ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ

  • 01.02.2017
  • 2225 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нұрмахамбет Айтуғанов,
ауыл шаруашылығы 
ғылымдарының кандидаты

Біздің тегімізді Қоңыраттар дейді.
 «Шежірелер ауыздан-ауызға, атадан балаға ауызша жеткізіліп, біздің заманымызға жеткенше көптеген өзгеріске ұшыраған. Сондықтан, мен «Жан арыс» ататек таралымын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинап, жазып қалдырған «Қазақ шежіресі» кітабы бойынша жазып отырмын» – деп жазған Теңізбай Үсенбаев [37] мәліметтеріне жүгінер болсақ, онда, Жан Арыстың бәйбішесінен Дарақожа туған, ал, онан Қоңырат туған дейді. Қоңыраттың азан шақырып қойған есімі Нағанай. Нағанай және оның балалары үнемі өңкей қоңыр аттарға мініп жүретін болғандықтан, ел оларды «Қоңыр аттылар» деп атайды екен. Осыған орай Нағанай «Қоңырат» атанып кетіпті дейді.


Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын [30] өз еңбегінде, «Қоңырат (Qngrat) руы» деп, арнайы тақырып қойып, онда былай көрсетеді: «бір Алтын Басты (bastu-бастұ) кісіден үш ұл туыпты. Тұңғышы, Шорлық-Мерген (Чurluq-Чoлұқ). Ол қазіргі Қоңырат руларының ата-бабасы. …Түріктер Оғыз-Хан заманында Маңғұл және Ұйғыр болып екі жікке бөлінген. Қоңырат сол Маңғұл Түріктен тараған бір арыс саналады. … Яғни, Қоңырат Қиятқа жатады, …Өз кезіндегі Қоңыраттардың қонысы Жиделі-Байсыннан Қорғалжын өңіріне дейін созылып жатқан. …«Қоңыраттың бір жұрты Маңғұлстаннан Қытайға дейін созылып жатқан, Александрия қорғаны секілді Өткі деген алып дауалға тіреліп жатады» деген баян соны мегзейді. Зерттеушілер осыған қарап, Қоңыраттардың жері Монғолияның шығысында, Өткінің (Ұлықорғанның) маңында деп қате түсініп қалған» деп түйіндеген болады.
Осындай пікірді Әбілғазы баһадур өзінің «Түрік ше­жіресі» кітабында: «Қият нәсілінен бір кісі бар еді, оның үш ұлы болды. Үлкені – Жорлық Мерген. Жорлық Мергеннің Қоңырат атты ұлы бар еді, барша Қоңырат елі соның нәсілінен шыққан» – дейді [37].
Ал, енді, біздің айтпағымыз, көрсетілген автордың, аудармаларға сілтеме жасай отырып, мұндай қорытынды жасаудың анық-қанығын, тәптіштеп зерттеп жүрген та­рих­шы-этнограф ғалымдарға, жазушыларға қалдырайық демекшіміз, ағайын! Бұл жер­дегі біздің басты мақсатымыз, әуелден бастап, Қоңыраттардың жайлаған жерлері туралы айтылып, жазылып келген мәліметтерге шолу жасап, оқушы қауымды хабардар етіп, оларға ата-тектерінің ежелгі қонысы жайлы қолымызға түскен мағлұматтарды жайып салу болатын. Одан, өздеріне тиісті көзқарастарын қалыптастыруды, жеке бас­тарының құзырына қалдырамыз.
Э. Д.Филлипс [7] еңбегінде: «…Восточнее всех обитали монголы и татары – первые по берегам рек Онон и Керулен, а последние южнее этих рек, в районе озера Буйр-Нур. Далее на восток расположены горы Хинган. Еще южнее на западных склонах гор жили хонгираты, к северу от монголов и к востоку от озера Байкал обитали меркитыи уриянкаты, к северу от Байкала буряты, а к западу ойраты и туметы, скорее лесные охотники, чем настоящие кочевники.
На запад от монголов, вдоль Орхона и верхней Селенги, обитали керайты, а еще дальше на запад, в степях и лесах, найманы» – дейді, және де төмендегі картамен негіздеген (сурет). Тарихшы, ғалым Зардыхан Қиянат­ұлы [8] өзінің «Моңғол үстіртін мекен еткен ең соңғы түркі тайпалары: IX-XII – ғасыр» атты кітабында: «Қоңыраттар Жиделі Байсын даласына ежелгі Хонгират атауымен моңғол тай-таласынан соң қайтып оралып, сонда түбегейлі қоныстанып қалды. Ұраны Ө Алатау, Мүлкаман. Таңбасы Ө «П» босаға» дейді. Қытай деректемелерінде [9], Дэй Сечен (Тэ-Сюэчань) – шыққан тегі босыхуэр (қоңырат этнонимі), елі Хунцзила (қоңырат дегеннің қытайша транскрипциясы). Өзі заманында Шомо жерін (Ішкі Моңғол өлкесінің аумағы) мекен еткен. Темүжіннің қайын атасы. Борте-Фуджиннің (Бөрте ханымның)  әкесі. Олар негізінен алғанда Һингян (Хинган) тау жоталарының оңтүстік – шығыс жақ сілемдерінен қытай қорғанына дейінгі жерлерді мекендеді. XII ғасырдың екінші жартысында олардың бір бөлімі Халха өзенінің бойына дейін жеткені белгілі болды. Осы жерде, «ақ татар» тобына жатқызылатын қоңырат ежелден-ақ саны мол, қуатты ру­лардың қатарында болған. Қонысының бір шалғайы Ұлы Қорғанмен іргелес, яғни, қытай жұртына тақау бол­ғандықтан, арыда Қидан, беріде Шүржен патшалығымен алыс-беріс қалыптасады, әрқилы қарымта, сарымта шапқыншылық жағдайлар да ұшырасып тұрады». Қытай деректемелерінде қытай қорғаны маңына қоныстанған қоңыраттар мен оңғыттардың отырықшылыққа бейімділігін сөз етіп, олар «Жер өңдеп егін салумен айналысады… Өздері өндірген түрлі дақылдардан тамақ әзірлейді» және кейбіреулері «там үйлерде тұрады. Шөптің шүйгіні мен су­дың тұнығын іздеп, көшіп-қонған кезбе тір­шілік кешірмейді». Сондықтан да, қытай деректемелері өркениетті қоңыраттарды көш­пенді монғолдардан ерекшелеп түрік тілді оңғыттармен бір топқа жатқызған.
«Шыңғыс ханның Монғолиядағы түркі-монғол тайпаларын бір тудың астына біріктіру жолындағы қимылдары нәтижесінде қоңыраттар екі жарылып кетті. Елдің бір бөлігі Дэй Сеченнің бастауымен Шыңғыс ханға берілсе, екінші тобы 1200 және 1201 жылдары жаджират қатарлыларымен одақ құрып, Шыңғыс ханға қарсы соғысты. Бұл соғыс сәтсіз болып, олардың бір бөлімі Шыңғыс ханға бағынды. Қалған бөлігі Алтай жаққа беттеп, наймандарға қосылды» [9]. 
«Моңғолдың құпия шежіресі» кітабында [12] (34-36 беттер): «Есукей батыр Темүжін тоғызға келген кезде, Уәлін шешесінің төркіні – ол құноуыт елінен, нағашы жұртынан қыз іздейін деп, оны ертіп барады. Жолай Сек­сір мен Шікіркудің арасында отырған Қоңыраттың Дей шешеніне кезігеді. Сонда Дей шешен: «Мына ұлыңның «Көзі отты, беті алмасты», – екен дейді.
Ары қарай: 
«Біздің Қоңырат ежелден
Жиені сұлу,
Қызы өңді ел.
Басқаның жерін жауламай,
Болдырмай, сірә, дау-дамай,
Бидай өңді қыздарды,
Былқылдақ күйме мінгізіп,
Жетелетіп біз нарды,
Желдіртекеп жүргізіп,
Желегін бүркей тұрғызып,
Құтты қосақ еткенбіз» деп Дей шешен Есукейді үйіне ертіп барады.
Дей шешеннің қызын көрсе:
Беті ажарлы, Көзі отты екен. Есукей батырға ұнайды. Қыздың есімі – Бөрте екен. Темүжіннен бір жас үлкен, онда екен…» деген жолдар бар. Тағыда, осы кітаптың 104 бетінде: «Қалқы өзенінің Бұйра көлге құя­тын жерінде жайпақ ерлі (жадағай малды) кезбе қоңыраттар мекендейді дегенді естіп, Шыңғыс хаған: «Осынау қоңыраттар атам заманнан, Жиеннің жөнімен, Қызының өңімен жа­қындай жүріп ке­леді. Оларға жөнін айтса, бізге ерер. Егер, қар­сыласса, күшпен басып алыңдар», – деп, Жоршыдайға бастатып, ұруыт азаматтарын жібергенде, қоңыраттар ықтиярымен қосылады. Шыңғыс хаған өзіне берілген қоңыраттарға ешқандай тиіспейді» делінген. Бұл жерде айтпағымыз, аталған жер аттары: Сексір мен Шікірку, яғни, Сексірдің сары даласы, Қалқы өзенінің Бұйра көлге құятын жерінде, Шыңғыс хаған туылған Онынның Делуін Бұлтық деген жерінен онша ұзақ болмаса керек, деген байлам жасауға болады (жеке пікіріміз).
Осы жерде менің өзімнің жеке ойым: Ұлы қолбасшы Шыңғыс ханның мына бір сөзі: «Мен оған қыз берсем, босағада төрге қарап отырады, олар маған қыз берсе төрден босағаға қарап отырады», осы тіркестер тікелей Қоңыраттарға арнап айтылған сияқты. Мұны да тарихшылар келешекте ескере жүре ме деген ойдамын.
Интернеттің соңғы кездегі мәліметтерін келтіретін болсақ:
Қазақтың нағыз ойшыл ғұлама шежіре­шілерінің соңғы тұяқтарының бірі, менің көзім көріп қалған Найман-байжігіттік Ғұлам Қадыр марқұм Шыңғыс хан жөнін­де айтқанда: «Шыңғыс ханның бесінші атасына дейін Қоңыраттың қыздарын алған, сондықтан оның бойында Қоңыраттың қаны басым. Шыңғыс ханның аты басқа болса да, заты қазақ» деген еді.
1992 жылы Пекиндегі «Ұлттар баспа­сында» жарық көрген Шыңғыс хан­ның шежіресінің аудармасын Міркәмәл Жәлел­ханұлы мен Әбдрешит Тойлы­байұлы деген қандастарымыз жасаған екен. Сондағы Дай шешеннің жырында былай деп айтылған:
Біз Һоңграт елінде (Коң қырат.– Қ.З.),
Шарапат бар тегінде,
Қыз өсіріп әдемі,
Ұмытпаймыз кәдені.
Қара бура жүргізіп,
Хасак арба мінгізіп,
Қаздаң-қаздаң жүргізіп,
Ханым етіп береміз,
Халық сүйген адамға.
Тілеуберді Әбенай, жалғыз ол ғана емес, көптеген зерттеушілер бұл шежіренің түрік­ тіліндегі түп-нұсқасының жоғал­ғанын айтады. 19-ғасырда табылған бұл шежірені Ті­леу­берді «маңғолша балама» дейді. Яғни, қа­зіргі маңғол тілін айтып тұр.
Осымен  қатар,  калай болса да, Шың­ғыс ханды Қоңыратсыз, Қоңыратты Шың­­ғыс хансыз айту мүмкін емес сияқ­ты.
Мен жазған кітәбімнің «Наймандар және төрелер» атты тарауында Қыяттың түбінің Қоңырат екенін айтқан да едім. Қысқасын айтқанда, Эргене қоңнан шық­қан бүкіл тайпа Қоңырат аталған. Ежелгі Хонкират дегеніміз қазақша айтқанда Қоң қырат болады. Эргене Коң қырат дегеніміз тік беткейлі құз қырат. Демек, Эргене коң қыратынан келгендерді алғашында Қоң қыраттан келгендер деп айтып, Қоң қырат, Хонкират атап кеткен. Кейін, қазақ шежірелерінде Қоңқырат дегеннен Қ әрпі түсіп қалып, бұл ұлыс Қоңырат аталып қалған болса керек. Қоңырат этнонимінің қоңыр түсті жылқы малына ешқандай да қатысы жоқ. Рашиден өзінің еңбегінің «Қоңырат тайпасы» деген бөлімінде бұл тайпаның сол Ергене қоңға кеткендерден тарағанын айтады. (Рашид-ад-дин. «Сборник летописей». Т1, кн.1, стр. 160-б).
«Юань әулетінің тарихындағы» (Юань-ши) Жалайыр Мұқалының өмір­бая­­нында, оған Қоңқыраттардың он тай­па­­сының әскерлеріне басшылық етудің тапсырылғаны айтылады. Бұл жерде Қоңқыраттардың тайпа екені жөнінде сөз жоқ. Осыдан біз Қоңқыраттардың ұлыс, арыс болғанын түсінеміз. Бұл жерде Жалайыр тайпасы да, Қыят тайпасы да айтылмайды, өйткені, ол тайпалар осы Қоңқыраттықтардың ішіндегі он тайпаның бір-біреуі болса керек.  Егер де ол заманда Қоңқырат қазіргідей тайпа болса, онда бұл деректе: «Қоңқырат тай­пасының он руы» деп айтылар еді.  Қа­зіргі Қарақалпақтарда Қоңқырат тайпа ретінде емес, сол замандағы арыс ретінде сақталып қалған.
Қиян дегеніміз, Шыңғыс ханның дәуі­ріне дейін калыптасқан су сақтарының, ғұндардың, Рашиден бойынша ежелгі түріктердің Мыңғұл тайпасының қыр­ғыннан аман қалғандарын  Эргене қоң қыратына ертіп әкеткен ақ иық, ақ­сүйек ру басы. Сондықтан да, Ергене қоңнан шыққан Қоңыраттардың ішінде Қиянның өзінің тікелей ұрпақтары Қияттар болған. Қарақалпақтардың шежі­­ресіндегі Қыяттардың Қоңыратқа жазылғаны осының дәлелі. Басқаша айтқанда, Қыяттар өздерін Қоңыраттан таратып отыр. Жалайырлар болса, Нү­күздің ұрпақтары.
Қоңырат Тай шешен  түсін жорығанда: «Бұл сәуе, сіздің Қиян тұқымының сүлдері келіп, разылығын бергенінің аяны екен ғой» деп Есугей құдасына айт­қаны, Шың­ғыс ханның әкесінің ешқандай да, жалайыр емес екенін және де, оның Қоңы­раттың ішіндегі Қиянның ұрпақ­тары – Қият руынан екенін білдіріп тұр. 
Қайрат Зәріпханұлы ДӘУ­КЕЕВ,  шежіре жазушы. 
Өскемен қаласы.
Кейінгі жылдардағы Мұхтар Мағауин­ның [18] зерттеулерінде, мынандай дәлелдер келтірілген: «Шындығында, барлық заманда да, әсіресе, Шыңғыс ханның бергі аталарының тұсында қият пен қоңыраттың бірлігі күшті болған. Ағайын-туыс, құда-анда жұрт. Екі рудың арасында қыз берісіп, қыз алысу – дәстүрлі салтқа айналған. Қоныстары қатарлас, егер қият аймағы – Кентей – Бұрхан-Қалдұндағы үш дарияның бастауы, Онон өзенінің бойы, Селенгінің етегі, Келүреннің жоғарғы жағы болса, қоңырат – үстірттің терістік-шығысы, орманды далаға ірге тепкен еді. Татар тайпасы жайлаған аймақтың түстік беті, Қалқа өзінен Тұр-Қорғанға, нақтылап айтсақ, Оңғыт қонысы Иньшань тауларына дейінгі аралық, ал шығыс өңірі Шүрженмен шектесіпті. Ал, төмендегі картада [11] (сурет) көрсетіліп тұрғаны, Қоңыраттар (КО­НЫРАТЫ) жоғарыдағы Хинган тауынан ығыстырылып, қазіргі Қазақстанның орта­лығына қарай ойысқаны көрініп тұр.
Негізгі мамандығы темір жол инженері бола тұра соңына қазақ тарихына қатысты тамаша ғылыми-зерттеулер қалдырып кеткен тарихшы, шығыстанушы Мұхамеджан Тынышбайұлының (1879-1937) орысша жазылған (Материалы к истории киргиз-казахского народа) деген 1925 жылы Ташкентте басылған еңбегінде [20]: «Қазақ қо­ңы­раттарының мекені 1723 жылы Сырдариядан батысқа қарай болды да жоңғарлардың шабуылынан көп зардап шеге қойған жоқ. Олар 1725-1726 және кейінгі 1750-1758 жылдары да соғыс қимылдарына қатыса қоймаған сықылды.Өйткені, қоңыраттар Сырдарияның оң жағына 1760 жылдар шамасында ғана өткен еді» деп жазылыпты.
ҚСЭ қосымша: ғалымдар «Қоңыратты ежелгі Қият тайпасының ұрпағы немесе қияттармен тектес Олхонут, Хонгират руынан шыққан және ежелден монғол бірлестігінің құрамында болды деп есептейді».
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ауыл шаруашылық ғылым Академиясының академигі, Ресей ауыл шаруашылық ғылым академиясының Сібір бөлімінің құрметті докторы, композитор Қыдырбай Аманжоловтың [16] еңбегінде: «Нағанай 30 ұлымен Емей, Семей деген екі құлымен Отырар аумағын мекендеген. Отырар қаласы күйрегеннен кейін, Моңғол әскерлерінен қашып, Нағанай 29 баласымен екі құлын ертіп алып Жиделі Байсын жеріне ауған. Осы деректерге сүйенетін болсақ, Нағанай XII ғасырдың аяғы мен XIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген болып шығады. Қоңыраттың таңбасы босаға (П). Ұраны «Алатау». 
Осыдан туындайтын, қорытынды: (біздің жеке пікіріміз) шын мәнінде, Қоңыраттар жоғарыдан, яғни, сонау Қы­тай шекарасынан, әртүрлі, қилы-қилы заманның зардаптарынан, әлеуметтік-саяси жағдайлардың құбылуынан, төменге қарай, яғни, қазіргі Сырдария ағысының орта белдеуінде, Әмудария өзенінің жағасына дейін ығысып, осы атырапта орнығып қалғанға ұқсайды. Оның үстіне, Әмудария өзеніне жақын, Өзбекстан мемлекетінің аумағында Қоңырат (картада – Кунград) деген қала да бар. Ол қала Әмудария өзенінің тө­менгі Арал теңізіне құятын сағасына жақын, осы өзеннің батыс жағасында. Бұл аймақ XIX ғасырда Ургенч, Хива қалаларымен бірге Хива хандығына қараған (жоғарыдағы, Национальный атлас Республики Казахстан картасынан көруге болады). Қазіргі қоңырат тайпасын осы өңірлерден ғана кездестіресіз. Жалпы, өзбектерге сіңіп кеткен, өзбек болып жазылып жүрген қоңыраттардың саны да біршама.  
Шежірешілер Алатау бүкіл қоңыратқа ұран болған батыр бабамыздың есімі дегенді айтады. Халық ақыны Қазанғап Байболов (1889-1946 ж.ж.) «Есім хан» атты поэмасында Қоңыраттан шыққан Алатау Есім ханның бас батыры ретінде жырланады» – деп жазылған. 
Мұхтар Мағауин (жоғарыда көрсетілген еңбегінде): «Қоңыраттың ұлдары батыр, мерген танылса, қыздары хас сұлу деген даңққа шыққан. Ару ғана емес, ақылды әйел, ошақтың құт-берекесі ретінде өлең, жырға қосылған. Әдетте, қоңырат қыздары мәңгілік құда қият жағына ұзатылыпты. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүр. Үлкен әке Бартан-бахадұрды айтпағанда, Шыңғыс ханның өзінің қоңырат қызынан туғаны белгілі. Қағанның ел ұстаған, қол бастаған төрт ұлы – Жошы, Шағатай, Өкетай, Төленің нағашысы тағы қоңырат. Шыңғыс ханның жихангер, данагөй немересі Бату ханның да анасы қоңыраттан. Құбылай хан және одан соң біртұтас Қытайды билеген Шыңғыс әулеті бас бәйбішелерін үнемі қоңыраттан алатын салт болған. … Шыңғыс ханның күйеу баласы, қолбасы Тоғышар-ноян, балдызы Алшы-ноян осы қоңырат руынан» дейді. Осы еңбекте: «Қоңыраттардың үлкен бір тобы XV ғасырдың соңында, Шәйбани хан бастаған Дәшті-Қыпшақ руларының қатарында Орта Азия шегіне өтеді, бұлар уақыт өткізе келе отырықшыланып, туысқан өзбек халқының бір бөлшегіне айналыпты. (Әйтсе де, күні кешеге дейін ескілікке жетік ақсақалдары: «Біз қазақ жерінен Арқадан келдік» – дейді екен.) Ежелгі қоңыраттардың бұл тараптағы әулеті 1804 жылы Хиуа хандығында билікке жетіпті, Орта Азия тарихында белгілі Қоңырат династиясының негізін салады». Осы жерде, айта кетуге мәжбүрлейтін бір жағдай, біздер Қоңыраттардың қазіргі кездегі ұрпақтары, өздерін тек қана Сырдария өзенінің орта ағысының, оң жақ және сол жағалауларынан ғана кездестіреміз. Бұрынғы ата бабаларымыздың, жоғары өңірден, яғни, Қытай қорғанына жақын жерлерде болғандығы туралы, енді ғана, әдебиеттерден кездестіре бастадық. Сенерімізді де, сен­бе­сімізді де білмейміз. Тарихи шын­дық­­тардың беті жаңа ашыла бастаған сыңайлы, сондықтан да, әліптің артын бағып, төзімімізді тереңдете түсіп, сабырлылық сақтап, тарихшылардың тұжырымдарын күтуге мәжбүрміз, ағайын. Дегенмен де, менің осы талдаулардан соң туындаған жеке пікірім: жалпы жоғарыдан, яғни, Хинган тауларының етегінен төмен қарай, ендеше, Сырдария өзенінің бойына, кейінгі жылдары келіп орналасып, тұрақтап тұрып қалғандығымыз анық екендігінде. Оған дәлел, ежелгі монғол халқымен көршілес тұрғандығымыз, олармен қыз алып, қыз беріп құдандалы болғандығымыз. Егер де, Сырдария өзе­нінің бойында тұрғанымызда, сонау, ұзақтан келіп монғолдардың қыз беріп, қыз алуы мүмкін емес қой. Бұған тағы бір дәлел, Шыңғыс хан тарихына терең бойлап, зерделеп зерттеу жүргізген, көптеген еңбектер жазған, (мен өзім сол еңбектердің көбісін оқығанмын) белгілі ғалым, Қазақтың спорт және туризм академиясының ректоры, профессор Қайрат Зікіриянов [31]: «Ұлы жүзден үйсін Майқы би, ал, орта жүзден қоңырат Сенген би қатысқан, 1206 жылғы әйгілі құрылтай бұрынғы Семей облысының жерінде орналасқан, Шыңғыс тауларының етегінде өткен. Бұған қоса Қ. Данияров Шыңғыс ханның қабірі де сол жерде жатыр деп есептейді…» деп көрсеткен. Мұндағы айтпағымыз: Шыңғыс ханды, хан сайлаған құрылтайға, қоңыраттың атақты Сенген биі қатысса, онда қоңыраттардың сол кездегі мекен жайлары, монғолдармен шекаралас болғаны анық болып тұр.
«Ал, 1928 жылы Алма-Ата округі, содан 1932 жылы Жетісу құрамынан Алматы облысы болып бөлінген.1932 жылы 20 ақпан күні Қазақ Советтер Орталық атқару комитетінің  VIII шақырылған II сессиясы болады, осында «Облыстар құру» туралы қаулы кабылданады, себебі, содан біржарым жыл бұрын, барлық округтер жойылған болатын, соның ішінде Алматы округі де, сөйтіп, «ауыл да, село да социалистік құрылыстың негізгі звеносы болып» аудандар құрылды. Осыдан барып, жекеленген облыстарды қайтадан құруға шешім қабылданды. Сол кездері Алматы облысының құрамына келесі аудандар кірді: Қаратал, Талды-Қорған, Жаркент, Шілік, Калинин, Іле, Қордай, Алакөл, Ақсу, Шет, Ұржар, Балқаш, Октябрь, Кеген, Еңбекшіқазақ, Қастек, Шу, Лепсі, Қоңырат (Коунрадский), Аягөз, Шұбартау, Алматы қаласы және Қоңырат жұмысшы-поселкелік Кеңесі (Коунратский рабоче-поселковый Совет). Облыс орталығы Алматы қаласында болды, бірақ, Алматы қаласы облыс құрамына кірмейді [32]». Осындай мәліметтерді біздер, жоғарыда, Алматы облысы туралы жазғанымызда, келтірген болатынбыз. Қайтадан тоқталып, қайта оралуымыздың себебі, сондағы қоңырат атауларының Алматы облысында да кездесуі. Осыдан туын­дайтын қорытынды, қоңырат (яғни, қоңыраттар) сонау Хинган тауынан бастау алып, одан орталық Қазақстанға, соңынан Алматы облысына, кейінгі кездері, Сырдария өзенінің орта белдеуінде (өзеннің оң жақ және сол жағалауына) тұрақтап, орнығып қалғанға ұқсайды. Сырдария өзенінің орта белдеуінде дегенде, мен тек қана Қазақстан аумағындағы Сырдария өзенінің орта белдеуін нақтылап айтып отырғаным жоқ. Оған, өзеннің жоғарғы жағындағы, мысалы, Өзбекстан республикасының аумағындағы өзеннің орта белдеуі де кіреді. Себебі, біздің әкелеріміздің өздері, біраз ағайындарымен бірге сонау ашаршылық жылдары, яғни, өткен ғасырдың отызыншы жылдары, Өзбек­станның Қарсығұзар деген жерлеріне дейін түйелерімен көшіп барып, біраз жыл жан сауғалап тұрған да, кейін елге оралған. Ол жерлерді біздер көргеніміз жоқ, көне көз кәриялардың айтуы бойынша, ол жерлер Самарқанд қаласына жақындап қалады. 
Қоңыраттардың   тағы да  бір  шоғыр­ланған жерлері, ол атышулы   Жиделі  Байсын аймағы. Алпамыс батыр сол жерлерді жай­­лаған қоңырат Байбөрінің төл пер­зенті. Қазіргі таңда ол аймақ Өзбекстан республикасының аумағында қалған. Бұ­рында Жиделі Байсын солардың шекарасына жақын орналасқандықтан, өзбектер, Алпамыс батырды, өзбектің «Алпамыш батыры» етіп иеленіп те алған. Бір жағынан, оларға өкпе айту да қолайсыз, себебі, Алпамыс батырдың заманында, «қазақ» сөзі қолданыста болмаған, бәріміз де түбі бір түркі тілдес қауымның құрамында өмір сүр­генбіз, ағайын.  Егер де, біздің бұл тұ­жы­­рымдарымызбен келіспейтін жандар болса, онда оны дәлелдеп көрсін. Қоңыратқа қатысты тарихи деректер мен шығармаларды авторлары: Смадияр Смайылұлы, Қазыбек Жарылқасынұлы, [3] кітабынан толық алуға болады. Осы еңбектің жекеленген беттерінен мынандай мәліметтерді келтіруді жөн санадық: 
1. Шығыс тарихшысы Рашид-ид-дин: «Қоңыраттар үш тайпаға бөлінеді: Жаулық мерген, Құбай шері және Тасбұда. Осы Қоңыраттың үш атасы «Алтын аяқтан туылыпты» делінеді. Ол «асыл», «таза тұқым» деп алтынға теңеп айтқан екен (Жәми-ат-тауарих. (1292 жыл), 1 бөлім, 1-том, 262 бет).
2. Әбілғазы Баһадүр хан: «Қият нәсілінен бір кісі бар еді. Оның үш ұлы болды. Үлкені – Жорлық мерген, екіншісі – Қабай шері, үшіншісі – Тасбұдай. Жорлық мергеннің Қоңырат атты ұлы бар еді, барша Қоңырат елі соның нәсілінен шықты («Түрік шежіресі», 1663 жыл).
3. Мұхаметжан Тынышбайұлы (Қапал) (1879-1937, Алматы) – Санкт-Петербург те­мір жол қатынасы институтын 1906 ж. бі­тірген. Қоғам қайраткері, тарихшы, ағар­тушы, тұңғыш темір жол инженері. Алашорда басшысы: «…Көктің» тағы бір «аспан» деген мағанасы да бар. Бұған Қоңыраттардың ішінде «Көктің ұлы» деген тармақ кездесетіні де дәлел. Бұл Қоңыраттар да өз ата-тегін Шыңғыс хан көктен түскен нұрдан жаралыпты-мыс деген аңызға ұқсас жайдан тарқататынын байқатса керек. Қоңыраттардың текті жұрт қатарында саналатындығына Шыңғыс ханның тек анасы ғана емес, атақты ұлдары Жошы, Шағатай, Үгедей, Төлелердің шешесі Бөрте бәйбішенің де Қоңырат қызы екендігі дәлел бола алады. Қоңыраттың әміршісі Меңлеке он үштегі жетім бала Темучинді әкесіз қалдырмай, оның шешесіне үйленеді. Кейіннен Шыңғыс ханның шаңырағына Меңлекенің жұрттың бәрінен жоғары оты­руы осыған қатысты болса керек («Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар», Ташкент қаласы, 1925 жыл).
4. Шыңғыс хан 9 жасынан 13-ке тол­ғанға дейін болашақ жары Бөртенің әкесі, Қоңыраттың патшасы Дай шешеннің тәрбиесінде болады.
5. Иноус Ясаши, жапон жазушысы: «Моңғол үстіртіндегі көп тайпалар ішінде Ұлы Қорғанға ең жақын жерлерді мекендеген Қоңырат тайпасы Алтын патша­лығының мәдениетін біршама оңай қабылдайтындықтан, моңғол үстіртіндегі өзге тайпалардан мәдениетті есептелген. Қоңырат елінің күй-жайы моңғол тайпасының күй-жайынан әлдеқайда жақсы еді. Шеті көрінбейтін жазық жайылымда жер қайыстырарлықтай мол малы жатыр екен…» («Көкжал», Иноус Ясаши, 18-19 беттер).
6. Сонымен қатар, осы еңбекте, Қоңырат патшалары: Елші ноян, Икурган, қолбасы Алшы ноян, Шыңғыс ханның қолбасылары: Хуку ноян, Қабай ноян, Бүкір, Такудар, Шұңқұл, Мұңлық ноян, Муге нояндар,  Қоңыраттың бір елінің басшысы – Түрк имал, Жамуға шешен, Қоңырат қыздары: Әуелін бике, Бөрте бике туралы деректер толығымен келтіріледі.
7. Сеңгеле би – Шыңғыс ханды ұлы хан­дыққа көтерген 12 бидің бірі. Шыңғыс хан Сеңгеле биге: «Сенің ұраның – Қоңырат, құсың – сұңқар, ағашың – алма, таңбаң босаға «П» болсын» – дейді. 
8. «1220 жылы Нишапурға шабул кезінде Шыңғыс ханның қызына үйленген Тоқұшар Қоңырат қаза тапты. Оның әйелі күйеуі өлген соң, қаланы қамауды одан әрі жалғастырып, басып алғаннан кейін бүкіл тұрғындарын қыруға бұйрық берді» (М. Тынышпайұлы. «Қазақ руларының шежіресі».
9. Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағын»-да, «Тоқұшар ноянды (57-58 бет), қолбасы Буту гургенді (66 бет), Шыңғыс ханның бірнеше қолбасылары (67 бет), мыңбасылар Шиқу гүрген Мүге ноян (68, 70 беттер) Қоңырат қауымынан еді» деген.
10. «Шыңғыс хан әскербасы Қоңырат Қарамал батырдың қызметіне, мәрттігіне разы болып: – Саған қызымды беремін, ал, – дейді. Қарамал батыр: – Жоқ, алмаймын. Сенің қыздарың тасбақаға, құрбақаға ұқсайды, – дейді. Қарамалдың қайтарған жауа­бына қатты қаһарланған Шыңғыс хан Қарамалдың басын кеседі. Сол күннен бастап Шыңғыс хан кеңес өткерген кезінде әскербасыларына: «Тіл қылыштан да өткір. Өлтірмегенмен қаныңды қайнатады, абайлап сөйлеңдер», – деп ескертіп отырады екен (Рашид-ад-дин. «Жами-ат- тауарих».
11. Қазақтың көрнекті ғалымы, профессор С. Аманжолов: «Атақты әдеби шығарма «Мұхаббатнама» (1359) Қоңырат тілінде жазылған. Оның авторы Мұхаммед (Ахмет) Хорезми Қоңырат тайпасынан шыққан еді», – деп жазды (Әбсаттар Дербісалин. «Қазақ даласының жұлдыздары». Алматы, «Рауан», 1995. 129 бет).
12. Осы еңбекте (С. Смайылұлы, Қ. Жарылқасынұлы) ары қарай Қоңырат тайпасынан шыққан – Алпамыс батыр, Баба Түкті Шашты Әзіз, Едіге батыр айтылады. «Әмір Темір» кітабында өзбектің тарихшы ғалымы Бөрібай Ахмедов Қоңырат ұлысының қоғамдық орны мен оның бағытына арнайы тоқталып өтеді. Әмір Темірдің ұр­пағы Мұхаммет Бабыр «Бабырнамасында» Қоңырат ұлысының батырлары мен жаугершілігін атап көрсетеді. «Қожбамбет би (Қызыл би) – Қоңыраттың белгілі биі, Мұхаммед Қожабек – Хорезм әміршісі, Қоңырат Құсайын сопы 1360 жылы Хорезмді биледі» деп көрсетіледі.
13. Қоңыраттар 1420 жылы Еділдің төменгі ағысын мекендеген көрінеді. Олар­дың басшысы Хайдар мырзаның Қо­ңы­раттан құралған үш түмен, яғни, отыз мың қолы болған. Осы Қоңыраттың қолы арқа­сында Тоқтамыстың немересі Сейд Ахмет Қырымды алып, таққа отырады. Қазіргі Қырымдық қазақтар – сол кезде қалып қой­ған қоңыраттардың ұрпағы болып табылады (М. Тынышбайұлы. «Қазақ руларының ше­жіресі»).
14. Инақ Мұхаммедәмин – Хиуа ханды­ғындағы тартыста жеңіп шығып, 1763 жылы Хиуа-Қоңырат хандығының негізін қалады. Қоңырат Елтүзер Инақ 1804 жылы Үргеніште өзін хан деп жариялады. Оның әулетінің билігі бір ғасырдан асып, 1919 жылы ғана құлады.
15. Қоңырат Мұхаммед Рахым хан (1806-1825) Хиуа хандығын бір орталыққа бірік­тіріп, Жоғарғы Кеңес құрды.
16. Осы кітапта Қоңырат ханы Палуан Махмуд, Алатау батыр, Телқожа батыр және Абылай жасағындағы батырлар жайлы толық мәліметтер бар. Сонымен қатар осы туынды да кейінгі буын қоңырат ұлы­сынан шыққан, қазақтың көрнекті ақыны Құлыншақ Кемелұлы (1840-1911), Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының тұңғыш лауреаты (1961), Н. Островский атындағы Бүкілодақтық сыйлықтың лауреаты – Саттар Ерубаев (1914-1937), көрнекті ақын Қосжан Мүсірепов (1932-1967), жазушы-драматург Дулат Исабеков, Мұсабек батыр, Сапақ датқа, Құлжан батыр, Тұрлыбек батыр, Сапақ би, Рысқұлбек батыр, Смайл болыс. 
17. Қазіргі мемлекет пен қоғам қайрат­керлері туралы көлемді мәліметтер келті­рілген.
Қосымша: Бабалар сөзі атты жүз том­дық кітаптың «Қытайдағы қазақ фольклоры» айдарымен аталған 32-ші томының айтыс шежіресі бөлімінде [29]  мынандай сөз тіркестері кездеседі:
«Қоңыраттың баласы Байлар, 
            Жандар,
Оразкелді, Құлшығаш, Пұсырмандар.
Тоқболат, Жаманбай, Жетімдермен,
Күш сансызбен жиыны сегіз болар»                          деген.
Қоңыраттардың жалпы саны бүгінде, Интернеттегі мәлімет бойынша 690,0 мың болып тұр.
Stan.kz 2013 жылдан бері Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ профессоры Баян Рақы­шев жүргіз­ген зерттеудің нәтижесін жариялайды.
Қазақстандағы ең саны көп жүз – Орта жүз (4 681 000 адам), екінші орында – Ұлы жүз (3 618 700 адам), ал үшінші орында – Кіші жүз (2 521 900 адам).
Ал, ең саны көп рулардың көшін Арғын бастап тұр. Олардың саны 2 090 000 адам. ОданкейінДулат (1 390 000) пен Байұлы (1 120 000) орналасқан.
Сан жағынан әлеуетті  рулардың қата­рына Найман (940 000), Әлімұлы (811 900), Қоңырат (690 000), Қыпшақ (640 000), Жетіру (580 000), Жалайыр (485 000), Қаңлы (380 000), Керей (341 000), Албан (325 000), Шапырашты (290 000) және Ысты (225 000) кірген.
Біздің жоғарыдағы Баян Рақышевтің мәліметіне қосарымыз: бұл мәлімет, Интернетте бар басқа мәліметтерге қарағанда, шындыққа өте жақын, сондықтан есепке, бағыт-бағдар алуға болатын мәлімет деп есептейміз. Себебі, кейбір көлденең көк аттылардың, өздерінің ешқандай зерттеген есеп-қисаптары, негіздемелері жоқ, бірақ бұл мәліметті жоққа шығарғылары келетіндігі Интернеттен көрініп тұр. Әрине, бұл мәселе бойынша мемлекеттік статистикалық есеп жүргізілмейді, тек қана жеке зерттеулердің нәтижелері бар. Оларға сене де бермейсің. Ал, Баян Рақышев ғалым адам, ғалымдар өз­де­рінің ғылыми зертеулеріне сілтеме жасап, аты-жөндерін көрсетіп, негіздеп мәліметтерін жария етеді. Ол деген сөз олардың, мәліметке тікелей жауап беретіндігін көрсетеді. Мен сөзімді дәлелді болу үшін, Қоңыраттардың саны туралы, қысқаша есеп жасап берейін. Мәселең, бүгінгі таңда Қоңыраттар негізінен, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтарал, Шардара, Арыс, Отырар, Түр­кістан аудандарының және Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы халқының басым санын құрайды. Оған Өзбекстанда тағы да басқа жерлерде өмір сүріп жатқан халқын қосыңыз. Сонда олар, 690,0 мың адам­нан асып түспесе, кем болмайды.
Баян Рақышевтың, жалпы қазақ хал­қы­ның саны туралы, оның үстіне, үш жүздің және жеке рулардың саны туралы мәлі­меттері дұрыс және шындыққа сәйкес деп айтуға толық мүмкіндік бар. Сондықтан, Қазақ халқы руларының саны туралы сөз болғанда, бұл мәліметтерді негізге алуға болады деген тұжырым жасай аламыз. Әрине, аздаған мәліметте ауытқулар кездессе, оған кешіріммен қарап, алдағы уақыттарда түзеліп кетер деген сеніммен қарауымыз керек деп ойлаймын. Бұл менің жеке пікірім. 
Мемлекеттік статистикада да көптеген мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Әрине, көбінесе мәліметтерді саналы түрде бүркемелеп, көрсеткіштерін арттырып көрсетеді, жалған көз бояушылыққа барады. Бұл қазіргі қоғамда бар, жалпы дерт болып еніп кеткен кемшілік. Оны алдағы уақытта түзету, жолға салу – бұл мемлекеттік міндет, уақыттың еншісінде деп ойлаймын. Одан арылмай, қоғамды алдамай, шындықпен халықты қамтамасыз етпей алға жылжу, даму мүмкін емес.
Қоңырат (Нағанай) – бәйбішесі Бөдене­бикеден – Орын би, Жығалы мырза. Орын биден – Мелде би – әмеңгерлікпен алған әйелі Жезбикеден –Тәңірберді (Көктіңұлы).  Мелде би 93 жасында дүниеден өтіпті. Мазары Түркістанда [37]. Біздің қазір қо­­­лы­­мызда бар, осы шежіресі бойынша, Жа­­бат­құлдың үшінші әйелінен туған төрт баласының үшеуінен – Бойыс, Бо­қас, Тайыс әулетінен таралған ұрпақтар «Бай­лар – Жандар» деп аталып қалған. Бо­қас­тан – Байдербіс, Жандербіс, Жолдербіс. Жол­дербістен – Құлшық, Бүлік (Бөлек). Ары қарай, Байдербістің ұрпағы «Байлар», Жандербістің ұрпағы «Жандар» деп атанған. Осы жерде, қосымша анықтауды керек ететін бір мәселе: бұл еңбекте өздеріңіз көріп отыр­ғандай, Бөлек атаны Жолдербістен таратады, ал біздің бабаларымыз – Бөлектер осы күнге дейін өздерін Жандардан, яғни, Жандербістен таратып келеді. 
Осы іспетті (жоғарыдағыдай) деректі жазушы Жәлел Кеттебеков кітабынан да [15] кездестіреміз, онда: Абаттан (1590-1630) – Байдербіс, Жолдербіс және Жандербіс, ал, Жандербістен (1618-1679) – Қара, Сырымбет, Шорапал, Құлшық және Бекболат (Бөлек) өрбиді. 
Бөлек батыр (Бекболат, 1663-1717 ж.ж.) туралы толығырақ деректерді Ж. Кеттебековтен оқуға болады. Бөлектен үш ұл, екі қыз қалған. Ұлдарының аты Байбол (1682-1751), Қалқас (1684-1756) және Сары (1688-1767).  
Осыдан барып, Бөлек атаның өзі – үш атаға бөлінеді, олар – Қонарбай ұрпақтары, Сары ата балалары және Батыр ата тұқым­дары болып:
1. Байбол – Күржі – Бекболат – Мәмбет – Байжан –Қонарбай ұрпақтары.
2. Қалқас – Батыр ата ұрпақтары тарайды.
3. Сары –Аманбай–Арысбай–Айғара –Жанақ – Айтуған – Сәрсенбек – Сапар, Нұр­махамбет, Мелдеахмет және Еркебек.
Қысқаша сызба жасасақ, менің он екі атамның структурасы төмендегідей болып шығады.
Соңғы, осы үш атаның (Бөлек атадан тарағандар) ұрпақтары, негізінен, осы Арыс ауданының жерінде өсіп өнген. Ата қоныстары: солтүстігі Арыс қаласынан бас­тау алса, шығысында Түркістан-Ташкент шойын жолының бойындағы Ақтас, Монтайтас, Шанақ, Шеңгелді т. б. темір жол бе­кет­­терімен, оңтүстігі – арақашықтығы ал­пыс-жетпіс шақырымдай жерде орналас­қан Соркөл, Еспе, Дарбаза, Шошқа бұлақ (бұрынғы «Сырдарья» кеңшарының шекарасына дейін), ал, батысында Сырдарья өзенінің бойына орналасқан Шыттытоғай, Көктал, Байтоғай, Қожатоғай, Боқтөлен, Тақыркөл т. б. ауылдарымен шектеседі. Жал­пы көлемі сексен-тоқсан мың гектардай ғана жерді алып жатқан аумақ. Осы жерлерде, менің жетінші-сегізінші аталарымның ескі қыстау-жайлаулары болған және жер аттары бар. Мысалы, Арыс қаласынан елу шақырымдай жерде, қазір халық тұрмайтын төбешіктердің арасында Жанақ атты қызыл биік бар, оны бала кезімде әкем Арыс қала­сына өтіп бара жатқанда қолын шошайтып талай көрсеткен еді. Жанақ менің жетінші атам. Осы жерлерде Шағалақ сай жайлауы, төменірек Жамбас ауылдары, оданда төмен Сырдарья өзенінің бойына дейін біздің ата-бабаларымыздың көшіп-қонып жүретін жерлері орналасқан. Қарияларымыз айтып отырушы еді: «Осы ата қоныстан ел, әр­түр­лі қиыншылық – ашаршылық жылдары үш рет жер ауып, оңтүстік жаққа, яғни, Өз­бекстанның түстік жағына (Қарсықұзар қышлағы), сонау, Самарқанд қаласының бержағына дейін барып, жан сауғалап, бірнеше жылдар тұрып, кейін, елдің қарны тойына бастаған кездерде елге-жерге, үш рет қайтып оралған екен» – деп. 
Соңғы ата қоныстан ауа көшу, тарихтағы мәлімет бойынша: «Ұлы Қазан төңкерісінен бір жыл бұрын жазында жерге бір тамшы тамбай, оның үстіне 1917 жылдың кірісі қарлы-боранды қаһарлы болып, онсыз да қоңсыз титықтаған мал суық пен аштыққа кезігіп, Сыр бойында тігерге тұяқ қалмай, бай, манаптар таяғын ұстап қалған кез бұл. Әуелі малға келген селебесі тісін одан кейін адамға қадағаны белгілі. Қап түбінде қалған құрт пен сүрін қажаулап аман қалғандары жат-жұртқа күні үшін кірме болып, көзге түрткі болған үлкен жылан бұл. Осы бір Сыр елінде болған күйзеліс қазақ тарихында өшпес із қалдырды. Оны осы елдің ішінен шығып, қаралы күндері халықпен бірге көрген Еркөбек ақын былайша суреттеген екен:
Жылан деген жыл келіп,
Тұтасқан қалың халқымыз.
Суырылды шегесі,
Басқаменен ісі жоқ.
Ел босқан соң бос қалды,
Ұзын Сырдың өресі. 
Сөгілгендей боп қалды,
Қызылқұмның көбесі …»
«Осы жылдары жер байлығы керек, өзі керексіз жұрт болу тағдыры қазақ маңдайына көптен бері жазылғанын аңғарамыз» дейді тарихшыларымыз.
Соңғы қайта оралу, отызыншы жыл­дардың аяғында болған, сонда біздің әке­леріміз Сарыағаш қаласының түбіне ор­наласқан Төңкеріс деген ауылға келіп тоқтапты. Онда, төрт-бес жыл аялдап, тағы ­да үлкен ақсақалдардың үгіттеуімен, ата қонысқа қайтуымыз керек деген сылтаумен, ел деп, жер деп, тағы да сол кіндік қандары тамған жерге қайта оралған. Ол жердің аты – Дарбаза. Бұл, сол кездегі «Қожатоғай» ата­латын совхоздың номері бірінші фермасы. Үлкен күре тамыр, шойын жолдың бойына ор­на­ласқан  Дарбаза  атты станция бар, бұл ол Дарбаза емес. Менің туып-өскен, өзім үшін, үлкен де, керемет көрінетін, ыстық та, жақын сезінетін шағын ауылым, алтын бесігім, балалық балғын шағымның куәсі болған киелі топырағым – дара Дарбазам.
Мен жоғарыда осы жерлерде жетінші атам Жанақ атында жердің аты бар дедім. Шын мәнінде, бұл жерлер менің  он екінші атам Бөлек бабаларымыздың ұрпақтарының өсіп-өнген жерлері болып тұр. 
«Қазақтарда әкеден балаға мирас етіп қалдыратын заңдылықтарының бірі – био-әлеуметтік себептерге негізделген ата-баба тарихы, қан-сүйек тарату ережесі. Бұл жеті ата, он екі ата т. с. с. тегін тарата білу еді. Ол – құдаласу, некелесуде қан таза­лы­ғын сақ­тау­дан, ақыл-дені сау ұрпақ өрбіту қамы­нан туындап, жетілдірілген таби­ғи сұрыпталу ерекшелігі» – деген еді Н. Базылханұлы өз еңбегінде […]. 
Осындай қазақтардың жазылмаған заң­­дылықтарын сақтауға қолайлы болсын, олардың тарихи орындары сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып отырсын деген мақсатпен ата-бабаларымыз өзде­рінің кіндік қандары тамған жерге қандай қиыншылық жағдайларға кездессе де қайта-қайта орала берген-ау деген қорытындыға ылажсыздан келесің. Оның да келешек ұрпаққа берері мол ма деймін. Мына біздер сол ұрпақтардың жалғасы емеспіз бе?
Н.Базылханұлының осы еңбегінде: «Егер, жеті атамен олардың ұрпақтарын та­рата білген жағдайда, бір атаның, яғни, бір буынның өмірін орта есеппен 50 жыл деп есептесек, ондағы 350 жыл бұрынғы ата тек тарихы аян болмақ. Сонымен қоса, 12 атаны тектей таратқанда да 600 жыл болмақ. Демек, бұл дәстүр нақты ұрпақ тарихы, салиқалы шежіре десек артық емес.
Осы тұрғыдан алып қарағанда ататек, ше­жіре жайындағы әңгіменің құндылығы орасан көп. Төл тарих ұрпағымен жалғасады, ел ұл-қызымен өркендейді» – деп көрсетеді. 
Осы жерде, тағы бір құнды туындылардың қатарына жататын зерттеулердің бірі, ол Рахметұлы Шынайдың «Монғолия қазақтарының ата-тек шежіресі», онда: «Туыстас немесе көршілес бірнеше отбасы бір қоныста отырса ауыл, ауылдас көрші, іргесі алшақтау болса жерлес. Қандас 7 атадан құралғандар (бір атаның кіндігінен тараған) бір ата. Ол 13 атадан асса ру. Бір­неше ру қандастықпен, я бір мүддемен біріксе тайпа. Бірнеше тайпа қоғамдасып, жүз болып қауымдасады. Тайпадан ірілесе халық немесе ел, оның мемлекет ішінде өзге ұлт, ұлыстармен саяси теңдігі болса ұлыс, дербес шекара, саяси-экономикалық тәуелсіздікке қолы жетсе мемлекет, тілі мен дәстүрі, мәдениеті, өзіндік мекен- жері, әлеу­меттік рух, жігері, этникалық ерекшелігі ортақтасып дараланса ұлт болады. Мысалы, біздің Монғолиядағы Абақ Керейдің 12 руының әрқайсысын ру, бәрін біріктіріп тайпа, Монғолиядағы қазақтарды түгел біріктіріп ұлыс деуге болатын тәрізді» – дей келе, Жеті ата: 1. Әке, 2. Ата, 3. Әз ата (бұл үшеуі аталар), 4. Баба, 5. Тектін, 6. Төркін, 7. Тұқиян (бұл төртеуі бабалар). Жетеуі бірігіп Ата-бабалар делінбек.
Енді 3 ағайын, 15 ұрпаққа келейік: 
Немере ағайын: 1. Бала, 2. Немере, 3. Шөбере, 4. Шөпшек, 5. Өбере;
Жамағайын: 6. Туажат, 7. Жүрежат, 8. Жекжат, 9. Жұрағат, 10. Жамаға;
Қалыс ағайын: 11. Өркен, 12. Әулет, 13. Зәузат, 14. Жаран, 15. Қалыс» – деп таратады. 
Осы пікірлерге қосыла отырып, мен де өзімше, ата-бабаларымның қысқаша тарихына шолу жасағандай болдым, олардың ата-қоныстарын да шама-шарқым жеткенше анықтауға, кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақтарыма шежіре болмаса да, мәлімет болып қалса деген міндет тұрды.
Шежіре (арабша шаджарад – бұтақ, тармақ) – халықтың шығу тегін, таратылуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы. 
Қазақ халқында ата шежіресі ерте кезден бар. «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Жеті атасын білген ер жеті рулы елдің қамын жер, жалғыз өзін білген ұл құлағы мен жағын жер» деген аталы сөздер соның айғағы.
(Соңы. Басы 2016 жылғы №12 санда)

 

 

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат