«ҚАЗАҚҚА ДА БІР КОЛПАКОВСКИЙ КЕРЕК»

  • 06.01.2014
  • 913 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жазушы, ғалым, қоғам қайраткері Сапабек ӘСІПҰЛЫ:

– Сапабек аға, қазір Сіз ел ағасы атан­дыңыз. Құдайға шүкір, жас болса біразға келді. Екі формацияның куәсі болдыңыз. Кеңестер Одағының ең ауыр кезеңін де, тіпті, оның мемлекет ретінде ыдырау кезін де көрдіңіз. Енді, капиталистік үлгідегі жаңа құрылымды да көріп отырсыз. Сонда көңіліңізге түйгеніңіз не? Өзіңіз куә болған, қазіргі болып отырған екі құ­рылыстың жақсы мен жаманын айта аласыз ба?
– Әрине, айта аламын. Біріншіден, мен Кеңестік дәуірде туып-өскен адаммын, 1925 жылы туғанмын. Кеңес өкіметі орнағаннан соң 7-8 жыл өткенде партия мүшесі болдым. Коммунистік партияға қызмет еттім, Маркстің, Лениннің идеяларын жүзеге асырып, коммунистік талаптарды орындау үшін жанымды салып, күрестім. Оған өкінбеймін.
– Әлі де сол партия мүшесісіз бе?


– Иә, коммунист болып қалдым. Қандай жағдайда болса да мен бұл көзқарасымды өзгертетін ойым жоқ. Сондықтан да, Кеңес Одағының жақсылықтарын көбірек айтамын. Карл Маркстің басты еңбегі – «Капитал». Онда «қосымша құн» теориясы туралы айтылады. Ол бойынша зауыттар мен фабрикаларда, өндірістік орындарда жұмыс істейтін адамдардың еңбекақысы төленіп, шығындарын өтеп, салығын төлеп болғаннан кейін белгілі бір сома артылып қалады. Міне, соны «қосымша құн» дейді. Ол бүкіл дүниежүзінде байлардың қалтасына түсіп отырған. Маркстің ерек­шелігі, сол қосымша құнды алуымыз керек те, халықтың игіліне жұмсауға тиіспіз дегені. Халық игілігіне дегеніміз ол алдымен білім беру, балаларды тегін оқытып, емдеу, медициналық қызмет көрсету. Оның ішінде тегін пәтер беру де бар. Соны­мен бірге мемлекетті қорғайтын, ел тыныштығына жауапкер әскер ұс­тау да соған кіреді. Оған белгілі бір шенеуніктерді қызмет барысына байланысты қаржыландырып отыру да сол қосымша құн еншісінде. Осы­ның барлығы да социализм заманында, кеше­гі Кеңестік заманда шын мағынасыңда ха­лықтың игілігіне жұмсалғанын көзіммен көріп, оның куәсі болдым.
– Оныңыз дұрыс, бірақ сол Маркстің «Дін-апиын» дегені де бар емес пе еді?
– Бар. Марксшілдер сол көзқараста қалды.
– Сонда, Сіз де атеистсіз бе?
– Ата-анам діншіл адамдар болды, мен өзім де дінді теріс көрмеймін. Бірақ, діннің асыра кетіп қалған жағдайларын қолдай алмаймын.
– Сіз Кеңестік кезеңнің жақсы жақтарын айттыңыз, ал, сол кезде еге­мендік жөнінде жұмған аузымызды аша алмайтын едік қой. Сол Кеңес өкіметі қазақ табиғатына тән елдегі мал шаруашылығын да құртты емес пе? Ұжымдастыру жасады. Ресейдегі шаруаларды жылы орнынан көшіріп, Қазақстанға қоныстандырды ғой…
– Жақсылығын айтатын себебім, адам баласы жаралғаннан бергі уақытының барлығы да бірі бай, бірі кедей болып арпалыста өтуде. Сондықтан, патша өкіметі шаруаларды шет аймаққа көшірейін деп көшірген жоқ. Бүкіл дүниежүзінде құлдар құлдықтан босатылып, еркіндік алып жатқан уақытта крепостнойлық құқықты жақтаған жалғыз Ресей болды. Ал, оның алдыңғы ойлы азаматтары болса крепостнойлық правоны жоямыз деп жанын салып күресті. Олар оған қол жеткізді де. Сөйтіп, 1861 жылы крепостнойлық право жойылды. Сол кезде Ресейде 140 миллион десятина егіншілікке жарамды жер бар еді. Оның 70 миллионы 30 мың помещиктің меншігінде қалды да, қалғаны он миллион шаруаның үлесіне тиді. Көрдіңіз бе, қандай әділетсіздік! Сонда помещиктердің меншігін тартып алып, шаруаларға үлестіру керек пе? Оған үкімет бармайды. Ендеше, шаруалардан қалай құтылу керек? Міне, мәселе қайда? Сондағы айтайын дегенім, соның көрінісі ретінде орыс отарлауындағы қазақ жерінде әкімшілік реформа жүргізіліп, ол Орынбор, Батыс Сібір, Түркістан губерниясы болып бөлінді. Олардың ішінде алты облыс бар.
– Осы тұстан қара шекпенділердің қазақ даласына көшуі басталады емес пе?
– Иә, сол кезде белгілі генерал Герасим Колпаковский Жетісу өңіріне әскери гу­бернатор болып келеді. Ол 1868 жылы губернаторлықты қолына алған бойда, «Крестьяндарды Жетісуға көшіріп, қоныс­тан­дыру туралы уақытша ереже» дайындау ісі­мен шұғылданады. Сөйтіп оны іске асыру жұ­мысына белсене кіріседі.
– Сіздің «Қазақстанда бір Колпаковский шықса ғой!» деп жүргеніңіздің сыры сонда болды-ау, сірә.
– Олай демегенде не деймін? Тәуел­сіздіктің мақсаты да патшалық Ресейге кет­­кен қазақ еншісі мен есесін қайтару емес пе еді? Әзірше, ол өте ауыр жүріп жатыр. Кол­паковскийдің ұсынысымен орыс шаруа­ларын патша билігі қа­зақ даласына көшіре бастады. Жол шығынын мемлекет түгел өз мойнына алды. Барған жерлерінде баспана салып беріп, жер жыртатын арнаулы құрал-саймандармен қамтамасыз етуді былай қойғанда, мал сатып алып та берді. Шаруашылық құру үшін үй басына 100 сомнан ақша берілді. Әрбір еркек кіндіктіге 30 десятинадан жер үлесі тиді. Сол кездегі тілмен айтқанда «переселендер» 15 жыл бойы алым-салықтан, әскерден босатылды. Осын­шама жеңілдік пен жанашырлықты ресейлік кедей-кепшіктер қуана қарсы ал­ды. Сөйтіп Ресей губернияларындағы шаруа­лар Жетісуға лек-легімен ағыла бастады. Ал, қазақтар болса құнарлы жер­лерінен айы­рылып құмбасты, шөлді және шөлейтті өңірлерге еріксіз, тіпті күштеп көшірілді. Со­ның салқынынан қазақ әлі күнге дейін арыл­ған жоқ.
– Сонда қазіргі жергілікті басшылар арасынан Колпаковский секілді әкімнің шықпағаны ма?
– Әрине, шыққан жоқ. Оны айтасыз, ұлттың сөзін сөйлеп, сойылын соға­тын оқыған зиялы қауым және ақын-жазу­шы­лардың арасынан да ондай адам­­­­дардың не­кен-саяқ кездесуі көңілді қау­­­зайды. Сон­дықтан да мен «Қазаққа бір Кол­па­ковский керек» деге­німнен еш танбай­мын. Керек болса әр­бір әкім Колпаковский сияқты ұл­ты үшін қызмет етуі тиіс.
– Сіз жақсылығын айтып отырған Кеңес өкіметі Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру керек деген желеумен, патшалық Ресей кезіндегі қара шекпенділердің ұрпақтарын өлке­мізге қаптатып жіберген жоқ па?
– Сөйтті. Бірақ, оның жақсы жақтарын да айтпасқа болмайды. Жақсылығы, сөз ба­сындағы қосымша құн теориясы арқылы шөл және шөлейт аймақтағы қазақтың жарлы-жақыбайларына ақ кірпіштен үйлер де салып берді ғой. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дүние керемет өзгерістерге ұшырады. Сол өзгерістерді көп бастан кешірген елдер­дің бірі – АҚШ. Онда тұрғылықты халық – үндістерге көп қиянат жасаған, жерін тартып алған. Үнді көсемдеріне сый-сияпат беріп, сатып алғанды былай қойғанда арақ-шараппен улаған. Дәл сондай жағдай қа­­­зақ даласында да болды. Біздің де бай-манаптарымыз да сый-сияпаттарға алданып, ұлтын жерге қаратты. Атақты Сұлтанмахмұт ақынның «Бір үйде жиюлы екен қазына-мал» деген өлеңінің айтпағы да осы. Сол өлеңінде ақын: «Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішіңде нақақ көзден жас бар ма деп», – дейді. Осының өзі талай сырды аңғартпай ма?
– Қазақтың ауқатты бай адамдары да халықты сатты дейсіз ғой сонда.
– Иә, сатты. Әзір де өз ұлтын сатып жүргендер жетерлік.
– Сол бір кезеңге таптық көзқараспен қараймыз. Ал, егер өзіңіз айтқан жаңағы мәселелерге ұлттық көзқараспен қарасақ ше? Сонда мәселе қалай өрбіген болар еді?
– Бұл жерде де мен Ленинге сүйенемін. Оның ұсынған жолын кейінгі коммунистер өздері бұрмалап жіберді. Сол кезде бұратана ұлттардың барлығы дербестік алып, жеке мемлекет болсын деген идея болған.
– Онда ол идея неге орындалмады?
– Ол қалай орындалады? Ол кезде де Ресейдегі орыс мүддесін ойлаған коммунис­тер де болды. Сөйтіп, партияның өзінің арасында да екі жік пайда болып, ұлт тағдыры талас-тартысқа түсті. Міне, соның бәрі ке­шегі құлаған КСРО-ның жіберген үлкен қателігі еді. Онда ұлттық мақсат-мүддеге қарағанда, Кеңес Одағы және оның халқы деген жалпы интернационалдық ұғым түсінік кең етек алды. Аз ұлт өкілдерінің жаппай орыстануының да сыры сонда. Мысалы, бу­рят, якут секілді ұлттар мен ұлыстарды соған қосуға болады. Кеңес өкіметінің та­ғы бір кемшілігі кедей шаруаға қарағанда жұмысшы табының мүддесін жоғары қойды. Ал, Орта Азия елдерінде пролетариат табы жоқ еді, тіпті бола қалған жағдайдың өзінде әлі қалыптасып үлгермеген болатын. Соның зардабы көш­пелі мал шаруашылығымен айналысатын қа­­зақтарға өте ауыр тиді. Қа­зақстанда жап­­пай ашаршылықтың етек алуы­­ның бір сы­ры да сонда.
– Өзіңізге берілген медальдан бас тар­туыңыздың сыры неде?
– Қалай бас тартпайын. Мен ойлағандай тәуелсіздіктің қызығын әлі халқымыз толық көріп отырған жоқ. Сондай кезеңде медаль алып жатқаным ұят емес пе? Қаладағы жұрт­қа қарағанда ауылдағы елдің тағдыры мені көп алаңдатады.
– Онда ауылдағылардың барлығын қалаға көшіру керек шығар?
– Жоқ. Мен оған қарсымын. Қазақ ауылда да тұру керек. АҚШ бастап Канада қостап, қиыр шеттегі Австралияға дейінгі бірнеше елдерде халыққа жан-жақты жағдай жасалған. Олар табиғат жағдайы қолайсыз ауыл-ай­мақ­қа 300 пайыз мөлшерінде төлем­ақы бө­леді. Ал, Қазақстанда 72 аудан бар, бірақ со­ларға жоғарыда келтірілген мемлекеттердей жағдай жасалған ба? Әй, қайдам. Болса болар, бірақ, көңіл көншітпейді.
– Әңгімеден әңгіме туады. Бір кездері «тиімсіз ауылдарды» қысқарту керек деген де сөз болмады ма? Сөйтіп, оларды бір орталыққа көшіру керектігі жөнінде де мәселелер көтерілді ғой?
– Ауылды «тиімсіз» деп қысқартпау керек. Оған жағдай жасалуы тиіс. Жақында «Нұрлы көштің» бағдарламасымен таныс­тым. Өкінішке орай, онда қазақтың басым көпшілігі тұратын шөлді және шөлейт жерлердегі ел-жұрттың тағдыры туралы әң­гіме қозғалмаған. Табиғаттың адам өмі­ріне әсері орасан зор. Образбен айтсақ шө­лейт дала – «аш ана». Міне, сол «аш ананы» тойдыруымыз керек. «Нұрлы көштің» бағ­дарламасы соны қолға алуы тиіс.
– «Аш ана» демекші, Қазақстандағы демографиялық жағдай әлі де болса нашар емес пе? Сапа болу үшін сан керек.
– Демографиялық жағдай қалай болсын, Қазақстандағы жаңа туған 1000 сәбидің 30-ы бір жасқа жеткенше шетінеп кетеді. Газет-жур­­налдардағы мәліметтерге сенсек, әйел өлімі жағынан Қазақстан бесінші орын алады.
– Оны айтып, жазып жатқан ақын-жазушылар бар емес пе?
– Бар. Бірақ аз. Қаламгерлердің көбісі жа­ғымпаздық дертімен ауырып барады. Ол меңдеп қана қойған жоқ, билеп алды. Шын­­дығын айтатын газет-журнал қалмады. Айт­саң шығармайды.
– Бұл мәселені көтеріп, жазып жүрген жеке тұлғалар бар емес пе?
– Бірақ, жеке тұлғалар шықпай тұр ғой. Карл Маркстің «Идея айтылып жатады, бі­рақ солардың ішінде халықтың санасын билеген, халыққа жеткен идея ғана нағыз идея болып шығады» деген сөзі бар. Олай болса қазақ өз жеріне өзі ие болу керектігін түсінсе екен. Тұлғалардың өзінің айтатыны да болуы керек.
– Зиялы деген кім өзі?
– Ол – алдымен жақсы адам. Сосын ұлт, мемлекет қоғам мүддесін ойлайтын тұлға. Айта берді, билікке ой салатын зиялы қауым. Оның ішінде ақын-жазушылар да бар. Олар­дың ішінде Амангелді Айталы сияқты айтып жүрген азаматтар баршылық. Әйтсе де, олардың үні халыққа жетпейді. Бізде зиялының сөзіне құлақ асатын біреу бар ма? Қазақ жерінде қазақтың, мәселесі ғана ай­тылуы не деген масқара! Қазақ әлгі шөл жә­не шөлейт жерлерде күнін кешіп отырған «аш ананың» балалары. Іште жатып тамаққа жарымаған жан туғаннан кейін де солай болады.
– Баланы бесікте емес, құрсақта тәр­биелеу керек дейсіз ғой, сонда.
– Әрине аш анадан туған бала көгер­мейді. Оны жазарымды жазып, айтарымды айтып жатырмын.
– Есітер құлақ, көрер көз болса көпті көрдіңіз, кімнен не үйрендіңіз?
– Менің бүкіл өмірімді өзгерткен адам Ыбырай Алтынсарин деп білемін. Оның ар­маны Торғай жұртын Қостанайға калай көшіріп, егіншілікпен айналыстыру болды. Ол осы жолда қаншама бейнет көрді. Өз қа­тарымнан Рахманқұл Бердібаевты айтамын. Оның ұлтқа жанашырлығы қуантады.
– Бүгінгі жастарға қандай ақыл айтасыз?
– Дүниеде бай мен кедей болып бөлінуден асқан қасірет жоқ. Сол үшін ең алдымен ұлтқа жанашырлықпен қарау керек. Ал, бө­ліну адамның бір-бірін қанаушылығына әке­­леді. Адамды адам қанау – барып тұр­ған жауыз­дық. Бұрын коммунистер кісі еңбегін қа­нау дегенді білмейтін. Сол се­кілді жастар адал еңбекпен нанын тауып жесе деймін.
– Қара аспанды су алдыра бермесеңіз болмай ма, осы?
– Сендер айтып отырған жақсылықтарды мен айта алмаймын. Билік білім, медицина саласын жолға қоюы тиіс. Бүгінгі сту­денттердің жағдайын қарасаңдаршы. Кеңес Одағында студенттерге тегін білім беретін. Ал, бүгінгі оның жағдайын сендер менен де жақсы білесіңдер. Қазақ әрқашанда білімді және дені сау ұлт болуы керек.
– Десе де ұрпаққа сеніммен қараған дұрыс шығар, Сапабек аға?
– Ол үшін әрбір қазақ өз құқығын бес саусақтай білсін.

Әңгімелескен, Жадыра МҮСІЛІМ.
«Заң газеті». 13 наурыз, 2009 жыл

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!