табылады. Сондықтан, билік бұл тақырыптарға барғысы кел­мейтін сияқты. Қазақстандағы мұрағат қорын ашу екі жаққа да: қазақ қоғамына ғана емес, Ресейге де пайдалы. Өйткені, Ресей­дің қазіргі билігі Ресейдің импе­рия­лық билігінің қазақ қоғамына жасаған қия­на­тын білуі керек. Біле отырып, са­налы түрде қазақтан кешірім сұрауы тиіс. Неге сұрамасқа? Мұндай жайт тарихта болған. Мысалы, өзінің Екін­ші Дүние жүзі соғысында жіберген қа­теліктеріне байланысты Германия ресми түрде кешірім сұрады ғой. Ал, Ресейде, өкінішке орай, осындай мә­дениет жоқ! Юрий Афа­насьевтің: «Өткеніне қарап өкін­бейтін мемлекетті, қоғамды ешкім сый­ламайды» деген қа­нат­ты сөзі бар. Ресей қырғынға, қуғын-сүргінге байланысты қазақ қоғамынан кешірім сұрауы тиіс. Қазақ қоғамына пай­далы дейтініміз, билік бүгінгі қазақ қоғамындағы проблемалардың тамыры тереңде жатқанын түсінуі керек. Мен мұны оқытушы болғандықтан айтып отырмын, біз болашақ мамандарды тәр­­биелеп отырмыз, ол инженер ма, дәрігер ма, мұғалім ба бәрі бір, олар та­рихи фактілерді, құ­жаттарды білуі керек. Олардың тарихи санасын қалыптастыруымыз керек. Өйткені, бүгінгі студент ертеңгі күні билікке барады. Ол өзінің Отанының тарихын, өткендегі проблемаларын білмесе, қандай басшы болады? Ондай адамды билікке жібермеу керек. Сон­дықтан, біз қазіргі шынайы, зерттелген тарихты егжей-тегжейлі оқытуымыз қа­жет. Тарихты зерттеу бір бөлек, оны санаға сіңіру бір бөлек. Оны орысша айтқанда, «ассимилирование истории» дейді.

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Өте дұрыс пікірталас, бірақ қатты кетпеу керек. Қазақ тарихын өзіміздің ғалымдар(тарихшылар) жазуы керек, жазушы және т.б. тек пікір қосуы керек. Көп кісілер 18-19-21-шы жылдары аштықтың болғанын енді біліп жатыр. Монографияларды электронды түрде жариялануы керек, әйтпесе біздер жай адамдар,қайдан білеміз?

  2. …Бұдан біздің тарихнама табиғи тамырынан өріс алмады деген пікір тумауы керек. ХХ ғасырдың басында қоғамдық сұраныс бойынша тарих ғылымы табиғи негізде алғашқы қадамын жасай бастаған. Мәселен, Шәкәрім Құ­­дай­бердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мұ­хамеджан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Санжар Асфендияровтың еңбектерін жатқызуға болады…

    http://ult.kz/article/view?id=2432
    «Қатаған қырғыны» немесе Бекасыл әулиенің мұрасы іздеусіз қалады ма?

  3. Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов Ресеймен бірлесіп Қазақстан тарирхын жазуды қолдап отыр. Осыған дөңгелек үстелге қатысқан тарихшылардың көзқарасы қандай екен? Ресей мен қазақстанға ортақ тарих жазу керек пе?

Пікірлерге тыйым салынады.

Мұрағат

error: Content is protected !!