Тарих толғауы – ұлы өнер ордасында

  • 10.06.2016
  • 1186 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Маржан СӘБЕТ,
журналист

Қазақтың бас театры М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрына – 90 жыл. Киелі өнер ордасы қазақ театр өнерін кеңінен танытып,  рухани байлығымызды еселей түсуде аянбай еңбек етіп келеді. Биылғы «Театр көктемі – 2016» фестивалі қазақ сахнасының көзі тірі аңызы, көрнекті актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекованың 100 жасқа толуына арналды. Үш күнге созылған өнер мерекесіне орай театрдың актерлері, режиссерлар, драматургтер, театртанушылар мен Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері, журналистердің басын қосқан үлкен келелі кеңес ұйымдастырылған еді. Ол үш кезеңге бөлініп, театрдың кешегі тарихын толғайтын деректі фильмдер көрсетілді.  Үш кезеңді қамтыған келелі кеңес барысында айтылған ойларды ықшамдап, назарларыңызға ұсынбақпыз.

Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сый­лық­тар­дың лауреаты: – Кейде айтылмай жүрген ойлар болады. Әртістердің бәрі ақкөңіл бала сияқты ғой. Серағаңның бір айт­қаны өмір бақи есімде қалыпты. Ол: «Шырағым,  қалжыңың жақсы. Бі­рақ, кейде қатты айтып жіберіп, жолдастарыңнан айырылып қалуың мүмкін. Қалжыңның да қалжыңы болады», – деген еді. Сонысы рас екен. Біздер кейде пұшықты «пұшық» деп айта саламыз. Ондай қалжың болмайды. Сол кездерде, спектакль дайындағанда осылай «за столом» барлығымыз отыратынбыз. Әркім өзінің рөлін оқиды. Ол кейде екі-үш айға созылады. Сонда, әртістер «за столом» рөлін жаттап шығатын. Сахнаға шыққанда барлығы дайын, қағазға қарап жатпайтын. Ал, енді заман өзгерді. Қазір балалар алғыр, сөздерін жаттап алады. «Сөз деген жүрегіңе сіңбесе, оны неге айтып тұрсың?», – дейтін Хадиша апай. Шынында да, әр сөздің мағынасының түбірінде не жатқанын іздеу керек. Мысалы, драматург пьесасын жазып әкеледі. Оны режиссер алып, актерлерге бөледі. Режиссер драматургтың жазғанынан ауытқымай, соны дамыта отырып, яғни, драматургтың иығына шығып, ары қарай алып кетпесе, ол режиссердің бағасы жоқ. Ал, енді, режиссердің беріп отырған рөлін актер режиссердің иығына шығып, ары қарай алып кетпесе, онда одан түк шықпайды. Көрерменге сол екеуінің (драматург, режиссер) ойын нақпа-нақ үдетіп, толықтырып жеткізетін актерлер. Театрдың бір мақсаты – көрерменді тәрбиелеу, оның санасына, ақыл-ойына әсер ету. Халықты тәрбиелеу үшін, халыққа айтатын сөзің болу керек.  Көрермен әр сөзден үлгі алуы керек. Қазір сөзді міңгірлеп, мұрнының астынан айтып ойнайтындар бар. Жастарға айтатынымыз сол: «Айналайын, ойнамай-ақ қойшы. Сөзіңді жеткізші. Сөзің жетпей жатса, сахнаны таста. Көрерменге әр сөз, тіптен сөз емес, әріп жету керек», – дейміз. Біздің академиялық театрдың үлгісі, дәстүрі, міне, осында жатыр. Театрды «условное искусство» дейді. Бұл – өнер. Әр пьесадан халық бір ой-тұжырым алып қайту керек. Көрерменнің деңгейімен кетсең, онда спектакль болмайды. Кейіпкердің киімін былай қойғанда, жүріс-тұрысының өзі астарлы ойды жеткізіп тұру керек. Қаллекилер шыққанда, «Ей, қарағым!» деген қаратпа сөзінің өзінде үлкен ой жататын. Кезінде Мұхтар Әуезов өзі сахнадан қарап, бақылап отыратын. Интонацияның дұрыстығы, айту әдебі қадағаланатын. Тарихта қалған ұлылардың сахнадағы қимылы, киімі бәрі үйлесімді. Ойнаған рөліне сенбей қоймайсың. Асқар Сүлейменовтің тілімен айтқанда «өмірдің бәрі – өнер емес». Өмірден үлгі аламыз, бірақ, соны өнерге айналдыру біздің міндетіміз. Әр спектакль туралы таңды-таңға ұрып айта беруге болады. Сол кездегі классиктер үшін әр рөл маңызды болған. «Ақан Сері – Ақтоқты» спектакліндегі мылқаудың рөлін бір актерге бөліп берген ғой, атын атамай-ақ қояйын. Ол «мен мылқауды ойнамаймын, бір сөзі жоқ» деп рөлін менсінбей, ренжіп лақтырып жібереді. Сонда, Қаллеки «мен ойнаймын» деп қағып алған екен. Қаллекилердің Ақтоқты трагедиясын терең түсінгендігінен болу керек, мылқаудың рөлінде залға қарап, үлкен бармағын тістеп, бәленбай минут бойы ыңыранып тұрғанда, көрермен ағыл-тегіл еңіреп жылап отыратын. Міне, актер. Актер деген кім? Бұл – бүтін бір ғылыми обьект. Оны көбісі жеңіл-желпі деп ойлайды. Нағыз актер сахнаға кіре білуі керек, сосын одан шыға білуі керек. 
Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты:  – Өнер жолы – ауыр жол. 90 жас – қазақ үшін ақ­сақал жас. Осы театр­да жұмыс істеп келе жат­қаныма алпыс жылдай уақыт болды. Алдымыздағы аға-апаларымыздың қалай жұмыс істейтінін көрдік, сөз саптауынан үйрендік, сахнаға сүйіспеншілігін аңғардық. Ол кезде көп нәрсе жетіспейтін еді. Соған қарамастан, ағаларымыз театрдың іргесін мықты етіп қалады. Осы кезге дейін өрлеу де, шаршау да болды. Оның арасында «ұжымдық басқару» деген шығып, театрдың бас режиссері болмай, екі жылдай басшысыз отырған кезі де болды, соның өзінде де театрдың деңгейі төмендеген жоқ. 1930-жылдары атылып кеткен Сәлімов деген режиссерден кейін ұстазымыз Тоқпанов бірінші кәсіби режиссер ретінде «Абайды» қойды. Бұл туралы көрнекті жазушы Ғ.Мүсірепов бүкіл қазақтан сүйінші сұрап, үлкен мақала жазды. Бұл бір тарихи сәт еді. «Бұрын әртістер сыртқы түріне, киіміне, жүріс-тұрысына мән беретін. Ішкі дүниесін ашуға келгенде кемшін болып жататын еді. Құдайдың берген талантының арқасында ондай кемшіліктерді де байқаған жоқпыз. Ғұмыры ұзақ болсын» деп бата беріп еді. Сол баталары қабыл болды. Қай елге, қай қалаға барсақ та, абыроймен оралып жатамыз.
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-дра­ма­тург: – Бұл театрдың тари­хы тереңде. Ол за­манда даладан келіп ойнаған актердің ше­бер­лігі, кешіріп қойы­ңыз, оқу бітіріп, қолына диплом ұстаған артистің шеберлігінен әлдеқайда жо­ғары болатын. Табиғи еді, олар ойнамайтын, өмір сүріп жүретін. Сәбира Майқанованың ойнағаны қандай… Асекең айтпақшы, М.Әуезовтің өзі бұл кезде әр спектакльдің репетициясына қатысып, әрбір сөзін қадағалап отырады екен. Қазір режиссерлер драматургтың театрға кел­мегенін жақсы көретін сияқты.  Пьесам қойылып жатқан кезде,  қалжыңға сүйеп бір режиссерға айтып едім:  «Сен тірі авторларды онша ұнатпайтын сияқтысың», – деп, «шынында да тірі авторларды онша сыйлай бермеймін», – дейді, ол да. Қазір режиссерлер спектаклін екі сағаттан асырып қойса, көрермен сағатына қарағыштап, шыдамсыздық танытып жатады. Ілгеріректе «Ақан Сері – Ақтоқты» спектаклі үш сағаттан артық жүретін. Шетелде бес сағаттан артық жүретін спектакльдер бар. «Театр Оранжериде» екі антрактімен он екі сағаттық спектакльдер қойылады. Ал, бүгінгідей айналасы 1,5 сағаттық спектакльде қандай шындықты, қандай өмірді көруге болады? Сондықтан, меніңше, академиялық театр бір-бір жарым сағаттық спектакльдерге ынтық болмағаны дұрыс. Мен бұл театрдан мәртебелі биік атына лайық басы бар, ортасы бар, аяғы бар, толыққанды драмалар көргім келеді. Антракт деген – театр мәдениеті. Онда адамдар пікір алмасады. Құдайға шүкір, осы үлкен театрдың сахнасында менің жеті пьесам қойылды. Мен Омаров «Әпкені» қойған кезде ғана көп қобалжыған жоқпын. Ол мәтінмен жақсы жұмыс істейтін үлкен педагог-режиссер еді. Дауыс көтермейтін, сырбаз, мәдениеті жоғары адам болатын. Сол сабақтастық бүгінге дейін әдемі жалғасын тауып келеді. Менің тілегім, енді, жүзжылдықты әдемі қалпымызда қарсы алайық.
Амангелді МҰҚА­НОВ, өнертану канди­даты: – Театр әкімшілі­гінің тарихты үш кезеңге бөліп, 30 жылдан бөліп қарастырғанын, өзімше, дұрыс та шығар деп ойладым. Рас, кәсіби театрда үлкен жұмыс жасалды. «Театр сыны болған жоқ» деп айтып жатады. Әдебиет және өнер институтынан «Классикалық зерттеулер» деген 33 томдық еңбек жарық көрді. Соның 3 томын өнертанушылар құрастырды. «Театртану болды ма, болмады ма?» деген сұраққа осы жинақтың ішіндегі зерттеу мақалалары жауап береді. Сахнаға байланысты сынды көбінесе қаламгерлер, режиссерлер, актерлердің өздері, жай ғана театрға ғашық көрермен  жазған. 1-томының өзіне 16 авторды енгіздік. Соларды «классика емес» деуге аузың бармайды. 1914 жылы қойылған «Манап» спектаклі, «Хан Кене» туралы жазған Сәкен Сей­фуллиннің тамаша мақалалары бар. Мір­жақып Дулатовтың «Біржан-Сара», «Манап» драмасы туралы тұщымды дүниесін  атап өтуіміз керек. Смағұл Садуақасовтың ұлттық театр туралы құнды идеялары мен ойлары әлі күнге маңызын жойған жоқ. «Сол заманның өзінде осының бәрі қалай жазылған?» деп таңқаласың. Ж.Шаниннің, І.Жансүгіровтің, Б.Май­линнің, М.Әуезовтің, Бековтің, Т.Жүр­геновтің, Ғ.Мүсіреповтің, Исмаи­ловтың, Ш. Құсайыновтың театр мәселелері туралы жазған еңбектері осы жинақта топ­тастырылған. 20-30 жылдардағы барлық басылым «байшыл, ұлтшыл, алашордашыл» деп бір бояумен қараланып отырды. Соған сәйкес кейінгі зерттеушілер де театр туралы зерттеулерін бірсарынды жазғырып жазды. Осыған байланысты бұл кезеңді қайта жазу керек болды. 1978 жылы Ә.Тәжібаев бастаған институт ғалымдары екі томдық еңбек шығарды. Өкінішке қарай, онда да көп нәрсе айтылмай қалды. Сондықтан, 1920-50ж. аралығындағы үш репрессия кезіндегі тарих қайта қаралуы тиіс. Біз тарихты қайта қарамаймыз, тек толықтырамыз, айтылмаған сөзді қайта қарап, жазуымыз керек. Халық бар жерде театр бар. Келешекте жаңа еңбектермен толықтырылады деп сенеміз.
Әлия БӨПЕЖА­НО­ВА, ҚР еңбек сі­ңір­ген қайраткері, сын­­шы: – Театрды бір адам жасамайды, театр өнері – ұжымдық өнер. Жастар өсіп келе жатыр. Тарихқа байланысты жасалатын дүние көп. Бұл театр бүкіл алаш қайраткерлерінің, қазақ зиялыларының арманынан ту­ған театр. «Қазақ халқы басқа халықпен терезесі тең болса екен» деген алаш қайраткерлерінің үлкен арманынан, аңсарынан туғанын бүгінгі ұрпақ білуі керек. Алғаш театрды ұйымдастыру жұмысына саясаткерлер араласқан. Бүге-шігесіне дейін пысықтап, басы-қасында жүрген. Олар жан-жақты болған. Кейін бізде мамандандыру жүргізіліп, «мынау актер», «мынау режиссер» деп кеттік.  Әлі көп зерттеулер жүргізілуі керек. Театр махаббатты, іңкәрлікті сүйеді. Жай спектакль болса да, ол жайдан-жай қойылмайды. Мақсат арқалап шығады. Бір спектакльдің сыртында қаншама еңбек жатыр. Соның идеясын, мақсатын аңғара білсек деймін.
Рахилям МАШУ­РО­ВА, ҚР еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» ор­де­нінің иегері: – Театры­мыздың 90 жылдық мерейтойын бастап кеттік. 90 жыл ол аз жыл емес. Өте күрделі жылдары біздің ұлы аталарымыз бен апаларымыз алғаш қадам жасап, осы театрдың негізін қалады. Солардың ізімен біз келе жатырмыз. Драматург жазып береді, режиссер қойып береді, ал, оны көрерменге ойы арқылы, өзінің өмірге деген көзқарасы арқылы, өзінің таланты арқылы жет­кізетін әртіс. Талант Құдайдан беріледі. Талант дейтін қасиетті неше түрлі химиялық заттарды ойлап тапқандай, эксперимент арқылы жасап тудыра  алмайсың. 5% – талант, 95% – еңбек. Біздің балаларымыз шетелдік театрлардың фестивальдеріне барады. Олар ол жерден басқа мектептерді көреді. Ал, барғаннан кейін, біз өзіміздің қазақ театр мектебін жоғары биіктен көрсете білуіміз керек. 
Шәмшәгүл МЕҢ­ДИЯ­­РОВА, Қа­зақ­стан Рес­публикасының ең­бек сіңірген ар­тисі: – Жас кезімізде театрда күн­­делікті массовкаға шығамыз. Сол кезде, біз, рөл ойнайықшы деп арпа­лысқан жоқпыз. Аға-апаларымыздың ойынына «Осы кісілер қалай ойнайды?», «Қалай сахнаға шығады?» деп тамсанатынбыз. Сәбира апам мен Фарида апам «Ана – Жер-Ана» қойылымын ойнағанда әр қимылына қызығып қарайтынбыз. Сәбира апамыз күліп тұрып жылап жібереді де, жылап тұрып күліп жіберетін. Сондай керемет іс-қимылдар жасайтын. Солардың өнеріне қарап, «шіркін-ай, қалай үйренсек болады?» деп зер салып тұратынбыз. Қазір өмір басқа. Жастарға айтарым, өздеріңнің шыққан тектеріңді, негіздеріңді ұмытпаңдар, негіздеріңнен ажырамаңдар. 
Бақыт НҰР­ПЕЙ­ІС,  Т. Жүргенов атын­да­ғы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Өнер­тану» факуль­те­­тінің деканы, өнер­та­ну кандидаты, доцент: – Осы театрдың 90 жыл­дығының аясында жұмыс жасаған әрбір актерларымызды, режиссерлерімізді қанша зерттесек те, әлі толық бағасын бере алған жоқпыз. Сондықтан, осы бүгінгі келелі кеңеске жиналып, театрдың алтын ғасырын өз қолымен жасаған актерлеріміз, режиссерлеріміз, драматургтерімізбен бас қосып отырғанымыз үлкен бақыт. Сіз­дер­дің ойындарыңызды тасқа қашап қал­дырып кеткен, үлкен театртанушы ғалымдарымызды 90 жылдықта атап өтсек, артық емес деп ойлаймын. Ең бірінші театр деген ұғым, алғаш ашылған кезде өздерінің көзқарастарын білдірген үлкен зиялыларымыз Жүсіпбек Аймауытовтан басталады, одан кейін М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов. Олар туралы біз кеңірек жазып жатырмыз. Қажымұрат Қуандықов, Бағыбек Құндақбайұлы, Әшірбек Сығай, Ахметжан Қадыров,  Сәуле Қабдиевалар үлкен еңбек сіңірді. Одан кейін Зухра Исламбаева, Меруерт Жақсылықова, Анар Еркебай сынды бүгінгі жас ғалымдар да зерттеп жүр. Олар қолдарынан келгенше сіздерді тарихта қалдырудың жолдарын қарастырып жатқан жайы бар. Осы жерде үлкен ойлар айтылуда. 1950-жылдарда қазақ драматургиясына қысым түсіріліп отырғаны белгілі. Өйткені, кеңестік дәуірдің идеясы драматургтердің шығармасынан орын алды. Қолымыздағы 1950-жылдардың соңындағы  репертуар­ларға қарап отыратын болсақ, сондай шы­ғар­малардың 60-жылдардың басына дейін сақталғанын аңғарамыз. 1960-жыл­дардан бастап, қазақ драматургиясында өзіндік қозғалыс басталып кетті. Расында да, өздеріңіз көріп отырсыздар, Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» атты қойылымы өзінің жазылуы, стилі жағынан мүлдем басқаша болды. Тіпті, оған дейінгі комедияларда жағымды және жағымсыз кейіпкерлер деп екі топқа бөліп қарайтын. Қ. Мұхамеджановтың комедияларынан бас­тап ондай жағымды, жағымсыз кейіп­кер деген болған жоқ. Әр кейіпкер өзінше бір әлем болды. Осы ары қарай психологиялық терең, кең салаға ұла­сып кетті. Бір ғана «Ана – Жер-Ана­дағы» Сәбира Майқанова мен Фарида Шәріпованың образдарын алайық. Мысалы, Сәбира апамыздың ойынында эпикалық мектеп, Фарида апамыздың образында психологиялық мектеп байқалады. Бірақ, екі мектепті зер салып қарасаңыздар, қандай ерекшеліктер екенін бірден байқайсыздар. Екеуі де керемет ойнады, керемет деп бағаланды. Міне, актерлік өнердегі сабақтастық. Сол сабақтастық қазіргі кезде аз да болса азайып бара жатыр. Осы сабақ­тастықты ары қарай жалғастыру керек. Одан кейін режиссурадағы алтын ғасырды тек бір ғана режиссердің төңірегінде қал­дырсақ, ол да қателік болып кетеді. Әзір­байжан Мәмбетов, Бәйтен Омаров, Қа­дыр Жетпісбаев, Әубәкір Рахимов, қай-қайсысы болса да, бірін-бірі іліп алып кетіп жатты. Үлкен алтын ғасыр дегеннің өзі жай айтыла салатын дүние емес. Сол кезде жұлдыздар шоғыры туды. Қайта өрлеу дәуірінде болған құбылыс та тура біздің театрымызда, осы кезеңде болғандығын мойындауымыз керек. Сөзімді қорытын­дылай келе айтпағым, қазақ халқы барымызды бағалауға үйренсек екен. Біз әлем театрының тарихын тәл­піштеп беріп жүрген кезде, өзіміздің ұлы шеберлерімізбен мақтануымыз керек. Осы жерде отырған біздің ата-апаларымыз шетелдік актерлерден ешқандай да кем емес. Тек біздің зерттеу жағымыз кем шығар. Болашақта бұл да жазылып, жалғасын табады деген ойдамын. Ол – алдағы уақыттың міндеті. 
Серік АСЫЛБЕК­ҰЛЫ, жазушы-драма­тург, профессор: – Теа­тр­дың 90 жылдығы, сөз жоқ, ұлттың рухания­тындағы айтулы оқиға, бұған ешкімнің таласы жоқ. Театр дегенде, алдымен М. Әуе­зов атындағы академиялық театр көзі­мізге елестейді, ауызға оралады. Бұл тек Қазақстан және Орта Азия елдерінде ғана емес, күллі посткеңестік ке­ңістіктегі  шоқтығы биік ұжымдардың бірі. Мұны мен, осы театрда қойылып жатқан спектакльдердің көркемдік деңгейіне қарап айтамын. А. Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу», сахнаның ақыны атанған У. Тинессидің «Шыны хайу­анат», У. Шекспирдің «Гамлеті» биік деңгейде қойылған дүниелер. Жасырақ кезімде «Современник», МХАТ театрларының қойылымдарын көру бақытына ие болып едім. Салыс­тыра қарасам, бұлардың қай-қайсысы да солардан еш кем соқпайды. Сәбет үкіметі тұсында театр деген үгіт-насихат жүргізетін бригада сияқты деген нашарлау түсінік болды. Өнердің мешіті емес, партияның айтқанын жүзеге асыратын, солардың қаулыларын образбен бейнелейтін сияқты көрінді. Біз бұдан әлі де түгелдей арыла алған жоқпыз. Оны мынадан байқауға болады. Біздің фестивальдеріміздің тақы­­рыбын алыңыздар, «Пәленбай оқи­­ғаға арналған»,  «пәленбай жыл­дыққа арналған» деп, белгілі бір шеңбердің аясына салып тастайды. Бұндай нәрсе ешбір елде жоқ. Әлемде Республикалық, Халықаралық фестивальдерге қойылатын бір ғана талап бар. Ол – көркемдік. Адамзаттың екі жүзділігін, батырлығын, өмірінің үлкен қайшылықтарға толы екені көркем көрінуі керек. А. Чехов Әлемдік драматургияның поэтикасында үлкен өзгеріс жасаған. Сол кісіден бір жас жазушы сұрапты «Көркемдік деген не?» деп, сонда: «Көркемдік – ең алдымен шындық», – деген екен. Шынайылық, шындық қана адамның жүрегін тебіренте алады.   Көрермен бір нәрсені түсінсе екен деймін. Театрға адам ақпарат алу үшін келмейді. Адам театрға катарсиске түсу үшін, жан-дүниесін тазарту үшін, рухани тебіреніске түсу үшін келеді. Ал, қандай да бір кезеңдік көріністер театр­да қойылмасын деген заң жоқ, бірақ, оған арналған публицистикалық жанрлар жұмыс істейді. Оған саясаттанушылар саяси эсселерін арнасын. Мұндай тақырыптарға ғылыми монография жазылуы керек. Бірақ, оған арнап спектакль қою тым артықтау секілді. Тарихи туындылар жазыла берсін, бірақ, ол дүниелер драматургтің жүрегін жарып шығуы керек. Сонда ғана ол көрерменнің де жүрегіне жетеді. 
Меруерт ЖАҚСЫ­ЛЫҚОВА, театр сын­шы­сы: – Театрды тәуел­сіздік кезеңімен байланыс­тыра айтатын болсақ, егемен­діктің алғашқы кезіндегі экономикалық ауыртпалықтан қиналса да, Қазақстанда бірде-бір театр жабылған жоқ. Барлық театрдың бағдаршамы іспетті М. Әуезов театры аймақтардағы драма орталықтарына дем беріп, жол сілтеп отырды. Театрдың шығармашылық еркіндікті жаппай қазаққа таратудағы еңбегін атап өткеніміз жөн. Еркіндікті әркім әрқалай топшылап жатқанда, бұл театр соның ішкі мәнін жете түсінді. Өзіміздің бірегей ұлт екенімізді дәлелдеуде осы сахнада «Абылай ханның ақырғы күндері», «Абылай хан», «Еділ патша», «Шыңғысхан», «Томирис» секілді кең тынысты эпикалық спектакльдердің қайсысы да рухымызды асқақтатып, өзіміздің дербес ұлт екенімізді сезінуге септігі тиді. Оны бүгін айтпағанда қашан айтамыз. Бұл жылдарда театрда неше түрлі бағыт, алуан түрлі стильмен қойылған «Шағала», «Тоғышардың тойы», «Тұзды шөл» секілді адамды бей-жай қалдырмайтын ізденістерге толы спектакльдерді көріп, дағдарып қалған облыстық театрлар «мынандай да дүние жасауға болады екен ғой» деген ұғымды қалыптастырып, ойландырып тастайтын. Сол ізденіс бұл театрдан ешқашан үзілген емес. Тіпті, фестиваль аясында тамашалаған Елік Нұрсұлтанның «Лир патша» атты өзіндік жұмысы сол ізденістің бар екенін айқындайды. Сондай-ақ, тәуелсіздікпен бірге театрға өте талантты, әдемі жас буын өкілдері, жаңа суреткерлер, жаңа режиссерлер келіп қосылды. Бұл да мақтанарлық жағдай.
Ғазиза ӘБДІ­НӘ­­­­­БИЕВА, ҚР ең­бек сіңірген артисі: – Театрды өсі­ретін де, өшіретін де кө­рермендер. Көрер­мен­дер алдында ба­сым­ды иемін. Елдің тағдыры, батырлар жайлы көрсету керек. Оны біздің театр көрсетпесе, жастар қазір кітап оқымайды. Қазақтың ұлттық киімін қалай кию керек, орамалды қалай тарту керек, қалай жүру керек, соны насихаттамасақ бәрі ұмытылады, бәрі қалады. Сондықтан да, театрды кейде үкіметтің қолжаулығындай көрсе, неге олай  болмасқа? Біз үкіметтен жеке кете алмаймыз. Осы жерде пікір айтып отырғандығымыздың бәрі – еркіндігімізден. Ата-бабамыз ұлан-ғайыр жерді қалдырып кетті. Біз соған лайықпыз ба? Біз не істеп жүрміз? Керемет Көкшетау жерінде жүргенде, осыны ойлап жыладым. «Менің бабаларым осыншама жерді ұрпағына сыйлап кеткенде, мен театрда не істеп жүрмін?» деген үлкен ой келді. Шындығында, мен ата-бабамның қалдырып кеткен жерінде шалқып жүрмін. Сахнада тұрып, көрермендердің кім екенін танымасақ та, әр соққан қошеметін естіп, одан сайын шабыттанамыз. Және менде бір тілек, жастарымыз өз тілімізде сөйлеп, намысты болып өссе екен. Театр соны айтса екен деймін. 
Бекжан ТҰРЫС, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: – 90 жыл­дық мереке мем­лекеттік деңгейде тойлану керек. Біз Тәуелсіздік туралы айтып жатырмыз. Сол тәуелсіздіктен ширек ғасырдан бері қалыптасуын сараптайтын кез келді. Не бітірдік? Не ұттық? Неден ұтылдық? Жеңісіміз бен жеңілісімізді қатар айтуымыз керек. Жаңа Ғазиза апам айтпақшы, осы жылдар аралығында егемен Қазақстанымыздың ғұмырын бейне­лейтін, соның сұлбасын көрсететін толыққанды дүниелер жасаған жоқпыз. Ол рас. Біз қазір, шыны керек, мақтаудың құлы болып кеткенбіз. Кешегі рухы сөнбеген ұлыларымыздың осы жердегі өнегесі бөлек болатын. Бүгінгі сын да бізге мақтау. Соған әбден етіміз үйреніп алған. Сын болса екен, сол сын тіліп-тіліп айтатын шын болса екен деймін. Біз ылғи да бас шұлғи береміз. Қазір бас шұлғып отыратын заман емес. Бүгінгі қоғамдағы дүние біздің театрда көрініс тауып отыр. Бұл – өнер. Біз қалай өткенімізді ұмытамыз? Осы жерде талай дүниелерді айтуға болады. Осы уақыт аралығында ұтқан жеріміз де, ұтылған тұсымыз да болды. Соның бәрін талдап айтып беру керек. Қазіргі актердің кемшілігі не десе, бос мақтануды айтар едім. Не ойнасақ та, қалай ойнасақ та, ылғи мақтау күтіп отырамыз. Егер, бізге бір ауыз сын айтылса бітті, «мына кісі спектакльді түсінбеген екен» деп шығамыз. Қалтай ағамыздың мынадай сөзі бар еді: «бір қораз өзін күн менің дауысымды есту үшін шығады деп сендіріп алыпты», – деген. Біздің жағдай қазір дәл сондай болып отыр. Осы жерде сыншылар бар, тек мақтау емес, актердің рөлін, деңгейін, жаңалығын, осалдығын, осы­ның бәрін талдап айтса, таразылап жазса деймін. Кешегі өткендеріміздің өнегелі өмірін жас ұрпаққа үлгі қылу үшін жасаған үлкен қадам болар еді. «Осыны көбірек ойлау керек еді» деген менің тілегім бар. 
Шынар АСҚА­РО­ВА, Жастар одағы сый­лы­ғының  лауреаты, мә­­де­­ниет қайраткері: – Қазір инстаграм ар­­қылы, желілер ар­қылы жұлдыз болу оңай. Әртіс болмай-ақ жұлдыз болып жатқан вайнерлер шықты. Біз театрға келген кезде шын мәнінде де жұлдыз болдық. Қалай жұлдыз болдық? Мен 1992 жылы келіп, 1993 жылы «Турандот ханшайым» спектаклінде ойнаған кезімде инстаграм жоқ, интернет жоқ еді. Есесіне, біздің суреттеріміз бен астында өмірбаянымыз жазылған буклеттер институттарға, мектептерге таратылып, көшелерге ілінетін. Сөйтіп, біз танымал болдық. Құдайға шүкір, мұның өзі менің кішкентай күнімнен армандап келген ұлы өнер ордасы қара шаңырақ театрымның арқасы. Дей тұрғанмен де, бұрындары драматургтер театрмен етене араласып, актерлермен танысатын. Соларға қарап, әңгіме-дүкен құра отырып, образдар туған. Неге соны біз үрдіске айналдырмаймыз? Неге біз драматургтерімізбен жақын араласпаймыз? Неге олар бізге келмейді, неге біз оларға бармаймыз? Сондай творчествалық пікір­таластар, талқылаулар бізде жоқ. Бұрынғылардың көзін көргендерміз. Бізді театрға қабылдаған  кезде көркемдік кеңес деген болды. Ми­нис­трліктен келетін, драматург қалам­герлер мен театр ұжымындағы басшылықтан құралған 12 адам өнері­мізді сынға салатын. Есіктің ал­дында бар білгенімізді дайындап, дірілдеп кіретін едік.  Біз үлкен мектеп, ұлы ұстазымыз Әзірбайжан Мәдиұлы ағамыздың сынынан өттік. Мен оны мақтан тұтамын. Қазіргі бағытымыз дұрыс па, бұрыс па, көрермен өзі бақылап, бағасын бере жатар. Әрқайсымыз бүгінде бір-бір тұлғамыз. Көрерменнің эстетикалық талғамына біз биік деңгейімізбен лайық болып, жауап беруіміз керек. Ол үшін қоғамға қолымыздан келгенше адал еңбек етсек деген арман-тілегіміз бар.

 

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат

error: Content is protected !!