ҚОҒАМ – БІРТҰТАС ОРГАНИЗМ, ОНЫ СЫРТТАН БАСҚАРУ МҮМКІН ЕМЕС

  • 06.01.2014
  • 720 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айталы1Амангелді Айталы,
философия ғылымдарының
докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры

Дін – өмірдің айнасы
Бүгінгі қоғамдық ғылымдар, соның ішінде дін социологиясы, дін психологиясы, дін тарихы, дін философиясы мен теология, дін географиясы тағы да бас­қа ғылыми салаларда дінге алуан түрлі анықтама беріледі, себебі, дін өте күр­делі, көпастарлы құбылыс. Бір ақиқат анық: адамзат өмір, өлім, уақыт, табиғат, жақ­сылық пен жамандық туралы әрқашанда ой­ланған. Әлемнің жаратылысын, тепе-тең­дігін, үйлесімін тамашалаған пенде осы жұмбақтың шешілуін діннен іздеген, дінге мұқтаж болған.


Дін – қоғамның айнасы. Ол бұқаралық деңгейде діни сана, наным-сенімнен көрініс алады. Екінші жағынан, дін діни институттардың, нақтылап айтсақ, діни бірлестіктердің қызметінен, беде­лінен, діни әдебиет, діни насихаттан, мем­лекет­тік органдардың дінмен қарым-қатынасынан, өзара сыйластығы, болмаса, біржақты үстемдігінен байқалады. Назар салып зерделесек, діни ахуалдың күрделілігін, өмірдің сан қилы астарларымен байланыстарын көреміз. Діни ахуалды діни бірлестіктерінің қызметімен, болмаса, дінді реттейтін мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерімен байланыстыру келтелеу пайымдау болар еді. Сол себепті, діни ахуалға экономикалық, нарықтық қатынастардың дамуы, елдің бай мен жарлыға жіктелуі, діні басқа адамдардың ұлттық экономикадағы ролінің өсуі, шаруашылықтың тұтқаларының шетелдіктердің қолында болуы зор әсер етеді. Сонымен бірге, еркіндік адамдарды жаңа іс-әрекеттерге, әртүрлі ағымдарды таңдауына мүмкіндік туғызады, итермелейді. Әлі де ысылмаған, оңын-солын танымағандар жетекке ере берді. Діни ахуалға ұлттық факторлардың тікелей ықпалы барлығы белгілі. Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде әлсіздігі, Ресей телеарналарының үстемдігі, теледидардағы ислам дәстүріне жат зорлық-зомбылықтың, порнографияның кең тарауы бөтен тілдің, мәдениеттің өктемдігі ғана емес, бөтен діннің де мұсылмандарға шабуылы деп қабылданатыны анық.
Діни ахуалға мемлекетаралық, халық­аралық қатынастар да ықпал ететіні сөзсіз. Әлемдегі, әсіресе, Батыстағы ислам дініне, мұсылмандарға деген қарсылықтан бөліп қарау мүмкін емес. Мысалы, Палестина мәселесі барлық мұсылмандар үшін маңызды мәселе.
2009 жылғы халық санағы бойын­ша, Қазақстан халқының 70,2%-ы мұ­сыл­мандар, 26,3%-ы христиандар, 0,1%-ы буддистер, 2,8%-ы ешқандай дінге сенбейтіндер, 0,5%-ы жауап беруден бас тартқан. Әдетте түркі тілдес халықтарды мұсылман дініне ойланбай жатқызады. Бірақ, халық санағы көрсеткендей, қазақтардың 0,4%-ы (39,172) адам христиан дініне, 1 923-і иудаизмге, 749-ы-буддизмге , 1 612 адам басқа діндерге өткен. 98 511 қазақ ешқандай дінде жоқ. 26 085 адам жауап бермеген. Сонымен бірге, өзбектердің де 0,4%-ы, ұйғырлардың – 0,5%-ы, татарлардың – 10,2%-ы, түріктердің – 0,3%-ы, әзербайжандардың – 2,5%-ы, қырғыздардың – 0,9%-ы христиандар екен. Сондай-ақ, орыстардың – 1,4%-ы, украиндардың – 0,9%-ы, неміс­­­тердің – 1,6%-ы, корейлердің – 5,2%-ы, белорустардың – 0,8%-ы, по­ляк­тардың – 0,7%-ы, басқа ұсақ этностық топтардың 34,7%-ы исламды қабылдаған. Қазақстандықтардың дін таңдауында, сөз жоқ, аралас некенің де ықпалы бар. Тағы бір назар аударарлық мәселе: украиндықтардың – 7,3%-ы, немістердің – 14%-ы, корейлердің – 28,5%-ы, белорустардың – 7,8%-ы еш­қандай дінде жоқ.
Әртүрлі этностар дін ілімін терең білмегенмен, «қазақ болғандықтан мұ­сыл­­манбыз», «орыс болғандықтан пра­вославпыз» дегендей өздерін белгілі бір дінге, конфессияға жатқызады, сондай-ақ, дінге сенбейтіндер де бар. «Дүние – шыр айналған бір дөңгелек» дегендей, өзгермелі, құбылмалы заманда бірқатарымыз дүрмекке еріп, әртүрлі топтың жетегінде де кетіп жатырмыз. Қазақстандағы ислам дінін біркелкі, біртекті, бірыңғай және бір маз­мұнда, мәнде, мағынада деу әртүрлі себеп­терге байланысты айту қиын. Қазақ елінде исламның бай тарихи дәстүрі болғанымен, постсоветтік бүгінгі кездегі үрдістер сөз жоқ ерекше ахуал туғызып отыр.
Бүгін Қазақстандағы исламды тек дін­нің өзінің ішінен емес, әлеуметтік, мә­дени ортамен астарласып жатқанын ес­керу жөн. Дін бүгінгі қоғамда адамдардың іс-қимылын, әдебін, тәртібін, адамгершілік келбетін айқындайтын, реттейтін құбы­лысқа айналып барады. Дін, сондай-ақ, нарық жағдайында «тауарға» да айналды: өлім-жітім атқару басқа да салт-жоралар атқару ақылы қызмет түріне де айналды.
Ислам ең бастысы , байырғы бабалар наным-сенімінің , ұлт болып ұюымыздың негізі болды. Дін адамдардың рухани тірегіне, бағыт-бағдарына айналды. Ислам елдерінің экономикалық дамуына («халял индустриясына»), қаржы саласына ықпал етіп бизнеске, кәсіпкерлікке өз ықпалын тигізуде. Отбасын құрғандар жастар да азаматтық құндылықтардан гөрі мешітте неке қидырады. Киім киюлерінде жаңа көріністер бар. Жаңа жас мұсылман қыздар мен жігіттер өз қадірлерін біледі, өздерінің «нағыз» ислам екеніне сенімді, шет елде алған білімдері дүниетанымының, мінезінің ішкі негізіне айналған.

Конфессияшілік қайшылықтар
Бірақ ислам дінінің «оралуы» тек Қа­зақстан емес, бүкіл постсоветтік кеңістікте өте күрделі болып отыр. Екінші жағынан, ел арасында «Қандай исламға ораламыз?» – деген сауал туды. Сондықтан, ғылыми әдебиетте 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың аяғы исламның «қайта жаңару», 70 жылдық атеизм үстемдігінен кейін тарихи дәстүрлерді жаңарту кезеңі деп те аталынады. Бірақ, ХХІ ғасырдың басында «Қайта жаңарған ислам» рево­люцияға дейінгі канондардан ерекше болатындығына белгілі бола бастады. «Исламдық жаһандану» ұғымы өмірге келді. Түркі рухани кеңістігінің бұрынғы кеңестік аймақтарына исламның арабтық версиясы, қағидалары, шариғат үкімдері ене түсті. Шығыс ислам рухани ұстаздары мен уағыздаушылары, шет елдерде білім алған жас имамдар, молдалар, бабалар дәстүрлерін қайта қарап, нағыз, шынайы дін үлгісін сырттан іздеді. Исламның арабтық моделін ғана неофиттер, жаңа бағытты уағыздаушылар, діни ақиқат деп таныды. Сонымен, конфессияшілік қайшылық бүгін алға шықты.
Бұл жерде Қазақстан, басқа да Орта Азия мемлекеттеріндегі ислам дін өкілдерінің кеңес заманында әлсіз, көп жағдайда биліктің сойылын соққанын жасыра алмаспыз. Польша католиктері, мысалы, сталинизмге, Кеңес Одағының өктемдік саясатына, неміс фашизміне қолына қару алып күресті осылай, ұлттың абыройына ие болды. Бүгін де католиктер Польшада зор беделге ие. Біздегі жаңа исламды уағыздаушылар, сондықтан кеңестік ислам отарлау саясатына қызмет жасады, атеистік саясаттың қысымымен ислам өзгерді, табиғатынан алыстады, күшпен орыстандырылды, делінеді. Кеңес заманында білім алған молдалар мен имамдар, болмаса білімі таяз, кейін дінге келгендер, сол бұрмалаған исламның насихаттаушылары, бақылауда бол­ғандар деп шет елде оқыған жас ис­ламдар олардан бөлініп бойларын аулақ ұстайды. Олардың өздерінің өз қауымдастықтары, әлеуметтік ортасы, мәжілістері, жиындары болуы да осыдан. Сонымен бірге, жас имамдар шет елдердегі мұсылмандардың күнделікті өмірімен біздің қоғамды салыстырып, бағалап, маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, жемқорлық пен ысырапшылдыққа жол берген біздің бүгінгі өмірімізді, әрине, қабылдамайды. Осыдан келіп рухани тазаруды, құтқаруды діннен іздейді. Бірақ, үлгіні дәстүрлі ұлттық салтымыз бен дінімізден емес, «шынайы» шығыстағы араб елдерінен алады. Осылай, дін ұлттық құндылықтардан жоғары қойы­лып отыр. Жаңашыл исламшылар ұлт­тық және діни феномендердің қазақ ұлт болмысында ажырамастай біте қайнасып, қабысып жатқанына, ұлттық дүниетанымын ескере бермейді. Діни ой-пікір, ұстаным, дүниеге көзқарас қазақ даласында ұлттық сана-сезімге, дәстүрге, наным-сенімге, үйлесімді бейімделгені тарихтан белгілі.
Біздің қоғам жаңа ағымды әртүрлі деңгейде қабылдайды, қолдайтындары да, қолдамайтындары да бар. Ол жастар өз ұстанымдарын әке-шешелеріне де таңады. «Жас» уағыздаушылардың шек­теулері, өздерін жоғары ұстауларын, ымыраға келмейтін тәртібі қалған елді бүгін ойландырып та отыр. Ұс­танымдар қайшы­лықтары ұлттық салт-дәстүрлерімен араласып жатыр­ған, әсіресе, өлікті жерлеу, ас беру, мар­құмдарды есте қалдыруға арналған шаралар, үйлену, отбасы, ырым- нышандар төңірегінде жиі байқалады. Ис­ламды «жаңаша» және дәстүрлі пайымдаудың астарында, өз орталарына ықпал жасау, бәсекелестік те жатыр. Бұрынғы имамдар билік пен тіл та­бысып қалған өз позицияларынан айы­рылғысы келмей, жастарды «уахап­шы­лар» деп кіналауға үйір, тіпті, олар­ды қудалауды да қолдайтын сыңай таны­татындар бар. Шет елден діни білім алған жастар қазақ халқының теологиялық мұрасына, дәстүріне мән берсе ғана орто­доксалдық пайымдаудан арыла бас­тар еді, ал, бұрынғы имамдардың да мұсылмандардың мүддесінің тұтас­тығын, бірлігін көздеуі парыз.
Еліміздегі діннің сөз жоқ аймақтық ерекшеліктері де бар. Кей тұста «Батыс Қазақстанда неге экстремизмнің көріністері жиі байқалады?» деген сауал туады. Күрделі аймақтың бірі-расында да Батыс Қазақстан облыстары. Батыс Қазақстан конфессияаралық өзара келісім, көп ұлтты еліміздің қоғамдық тұрақтылығының маңызды негізі болып отырған өлке. Тұ­рақ­тылықтың тамырын тереңдетуі үшін мемлекеттік органдардың, діни бірлес­тіктердің, қоғамдық ұйымдардың мүмкіндіктері де зор. Аймақта ислам, христиан, басқа да діни бірлестіктердің ғасырлар бойы жинақталған тәжірибелері, әлеуметтік, ұлттық, мәдени қайшылықтарды алдын алу жолдары айқындалған. Айта кету керек, діни бірлестіктердің беделі де жылдан жылға өсіп келеді. Аймақта ұлттар мен конфессиялар арасында ерекше сыйластық, бір-бірін қабылдайтын ортақ ахуал қалыптасқан, ашық өштесудің ны­шандары көрінбейді. Бұны әртүрлі дін өкілдерінің тарихи қалыптасқан тығыз әлеуметтік-экономикалық өзара бай­ланыстарымен түсіндіруге болады. Өз діни ұстанымдарын сақтай отырып, ай­мақтағы дін өкілдері мәдени және әлеуметтік салада тіл табысып келеді. Батыс Қазақстанда діндер арасында ерекше мәдениет қалыптасқан.
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институттың «Білім мен тәрбиенің дүние­танымдық және әлеуметтік мәселелерін зерттеу орталығының» 2011 жылы зерт­­теу­лері мектеп мұғалімдерінің діни бағыт-бағдарын анықтауға арналғанды. Сұрыптау, іріктеу (выборка) толық деп айта алмаймыз, қазақ, орыс мектептерінің 196 мұғалімдерімен ғана жүргізген сауалнама. Жастары 40-қа дейінгілердің сауалнама жауап бергендердің 60 % жуық, қалғандары 40-нан асқандар, ауыл мектеп мұғалімдердің – 70 % құрайды, басқалары қала мектеп мұғалімдері. Мұғалімдердің негізінен дін жолында болмаса да, ізденіс жолында екендігін көрсетеді. Олардың арасында әсіресе жасы 40-тан асқандардың ішінде атеистер де бар. Ал, дінге бет бұрғандардың арасындағылардың басым көпшілігі ислам мен христиан дініндегілер. Осындай жағдай көрші ресейлік мұғалімдерінің ұстанымдарына да тән, оларда бірақ татар, башқұрт мұғалімдерінің православ дініне, орыстардың протестанттық бағыт­қа, кришнайттерге өткені байқалады. Орыстанып, тілінен айырыла бастаған башқұрт, татарлар, діндерін де ауыстырған. Бүгін ол республикалардағы православия шіркеуінің священниктерінің 10 % ұлты жағынан башқұрттар мен татарлар (1).
Сонымен бірге, мұғалімдердің дінге бетбұрысы олар дінді терең меңгерді дегенді білдірмесе керек. Сондықтан, олардың елге рухани ықпалы өсуде деп те айта алмаймыз. Ислам дініне іш тартатын мұғалімдердің әлі, суннит пен шиит ағымдары, әртүрлі мағзабтар, олардың ерекшеліктері туралы мағлұматтары өте тайыз. Бір жағымды жағдай, мұғалімдер әртүрлі дінге жатқандарымен, басқа дінге сыйластықпен қарайды. Ал, мысалы, Башқұртстандағы мұсылмандар, әсіресе, татарлар мен башқұрттар арасында қарым-қатынастар шиеліністі жағдайда, олардың астарында этникалық бәсекелестік те жатыр. Сондай-ақ, мұғалімдердің бір тобын діни бағыт-бағдарлары анықталмағанын, кеңес заманында атеист болып бүгін ізденіс, ой, күдік үстіндегілер, олар 10 % жуық құраса да, олардың болашақ таңдаулары бізді ойландырса керек.
Мұғалімдерге тағы да бір қойылған сау­ал «Сіздің көзқарасыңыз бойынша, ба­ла тәрбиесінің негізі неде?» Олардың 60% бірінші орынға білімді қояды, 35% тек қана білім дейді, ал, 20% тәрбиенің негізі дін, жаратушыға сенім депті. Құдайсыз адам, құдайдан қорықпаған адам адам­гершіліктен аттайды, ондай адамда шек, тартыну жоқ дегенді меңзейді. Бұл пікір бүгінгі дінтану әдебиетінде үлкен талас туғызуда. Коммунистер, атеист болғандар адамгершіліктен аулақ болып, тек діндар адамдар мейірімді ме деген сауал төңірегінде алуан түрлі пікір айтылуда. Сонымен қатар, жастардың тәрбиесінде материалдық құндылықтар емес, мәдениет-әдебиеттің, өнердің ықпалына да мұғалімдер назар аударады, олар бірақ 5-6% аспайды.
Тағы да бір жағдай ойландырмай қоймайды. Сауалдар жүргізу барысында бүгінгі ақпарат құралдарында ислам дініндегілерді «экстремист», «вахабит» деп оңды солды сынау, сот үкімін күтпей асығыс бағалау, бір жағынан, мұсылмандар арасында абыржулық туғызса, екінші жағынан осы ахуалды пайдаланып, кейбір шетелдік тіпті тіркелмеген топтар бедел алып, кейбір жастардың басқа дінге өтуіне негіз болып отыр. Егер бұл ахуал өзгермесе, басқа дінге өту жалғаса берсе, біз бара-бара мұсылман елі болудан, тұтас ұлт болудан қалармыз деген мазасыздану байқалады. Бұндай алаңдаушылық бүгін Ресейде, басқа да мемлекеттерде өткір қойылып тұр. Сонымен бірге, Батыс Қазақстан еліміздің өркениеттер қиылысындағы әртүрлі этникалық, экономикалық, саяси, мәдени процестердің астасып жатырған, геосаяси тұрғысынан маңызды аймақ. Бұл табиғи байлыққа бай өлкеде АҚШ, Қытай, Ресей басқа да ірі мемлекеттің мүд­делері тоғысып жатыр. Сондықтан, ең­бек қатынастары, өндірістегі еңбек бөлісі діни-этникалық сипат алуда.
Батыс Қазақстан табиғи байлығы мол өлке, бірақ, байлық шет елдіктердің қолында. Қасиетті кітаптар Таурат, Забур, Інжіл, Құран табиғатты қастерлеуге шақырады. Сонымен бірге, қазақ халқының табиғатты зор құрметтеу, онымен сүйсіну қазақ мәдениеті мен дәстүрінде терең орын алған. Табиғи байлықты ысырап ету, табиғатқа деген зорлық, оны ластау айналып келгенде сол байлықтың иесі ұлтқа, дінге деген зорлықтың көрінісі болып қабылданады.
Совет заманынан қазақ ұлты ауылдық жерде, негізінен мал шаруашылығында, білім, мәдениет қара қызметте болса, орыстар өнеркәсіпте , ғылыми- техникалық, инженерлік қызмет атқарды. Қазақтардың өнеркәсіптен алшақ болуы, кеңсе жұмысы, мал шаруашылығымен айналысуы ұлттың психологиясына әсер етіп, тіпті, қазақ­тар табиғатынан ғылыми-техникалық мамандықтарға бейім емес деген пікір қа­лып­тастырды. Сонымен бірге, өндірістегі ұлттық алалық қазақтардың қоныстануына, денсаулығына, материалдық және рухани игіліктерге қол жеткізуіне , түгелдей ұлттық болмысына жағымсыз ықпалын тигізді.
Табиғи ресурстары бай елде байыр­ғы халықтың кедей болуы ойлан­дыратын мәселе. Экономикалық және әлеуметтік салаларда қазақтардың үлес салмағы артпай, қазақ мәселесі ше­шіл­ді, тұрақтылыққа қол жетті деу қиын. Кезінде Малайзия «бумипутра»- байырғы халықтың дамуына әдейі жағдай туғызған. Олардың білім алуына, еңбек етуіне, кәсіпкерлікке бейімделуіне, ақшаны тиімді пайдалануына, қолда бар байлықты ақылмен жұмсауына, уақытты бағалауға үйреткен. Байырғы халыққа өсімсіз кредиттер, пайдалы мемлекеттік тапсырыстардың басым көпшілігі беріліп, олардың ісін жолға қоюға көмектескен. Сонымен бірге, ағайын­шылыққа, сыбайластыққа жол беріл­меді. Мұндай шаралар отаршылдық заманында кемсітушіліктің орнын толтырып, қазақтарды да басқалармен тең етер еді.
Әлемде байырғы халықты қорғайтын басқа да тәжірибелер бар. Олар қоныстанған аймақтардағы табиғи байлықты игергенде әділдікті сақтап, мүдделерін ескеру заң­дас­тырылған. АҚШ-тың «Арктик-слоп» компаниясы Аляскада газ құбырын жүр­гізгенде, сол жердің байырғы тұрғын­дары-эскимостарды – акционерлік қоғам­ның жарнашылары ретінде тіркеп, оны АҚШ-тың Конгресі бекіткен. «Арктик-слоп» компаниясында кез келген ұлттың өкілі жұмыс жасауға құқылы. Бірақ, оның акцияларын сатып алуға, табиғи ресурстан түскен пайдаға эскимостар ғана ортақтаса алады. Этностық қауымдастық бірыңғай қоныстанған территорияның жерлері сатылмайды, жалға берілмейді, олар салық төлемейді, мемлекеттен арнайы жәрдем, тегін медициналық көмек алады. Осындай жеңілдіктер байырғы этностар тұратын Канада да көзделген.
Қазақ ұлты резервация тұратын шет­те­тілген халық болмағанымен, мұнай, газ, басқа да табиғи байлықты игеріп жатқан өңірлерде олардың мүддесі резер­вация тұратын ұсақ этностардан төмен, қазақтардың маңдайына тек экологиялық ауыр жағдайдың құрбаны болу жазылған сияқты. Ұлттың меншікке ие болуы деген ірі өндіріс орындары тек ұлт өкіл­дерінің болуы дегенді білдірмейді. Оны қаржыландыратын инвесторлар сырттан болуы мүмкін, бірақ, ол өндірісте жұмыс жасаушы, оның басты менеджерлері мен орта және төменгі деңгейдің мамандары , жұмысшылары негізінен байырғы елдің өкілдері болуы бүгін көптеген елдерде дағдыға айналды және өндірістің негізгі пайдасы осы мемлекетке қызмет жасауы тиіс. Шағын және орта бизнесте ұлттың іскер топтарының қалыптасуы оның тұрмыс деңгейіне тікелей әсер етеді. Бұл, әсіресе, мемлекет құраушы ұлттың ел халқының басым көпшілігіне айналған тұста маңызды мәнге ие болып отыр. Басқа ұлт, тіл өкілдерінің үстемдігі, та­биғи байлыққа қожалығы, байырғы халықтың кедейлігі басқа мәдениеттің, діннің үстемдігі деп қабылдайтыны белгілі. Осы тұста халықты мемлекетке қарсы үгіттейтін «көсемдер» де табылады. Олар мемлекеттік құрылымды өз­гер­туге, біржақты, тек шариғатқа негізделген, «әділ» мемлекет құруға шақырады.Сондықтан, экстремизмнің себебін тек шет елдерде діни білім алған жастардан ғана көрмей, оның әлеуметтік-психологиялық себептерін де есепке алуымыз жөн. Мемлекет ішкі саясатты саралап, өзіне де сын көзбен қара­майынша, экстремизммен күрес тиімді болмайды.

Мемлекет пен дін қарым-қатынасы
Діни ахуалға дін мен мемлекет арасын­дағы қарым-қатынастардың ықпалының зор екендігі айтылды. Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясы мен заңдарында зайырлы мемлекеттің басты қағидалары айқындалған, бірақ, біз әлі де ізденіс жолындамыз, себебі, зайырлы мемлекеттің әртүрлі модельдері барлығы белгілі. Атеистік идеология үстем болған елдің дінге оралуы ерекше тәжірибе, оның үлгісі тарихта болмаған, сондықтан, оның өз ерек­шеліктері барлығы сөзсіз. Соңғы уақытта, бір жағынан, қылмыстық іс-әрекеттер мен экстремизм арасын, екінші жағынан, экстремизм мен халықтың наным-сенімін, ажырата алмай келеміз, қылмысты іс-әрекетке діншіл адамдардың қатысы болса, діни экстремизм деп жатамыз, ел оның астарында экономикалық, әлеуметтік себептер, есеп айырысу, тіпті өш алу, ашу-ыза жатуы да мүмкін. Ал, экстремизм саяси мақсатты көздейтін іс-әрекеттер.
Ғылыми әдебиетте Орталық Азия елде­ріндегі экстермизмнің мынандай себептеріне назар аударады. Бірінші, рухани дағдарыс, сенім дағдарысы экстермистік идеяға бой алдыру мүмкіндік туғызады. Екінші, кедейшілік, жұмыссыздық әсіресе ауылдық жерлерде түрліше қылмыстық істерге, радикалдық әрекеттерге итер­ме­лейді. Үшінші, саяси биліктің бір қолда шоғырлануы, оппозицияны қудалау жасырын радикалдық топтардың пайда болуына әкеледі (2).
Экстремизм, оның ішінде дін атын жамылатындар да көбейсе, қоғамның өзінің саяси жүйесінде бір осал тұстары бар деген сөз. Тіпті, ғалымдар экстремизм организмдегі құрт ауруының таяқшалары сияқты мемлекеттің организміне іштей тән деп есептейді, қолайлы жағдайда тез тарап кетуі мүмкін. М.Вебердің айтуынша, мемлекеттің күш жұмсауға құқылығының өзі қарсылық туғызады. Ал, тек күшке салу, мәселені мылтықпен шешуге тырысу экстремизм мен жанжалдарды одан әрі өрбітеді. Ал, азаматтық қоғамның мүмк­індіктері, үкіметтік емес ұйымдардың ықпалын пайдалана алмай отырмыз.
Діни бірлестіктермен қарым-қатынаста әлі де олармен оркестрдің дирижеріндей билеп-төстеу, есеп алу, қадағалау, бақы­лау көріністері барлығы байқалып қала­ды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері өздерін дөрекі, әдепсіз ұстаулары, өктемдікпен дауыс көтеріп сөй­леуі, адамгершілік қағидалары мен конституциялық талаптарға, аза­маттардың діни сеніміне қарамастан құқын сыйламау дау-жанжалдарға да итермелеуі мүмкін. Діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласу, азаматтарды заң­сыз қамау, ұстау, үйін тінту, суретке түсіру, басқа да қудалау экстремистік психологияны қоздырады.
Қоғам – біртұтас ажырамас организм. Оның бір бөлігінде болған өзгеріс тез, қалай болғанда да басқа бөліктеріне ықпал етеді. Рухани процестерде жеке адам санасынан тәуелсіз, үзіліссіз жүріп жатады, оны сырттан басқару мүмкін емес. Сонымен бірге, олар адамдардың іс-әрекетіне, тәртібіне әсер етеді. Елдің басын біріктіретін, мәдениетінің тірегіне, тәрбиенің негізі дін екенін талай ғасырлық тәжірибе дәлелдеді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. «Религия и право» №1,2012,19 бет.
2. Экстремизм в Центральной Азии. Алматы, 2000г.13 бет.

 

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!