Қысқа-қысқа қайырымдар…

  • 06.04.2016
  • 536 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрғали Ораз,жазушы

 

Көшеде қалған кітаптар

Тротуардың жиегіндегі кітап сатып отырған кісілерге қараймын. Олар қағазы сарғайып, мұқабасы мүжіле бастаған көне қазыналарды күнге жайып, кептіріп отырғандай әсер қалдырады. Еріксіз үңілесің. Сол баяғы, студент кездегі оқыған классика. Э. Л.Войнич «Бөгелек», Стендаль «Қызыл мен қара», Ги де Мопассан «Новеллалар», Э. Сетон-Томпсон «Хаюанаттар туралы әңгімелер»… Ескі басылымдар мен еңкейген қарттар: «Кітап көнереді, адам қартаяды» деп тұрғандай болады. Есесіне, біздің төңірегіміздегі техника күн сайын жаңарып барады. Соңғы кезде олардың маркасын да жаттап үлгере алмайтындай күйге жеттік.
Алайда… Жас кездегі біз қызыққан тех­ника, біз қызыққан заттар, біз қызыққан киімдер қазір мүлде көрінбейді. Бірте-бірте ұмытылып, естен шығып барады.
Есесіне сол бір жылдары оқыған кітаптар жадымызда әлі сайрап тұр.

Аллеядағы қазақтар

Кешкілік бой сергітіп, аллеяда қыдырыстап жүретін кісі қарасы көп-ақ. Жол бойындағы сәкілерге жайғасып алып, газет-журнал оқып отыратындары қаншама. Көпшілігі – өзіміз. Яғни, қазақтар. Бірақ, олардың қолдарындағы газеттер, ұяттау болса да айтайық, көбінесе «Время», «Крыша», «Колесо», «Из рук в рук» болып келеді. Іштей келісесің: «Бұл кісілердің бірі – бүгінгі саясат туралы қысқаша мағлұмат, екіншісі – үй-жай, үшіншісі – көлік, қосалқы бөлшек, төртіншісі – жер телімі, құрылыс жайында мәлімет алсам дейді. Сөз жоқ. Өте зәру нәрселер».
Бір күні, кенет қасымда отырған кісі құрысып қалған арқасын жазып, керіліп-созылып отырып, жайбарақат қана: «Мен осы, қазақша газет оқи алмаймын» дегені.
«Оу,  неге? – деймін таңғалып. – Қа­зақша тәп-тәуір-ақ білесіз ғой!»
«Ой, литературный язык қиын. Түсін­беймін».
Мәссаған! «Мына қазақтың кеудесі қаңсып қалған екен-ау!» деген сұмдық ой келді басыма.
Есіме бала кездегі бір оқиға түсті.  Шөп тасимыз деп әбден шаршап, шөлдеп келген ағам екеуміз арша күбінің ішіндегі қымызды тегешке құйып алып, сарқып іштік те, үйге кіріп, домалап жата кеттік. Ал, босап қалған күбі…  ашық күннің астында қаңсып, ағашы айнып кетіпті.
Әй-и, сол күні атам бізді аямай-ақ қамшы­ның астына алып еді-ау!..

Екіге бөлінген ұлт

Жол үсті. Купеде төрт қазақпыз.   
Бірі – жап-жас жігіт. Күнге күйіп, тотыққан. Сонсоң жасамыстау келіншек. Жаз бойы ұрада отырып, бүгін ғана сыртқа шыққандай аппақ. Үшіншісі – менің нағашым. Қалаға көзін емдетуге келе жатыр. Көп сөйлемейді. «Адам тілден қалған соң, сөзден де қалады екен,» деп қояды. 
Жігіт пен келіншек халықаралық тілде сөйлескенді қалайды екен.
Жас жігіт үнемі сапарда жүретінге ұқсайды. Жұмыс бабы солай екен. Әке-шешесі, отбасы Сарышаған стансасында тұратын көрінеді. Айына бір-екі рет келеді, кетеді… Ал, енді, мынау «күн көзін көрмеген келіншек»  бұған дейін Алматы мен Астананың арасында тек ұшақпен ғана қатынайды екен. Тек, бүгін ғана қаладағы көлік кептелісінің кесірінен әуежайға үлгере алмай қалғандықтан, амал жоқ, пойызға мінуге тура келіпті.
Бұл менің бір құлағыммен естіп-біліп келе жатқаным. Себебі, екінші құлағым нағашымның көз туралы әңгімесіне қарай түрілген. 
Біз әрине, өз тілімізде сөйлесеміз. 
Кенет терезе жақта отырған жас жігіт бізге қарап:
– Сіздер қазақша таза сөйлейді екенсіздер, – деді біртүрлі таңғалып. – Ал, мен теледидардан қазақша хабар тыңдасам, түк түсінбей қалам. Сонсоң: «Папа, не туралы айтты?» деп сұраймын әкемнен. Ал, ол болса: «Қазір орысшасы болады ғой, содан түсініп аларсың дейді…»
Біз, нағашым екеуміз бір-бірімізге қарап, қазақ еліне басқа планетадан келген жандар секілді біртүрлі қысылып қалдық.

Қажетсіз ұпай

«Қазақ тілі туралы айту қазір саяси ұпай  жинаудың  ең оңай  жолына айнал­ды»  депті дүйім жұртқа танымал бір саясаткер азамат. Бәлкім, саяси аренада бұл мәселе шынымен-ақ, сондай бір жа­ғымсыз сипат алып бара жатқан болар. Бірақ, өз күнін өзі әрең көріп жүрген қа­рапайым  жұртқа ондай ұпайдың қажеті қанша…
Ауылдан келген қария қаладағы бала­ға таңдана қарап:
–Қарағым-ау, өзіміздің қараторы қа­зақтың-ақ баласы екенсің! Қазақша сөйлесеңші, –дейді.
Шіркін-ай, осы бір жылы лебізде қаншама кішіпейілділік, ізет және қандай терең дипломатия жатыр десеңізші. 

Жақтаушадағы жазу

Өзіміз жиі бас сұғатын Мәдениет меке­месіне жуырда бір сыйлы, құрметті ағамыз директор болып тағайындалды. Сәті түскен күні құтты болсын айтып, кіріп шығамыз ба деп жүр едік. Арада көп өтпей-ақ әлгі мекемедегі лифтінің жақтаушасына: «Лифт служебный» деген жазу ілінді.
Жарайды… Не көрмеген көз, не баспаған аяқ… Үшінші қабатқа тыпылдап шығып кете берерміз-ау!..
Бірақ, мемлекеттік тілдің жанашыры деп жүрген абыройлы ағамыз: «Айып етпеңіздер! Қызметкерлерге арналған лифт!» деп жаздырта қойса, жарымжан көңіл әлдеқандай боп, ұша жөнелер ме еді, кім білсін!..

Қажетті ұпай

Әдеттегідей Жазушылар одағында ана тіліміз туралы толғана, тебірене, ашына сөйлеген академиктің сөзін зейін қойып тыңдап отырмыз.
Мен бұл кісінің ұл-қыздарын және олардан тараған үрім-бұтағын  жақсы танимын. Қазақша бір ауыз сөз білмейді. Үлкен қызы университетте бізбен бірге оқыған. Әрине, орыс тобында. Одан туған жиендері қазір Америкада білім алып жатыр. Ағылшынша судай ағады. Ал, қазақшадан мүлде мақұрым…
Аздан соң академик ағамыз үйіне жетіп, табалдырықтан аттаған кезде ана тілін «ұмытады».
Сонда… Бұл кісі… бұл сөзді кім үшін, не үшін айтып тұр?..  Мұндағы қаламгерлер қауымы, құдайға шүкір, әзірге қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінің арқасында нан тауып жеп жүр емес пе.
Кенет, қарап отырмай, қасымдағы Зәкір Асабаев ағамыздың құлағына сыбырлап:
–Кімге айтып тұр? – деп сұрадым.
Ағайдың түсі бұзылып, көзінен от шашырап:
–Түсінбей отырсың ба? – деді зілденіп. – Оның ойынша, мына біз қазақша біл­мейміз!..

Әуежайдағы әңгіме

Шетелдік бір әуежайда шығармалары әлемдік көрмелерге қойылып жүрген суретші кісімен жолығып қалдық.
Көңілді екен. Теңіз жағасында демалып, күнге күйіп, күш жинап, шабыттанып келе жатқан беті болса керек. 
Кенет ағылшынша жақсы білетін жолаушылардың мынау алып әуежайда емін-еркін серуендеп жүргеніне қызығып, іштей тіл үйрену қажеттігін қатты сезініп тұрғанымызды сөз етіп қалдық. 
Сол кезде әлгі суретші кісі біз мүлде күтпеген бір тосын пікірін ортаға салды:
– Қазақ тілі өте бай тіл деп мақтанамыз. Меніңше, бұл дұрыс емес. Артық нәрсе. Белгілі бір мағынаны білдіретін ұқсас сөздер көп бізде (Синоним сөздерді айтып тұрған болса керек, сірә, – авт). Соның кесірінен басқа жұрт тілімізді үйрене алмайды. Сондықтан да, оны ықшамдап, қысқарту керек. Артық сөздерді алып тас­тау қажет. Әне, сонда ғана басқалар біздің тілімізді оңай үйреніп, халықаралық тіл деңгейіне көтеріледі.
Шынымды айтсам, қатты қысылып кеттім. Мұндай пікірге қарсы тіпті, сөз шы­ғын­даудың өзі артық. Тек, іштегі бір ой: «Аға, сіздер бүкіл адамзатқа ортақ жеті бояудың өзін қанағат тұтпай, бір-біріне қосып, араластырып жаңа түс жасайсыздар. Ал ендеше, соның да қажеті жоқ, бір ғана бояу жетеді десе, не істер едіңіз!»  деп, елеуреп маза бермейді.

Тіршілік заңы

1996 жылдың қаңтар айы.Троллейбуста келе жатып көрдік: бәкене бойлы бір милиционер жүгіріп барды да, тротуардың жиегінде пісте сатып, бүрісіп отырған бір байқұс кемпірдің алдындағы қапшықты  бар пәрменімен теуіп кеп жіберді. Сол сәтте қапшықтағы қара пісте субұрқақ сияқты көкке атылып барып… сау етіп жерге төгілді. 
Әлгі тасбауыр қапшықты емес, тап бір өзімізді келіп тепкендей өкпе-бауырымыз солқ ете түсті.
«Ой, ой, анадан тумаған сорлы-ай!», – деді арамыздағы бір қарт әйел күңіреніп. 
Ал, басқа жұрт  ештеңе айта алмады…

Шапалақ

Кешегі тойда бір тамада жігіт елді әбден мезі қылып, қайта-қайта шапалақ сұраумен болды.
«Оу, ағайын, шапалақ қайда, ша­палақ?!»
«Қане, тағы да, тағы да бір ду қол соғып, қошамет көрсетіп қояйық?»
«Апыр-ай,  сіздерге не болған? Күні бойы тамақ ішпегенсіздер ме, немене? Бір, екі, үш! Ал, қане, шапалақ!»
Кенет…
Ақ жаулығы қарқарадай боп төрде отырған бір апамыз қабағын түйіп: «Ту-үһ, мына заржақтың өзін шапалақпен тарты-ып-тарты-ып жіберер ме еді!» деді қатты шаршағандай терең күрсініп.
Сол сәтте менің ойыма Зәкір ағамыздың бір сөзі оралды.
…Саябақтағы тарам-тарам тротуарлар­дың бірінде аяңдап келе жатқанбыз. Кенет апталық газетте  әңгімесі жарияланған бір жазушы жігіт жолыға кетті алдымыздан. Өзі қызыңқырап алған сияқты. Өте көңілді екен. Зәкең қарап, басын әнтек шалқайтып: 
– Аға, менің әңгімемді оқыдыңыз ба? – деді.
– Ә, иә… айналайын, оқылатын дүние болса, оқимыз ғой, – деп Зәкең оған қатқылдау жауап қатты да, жүре берді.
– Жақсы онда, – деді жас қаламгер «сіздерде басқа шаруам жоқ еді» дегендей қалып танытып. Оның үнінде, жүріс-тұрысында лезде бір «өкпе» пайда бола қалғаны анық сезіліп тұрды.
Зәкең басын шайқап, салқын ғана езу тартты да: «Қарағым-ау, жақсы дүниені жұрттың өзі-ақ оқып шығады. Содан соң, саған пікір айтқысы келіп, өзінің де тілі қышып тұрады, – деді ақырын ғана. – Ал, енді, ұнамаған дүниеге сөз жоқ…»      

Дүние

Ұшақта қатар отырған апайдың он саусағы тола жүзік екен. Бірінен бірі өткен әдемі, зерлі, бағалы әшекейлер. Мен оны әуелде байқар ма едім, байқамас па едім, кім білсін, ол кісі егер саусақтарын қайта-қайта бүгіп-жайып, бүгіп-жайып назарымды аудара бермегенде. Алайда, ақпа құлақ адамға қаншама айтып түсіндірдім дегеніңмен, артынша-ақ ұмытып қала беретіні секілді, мен де әлгі дүниенің қадір-қасиетіне жетіп, өз деңгейінде бағалай қоймасам керек. Себебі, өз қолымдағы алақандай кітапқа үңіліп, меңірейіп отыра бердім. 
Кенет апай тағы да саусақтарын бүгіп-жазып, бүгіп-жазып менің назарымды өз қолындағы жүзіктерге қарата шақырғандай болды. Апыр-ай, енді… не десем екен?.. Мұндайда тіпті, мақтай салудың өзі де қиын екен. Ол үшін әуелі білім, білік қажет-ау, сірә. Өкінішке қарай, мен мұндай қымбат заттармен әуес­тенбеппін. Бар білерім, алтын-күміс, меруерт-маржан, гауһар – бәрі де асыл тас. Не тозбайды, не ескірмейді. Бағасы да төмендемейді. Құны да жоғалмайды. Бірақ, осы, соңғы қасиетіне келгенде ептеп көңілімді күмән торлайды. Ал, егер… мына мен сияқты құнын, иә, бағасын білмейтін адамға тап болса ше?..
Бәлкім, содан болар, өзім білетін дүниенің қадіріне жетіп алсам да жарар деген оймен қолымдағы кітапқа қайта үңілдім. Ал, апай болса, саусағын бүгіп-жазып, бүгіп-жазып, соншама асыл дүниеге көз қиығын да салмайтын сен кім едің дегендей басын шалқайтып, көзін жұмды.
…Қос кейіпкердің – ауру жігіт пен бақытсыз кәрі қыздың қыстыгүні алыс­тан бұлдырап көрінген от  секілді жұмбақ тағдырына елігіп, өзімді өзім ұмытып, қызық та қайғылы новел­ланың соңына қалай жеткенімді өзім де аңғармай қалдым. Жанарыма бір тамшы жас іркіліпті… Әлгі апайдан ыңғайсызданып, көзілдірігімді түзеген болып, көзімді құрғаттым.
Жо-жоқ. Ол кісі ештеңе байқамады. Өйткені, қалғып кеткен екен. Сау­сақтары бүгулі күйінде қалыпты. Бірі­нен бірі әдемі, зерлі, бағалы жүзіктер болса, «біз ешқашан қалғымаймыз» дегендей тәкапбар кейіпте жалт-жұлт етеді. Соншама қымбат, сондай асыл бұйымдарға бір ауыз мақтау сөз тауып айта алмағаным үшін бұл кісі маған ренжіп қалды-ау деген ой келді. Өйткені, мынау жалғанда әркім өзінде барды көрсетпек болады емес пе.
Мен де іштей: «Шіркін, мына қызық новелланы апай да оқыса ғой», деп ойладым.    

Алдыңғы «
Келесі »