Қазақ тілін оқытуда студенттердің шығармашылық қабілетін дамыту

  • 09.11.2015
  • 1446 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Адам тілді сөйлеу арқылы меңгереді. Студенттерді қазақ тіліне дамыта оқытуда, ауызекі сөйлесуге үйретуде тілдік ортаның мәні зор. Олардың сөз байлығының артуы  тілдік  ортасына да байланысты болады. Тілдік орта – ата-анасының, туыстарының, араласатын достарының тілі. Сондай-ақ оқитын көркем әдебиеті, күнделікті көретін теледидары, тыңдайтын радиосы, баратын кинотеатры, т.б. сөздік қорына әсер етеді.


Қазақ тілін оқыту әдістемесінде тілдік қатынас мәселесін теориялық тұрғыдан негіз­деген ғалым – Ф.Оразбаева. Ол тілдік қаты­насқа былайша анықтама береді: «Тілдік қатынас – тіл арқылы байланыс, сөйлеу арқылы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы, қоғамдық, ұлттық тіл арқылы ұғынысу, түсінісу, яғни, адам­заттың тіл арқылы қатынасқа түсуі тілдік қатынас дегенді білдіреді» [1,7 б.]. 
Сөйлеудің екі түрі бар: ішкі және сыртқы сөйлеу. Ішкі сөйлеудің ауызша және жазбаша түрі болады. Сөйлеудің бұл екі түрінің де қазақ тілін дамыта оқытуда маңызы зор. Ауызша сөйлеудің монологтық және диалогтық түрлері бар. Сөйлеудің бұл түрлері өзара тығыз байланысты.
Ауызша сөйлеу немесе қатынас жасау диалогтық сөйлесу арқылы іске асады. Диалог – екі (не одан да көп) адамның тілдесуі. Диалогтың психологиялық ерекшеліктерін Қ. Жарықбаев былай көрсетеді:
1. Диалог сөз бөгелмей еркін айтылады; ол ойды кең жайып жатуды тілейді.
2. Үнемі кезектесіп айтылатындықтан ықшам келеді, тек әңгімелесуші адамдардың өздеріне ғана түсінікті болады.
3. Диалогтың логикалық жағы (жоспар­лылығы, дәлелділігі т. б.) кемдеу болады.
4. Диалог сөз ым-ишаралармен бет пен көздегі мәнерлі қозғалыстармен (қолдың, ауыздың, көздің, қабақтың қозғалысы т.б.) толықтырылады [2,165-166].
Диалогтық сөйлеуде үнемі әңгімеле­суші­ге сұрақтар қойылып отырады. Мы­са­лы, «Экологиялық зардаптар» мәтінімен танысқаннан кейін студенттерге мына тектес тақырыптарда диалог құрастыру ұсынылады.
Адам өмірі үшін ауа тазалығының пайдасы туралы досыңызбен сұхбат құрыңыз.
Арал теңізінің тартылу себебі жөнінде шетелдік қонақпен сұхбат жүргізіңіз.
Қазақстанда жасалған ядролық сынақтар­дың адамзат пен табиғатқа тигізген зияны туралы досыңызбен сұхбаттасыңыз.
Кей жағдайда студенттерден екі немесе одан да көп  топ құрау арқылы өзара диалог құратқызуға болады. 
Ал монологтың сөйлеуге бір адамның әңгімесі, хабары, жиналыста сөйлеген сөзі, жасаған баяндамасы, шығармасы т.б. жатады. Монологтың диалогтан айырмашылығы оған біршама дайындық жұмысы қажет етіледі. Монологтық сөйлеу стихиялы болмайды, ол әрқашан да ертерек хабарландырылады. Айтушы не жазушы алдын-ала жоспар жасап дайындалады. Монологтық сөйлесудің ерекшеліктерін Т.Тәжібаев былай көрсетеді:
1. Монолог сөз әр кез белгілі жоспарға ­сәйкес құрылады, бұл алдын-ала даярлықты тілейді.  
2. Бұған логикалық жағынан қатаң талаптар қойылады (мәселен, баяндамашы мен лектор өз сөзінің мағыналылығы мен түсініктілігіне ерекше көңіл бөледі).
3. Монолог сөз адамға әсер ететін мәнерлі сөздің жақтарын (сөзді нақышына келтіріп айту) көбірек қажет етеді.
4.  Монолог сөздің грамматикалық құры­лы­сы белгілі жүйеден ауытқымайды [3, 196 б.].
Қазақ тілін дамыта оқытуда монолог­тық сөйлесу – студенттердің ойлау, шығарма­шы­лы­ғын дамытуда жиі қолда­нылатын  жұмыс түрі. Ол әсіресе тұжырымдық-дамытушылық тапсырмаларды орындауда, конспект, реферат, тезис, аннотация, пікір, шығарма, әңгіме жазу барысында қолданылады.
Жазбаша тілдік қатынас ауызша тілдік қатынасқа қарағанда,әлдеқайда кеш пайда болған. Жазба тіл ауызша тілдің нәтижесінде дамиды. Жазбаша қатынаста адамдардың қатар, жақын болуы міндетті емес. Ол жөнінде ғалым Ф.Оразбаева: «Жазбаша қатынаста тілдік тұлғалардың естілу қасиетінен гөрі көзге көріну ерекшелігі басым болады. Мұндай қарым-қатынас таңбалардың тұрақты жүйесі арқылы іске асады, оны адам өз бетінше өзгерте алмайды», – дейді [1,14 б.].
Қазақ тілін жоғары оқу орындарында дамыта оқытуда жазылым әрекетінің студенттердің ойлауын дамытып, шығармашылығын ұштауда маңызы үлкен. Л. Т. Охитина «Сабақтың психологиялық негізі» деген еңбегінде: «Дамыта оқытудың басты мақсаты – оқушылардың белсенді, өзіндік шығармашылық ойлауын қалыптастыру», – дейді [4,146 б.].
«Шығармашылық» сөзінің мәні бір нәрсені «ойлап табу», «шығару», «іздену» дегенге сәйкес келеді, яғни, бұрын тәжірибеде болмаған, жаңа нәрсені ойлап табу,  жаңа жетістікке қол жеткізу. Шығармашылықпен ойлау – баланың өз бетінше ізденуі, мәселенің шешімін өздігінен, өзгеше шешуі, бұрын алған білімін пайдалана отырып, жаңа әдіс, жаңа жол табуы. 
Сондықтан студенттерді қазақ тіліне оқыту арқылы өз бетінше жұмыс істеуге бейімдеп, одан әрі қарай білімін жетілдіріп, шеберлігін ұштауға, өзіндік ой қорытуға, ойлауға баулу керек.
В.С.Шубинский шығармашылықтың сатыларын, әрбір сатының өзіндік ерекше­лігі мен сол сатыда қалыптасатын шығармашылық қасиеттерді кешенді жүйе тұрғысынан қарас­тырады:
бірінші кезең – жаңаны, тың дүниені сезе білу, шығармашылық ой-талдауға бейімділік, жан дүниесінде ішкі тартысты оята білу қабілеті, танымдық қызығушылық;
екінші кезең – интуиция, шығарма­шылық қиял, әдемілікті сезіне білу, сөз ұшқыр­лығы, қайшылықтарды түсіну, ой қызметінің ерек­шелігі, батылдық, шығармашылыққа деген құш­тарлық;
үшінші кезең – өзіндік сын, бастаған ісін соңына дейін жеткізу, дәлелдеме, дәйекте­меме­лер ұсынып, оның формаларын таба білу [5,36 б.].
Ендеше, қазіргі таңдағы қазақ тілі оқыту­шы­ларының міндеті – студенттің бойында осы қасиеттерді қалыптастырып, олардың шығар­машылығын тудыру.
Қорыта келгенде, қазіргі кезде шығарма­шылықпен жұмыс істейтін, бәсекеге қабілетті мамандар қажет. Бұл талаптар болашақ экологтерге де қатысты. Сондықтан олар қоғам алдында тұрған негізгі экологиялық ғаламдық мәселелерді шешуде өзіндік  үлесін қосып, интеллектуалдық белсенділігін көрсете білуі керек.
Қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан дамыта шығарма жаздыру жұмысы үлкен нәтиже береді. Шығарма жазу үрдісінде студенттердің өз сөзімен беру дағдысы арқылы өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Шығарма – студент­тердің жазба тілін дамытуда жүргізілетін негізгі жұмыстардың бірі. Жоғары оқу орындарының орыс бөлімінде оқитын студенттерді шығарма жазуға төселдіру үшін олармен үнемі жүйелі жұмыс жүргізіп отыру керек. Сондай-ақ оқу жылының соңында жазылатын шығарманың көлемі жыл басындағы шығарманың көлеміне қарағанда ауқымдырақ болады. Студенттер жыл басында қарапайым шығарма жазуға дағдыландырылса, жыл соңына қарай бұл жұмыс күрделене түседі.
Шығарма оқу бағдарламасына сәйкес белгілі бір тақырыпқа жазылады. Шығарма тақырыбын ашу үшін студент тақырыпқа қажетті сөздерді меңгеруі керек. Олар өздерінің сөздік қорына қосылған сөздер негізінде шығарма жазады. Кей жағдайда қазақ тілінде сөздердің аудармасын есіне түсіре алмаған немесе ұмытып қалған жағдайда аударма және түсіндірме сөздіктерді пайдалануға рұқсат етіледі. Н.Оралбаева мен К.Жақсылықова шығарма жаздырудың төмендегідей тәсілін ұсынады: 
1. Оқушы шығарма тақырыбымен, жұмыс­тың мақсатымен таныстырылады;
2. Шығарма тақырыбы туралы оқушыға түсініктеме беріледі;
3. Жоспар жасалады;
4. 2-3 оқушы тақырып бойынша ауызша әңгімелейді;
5. Кейбір қиын сөздер тақтаға жазылады;
6. Оқушылар өздерінше шығарма жазады [6,20 б.].
Шығарма жазу үрдісінде баланың тілі жаттығып әрі логикалық ойы жетіледі. Себебі шығарма жазуда мазмұндамадағыдай біреудің айтқанын айтып беріп қана қоймайды, фактілерді өз беттерімен реттестіріп алып, айтқан сөздеріне тиісті дәлелдер келтіріп отырады. Ал, дәлелдер келтіру үшін жақ­сы­лап ойлану керек болады.Шығарма жазу жұмысы арқылы тіл үйренушілердің маман­дықтары жөнінде сөйлеу дағдыларын, дүниеге көзқарасын қалыптастыра отырып, қатысымдық тұлғаларды дұрыс қолдануға жаттығады. Шын мәнінде, шығарма жазуда студенттер берілген тақырыпты толық қамтуы үшін материалдарды жинайды, оның ішінен тақырыпқа қатыстысын іріктейді. Студент шығарма жазардан бұрын шығармада не жөнінде айтуға болатынын және оны жүзеге асыру жолдарын ойланады. Содан кейін жиналған материалдар негізінде әдеби тілмен жазады. Шығарманың тақырыбын түсіну және оған мән беру студенттен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Шығарма жұмысын жазу үшін түрлі дайындық жұмыстары жүргізіледі.
Шығарма жазуға дайындық студенттермен мәтіндегі мағынасы түсініксіз сөздер, тұрақты сөз тіркестері бойынша сөздік жұмысын жүргізуден басталады. Мәтіннің тілдік ерекшелігін түсіну, оған жете мән беру студенттердің ойлау қабілетін дамытуға әсер етеді. Түсініксіз сөздердің мағынасын жете түсіну үшін студент ізденеді.
Тақырыпқа сәйкес арнайы жаттығу жұмыстарын жүргізу олардың шығармашылық қабілетін дамытуға игі ықпалын тигізеді. Студенттерге шығарма жаздыру алдында әр­түрлі тапсырмалар беріледі. Мысалы:
– поэзиялық шығарманы қара сөзге айналдыру;
– прозалық шығарманы драмаландыру;
– диалогты сөздерді монологқа айналдыру;
– шығармаға пікір жаздыру;
– кейіпкермен тілдесу.
Студенттерге шығарма жұмысын жазу алдындағы дайындық кезеңінің бірі – табиғат аясына экскурсия жасау, түрлі бақылаулар жүргізу. Әсіресе өздерінің тікелей көргендері бойынша жазған шығармаларды салыстыру, талдау, жүйелеу, топтастыру, қорытынды жасауға дағдыланады. Студенттердің бақылаудан, экскурсиядан алған әсері бойынша шынайы сезіммен жазылған шығармаларының маңызы жоғары саналады. Осындай жұмыстарда шығармашылық шабыт пен өзіндік ой ерекше байқалады.
Эколог студенттерге табиғат құдіретін сезіндіру, қоршаған табиғи ортаны бақылату арқылы шығарма жаздырту – қазақ тілін дамыта оқытуда қолданылатын тиімді тәсілдердің бірі. Студенттер табиғат аясына шығып, көрген, сезген, бақылағандары барысында өз толғаныстарын жазу – олардың шығармашылық көңіл-күйіне әсер етеді.  ЭТ студенті М-ның Жаңа Жамбыл фосфор зауытына барған кездегі жазған шығармасынан үзінді: «Мен «экология» сөзінің мәнін енді ғана ұғынғандай болдым. Таудың етегіне салынған  алып зауыт маған табиғаттың қас жауындай сезілді. Зауыт трубаларынан будақтай шыққан улы түтіндер адамның да, табиғаттың да тамырына балта шауып жатқан сияқты… Ойланайықшы, бұл сонда тірі табиғатқа өлім уын сеуіп жатқан бір ғана өнеркәсіп. Ал, дүниежүзінде бұдан басқа жүз мыңдаған өндіріс орындары бар емес пе? Мен болашақты ойласам, көкірегімде қорқыныш сезімі билейді…».
Шығарма жазба жұмыстарының ішінде ең күрделі түрі деп саналады. Өйткені шығарма жазуда тіл үйренуші тақырыпқа байланысты негізгі ойды айқындайды. Қажетті материалдар жинап, айтар ойға тірек болатын сөздерді, сөз тіркестерін, мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркестері, афоризм, өлең шумақтарын жүйелей отырып, арнайы композициялық тұлғада құрастырып жазады. Бақылаған құбылыс, нәрсе туралы өзіндік ой-пікірін жазады.
Күзгі баққа саяхат жасаудан кейінгі Л. деген студенттің толғанысынан үзінді: «Мен жапырақтарға қарап отырып ұзақ ойландым…Кеше ғана жап-жасыл боп, тек өсуді ғана білетін жапырақтар айналасына  қуаныш сыйлайтын сияқты еді. Ал, бүгін тіптен өзгеше. Жапырақтар сытыр-сытыр етіп желмен тербеле жерге түсіп жатыр. Олар неге соншама биіктен құлауға асығады екен?».
Студенттер күзгі бақтағы табиғатты, сар­­ғайған жапырақтарды түрлі қырынан көреді. Себебі олардың ойлауы да әртүрлі. Ойы ұшқыр студенттер құбылыс, оқиғаны өмірмен салыстыруға, түсінуге тырысады. Осы тақырыпта жазған ЭТ студенті Б-ның шығармасынан үзінді: «…Маған жапырақтардың өмірі аянышты көрінді. Жаз бойы қол жетпейтін биікте тұрса, ал, бүгін аяқ астында тапталып жатыр. Кеше жасыл, бүгін сары, ертең жоқ. Олардың аянышты тағдыры туралы өлең жазғым келіп кетті. Қарап отырсам, жапырақ пен адам өмірі ұқсас екен. Адам да дүниеге келеді, өседі, қартаяды, өледі. Бірақ өкініштісі, жапырақ өмірі бір ғана маусымдық…».
Әдістемелік әдебиеттерде шығарманың еркін тақырып бойынша шығарма, сурет бойынша шығарма, бақылау шығармасы деген түрлері кездеседі.
Студенттерді шығармашылық іске баулуда шығарма жазуға, соның ішінде сурет бойынша шығарма жазуға үйретудің маңызы зор. Сурет бойынша шығарма жазуда студенттердің логикалық ойлау қабілеті, танымдық белсенділігі, сезімдік қабылдауы дамиды. Тікелей суретпен жұмыс жасау арқылы олардың эстетикалық сезімі, талғампаздығы арта түседі. 

 Г. Үрістенбекова,
Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және 
инжиниринг университетінің оқытушысы
Ақтау қаласы

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. – Алматы: РБК, 2000. –207 б.
2. Тәжiбаев Т. Жалпы психология. –Алматы: Қазақ университетi, 1993. –240 б.
3.Жарықбаев Б. Психология. Педагоги­калық училищелерге арналған оқулық. – Алматы:Мектеп, 1982. –280 б.
4. Охитина Л.Т. Психологические основы урока. –М.:Просвещение, 1977. –96 с.
5. Шубинский В.С. Педагогика творчества учащихся. –М.: Знание, 1988. –79  с.
6. Оралбаева Н., Жақсылықова К. Орыс тiлiндегi мектептерде қазақ тiлiн оқыту әдiстемесi. –Алматы: Ана тiлi, 1996. –208 б.

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!