МӘДЕНИЕТ МҰРАЛАРЫ

  • 28.04.2012
  • 783 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бейімбет МАЙЛИН

Мәдениеттіліктің негізгі белгілерінің бірі – өткен заманның мәдениетін тауыса зерттеу. Ескі замандардан қалған мәдениет белгілерін, мәдениет мұраларын қорғап аман сақтау. Мәдениет мұраларын аман сақтау ғылым үшін керек нәрсе. Ғылым бұл мұралар арқасында әлдеқашан болып жоғалған мәдениеттің құрылысын, жолын зерттеп тарих шығарады, жаңа мәдениет жұмысына оңай жол табады…
1917-18 жылдарда, азамат соғысы уақытында қазақтар күйдірген тастан салған әдемі мектеп үйлерін «бұл ескі, Николай салдырған үйі ғой» деп бұзып талап алды. Николай салдырмақ түгіл, арғы атасы Роман салдырса да, 40-50 бөлмелі күйдірген тастан салынған жақсы үйлер қазақ еліне пайдалы, қазақ даласына сән еді, мәдениет мұрасы еді.
Бұл – мектеп үйлерін, темірінен екі пар шелек істетіп алу үшін талап алу қазақ елінде мәдениеттің жоқтығының үстіне, қазақта мәдениет деген ұғымның жоқтығын, мәдениетті сүйетін қазақ бойында ондай мінездің жоқтығын көрсетеді.
Бұлай болғасын қазақ даласындағы мәдениет мұраларын қорғамай болмайды. Оларды қорғау жалғыз орталық үкіметтің қолынан келмейді. Орындардағы кеңестер, әсіресе халық ағарту бөлімдері бұл мұраларды қорғауға, зерттеуге кірісулері керек-ақ. Бұл жұмысқа елдің араласуы керек. Елде ғылым ұйымдары ашылып, оқытушылар, кеңсе қызметкерлері, партия мүшелері бастап түсуі керек.
Қазақ даласын бұрын жеті жұрт жайлады ма, жетпіс жұрт жайлады ма? Қандай жұрттар жайлады, қандай шаруашылық малданды, қандай мәдениеті болды – бұлардың бәрін зерттеп білу қазақ шаруасына қазақ мәдениетіне аса керек.
Қазақстан үкіметі буынын бекітті. Қазақстанда мәдениет жұмысы бекітті. Қазақстан шаруашылығы түзеліп келеді. Қазақстанда да ескі мәдениет мұраларын есепке алатын, қорғайтын, зерттеп нәтиже шығаратын, аймақ тану материалы есебінде бұларды мектеп программаларына кіргізетін, елге бұл мұралардың мәнісін түсіндіріп, елді талаудан тоқтатып, қорықша, күзетші ететін уақыт жетті.

22/11-26 ж.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!