МАҚТАЙ ОТЫРЫП, ДАТТАМАСАҚ ҚАЙТЕДІ

  • 21.05.2012
  • 455 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мұражайлардан тарихи деректерді ақтара отырып, ұлтымыздың қай дәуірде де елім деп өткен қаһармандарды, ғалымдар мен ақын-жазушыларды, қоғам, мемлекет қайраткерлерін мақтауға негіз болса, неге қазіргі оқушы қауымға жеткізбеске. Ал, біздің кейбір «Зерттеуші ғалымдарымыз» біреуді биікке көтеру үшін, оның маңайындағыларды жерге қаратпаса, әлгі бас кейіпкердің түр-тұлғасы ашылмайтын секілді. Қай қоғамды алсаңызда өз дәуірінде әдебиетті де, мәдениетті де халықтың даму процесіне байланысты тарихи деректерді қал-қадірінше қалдырып отырғаны белгілі. Оны ізденіп, зерделі жазып өз дәуіріндегі оқырманына жеткізуде автордың ой-өрісімен, қалам қайырымына байланысты болатынын оқып та, көріп те жүрміз. Осындай зерттеуші ме, әлде тарихшы ма Астанадан Амантай Кәкен «Түркістан» газетіне еліміздің аса танымал жазушысы Сәбит Мұқановтың 110 жыл толуына орай «Бар қазақтың жүрегіне жол тапқан» деген еске алу материалын беріпті. Сәбит Мұқановты қазіргі жастардың бірлі-жарымы болмаса, басқаны былай қойғанда өз қандастарымызда білмейтіндер жоқта шығар. Біз өзімізде алғашқы «Жұмбақ жалау» кейіннен «Ботакөзін» оқып «Сұлушашын» жаттап өскен 50-60-шы жылдардың мектеп түлегіміз. Амантай Кәкен бізден үлкен болар, кіші болар, мүмкін ірі ғалым болар. Мейлі кім болса да біреулерді кешіріңіздер қазақтың талантты жазушылары мен ғалымдарын, көрнекті қайраткерлерін С.Мұқановтың тілімен қараламай-ақ, керемет еңбектерімен, игілікті атқарған істеріне, өзі бірге болған замандастарымен елдің сыйлы да саналы ортасындағы беделін жазса ол жағымды, әрі беделді көтерген естелік болар еді.
Д. Қонаев, М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, Ғ. Мү­сірепов сияқты ондаған зиялыларымыз жанкештілікпен өмір сүрген дәуірде бәріне көніп, киындықты жеңіп осындай ғылымға, жазуға қоғам, мемлекет қайраткерлігіне жетудің өзі, қазақ ұлтының дарыны мен таланты, жігері меп қайраты, төзімділігінің қанға сіңген парасаттылығы негіз болғанын, біз әлі де жеткізе алмай, қайта кемшін тұстарын көрсетуді өзімізге жетістік санап келеміз. Ал, жеткіземіз деп, өзгені емес өзін көрсеткісі келетін кейбір «зерттеушілер» өткенді өсекке айналдырып бірін-бірі көре алмаушылықпен жиналыс-жиындарда айтылғандарды теріп алып, әлемге қазақты танытқан марқасқаларымызға күйе жаққысы келетінін байқап жүрміз. Сондайлардың бірі, жоғарыда айтылған Амантай Кәкен, Д. Қонаевты Министрлер Кеңесінің тарағасы кезінде іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу туралы ұйғарымға өзі қол қоя тұрып, бес-алты айдан соң Алматыда өткен ауыл шаруашылық кеңесінде орысша сөйледі. Бұл дегенің өзі қол қойып, оны тілімен өшірді деп Сәбеңнің сөйлеген сөзін келтіреді. Жанып тұрған Социалистік қоғамды қозғамай-ақ, ел тәуелсіздігінің 20 жылдық белесіндегі Үкімет басындағылардың әлі күнге қай тілде сөйлейтінін біле тұра Амантайдың С. Мұқановты Д. Қонаевқа тиістіруін қалай түсінерсің. Екінші бір тармағында «Мұхтар Әуезов один из величайщих художников» деп жүрдім. Бір-ақ М. Әуезов қазақ әдебиетінің основоположнигі емес. Менің сөзімнен кейін дейді Сәбең мақтанып, Мұхтар Әуезов қап-қара болып кетті. Қаныш Сәтбаевтың өңі құп-қу екен деп бөстіреді. Оны қоштап Қазақ ССР тарихына Мұхтар Әуезов крупный художник деп жіберейік деген бір ғана академик Покровский Сәбиттікі дұрыс деп қолдағанын келтіреді.
Тағы да, Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев бірі қап-қара, бірі құп-қу болып үндемеді деп қайталауы тіптен көңілге қаяу түсіреді. Ал, естелік мақаланың аты «Бар қазақтың жүрегіне жол тапқан». Қай дәуірде де қоғам дамуының жетекшісі адам. Ал, адамның психологиялық дамуы әр адамның ақыл-ойының өсіп дамуына байланысты екені түсінікті. Десек те, өресі биік, қоғамдағы орны ортаға сыйлы азаматтардың қадыр-қасиеті бірін-бірі құрметтеу жолымен елінің тұлғалы азаматы болады емес пе? Бізде оқырмандар өткенді саралай жүріп, өткен тарихи деректерден оқығанда шын мәнінде айтыс-тартыстың қай қоғамда да орын алатынын білеміз.
Дей тұрғанмен, біз алдағы болашағымызға халқымыздың біртуар азаматтарымыздың жақсы жақтарын бір-бірімен сөз таластырып айтыстырмай-ақ, жоғары деңгейдегі адами қасиеттерін жеткізуді басты парызымыз деп мақсат койғанымыз абзал болар еді. Ойға қонымсыз, жағымсыз жақтарымызды көрсетіп айту мен жазудан опық жеп келгеніміз, маңдайымызға тигені аз болмағанын түсінетін мезгіл жеткен сияқты.
Амантай Кәкен Сәбеңе аң-таң қалса, біз Кәкен мырзаға аң-таң қалдық. Қазақтың белгілі майталман ақыны Әбділда Тәжібаевтың «Өмір және поэзия» атты кітабын Сәбең «Қазақ әде­биеті» газетінде талдап, он тармаққа дейін жіліктеп сынап көлемді материал береді. Осы материал шыққаннан төрт-бес ай өткенде Тәжібаевтың ғылыми диссертация қорғаудағы жиында С. Мұқанов сөзге шыққанда, Сәбең қазір сояды, өйткені газетке өлтіріп сынап кемшіліктерін бадырайта-бадырайта көрсеткен деп Кәкеніміздің өзі қасындағыларға жеткізіп отырғанда, мінбедегі Сәбең өзі сынға алған сөздерінің бәрін өзі жоққа шығарып, сызып тастап, жетістіктерін мақтап айтып шығады. Бұған мақала авторы аң-таң болдым дейді. Кейінірек естіпті, бұл кітап Мұхтар Әуезовке ұнамай, шығарма диплом деңгейінде ғана деген сөз айтылады. Бұл сөзді естіген Ә.Тәжібаев жылап Сәбеңе барады. Сәбең, «Ыңқ етпе» еқінші оқуымда маған ұнауы мүмкін дейді. Көзі қарақты оқырман өзі сынап жазған шығарманы Әуезовке ұнамаған екен деп, Мұқановқа ұнай қалғандығының өзі, замандас, әріптестер арасындағы көре алмаушылық пен бақталастықты бірін-бірі ебін тауып итеруге келгенде ар-ожданды басып кете беретіндігін байқайды. Ал, Кәкен мырза бір адамды, тіпті, белгілі тұлғаны жақсы жете білемін деуге болмайды екен. Мен білем-ау, деп жүрген Мұқанов мүлде басқа Мұқанов болып шықты, деп «мақтайды», өзінің кейіпкерін. Құрметті әдебиет сүйер қауым, қазақта «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат бойынан түңілсін» деген ұлағатты сөз бар. Сол айтқандай, С. Мұқановтай еліне белгілі азаматтың 110 жылдығын еске алғанда Ғабитпен айтыстырмай-ақ, Мұхтар мен Қанышты қайта-қайта қап-қара, сұп-сұр деп жамандатпай-ақ келелі де мазмұнды шығармаларымен замандас жолдастарымен қарым-қатынастағы жағымды жақтарымен жеткізуге болмас па еді.
Естелік мақалада Сәбеңнің сыртынан бұрын айтылғандарды жаңғыртып жазуы Амантай Кәкеннің де жүрген ортасында өзінің де қандай екені ойлантады.
Түйіндей айтарымыз, өткенді еске алғанда ұлтымыздың қай дәуірде, қай ғасырда өтсе де, елім-жерім деп өткен қаһар­мандарымызды, ғалым, ақын-жазушыларымызды, қоғам, мемлекет қайраткерлерінің сіңірген еңбектерін, артына қалдырған ойлы да орамды адами қасиеттерін кейінгілерге саналы түрде жеткізу біздің міндетіміз болуға тиіс.

Мұзарап Махмұтұлы
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!